Пушкин аудармасы қазақ әдебиетіне не берді
Қазақ халқының мәдениеті көтеріліп, өлкеміздегі ел өнерлі, оқулы болған сайын әдебиетімізде өрлеп, өсіп келеді. Қазақстандағы әдебиеттің қай саласын алсақ та қазір Одақтық республиканың үлкен әдебиеті болуға талаптана жасалып жатыр. Бүгінгі қазақ әдебиеті деген әдебиет — бұл жалғыз қазақтың өз өнері ғана тудырған қазынадан ғана құралып отырған жоқ. Біздің бүгінгі әдебиетіміз өзіміздің төл әдебиетіміздің үстіне бүтін Кеңестер Одағындағы әдебиеттің ең жақсыларынан, дүние әдебиетінің ең жақсы үлгілерінен қоса жасалып отыр. Расында қазір қазақ оқушылары өз жазушыларымызбен бірге кімдерді оқиды? Горькийді, Серафимовичті, Фурмановты, Шолоховты, Шуховты, Крыловты, Гогольді, Лермонтовты, Пушкинді, Толстойды, Чехов, Гейне, Мопассан, Роллан, Анри Барбюсті, Шевченко, тағы басқаларды оқиды. Осылардың ең таңдама кітаптарын оқиды. Олай болса, қазіргі қазақ әдебиетіндегі аудармаға берілген мән өте орынды. Біз дүние жүзіндегі атақты жазушылардың кітаптарымен елімізді мәдениеттендіріп, әдебиетімізді байытамыз. Бұрыннан ел әдебиетінде ескі қазына мол, жаңа әдебиеттің халықпен қатты байланысы бар, қазақ әдебиетінің қазіргі түскен жолы тіпті кең, келешегі аса күшті. Бізбен туысқан өзге елдің тарихында сирек кездескен Онегин мен Татьянаның Абай жазып берген хаттарын қыз баланың бір-біріне айтатын айтыстағы ғашықтық өлеңіне айналдырып әкету — бұл халқымыздың Пушкинді көптен өзінікі етіп алғандығынан.
Қазақ халқының бел баласы ақын Абайдың сол өз тұсында істеген мәдени қызметін бүгінгі Пушкин жүз жылдығында ерекше еске алмауымызға жөн жоқ. Біз бұл жағынан Пушкинді қазақ халқына ерте таныстырып, оны халықтық түрге айналдырған Абай қызметімен көршіміздегі туысқан елдердің көбінен бұрын мақтанамыз.
Сол заманда Абай шет-пұшпақтап аударған Пушкинді біз бүгін түгел аудармасақ та, оның ең тәтті, ең таңдамалы шығармаларын қазақ тіліне аударып отырмыз. Бұл біздің жоғары айтқандай, бүгінгі кеңестік қазақ әдебиетінің өркендеу өрісінен туып отыр.
Қазақ әдебиетіндегі аударманың осы күнгі бет алысы аса маңызды, өте көлемді. Соңғы екі-үш жылдың ішінде біз көркем әдебиет аудармасы жөнінен аса маңызды жұмыс істедік. Атақты жазушыларды аудару жөнінен біз көрші елдердің көбінен ілгері екендігіміз көрінеді. Әдебиеттің аз жыл ішінде бұлай көтерілуі — Қазақстанның соңғы жылдардағы жалпы өсуімен байланысты. Қазақстан қазір Одақтың алдыңғы республикаларына үзеңгі қағысуға талпынып отырса — Қазақстанды бұл дәрежеге жеткізген Ленин партиясы, әсіресе Өлкелік комитетінің жана басшылығы жолдас Мирзоянның әдебиетімізге істеген басшылығы, қолма-қол көмегі қазақ әдебиетін орасан көтерді. Міне, осы өскендіктен туған аударманың жоғары бет алысы қаншама мағналы, ауданды жұмыс десек те әлі де көпті қанағаттандырмайды.
