Көкшетауда киберполицейлер жалға берілетін баспанаға қатысты интернет-алаяқтық фактісін ашты. Күдікті қаладан мың шақырым жерде — Оралда болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Полицейлердің анықтауынша, Орал тұрғыны интернетте Көкшетаудағы пәтерді жалға беретіні туралы хабарландыру орналастырған. Потенциалды клиенттерді тарту үшін ол басқа адамдардың пәтерінің фотосуреттерін пайдаланып, жалдау ақысын нарықтық бағадан төмен көрсеткен.

Хабарландыру Көкшетау тұрғынын қызықтырған. Ақпараттың дұрыстығын тексермей, пәтердің бар екеніне көз жеткізбей, ер адам «жалға берушімен» байланысқан. Хат алмасу барысында алаяқ оны алдын ала төлем ретінде ақша аударуға көндірген. Жәбірленуші 30 мың теңге аударған.

Ақшаны алғаннан кейін «пәтер иесімен» байланыс үзілген. Алданып қалғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол Орал тұрғыны болып шыққан. Тергеу амалдары кезінде одан ұялы телефон тәркіленіп, іс материалдарына заттай дәлел ретінде қосылған.

Қазір полицейлер оны басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.