Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 14 сағат бұрын)
Қаһарлы күндер

Роман

Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі.

Қасым.

БІРІНШІ ТАРАУ

1

Ұзыннан-ұзақ қызыл вагон тіркеген эшелон қозғала берді. Шығарып салуға жиылған қалың топ жапырылып поезға ере жүгіріп, манадан бері айтып тауыса алмаған сәлем сөздерін айқайлап, қол бұлғайды. Қызыл вагонның кең есігінен көлденең тіреген тақтайға сүйеніп, біріне-бірі асылып, үймелесіп тұрған солдаттар да қол бұлғап, айқайлап барады. Жамыраған қалың шудың арасынан жылаған ащы дауыстар да естіледі. «Енді ажыраңдар, бәріңнің атыңнан мен қош айтам» дегендей паровоз шұбалта созып, ұзақ шырқап айқайлады да, жауынгерлерді жақындарының ыстық құшағынан суырып әкете берді. Осы бір ащы айқай манадан бері қол ұстасып, құшақтасып, сүйісіп, екі-үш айдан кейін қайта жалғасқан екі жақтың арасын қақ бөліп, терең бір сызық тартып өтті. Енді олардың бірі алысқа аттанған, қауіп-қатердің адамдары да, екіншілері солардың тілегін тілейтін, артта қалған ел-жұрты.

Есік алдында, вагонның биік кішкене терезелерінде жауынгер бастары сығылысып тұр. Сары будка жылт етіп кейін қалды. Енді станцияның ең шетіндегі терең жыралардың кемерін өрлей, кішкене төбешіктерге өрмелей тырмысқан кіп-кішкене ақ үйлер шыға келді. Сыртта жүрген жалғыз-жарым әйелдер, балалар аңқиып тұра қалып поезға қол бұлғайды. Одан әрі көк торғын биік ағаштың арасына бұғып бой көрсетпей, шашырай кең жайылған жатаған, аласа қала жатыр. Сол қала ақырын алыстаған сайын әркімге, тіпті бұрын онда тұрмаған адамдарға да ыстық тартып барады.

Взвод командирі Ержанға жауынгерлері ығысып есік алдындағы ең бір таңдаулы орынды беріп еді. Енді оны да қысып тастады. Біреудің шынтағы бүйірін тесіп барады, еңгезердей ұзын біреу, Добрушкин болар иығына асылған. Сонда да ол ешнәрсені сезер емес, артта қалып бара жатқан қалаға, одан әрі Алатауға қарайды. Жиырмадан жаңа ғана асқан жігіттің бойын билеген алғашқы рет алыс, үлкен сапарға аттанардағы салтанатты, қызу сезімнің орнын қоштасардағы қимастық басты. Жаңа поезд қозғалар кезде де барлық көз тек өзіңе ғана қадалып, жұрттың бәрі жауға аттанып бара жатқан жас батырға қошеметтей, сүйсіне қарап тұрғандай көрініп еді. Сондықтан да көптің өзіңе түсерліктей ыңғайлы жерде тұрып өзің көтеріңкі, байсалды ұстаған. Енді қазір командирді сыйлауды ұмытып, артылып алған солдатты да сезер емес.

Алатаудың қарағай орманды көп жықпылдарында ұйып тұрған көкшіл мұнар сұйылып, күлгін тарта бастады. Кешкі күннің қиғаш сәулесі тау жоталарын қызғылт-сарғыш ерекше бір нәзік нұрға малған. Асқар шыңдардағы аппақ қардың да реңі жұқарып, өңіне тепсінгендей сәл ғана қызғылт тартқан. Оңтүстіктің осы бір нәзік шырайы Ержанның көңілін жұмсартты. Ол соңғы екі-үш айдың ішіндегі сонау сұлу табиғаттың қойнында ащы терге малынған ауыр азабын ұмытты. Енді аса жылы рақат мекені, анадай ыстық сағыныш мекені жаудырап артта қалып барады. Әнекей бәрі таныс. Анау үшкір сүйір асқардың бауырында өрмелеген әне бір жалаңаш төбеге Ержан шығып та көрген. О да едәуір биік еді. Оңға таман көк орманы тау қойнауына сыналай кіріп Ақсай жатыр. Сол маңда бұлар талай окоп қазып, талай таңды көзімен атырған.

— Бұрылдайды қара! — деп дауыстады біреу Ержанның ту сыртынан. Жұрттың бәрінің көзі таудан бергі жазық даланың ортасында жалғыз тұрған үлкен, биік, қоңыр төбеге түсті. Әрқайсысы ескі танысын көргендей өңі жылып, жымия қарады.

— Нақ өзі ғой.

— Тұр екен ғой сабазың!

— Тұрмағанда қайда кетуші еді!

— Майданға ала кетейін дегенім де.

Осы төбенің бауырынан солдаттар талай окоп қазған-ды. Штурм жасап оның басына шығатын. Биік төбе жеткізбей жұртты әбден титықтататын. Анау баурайында талай ащы тер сығылған. Енді ренжіссе қиыспайтын ағайындай соның өзі жылы ұшырады.

Солдаттар кейде жамырай, жарыса сөйлеп кетеді де, оқыс басылады. Көздері мөлдіреп қалып бара жатқан көрініске үнсіз қарайды. Бұл ішкі ыстық толқынның белгісі.

Аздан кейін есік алдында сығылысқан жауынгерлер тағы да сөйлесіп кетті:

— Қала көрінбей қалды.

— Енді қайтып көреміз бе, жоқ па? — Біреу ауыр күрсініп те қойды.

Ержан бұл сөзді ұнатпай қалды. Командир есебінде кейіп тастауға тиіс еді. Бірақ өзінің көңілінің алыс түкпірінде осы бір күдік жатыр екен. Тек оң жағына бұрылып осы сөзді айтқан Бондаренко деген егде жауынгерге жақтырмай түйіле қарады. Бұл ылғи кішкене көзінің құйрығында украиндық бір қуақы ұшқын жылтылдап, езуінде күлкі тепсініп, кісіге сәл қағыта қарайтын адам еді. Командир кейігенде де осы қалпынан кәп аумайтын. Қазіргі ажары басқаша екен. Қара торы өңі жұқарып, сәл қызғылт тартып, Ержанға байсалды қарады.

— Түсінем, жолдас лейтенант. Жәй, сөз реті келгенсін айтқаным ғой.

— Біздің Ваня ағай, үйден шықпай жатып-ақ иманын айта бастады ма, батырың, — деді Ержанның дәл құлақ түбінен дауыстап Добрушкин дейтін сержант.

— Жә, менің өлем деген ойымда жоқ, — деп қарсыласты Бондаренко. — Бірақ отын кесуге бара жатқан жоқпыз. Қайтсең де туған жерді қия алмайды екенсің. — Ол сәл іркілді де сөзінің аяғын Добрушкинге апарып тигізді. — Әрине тұрақты, байсалды адамдарға дегенім ғой. Болмаса көшпелі шегірткеге бәрібір шығар.

— Жә, уайымдама, — деді Добрушкин. — Қатынының етегінен айрылып көрмегендер жер көріп, көзі ашылып қайтатын болды.

Кейбіреулер күліп жіберді. Бірақ олар да тыйылып, әркім өзінің көңіл түкпіріндегі ойға берілді. Кісі өз өмірінің аса бір қысылшаң кезеңінде қайдағы бір болмашы, жеңіл-желпі нәрселерді сөз етеді; ең негізгі, түпкі сыры тіл ұшында ілініп көңіл тереңіндегі ішкі арнамен аға береді. Қазірде әрқайсысы туған жермен өзінше қоштасып, өз өмірлеріндегі ең ауыр сапарға бара жатқанда барынша толғанса да көбіне ұсақ-түйекті сөз етіп, әзілдесіп келеді.

— Күліп-ойнап аттандық, күліп-ойнап қауыштырғын, — деп түйді жұрт сөзінің аяғын Қартбай дейтін тікірейген сирек мұртты, кең жауырынды, мығым денелі жауынгер.

Солдаттар қосылып ән салды. Қарлыққан қатыңқы дауыстардың басы әрең қосылса да ешкім елер емес. Бәрін бір үлкен сезім, ерекше көңіл күйі тұтастырып, әркім іште жатқанын тербейді.

Есік алдында ұзақ тұрғаннан кейін жұрт орындарына тарады. Арқа қапшықтарының аузын шешіп үй-іші, жақын-жарандары әкелген сәлемдемелерге кірісті. Ержан жалғыз өзі есік алдында тұрып қалды. Әлі қалмай поезбен жарысып келе жатқан асқар тау жоталарына қарайды. Қасына Кәкібай дейтін жауынгер келді. Оның бұрынғы мамандығы тракторист. Өзінің тұлғасы да қапсағай, ірі келген. Бірақ өңінде бір өткір, нәзік сипат бар. Үлкен жалпақ бетті болғанымен өңі жұқа, лезде қуарып, не қан тепсініп шыға келеді. Өзі әдемі қоңыр дауысты әнші.

— Анау Талғардың шоқысын көріп тұрсыз ба? — деді Кәкібай қолымен нұсқап.

— Тамаша емес пе!

— Аһа.

— Мен өзім Талғар МТС-нда істедім ғой... Осылардың ең биігі Талғар шоқысы. Әне бір сүйір тау, біз қалада жүргенде Талғардың бер жағында тұра қалып «мен биікпін» деуші еді, көрдіңіз бе, енді алыстаған сайын Талғардың шоқысының асып бара жатқанын.

Ержан Талғарға енді ғана көз салды . Аспанға қарай шошаң еткен сүйір шоқының ар жағынан Талғардың қомақты үш өркеші ақырын ғана ауыр көтеріліп, биіктеп барады екен. Анау шоқы аяғының ұшынан басып, аспанға қарай мойын созғанда, Талғар бар ауыр тұлғасымен тұтас көтерілген сияқты. Ержан мырс етіп күліп жіберді.

— Ай, рас екен!

Кәкібай ой толқынына беріліп, аз мүдірді де, әр сөз көмейінен сызаттап әрең шыққандай ақырын сөйлеп кетті.

— Өмірде де сондай болады екен. Осыны көргенде есіме түсті.

— Иә қандай болады екен? — деді Ержан іркіліп қалған Кәкібайға.

— Осындай кезде кісінің өткен-кеткені еске түседі екен, — Кәкібайдың дауысындағы дірілден, үзіліп шыққан ыстық демінен Ержан оның жүзіне тура қарауға дәт бармай, бұрылмай алға қарап тұрып тыңдады. — Мен бал кезімде жетімдіктің зарын біраз тарттым. Сіз жетім болып көрмеген шығарсыз. Ең жаманы аштық-жалаңаштық емес. Оған төзе бересің. Нағыз ауыр тиетіні өзге балалардан кем болғаның. Бала көңілі намысшыл болады екен. Детдомға кіргесін ғана ел қатарына қосылдым. Бірақ, жасым ересектеу болды да, алтыншы кластан оқуды тастап тракторист болдым. Осыдан кейін менің хәлім тіпті өзгеріп кетті. Басында жұмысты тәуір істесем керек — мені бірден көтеріп әкетті. Таптық жағым да мықты болатын. Детдомовец. Кедей-батырақ. Қу жетім. Екпінді болдым. Paйкомолдың бюро мүшесі болдым. Трактористердің бригадирі болдым. Алдыңғы жылы ауылшаруашылық көрмесіне Мәскеуге де барып қайттым. Қысқасы, ауданда трактордың құлағын ұстағандардан менен артығы болған жоқ. Тілге шорқақтау едім, сөз сөйлеуге де үйретіп алды. Жиналыс болса президиум дегенің менің орным. Кейде кешігіп қалсам да, столдың басына қарай аяңдай беретін болдым. Құдай бергенге құлай береді екен.

— Егер жұмысты жақсы істеп, абыройлы болсаң несі жаман? — деді Ержан Кәкібайдың түпкі ойына түсін алмай.

— Әрине ол жаман емес қой. «Ой, тәйір-ай облысыңның өзінде менен асқан адам жоқ екен ғой» деп жүргенімде, осы өткен жылы көзім ашылды. — Кәкібай ыңғайсызданып мырс етті. — Көктем егісін мерзімінен екі күн кеш орындадым. Кейбір бригадалардың менен озып кеткенін естіп те жүрдім. Арландым да, ұялдым да. Бірақ қайтейін мықтап тұрып сөгіс естуге ауданға келсем... Озаттардың ішінде болып шықтым. Ойланып-ойланып, бір жаңсақтық кеткен шығар деп бастығымызға барып шынымды айттым. Кейиді екен десем... «Бір жыл ешнәрсе етпес, үйренген орныңда жүре бер» деп қарап тұр маған. «Тәйір-ау, ұят емес пе?» дедім. «Сен ауданның бетке ұстар адамының бірісің. Сені жаманатқа қалдыруға болмайды. Біле білсең бұл саясат» деді маған.

— Иә, содан, — деді ынтыға тыңдап тұрған Ержан.

— Үндемедім. Үйренген орнымда жүре бердім. Бірақ баяғы көңілім болмады. Енді жан-жақтағының бәрін көретін болдым. Соқыр көргенінен жазбас дегендей, соқыр басшылар мені қауқитып бетке ұстап жүргенде, ақырын жүріп, мығым басқан талайлар менен озып кетіпті. Соны білдім, — Кәкібай аз уақыт үндемей саусағымен тақтайды шертіп тұрды. — Содан бері қайратымды мүжіп, ішқұса қылған бір сыр еді. Бүгін аузымнан шығып тұр. Марияшқа да айтқан жоқ едім.

Ымырт үйіріліп қалды. Вагон ішінен әр жерден май шам жағылды. Ержан мен Кәкібай бір-бірінің жүздерін енді анық көре алмады. Екеуі де кешкі самалға кеуделерін тосып, қараңғыға сүңгіп бара жатқандай далаға, алыста әр жерден көрінген шоғыр-шоғыр оттарға, тау силуэтіне қарайды. Кәкібай Ержан үндемегесін бір түрлі ыңғайсызданып «я-а» деп күрсінді де өз орнына кетті.

Ержан Кәкібай әңгімесін шын ықыласымен тыңдады. Оның жағдайын, ұрлық қылғандай қуысты халін түсінді. Бірақ өз басында ондай ешнәрсе болып көрген жоқ еді. Өмірінде оны қатты ойландыратын нәрсе әзір кездескен жоқ және ондайдың боларын бұл әлі білмейді. Оның алды ашық, болашағы айқын.

Ержан өмірі деген немене? Анкет толтырғанда өмірбаяны жарты бетке жетпей қалады. «он жылдық мектеп бітірдім, әскерге алындым. Училище бітірдім. Осы дивизияға қызметке келдім». Сирегірек жазып созғанда, әкесінің тегі мен кәсібін қосқанда жарты бетке әрең жетеді. Қалған көп беттерді толтыратын өмір алда жатыр. Оның ойы көбіне солай қарай жүгіреді. Оны да біраз жерге дейін өлшеп, біліп қойған түрі бар. Бұл училищені отлично бітірген. Қазіргі абыройы жаман емес. Ертең соғысқа кіргесін рота командирі болып кетсе. Содан кейін бес-алты айда батальон командирі болмайтын несі бар? Оның ар жағында полк та қашық емес. Ерекше бір артылып көзге түссе... дивизия... Мүмкін тіпті армия. Бірақ соңғысы биіктеу. Дегенмен... Ержанның бір жерден оқығаны бар. Аркадий Гайдар он алты жасында полк командирі болған. Атақты Щорс жиырма төртінде қаза тапты. Сонда 22-23 жасында үлкен әскерді басқарған ғой.

Ержан осылай ойлайтын. Бірақ бұл ойдың өзінен бұрын да талай жас командирлерді еліктіргенін және кейін де еліктіре берерін білмейтін. Ержан әлі соғысты жанды түрде көз алдына толық елестене алған емес. Дұрысырақ айтқанда оның бар ауыртпалығын, қауіп-қатерін байыптай алмаған-ды. Өлем деген ой оны қорқытқан жоқ. Соғыстың қиын нәрсе екенін сезеді, бірақ сол қиындықтың өзі мұны еліктіретін. Тек бүгін аттанар кезде ғана бір әйелдің ышқына жылаған ащы дауысын естігенде соғыстың ызғарлы лебі денесін мұздатып, шарпып өтті.

Жаңағы Кәкібай сөзі тағы да есіне түсті. «Оның жолынан менің жолым бөлек. Егер мен жоғарылай қалсам да адал жолмен көтерілем ғой. Бірақ оның да өз басы арамдық істемеген ғой. Сонша неге қиналады?» деп ойлады Ержан. «Марияшқа да айтқан жоқ едім...» Марияш Ержанның есінде. Бір-екі рет Кәкібайға жолығуға келген. Әдеміше келген, дөңгелек жүзді қара келіншек. Бір рет солдаттар қалжыңдағанда қып-қызыл болып теріс айналып кетті. Өзінде нағыз қазақылық бір ұялшақтық бар. Бүгін... Ержан өтіп бара жатып, жылаған әйел даусын естіді. Еріксіз жалт бұрылып Кәкібайдың құшағында тұрған Марияшты көрді. Бетін күйеуінің кеудесіне басып, тыйыла алмай өксіп-өксіп жылап тұр екен. Кәкібай қысылып қалып, бірақ өзінің де даусы бұзылып: «Қой, Марияш. Қойшы тәйірі. Жұрттан ұят» деп әйелін қалқалай, теріс айнала берді. «Марияшқа да айтпаған...» Ержан Кәкібайдың сырын енді түсіне бастағандай болды. Бірақ Кәкібай жайын ойлаған сайын, неге екені белгісіз, тынышы кетіп өзінен өзі қуыстана берді. Бүгінгі қатерлі сапарға аттанардағы көтеріңкі, салтанатты көңіл күйі будай тарқап барады.

Поезд разъезге келіп тоқтады. Добрушкин Ержанның қолтық астынан сып етіп жерге секіріп түсті.

— Қайда барасың? Поездың қанша тұрары белгісіз, — деп айқайлады Ержан.

Әлдеқайда тым асығып бара жатқан Добрушкин оның сөзіне құлақ асуға мұршасы болмай, «қазір келем» деп дауыстады да, жүгіре жөнелді. Сөзін тыңдата алмағанына ашуланып қалған Ержан екінші рет дауыстағанша, ол ұзап кетті. Сирек фонарьдың қара көлеңке сәулесінде қалбаңдап жүгіріп бара жатқан Добрушкиннің сиқына қарап, ызаланып бармақ шайнағаннан басқа амал қалмады.

Поезд қозғала бергенде Добрушкин ентігіп әрең жетті. Зығырданы қайнап тұрған Ержан оған тарпа бас салды.

— Неге рұқсатсыз кетесің?! Саған поездан түсуге кім рұқсат етті!? Айтшы кәні!

Добрушкин тартылып тік тұрса да, Ержанның бұл сөзіне онша қысыла қойған жоқ. Түріне қарағанда оны мазалаған басқа бір нәрсе бар сияқты.

— Жолдас лейтенант, — деді ол, «мені қойсайшы, қайтесің» деген пішінмен. — Шөжебаев жоқ. Барлық вагоннан іздеп таппадым.

— Не дейсің?!

Ержанның төбесінен мұздай су құйып жібергендей болды. Енді байқады: манадан бері жауынгерлерін түгендеуді ұмытып кетіпті. Поезға мінерде де өз қиялымен әлек болып олармен онша ісі болмапты. Енді қайтпек?! Бірақ әр отарбаның командирі өз қарауындағы жауынгер үшін жауап беруі керек қой. Барлық пәле Добрушкинде. Егер сол сақ болғанда... Ержан аз уақыт булығып тұрды да, Добрушкинге қайтадан тиісті.