Қазақ әдебиетінің өткен жылғы көрнекті жұмысы — Пушкин кітаптарының аудармасы. Пушкиннің тарихи юбилейіне дайындалу қазақ әдебиетіне үлкен серпін берді. Қазақ көркем әдебиет баспасы, қазақ жазушылары Пушкин юбилейіне жақсы дайындалды. Ақынның негізгі шығармаларын жүз жылдыққа арнап қазақ тілінде шығардық. Пушкин юбилейіне ұлы ақынның жиынына үлкен шашу — үш том Пушкинмен барғалы отырмыз. Мұның ішінде ақынның атақты романы «Евгений Онегиннен» бастап поэмаларынан «Руслан — Людмила», «Жебірайылнама», «Полтава», «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар», «Ағайынды қарақшылар», «Мыс салт атты», «Граф Нулин» тағы басқалар әңгімелері «Дубровский», «Капитан қызы», «Белкин әңгімелері», «Боран» тағы басқалар; пьесаларынан: «Сараң сері», «Тас қонақ»; ертегілерінің бәрі; өлеңдерінен ең маңызды, көркем, тәтті, жұртқа әйгілі: «Сібірге хат», «Чадаевқа», «Анчар», «Арион», «Сезік», «Пайғамбар», «Дауыл», «Әзәзіл», «Элегия», «Ақын», «Ақынға», «Өшеді үнім», «Ескерткіш қойдым өзіме», «Өмір арбасы», «Кешкі», «Кавказ», «Жаңғырық» тағы сол сықылды лирика, сатираларынан елу шамалы ұсақ өлеңдері бар. Міне, осы айтылған аудармалардың жалпы сомасын алғанда ақынның ар жағынан танысуға, тексеруге қазақ оқушысына Пушкинді түгелге жақын көрсетеді.
Пушкин шығармаларын аударғандағы қазақ әдебиетінің олжасын айтатын болсақ, алдымен біз әдебиетімізді Пушкинмен байыттық. Әлемге әйгілі, асқан шебер, данышпан ақынның ең таңдамалы шығармаларын қазақ оқушысына бердік. Бұрын бізде үзіп-жұлқып қана аударылған Пушкинді енді том-томдап кіргіздік. Пушкиннің басылып шыққан үш томы тек жай ғана кітап емес, бұлар бүтін дүние әдебиетінің алтын қазынасына жататын шығармалар. Бұл қазақ әдебиетіне Александр Пушкин еңбегінің әр саласымен, түгел тұлғасымен кіріп, Пушкин қазақ ақыны болды деген сөз.
Екінші, бұл аударма тәжірибесінде (әсіресе «Евгений Онегинде» Пушкиннің өз үлгісі кірді. Ақынның атақты романындағы өлең түрі, сөз үлгісі, шумақ айшығы, образ, теңеу, ұйқастары сияқты түрі де сақталды. Бұл — бұрын қазақ әдебиетіндегі аударма тәжірибесінде болмаған жана үлгі. Пушкинге артық сөз қоспай, кем қалдырмай, мүмкін қадары өз нұсқасын беруге тырысқанымыз — тарихи, әдіс жағынан дұрыс болумен бірге Пушкин үлгісінің біздің әдебиетке үлкен әсері тиетіндігі көзге көрінді. Аз сөзбен көп мағына беретін ұмытылмас образ, өткір өлеңдерімен бар халықтың жазушыларынан жоғары жатқан асқар шебердің үлгісі — бізге үлкен ұстаз Пушкиннің мастерлігінде қазақ жазушыларына сабақ көп.
Тегінде, Пушкин сияқты «қазақ емес жазушылар өз үлгісімен алғанда қазаққа жат болады» деген пікір біздің өскелең әдебиетімізге пайдалы пікір емес. Бұл пікірді біреу жетпей айтса, біреу бізге жаулықпен айтады. Абай өзінің ар жағындағы, өз тұсындағы, қазақ әдебиетінен жаңа, соны болып, Пушкиндердің үлгісіне ұштасып жатқандығы даусыз.
Сондықтан бүгінгі қазақ әдебиетіне тек мазмұнымен ғана емес, ақындық шеберлігімен кірген Пушкин өз тұсында орыс әдебиетінде қандай дәуір туғызса, біздің әдебиетімізге де аз әсері тимейді. Пушкин кітабы таралып, оқылып, ел аузына түгел тимей жатқанының өзінде жас әдебиетіміз Пушкин үлгісіне ынталана бастады. Мысал үшін жастардың жазып жүрген өлеңінің бірін келтірелік:
Алматының Киров атындағы 12-мектебінде оқитын бір бала әдебиет газетіне былай жазып отыр:
Шың басында Пушкин бе, кім?
