Өскеменде есірткі және психотроптық заттарды ерекше ірі мөлшерде таратты деген күдікке ілінген 20 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері басқа қаланың 20 жастағы тұрғынының заңсыз әрекетін тоқтатты.
Жігіт әлеуметтік желілерде «жұмыс» туралы хабарландыруды тауып, ұсынысқа келіскені анықталды. «Осылайша ол қаптаушы болды: куратордың нұсқауы бойынша тыйым салынған заттардың ірі партияларын алып, оларды ұсақтап, жасырын орындарға салуға дайындады. Маусым айында жігіт Өскеменге келіп, бұл әрекетін жалғастырды. Еңбекақысын криптовалютамен алды», — деп мәлімдеді полиция департаментінде.
Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктінің ізіне түсті. Оның рюкзагінен қоңыр түсті зат салынған екі орама табылды. Ол тұрған пәтерде тәртіп сақшылары тағы бірнеше орама зат, зип-пакеттер, изолента және электронды таразы тапты.
Сараптама алынған заттардың құрамында α-PVP және мефедрон бар екенін көрсетті — жалпы салмағы 510 грамнан асады, сондай-ақ гашиш — 520 грамнан асады. Барлығы заңсыз айналымнан бір килограмнан астам есірткі және психотроптық заттар алынды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.