— Не бітірдің!? Айналдырған он адамға ие бола алмай, соншама не тындырдың!? Неге манадан бері баяндамадың!?

— Мен ертерек-ақ білдім-ау, бірақ басқа бір вагонға іліккен шығар деп мазаламап едім.

Ержан сержантқа кейи берді. Добрушкин ренішті бір оймен әлек болып тұр. Бірақ Ержанның сөзінен мұқалған түрі жоқ. Ержан Добрушкинді бұрыннан да жақтырмайтын. Әрине, командир болғасын әмірін орындатады, әйтсе де өз дегеніне ие алмай-ақ қойды. Анау ырық бермейді. «Құп, жолдас лейтенант» дегенінде де ықылас жоқ, «мейлі әйтеуір» деген сияқты. Ержанды да ыза қылатыны осынысы. Қазір де «болар іс болды, мен қайтейін, бірақ түбі салмақ өзіңе түседі ғой» дегенді көзі айтып тұр.

— Мен сені сотқа беремін! — деп айқайлайды Ержан.

— Несі бар. Берсеңіз беріңіз.

Ержан өзінің асырып алғанын білді де, булығып үндемей теріс айналып кетті. Тағы да Добрушкин жеңіп шықты. Бірақ оны ойлайтын шама қайда. Енді ол бұл іске өзі жауап беретінін, үлкен айыпты болғанын сезді. Өкініш қанға тараған удай тұла бойын жайлап барады. Енді қайтпек! Шөжебаев Көжек дейтін қырыққа жуықтаған егде қазақ болатын. Өзінің жөнді сауаты да жоқ, бұрын шопан болған. Әскери оқу да оған зор қиындықпен қонушы еді. Оның қандай себеппен қалып қойғанын сайтан білсін. Әйтсе де өзі адал адам сияқты еді, былай көзге қораш, момын ғана... Бірақ жуастан жуан шығады деп, оның ішінде не барын сайтан біле ма?! «Ол қалай қалып қойды? Мен неғып байқамадым?» — —

— Мана, Балқиясы келіп сүйреп әкетіп еді, — деді Қартбай, — Ғашығын қия алмай тұрғанда қалып қойған ғой.

Ержанның ойына жаңа түсті. Көжек Кәкібайдың қасына барып, көзінде жас мөлтілдеп: «Келін қарағым, қой, жылама. Азаматтың саулығын тіле» деп, жұбаныш айтып тұрған-ды. Сол кезде, тура Көжектің әкесіндей, жалпақ бет, еңгезердей қара қатын жүгіріп келген. «Әкем-ау, мұнда екен ғой» деп Көжекке ұмтылған. «Балқияшпысың! Ойпырмай, жеттің бе» деп Көжек әйелінің иығынан сипап, қолынан ұстап, одан әрі өз сезімін қалай жеткізерін білмей бір әбігерге түскен. Көзінен жасы да тамып кеткен. Әйелі: «Ибай-ау, алдымен ана қайнағаға сәлем берсейші» деген-ді. «Қайнағасы» жалпақ тымақ киген, шоқша сақалды біреу екен. Ержан одан әрі қайрылмай кетіп қалып еді. Сол екі ортада қара қатын байын сүйреп әкеткен ғой.

Бірақ одан келер жеңілдік жоқ. Ержан даланы жапқан қараңғы түндей түнеріп, есіктің алдында тұр. Вагон ішіндегі дауыстар да су сепкендей басылып қалды. Жаңа ғана жайнап тұрған дүние, әсем түн — бар көркінен айрылып түсі суып барады. Анау алыста бір шоғыр от жылтырайды. Ол жерде өздерінің жылы үйлерінде майданға кетіп бара жатқан Ержанмен ісі жоқ, бұл танымайтын адамдар тұрады.

2

Тұрқы қысқа шағын вагонның ішінде кісі көп емес. Ортадағы жәшіктен қаланып, үстіне тақтай төселіп жасалған столды біреудің епті қолы сұр плащ-палаткамен қымтап жауып, оның үстіне қатырма көк қағаздар төсеген. Сырт қарағанда шын столдан айырмасы жоқ. Төменде жалғыз қабат төселген сәкі, басқа жасталмай, қабырғада ілулі тұрған қынама бел шинельдер, фуражкалар, мойынға асатын былғары сумкалар, іргеде тұрған рациялар, стол үстіне қатарынан жанған үш шырақ, жалпы вагон ішіндегі кеңістік — мұнда командирлер келе жатқанын аңғартады. Стол басында үш адам тамақ ішіп отыр. Олардың тамақтан гөрі сөзге ықыласы басымдылығына қарағанда ұзағырақ отырып қалған сияқты. Стол үстіндегі азайып қалған тағам мен мойны сорайып босап қалған бутылка да осыны айтады.

Енді тұрып кетуге ыңғайланғандай жәшіктің шетінде сергек отырған ірі, қағілез тұлғалы, кең жауырынды, қара торы капитан Арыстанов Мұрат — батальон командирі. Үлкен қара көзін кең ашып қасындағы кісіге маңдайының астынан сүзе қарайды. Бұл оның қарсы дау айтқысы келгендегі әдеті болатын. Оған жалғас, ортадағы әдемі жұқа өнді, әсем майысып толқынданған жұмсақ, қоңыр шашты майор Купцианов — полктың штаб бастығы. Оның бір қолын столдың үстіне бос тастай беріп, денесін сәл босаң ұстап, орындықтың арқалығына бір иығын тірей еркін отырысы, езуіне болмашы ғана кекесін күлкі ойнап, иегін көтеріп кісіге көзінің астымен қарауы — бойына сіңіп қалған нәзік тәрбиені танытады. Оның мақпалдай жұмсақ қоңыр даусын естігенде, биязы қимылын, үстіндегі әшекейсіз әскери киімінің денесіне қонымды ерекше бір жарастығын көргенде, тұла бойынан еміс қана жақсы әтірдің иісін сезгенде, өзіңе өзің тәрбиесіз, дөрекі көріне бастайсың. Столдың ана шетінде Мұратқа қарсы қарап, кішкене көзі моншақтай жылтыраған, денесі енді толыса бастаған, атжақты қара сұр аға лейтенант отыр. Бұл Купциановтың алтыншы көмекшісі, әскери тілмен айтқанда «ПНШ-6» — Уәли Молдабаев.

Майданға, қатерлі сапарға аттанардағы әркімге әртүрлі әсер етсе де жұрттың бәрін бірдей толқытатын сезім бұларды да биледі. Штаб бастығының аттанар алдындағы жұмысы онша көп болмады. Ол аға командир есебінде төменгі бастықтарға тиісті қамқорлық әмірін жасады да, өзі ұсақ-түйекке араласпай, сыртан бақылады. Ресми шығарып салуға келген жергілікті үкімет адамдарының қасында болды. Купциановтың үй-іші бұл жерде емес-ті, өзін арнап шығарып салған жақындары болмады. Сондықтан ба, жұрттың ажырасардағы көз жасы онша тебіренте қоймады, қайта салтанатты сәттің шырқын бұзғандай — ашуына тиді. Ол байсалды, түнеріңкі жүзбен эшелон бойын ақырын аралап, кей жерде қолымен ымдап командирлердің бірін шақырып алып, әмір етіп, көзіне ілінген тәртіпсіздікке тыйым салып жүрді. Әрине, осы бір кездің тым жауапты сағат екенін, өз өміріндегі үлкен белес екенін Купцианов жақсы түсінді. Сондықтан да жұрт алдында өзін жүктелген үлкен жауапкершілікке лайық ұстауға тырмысты.

Уәлиді Купцианов өзіне жақын ұстайтын. Оған себеп болған бір жағынан Молдабаевтың жоғарғы мектепте сабақ берген білімпаздығы болса, — Купцианов оқыған адамдарды ұнататын, оның үстіне екеуінің мінезі де үйлесті. Ол Уәлиге әмір етудің орнына өтініш айтып, өзімен қатар ұстайтын. Реті келсе қасынан да қалдырмайтын. Уәлиді шығарып салуға әйелімен еріп бұрынғы қызметтес жолдастары да келген екен. Олардың бәрі ең бір қимас, жақсы адамын аттандырғандай Уәлиге ерекше құрмет, ықылас көрсетті.

Бәрі бірдей жамырай сөйлеп «аман барып, сау қайт! Абыройлы бол! Бізді ұмытпа, хат жазып тұр» деп жалпақтап жатыр. Ең аяғы институтта жүргенде өзімен оты өрелі жанбайтын, аласа бойлы, тығыршықтай, көзілдірікті Сәлімгереев те, өңі бұзылып: «Біздің тілегіміз сенде» деп, мойнын созып Уәлидің бетінен сүйді. Уәли өз қадірін сонда білді. Қанша айтқанмен жұрт қимайды екен. Осы келген топ бір төбе де, өзі бір төбе сияқты. Осы сезімнің өзі оның көңілін едәуір марқайтып тастап еді. Бірақ нақ жүрер кезде оны басқаша бір сезім биледі. Аналардың бәрі жылы орындарында алаңсыз қалып барады...

Қандай ойдан болмасын адамды алаң ететін жұмыс қой. Мұраттың кешеден бері тізе бүгуге мұршасы болмады. Әскер тұрмысы қандай жинақы болғанмен біраз орын теуіп қалған жерден көтерілу — ауыл көшкенмен бірдей болды. Не нәрсені алу керек, нені тастау керек? Алынатын әскери жабдықты батальон орнынан үдере қозғалғанда қиналмай, шашау шығармай көтеріп кете алатындай етіп сиыстыру керек. Соңыра вагоннан түскенде де іліп алып жүре беретін болуға тиіс. Эшелонға тиелудің өзі де оп-оңай шаруа емес. Мұрат қарауындағы рота, взвод командирлеріне әмір етіп, жұртты жұмсап, бәрін өз көзімен тексеріп, жұмысқа елігіп жүргенде қоштасатын сағаттың келіп қалғанын сезбей қалған. Ол батальон сапқа тұрып, Бірінші Алматы станциясына кетіп бара жатқанда үйіне соғып, әйелімен, баласымен қоштасып шықты. Содан кейін-ақ мойын бұруға мұршасы болмады. Тек поезд қозғала бергенде, қол бұлғаған қалың жұртқа қарап, әйелі мен баласын вокзалға әкеле алмағанына өкінді. Онысы орынсыз қаталдық сияқты көрінді. Алыста, көк орманның ішінде жатқан қаладан көз алмай, өз үйін көңілмен тұспалдап қарай берді.

Мұрат қаһарлы кезеңнің келіп қалғанын түсініп еді. Біздің армия шегініп барады. Соғыс хабарында жау басып алған қалалардың аты сирек аталса да — олар аралары алшақ ірі қалалар болатын. Планшеткасындағы СССР-дың Европалық бөлімінің картасына ол салған қара дөңгелек көбейіп, кейін жылжып келеді. Азғана уақытта жау үлкен елді еңсеріп кіріп кетті. Әзіргі қарқыны шошытарлық. Шекарада қызмет еткендегі екі-үш елеулі оқиға болмаса Мұрат әлі соғысып көрген емес. Әскери тактиканы жақсы білсе де нағыз шын соғыс болатынын сезеді. Әсіресе жау жүрекке тақап қалғанда өлімге қарауға болмайды. Осыны біліп өз өзіне де, өзгелерге де қатал болды. Майданға тез жөнелтуді күтіп асығып әсерін шыңдай берді. «Неге бізді жолда ұзақ ұстайды!» — деп те ойлайды. Бірақ аттанар күн келгенде, әлі де әскерін дайындап үлгіре алмағанын сезді. Не де болса ендігісін бара бермек. Анау алыстап бара жатқан қалада мұның ең жақын адамдары, нағыз бір жақсы қызық дәурені, жанының жартысы қалып береді. Олар алыстаған сайын қадірі артып, қимастығын қоздыра түседі. Мұрат өзінің осалдығын осы арада сезді. Әбден жасып кетпей тұрып, соның бәрін үзіп тастау керек. Ол өзін-өзі зорлап есік алдынан әрең шегінді.

Мұраттың ординареці Маштай тілін тістеп сөйлейтін қайраң көз қара жігіт, вагонның ішін тап-тұйнақтай етіп жинап, ас дайындап қойған екен.

— Жолдас капитан, тамақ ісіңіз. Таң атқалы түк іскен жоқсыз ғой, — деді поезд ұзай бергенде.

Мұраттың асқа ықыласы болмады. Осы кезде Купцианов араласты.

— Капитан, солдаттың сөзі дұрыс болар. Кәне, столға отыралық, — деді ол.

— Келіңдер! Кетер аяғымыз болсын, — деп Уәли жарты литр шығарды.

Аттанарда көңілі қозып, іштей ширатылған жұрт Уәлидің сөзін дабырласа мақұлдады. Манадан бері неше сағат көңілі толқыған командирлер бір-бірінен ішкі сезімін жасыруға тырысып, сылтау табылғанына қуанып, жайдары болып кетті. Дабырлай сөйлесіп, қатты күліседі. Мұрат та жаңағы бір ойынан серпілгендей болып әзіл айтып көбірек сөйлейді.

Көбіктей бетке ойнап шыға келген шаттық тез басылды. Поезд алғашқы рет тоқтағанда вагондағы аз ғана командирлер тарап, эшелонды аралауға кетті. Енді стол басында үшеу ғана қалды. Бұлар да алғашқы көтеріңкі, реңді сөзден ұзақ жолдың жәй әңгімесіне ауысты.

Купцианов екі-үш ай ғана қызметтес болғанмен, Мұратты онша жақсы білмейді. ОЛ алғашқыда батарея командирі болатын. ОЛ кезде Купциановпен онша көп ұшыраса бермейтін. Одан кейін жоғарылап, артиллериядан пехотаға ауысып, батальон командирі болғалы бір ай шамасы. Қызмет бабында тікелей қатынасы болғанмен, былай араласып, сөйлесіп көрген емес-ті. Купцианов Мұраттың іскер командир екенін сезеді. Ол қолға алғалы батальон едәуір ширап қалды. Бірақ оны тік мінез дөрекілеу көреді. Бір-екі рет сөзге келісіп те қалған. Мұрат туралы және де бір білетіні — оны дивизия командирі генерал Панферов жақсы көреді. Ұзақ жол жақынырақ таныстырады. Купцианов сонда генералдың, яғни өз тілімен айтқандай «шалдың» сүйіктісінің шама-шарқын байқап алады. Қазір де қабағының астынан Мұратты бағып отыр. Бұрын ескермеуші еді, сөйтсе бұл қазақ өзіне бола көрікті екен. Әттең, тек беті жалпақтау, болмаса тік маңдай бітісі пілдің. сүйегінен ойғандай әсем де бір түрлі өткір де қоқыр жүзі, ортасы сәл дөңестеу, жұқа танаулы қыр мұрны, бүкіл қағілез сергек тұлғасы — өзінше бір шығыстық сұлулықтың үлгісіндей. Мінезі қызу, сөйлегенде де қызып кетіп қатты дауыстайды, қолын да орынсыз көп сермейді екен, Кейде үлкен көзі жарқ етіп, кісінің өңменінен ата қарайды; онысы тіпті орынсыз. Сөз тапқырлығы болғанмен, кейде тұрпайылау, тұйық қайырып тастайды. Бірақ, сонда да өзінде ерекше бір тартымдылық бар. «Тек осы.көркіне сай тәрбиесі болар ма еді», — деп ойлады Купцианов. Осылай бақылай отырып, ол жарты сағаттан кейін Мұрат туралы ойын қорыта келіп: «Өзі еті тірі, қатал жігіт сияқты, бірақ мінезі тұрпайылау, шамасы ой-өрісі тар, талабы шағын болар» деп түйді.

Он бес жылға таяу әскери өмірінің денін ірі қалаларда, үлкен командирлердің маңында, штаб қызметінде өткізген Купцианов саптағы командирлерді онша жоғары бағаламайтын. Ескілікті дәстүрі бар, оқыған семьядан шыққан ол ең алдымен кісінің тәрбиесіне ден қоятын. Ал, өне бойы қарапайым солдаттардың арасында жүрген, бұрыннан да көрген өнегесі аз командирлер оның ойынша әбден тұрпайыланып кетпек. Әскер өмірі қатал ғой, бірақ Купцианов үлкен қажыр көрсетіп, осы қатал жағдайда да өзінде барын қызғыштай қорып, тұрпайылау командирлердің қалың тобына сіңіп кетпей, өз тәрбиесін сақтап келеді. Әрине адамға ортаның әсері күшті. Купцианов марксизмнің бұл қағидасын дұрыс деп біледі, сондықтан да ол өзіне ой дүниесін үндес болмаса да, өз дәрежесіне жуық адам іздейді. Әзірге бұл полктан тапқаны Уәли. Ал, өз байқауынша Мұрат алғыр, өскелең командир. Мұраттың басынан да өз керегін іздеп, оны сынап отырғаны осыдан.

— Майданға бара жатырмыз-ау, — деді бір кезде Купцианов, иегін бұра көтеріп Мұратқа қарап, — Бірақ дайындығымыз, аңғарсаңыз, өте аз.

— Иә, аздау болды, — деп қостады Мұрат.

Купцианов Мұрат даусынан бір күрсініс сезгендей болды.

— Менің топшылауымша, қазір қайткенде де жауды тоқтату міндеті қойылып отыр. Аңғарсаңыз Сталиннің июльдегі сөзі де осыны айтады. Аңғарсаңыз, бізді дивизияның бір тесігіне тығын етеді. Ал, сол уақытты пайдаланып шын мәнісіндегі армия дайындауға тиісті.

— Біз немене армия емеспіз бе? — деді төмен қарап столдың шетін бармағымен сызып отырған Мұрат басын көтеріп алып.

— Біз армиямыз ғой, бірақ аңғарсаңыз, армияның да армиясы бар, — деді Купцианов Мұратқа байсалды қарап.

— Мен сізді түсінбей қалдым.

— Түсінбейтін несі бар, — деді Уәли сөзге араласып. — Виниамин Викторович біздің дайындығымыздың кемдігін айтты.

— Сiз сәл сабыр етіңізші Уәли Молдабайш, — деп Купцианов Мұраттың көзіне сыр тарта қарады. — Шынын айтсаң... Бұл арада бөгде адам жоқ екен, — деді ол жан-жағын шолып өтіп... — Аңғарсаңыз мен де түсінем... Егер шынын айтсақ, біздің дивизияның шын мәніндегі әскер бөлімі емес екені сіз бен бізге анық қой. Аңғарсаңыз, біздің сыбағамыз, кейіннен нағыз әскер бөлімдері дайындалғанша жауды тоқтата тұру. Әрине мұны ешкім ашып айтпайды. Оны өзіңіз де түсінесіз ғой.

— Оны мен түсіне алмадым, — деді Мұрат салмақтай сөйлеп, — Дивизияның дайындығының кемдігін кемдігін мен өте жақсы білемін. Батальонды қара терге түсіп тоқпақтасам да шыңдай алмадым. Білемін. Бірақ ендігі қалғанын соғыс шыңдайды, оған шәгім жоқ.

Купцианов Мұратқа «осының тырнағы жоқ па екен» дегендей сақтана қарады.

— Біз әскери адамдармыз ғой, — деді ол Мұратқа көз тастап, содан кейін Уәлиге бұрылып, оған бас изетіп. — Өзімізді өзіміз алдарқатып қайтеміз. Шындықтың жүзі қанша суық болса да тура қарауымыз керек. Әйтеуір талғажау демесе біз шын мәніндегі армия емеспіз.

— Әрине, тәтті өтіріктен, ащы шындық артық, — деп мақұлдады Уәли.

Mұpат алақанына алып салмақтап көргендей Купциановты көзімен шолып өтті. Қорғасын тұлғалы салмақты адам, қалайыдан құйғандай жеңіл тартып кеткендей де көрінді.

— Сіз мені кешіріңіз, — деді Мұрат, бірақ бұл сөзі үкім айтқандай ауыр шықты. — Мен де ащы шындықты айтайын. Қолындағы мылтығының от алмайтыны барын білген адам жекпе-жекке тайсалмай шыға ала ма? Командир де сол сияқты. Мұндай пікірмен соғысқа баруға болмайды.

Даусы қатты шықпаса да Мұрат сызданып, әр сөзін шегелей айтты. Купцианов Мұрат сөзін ауырласа да күшін жинап тіл қатты. Өйткені осыдан кейінгі тұнжырап келе жатқан үнсіздіктің бар салмағы өзіне түсетінін сезді. Соны серпу керек.

— Сіз мені жазаға тарттыңыз ғой. Жаздым, жаңылдым, — деп өлшеп қана салқын күліп алды, — Дегенмен сіз оптимист екенсіз.

— Айқайшылдар тобына қосыла алмаймын. Бірақ оптимист екенім рас. Аз басқарсам да, өз батальоныма сенемін.

Уәли екі бастықтың арасының шиеленісіп бара жатқанын сезіп, аса ыңғайсыз халде отырды. Әрине, екеуі де керіске барыспады. Бірақ мына сөздердің едәуір зілі бар. Көп уақытқа дейін көңілде түйін болып қалатын сөздер. Уәли бұлардың екеуін де қимайды. Купцианов әрі бастығы, әрі досы, тіпті не жасыратыны бар, іш тартатын қамқоры. Ал, Мұрат та көптен таныс жолдас. Көз көрген. Өзі сияқты қазақтың аз да болса оқыған азаматы. Сондықтан да Уәли шын ниетімен осы кірбіңді жуып-шайып жібергісі келді.

— Мұрат, Виниамин Викторович, — деді ол екеуіне кезек қарап. — Үлкен сөзді қоя тұралық. Болашақ деген әділ би бар, дұрысын сол айтар, таласып қайтеміз. Бүгін біз Алматымен қоштасамыз. Кәне, сол Алматының шарабын жұтып жіберелік.

— Станцияға келіп қалыппыз. Мен эшелонды аралап шығайын, — деп Мұрат орнынан тұрды.

Мұрат шығып үлгірмей жатып вагонға Ержан кірді. Уәли жүзінде бір мейірімді күлкі ойнап:

— Ә, халың жақсы ма, Ержан? Жоғары шық, — деді.

Ержан Уәлиге мұңайып бас изеді, тез бойын жиып алып:

— Баяндауға рұқсат етіңіз, жолдас капитан, — деді Мұратқа.

Мұрат Ержанның түрінен бір жаманатты сезе қойды.

— Ал, баянда.

— Жауынгер Шөжебаев эшелоннан қалып қойды.

— Қашан?

— Аттанар жерде.

Енді Купцианов пен Уәли ренжи таңданысып қалды.

— Қап!

— Вот это новость!

Мұрат аз уақыт үндемей, Ержанға қабағының астынан қарап тұрып қалды. Бұл хабар оның маңдайынан таяқпен салып қалғандай тиді. Мұндай шатақ болады деген есінде де жоқ еді. Бәрін өз қолымен қадағалап-ақ мінгізген сияқты еді. Енді, мінекей аяқ астынан абыройы айрандай төгілді. Сәлден кейін суық көзбен Ержанды бастан-аяқ шолып өтті. «Осы неменің өзі еті тірі, пысық сияқты еді. Сылбыр екен ғой. Тұрысын қарашы, сүмірейіп, — деді ішінен. Қырық адамды басқармақ түгіл өз басын алып жүре алмайтын нәрсе ғой».

Ержанға Мұраттың үндемегені ақырғаннан қатты батты. Маңдайдың астынан сүзе қараған анау екі отты көз кеудесіне кеулеп кіріп, ішкі сарайын ақтарып барады. Ержан одан әріге шыдай алмады.

— Мен айыптымын. Байқамай қалыппын, — деді ол.

— Сенің айыпты екеніңді онсыз да білемін, — деді Мұрат.

— Қалай? Байқамай қалып қойды ма? Әлде... қашып кетті ме?

— Меніңше, байқамай қалып қойған сияқты.

— Көзің жетпейді ғой? — деді Мұрат бұлтартпай.

— Кесіп айту қиын.

Мұрат Ержанды тағы да бастан-аяқ шолып өтті де, түңілгендей қолын бір-ақ сілтеді.

— Жүр вагоныңа.

Mұрат кіргенде жауынгерлер сәкілерінен атып тұрды. Барлығы сымдай тартылып тік тұрса да, командирге тура қарағандары аз. Мұрат вагонның ортасына таман барды да қолын артына ұстап, жұртты түгел шолып өтті. Бәрінің кескінінен айыптылық ажарын таныды. «Отырыңдар», — деді Мұрат. Өзі де орындық іздеп жан-жағына қарады. Бір солдат жәшік әкеліп бере қойды. Мұрат жайлап отырды да темекі тартты. Жұрттың бәрі үнсіз, үлкен командирдің қабағын бағып отыр.

— Кәне, шынына келелік, — деді Мұрат, — Білетіндерің бар ма? Мүмкін әдейі қалып қойған шығар?

Бір сәтке жұрт қатал сұрақты тосырқағандай үнсіз .қалды. Қартбай орнынан тұрды. Мұрат оның биік болмаса да сүйекті, берік тұлғасын, сирек шегір мұртты, шешек дағы бар қызыл шырайлы жүзін сүйсіне шолып өтті.

— Мен білсем, оның арам ойы болған жоқ, — деді Қартбай қысқа ғана.

«Мынау айтса біліп айтады. Өзі бір табанды жігіт болар» деп ойлады Мұрат. Осыдан кейін қайырып сұрамады. Сержант Добрушкин орнынан тұрды. Ол көз қиығымен Ержан мен Мұратқа кезек қарап өтіп, қолын шекесіне апарды.

— Жолдас капитан, ол менің отделениемнің жауынгері еді. Рұқсат етіңіз, өзім барып ертеңгі эшелонмен алып келейін. Ол өзі жөн-жосықты білмейтін жауынгер.

Добрушкин ұзын бойлы қапсағай, сәл еңкіштеу. Қимылында әскери жинақылықтан гөрі, мысықтың ептілігіне ұқсайтын бір шапшаңдық бар. Бетінде әжім жоқ болғанмен өңі ескі. Жас шамасын ажырату қиын, мұндайлар кейде отызда, кейде қырықтың ар жағында болады. Добрушкиннің дауысында, бүкіл тұлғасында, бет әлпетінде, иі түскен қайыстай, көңіл аударып көз тоқтатарлық ешнәрсе жоқ. Тек кісіні сипап көргендей әккі көзқарасы ғана оның өзіндік қасиетін аңғартқандай. «Әй бірталайды көрген, жырынды боп қалған қу боларсың», — деп ойлады Мұрат Неге екенін өзі де түсінбеді, бірақ әйтеуір оны жұмсағысы келмеді.

— Жауынгерді жоғалтқан сен екенсің ғой, — деді Мұрат. — Енді қалғандарына ие болсаң да жетер. Басқа адам жібереміз.

Мұрат таңдап-таңдап келіп, взвод командирінің көмекшісі, аға сержант Зеленинді жіберді. Оны аз да болса білетін. Осы бір талдырмаш денелі, ат жақты, кішкене бетті, шикіл сары жас жігіт — пысық та, жұмсаған іске тындырымды да көрінген.

Мұрат эшелонды аралап, енді бір аялдамадан кейін өз вагонына қайтып келгенде, ондағылар әлі ұйықтамаған екен. Бірақ вагон іші манағыдай жадыраңқы емес. Столда өлеусіреп бір-ақ шырақ жанып тұр. Купцианов өз төсегінің шетіне барып отырыпты. Оның қалып қойған солдаттың қамы туралы сұрағына қысқа жауап қайырды да Мұрат фуражкасын алып маңдайын желге тосып есіктің алдына келіп тұрды.

Жарқыраған жұлдыздай әр жерде сирек жанған электр шамдары артта қалды да, поезд қалың тұтасқан қараңғы түннің кеудесіне үңгіп кіріп кетті. Мұрат эшелонның станциядан жүріп кеткенін осы кезде барып сезді. Ол қатты ойланып қалып еді. Өз ісіне беріліп, құныға жұмыс істеген адам қолы босап кеткенде — тындырған ісіне сүйсініп, рақаттанып дем алады, не болмаса — «осы мен босқа әуре болдым ба екен?» — деп секем алып, өткен-кеткеніне көз жіберіп алды-артын ойлап толғанады. Мұрат та осы соңғы нннннн еді. Жаңағы бір жаманат денеге кірген тікендей ұмыт болмаса да, кейін шегініп кетті. Енді оның алдына үлкен бір сұрақ келген сияқты. Ол майданға кетіп барады. Бүгін осы күнге дейінгі өмірдің бір белесі бітті. Алда екінші белес. Алдағы өмірінің қалай боларын бұл әлі білмейді — тек әйтеуір асқарлы асу барын сезеді. Мінекей осы екі өмірдің аралығында осы күнге дейін асығыс оқылған кітаптай қайрылуға мұршасы болмаған өткен өміріне көз жіберді. Сол кітаптың бетін жаба тұрып ойланып қалды.

Мұраттың жасы биыл отыз екіде. Ол өткен өміріне көз жүгірткенде екі түрлі қарама-қарсы әсерде болды.

Ауылда асық ойнап, жалаң аяқ шапқылап жүргені, интернатта оқығаны күні кеше сияқты. Енді содан бір айналуға келмей мінекей майданға кетіп барады. Ауыл сыртындағы асық ойнайтын тақыр, өздері басына талай шыққан Жандыз өзеніне төніп тұрған «Тастұмсық» аталатын кішкене ееееi, өзенді жағалай шашырай салынған бәкене қыстаулар көз алдында. Жаздыгүні ыссыда толарсақтан суға кіріп, қалың қоғаның арасынан құлағы мен сауырын салаған құйрығы ғана көрінетін жылқы... Суға шомылған балалардың шуы да құлағынан кетпеген. Жандыз бойындағы шөптер жазда қурап кететін де қаптаған тікенекке қадалатын. Пышақпен тілгендей башайдың астына инедей қадалатын. Осының бәрі күні кеше емес пе еді?!

Мұрат енді бір қарағанда сол балалық шақ тіпті алыстап кеткен екен. Ол екі ортада жоталанып талай өмір асулары жатыр. Мұрат балалықпен ерте қоштасты. Сонау бір бұлыңғыр күз — алғаш рет мұны ойыннан қалдырды. Әкесі Мұратты қасына ертіп Тастұмсықтың ар жағындағы жазықтан шапқан шөп тасыды. Қар жауып, мұз қатқасын Жандыз бойынан қоға шапты. Әрине Мұрат шаба алған жоқ, ол әкесінің шапқан қоғасын жинады. Жандыздың арғы бетіндегі, ақырын көтеріліп, алыстап барып адырға жалғасып кететін «Итөлген» атты кең жазықтың үстіне ызғарлы көк ала бұлт кетпей қойған. Сол түсі суық бұлтқа, жаяу борасын сыпырған кең жазыққа қарағанда бала Мұраттың көңілі елегізіп қоя беретін. Оған дүниенің бәрі дірілдеп жаурап тұрған сияқты көрінетін. Оның үстіне әкесі аспанға қарап: «Биылғы қыстың сыңайы жаман» деп басын шайқап бала көңілін қобалжыта түсетін. Сол жылы қой қораға ерте қамалды. Қой түгіл, жылқының өзі әрең тебіндеп жайылатын болды. Мұрат өзі жақсы көретін тортөбел құнанының шашасының асты қанағанын көріп, әкесіне «құнанымның аяғын кім кесті» деп жылаған. Бұрын кемпірлердің сөзінен құлағы шалған «жұт» деген сөздің сұмдық мағынасын Мұрат осы жолы түсінді.

«Жұт» деген суық сөз оның ұғымында — қазанда бұрқылдап қайнаған қатықсыз, сұйық атала, арқасы пышақтай, қабырғасы ырсиып құлап жатқан тортөбел құнан, үй-ішінің тұнжыраған жүдеулігі болып кірді. Мұрат ішке кірсе де, тысқа шықса да дүниенің, жүдеулігін көрді. Бетін басқан көк мұздақты сілкіп тастауға дәрмені болмай, аш адамдай буыны кетіп жер де сұлық жатыр. Қырман орнында шүпірлесіп жүретін жұмырықтай жұп-жұмыр шіл де биыл көзге түспейді. Жылда пішен мен қоң исі аңқып, жып-жылы болатын мал қора да биыл азынап тұр. Буы бұрқыраған көң орнында әр жерде қатып қалған шашыраңқы құмалақ пен тезек қана.

Жаз шығысымен әкесі ағайыннан бөлініп қалаға көшті. Қыстан сіңірі шыққан сары атанға бар жүгін артып, үй-іші шұбырып жаяу кетті. Мұрат көз ашқалы. өзі көрген, өзі білген бар дүниемен — балалық мекенімен осындай жүдеу шақта қош айтысты. Өзеннің арғы бетіне Мұрат ұзап шығып көрмеген-ді. Бұлардың ауылы жазда олай қарай көшпейтін. Мұраттың дүниенің бұл жақ бетінен көргені сонау алыстағы мұнартқан басын сағым шалған Ақадыр ғана. Бала қиялына сонау мың құбылып, төгіліп ойнаған сағымның ар жағында ғажайып бір ел бар сияқты елестейтін. Бірақ Ақадырдың ар жағы кәдімгі Итөлген сияқты жазық, одан әрі тағы бір адыр екен. Аш жаяуды, бала жаяуды шөлдетті де, шаршатты да. Бірақ Мұрат сары атан көтере алмаған бір қомақты қапшықты арқалап, қара терге түсіп келе жатқан әкесіне қарап қойып, дыбысын шығармай жүре берді. Осылай балалық та қыстауда ұмыт қалған асықпен бірге сонау кейінде, Ақадырдың ар жағында қалып қойды.

Мұрат туған жеріне жеті-сегіз жылдан кейін қайтып оралды. Енді біраз оқыған, дүние көрген, жиырмадағы жігіт болып келді. Неге екені белгісіз Жандыз бойын сол өзі кеткендегі жүдеу, жұпыны қалпында көрем ғой деп ойлап еді. Ақадырдан бері асқасын-ақ өзен жағасында қаптай қонған ауыл, қырқада жайылған үйір-үйір жылқы көрді. Бойындағы қыстан алып қалған ылғалы таусылмаған дала көктем күніне еркелеп, кең тыныстап көлбеп жатыр. Тастұмсыққа жақындап келгенде Мұраттың арбадан қарғып түсіп, жүгіріп барып Жандызға шомылғысы келіп кетті. Бірақ ірі байларды конфискалауға келе жатқан өкілге өйтуге болмайтын еді. Мұрат тарантастың үстінде бір қозғалып қойды да, бойын түзеп тік отырды.

Ауыл сол баяғы қалпы екен. Дөңгелене тігілген қараша үйлер. Атқа мініп қарына құрық ілген жігіттер. Кешкітұрым шұбылта шаң бұрқыратып өрістен қайтқан мал. Есік алдында жер ошақта жанған от. Тек анау беттегі Дербісәлі ауылы ғана кішірейіп қалған. Бұрынғы оқшау бір шоғыр болып теңкиіп тұратын ақ үйлер кішірейіп, қоңырқай тартқан. Мұрат екі-үш күн ауылдарды аралап, әркіммен әңгімелесіп жүрді. Қаладан шыққанда нұсқау анық, істейтін іс белгілі еді. Кедейлерге мықтап арқа сүйеп, орташаларды өз жағына тартып, ірі байларды әшкерелеуге, конфискалауға тиіс. Бірақ ауылға келгенде бәрін шатастырып алды. Біріншіден, Дербісәлінің малы өзіндегі ақбардан анағұрлым аз болып шықты. Конфискаға жатқызуға да сыймайды. «Оның бұрынғы малы қайда деп әркімнен бір сұрап көріп еді, кейбіреулері «біз қайдан білейік, кімнің малының есебін алып жүрміз» деп жалтарды; біреулері «қазақтың жұт дейтіні болады, шырағым, бері-қарысы және бар. Дерекеңнің де дәулеті шайқалды ғой» десті.

Мұрат Дербісәлінің аулына барды. Дербісәлі ірі денелі, қара бурыл сақалды кісі екен, Мұратты өзі шығып қарсы алды. Мұрат бала кезінде оны бір-екі рет көрген-ді. Онда үстіне көк мауты ұзын татар бешпет, басына көк қалпақ киіп жүрген қызыл шырайлы әдемі кісі болатын. Сақалының бурыл тартқаны болмаса қазір де сырт пішіні көп өзгермепті. Бірақ бұрынғы маңғаздық пен екпін жоқ, иі түсіп қалыпты. Басында көнетоз құндыз бөрік, үстінде жалаң шекпен. Ол Мұратты тарантастан түсіріп жасауы шамалы, бес қанат үйге алып кірді.

— Мұрат шырағым, қазақ «алты жасар бала алыстан көрсе, алпыстағы қария арнап барып сәлем береді» деген еді. Бара алмадым. Несін жасырайын: «Дербісәлі малын алуға келген адамға жалпақтап жатыр» деген сөзден қаштым» — деді Дербісәлі малдасын құрып отырған күйі екі тізесін ұстап шалқая беріп, Мұратты бастан-аяқ шолып өзін, — Заман солай ғой. Сені жібере ме, басқаны жібере ме, Үкімет әйтеуір алатын малын алмай қоймайды ғой, — деп күрсініп қойды да, басқа сөзге көшті. Сөз реті келгесін айтып жатырмын, көңіліңе алма. Ал, әке-шешеңнің дені сау ма? Арыстан әлі қартаймаған шығар. Біздің Жәмила қарындас жақсы ма? Айтпақшы, сен бізге жақын жиенсің-ау. Жәмила біздің Байжұманың қызы ғой.

Мұрат тап жауымен айқасуға іштей мықтап дайындалып келген еді. Дербісәлі бірден бетін жұмсартып әкетіп барады. Сондықтан да Дербісәліге соққы беруден гөрі де өзін өзі қайрау үшін бала көңілінде қалған ренішін қатты айтып та салды:

— Сіз сол жақын қарындасыңызға тарыққанда бір сиырдың сүтін қимадыңыз ғой. — Дербісәлі Мұраттың бетіне оқшая қарап алды да, күліп жіберді.

— Ұстаған жерін қарашы. Ұқсамасаң тума. Өзің Арыстаннан аумай қалыпсың. Ол да кісіге сөзін жіберіп көрген емес қой. — Дербісәлі күлкіден оқыс тыйылып, ауыр күрсініп байсалды сөйлеп кетті, — Ол мешіннен біз де көтерем болмағанмен соған жуықтап шықтық. Мендегі дәулеттің сарқыншағымен бүкіл Байжұма жүрек жалғады. Бірақ сөзің орынды. Бір сиырдың, не бір байталдың сүтін Арыстанға беруге болатын еді. Бәрі пиғылдың тарлығы ғой. Кім біледі, сол пиғылымыздан жазған шығармыз.

