- 03 мау. 2024 16:22
- 533
Мемлекеттік рәміздер - Ту, елтаңба, гимн: Тарихы, қорғалуы және маңызы
Мемлекеттік рәміздер тарихы
Тәуелсіздік алған жас мемлекет ретінде Қазақстан үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау маңызды және жауапты іс болды. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, арнайы шығармашылық комиссия құрылды, оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.
Мемлекеттік рәміздердің жобаларын әзірлеу үшін конкурс жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздерінің шығармашылық дизайны бойынша 1200 өтінім, 245 сурет жобасы және болашақ елтаңбаның 67 сипаттамасы ұсынылды. Мемлекеттік гимннің 750 нұсқасы болды. Жобалар болашақ мемлекеттік рәміздердің тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі, сондай-ақ жас мемлекеттің саясаты мен мақсатын айқын көрсетуі тиіс еді.
Мемлекеттік рәміздер
ҚР Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Ту авторы – Шәкен Ниязбеков.
ҚР Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналасқан. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Елтаңба авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
ҚР Мемлекеттік гимні – бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған. 2006 жылы 6 қаңтарда Парламентте бекітілген. Әннің авторы – Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар – Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекеттік рәміздердің қорғалуы
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге қатысты арнайы заңнамалық талаптар бар. Мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын мемлекеттік туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт. Мемлекеттік ту мен елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес болуы керек.
2020 жылдан бастап мемлекеттік рәміздерді кеңінен қолдануға рұқсат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен азаматтар мемлекеттік туды патриоттық мақсатта тұрғын үйлерінің балкондарына, терезелеріне немесе көліктеріне ілуге мүмкіндік алды.
Әлем елдеріндегі мемлекеттік рәміздердің қорғалуы
Әлемнің көптеген елінде мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалады. Мысалы, Германияда мемлекеттік туын, елтаңбасын және әнұранын қорлағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Францияда мемлекеттік әнұранды немесе туды қорлағаны үшін 7,5 мың еуроға дейін айыппұл салынады және алты айға дейін түрмеге қамау қарастырылған. Беларусьте елдің елтаңбасын, туын, әнұранын қорлағаны үшін ең көп жаза – бір жылға дейін бас бостандығын шектеу.
Мемлекеттік рәміздердің маңызы
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері елдің символы, тәуелсіздігінің маңызды белгісі болып табылады. Олар қазақстандықтардың барлық жеңісі мен жетістіктерін әлемдік аренада көрсетіп келеді. Талғат Мұсабаевтың ғарыш станциясында Мемлекеттік туды көтеріп, сөз сөйлегеніне де 28 жыл өтті. Айдын Айымбетовтің ұшуы кезінде ҚР мемлекеттік туы Жер планетасын 150 рет шарлады.
Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау тек 4 маусымда ғана емес, жыл бойы жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Бұл қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және елдің беделін нығайту жағынан өте маңызды. Мемлекеттік рәміздеріміздің мәні мен маңызын терең түсініп, оларды қадірлеу әрбір азаматтың борышы.
4 Маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.
-
Отбасы – әр адамның өміріндегі ең маңызды және қасиетті ұғым. Менің отбасым – менің тірегім, қолдаушым және ең жақын адамдарым. Біздің отбасы мүшелеріміздің әрқайсысының өзіне тән ерекше қасиеттері, мамандықтары және қызығушылықтары бар. Отбасымызда қалыптасқан дәстүрлер біздің бірлігімізді нығайтады.