2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы ең танымал жол талғамайтын көліктер аталды. Toyota Land Cruiser Prado сегментте сөзсіз көшбасшы болып қала береді, ал қытайлық үлгілер алғашқы бестікте үш орынды иеленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында қазақстандықтар ресми дилерлерден шамамен 4 мың жаңа рамды көлік сатып алды. Оның 841-і Toyota Land Cruiser Prado үлесіне тиді. Модель бағасы 2,7 литрлік нұсқа үшін 38,2 млн теңгеден басталып, 2,4 литрлік турбокозғалтқышы бар жеті орындық нұсқада 53 млн теңгеге жетеді. Сатылым статистикасында бірнеше жыл қоймада тұрған 2022 жылғы 4 литрлік қозғалтқышы бар Land Cruiser Prado J150 де тіркелген.
Екінші орынды қытайлық Tank 300 иеленді – жарты жылда 581 автокөлік сатылған. Бағасы жиынтығына қарай 20–23,3 млн теңге аралығында. Сатып алушылар көбінесе алдыңғы көпірі қосылатын классикалық Part-Time схемасын таңдайды. Үшінші орынды күтпеген жерден ресейлік Lada Niva Legend иеленді – дилерлер 500 автокөлікті 7,8–8,3 млн теңге бағасымен сатқан. Алайда ресейлік автокөліктерді әкелуге утильалымның күрт өсуіне байланысты Lada-ға сұраныс төмендеуі мүмкін. Қазіргі шарттар сақталса, қоймадағы қорлар бірте-бірте таусылады.
Төртінші танымал – Haval H5: алты айда 404 машина сатылған. Қазақстанда жол талғамайтын көліктің бағасы арнайы ұсыныстарды есепке алмағанда 16,8–18,2 млн теңге. Бесінші орында – Tank 500: дилерлер 320 автокөлік өткізген. Модель 3 литрлік қозғалтқышпен төрт жиынтықта 27,8–33 млн теңге бағасында қолжетімді.
Алтыншы орында – 198 автокөлікпен Haval H9. Одан кейін Chevrolet Tahoe (177), Toyota Land Cruiser (162) және Lada Niva Travel (143). Lexus LX сатылымы айтарлықтай құлдыраған: 2025 жылдың бірінші жартысында дилерлер 461 автокөлік сатса, 2026 жылдың осы кезеңінде небәрі 137. 70,3% -ға төмендеу модельді үшінші орыннан оныншы орынға ысырды. Оныншы орында – Lexus LX (137), он бірінші – Lexus GX (101), он екінші – ROX 019 (95), он үшінші – Infiniti QX80 (86), он төртінші – Cadillac Escalade (69), он бесінші – Range Rover (63).
Осылайша, бірінші жартыжылдықта қытайлық рамды көліктер ең танымал жол талғамайтын көліктердің топ-бестігінде үш орын алды, алайда Toyota Land Cruiser Prado сегменттің сөзсіз көшбасшысы болып қала береді.
Бұған дейін Курсив Авто Chevrolet-дің Қазақстанның авторыногында көшбасшылыққа қайта оралғанын, ал Changan алғаш рет ең танымал брендтердің үштігіне енгенін хабарлаған. Сондай-ақ BYD мен Geely Galaxy еліміздің электромобиль және гибрид нарығын басқарып отырғаны айтылды.


