Павлодарда полиция департаментінің талабы бойынша сот есірткі есебінде тұрған жергілікті тұрғынның көлік жүргізу құқығын тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Павлодар қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты облыстық ПД-ның ер адамға қатысты көлік жүргізу құқығын тоқтату туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот анықтағандай, 2019 жылдың 9 тамызында ер адамға «В, В1» санаттарындағы жүргізуші куәлігі берілген. Алайда 2025 жылдың сәуірінен бастап жауапкер «Алкогольді тұтынудан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, тәуелділік синдромы» диагнозымен есірткі диспансерлік есебінде тұр.

Бұл ауру көлік жүргізуге тыйым салынатын медициналық қарсы көрсетілімдерге жатады. Мұндай денсаулық жағдайы көлікті қауіпсіз басқаруға кедергі келтіріп, жүргізушінің өзіне және жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіруі мүмкін.

Сот отырысында жауапкер талаппен келіспей, есепке қойылғанын білмегенін және денсаулығына байланысты алкоголь ішпейтінін айтты. Оның өкілі аурудың созылмалы сипатын растайтын дәлелдердің жоқтығын көрсетті.

Сот бұл дәлелдерді негізсіз деп таныды. Іс материалдарынан жауапкердің дәрігерлік-консультациялық комиссия отырысына қатысып, медициналық тексеруден өткені анықталды. Сонымен қатар, ол бақылау жүргізуге жазбаша келісім берген. Есепке қою туралы шешім ол тарапынан шағымданбаған. Сонымен бірге, жауапкердің өзі ай сайын дәрігерге белгі қою үшін баратынын растады.

ҚР «Жол қозғалысы туралы» Заңына сәйкес, медициналық қорытындымен расталған, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайының нашарлауы оларды басқару құқығын тоқтатуға негіз болып табылады.

Анықталған мән-жайларды және жауапкердің ауруы көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізіміне кіретінін ескере отырып, сот талапты қанағаттандырды. Павлодарлықтың жүргізуші куәлігі бойынша көлік жүргізу құқығы тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.