Шақырғандай кел деп мұнда.
Мен де жетем тау басына,
Мен де жырдан сарай соғам.
Ақынның шын данасына
Мәңгі мұра соғар қалам.
Үмітті қаламды Алмабек Пушкинге арнаған бұл өлеңінде «Евгений Онегиннің» аудармасына жақсы еліктеп отыр. Мұнда ол тек қана өлең өлшеуін, ұйқастарын ғана алып қоймаған, лириканың төсегін, образ, теңеулерін де Пушкин мәнеріне салған: «ойдың өрті», «жыр бұлағы», «...жетелеу», «мәңгі мұра» дегендер Пушкинге өте ұқсас. Сонымен бірге Алмабектің еліктеген өлеңі қосақ арасындағы бос жүретін болжыр сөздерден таза, көркем, түсінікті. Міне, бұл — әдебиетімізде қуанарлық нысана. Бұл бізде данышпан ақынның әдебиетімізге қалай ұстаз болатындығын көрсете бастағаны.
Міне, осы жоғары айтылғандар — қазақ әдебиетіне Пушкиннің аудармасының берген нәтижелері. Қазақ халқының Пушкин шығармаларына мұндай ынталануына себеп болған бір жағы біздің аудармамыз болса, екінші оларды басып жұртқа таратып отырған біздің баспа сөзіміз.
Қалайда Пушкин юбилейімен байланыстыра біз Қазақстан жазушылары, көркем әдебиет баспасы, баспасөз үлкен, тарихи, мәдени жұмыс істедік. Бұл жұмыс үстінде орыс халқының ұлы ақыны Пушкинді қазақ халқы қандай сүйетіндігі, оның ұлы мұрасын қалай бағалайтындығы көзге көрінді. Әрине, мұндай жемісті жұмысты біз Кеңес дәуіріндегі өсіп отырған ұлт мәдениетіміздің сергек, өскелең жолында істедік. Пушкинді қазақшаға аударумен біз қазақ әдебиетін өсу жолының бір биік басқышына көтердік.
Бірақ осы жұмыстың артынан талай міндеттер туады. Пушкин аудармасының тәжірибесінен бір белгілі қорытынды жасауымыз керек. Аударылған нәрселерді жақсы талдап, жұртшылыққа жайып, Пушкинді біздің ел ішіне әбден сіңіру керек. Аудармалардың кемшілігін көрсетіп, қатасын ашып, зерттеп, алдағы ісімізге сабақ етуіміз керек. Әсіресе қазақ жазушылары Пушкинді оқуды, оның шеберлік, ақындық үлгісінен үйренуді, өз жазуына ұстаз қылуды тездету керек. Енді аз жылдың ішінде біздің әдебиетте Толстой, Шекспир, Фирдоуси, Гете, Гейнелермен қатар адамзаттың әдебиет қазынасындағы атақты «Илиада», «Одиссея», «Энеида», «Нибелунгі», «Конан жыры», «Манас», «Калевала» сияқтылар, қазақ халқының қолына тиетін болсын. Мұны істеуге күшіміздің жететіндігін Пушкин тәжірибесі көрсетті.
Бірақ Мирзоян жолдастың ұдайы бізге ескертетін екі сөзі бар: бірі — бізде мастану болмасын. Іс, оқу, үйрену, ілгеріге талаптану, мәдениетті болу — жазушының есінен шықпасын. Екінші — біздің табысымыздың өлшеуі артымызда емес, алдымызда. Біз қай жұмысымызды болса да алдыңғы республикалардың үлгісін өлшеу етуіміз керек. Қазақ әдебиетінің өлшеуі — алдыңғы елдің әдебиеті. Міне, Мирзоян жолдастың осы айтқанын біздің есімізден ешқашан шығармағанда, жақсы жұмыс істейміз.
1937 жыл.