Қазақстанда тамыз айының басында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 200 мың теңгеге жуықтады, бұл ретте соманың жартысынан астамы ынтымақты төлемге тиесілі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қазақстандықтардың зейнетақысы бірнеше құрамдас бөліктен тұрады: базалық, ынтымақты және жинақтаушы. 2026 жылдан бастап олардың ең төменгі мөлшері 10 пайызға ұлғайтылды. Мәселен, базалық зейнетақы қазір кемінде 35 596 теңгені құрайды, ынтымақты зейнетақы толық көлемде 69 049 теңге, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төлем де 35 596 теңгені құрайды.
БЖЗҚ-дан төлемнің ең жоғары мөлшері шектелмеген, базалық зейнетақыда ол 60 005 теңгеге, ал ынтымақтыда 178 407 теңгеге тең. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, биыл базалық және ынтымақты төлемдердің бірге ең жоғары мөлшері 238 412 теңгені құрайды.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 197 446 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты – 103 389 теңге, базалық – 54 034 теңге, жинақтаушы – 40 043 теңге. Зейнеткерлер саны 2 589 286 адамды құрайды.
2026 жылы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 4,9 трлн теңге жоспарланған, оның ішінде ынтымақты бөлікке 3,2 трлн теңге және базалық бөлікке 1,6 трлн теңге қарастырылған.
Бұған дейін қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарында 28 трлн теңгеден астам қаражат сақталатыны, осы қаражаттың жартысына жуығы инвестициялық кіріс екені хабарланған болатын.


