Биылғы екінші тоқсанда Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 486 388 теңгені құрап, бір жылда номиналды түрде 8,4%-ға өскенін infohub.kz сайты хабарлайды.

Алайда инфляцияның жоғары қарқынына байланысты нақты жалақы 1,8%-ға қысқарды. Нақты жалақының төмендеуі 2025 жылдың шілде-қыркүйек айларынан бері, яғни қатарынан төрт тоқсан бойы жалғасып келеді, деп еске салады DataHub. Сонымен қатар, құлдырау қарқыны осы кезеңдегі ең төменгі деңгейге дейін баяулады: алдыңғы үш тоқсандағы орташа көрсеткіш -2,5% болған еді. Сарапшылар нақты жалақының төмендеуі өсуге қарағанда сирек кездесетін динамика екенін атап өтеді: ағымдағы цикл басталғанға дейінгі соңғы 8,5 жыл ішінде теріс көрсеткіштер тек екі рет – 2023 жылдың бірінші тоқсанында және 2020 жылдың үшінші тоқсанында байқалған.

Нақты жалақының төмендеуі ірілендірілген салалардың көпшілігін – он алтының тоғызын қамтыды, бұл салаларда есептеулерге енгізілген барлық қызметкерлердің 69%-ы жұмыс істейді. Ең үлкен құлдырау білім беру саласында (385 725 теңге, инфляцияны ескере отырып, жылдық көрсеткішпен -6,5%), ойын-сауық саласында (312 136 теңге, -6,3%) және ақпарат пен байланыс саласында (851 076 теңге, -6%) тіркелді.

Өңірлік бөліністе нақты көрсеткіште табыстың төмендеуі тек Алматыны (610 371 теңге, +0,8%) және Абай облысын (422 043 теңге, +0,3%) айналып өтті, бұл өңірлерге нақты жұмысшылар санының 18%-ы тиесілі. Ең көп зардап шеккендер – Алматы (401 457 теңге, -7%), Ұлытау (588 691 теңге, -6,6%) және Түркістан (370 964 теңге, -5,1%) облыстары.

Маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция деңгейі 10,3%-ды құрағанын бұған дейін вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин хабарлаған болатын. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың нақты табысы инфляцияны ескере отырып, номиналды өсім 10,2% болған кезде 1,1%-ға төмендеді. Жан басына шаққандағы орташа табыс 238 070 теңгені құрады. Жалақының ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 31%-ды құрайды (2024 жылдың қорытындысы бойынша), ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40%-дан асады. Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі табысты бөлуді әділетті ету міндетін қойған болатын, яғни бизнес пайданы тек дивидендтерге емес, еңбек ақыға көбірек жұмсауы тиіс.