Мен өз еліме жау болмаймын
Мен өз еліме жау болған емеспін, және ешқашанда жау болмайын!
Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ тарихнамасы үшін үлкен бір мүмкіншілік туғызды. Ол мүмкіншілік соғыс себебімен Мәскеу және Ленинград қалаларындағы 11 көрнекті орыс тарихшысының Алматыға жіберілуі еді. Олардың қатарында А. М. Панкратова, Б. Д. Греков, Н. М. Дружинин, М. П. Вяткин, Я. Я. Зутис және Ермұқан Бекмаханов сынды ғалымдар бар еді. Соғысының басында Сталин жауларға қарсы тұруда, өткен ғасырдың батырларынан үлгі алуды ұсынған. «Сол кезде мен қазақстан компартиясы агитаторлары арасында жұмыс істеп, фронтта жүрген қазақ солдаттарына жолдау жазуға қатыстым. Жолдауда мысал ретінде Кенесары, Наурызбай сынды қазақ батырлары туралы жазғанмын. Осыдан кейін Кенесары Қасымұлының көтерілісін зерттей бастадым»- дейді Ермұқан Бекмаханов.
1941 жылы жарық көрген «Қазақ СССР тарихы» атты кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылғанмен, бәйгеден келмеді. Бекмахановтың үстіне «ұлтшыл» деген кінәләрмен айыптар түсе бастады. Тарле, Яковлев, Бушуев сынды ғалымдар «Қазақ ССР-інің тарихы» Ресейге қарсы ұлттық көтерілістерді дәріптеген, орысқа қарсы жазылған кітап» деп бағалады. Дегенмен Панкратованың табандылығының арқасында бұл мәселе БКП(б) Орталық комитетіне дейін жетіп, 1944 жылғы мамырдың 29-ы орталық комитет хатшылары тікелей басқарған талқылау басталды. Осылайша Бекмаханов жазған «Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс» деп аталатын тарауды талқылауға алды. Алайда бұл еңбекті мүлде теріске шығармай, керісінше кей тұстарын жоғары бағалайды. Бемахановтың қызы, Нәйлә Ермұқанқызының айтуы бойынша, Халима Бекмаханова осы кітапқа денсаулығы мен жарты өмірін берген. Әкесі туберкулездан ауырып жатқан шақта, анасы мұз басқан архивтің бөлмесінде, документтерден маңызды мәліметтерді теріп отырған. Ал әкесі мұршасы болып қалған уақыттарда мәліметтерді кітапқа енгізген.
Осы кітапты толықтыра келе 1946 жылы Ермұқан Бекмаханов Кенесары Қасымұлы қозғалысы жөнінде докторлық диссертациясын қорғап, қазақтың тұңғыш тарих ғылымының докторы атанады. Бұл зерттеуді 1947 жылы, «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген атаумен монографисы жарыққа шығады. Осыда кейін Бекмахановтың алдында қайта қиыншылықтар туындай бастады. Ең алдымен Правда газетіндегі жариялаулар, кейін «кітапта идеялық қате кеткен», «басқа ғалымның еңбегінен көшірілген» деген айыптар тағыла бастады.
1950 жылғы желтоқсанның 25-і «Правда» газетінде Т. Шойынбаев, Х.Айдарова және Я. Якуниннің «Қазақстан тарихы мәслелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деп аталатын мақаласы жарқ етеді. Бекмахановтың сөздерінен: «Менің шәкірттерім шектен тыс шығып, мен айтпаған сөздерді айтты, жасамағанды жасады деп мені ұлтшылдықта кінәләді. Мен өз еліме жау болған емеспін, және ешқашанда жау болмайын!» Өзіне жалған кінә таққандардың бірін Ермұқан лагерьде кездестіріп, оны кешіреді.
Бекмаханов өзінің зерттеу жұмыстарында Абылай ханның ұрпағы, Кенесарыны жоғары көрсетіп, оны қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресшісі ретінде тағайындап, тарихты бұрмалап, оларға ұлтышылдық мән беріп, 10 жыл бойы тарих зерттеушілерін шатастырып жүрді- деген кінә тағылады. Осылайша 1952 жылы 4 желтоқсанда Ермұқанды 25 жылға соттап, лагерьге жібереді.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, Панкратова Хрущевпен кездесіп, көнекті қазақ тарихшысы туралы айтып, Бекмахановты жақтаған 12 тарихшының атынан жазылған хатты берді. 1953 жылы 16 қазанда КСРО Бас Прокуроры Бекмахановты ақтап шығады да, ҚазГудағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі ретіндегі бұрынғы қызметіне қайта тағайындалып, 1966 жылы 6 мамыр күні дүние салғанша сонда көптеген болашақ тарихшыларға білім берді.
Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1947 жылы өзі іргетасын бекіткен тарих факультетінде оның есімі мен мұрасы сақталуда. Сонымен қатар университетте жыл сайын “Бекмаханов оқулары” атымен ғылыми басқосулар және конференциялар өткізілуде.
У.М.Джолдыбаева- тарих ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті
Еркенова А.К.- Шығыстану факультеті, шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенті