Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Өрік талдың нәзік бұтақтары

Ауылда өскен бүкіл қазақ балаларының сүйікті жазушысы

Бердібек Соқпақбаевтың рухына

Биылғы қыс жылдағыдан ызғарлы. Аяз мықтап әліне кіріпті. Ажар ас үйдің терезесінен қарағаны сол еді, жиектерін қырау шілтерлеген терезе әйнегінің арғы жағындағы бұтақтары сыйдиған өрік ағашын паналап отырған шымшық торғайлар кішкене қанаттарын дір-дір қаға «пыррр» етіп ұша жөнелді. Өзімнен үрікті деуге... дыбыстамағаны не оқыс қимылдамағаны есіне түсті. «Түһ» деді сонан соң өзіне өзі, соған да көңіл бөліп... Сөйткенше болмады, подъезд есігінен екпіндей шығып, тайыншадай төбетке жегілген кіріптар жандай иттің шынжырына қос қолдап жабыса дедектеп бара жатқан көршісін көріп, торғайлардың неден үріккеніне көзі жетті. Енді бір сәтте екі құлағы шұнтиған, тұқым-тегі шетжерлік, топырағымызға жат, қара сандары айналып түскелі тұрған дөңкиген тықыр қара төбет тапталған әппақ қардың үстіне сыздықтата сап-сары із қалдырып, талтаңдап кетіп барады. «Тфі-уу, кәпір!» деп Ажар терезеден бетін оқыс тартып алды. Көңілін басқа нәрсеге аудармақ боп тырысқанымен, ойы бір топ торғай жаққа ойыстай берді.

Торғайлардың ештеңесі де кеткен жоқ, қайта дырау өрік ағашының шеткерірек бір нәзіктеу бұтағына топтала қонақтап алып, шөкімдей болмыстары тынымсыз бүлкілдеп, аяз сорған өсімдіктің қабығын титімдей ғана біздей тұмсықтарымен жарыса шоқып, «оразаларын ашып» баяу тербеліп қаннен-қаперсіз отырды.

Ақ қырау құрсанған өрік талдың өрімдей бұтағын аяп кетті Ажар. Қалай көтеріп тұр, сынып кетпес пе екен? Осы сәтте оның көз алдына жақында ғана жұмыста болған бір көрініс келе қалды.

Кабинеттегілер әдеттегіше өз ойымен өзі.

Тіпті, қысы-жазы том-том аудармадан бастарын көтере алмайтын аудармашылардың ойына алдарындағы парақтан басқа дүниенің бар-жоқтығы кіріп те шықпайтындай! Ойлануға да мұрға керек емес пе! Халықаралық, басқа аралық таусылмайтын хат жазысулар мен келісімдер, тұжырымдамалар мен бас-аяғы бітпейтін жобалар, кеше қабылданған заңға бүгін еселенген өзгерістер...

Аттарын дауыстап екі рет атамаса, ешқайсысы елең ете қоймайды. Бұл үйреншікті дағдыға айналған. Сыртқы әлемнен оқшауланған осы жандар дүниеде күрсіністің, сілкіністің, туудың, өлудің бар екендігіне де қатысы жоқ сияқты! «Үш күннен кейін көрге де үйренетін» ет пен тері иелері аудармашылықтың қамытын мойындарына мықтап киген. Ілуде-бір мереке қарсаңында алған азын-аулақ сыйлықақыдан басқа елең еткізер жаңалық бұл өңірде бола қоймайды. Компанияның табалдырығын аттағаннан-ақ бөгде нәрсенің иісін сезбеуге, түсін түстемеуге ант алғандай шеттерінен! Қағаздан бас көтере алмай отырған төртеуге «Қараңыздар, сіздерге арнап әкелдім. Турамай тұрғанда көріп алыңыздар, қандай үлкен алма!» деп, қолындағы қызылала апортқа өзі де балаша сүйсіне таңырқаған Алманың даусына алдымен шеткі орындағы Ажар жалт қараған. Шынында да өзі мұндай алманы... екінші рет көріп отыр.

...Он жеті жасында, иә, осыдан тұп-тура қырық жыл бұрын Алматыға тұңғыш келген кезі. Университеттің журналистика факультетіне құжаттарын өткізген. Екінші емтиханнан да бестік баға алған күні Жұмекен ағасы да үй-ішімен қоса қуанып, «екі бестігіңнің көрімдігі болсын, болашақ журналист деп мақтауға болады енді сені, ең жақсы көретін жазушыңды айта ғой, ертең сәлем беруге ертіп апарайын. Өзім өлеңдеріңді ұнаттым, ырғақпен, әуенмен жазады екенсің» деген. «Толқында туғандар» мен «Балалық шаққа саяхатты» қатар жастанып өскен ауыл қызының тіліне алдымен Бердібек ағасы оралып еді. Нәсіп апай болса, «Әуелі Әбекеңе кіріңдер, жасы үлкен ғой» деген.

Ертесіне таң ертеңмен Жұмекен аға, ұлы Мағжан және абитуриент қыз Ажар үшеуі он сегізінші нөмірлі автобуспен «Балалар әлемі» деген аялдамадан түсіп, Жазушылар Одағына келген. Іздеген ағалары жұмысқа әлі келмепті. Телефон шалып еді, ол кісілер үйлерінде екен, «Бердібек ағаңның үйі осы арадан алыс емес, бірдеңе біліп айтқан болдың ғой, алдымен сол кісіге барсақ, барайық» деп, Мир көшесінің бойындағы пәтеріне ертіп апарған. Жазушы үстел үстіндегі көп қағаздың ортасынан басын көтеріп, көзілдірігінің үстінен қарап, келгендерді бір шолып өтті де алдымен Мағжанмен амандасты! Содан соң Жұмекен ағамен қол алысқаннан кейін ғана Қожабергеннің өзін көргендей қуанып, екі езуі екі құлағына жетіп тұрған Ажармен қол беріп амандасып, танысқан.

Ару қала — Алматы атанған астанаға алғаш келген жылдар Досмұқасанның дәуірлеп тұрған кезі болатын. Жастар, әсіресе ауылдан келген өзі сияқты қыз-жігіттер көшеде көздей терезеге телміріп, сары құлақ атанған бір сомдық төлеп майысқақ грампластинка жаздыртып алатын. Тыңдайтындары Досмұқасанның әндері. Мағжан мен Ажар екеуіне Бердібек аға күйтабақтан «концерт» тыңдатып, үлкендер қауқылдасып әңгімеге көшкен. «Өзімнің саяжайымда өсіргем» деп бір-бір апорт ұстатқан қолдарына! Аты аңызға айналған Алматының нағыз апортын тұңғыш рет көрген сонда. Бердібек ағасы қолына ұстатқан қос жұдырықтай үлкен алманы тіс батырып жемек түгіл, қаттырақ ұстауға да батпай, біресе бетіне тақап, біресе алақанында аялап тамашалағаны әлі есінде Ажардың...

Өстіп ойға берілген ол әріптесі Алма әкелген апортты қызықтап, дабырласқан өзгелердің көңіл-күйінен аядай бөлменің бір сәтке өзгеше жарқын шуаққа шомылып шыға келгенін сырттай бақылап, сүйсіне қарады. Алма қолына пышақ алып, апортты тәрелкеге турап қойғалы жатыр. «Тоқташы!» деді Ажар оқыс дауыстап! Жалма-жан шкафты ашып, шай ішетін ең үлкен бокалды салыстыру үшін апортпен қатар қойды да, ұялы телефонның ноқаттай камерасымен сырт еткізіп, суретке түсіріп алды. Қасындағылар да бұл көрініске қызығып кетті. Бірінен бірі өткен шұғыл, «күйіп-жанып» жатқан аударманы да ұмытып, ұялы телефондарын сыртылдатып суретке түсіре бастады. Апортты Алманың өз қолына ұстатып, «қос Алма» деп, т.т. қиялдары жеткенінше, әйтеуір тақырыпқа қарық болып, байыды да қалды... Тақырып біреу — не деген үлкен апорт! Кейбірі өмірінде бірінші рет көріп отыр, кейбірі көптен бері көрмепті мұндай дәу алманы!!!

Әшейінде ештеңеге таңырқай қоймайтын Жауһардың өзі «мұндай дәу алманы көтеріп тұрған бұтақты айтсайшы! Бұлар бір бұтақта бірнешеуі өседі ғой, шіркін» дегені.

...Иә, жаратылыс сұлулыққа да, қайыспас мықтылыққа да үлес беруге жомарт-ақ! Терезенің сыртында шықылық ата «шүйіркелескен» топ торғай қонақтаған жапырақсыз өрік талдың нәзік бұтақтарына Ажар ойлана қарап отыр. Жеміс беруге жаратылған, өзегінде нәрі бар тіршілік көзі — қайыспайтын нәзік бұтақтар қақаған қыста да шөкімдей-шөкімдей топ торғайға талғажау болып, әрі аялай тербетіп тұр!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама