«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарға алаяқтар туралы ескерту жасады. Олар өздерін делдал ретінде таныстырып, сыйақы үшін жол жобалары мен жұмыс көлемдерін алуға жәрдемдесетінін айтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Белгісіз адамдар компания өкілдеріне хабарласып, ұлттық компания ішінде байланыстары бар екенін мәлімдейді. Олар ақша үшін жұмыстарды бөлуге немесе сатып алу рәсімдерінің нәтижелеріне әсер етуге уәде береді.

«Компания басшылығы мен қызметкерлері үшінші тұлғаларға келіссөздер жүргізуге, жобалар алуға уәде беруге, жеткізушілердің мүддесін лоббилеуге немесе тендер нәтижелеріне әсер етуге өкілеттік бермеген», — деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖолда».

Бір жағдайда бөгде адамдар компанияның бас кеңсесіне келіп, «жобалар бойынша мәселелерді шешуді» ұсынған. Қауіпсіздік қызметі бұл фактіні анықтап, материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырған.

«Бұл адамдардың «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметіне еш қатысы жоқ. Барлық сатып алу рәсімдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қана жүзеге асырылады», — делінген ұлттық компания хабарламасында.

Конкурстар, қатысу шарттары, өтінім беру мерзімдері және сатып алу нәтижелері туралы ақпарат Қазақстанның мемлекеттік сатып алу ресми веб-порталында орналастырылады.

Компания мұндай ұсыныстарда алаяқтық, заңсыз делдалдық және нарық қатысушыларын сыбайлас жемқорлық схемаларына тарту әрекеттерінің белгілері болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Компания мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды сақ болуға, күмәнді тұлғаларға ақша аудармауға, бейресми келіссөздерге түспеуге және сатып алу туралы барлық ақпаратты тек ресми көздер арқылы тексеруге шақырады», — делінген хабарламада.

Күдікті ұсыныстар туралы «ҚазАвтоЖолдың» сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметіне +7 (7172) 64-87-35 сенім телефоны, 1403 колл-орталығы немесе hotline@qaj.kz электрондық поштасы арқылы хабарлауға болады.