Қостанай облысында Қарасу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бұрынғы басшысы Аязбек Құлназаров ірі көлемдегі алаяқтыққа оқталу және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша сотталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2026 жылдың наурыз айында шенеунік шаруа қожалығының басшысына салық есептілігінде 18 миллион теңге сомасында сәйкессіздіктер бар екенін айтқан. Кейін ол оның ұлына мәселені 7 миллион теңгеге шешуді ұсынған.

Ер адам Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментіне жүгінген. Нәтижесінде Аязбек Құлназаров аудандық әкімдік ғимаратының жанында 5 миллион теңге тапсырғаннан кейін ұсталды.

Тергеу барысында ешқандай салық сәйкессіздігі жоқ екені анықталды. Сотта бұрынғы басқарма басшысы кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмай, айыппұл салуды сұрады.

Қылмыс ауыр сыбайлас жемқорлық санатына жататынын ескере отырып, сот оны 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыруға және мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойы тыйым салуға үкім шығарды. Сотталған адам сот залында күзетке алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.