Манғыстау облысында патрульдік полиция қызметкерлері жолда көлікте есінен танып қалған жасөспірім қызға шұғыл көмек көрсетті. Оқиға Ақтау – Жетібай тас жолының 40-шақырымында болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Полицейлер жол жиегінде тоқтап тұрған көлікті байқап, жүргізушіге немесе жолаушыларға көмек қажет болуы мүмкін деп, жақындап келді. Жүргізушімен әңгімелесу кезінде полиция капитандары Тұрлан Оразұлы мен Біржан Усыпбаев жолаушылардың бірі – жасөспірім қыздың есінен танып қалғанын анықтады.
Жағдайды бағалаған тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, жасөспірім мен оның анасын патрульдік көлікке отырғызып, Ақтауға қарай жылдам жүрді. Сонымен бірге олар жедел жәрдем бригадасына хабарласып, дәрігерлерді қарсы жолға шығуын өтінді.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қыз медицина қызметкерлеріне уақытында тапсырылды. Кейін оны тексеру және қажетті көмек көрсету үшін облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Белгілі болғандай, қыз және оның ата-анасы Қазақстанға Дағыстаннан келген.


