Оралда 11 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап, қайтыс болуына байланысты резонансты сот процесі аяқталды. Сот ақтау үкімін шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қайғылы оқиға 2022 жылдың 27 шілдесінде болды. Бірнеше жыл бойы іс сот инстанцияларында қаралды. Бастапқыда айыптау «Орал» спорт клубының бұрынғы директорына тағылған еді, алайда жаңа қарау барысында жауапкершілік осы клубтың спорт алаңдарының меңгерушісіне жүктелді.

2026 жылдың 25 тамызында Орал қалалық сотының судьясы Абадан Мамыровтың төрағалығымен тараптардың пікірталасы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Ерасыл Ерғалиев сотталушыны кінәлі деп тануды талап етіп, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және оны сот залында қамауға алуды сұрады.

Сотталушы өз сөзінде болған оқиғаға қатты өкінетінін білдірді, бірақ тағылған айыптарды мүлдем жоққа шығарды. Ол: «Баланың қайтыс болғанын түсіну ауыр. Мен айыпталып отырған қылмысты жасаған жоқпын. Мен болған оқиғаның өзін жоққа шығармаймын, бірақ менің әрекеттерім немесе әрекетсіздігім трагедияға әкелді дегенге мүлдем қарсымын. ЖСҚ жобаға сәйкес келмеді, бұл өте маңызды. Қақпалар 2011 жылы пайдалануға қабылданған. Бұзушылық нысан құрылысының басынан бастап болған. Менің кінәм не? Мен қақпаны жасаған жоқпын және орнатқан жоқпын. Соттан дәлелдемелерге сүйенуді сұраймын. Менің әрекеттерімде қылмыс құрамы жоқ деп санаймын. Әділ шешім шығарып, мені ақтауды сұраймын. Соттың әділдігіне сенемін», — деді.

1 қыркүйекте судья Абадан Мамыров үкім жариялады: «Сот сотталушыны кінәсіз деп танып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтады».

Үкім жарияланғаннан кейін судья ақтау негіздерін түсіндіріп, Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне, прокуратураға және әкімдігіне жеке қаулылар шығарылғанын хабарлады. Сот тергеуі барысында сотқа дейінгі тергеу органдары жіберген заңның елеулі бұзушылықтары анықталды. Тергеушілер тергеу мерзімдерін формальды негіздермен жүйелі түрде үзіп отырған, мысалы, іс жүзінде жүргізілмеген сараптамаларды тағайындау туралы мәлімдеген. БҚО әкімдігіне барлық спорт алаңдарының қауіпсіздігін тексеру қажеттігі туралы ұсыныс енгізілді. БҚО прокурорына және БҚО ПД бастығына анықталған бұзушылықтарға байланысты шара қолдану үшін қаулылар шығарылды.

Қайтыс болған баланың әкесі сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым беруді жоспарлап отыр.