Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетіктерін жетілдіруді ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатта өзгерістердің негізгі мақсаттары — медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін сақтандыру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ олардың кәсіби міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығын сақтандыру екені атап өтілген.

«Бұйрық жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде олардың өмірі мен денсаулығын бірлесіп сақтандырудың үлгілік шартын енгізу, сондай-ақ интерн-дәрігерлер мен резидент-дәрігерлерді оқу кезеңінде кәсіби жауапкершілік бөлігінде сақтандыру қорғанысын кеңейту көзделеді», — делінген жобада.

Сонымен қатар, медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде үшінші тұлғалардың зорлық-зомбылық әрекеттері салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайларда сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жағдайларын айқындау ұсынылады.

Сондай-ақ жобада сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібін және денсаулық сақтау субъектілері, медицина қызметкерлері, пациенттер мен бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының әкімшісі арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру көзделген. ДСМ пікірінше, жаңа ережелер медицина қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын арттыруға, олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды жақсартуға, сондай-ақ медициналық қызмет нәтижесінде пациенттердің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда оларға сақтандыру төлемдерін қамтамасыз етуге тиіс.

Жоба 16 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда. Еске салайық, 7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қорқыту үшін жазаны қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске өзгерістер күшіне енді.