Каспий құбыржолы консорциумының (ҚТК) теңіз терминалы мен оған іргелес ауданда тағы екі танкерге шабуыл жасалды. Оның біреуі «Теңізшевройл» компаниясы үшін қазақстандық мұнай тиеп жатқан еді. Бұл Қазақстан сыртқы істер министрінің АҚШ мемлекеттік хатшысымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін орын алды. Әңгіме барысында ҚТК айналасындағы жағдай талқыланды... деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚТК мәлімдеуінше, Маршалл аралдарының туымен жүзетін NIFFOS SIFNOS танкері, жүк жөнелтуші «Теңізшевройл» ЖШС (Chevron) мұнайын тасымалдап, ВПУ-3 шығармалы айлақ құрылғысында тиеу кезінде ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына ұшыраған. Оқиға 30 шілдеге қараған түні болды. Шабуылдан кейін палубада мұнай қабылдау манифольдтары тұсында өрт шықты. Өртті танкер экипажы ҚТК-ның үш көмекші кемесінің қатысуымен сөндірді. Консорциум қызметкерлері мен мердігер ұйымдар арасында зардап шеккендер жоқ, мұнай төгілуіне жол берілмеді. Экипажға медициналық көмек және эвакуация қажет болмады.
Тағы бір шабуыл теңіз терминалынан алты теңіз милі қашықтықта болды: Мэн аралының туымен жүзетін MARATHI танкері терминалға мұнай қабылдау үшін бет алған кезде шабуылға ұшырады. Терминалда мұнай тиеу тоқтатылды, алайда мұнай құбыры объектілері қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
ҚТК мәлімдеуінше, бұл шабуылдар Қазақстан мен консорциумның басқа шетелдік акционерлерінің, оның ішінде АҚШ Мемлекеттік департаменті арқылы да, халықаралық энергетикалық инфрақұрылым объектілеріне күш қолданбауға шақырған үндеулеріне қарамастан болды. Бұдан бірнеше сағат бұрын Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Қошербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлескен еді. Әңгіме барысында ҚТК айналасындағы жағдай негізгі тақырыптардың бірі болды.
Еске салайық, ҚТК 20 шілдеде теңіз терминалы маңындағы танкерге кезекті ұшқышсыз ұшақ шабуылынан кейін мұнай тиеуді тоқтатқан болатын. 19 шілдеде ВПУ-1 және ВПУ-3 айлақтарында тиеу кезінде екі танкер шабуылға ұшырады: ASIA (Либерия туымен, «Теңізшевройл» мұнайы) және NISSOS IOS (Маршалл аралдары туымен, «Кашаган Б.В.» және «Матен Петролеум» компанияларының мұнайы). 17 шілдеде ExxonMobil компаниясы жалдаған Nordic Zenith танкеріне шабуыл жасалды. ҚТК Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты болып табылады — оның үлесіне еліміздегі мұнай экспортының 80%-дан астамы тиесілі.
ҚТК акционерлері: Ресей — 24%, «ҚТК Компани» (ЖШС) — 7%, «ҚазМұнайГаз» ҰК — 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC — 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company — 15%, «Лукойл Интернешнл Гмбх» — 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company — 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited — 7,5%, BG Overseas Holdings Limited — 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. — 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC — 1,75%.


