Қазақстанда Қашаған кен орнын игеруші North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумының мүлкі мен көлігіне тыйым салынды. Тиісті құжат әділет министрлігінің атқарушы өндіріс органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жарияланған, деп inbusiness.kz Reuters-ке сілтеме жасап хабарлады. Толығырақ infohub.kz сайтында.
Жарияланған құжатта қандай активтер немесе көлік құралдарына тыйым салынғаны нақтыланбаған, алайда шара 21 шілдеден бастап орындалып жатқаны көрсетілген.
NCOC құрамына Shell, Eni, TotalEnergies және Exxon Mobil кіреді. Консорциум әзірге жағдайға түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін Қазақстан үкіметі компанияны шамадан тыс көп күкірт сақтағаны үшін 2,3 трлн теңге айыппұл төлеуге міндеттеген болатын.
NCOC операторы кінәсін мойындамай, талаптарды халықаралық төрелікте даулап жатыр. Шілдеде Қазақстан билігі экологиялық айыппұлды төлетуді талап ететінін мәлімдеді, ал консорциум даудың төрелік аясында екенін айтады.


