Павлодар облысында бүкіл Қазақстан бойынша үш жыл бұрын әрекет еткен HAS қаржы пирамидасының тағы 139 зардап шеккені анықталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Қаржы пирамидасы Қазақстанда 2022–2023 жылдары жұмыс істеген. Өткен жылы сот бес сыбайласты кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Сол кезде 376 зардап шеккен анықталып, жалпы шығын сомасы 2 млрд теңгеден асқан еді.
Прокуратураның мәліметінше, топтың ұйымдастырушысы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болған. Ол сыбайластарымен бірге Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа қалалардың тұрғындарының ақшасын тартқан. Салымшыларға 70 пайызға дейін табыс уәде етілген — бұл қаражат тартудың негізгі тәсілі болған.
Алайда үкім шыққаннан кейін прокуратура тергеуді жалғастырып, тағы 139 зардап шеккенді анықтады. Жаңа мән-жайлар бойынша қосымша тергеу жүргізіліп, іс қайтадан сотқа жолданды. Прокуратура хабарламасында: «Сотта мемлекеттік айыптаушы нанымды дәлелдемелер ұсынып, қылмыстық схеманың механизмін және оның зардап шеккендер үшін салдарын ашты. Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісті: кінәлі адамдар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды», — делінген.
Жаңа деректерді ескере отырып, зардап шеккендердің жалпы саны 515 адамға, ал шығын сомасы шамамен 3 млрд теңгеге жетті. Қаражаттың бір бөлігі қазірдің өзінде өтелді. Сотталғандардан қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленді: Астана мен Павлодардағы пәтерлер, жер учаскелері, 18 автокөлік және 300 млн теңгеден астам қаражат.
Еске салайық, үш жыл бұрын БАҚ HAS Holding қаржы пирамидасының қазақстандықтарды қалай алдағанын егжей-тегжейлі жазып еді. Салымшылар үшін міндетті шарт — 180 мың теңгеге тұрмыстық тауарлар сатып алу болған. Түскен қаражаттың бір бөлігі салымшыларға пайыз төлеуге жұмсалған, бірақ ұйымдастырушылар оларды бұл ақшаны қайта пирамидаға салуға көндірген. Қаражаттың көп бөлігі ұйымдастырушылардың қалтасына түскен. Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, салымшылармен келісімдер «Upgrade-AS», Holding AS, «ХАС-Логистик», light-AS және басқа компаниялар атынан жасалған. Сонымен қатар қаржы пирамидасы өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде таныстырған.


