Қазақстанда 544 мыңнан астам мүгедектігі бар адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. 2026 жылы негізгі төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты айына 61 мыңнан 112 мың теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жалпы ауру салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда I топтағы адамдарға айына 111 873 теңге төленеді. II топ үшін жәрдемақы 89 498 теңгені, III топ үшін — 61 022 теңгені құрайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік жәрдемақы жалғыз төлем болмауы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, егер адам үшін бұрын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жасалған болса, ол еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты қосымша төлем ала алады. Мұнда бірыңғай сома жоқ: ол бұрынғы табысқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне және адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.

Егер мүгедектік өндірістік жарақат немесе кәсіби ауру салдарынан болса, жеке тәртіп қолданылады. Мұндай жағдайларда қызметкерге сақтандыру төлемдері тағайындалуы мүмкін.

Сондай-ақ I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға да ақша қарастырылған. 2026 жылы ай сайынғы жәрдемақы 81 871 теңгені құрайды. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға, әкеге, асырап алушыға, қорғаншыға немесе қамқоршыға да дәл осындай сома төленеді.

Жәрдемақыны «Азаматтарға арналған үкімет» немесе eGov арқылы рәсімдеуге болады. Сондай-ақ проактивті нұсқа да бар: мүгедектік белгіленгеннен кейін адамға төлемді рәсімдеу туралы ұсыныспен SMS келеді. Қажетті мәліметтер мемлекеттік базаларда бар болса, жеке өтінішсіз-ақ кері хабарлама арқылы келісімін растау жеткілікті.

Бұған дейін 2027 жылы АЕК-ті 8,5%-ға — 4 693 теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғаны, алайда бұл бірқатар әлеуметтік төлемдердің өсуіне әкелмейтіні хабарланған болатын. Балалы отбасыларға, көпбалалы аналарға және басқа да кейбір төлемдерге арналған жәрдемақыларды 2026 жылғы АЕК бойынша есептеуді сақтау жоспарлануда. Мүгедектік бойынша жәрдемақылар да бұрынғы күнкөріс минимумы негізінде есептелуі мүмкін.