Қостанайда сот әскери қызметкердің тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығын қорғады. Ол алты адамнан тұратын отбасына бір бөлмелі пәтер ұсынылғандықтан бас тартқаны үшін есептен шығарылған болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару туралы хаттамалық шешімді заңсыз деп тану және күшін жою, сондай-ақ ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тағайындамау туралы талап арызы бойынша істі қарады.

Талап қоюшының талаптары тұрғын үй комиссиясы отырысының күн тәртібінде қызметтік тұрғын үйді (бір бөлмелі пәтерді) бөлу мәселесі қаралуға тиіс болғанымен негізделген. Тұрғын үй комиссиясы әскери қызметкерді тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарып, оған ұсынылған пәтердің ауданы оның отбасы құрамына (6 адам) сәйкес келмегендіктен бас тартқаны үшін ағымдағы тұрғын үй төлемдерін тағайындауды тоқтату туралы шешім қабылдады.

Жауапкер тарапының Қызметтік тұрғын үй беру туралы заңның 101-1-бабы 1-тармағының 4-бөлігінің әріптік мазмұнына сілтеме жасаған дәлелін сот назарға алмады, өйткені ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 75-бабында мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді тұрғын үй-жайының ауданы нормаларын сақтай отырып беру талабы белгіленген.

Сонымен қатар, даулы хаттамада тұрғын үйді бөлу бір адамнан тұратын отбасы құрамының ауданына сәйкес көрсетілген. Алты адамнан тұратын отбасы бар талап қоюшыға бір бөлмелі пәтер беру тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатына анық сәйкес келмейді, пропорционалдылық талаптарын бұзады және әскери қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің лайықты тұрғын үй жағдайларына құқығын іске асыруды қамтамасыз етпейді.

Сонымен қатар, талап қоюшыға қызметтік тұрғын үйдің кезектілік сақтала отырып ұсынылғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмады. Талап қоюшыдан бұрын кезекте тұрған адамдарға пәтер ұсынылмаған.

Жинақталған дәлелдемелердің жиынтығын ескере отырып, сот әскери қызметкердің талабын қанағаттандырып, оның тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқығын қалпына келтірді. Шешім заңды күшіне енді.