Жетісу облысындағы Сарқан қаласының тұрғындары ауыз судың сапасына шағымдануда. Жаңбырдан кейін су құбырынан лай су ағып, оны ішуге жарамсыз деп отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
Қала тұрғындары суды үлкен ыдыстарға құйып, тұндыруға мәжбүр екендерін, бірақ содан кейін де оның жарамсыз екенін айтады. Көпшілік бөтелкедегі суды сатып алуда.
Облыс әкімдігі аудан орталығының суын тау мұздықтарынан қоректенетін Сарқан өзенінен алатынын түсіндірді. Жазда 40–50 градус ыстықта су деңгейі күрт көтеріліп, бұл лайлануға әкеледі. Сонымен қатар су тұтыну қыста 5–6 мың текше метрден жазда 20–30 мың текше метрге дейін артып, су толық тұнып үлгермейді.
Мәселені шешу үшін 2024–2025 жылдары жұмыстар жүргізілді: бас су алу қондырғысы жөнделді, су қабылдау бассейні кеңейтілді, су тарту құбырлары ауыстырылып, ұлғайтылды, жағалау сызығы нығайтылды, 1,2 шақырым су құбыры желісі жаңартылды, резервуар, шайма жүйесі және авариялық су бұру жүйесі қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ жалпы сыйымдылығы 3750 текше метр болатын үш тұндырғыш күрделі жөндеуден өтті.
Ведомство мамандары жаңғырту тазарту тиімділігін өткен жылдармен салыстырғанда 70–80% дейін арттырғанын атап өтті. Алайда биылғы жазда өзендегі су деңгейі 25 жыл ішіндегі ең жоғары мәнге жетіп, лайлықты күшейтті. Тұндырғыштарды тазарту және желілерді шаймалау кезінде тұрғындарда уақытша лай су сақталуы мүмкін.
Әкімдік тұндырғыштарды тереңдету, арнаны кеңейту және сүзгі станциясын орнату арқылы мәселені түпкілікті шешуді жоспарлап отырғанын қосты. Осы шаралардан кейін ауыз судың сапасы айтарлықтай жақсаруы тиіс.


