Петропавлда TikTok пайдаланушысы жол-көлік оқиғасы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Петропавлдың мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты жол-көлік оқиғасы туралы ақпараты расталмаған TikTok пайдаланушысына қатысты істі қарады.

Анықталғандай, биылғы жылдың тамыз айында ол өзінің парақшасында жүргізуші велосипедшіні қағып кеткені, оның ауыр жарақат алғаны, жедел жәрдем көлігінде жатқаны және өздігінен қозғала алмайтыны туралы ақпарат жариялаған.

Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Велосипедшіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген, одан кейін оны ауруханаға жатқызу қажет болмаған. Сонымен қатар, оған қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Ақпараттың растығына күмән келтіретін деректер әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, арызбен және оқиғаға қатысушының түсініктемесімен, сондай-ақ бейнежазбамен расталған.

Пайдаланушы өз кінәсін мойындап, дәлелдемелерді дауламаған.

Сот қаулысымен ол Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.