Мұрат кешке қарай Дербісәлінің аулынан қайтып келе жатқанда, көлденеңнен бір салт атты кездесті. Кішкене қара сақалды, аласа бойлылау, шымыр денелі біреу екен ат үстінен сәлемдесті де, Мұраттың бетіне кішкене көзін шүйіре, жымия қарады.

— Дәу де болса, сен мені танымай тұрсың-ау, Мұрат, ә?

Мұрат оның бетіне үңіле қарап тұрды да:

— Сіз... сіз... Жанғабыл боларсыз. Ассалаумалайкум, Жанеке, — деді, арбадан түсіп, қолын ұсынып.

— Уағалайкүмұссалам. Көп жаса. Елден жас кетіп едің, ұмытпапсың, — деді Жанғабыл аттан түсіп, Мұраттың қолын қатты сілкіп. — Арыстанның баласы, төре болған екенсің. Келгеніңе үш күн болды. Пәуескеден түспейсің. Арыстан екеуміз дос едік, баласы үйге келіп сәлем беруді де білмейді, — деп ол Мұратты біраз шенеп алды, — Жә, оқасы жоқ. Сенде сөзім бар еді, Пәуескеңді жібер, жүре сөйлеселік.

Екеуі оңаша қалғасын Жанғабыл қайта сөйледі.

— Біліп тұрмын. Дербісәліге барып келесің ғой. Байдың мал-жаны аман ба екен. Асты-үстіңе түсіп, жақсы қарсы алған шығар? Сенің өзіне жиен екеніңді де айтқан болар.

— Оны қайдан білесіз? — деді Мұрат таңданып. Жанғабыл қарқылдап күліп алды.

— Ай, жассың ғой әлі. Малшылардың еңбек ақысын әпермек болдың ба?

— Иә.

— Малшылар ақысын түгел алған болып шықпаса не қылсын?

— Сізге оны кім айтты? Жанғабыл тағы да күлді.

— Оны айтудың керегі жоқ. Жылқышы Құлбай ғой, құдай біледі. «Дерекеме еңбегім кеткен жоқ, сақалым ағарғанда күнәкар бола алмаймын. Шырағым, кеңес төресі, дұқамантыңа Құлбай бар ақысын алды деп жаз» деген шығар-ау, — деп Жанғабыл тағы да күліп алды. Мұрат Жанғабылдың өзімен бірге болғандай сөйлегеніне қайран болды. — Әй, қор неме. Қорлыққа еті өліп кеткен оның, — деп Жанғабыл Құлбайға кіжінді де, байсалды сөйлеп кетті. — Кеңес өкіметінің дәмін таттық. Бұл өзі кедейдің өкіметі ғой. Осы күнге дейін байларды тежеп келіп еді, бірақ менің байқауымша, байларға үлкен құрығын енді салатын сияқты. Сол құрықты ұстап келген сенсің. Құрық саларда үйірдің ішіне кіріп кетіп алдырмайтын әккі болып қалған ту асаулар болады. Дербісәлі де қамсыз отырған жоқ. Өзің де байқаған шығарсың. Ен дәулеттің ұшығы ғана қалған онда. Сен болсаң ғой, құдай біледі, Дербісәлінің баяғы дәулеті, баяғы малы қайда деп дал болып жүрсің. Сен оны Дербісәлінің үйінен іздеме. Егер оны тапқың келсе, мына пәуескеден түс те, атқа мін, мынау басыңдағы шәпкеңді де таста. Біздің үйде менің бір бөркім бар, соны ки. Менімен бірге жүріп осы екі ауылды арала. Сен кешегі Арыстанның баласы болғанмен бүгін әкімсің. Саған кез келген адам шешіліп шынын айта бермейді. Ал, Дербісәлінің мал-мүлкінің қайда екенін мен білем, мен білмегенді ел біледі. Тек қатындар сау болсын, құранға жазылған құпия болса да жетпей қалмайды. Сені осы маңдағы жөні түзу, еті тірі жігіттермен кездестірем, өзің оған жол таба алмай жүр екенсің. Осында сен сияқты оқуы болмағанмен, еті тірі Қартбай дейтін жігіт бар. Біз оны Қаратай дейміз. Соны қасыңа серік қып ал. Жоғарыдағылар байды конпескелегенде кедейге арқа сүйе деген шығар-ау, міне сол кедейің біз боламыз, — деп бітірді Жанғабыл сөзін.

Мұрат бойындағы жас қызуымен іске кірісіп, Дербісәлі байдың ағайын арасында жасырған малын, тыққан дүниесін тауып конфискалады. Әрине, бұл іс оңай болмады. Ол түгіл Мұратқа тіпті жеңіл көрінген бай малынан кедейлерге мал үлестіру де оңайға түскен жоқ. Байлардың үгіті ме, әлде бойға сіңіп меңдетіп кеткен қараңғылық, ескілік пе, кейбір кедейлер: «Бүлінген елден бүлдіргі алма деген, құдай өз талайымыздан жарылқасын; кісі малын ала алмаймыз, Дербісәліге опа бермеген мал бізге де опа бермес» деп тұрып алды.

Дербісәлі кетер алдында Мұратқа былай деп еді:

— Шырағым Мұрат, заман осылай болды, бұл да болса Алланың ісі шығар. Тірнектеп жиған мал кетті. Сен де бөтен емес едің. Бірақ... Түп қазық сенде емес қой. Саған өкпе жоқ. Заманың түлкі болса тазы боп қу деген. Алдыңнан жарылқасын. Біз де Алланың салғанын көрерміз. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп болады, Мұрат шырағым, тым болмаса ағайын арасында қалдырмадың қайтейін.

— Отағасы, заманның несін айта бересіз, — деді Мұрат. — Халық заман енді түзелді деп отыр. Заман түлкі емес те, біз тазы емеспіз. Заманның билігі қолға тигесін, оны осылай өзіміз өзгертіп жатырмыз. Малды да уайымдамаңыз, мал иесін тапты. Баққан адамына барды. Жұртты көп шулатпай аттаныңыз.

— Иә, заман сендердікі ғой, — деді Дербісәлі екі-ұшты етіп. Содан кейін Мұратты көзімен атын жіберердей оқталып қалды да тез өзгеріп, төмен қарап күрсініп қойды, — Әрине, сендер солай дейсіңдер ғой. Ал, қош бол, шырағым. Арыстан мен Жәмилаға сәлем айт. Енді қайтып көрісеміз бе, жоқ па!?

Бұлар арада үш-төрт жыл өткеннен кейін қайтадан кездесті. Мұрат совпартшколды бітіріп, партия-совет қызметтерінде істеді. 1932 жылы оны Жандыз бойына командировкаға жіберді. Бұл бір қиын кез еді. Отырықшылыққа көшкен жаңа шаруашылықты басқара білмеушілік, асыра сілтеушілер, әр түрлі зиянкестік әрекеттер қосылып, жас колхозды меңдетіп тастаған екен. Мұрат колхоздың шайқалған шаруасын қалпына келтірмек болып бар күшін салды. Өз төңірегіне баяғы Жанғабыл, Қаратайлар сияқты адамдарды топтап, үгіті мен айқайы аралас, әрең деп колхоз бетін түзеген кезде, азғана күннің ішінде түн жамылып, жырылып-жырылып колхоздың малы ұрлана бастады. Мұрат сенімді адамдарын жинап алып кеңесті.

— Менің ағайыным қисық ауыз Жоламан да жоғалып кетті, — деді Қаратай. — Әйеліме сыр тарттырып біліп алдым. Осында астыртын Дербісәлі келіпті, Жұрт соған кетіп жатыр. Шамасы Соналының қалың қамысын паналаған түрлері бар.

Мұрат ақылдаса келіп колхоздың бар жігітін, шиті мылтық, сойылмен қаруландырып атқа қондырды.

— Қолдарыңнан келсе тілдесіп, жөнге көшіріңдер. Олар да қарусыз емес шығар, — деді Жанғабыл.

Колхозшылар отряды екі күн іздеп, бандаларға жолықты. Бандалар Соналының ар жағындағы Қыналы адырының бір қуысынан шыға келді. Шағын отрядты көріп қалып шабарын не қашарын білмей ошарылып тұрып қалды. Мұрат та өз адамдарын тоқтатты да, қасына Қартбайды алып, ілгері жүріп кетті. Дербісәліні анадайдан-ақ таныды. Басында құндыз бөрік, үстінде белін буған жеңіл шекпен. Топтан сәл ілгері шығып, ақбоз аттың үстіне белін таянып шалқақ отыр. Жақындап келген Мұратқа сыздана қарап мырс етіп қойды. Сақалы ақ бурыл болған, денесінің бұрынғы толықтығы таралып сіңірлене түскен. Мұрат оның бетіне қарап, одан жақсылық күтпейтінін түсінді. Бұл да атының басын оқыс тежеп, қабағының астынан өзара қарап тұрып қалды.

— Аман көрінесің ғой, — деді Мұрат жұртты суық көзбен шолып өтіп. Бастарын орамалмен таңып, білектерін сыбанып алған. Отыз қаралы адамның едәуірінде мылтық бар, кейбіреулері аттың жалына қойып көлденең, кейбіреулері тұмсығын түсіре кезей ұстапты. Мұрат не жеңіп қайтатынын, не осы арадан аман кетпейтінін түсінді. — Амандық сұрасуға келгенім жоқ. Алдымен сөзім мынау соңыңа ерген жігіттерге. Өзіңе де айтам. Жөнге көніңдер. Қазір менімен бірге жүресіңдер. Жасырмаймын, өйтпесеңдер оңбайсыңдар.

— Ана жылы жер аударып едің, енді түрмеге қама деп ерем бе саған? Жоқ, олай болмас. Шамаң келсе күшпен алып көр, — деді Дербісәлі ащы мысқылмен төбеде тұрған аз ғана топқа көз тастап, — Қалың қолмен келе алмапсың ғой. Шіркінім, жаңа заман орнатам деуші едіңдер, көрді қазақ ол заманыңды. Татты дәмін. Көрерміз, әлі қазақты қайсымыз аударып аларымызды. Арқа сүйеген арысың болса, ол да тыныш көрінбейді.

— Түбірімен жұлынған ағаш қайтадан өспейді бұл топыраққа. Өсірмейміз, — деді Мұрат зілмен сөйлеп.

— Әә, жұлдым деп ойлайды екенсіңдер ғой, — деп Дербісәлі оның сөзін бөлді. — Жоқ. Менің тамырым қалған.

— Тамырыңды да қырқамыз. Ал, қазақтың қамын сен ойламай-ақ қой, ол өз жолын тапқан. Оны ол жолдан сен тайдыра алмайсың. Қолыңнан келгені аяқтан шалу болар. Отыз адам ерттім деп, ел бастағандай қақшима! — деді де Мұрат өзгелеріне бұрылды. — Жігіттер, сендер адасып жүрсіңдер! Дербісәлі сендерді өзімен бірге суға батырмақ! Осының не жақсылығын көріп едіңдер! Кәнекей, үйлеріңе, қатын-балаларыңа қайтыңдар. Кеңес үкіметінің атынан кешірім етем.

— Алдайды мына күшік! Жоғалт көзін! — деп Дербісәлі жалт бұрылып қасындағы біреуге әмір етті.

Мұрат бір қисық ауыз қараның көзі адырайып, мылтықты кезей бергенін көріп қалды. Осы кезде қасында тұрған Қаратай атын бір-ақ ырғытып, Мұратты қалқалай көлденең тұра қалды да:

— Ал, ат мені! Қисық ауыз әкеңнің... — деп ақырып жіберді. Қисық ауыздың қолынан мылтығы түсіп кетті. Өзгелері де аңтарылып қалды. — Жә, үкіметтің адамына тиіп көріңдерші! Ертең үрім-бұтағына дейін тып-типыл қылсын! Оттамай ауылға қайтыңдар, өй, өңшең маубастар. Болмаса күн ертең өлесіңдер!

Қысылшаң жерде Мұраттың үгітінен гөрі, Қаратайдың «үгіті» қатты әсер етті. Жұрт сытылып Мұраттар жаққа шыға берді. Дербісәлі ақбоз атын осып жіберіп, жалт бұрыла бергенде, Қаратайдың ерінің қасына ілінген бұғалық сылаң етіп жыландай атылып барып мойнына түсті.

Мұраттың жастық шағы елде болып жатқан үлкен өзгерістермен тұстас болды да, ол тез есейді. Өз бойындағы бар қызу қайратын жаңа өмір құру жолына аямай жұмсады. Қызу іс үстінде жүріп жалпақ жатқан қараңғы надан елдің қалай тез өзгеріп кеткенін де байқамай қалған сияқты. Енді тұрып өткенге көз жіберсе кешегі отызыншы жылдардың бас кезіндегі өмір тіпті алыстап кетіпті. Сондықтан да Мұрат өзіне ұзақ жасаған адам сияқты көрінеді.

Жақа өмірдің толғағы ауыр болды. Байлардың ғана тамырын қырқумен іс бітпеді, кейде өз бойыңдағы аяулыңды, үйреніп қалған қимасыңды қырқуға тура келді.

Мұрат өз өмірін ойымен қорытты. Мынау өмірде аз да болса оның да үлесі бар. Бойындағы барын соған берді. Енді сол өмірді жатқа бермеуге кетіп барады.

3

Ержанға Мұраттың мінезі қатты батты. Жас жігіттің барлық шамшыл намыскерлігі де алғаш рет өзін осы жолы танытты. Егер Мұрат оған қатты сөз айтса қиналмас еді. Әскер өмірі Ержанды ондайға үйреткен. Ондай-ондай хан қызында да болады. Ержан сөгіс те алып көрді. Жазаланып та көрді. Бірақ, өзгеде, әсіресе бастықтан, дәл осындай мінез көріп тұрғаны осы. Мұрат қолын бір-ақ сілтеді. Сөзін шығын еткісі келмеді. Ал өзін ертіп вагонға келгенде де мұнымен ісі болмады, Добрушкинмен, Қартбаймен сөйлесті. Ержанға бұрылып қарамады да. Зеленинді де өзі тағайындап, тапсырманы өзі беріп, өзі жөнелтті. Ержан взводтың командирі емес не? Жазалы, айыпты болса да командир ғой! Ең алдымен оның командирлік намысы келді. «Мені командирге санамағаны ма? Сондай-ақ командирлердің ішіндегі қоры емес едім ғой. Мені өзі де білмейтін де еді» деп ызаланды. Енді бір ойланғанда мұнысынан анағұрлым ауыр, ащы шындық ашты. Мұрат мұны адам санына да алмапты, әбден түңілген сияқты. Болмаса кейір еді, ақырар еді. Жазалап әуре болуға да татымайсың дегені ғой. Мұраттың соңғы бір көзқарасы көз алдынан кетер емес. Қолына уыстап алып, үңіліп көріп «өй, түкке жарамайды екенсің ғой» дегендей ол Ержанды бастан-аяқ бір шолып өтті де, бұрылып жүре берді. Мұраттың дәл осы бір кескіні көзіне елестегенде, ол және қасақана елестей береді, Ержан өзін-өзі далаға тастай қашқандай болады.

Ержан ұйықтай алмай дөңбекши береді. Енді оған вагондағы солдаттардың бәрі өзіне Мұраттың көзімен қарайтын сияқты көрінді. Адам сезімдерінің ішіндегі ең бір оңбағаны — өзіңнің керексіздігіңді, еш қажетке жарамайтыныңды білгендегі — жиренішті, ащы сезім Ержанды баурап барады. Ержан көңілінің жүдей түсуіне тағы бір себеп — ол Мұратты іштей жақсы көретін. Оның істеген ісіне, өp мінезіне, сымбатты тұлғасына сүйсінетін. Осындай адамның өзінен біржола түңілуі... Денеге кіріп кетіп етті шіріткен жаңқадай, осы бір қорлық сезім оған келесі күнге дейін маза бермеді. Ержан енді онымен күресе бастады. Күресті Мұратты жамандаудан бастады.

«Жақсы-ақ командир шығар. Мейлі. Бірақ дүниеде жалғыз өзім деп ойлауға болмайтын шығар. Жақсы, жақсы дегенге... Соншама асқақ болғаны несі. Барып тұрған өркөкіректің өзі. Шенім жоғары деп жұрттың бәрін қорлауға бола ма екен! Соғыста көрерміз әлі кімнің кім екенін! Meн бір ерекше көзге түссем... Сонда өз мінезіңнен өзің ұяларсың...». Осылай Ержан өзімен өзі сөйлескен сайын Мұраттың құны біртіндеп кеми берді де, өз бағасы көтеріле берді. Тіпті, енді Мұраттан өзі биік боп барады.

Бір аялдамада Уәли кездесті. Ол Ержанның осы ойын растап, өте бір қымбатты, қимас адамына жолығуға ынтыққандай күлімдеп асыға басып келді. Уәлидің жылтыраған кішкене көзі, қызара бөрткен толықша жүзі, қызу тоқ тұлғасы Ержанды жылы леппен шарпып өткендей болды.

— Аманбысың Ержан. Халің қалай? — деді қолын ұсынып.

— Хал нашар. Естідің ғой өзің, — деді Ержан мұңайып.

Уәлидің де жайнаған жүзіне көлеңке түскендей болды.

— Иә-иә, жаманатқа қалдырғанын қарашы оңбағанның. Қап. Бірақ сен өкінбе, табылар. Түптеп келгенде жалғыз сен ғана жауапты емессің ғой, — деп жұбатты ол. — Болар іс болды. Ақырын күтелік. Мойи берме. Алда әлі талай қиындықтар кездеседі.

Ержанның кешеден бергі естіген жылы сөзі осы еді. Уәли ағалық қамқорлықпен оның иығынан құшақтады.

— Дала қандай рақат. Жүр, бір-екі аялдама ашық вагонның үстіне барып жатайық.

Ержан онда барғысы келмесе де Уәлидің сөзін қимады. Оның үстіне кешеден бері жалғызсырап қалған ол жанашыр, дос адамның аясынан шыққысы да келмеді. Жазалау ретінде кезексіз дежурныйлыққа тағайындалған Добрушкинге жеки әмір етті де Уәлиге ерді.

Ашық вагонның үсті шынында да жақсы екен. Желпіп самал жел еседі үстіңде биік көк аспан. Рақаттанып, сырғып қалып бара жатқан кең далаға, әр жердегі көк торғын жамылған қыстақтарға қара да отыр.

— Мен Мұратпен біраздан бері жолдаспын, — деді Уәли Ержанға папиросын ұсынып. — Бірақ, сонда да өзін әлі жөндеп түсіне алмай келемін. Ол институтта сырттай оқыды ғой. Менен сабақ алған. Бірге жүрдік. Бірге қыдырдық. Аңға да шықтық. Сонда да сырын ала алмадым. Мысалы сенімен көңілдегімді жасырмай сөйлесем. Біз еш уақытта ренжіспейміз. Ал, Мұрат болса кейде тым жақсы да, кейде титтей нәрседен сабындай бұзылады. Өзінің мінезі бір түрлі.

Уәлидің сөзі Ержанның көңіліндегісі сияқты. Бұл екеуі біраздан бері жолдас еді. Олардың достығы да көп адамдардың достығындай байқаусыз басталды.

