Шығыс Қазақстан облысында азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 550-ден астам азамат Қазақстан азаматтығынан айырылды. Олардың көпшілігі басқа мемлекеттердің азаматтығын қабылдаған. Сонымен қатар, кейбіреулер әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді сақтап қалуды көздеп, елге кіру және тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастыруда.
Азаматтық саласындағы бұзушылықтар үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 26 жағдайда азаматтар шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған, тағы 9-ы Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған.
Осындай жағдайлардың бірін көші-қон қызметі қызметкерлері Өскеменнің 64 жастағы тұрғынынан анықтады. Ол басқа мемлекеттің азаматтығын алған, алайда бұл туралы уақытылы хабарламай, қазақстандық құжаттарды пайдалануды жалғастырған. Тексеру барысында әйелдің құжаттары алынып, азаматтығынан айырылғаны тіркелді.


