Павлодарда полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде танымал болу үшін «Нұрлы жол» көпірінде қауіпті трюктер жасаған жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтады. Оқиғаның видеосы қалалық полиция департаментінің Instagram-парақшасында жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Хабарламада айтылғандай, жүргізушілер мен жолаушылар өрескел маневрлер жасап, көлік терезелері мен люктерінен шығып, жолдың жүру бөлігінде тікелей қауіпті әрекеттерге барған. Барлық қатысушылар анықталып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылды, ал көліктер арнайы тұраққа қойылды.
Полицияда соңғы кездері жүргізушілер мен жолаушылардың назар аударуға және «хайп жинауға» тырысып, жол қозғалысы ережелерін бұзатын қауіпті үрдіс таралып жатқанын атап өтеді.
«Жүргізушілер мен жолаушылар жолдың қауіпті ойын-сауық орны емес екенін есте сақтауы керек. Мұндай әрекеттер тек бұзушылардың өздеріне ғана емес, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді», — деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.


