Оралда сот полицияның оқушы қызды арнайы оқу орнына жіберу өтінішін қанағаттандырмады. Себебі, қыздың сабаққа бармауы сыныптастарының қысымынан болғаны анықталды, деп хабарлайды infohub.kz.

Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жергілікті полицияның талабын қарады. Құқық қорғау органдары қызды девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектепке орналастыруды талап етіп, оның сабаққа жүйелі түрде қатыспағанын алға тартты.

Алайда сот отырысы барысында өзге жағдайлар анықталды. Облыстық соттың мәліметінше, оқушы қыз сабаққа буллингке байланысты бармағанын айтқан. Мектептегі тұрақты қысым оның эмоционалдық жағдайына кері әсер етіп, сабаққа баруға ерік-жігері болмаған. Бұл дәлелдерді прокурор да қолдады.

Сот «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңды еске салып, оқу орындары қауіпсіз орта құруға және буллингке тап болған балаларға психологиялық көмек көрсетуге міндетті екенін атап өтті.

Судья сабаққа қатыспаудың нақты себептерін анықтамай, баланы арнайы мектепке жіберуге негіз жоқ деп шешіп, полицияның талабын қабылдамады.

Сонымен қатар, сот полиция департаменті мен білім басқармасына жекеше қаулы шығарып, буллингтің алдын алу жұмыстарының жеткіліксіздігін және қыздың шағымдарының еленбегенін көрсетті.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.