Алғашқы рет Уәлиді қайда көргені Ержанның есінде қалмапты. Әйтеуір осы дивизияның көп командирлері сияқты онымен де таныс болды. Содан бір-екі рет далада ойында жүргенде еріккеннен ұзағырақ сөйлесіп қалды. Уәлидің кім екенін, қандай адам болғанын біліп, сыйлайтын болды. Уәли бір күні мұны қалаға ертіп шығып, екеуі бірге институт мұғалімдері арасында қонақта болды. Өзімнің білімсіздігімді, тәрбиесіздігімді көрсетіп алам ба деп, ондай адамдардың арасында бұрын болып көрмеген Ержан қатты қысылған. Сөзге де араласпады, жөндеп тамақ та іше алмады. Сонда жолдастарының арасында өктем сөйлеп, еркін отырған Уәли, бейне бір қыл көпірдің үстінен көтеріп алып кеткендей, Ержанды демеп, сөзге араластырып, өзгелерге де еріксіз сыйлаттырып еді. Шамасы екеуінің жақындығы осыдан басталса керек. Содан бері Ержанды демеумен келеді.

— Сені жазалаған жоқ па? — деп сұрады Уәли папиросының ұшындағы күліне үңіліп.

— Жазалаған жоқ. Бірақ...

Ержан тілі жеткенше өзінің ренішін айтты. Ақыры өзін қинаған сезімді айтып жеткізе алмай «бір түрлі, далада қалғандай болдым» деп бітірді.

— Иә-а... Оның ондайы бар, — деді Уәли ақырын ыңыранып. — Бірақ сен оған мұқалма. Мұраттың мінезі дөкірлеу, ол соғыс үшін жаратылған адам. Елемей-ақ қой. Мен де жүрмін ғой. Болмаса менің орным осы ма еді? Отанды қорғаған, абыройлы болған жақсы ғой. — Уәли алысқа қарап аз уақыт үндемей отырды. — Он бес жыл оқыдым. Қаншама кітап ақтардым. Аспирантураны бітіруге едім. Ғылымда жаңалық ашпақ едім. Енді бес жылдық білімі бар адам алып кететін шифровка мен кодировканы әурелеп жүргенім. Анада көрдің ғой менің жолдастарымды. Солардың бәрі қалды. Сабақ беріп жүр.

Ержан да Уәлидің мұңын түсінгендей болды. Өзгелері қалып, осынша білімді адам мұның кетіп бара жатқаны қиянат тәрізді. Бірақ Ержанның қолынан келері жоқ, бар жақсылығы — Уәлиді бұрынғыдан да іш тарта түсті.

— Оқасы жоқ. Біз олармен қайтып келгесін сөйлесерміз. Біздің Отан қорғаған еңбегіміз ескерусіз қалмас. Майданда қанын төккендер мен тылда бұғып отырғандардың бағасы бір болмас. Тек аман сау қайтып келсек.

Бұл ой да Ержан көңілінің бір түкпірінде жатқан. Айырмасы тек бұл ешкімге кіжінбейтін.

— Шынында да соғыс біткесін, майданда болған адамдарға ерекше құрмет болу керек қой. Онсыз әділдік бола ма!? — деп құптады Ержан.

— Әрине. Тек аман қайтайық, — деді Уәли күрсініп. — Өзің білесің, Ержан, уақыт қиын ғой. Мұндайда жұрт бір-біріне қарай бермейді. Менің де өзің сияқты досым аз адаммын. Осындайда бір-бірімізге демеу болмасақ болмайды. Сенің жайыңды Купциановқа айттым. Мұратпен де сөйлесермін. Қиналма.

Ержан көп қиналмады. Жас тәнге түскен жара сияқты — жас көңілдің реніші де тез айықты. Оның ендігі уайымы қалып қойған Көжектің жайы болды.

Ұзын состав жазыла жүйткіп келеді. Адырлары алшақ жазық дала поезға қарсы жүгіреді. Жол табанынан алыстаған сайын жүгірісі шабандай түсіп, көз ұшындағы бір қыратқа тіреліп тоқтап қалады. Тау қапталынан шыққан поезд даланы үңгіп тауыса алмай келе жатқалы екі күн болды. Толқындары қыртыстанған алып мұхит сияқты шексіз, шетсіз дала жатыр. Сәскеде алыс қырларды сұйық көгілдір мұнар шалып тұрады да, түске таман сол мұнар сағым болып төгіледі. Ұшан даланы көкпеңбек су қаптап кетеді. Сол әсем су дірілдей құбылып, асығыс ағып бара жатады. Әр жерде арал болып төбелер көрінеді. Бір кезде ерке сағым су ойнақтап сол төбелердің де басын жуып өтеді. Қалың селдің ортасынан зәулім ақ сарай теңкиіп шыға келеді де, бір сәтте ап-аласа боп жерге жабысып қалады. Теңіз ортасына биік бойын көкке созып хайуан шығады, ол суға қайтадан сүңгіп бара жатқанда бір сәтке түйе бейнесіне түседі. Бүктетіліп, орғып, жүйтки ағып бара жатқан сағым су түс қайта талықсығандай шабандай береді де, бір сәтте ғайып болады. Бетінен көк жібек пердесі сыпырылып, адырлы жалпақ дала ажарсыз жүзін көрсетеді.

Шетсіз-шексіз ұшан дала тұңғыш көрген жолаушының көңілін елегізітіп, жалғызсыратар да, сиықсыз кеңдігімен езіп, тілсіз, алып табиғатқа қарағанда оның дәрменсіздігін, кішкентайлығын айқын сездіріп жанын жүдетер. Бірақ Ержанға ол басқаша әсер етті. Соңғы жылдары оңтүстіктің асқар тауларына, Сібірдің ормандарына, үлкен қалаларға үйреніп қалған жас жігіт даланы көргенде кәрі анасын көргендей іші жылып қоя берді. Ол көңілді еліктіріп алысқа шақыратын дала кеңістігіне сүйсіне қарайды. Дала өткенді еске салады. Ержан өмірі түйенің үстінде басталды. Жазының үстіне қоршаулаған кішкене ұяда атанның майда ырғақты аяңымен теңселе отырып айналасы қыратпен көмкерілген, үлкен қара тегештей кең жазыққа, биік көк аспанға қарады. Ержанның ең алғаш көргені осы, одан арғысы есінде жоқ. Ол «мынау айнала қоршаған қыраттың ар жағында не бар екен?» деп ойлап-ойлап: «ешнәрсе де жоқ шығар» деген қорытындыға келіп еді. Бірақ, содан кейін «ендеше біздің ауыл қайда?» деп шәктенді. Бір кезде тұмсығын аяғының үстіне салып, көлбең жатып алған қызыл төбет көрінді. Өзі тіпті үлкен. Жақындап келгенде ол кәдімгі төбет болып шықты. Ылдида мөп-мөлдір бұлақ бар екен. Қазір осы көріністер түсте көргендей үзіліп-үзіліп, бірақ ертегідей әсем бейнесінде елестейді.

Ата-бабасы сияқты Ержанның көз ашып, алғаш көрген дүниесі осы дала болды, оның ақ қағаздай дақ түспеген бала көңіліне алғаш жазылған да осы дала сыры еді. Оның сазды ойпаңын құмай, қыратын жалаң аяқ шарлады. Желмен толқыған бұйра боздың үстіне талай аунады. Сол боздың әрі майда, әрі күсті алақанының ізін қазір де жанымен сезгендей болады. Ертеңгісін киіз үйдің ішінде оянғанда ашық түндікте алыс аспанның көкпеңбек бір бөлегі көрінетін. Жабыла шырылдаған бозторғай әні бір үзілмейді. Бозторғайдың жұмырықтай денесіне көк әлемін балқытқан соншама ағыл-тегіл қуаныш ән қалай сыйғанына қайран боласың. Ержан әдемі көк аспанға, көз ұшында қара ноқат болып дірілдеген бозторғайға қарап көкірегін қуаныш пен бақыт кернеп, біраз қозғалмай жатады. Сырттан ат дүрсілі, мал қайырған дауыс естіледі. Біреу, «әй, кертөбелді алып қалшы, Шалғынбай аулына барып қайтайын» деп дауыстайды. Жасан мен Қуан да тұрыпты. «Әй, Жасан, өзенге дейін жарысайық» дейді ұзын сирақ Қуан. «Сен озып кетесің ғой. Ержанды шақырсайшы, мен балағымды түріп алайын» дейді Жасан. Осы кезде Ержан шыдай алмай үйден жүгіре шығады. Дала ертеңгі салқынмен тыныстап тұр. Төңірек сондай айқын. Сонау Жарөткелдегі алыс қыстауларға дейін ап-анық көрінеді. Түнде ылғал тартқан көк шалғын аяққа жұмсақ тиеді. Бұлар өзенді қойып желіге дейін жарысады. Әрине, ұзын сирақ Қуан озып келеді. «Менің аяғымды қияқ тіліп кетіп, жүгіре алмай жүрмін» дейді Жасан. Жаман ағаң қалай екен? — дейді Қуан кеудесін қағып. — Мен күрең құнанмен де жарысқанмын. Оһо!». Балалар желіге құлын байлайды. Құлынды ұстар алдында үлкендерді кейітіп, біраз қуалап ойнап алады. Өзенге барып балық аулайды. Алдымен көк шөптің арасынан қуалап көк шегіртке ұстайды. Жазда үзіліп қалған өзен суы тұп-тұнық. Түбіне дейін көрінеді. Тұрқы қысқа домалақ жалпақтау келген тарғыл алабұға, күмістей ақ, ұзынша сопақ аққайран, су бетінде ұсақ шабақ. Алабұға қармақты түрткілеп ұзақ ойнайды. «Алабұға, аққайран, қармағыма қан қайран» дейді Ержан. «Алабұға дөнен сарт, қармағымды төмен тарт» деп қояды Қуан.

Ержан қарапайым қазақтардың арасында өсті. Олар оны атқа мінгізіп, мал қайтартып, жылқыға құрық салғызып үйретті. Өз білгенін, өз түйгенін бұған да берді. Ғажайып ертектерін, хатқа түсірмей сақтаған жырларын тыңдатты. Баланың елден тоқығанына ертерек келіп оқу жалғасты. Жыл асқан сайын білімге тереңдей кіріп, дүние сыры кеңірек ашыла түсті. Бір ғажабы кітаптан оқығаны төңіректегі елге келіп тұрмысқа сіңіп жатты. Қазақ өмірінің өзі мектеп баласымен бірге оқып, үйреніп өсіп келе жатты.

Поезд бір ырғақпен теңселе дүрсілдеп келеді. Күздің бояуы оңған ақшыл көк аспанының аясында сұлық жатқан далаға Ержан ұзақ қарады. Мінекей көлбеп жатқан жусанды жазық еңкейіп барып, басын тік көтеріп алғандай ұзын адырға ұласты. Баурын жел жалап, ала бұлттан түскен көлеңкелеп теңбілденіп жатқан сол адыр Ержанға өте таныс сияқты. Ержан бұл даланың күзін де сүйеді. Еркін ескен қоңыр жел, ақшыл бояуы оңған бұйра боз, кермек исі аңқыған құрғақ жусан балалық шағының тәтті елестерін көз алдына әкелді. Көңіліне сағыныштың самалын желпіп ынтықтырады, бір кезде сәби көкірегіне өзі құйған үнсіз күйді оятады, соны қайта толықсытады.

Осы күнге дейінгі бар өміріне жанды бейне, ішкі мағына берген туған жермен қоштасу қиын екен. Ержан кенет үлкен бір сыр ашып, қуанды. Ол өзі білген бар өмірді кеудесіне сыйғызып бірге алып бара жатыр екен.

Поезд бір разъезге келіп тоқтады. Неғайбыл сапарға бара жатқан әр адамға таныс ой толқынына беріліп. Ержан составтың алдында ақырын аяңдап жүре берді. Әрлі-берлі жүгірген солдаттарды да ескермеді. Кенет әсем жұмсақ күлкі еркін төгілді. Ойға шомған Ержанның тұла бойы дір ете қалды. Қозып, алысқа шырқап кеткен қиялы әсірелесе керек, осы ерке күлкі соншалық таныс, назды сыр айтқандай құлағына жағып барады. Селт етіп бұрылып артына қарады.

Он бес қадамдай жерде санитар вагонының алдында екі қыз сөйлесіп тұр. Шашын келте қырыққан, сүйегі кең, аласа бойлы қыз қасындағы талдырмаш, қызыл шырайлы қызды күлдіріп тұр. Қуақы жымиып, қасындағы құрбысына теңселе жақындай беріп, шалқая шегініп күлдіргі бір нәрсе айтып тұрған томпақ бет, келте мұрын қара қызбен Ержан таныс. Ол батальонның санвзводындағы санитарка Күләнда. Ал, екіншісі... Оны да Ержан бір-екі рет көрген. Бірақ таныс емес. Өзі батальонға жақында келсе керек. Әскер киімі қыздың талдырмаш денесіне үйлеспей-ақ тұр. Аяғындағы кирза етіктің қонышы кең, белін қынап буған мол гимнастерка да қорбиып қолпылдап тұр. Балаға әкесінің киімін кигізіп қойғандай бір түрлі қызық. Тек қисайта киген пилотка ғана қызыл шырайлы жас өңіне ойнақы еркелік беріп, жараса қалыпты.

Ержанды белгісіз бір күш солай қарай сүйрей берді. Ол қысылып тартыншақтап тұрды да, «Күләнданы таниды екем ғой, амандаспау ұят болар» деген сылтау тауып, қыздың қасына келді. Бірақ «Сәламатсыздар ма» деген сөз өңі қашып, аузынан әрең шықты. Күләнда тез байсалды түрге түсіп, сәл төмен қарап «амансыз ба, Ержан» деді. Әсем күлкінің иесі үлкен қара көзін кең ашып, «қайда көрдім» дегендей Ержанның бетіне ұзағырақ қарады. Екі қыздың тыйылып, үндемей қалғанына қарап Ержан «осылар мені мазақтап күліп тұрмаса не ғылсын» деп қысылып қалды. Бірақ енді шегінуге болмайды.

— Күләнда, қызық әңгімеңді бөліп жібердім ғой. Айта бер. — Ержанның бойында өзі күтпеген жерден батылдық пайда болды. — Неге тыйылып қалдыңыз? Әлде мені жамандап тұр ма едіңдер?

— Жоқ, жоқ... — деді Күләнда, бүкіл кеудесімен кейін қарай теңселе шалқайып, құрбысын тасаланып.

— Әй, білем ғой. Екі қыздың басы қосылса жігіттерді мазақтайтын әдеті емес не!

Ержан айтуын Күләндаға айтса да, көзінің астымен бейтаныс қызды бақылап тұрған. Ат жақты, қызыл шырайлы жұқа өңі күнге күйіп тотыққан, үстіңгі ерні сәл түріңкілеу, кейде тік мінезі де болса керек. Жалпы бет әлпетінде, балаша ашың, тура көзқарасында — дүниедегі бейтаныс нәрсенің бәрін қызық көретін балалық ынтықтық бар. Орынсыз ұялып, қымсынбай, бірақ жөнсіз де сұқтанбай Ержанды да бастан-аяқ шолып өтті.

— Сіз, ендеше ешнәрсені білмейді екенсіз, — деді бейтаныс қыз. Бұл сөз де баланың үлкен кісіге айтқанындай, астарсыз, ашық айтылды. Ержан енді бұл қызбен мектептес құрбысындай, еркін сөйлесе алатынын білді, бірақ ондай сөздің қолқасы да, сыр тартатын астары да болмайды.

— Білмесем тіпті жақсы. Өзім де мазақ болғым кеп тұрғаным жоқ, — деді Ержан көтеріле сөйлеп. — Жала жапқаным үшін кешірім өтінем.

— Кісі танымайтын адамды мазақтамайды ғой. Оның үстіне... сізді неге мазақтаймыз?

— Ендеше танысып қоялық. Күләнда таныстырғысы келмей тұр ғой.

— Ой, мен ұмытып кетіппін ғой. Таныс болыңыздар. Бұл біздің взводқа жақында келді, — деді Күләнда құрбысының тасасынан шығып.

Ержан әскери сәнмен бойын түзеп алып, қолын ұсынды.

— Ержан.

— Раушан.

Кейбір жас жігіттер кейде әшейіндегі қалпынан едәуір жоғары көтеріліп, ысып кетеді де, сөзі мен қимылының тізгінін қолынан шығарып алады. Ержан да осындай күйге түсті. Ол енді әдеттегіден көбірек сөйледі.

— Біздің батальонға келгеніңіз жақсы болған. Бірге соғысатын болдық. Дивизия бойынша да біздің батальон жақсы саналады. Біздің командирлер де, жауынгерлер де жақсы. Өзіңіз көрген шығарсыз? Күләнда да айтқан шығар?

— Әркімге үйренген жер жақсы ғой. Мұнда да үйреніп кетермін. Жаңадан келдім ғой.

— Әрине үйреніп кетесіз. Айтпақшы мен сізді бұрын да бір-екі рет көргенмін. Осы жүрердің алдында Ақсай жаққа тактикалық ойынға шықтық қой. Сонда сізді Коростылевтың қасында көріп ем. Есіңізде жоқ па? Бірақ басқа бір бөлімнен шығар деп ем. — Ержан сәл іркіліп қалды. — Ал, жүріңіздер, былай қыдырайық.

— Жоқ, қазір жүріп кететін шығар, — деді Күләнда.

Ержанға кенет бір жақсы идея сап ете қалды.

— Ендеше жүріңіздер. Біздің вагонға баралық. Жауынгерлермен танысыңыздар. Жол көңілді болсын, ән салайық.

— Жоқ. Бізді командир іздейді ғой, — деп тартынды Раушан.

Сөйткенше жүруге сигнал да берілді. Тағы да белгісіз күш Ержанды қыздардың вагонына сүйреп апарды. Ол екі ойлы болып тұрып, қыздардан артта қалып, кейінірек кірді. Мұнысы әрине ыңғайсыздау болды. Бірақ санвзводтың командирі еңгезердей, қайқы тұмсық, қара жігіт Коростылев таныс еді. Ержан соны сылтау етті.

— Қалай жүріп жатырсың, қария. Амандығыңды білуге келдім, Иван Федорович, — деді Ержан қолынан келгенше еркін, салғырт сөйлеуге тырысып.

— Дәрігерлер өз амандығын өздері күтеді ғой. Жоғары шық, жас жігіт, — деді Коростылев жуан дауыспен.

Онша жалпақтай қоймады және «жас жігіт» дегені — «несін жасырасың, қыздарға келіп жүрсің ғой, шырақ» дегенді сыпайы танытқаны сияқты. Ержан енді болмаса шығып кететін еді, құдай оңдап поезд жүріп кетті. Енді тар вагонда көп адамның арасында қыздармен қалай сөйлесудің ретін таба алмады, шала таныс өзгелерімен де шұрқырасып кетуді ыңғайсыз көрді. Бірақ тәлтіректеп жіңішке бөрененің ортасына жеткен адам, қалталақтап шетіне де шығады. Ержан жұрт көзінен қанша қысылса да станцияны, жерді көруге көндіріп Раушанды есіктің алдына әкелді.

— Бүгін менің туған жерімнің тұсынан өттік.

— Сіз осы жерде туып па едіңіз? — деді Раушан Ержанның бетіне қарап. — Әке-шешеңіз қоштасуға келді ме?

— Жоқ. Олар темір жолдан алыс. Хабарлауға болмады. — Ержан күрсіне дем алды. — Бүгін туған жермен қоштастым. Ана қараңызшы, дала деген тамаша емес пе? Көзі жаудырап қалып бара жатыр. Жеңіспен күт бізді, — деп Ержан қолын бұлғады.

— Несі тамаша. Екі күн болды. Түк бұдыры жоқ, іш пыстырып жіберді, — деді Раушан ұнатпай.

Ержан өзіне ұнағанның бәрі Раушанға ұнайды, өзін қуантқан оны да қуантады деп ойлап қалса керек, мына сөз оған тура өз басын кемсіткендей тиді.

— Жоқ, бұл темір жол бойы ғана осылай көңілсіз. Әрегіректе толып жатқан әдемі жерлер бар. Қайыңды, Талды дейтін өзендер, таулар бар, — деді ол бастапқы екпінінен қайтыңқырап.

Раушан да Ержанды ренжіткісі келмесе керек.

— Біздің жер де таулы, өзенді болушы еді. Біздің таулар Алматыдағы таулардай нағыз биік емес те, бірақ одан сұлу.

— Сіз қай жерде тудыңыз? — деді Ержан.

Раушан Шығыс Қазақстанның бір кішкене қаласында өскен екен. Туған жері Көкшетау жақ болса керек. Бірақ ол жерлер анық жадында қалмапты. Әкесі бұдан он шақты жыл бұрын Шымкентте қызмет істепті. Раушанның есінде қалғаны ол шаңы да, жасыл бағы да көп, ыстық қала екен. Содан кейінгі тұрақтап мекен еткені Өскемен маңы. Содан онжылдықты биыл бітіріп Алматыға оқуға келген. Қалада ағайының үйі болғасын ертерек келіп оқу таңдап, дайындалмақ ойы бар екен. Бірақ жұрттың көбі майданға аттанып, өзгелері Отан үшін жан аямай қызмет істеп жатқанда қарап жүрген дені сау жас адам көшеге сыймайды екен. Раушан да ешнәрсені сезбейтін, түсінбейтін баяғының қызы емес, талай кітап оқыған, киноларды көрген. Азамат соғысында әйелдер сондай ерлік көрсеткенде, қазіргі совет қыздары да олардан кем соқпауға тиіс қой. Ағасының кейитінін біліп, оған айтпастан Раушан әскерге алуға сұранып арыз берген. Жеңгесі «ескішілдеу, қазақы» әйел, бұның әскерге алынғанын естіп біраз жылапты. Осылай аттанарда да Раушанды баяғының қызындай көріп: «Әйел жолы тар, қиын болады-ау, еркешім» деп жылаған. Жеңгесі «осы күнгі қазақ қыздарының еркек балалардан кем түспейтінін, олар ұстаған винтовканы бұлар да ұстай алатынын» білмейді екен. Бірақ аздаған ескілігі болса да Сағила жеңешесі өте ақкөңіл, мейірімді жақсы адам екен. Раушан апасы мен Сағиланы аздап сағынып та қалыпты. Ержанның тағы бір білгені — қыздың түпкі ойы санитаркалық емес, барлаушы, не болмаса снайпер болу екен. Бұл жөнінде батальон командирі капитан Арыстановпен де сөйлескен екен. Ол басында балалық көріп сеніңкіремепті де, ойлана келе Раушанның тілегін түбі орындауға уәде беріпті. Тек «азғана соғысып жаттыққанша санитаркалық қызметте бола тұр» деп ақыл айтыпты. Сонымен Раушан санвзводта түпкілікті адам емес. Қыздың тағы бір тілегі осы күні жау өрекпіп келе жатқан батыс майданға Москва бағытына жіберсе деп тілейді екен. Осы араға келгенде оның сөзін Ержан да іліп әкетті. Жас командир стратегиялық жағдайға тоқтала келіп, «біздің дивизияны Москва бағытына салады» деген беделді пікірін айтты. Сөз кезегін алып Ержан да өз өмірінен біраз ақпар беріп тастады.

Күләнда бұларды домино ойнауға шақырды. Ойында Коростылев пен Күләнда бір жақ, Раушан мен Ержан бір жақ болды. Ашық әңгіме екі жастың арасын, көптен бері таныс адамдай жақындастырып тастады. Қазір ойын үстінде де Ержан Раушанға ұрлығы бір, сырлас адамдай құпия пішінмен қарап қояды. «Мыналар отыра берсін, екеуміз білеміз ғой» дегенді айтады — оның пішіні. Payшан қай тастан жүрерін білмей, «шатастырып алсам қайтем» дегендей үлкен қара көзі жаудырап Ержанға қарайды. Ол шыдай алмай ойын тәртібін бұзып, ымдап қояды. «Ну, ну сен екеуің ымдаспай отырыңдар!» дейді Коростылев жуан даусымен. «Екеуің» деген сөз Ержанның құлағына жағып, көңілі жыли түседі. «Раушан, өзіңнің жігітіңе ие бол, кісінің қолына қарамасын» дейді бір кезде Күләнда. «Жоқ, жоқ, қарағаным жоқ. Тек алтылықтың дүплін ғана көрдім» ден күледі Ержан, әлденеге мәз болып. Енді оған жұрттың бәрі мұның Раушанмен танысқанына қуанып қалғандай көрінеді. Әрқайсысы жақсы ниетпен екеуін телін жатыр. Ержан да Күләндаға жаңағы ұнаған сөзі үшін жақсылық еткісі келіп, «ал дүплиться ете ғой» деп, алтылықты баспай, өзін ойнап отырған үштікті жапты.

Ержан өз вагонына жайдары қайтып, Добрушкинді кезексіз нарядтан босатты. Кеште де жауынгерлермен қалжыңдасып, ұзақ сөйлесіп отырын, жолға шыққалы бірінші түн тыныш ұйықтап кетті. Ертеңгісін оянғанда вагон терезесінен қиғаш күн сәулесі түсіп тұр екен. Көлденең төрт қырлы күміс баған тіреп қойғандай. Жауынгерлер де сергіп ояныпты. Ержан жаны жай тауып, рақаттанып жатыр. Сонау бала кездегі ашық түндіктеп биік көк аспанға қарап жатқанындай. Қазір келіп көңіліне құйылатын тағы бір қуанышы бар сияқты. Кеше бір жақсылыққа жолыққан жоқ па еді? Ержанның есіне Раушан түсті. Оның бойында бусанған ағаштың бұтағына келіп қонып көктемді аңсатқан жыл құсындай жас жігіттің көңілін елегізіте еліктірген күш бар. Ержан Раушанды көз алдына елестетіп, қозғалмай біраз жатты. Бірақ бет әлпеті, тұлға пішіні бұлдырап кете берді. Анық бейнесінен айрылып, мұнартып қана көрінеді. Тек домино ойнап отырғандағы бір көзқарасы ғана есінде қалыпты.

Ержан орнынан тұрды. Кенет оны мастықтан айыққан адамның: «Кеше бір нәрсе бүлдіріп қойған жоқ па екем?» деген қуысты күдігі биледі. Расында да, өзін қыз алдында тым ебедейсіз ұстады. Тіпті көп сөйлеп кетті. Өзінің де сондай бір оңбаған мінезі бар, кейде тығылып аузын аша алмайды да, кейде мылжыңдап кетеді. Қыза сөйлегенде даусы да дарылдап шығады. Сондай сүйкімсіз, иә, иә... Бір-екі рет Раушан сөзін бөлгенде де тоқтамай қойды. Сонда қыз ұнатпай қалды ғой. Қыздардан қалып қойып вагонға соң кіргенін айтсайшы. Жұрт мұның не себепті келгенін сезіп ұнатпай қалғандай жәркелештеніп жымиып күлді-ау әлі. Сондағы жексұрын кескінін Раушан көрмеді дейсің бе. Домино ойнағанда да бір көрген адамның алдында орынсыз ыржалақтап кетті. Айтпақшы, кеше ол қызды-қыздымен «мені бастықтардың жоғарылатпақ ойы бар» дегенді айтып салды-ау. Осынысы есіне түскенде жерге кіріп кете жаздады. Таңғы қуаныш улана келіп, енді ішін тырнай барады. Ержан өзін қасиетті, таза нәрсенің алдында ластап алғандай керді. Сөз жоқ, енді көрсе Раушан одан жиіркеніп теріс айналып кетпек.

Осы азабымен арпалысып жүріп, ол аялдамада Раушанды көріп қалды. Жолығуға қанша жүрексінсе де шыдай алмады. Бірақ тура бара алмай қасынан жанап өте берді. Раушан оны көріп жалт қарады да, жайнап, езу тартып:

— Амансыз ба, Ержан, — деді.

— Сәламатсыз ба, — деді Ержан сенер-сенбесін білмей сұлық қана.

Өңінен күлкі сөніп, Раушан Ержанға үрпие қарады:

— Түріңіз жүдеу. Сырқаттанып қалдыңыз ба?

— Жоқ. Жәй, әшейін, — деді Ержан ыржиып. Жігіттің екі езуі құлағына қарай созылып бара жатты.

4

Аттанарда, вокзалға келгенде Көжек қатты елегізіді. Қаншама жан-жағына жалтақтап қараса да таныс ешкім көзге ілікпеді. «Апырмай, Балқияның келе алмағаны-ау, Еркінжанды көре алмай аттанатын болдым-ау» деп налыды. Көжек бір мықтыдан қанша тілек тілесе де, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» ден өзін жұбатса да, алдындағы соғыс деген апатқа сене алмайтын. Өмірінде ауылдан алыс аттап шықпаған адам енді ұшы-қиыры белгісіз соғыстың өзіне кетіп бара жатқанда қобалжымай қайтсін. Қайтып оралғанша кім бар, кім жоқ. Балқияны көргенде, оның Еркінді әкелгенін естігенде Көжек қуаныштан жарылып кете жаздады. Осының өзін жақсылыққа жорып, «апырмай, жолым болар» деді ішінен.

Балқиялар мініп келген ескілеу, қалқансыз кішкене тарантас вокзалдың алдындағы бақтың ішінде тұр екен. Көжек анадайдан-ақ арбаның үстіне орап отырғызып қойған Еркінін танып: «Өй айналайын, құлыным» деп емпеңдей жөнелді. Бірақ ілесе келе жатқан Балқия оның иығынан тартып: «Ибай-ау, алдымен ана үлкен қайнағаға сәлем берсейші». деп, бетін бұрып жіберді.

Кішілеу орақ мұрны шөгіңкіреп қалған, селдір ақ сақалды Жексен қарт күйбеңдеп арбадан түсіп Көжекпен құшақтасып көрісті. Бұл шал, «Екпінді» колхозына негіз болған Мазы руының қазіргі жасы үлкені болатын. Сондықтан да Көжек Жексеннің құшағынан шыға беріп: «Бәсе, мұндарың менің қадірімді білген екен ғой» деп қойды ішінен.

— Шырағым, Көжек, — деп бастады қарт дымқыл тартқан кәрі көзімен Көжекті сынай шолып өтіп. — Аттанады деген хабарыңды естіп тыныш жата алмадым. Дидарыңды көріп, өз қолымнан аттандырғалы келіп отырмын. Сенің де маған бөтендігің жоқ. Өз үйірімде өскен баласың, жаттығың жоқ.

— Рақмет ақсақал, ықыласыңызға ризамын, — деді Көжек, қарияның ниетіне жібіп.

— Жарықтық, Жекең деген ескінің көзі ғой. Алалығы жоқ аға, ақылгөй ұстазым емес пе? — деп қошеметтеді Көжектің жақын ағайыны Бейсен.

Бейсен сөзінің астары: Көжектің әкесі Шөжебай ертеректе келіп Мазы руына сіңіп кеткен «кірме» болатын. Оның мұндағы исі бір ағайыны Бейсен ғана. Сондықтан да колхоздағы кәрілер: «Көжек маңымда ешкімім жоқ, жалғыз екенмін ғой деп налып аттанбасын» деп іштеріндегі ең үлкені Жексен шалды жіберген-ді.

Енді көңілін тежеп, бойын түзеп, Көжек үйреншікті амандық сұрасты.

— Ел аман. Бәрі де саған сәлем айтып жатыр, қарағым. Елдің тілегі сендерде ғой. Мал-жандары аман. Әйтеуір тырбанып жатқан халық та, — деп жауап қайтарды Жексен.

Көжектің алақтап баласына қарай бергенін сезіп ескерімді қария оған рұқсат етті.

— Шырағым, ана жұбайың келіп тұр. Балаңды алып келді. Нәресте ғой, бетінен сүй, — деді аз күйбеңдеп теріс айнала беріп.

Қария сөзінің аузынан шығуы-ақ мұң екен, Көжек әйелінің қолындағы баласын құшақтай алды. Інісінің тым асығыстығы ерсілеу бола ма деген Бейсен баласын сүйіп жатқан Көжек пен қарияға кезек қарап:

— Бала дегенді қойсайшы бұл, адамның бауыр еті ғой. Қайран, артындағы тұяғы емес пе? — деді елжіреп.

Көжек момын, бауырмал адам болатын. Көп қазаққа ортақ бір қасиет — бұл да аса балажан кісі. Оның себебі де бар. Жиырма жасқа шыққанда әкесі бұғап осы Балқияны алып берді. Қой аузынан шөп алмайтын Көжектің еркек жүзді, ер мінезді Балқияға шын көңілі кеткенінің қатар құрбыларының ешқайсысы сезбеді де. Балқия көз тартар көрікті болмағанмен, заманымыздағы қазақ қыздарының ішіндегі еркін мінездісі, өткірі болды. Осы сирек мінезі оны өз құрбыларынан ерек көзге түсірді. Оған көңілі кеткен жігіттер де аз болмады. Кейбіреулері қыздың мінезін ұнатқан болар, ал көбісі-ақ қыздың жайдары, ашық еркіндігіне қарап жеңіл тоят іздеп алуан түрлі сиқырлығының торына ілігіп емескі үмітпен желбуаз болса керек, әйтеуір бұған назары түспеген жігіт сирек болды.

Көрші ауылға Көжек те келгіш болып кетті. Сылтау табылмаған кезде жоқ іздеген болып Балқияның үйіне бір соғып кететін. Бірақ қызға сөз айту тұрсын, қалжың айтуға да батылы барған емес. Ойын-сауықта қатар отырып қалғанда ақырын сыр тартып көргісі келіп Көжек талай оқталды, бірақ Балқияның сайқымазақ жігіттерді өткір қалжыңмен бетке ұрғандай тойтарып, жұртты ду күлдіргенін көріп Көжектің көңілі су сепкендей басылатын. Сөзге жүйрік шешен қыз Көжекті де кейде түйреп алатын. Бірақ бір ғажабы сайқымазақ жігіттер Көжекті әжуалап, кеміте бастаса-ақ тойтарып тастайтын. Өз меншігіндей өзгелердің сықағынан қамқорлықпен қорғайтын. Ауыл жастары бас қосқан ойын-сауықта да көбіне Көжектің қасына отырады. «Көрші алмастыру» ойнында қадалған жерден қан алатын кенедей жабысқақ жігіттер қыздарды салып Көжекті қанша сұратса да ән салып, өнерін көрсетіп, Балқия оны бермей қоятын. Сол жігіттер Көжектен де Балқияны қадалып сұрайтын. Қыз ықыласына жаны риза Көжек оны тіріде берер ме? Бірақ өнері жоқ адамға, ойын тәртібімен дүре соғылады. Көжектің бар тапқаны ыржиып күліп арқасын тоса береді. Қазақ жігіттерінің қалжыңы қандай қатты, іштеріндегі ең қарулысы — сулап ширатып өрген түрме белбеумен керіліп, құлаштап тұрып соғады.

Бір күні жастардың бас қосқан сауығында Балқия тіпті өзгеріп кетті. Ол бірінші сұрағанда-ақ Көжекті беріп жіберді де, Салмұрат деген жігіттің қасына ұзақ отырды. Ол өзі бозбаланың ішіндегі көріктісі болатын. Онымен жарысқа түсуге Көжекте дәрмен жоқ. Тек Балқия екеуінің кейде сыбырға көшіп күле сөйлесіп отырғанын қабақ астынан бақылап, іштен тынғаннан өзге шара қалмады. Ол екеуінің жүзі жадыраған сайын Көжек жүзі түнере берді. Бұл халде ұзақ отыруға шамасы келмей, енді шығып кетуге ыңғайланғанда, жастар шуласып алтыбақан ойнауға шықты. Көжек те сүйретіліп алтыбақанға келді. Бірақ Балқия мен Салмұраттың жұрт көзін ала беріп, оңаша кетіп бара жатқанын көріп, басы ауғандай аңырып солардың соңынан ере берді. Бір кезде: «Жастық дәурен өтеді» деген Салмұраттың сөзі құлағына шалынды. Одан әрі оның Балқияны иығын орай қаусыра құшақтағанын көрді. Енді екеуінің басы түйісіп бірге кетіп барады. Көжек Салмұратты тарпа бас салғысы келіп, ұмтыла беріп, тұрып қалды. Өзінің ана жігітке әлі келмейтіні есіне түсіп, әбден ыза болды. Ақыры «мейлі, қалағаны сол болса» деді де алтыбақан құрған жерге қайтты. Мұны елеген адам болған жоқ. Көжек шеткерірек отыра кетті. Шолпы сылдырын естіп жалт қарағанда ай сәулесімен қылаңдап жүгіре басып келе жатқан Балқияны көрді. Көжек орнынан атып тұрды. Балқия оған қараған да жоқ, бір құрбысын алды да үйіне қарай кете берді. «Балқия алтыбақанға кел» деген біреуге, қайрылмастан «басым ауырып тұр» дей салды. Не істерге білмей қалтиып тұрған Көжек Балқияның қасындағы қыздың: «Ибай-ау, көйлегіңнің жеңін кім жыртқан» дегенін естіді. «Несін сұрайсың, өз құнымның арзан екенін жаңа білдім ғой» деді Балқия күйініп.

Көрмеде байлаулы тұрған атқа қарай кетіп бара жатқан жігіттің Салмұрат екенін Көжек білді. «Әй, қор болып-ақ біттім ғой, қолында өлейін сол иттің» деп Көжек солай қарай жүгірді. Атының тізгінін шешіп алып, үзеңгіге аяғын сала берген Салмұрат «саған не керек?» деп Көжекке жалт қарады. Көзінің асты қарайып кетіпті. Көжек іркіліп қалды. Анау атына мінді де, артына ұрлана бір қарап, жорта жөнелді.

Арада бір жұма өткесін Көжек жолы түсіп Балқияның жолының үстімен жүрді. Күн ыссы, шөлдеп қалса керек, шеткі үйден сусын ішіп кеткісі келді. Балқия үйде жалғыз екен. Көжекке онша жалпылдай қойған жоқ. Бір уақытта үлкен тостағандағы қымызды тауыса алмай ұзақ ішіп отырған Көжекке:

— Немене осы ауылға бос салпылдап келе бересің. Одан да құдалыққа кісі жібермейсің бе? — деді әмір ете сөйлеп. Айттырып қойған жерім жоқ, сенің де құда түсіп өткізіп қойған малың жоқ көрінеді. Маған күйеулікке жарайтын сенен пысық жігіт көре алмай жүрмін, — деп қызара бөртіп, күліп жіберді.

Мұнысы қыздың мазағы ма, шыны ма, Көжек оны айыра алмады. Тек қысқа қоштасты да тура ауылына қайтты. Бірақ өзінше батыл байлам жасады.

Әкесіне келіп:

— Бөкенбайдың қызына көңілім кетті. Қыздың өзі де кет әрі емес.. Құда түскен жері жоқ көрінеді. Соған құдалыққа кісі жіберсеңіз, — деді.

«Осының өзі ынжық болмаса не ғылсын» деп жүрген әкесі баласының сөзіне риза болып және «сол баланың өзін отты деуші еді, Көжектің де жібін ширатар» деген ойға келіп, қолындағы үш-төрт тұяғының екеуін атап құда түсті.

Осылай біреуді күлдірген, біреуді таңдантқан Көжек пен Балқия өмірі басталды. Бір-екі жылдан кейін Көжектің әкесі қайтыс болды. Қолдағы бір сиыр, бір ат өзге кәсіп болмағансын күн көріске мықты тірек бола алмады. Балқия Көжекке «арланбай, жалға бар, еңбек етіп күнелткеннің айыбы жоқ» деді. Сөйтіп Көжек жалданып мал бақты. Арада алты-жеті жыл өткесін қазақ ауылы колхоз бола бастады. Конфискадан үлесіне мал тиіп қоңданып қалған Көжек «арты қалай болар екен, ақысын аңдай тұрсақ қайтер» деп еді, «қимайтын қайбір тасып бара жатқан дәулетің бар еді, көппен бірге көрген ұлы той, біз сияқтылардың қолы осы» деп Балқия колхозға кіргізді. Әрбір жаңа үлкен істің бастамасы сияқты колхоз өмірі де азғана сықырлап барып арнасына түсті. Дау-далаба, билікке жоқ болғанмен шаруаға құнтты, іске ұқыпты Көжекке колхоз өмірі ұнады. Келе-келе етене үйреніп, басқаша өмір сүруге болады деп ойламады да, жұртты шулатып көзге түспегенмен, кәдімгі жақсы малшы болды. Колхоздағы тиімді еңбектің бірі осы еді. Еңбеккүні де өнімді, төлді аман өсіріп жыл сайын мал да алады.

Көжектің кемеліне келген өмірін ойсыратып тұрған бір арман бар еді. Он бес жыл отасқанда әйелінің өкшесі қанап көрмеді. Баланы от басының қызығы дегеннен анағұрлым артық бағалайтын Көжектің бар тілегі бір перзент болды. Балажан ол көршілердің балаларын маңдайынан иіскеп, еркелеткенде көзіне жасы іркіліп те қалатын. Балаларын қарғап-сілеген әйелдерді көргенде «тәйт әрі, жаман сөз айтпа сәбиге, тұқымың құрғыр деген жаман сөз» деп қатты кейитін.

Алғашқы кезде өзінің осы ауыр уайымын әйеліне айтуға бата алмай жүрді. Келе-келе ептеп сыр тартып:

— Біздің бір томпаңдаған баламыз болар ма еді. Шіркін, жас иіске не жетсін, — дейтін болды.

Балқия онысын елемеген болып:

— Қойшы, тәйірі, қоянның баласы жасың жетіп қартайып отырмысың, болат-тағы, несіне асығасың. Игіліктің ерте-кеші жоқ, — дейтін.

Бірақ бір перзенттің зарын молырақ тартқан Көжектің аузынан бір күні «бедеу қатын» деген сөз де шығып кетті. Осы сөзді естігенде әшейінде Көжекке әмірі үстем Балқия бір түрлі жүдеп, кішірейіп қалды. Кейінгі кезде баланың зарын көп тарта бастаған Балқияға бұл сөз аса ауыр тиіп, көзіне жас алды. Көжек өмірінде көзіне жас алмаған әйелін қатты аяп кетіп, қолынан келгенше жұбатқан болды. Бірақ Балқия өксіп, жылап жіберді.

— Білмей жүр дейсің бе? Құдай қу маңдай еткесін мен қайтейің, — деді.

Көжек ақыры күдерін үзгендей болды да, осыдан кейін әйеліне бала жайлы сөз қозғамайтын болды.

Сөйтіп жүргенде бұдан екі жыл бұрын Балқия құрсақты болып, Көжекке шекесі торсықтай бір ұл тауып берді. Қуанғаннан жарылып кете жаздаған Көжек қысырдың тайын сойып бүкіл колхозды шақырып той жасады. Әйелінің белін тартқан, о жер, бұ жерін сипаған, баланы жерден көтеріп алған, кіндігін кескен, шомылдырған, сүйінші сұраған, бесікке салған, құттықтап келген, қысқасы — атам заманнан келе жатқан алудың алуан амалынан түк қалдырмаған көп қатындар Көжектің үйінде де ешнәрсе қалдырмады. Қойшының өз меншігіндегі малы да қатты ортайды. Бірақ Көжектің үйі енді ғана толды. «Төрт Құбылам түгенделді, енді аяйтын ешнәрсем жоқ» деді Көжек титімдей ғана көйлек тігіп, құттықтап келген қатынға үстіндегі күзен ішігін шешіп беріп жатып.

Баланы анасынан артық Көжек бақты. Бос уақытындағы бар ермегі сол болды. Бала ұйықтап жатқанда да бесігін ашып мейірлене қарап: «Ө-ой, әйнәлайын, жатысын қарашы маңқиып, өзімнен аумапты» деп баланың маңайынан кете алмайтын. Бір-екі күн түзде болып қайтса, екі-үш ай көрмегендей баласын қолынан түсірмейтін. Әскерге алынған екі-үш айдың ішінде Көжектің Еркінін қаншалықты сағынғаны белгілі болар.

Уылжыған нәрестені қанша сүйсе де Көжектің мауқы басылмады. Тосырқап қалған бала алғашқыда аздап жатырқаса да үйрене келе әкесін таныды. Кіп-кішкентай саусағымен жағын сипалап, мұртынан тартқан кезде Көжектің іші-бауыры елжіреп кетіп, бұрынғыдан да құмарлана сүйді. Монтиған өндірдей қара баланың топ-томпақ үлбіреген беті бетіне тигенде Көжек оны ынтыға қысып, ұзақ уақыт тұрып қалды. Нәрестенің жас иісін қолқасына сіңіре жұтады. Көжектің көзінен бір-екі тамшы жас үзіліп түсті. Балқия баланы алайын деп қолын созғанда Еркінді ұсына берді де, қайта тартып алып көкірегіне қысып өксіп-өксіп, ақыры солқылдап жылап қоя берді. Балқияның да көзіне жас келді. Бірақ ол сабырлық етіп:

— Ренжіме, қоянның баласы ғой. Бетім-ау, жұрттан ұят қой. Оның не еркек басыңмен, — деп жұбаныш айтты.

Қария көргенділік етіп, Көжектің көз жасын байқамай, арбадағы қапшықтың аузын шешіп жатты.

— Қайран бала десейші. Қиын ғой қанша айтқанмен, — деп күрсінді Бейсен.

Көжек теріс айналып көзін сүртіп, көңілін басқан кезде Бейсен:

— Көжекжан, қарияның қолынан дәм тат, — деп шақырды.

— Кел, қарағым Көжек, қайсымызға батпайды дейсің, — деді Жексен қарт. — Кел. Сенің жолыңа жұбайыңның шалған бозқасқасы ғой. Ауылдың үлкен-кішісі ауыз тиген. Кел, батамды берейін.

Азғана ауыз тигендері болмаса жұрттың асқа зауқы болмады. Тіпті «қазанның тамағынан қоқылтақсып қалған» Көжекке де ас батпады.

— Айтпақшы... Осы заманның қонақасысының үлкен сыйы бар еді ғой, Бейсен-ау, әлгі соныңды шығарсайшы. Ішіңдер, қарақтарым, — деді Жексен.

Кішкене арақ ішіп, көңілі орнына түскесін Көжек cөз бастады.

— Өзім болсам жүріп барам, Жеке. Үйімде қалған азаматым да жоқ. Қанша айтқанмен әйелдің аты әйел ғой. Кішкене балам мен әйелім сізге аманат, Жеке.

— О не дегенің, Көжекжан. Артыңда қалың елің бар емес пе!? Атадан жалғызбын дегенмен бәрі де етене бауырың емес пе!

— Шіркін, жөн білген кісінің сөзі осы ғой, — деп құптады Бейсен.

— Балаларға балалық істетпеспін. Қайсы болса да мені табады ғой. Асып қайда кетуші еді. Өзім бас-көз болам. Артыңа қарайлап көңілің екі болмасын, Көжекжан. Тыныш аттана бер. Ел тілегі өздеріңде, жолың болсын, — деп Жексен қарт бетін сипады.

Манадан әдеп сақтап әңгімеге араласпай отырған Балқия тыпыршып:

— Әрлі-берлі гүрсілдеп жүріп жатыр. Қоянның баласы-ау, сенің бәгонің де жүріп кетер, — деді.

Оның сөзінің аяғын паровоздың шұбалаңқы ащы айқайы көміп кетті.

— Көжекжан, біраз кідіріп қалдың. Сол жаққа барғаның мақұл болар, — деп қария да рұқсат етті.

Көжек Жексенмен қоштасып вокзалға қарай беттеді. Бұлар перронға шыққанда жолдың бұрылған шетінде поездың құйрығы көлең ете түсіп көрінбей кетті.

Жаңа ғана ұлы сапарға аттанар алдындағы сезім мен жұрт қошаметі марқайтып іріленіп, перронға салмақты басып шыққан Көжектің жүні жығылып қалды. Біреу тас төбесінен мұздай су құйып жібергендей, аз уақыт не болғанын түсінбей, сілейіп тұрып қалды. Әйтеуір бір зор кесапат үстіне құлаған сияқты. Сәлден кейін барып поездан қалып қойғанын, өз бөлімінің жүріп кеткенін ап-анық түсінді. Енді өкініштің ащы уы тұла бойына тарап күйдіріп барады.

Адам деген қызық қой. Жаңа ғана Көжек баласы мен әйелінің қасынан кеткісі келмей, солардың қасында бір минут артық бола тұруға барын берер еді, енді өз бөлімін қуып, осы арадан тезірек кетуге мал-жанын берердей халге түстi. ІІІынында да қиын екен. Қанша қимастық етсе де Көжек енді ауыл адамы емес, әскердің, майданның адамы. Әзірге өзінің ескі үйіріне қосылатын жол кесілген, ал жаңа үйірінен қалып қойды. Сөйтіп қазір анда да, мұнда да жоқ, далада қалды.

Түн ортасы ауған кезде Көжек қызыл вагонда келе жатты. Вагон бекітулі. Көжек вагонның алдыңғы жағында — сыртта отыр. Шинелі, қапшығы эшелонда кеткен. Қолында Балқия әкелген түйіншек қана бар. Жұқа гимнастерка поездың алдынан соққан суық желге төтеп бере алар емес. Әзірге төтеп беріп келе жатқан ыссылы-суыққа үйренген қойшылығы ғана. Тісі сақылдап, қалшылдай бастады. Оның үстіне ішті кемірген суық ойлар да мазаны кетіріп барады.

Көжек өз қамымен қоса Ержанның да жағдайын ойлады. Ержанның Көжекті қалай көретінін кім білсін, ал Көжек болса Ержанды командир ғана санамай, аса іш тартып жақын інісіне балайтын. «Апырмай, өз обалым өзіме, бәрінен де баланы ұятқа қалдырғаным жаман болды- ау, тегі» деп қиналды ол.

Шамасы кейбір кісілерге кейде арқасынан қағып еркелеткен адамнан гөрі, көбірек төмпештеген адам ұнайтын болса керек. Көжек бұрын армия қатарында болмақ тұрсын, әскери форма киген адамдарды да сирек көрді. Соңғы жылы малыңды иттен, құстан сақта деп басқарма ескі шиті мылтық беріп еді, оны да арқасына ілгені болмаса атып көрген емес. Әскер ойыны оған өте ауыр тиді. Қатып кеткен тіл, мылтық бөлшектерінің орысша аттарына илікпесе, ен далада еріншек басқан аяқ әскери қадамға да илікпеді. Сондықтан да мұның иін түсіргенше Ержан, Зеленин, Добрушкин үшеулеп қуалады. Үшеуі де әбден ыза болатын. Зеленин былай төзімділеу де, ал Добрушкин Көжектің кещелігіне ыза болып кетіп: «Тьфу, чучело! Это тебя бог послал ко мне, за мои грехи!» деп айқайлайтын, не болмаса «Да ну тебя! Поедешь на фронт, так для счету. Все равно тебя кокнут как пить дать! Умереть оно даже лучше без строевого шагу. Искреннее. Иди к черту, отдыхай!» деп қолын бір-ақ сілтейтін. Көжектің бұдан ұғатыны: «Шошәла» деген орыстардың огородындағы құс үркітетін қарақшы. Өзге жағын да Добрушкиннің қолының қимылы мен бетіндегі құбылыстан едәуір аңғарып қалады. Өзінің қараңғылығына, оқытпаған ата-анасына налиды.

Мұнымен көбірек те, төзімдірек те әлектенген Ержан болды. Көжек оның бойындағы педагогтік қасиетін аңғартуға себепші болды. Ержан винтовка, пулеметтердің өзара жалғасқан сан алуан бөлшектерінің бір-бірін қимылға келтіретін қилы, қиын тәсілдеріне қарапайым мысал тауып, түсінікті тілмен Көжектің миына құятын. Ол тактикалық өнерді де Көжектің қарапайым ұғымына жол тауып жеткізе білді. «Анау, Дорбошкін сұйық қой, оның оқуы жұқпайды, тегі осы баланың оқуы қонымды» дейтін Көжек Қартбайға.

Оқытушылықтың қызығына түсіп алған Ержан, әрі білімі кеміс болғандықтан, өзге жұрт демалып жатқанда Көжекті бөліп алып үйрететін. Ержан оны елден ерек азапқа салса да Көжек ренжи қоймады. Ол өзінің едәуір жасаған ішкі тәжірибесімен Ержанның қанша қатал болса да мейірімді жігіт екенін ұқты. Кейде Ержан қатты ыза болып кетіп, қанша қатты кейіп, сөксе де «баланың ашуының арты ашық» екенін біліп, көңіліне ауыр алмайтын. Осылай үйрене келіп Көжек Ержанды іш тартып, жақсы көріп кетті. Мүмкін өзінің орындалмай, қолы жетпей қалған арманының іске асқанын содан көрді ме? Әйтеуір «тірі болса адам болайын деп тұрған бала» дейтін ішінен. Ержанның Көжекті қалай көретінін кім білген, мүмкін оны боксерлердің жұдырығын үйрететін қапшығы сияқты, өз үйреткіштігін көрсететін әскери аспап көрсе де өзі білсін, бірақ Көжектің Ержанға деген ықыласы мол жатыр.

Поезд таң алдында үлкен станцияға келді де, шегеленгендей тұрып қалды. Көжек жерге түсіп, азғана бой жылытып жүрді де, вокзалға барды. Есік алдында дежурный болса керек, егде тартып қалған қазақ әйелі тұр.

— Келін, мына поезд ұзақ тұра ма? — деп сұрады, ішінен: «шамасы жеңге боларсың-ау» десе де. Көжектің де өзіне шағын азғана қулығы болатын.

— Анау тауарни ма, ол бір сағат тұрады, — деп жауап қайырды әйел.

Вокзал іші қара көлеңке. Бұрышта скамейкада қисайып үш-төрт әйел мүлгіп отыр еді. Көжектің даусынан оянып кетті.

— Майданға жүріп бара жатыр едім.

— Е-е, жолдарың болсын. Ер-азамат кетіп жатыр ғой. Менің де қайным кетті.

— Бір тапсырмамен кейін қалып қойғаным. Осы арадан әскер тиеген шалон қашан етті? — деп сұрады Көжек.

— Кешеден бері өтіп жатыр ғой, — деді әйел. — Соңғысы өткелі — алты сағаттай болып қалды.

Көжек азырақ ойланып тұрып:

— Таң суық екен. Тоңып қалғаным. Ыстық су жоқ па? — деп сұрады.

Ұйқылары ашылып әңгімеге мойнын созып: «беу» деп ернін сылп еткізіп отырған әйелдер енді жалпылдап қалды.

— Неге болмасын!

— Сыртта крантта ыссы су бар.

— Жәнипа, сен барып әкеле ғой. Мә шәйнек.

— Әй, Мағрипа, манағы поездан сатып алған ындын шайыңды баста.

Сәлден кейін Көжек сұйқылтым қызыл шайды сіміріп, үш әйелдің ортасында шалқып отырды. Үйдің шайындай қайдан болсын, бірақ әскердің шайынан кем емес. Бойы жылып, аз да болса ауыр ойынан сергіп, терісі кеңіп қалды.

Бір бүйірдегі есіктен Зеленин шыға келді. Көжек көзі алақандай болып, сәл аңтарылып қалды, орнынан ұшып тұрды.

— Өй, тәуаріш сержант! Ви тоже остал. Я тоже остал. Вы зпаишь. Месті боедім, — деп әскери тәртіпті ұмытып, Зелениннің жеңінен ұстап сілкілей берді.

5

Соғыс алуан түрлі адамдарды араластырады. Бұрын көп адамның-ақ белгілі бір дос, таныстары, туыстары, жасынан көріп келе жатқан үйреншікті дүниесі болушы еді. Әлдеқандай бір кеңсе қызметкері азғана көңілдестері мен қызметтес достарын ғана білсе, өзге халықты көшеде, не жол үстінде көрсе, немесе колхозшы өз колхозының шаруаларын ғана білсе, өзге жұртпен бір жаққа барғанда, қалаға келгенде қысқа танысса, қазір солардың бәрі сапырылысып, араласып, бірге терлеп окоп қазып, бір котолектан ас ішеді. Әртүрлі дағдысы, мамандығы бар, алуан кәсіп адамдары бір мамандық, бір кәсіпке көшеді. Тағдыры, тілеуі ортақ болады. Кісі ойламаған адамына жолығып, ойда жоқта дос болады. Осылай әскер өмірі Бондаренко мен Добрушкинді екі қиырдан кездестіріп, басын қосты да, Добрушкин арқылы бұларға Бөрібай Еспаевты жалғастырды. Бұларды кәдімгі жұрт көріп жүрген дос деп атау да қиын, бірақ үшеуі тебісіп жүріп-ақ бір-бірін қиыспайды.

Бондаренко мен Добрушкин екі түрлі адам. Бондаренко қылтың-сылтыңды білмейтін, жібі түзу, өмір жолы айқын, ұстамды адам, ал Добрушкин болса алаяқтың өзі, онысынан әскерде де арыла алмай келеді.

Иван Бондаренко ата жолын қуып келе жатқан нағыз момын да, мығым шаруа. Оның әкесі ол тумай тұрғанда көшіп келіп Жетісуды мекен еткен. Бірақ жаңа қонысқа келгенмен қоңданып кете алмады. Басында жер алғанмен құрал-сайманы, көлігі, баспанасы болмады, содан қарызданып жүріп шырмалып қалды. Ертерек келіп еркін жерді мол қарпып алған қазақ байларына жалшы болды. Кішкентай Иван жөнді мектеп көре алмай ертерек жұмысқа араласты, әкесіне көмекші болды. Сөйтіп ол жасынан-ақ қылтың-сылтыңы жоқ ауыр, адал еңбекке тәрбиеленді. Онша көп ақылды болмағанмен шексіз адал, діншіл, үй ішіне қатал әкесі өзі білген өмір сүрудің адал жолын бұған мықтап ұғындырды. Иван әкесінің ізімен өзіне негізі берік, мығым өмір жасап алды. Жиырмаға жеткесін өз деревнясындағы нағыз шаруақол, жібі түзу Дуся дейтін қызға үйленді. Жұртпен бірге колхозға кірді. Он жыл бойы сол колхозда ел қатарлы жұмыс істеді. Абыройсыз болған жоқ. Өсіп келе жатқан үш баласы бар. Ешкімнен кемдігі жоқ. Ол өз өмірін басқа біреудің жаннат тұрмысына айырбастамақ емес.

