Қостанай облысында сот жергілікті тұрғын мен «Отбасы банк» арасындағы баспана кезегі мәселесі бойынша медиативтік келісімді бекітті. Әйел өзіне берілген кезектегі ішкі санатқа дау айтқан болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Азаматша Л. мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміне және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Отбасы банкке» қарсы талап арызбен жүгінді. Дау баспана алу үшін есепке қою кезіндегі ішкі санатты түзетуге қатысты болды.

Алдын ала қарау барысында тараптар жанжалды бейбіт жолмен шешуге шешім қабылдады. Судья-медиатордың көмегімен олар келісім жасасып, оны бекіту үшін сотқа ұсынды.

Сот келісімнің шарттары мен іс материалдарын зерделей келе, тараптардың келісімі олардың мүдделеріне сай, заңға қайшы келмейтінін және басқа тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын анықтады. Осыған байланысты сот келісімді бекітті.

Келісімнің шарттарына сәйкес, «Отбасы банк» азаматша Л.-ның баспана кезегіндегі ішкі санатын түзетуге міндеттенді: «балалары мүгедек болып табылатын немесе тәрбиелейтін отбасылар» санатының орнына оған «толық емес отбасы» санаты беріледі. Бұл ретте өңір, санат және кезекке қойылған күн өзгеріссіз қалады.

Медиация туралы келісімнің бекітілуіне байланысты әкімшілік талап арыз тараптардың татуласуына орай қайтарылды. Медиативтік келісім заңды күшіне енді.

Жылдар бойы баспана кезегінде тұрғысы келмейтін қазақстандықтарға «Наурыз» ипотекасын пайдалануды ұсынды. Бұл туралы үкімет отырысында «Отбасы банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты.