Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов тұрғындарды облыс орталығын Павлодармен салыстырмауға шақырды, қалалардың әртүрлі жағдайда екенін атап өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қала басшысы бірнеше ай ішінде атқарылған ауқымды жол жөндеу жұмыстары туралы айтты. «Биыл біз қаладағы жолдарды жөндеуге барынша көңіл бөлдік. Бұған облыс әкімдігі зор қолдау көрсетті. Өскемен мен Павлодарда жағдай әртүрлі. Павлодарда 450 шақырым жол болса, бізде – 750 шақырым. Бұл әртүрлі көлемдегі жұмыс», – деді Алмат Ақышов.
Әкімнің айтуынша, қалалық жолдарды жөндеудің мұндай қарқыны бұрын болмаған. Алдыңғы жылдары маусымда шамамен 20-25 шақырым жөнделсе, биыл 60 шақырымды жаңарту мүмкін болды.
«Осы қарқынды сақтай алсақ, жолдарымыз кезең-кезеңімен жақсара түседі. Бірақ біз бірден барлық 750 шақырымды жөндей аламыз деп ойлаудың қажеті жоқ. Сондықтан жөндеуге бөлінген қаражатты қаланың әртүрлі аудандары арасында бөлуге тура келеді. Павлодар бұл тұрғыда ықшамдау», – деп түсіндірді әкім.
Алмат Ақышов бір жазда барлық қалалық жолдарды жақсы жағдайға келтіруге бөлінген қаражат жеткіліксіз екенін де мойындады. «Биылғы барлық қосымша бюджет қаражатын жолдарға бағыттадық. Кей жерлерде қаржыландыру жетіспей жатқандықтан, жұмыстарды қарызға атқарып жатырмыз. Келесі жылы да жол жөндеудің осындай қарқынын сақтауға тырысамыз», – деп қосты ол.


