Қостанай облысының Глебовка ауылында тұрғындар мен кәсіпкерлер суға 45 есе қымбат тариф төлеп келген. Прокурорлар араласқаннан кейін бір текше метр судың бағасы 5,5 мың теңгеден 116 теңгеге түсті, деп хабарлайды infohub.kz.
Прокурорлардың анықтауынша, Глебовка ауылында сумен жабдықтау құны негізсіз қымбаттатылған. Тұрғындар мен кәсіпкерлер бір текше метр үшін 5,5 мың теңге төлеген, бұл заңда белгіленген деңгейден 45 есе артық. Заң бойынша сумен жабдықтау қызметі субсидиялануға тиіс, алайда тариф уақытында қайта қаралмаған.
Прокурорлық тексеруден кейін Глебовка ауылындағы ауыз су тарифі субсидияланатындар тізіміне енгізілді. Бұл ауылдың 430 тұрғынының, оның ішінде 21 кәсіпкерлік субъектінің құқығын қорғауға мүмкіндік берді. Тарифтің төмендеуі халық пен бизнестің шығынын айтарлықтай азайтып, өмірлік маңызды ресурсты қолжетімді етеді.
Денисов ауданы прокурорының міндетін атқарушы Мирас Мизанбаев атап өтті: «Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде Глебовка ауылындағы ауыз су тарифі субсидияланатындар тізіміне енгізілді. Қабылданған шаралармен ауылдың 430 тұрғынының, оның ішінде 21 кәсіпкерлік субъектінің құқығы қорғалды. Тарифтің төмендеуі халық пен бизнестің шығынын айтарлықтай азайтып, өмірлік маңызды ресурсты қолжетімді етеді».


