2027 жылы «Қазақфильм» киностудиясында павильондарды жөндеу басталып, қалған аумақты күрделі жаңарту жоспарлануда. Бұл туралы вице-премьер — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыға жұмыс сапары барысында мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсының дерегінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильммен» бірлесіп ғимараттар мен инженерлік желілерді күрделі жөндеуден өткізуді, сондай-ақ киностудия аумағын одан әрі абаттандыруды қарастыруда.
Балаева «Қазақфильмді» сақтап қалу үшін бұған дейін мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде тікелей мемлекеттік қаржыландыру қабылданғанын айтты.
«Өкінішке қарай, біз ұлттық киностудияны жоғалтып ала жаздадық. Оны жасанды түрде банкроттыққа ұшыратуға тырысып, қарапайым продюсерлік компанияға теңеді. «Қазақфильмді» сақтап қалу үшін заңнамалық деңгейде қолдау шаралары қабылданды, оның ішінде киностудияны тікелей мемлекеттік қаржыландыру да қарастырылған», — деді ол.
Қазір киностудия реквизит пен жабдықты цифрландыру жобасын жүзеге асырып, жеке продюсерлік компаниялармен ынтымақтастықты жалғастыруда. Сонымен қатар, 15 жыл ішінде алғаш рет тартылған демеушілік қаражат есебінен «Қазақфильмде» ішінара косметикалық жөндеу жүргізілді.
Сапар барысында Балаева Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге киностудияның ағымдағы жағдайымен және оның өндірістік әлеуетімен танысты.
Бұған дейін Kursiv LifeStyle Алматыда «Қазақфильм» маңындағы аумақты абаттандыру басталғанын жазған болатын. Онда қазақстандық кино тарихына арналған тақырыптық қоғамдық кеңістік құру жоспарлануда. Жұмыстардың тапсырыс берушісі — Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы, жобаның аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.


