Қостанайда дәрігерлер теміржол вагонының төбесінде суретке түспек болған 15 жасар жасөспірімді ауыр электр жарақатынан аман алып қалды. Мектеп оқушысының денесінен 27 мың вольттан асатын ток өткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға 25 маусымда болған. Жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травмпунктіне денесінің 60 пайызынан астамын күйік шалған күйде жеткізілген.
Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, бала дереу реанимацияға жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.
«Бақытымызға орай, оның қол-аяғын сақтап қалуға мүмкіндік туды», — деді Елжасов.
Дәрігердің айтуынша, мұндай жарақаттарда аман қалу мүмкіндігі өте төмен. Әлемдік және республикалық статистикаға сәйкес, мұндай зақым алған балалардың шамамен 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады.
Қазір жасөспірім реанимациядан қарапайым палатаға ауыстырылған. Оны емдеу тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін, сондықтан ауруханадан шығару туралы әлі ерте.
Жасөспірімнің айтуынша, ол сол күні достарымен серуендеп жүрген. Олар үйге қысқа жолмен қайтуды жөн көріп, теміржолмен жүріпті. Пойызды көрген соң суретке түскілері келген.
«Мен вагонның төбесіне шығып отырдым, досым мені суретке түсірді. Сосын орнымнан тұрғанда электр доғасы соқты. Соның салдарынан мені екі метрдей қашықтыққа лақтырып тастады», — деді жасөспірім.
Ол суретті оқиғаға дейін әлеуметтік желіге жариялап үлгерген.
Ток соққысынан кейін бала есін жоғалтқан. Есін жиған соң алдымен үйіне өзі қайтпақ болған, алайда келген дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген.
«Қабылдау бөлімінде бәрі маған үлкен көзбен қарағаны есімде, содан кейін ес-түссіз қалдым», — дейді оқушы.
Емдеу шамамен бір жарым айға созылған. Жасөспірімді құтқаруға дәрігерлер, сирек кездесетін қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға көмектескен демеушілер, сондай-ақ донорлар қатысқан. Балаға сирек кездесетін қан тобы — төртінші теріс қан қажет болған.
Оқиғадан кейін жасөспірім болашақ мамандығы туралы жоспарын өзгертуге шешім қабылдаған. Оқиғадан екі күн бұрын тоғызыншы сынып түлегі электрик мамандығына құжат тапсырған еді. Енді ол өмірін медицинамен байланыстыруды көздеп отыр.
Оқушы басқа жасөспірімдерге де үндеу тастап, оларды өз қателігін қайталамауға, сурет үшін өмірін қатерге тікпеуге шақырды.