Ал Добрушкиннің отыз бес жылдық өмірі Иван өміріне қарама-қарсы, бірде көтеріліп, бірде төмендеп иретіліп, бұлғаңдап келеді. Ол ата-ана дегенді көрген де емес, олардың қандай болатынын да білмейді. Өзі де әке болып көрген жоқ. Добрушкин жасынан Копилкин дейтін ұсақ бакалейші саудагер жамағайынының қолында болды. Копилкин оны оқуға берген жоқ, қолбала есебінде ұстап, өз саудасына көмекші етті. Бірақ мектепке бермегенмен өз білген өнерін оған үйретіп-ақ бақты. «Менің фамилиям нағыз дұрыс фамилия. Өз сырыма лайық, — дейтін ол. — Ал сенің фамилияң іске алғысыз. Сондықтан да сенің әкең жарымай өтті. Адамға адам мейірімді бола алмайды. Бірақ сенің өзің ақылды болсаң — бұл фамилияның пайдасы да бар. Ол өзі кісіге тәуір қалпақ пен галстук сияқты. Пайдалана біл». Бұл сөздерді кішкене Максим Добрушкин ақылы жеткенше ұғына да білді. Копилкиннің әйелі де өзіне сай сырт көзге момын, құдайшыл болатын да, қолға түскен тиынды енді қайтып шықпастай тереңге тығатын. Өзге жұртқа күйеуімен қосылып «жоқшылығын саудадан ылғи зиян шегетіндерін» айтын зарлауық болатын. «Сауабы тие ме деп ол баламыздай етіп жетім бағып отырмыз, сонда да құдай саудамыздың сәтін бермей-ақ қойды» деп сарнайтын.

Расында Копилкин қаншама жымысқы қу, қалтыраған сараң болғанмен үлкен байлыққа жете алмады. Ол өзі ұсақ қулыққа, тиындап жинауға жаратылған, құлашы тар сорлы еді. Қолындағы ақшасын түгел салып үлкен операция жасауға жүрегі дауаламайтын. Максимға оның сараңдығы жұқпаса да сауда-саттықтағы біраз тәсілі жұқты. Ол ебін тауып кісінің ішіне кіріп, ақыры байқаусыз қатырып кетуді де Копилкиннен үйренді, соны қожасына да бір рет жақсылап қолданды. Максим Копилкин дүкенінің пасханың алдында түскен үш күндік мол қаржысын қойнына тығып алды да, өзін мезі еткен жексұрын үйден тайып тұрдым. Ол бір қаңғырып жүрген циркке ілесіп біраз қалаларды шарлады. Алғашқы балалық қызығы басылғасын циркті де, ұнатпады. Олардың өздері де ақшаға жарымайтын сорлылар екен, бір қу клоун мұның ақшасының исін сезін қалып, ақыры оны да тауысып тынды. Сонымен Максим циркті де тастап қаңғырып кете барды. Сөйтіп жүргенде мұны балалар колониясына орналастырды. Бірақ ол кезде ересек болып қалды да көп оқи алмады. Оның үстіне қаңғырып үйреніп қалған нәрсе ұры балалардың компаниясына түсіп қалды. Сөйтіп оқуды да тастап, жасы он сегізге келгенде тағы да жортуылға шықты. Бір қалада ұсталып, екі жыл отырып шыққасын «бұл кәсіп болмайды екен» деп, жұмыс істеуге кірісті. Бірақ басында бір қыры қашқасын қиюы келмейді екен. Елде алып құрылыстар салынып, үлкен жұмыстар істеліп жатқанмен Добрушкин өмірдің қалың ортасына кіріп кете алмай, қайдағы бір қалтарыстарды сағалап жүрді. Бірде курьер, бірде арбакеш, бірде жүн-жұрқа жинайтын агент болды. Және маңдайына баттитып жазып қойғандай мұны бірден танып қайдағы бір суық қолды, сұғанақ бастықтар өзіне үйір етіп ала қоятын. Біраз уақыт ол склад бастығы болып істеді. Бұл қызметте қас қылғандай айлық аз болады екен де, көз алдыңда жайнап тұрған дүниеліктер көп болады екен. Ал Добрушкин көзі көріп тұрған нәрсені қолымен ұстамауға шыдамайтын. Және Бобкин дейтін бастығы да «усушка, утрушка» деген нәрселердің болатынын, қойма болғасын оның ішінде қаптесер, егеуқұйрық дейтіндердің ін қазатынын ебін тауып ескертті. Әрине ол жағынан Добрушкиннің өзі де қара-жаяу емес-ті. Бірақ Бобкиннің өңеші тым кең екен. Максим тағы да бір-екі жыл сүңгіп шықты. Одан кейін қайтадан арба айдап, тағы да бір сәті келіп ел аралап ойын көрсететін труппаға администратор болып істеді. Ақыры алдыңғы жылы Алматыға келді. Сібірде жүргенінде біреулер «Алматы деген жұмақ, ең болмай қалғанда оның алмасын жеген адам да ашықпайды. Алма деген көшенің екі жағында жайқалып тұрады. Және жылы жақ, кісі қыс киімге де шығындар болмайды» деп мақтап еді. Алматы онша жаман жер емес екен. Бірақ, Добрушкин қанша қадағалап қараса да көшеде сауылдап түсіп жатқан алманы көре алмады. Біраз сенделіп жүріп ол тым болмаса тартатын темекім пұлсыз болар деп темекі фабрикасына жұмысқа кірді. Талай қалаларды шарласа да бір жерде қайтып оралатын тұрақты мекені болмай, неше түрлі адаммен жұмыс болса да жанашыр жақын досы болмай, ауыр еңбек істеп азапқа түспей, тұрлаусыз жеңіл кәсіптен рақат таппай Добрушкин өмірдің өгей баласы боп бұралқы тұрмыс кешті. Өзі де осы өгейлікке, қоңылтақ өмірге үйреніп кеткен сияқты.

Бір-екі рет ол әйел алып үй болуға ниет етіп көріп еді. Оның да сәті түспеді. Алғашқыда сол Бобкиннің қарауында завсклад болып жүргенде Клава дейтін бір момын қызға үйленді. «Осы жортып үйренген желаяқ бір күні тайып тұрмасын» деген ниетпен оның үйленуіне Бобкин де себеп болды. Басында мұның семьялық өмірі онша жаман да болған жоқ. Әйелі барын дайындап, асты-үстіне түсіп «Максимушкалап» тұратын. Бірақ біраздан кейін күн сайын бір ырғақтан аумай, мүләйімсіп, созылып айтатын «Максимушканың» өзі жалықтыра бастады. Және еркіндікке үйренген Добрушкин азғана ақша жұмсап қойса да «ертең қайтеміз, біздің тіпті қияр тұздайтын кадушкамыз да жоқ қой» деп сарнайтын болды. Бобкиннің бір пәлеге бастап бара жатқанын сезіп Добрушкин тайғысы келіп еді, «үйренген, орын тепкен жерден қайда барамыз? Белгісіз жерде халіміз не болады, ең аяғы кадушкаға дейін қайтадан сатып алу керек» деп зарлап аяғына оралғы болды. Добрушкин бұл әйелін: «былжырақ» деп атаған. Кейін түрмеде отырып сол «былжырақтан» ертерек құтылмағанына өкініп, бармағын шайнады.

Одан кейін облыстық қаладағы филармонияның жанынан еркіндеу құрылған труппаға администратор болып жүргенде Ираида Ранет дейтін бишіге үйленді. Оның аты мен фамилиясы да, беті мен ернінің қызылы, шашының бұйрасы, қайқиған ұзын қара кірпігі сияқты өзінікі емес, ол жанын салып, буылтықтау қысқа сирағымен қызмет еткен искусствоныкі болатын. Өзі бұл әйелдің нешінші байы екенін Добрушкин білмейтін, егер жаңылып қалмаса оны Ранеттің өзі ғана білуге тиіс. Бір рет Максим одан «бұрын неше байға тидің?» деп сұрап еді. Ранет мұрнын шүйіріп: «Глупый вопрос! Әйелден ондай нәрсені сұрамас болар, көргенсіз», — деп кейіп тастады.

Өзінің табынушыларына әмір етіп үйреніп қалған Ираида Добрушкинді де ұршықтай иіріп бақты. «Хелло, Макс!» дегенде күйеуі тезірек жаyaп бермесе де пәлеге қалатын. Ираиданың және бір ғажап мінезі жоқ нәрсеге ашуланатын да: «Ах, изверг! Қанішер!» деп Добрушкинді жақтан тартып жіберіп, сол сәтте өзі талып түсіп шалқасынан құлайтын. Оған есесін қайырудың орнына Добрушкин су бүркіп, орамал желпіп әлек болатын. Бірақ Ираида ашуынан тез қайтатын да, күйеуіне қатты ықыласы түсіп кетіп, сүліктей бүкіл денесімен жабысып, құшақтап, сүйіп тістелеп тастайтын. Бұл мінезі еш нәрсе етпейтін еді, Ираида актрисаға асыл киім, бұйым керек деп Добрушкиннің еңбегі мен ебін аямай жұмсап бар тапқанын сығып алды. Содан кейін ол, «қой, мына қаншықтан құтылмай болмас» деп, ол труппадан да тайып тұрды.

Екі рет жолы болмағасын Добрушкин «семья деген де маған қол емес нәрсе шығар» деп қолын бір-ақ сілтеді.

Добрушкин тек пайдаға ғана құныққан нағыз топас адам емес-ті. Бірақ ол өмірдегі нәрсенің бәріне өз тұрғысынан қарайтын. Адам баласының ойлайтынын өз басының қамы, «балық тереңді, адам оңайды іздейді» деген ұғым оның миына едәуір тереңдеп сіңіп еді. Өмірде жанашыр жақыны болып көрмеген ол ешкіммен сырласпайтын. Егер оның ішінде жатқан бір нәрсе болса онысы жұрт көзі өтпейтін қалың қабыршақпен қымталып қалған.

Неге екені белгісіз осы Добрушкин мен Бондаренко екеуі бір-біріне үйіріле кетті. Добрушкиннің алдымен назарын аударған Бондаренконың бүкіл кең иықты дембелше берік тұлғасынан ескен байсалды сабыры мен салмақты мығым күші болды. Оның әр қимылы сардарлы, сараң бірақ сондай сенімді, мығым келеді. «Мынау бір өмір бақи именбей басып келе жатқан алаңсыз, маңғаз болар», деп ойлады Добрушкин. Одан кейін-ақ өзінде жоқты осыдан көріп, бір түрлі қызыға бастады. Тіліп безеп қағытып, қанша тартыншақтаса да белгісіз күш өзін осы адамға қарай итере түседі.

Бондаренко өзінің бойына сіңген шаруа мінезімен қаланың «қуларына» сенімсіздеу қарайтын. Олардың парықсыз, жеңіл өмірін іштей қағыта жүретін. Бірақ оның бойына сіңген адамға деген ерекше ынтықтық бар. Әрбір тосыннан көрген адамын зерттеп, қуақы өткір көзімен кеудесін тінтіп, алақанына салғандай салмақтап көретін. Ол Добрушкинді «ой, сенің өзің парықсыз, жеңіл өмір сүрген тиянақсыз қу боларсың» деп топшылады. Жақынырақ танысқан сайын ол жорамалы расқа шықты. Дүниеде өз өмірін адамға нағыз лайықты, адал, дұрыс өмір деп білген ол, осы жасқа дейін құмға құйған судай дүниеде ізсіз, дерексіз келе жатқан Добрушкинді аяды. Қанша қыршаңқы болса да Добрушкиннің зәрі жоғын сезіп, мұжықтық қыңырлықпен оған өзі білген өмір жолын ұғындыруға тырысып келеді. Бірі сержант, бірі жауынгер болғанмен, Бондаренко Добрушкинге тікелей бағынбағасын екеуі әзілдесе береді.

Купциановтың «к чему это, перед смертью не надышишься» дегеніне қарамай жолға шыққан Мұрат вагон ішінде де оқу жүргізген. Бірақ уақыт мол. Әңгіме айтуға да, ән салуға да жетеді. Қазір де екі қолын басына қойып сәкінің үстінде шалқайып жатқан Добрушкин қасында отырған Бондаренкомен «керілдесіп» келеді.

— Көрдің бе, мұжық. Неше күн заулап келеміз. Әлі жердің шеті көрінбейді. Дүние деген кең — дейді Добрушкин Бондаренкоға иек қағып. — Көріп қал реті келгенде. Соғыс біткесін сені Дусяның юбкасынан жұлып алу қиын болады.

— Немене, мен даланы көрмеппін бе? — дейді Бондаренко Добрушкиннің мазағын елең қылмай, — Жердің бәрі жер. Тек оны көркейтуге адамның қолы керек. Жердің көркі адам. Жерге тамырын терең жіберген өсімдік керек, жел айдаған қаңбақтан береке жоқ.

— Дұрыс айтасың, — деп Бөрібай басын көтеріп алды, — Қаңбақта ерік жоқ. Ұшарымды жел білсін, қонарымды сай білсін дейді.

— Адамда да ерік жоқ. Кісінің тағдыры өз қолында емес, — дейді Добрушкин, самарқау тіл қатып.

— Сені ғана қаңбақтай ұйтқытып тағдыр қуалап жүр. Ал, берекелі адамның өз билігі өзінде. Өмірін өзі басқарады.

— Әй, қойшы, Иван, мінекей жел соғып еді, сен де ұшып бара жатқан жоқсың ба?.. — деп дауласады Добрушкин.

— Жоқ, бұл басқа статья, — дейді Бондаренко байыптап, түсініктірек болу үшін саусағын шошайтады. — Бұл жел емес, бауырым. Мұның атын сұрапыл дауыл дейді. Бірақ бұл да бізді түбірімізбен жұлып кете алмайды. Қайтып ораламыз мекенімізге.

— Дусяға десейші.

— Иә, Дусяға. Оның несі бар. Менің жаман қатыным сияқты болса да, әйтеуір күтетін адамның бары жақсы.

— Дұрыс айтасың, Иван. Менің де қатын, балам бар. Жалғыздық жаман болады. Добрушкин, сен осы күнге дейін неге үйленбегенсің, ә? Дұрыс емес, — дейді Бөрібай. Ол бұл екеуінің дауын онша көп түсіне бермегенмен, реті келген жерде бір қыстырылып қалатын.

— Бөрібай дұрыс айтады. Сенің өмірің дұрыс емес, Максим. Адам болғасын дүниеден ізсіз кетуге болмайды. Жұрт сүйсініп айтып жүретін іс қалдыру керек.

— Оның неменеге қажеті бар? Жұрт өз қамын ойлайды. Оның сенде шаруасы жоқ. Әркімнің өз көйлегі етіне жақын, ұқтың ба, Иван? Сөйтіп, сені мен біз жұрттың қамын ойламай-ақ қоялық; Оны ойлайтын бастықтар бар, сол үшін ақша алады.

— Біреуге біреу сатып жақсылық істемейді. Дұрыс, өмір сүріп, адал еңбек етсең, соның өзі көпке істеген жақсылығың. Мысалы мені-ақ алайық. Жұрттан асқан ешнәрсем де жоқ. Бірақ бүкіл колхоз болып армияға шығарып салды. Ертең сөйтіп қарсы алады. Өйткені мен оларға керек адаммын. Колхоздың әр гектарына менің терім сіңген. Ал, сен болсаң өміріңді босқа шашып келесің. Адамға екі өмір берілмеген, әлі өкінесің.

— Өкінбеймін, мұжық. Екі өміріңді қайтейін, бір өмірдің жартысының өзі неғайбіл болып тұр. — Добрушкин басын көтеріп алды. — Жә, сенің философияңнан ішім кепті. Бәрібір мені өз дініңе кіргізе алмайсың.

— Менің айтқаным бір күні есіңе түсер.

— Көрерміз. Үлкен станция болар мынау, — деді Добрушкин есікке қарап, — Әй, Бөрібай, қалған тиыныңды бері әкел. Иванның ақылы азық болмас.

— Білген кісіге жақсы сөз де азық.

— Ол азығың өзіңе. Мен тамақтан өтетін нәрсені жақсы көрем. Айтпақшы, командир де жоқ екен. Жақсы болды. Санвзводта бір сылқымды көріп есі кетіп жүр оның. Несін айтасың, қаһарлы командирді берді ғой құдай бізге, — деп Добрушкин мырс етті. — Мен бір нәрсе ұйымдастырып жіберейін.

— Сен тағы да арақ әкелмексің ғой, сайтан, — деді Бондаренко зілсіз дауыспен.

— Тсс... Үніңді шығарма. Бүгін Бөрібайдың туған күні, — деді Добрушкин белбеуін буып жатып. Содан кейін Бөрібайға бұрылды. — Бар тиынды алып, үлкен операцияға мен барамын. Бұған үлкен өнер керек. Ал, сен, закускалық бір нәрсе қамда.

— Ау, бар ақшаны сен алып кеттің ғой, — деді Бөрібай.

— Ондай ұсақ-түйекке кісі ақша шығара ма екен?! Басыңа болайын-ау. Солдат емессің бе, тапқырлық жаса.

Бөрібай вагоннан секіріп түсіп, кішкене ғана азық-түлік базарына келді. Екі-үш қатар тізілген тақтай лавкалардың жанында шелек-шелек айрандарын, сары май, қияр, жұмыртқаларын алдарына жайып қойып орамалдарын иегінің астына түйген, кең кофталы орыс әйелдері, жаулық ораған, не орамалын желкесіне түйген, қынама жеңсіз киген қазақ әйелдері тұр. Жамырай жүгіріп келген жауынгерлер базар халқымен араласып, дабырласып жатыр.

Базар үнінен алдымен құлаққа сауда-саттықтың құрғақ цифрлары шалынар болар еді. А, мынау базар емес, бас қосқан екі елдің шұрқырасқан жиыны тәрізді. Арзанға аламын, қымбатқа өткіземін деп арбасқандар да аз.

— Жолдарың болсын, қарақтарым!

— Ер азамат кетіп жатыр ғой.

— Ешь, родимый ешь. Чего-то на вас жалеть.

— Іштеріңде Қандыағаштан жігіт жоқ, па?

— У меня сын тоже служит. Бери, бери, сынок.

— Қарағым, Құрмантай деген жігітті білмейсің бе? О да өздеріңдей әскерде жүр еді.

— Ауыз ти, қалқам, сапарға кетіп барасың ғой, — деген дауыстар гу-гу етеді.

Бөрібай сапырылысқан көп ішінен сытылып шығып, теңселе басып шеткерілеу, бір дорба құрт ұстап тұрған қара кемпірдің қасына келді.

— Сәлем бердік, шеше. Бақуатты барсыз ба? — деп сызылып тұра қалды.

— Көп жаса, қарағым, — деді кемпір кәрі кісінің кебіртең үнімен, іші-бауырына кіріп бара жатқан жігітті көне көзімен шолып өтіп.

— Майданға жүріп барамыз, шеше.

— Е-е, қарағым-ай. Жасаған ие жар болсын. Қай жердің баласы едің, шырағым?-

Бөрібай кемпірдің көңілдегі жерінен бір-ақ шыққысы келіп, әдейі жерін айтпай, руын айтты.

— Үйсін боламыз, шеше.

— Е-е, қарағым-ай, — дей салды ол рудың атын еміс естіген кемпір.

Бөрібай кемпірдің дорбасына көзінің қиығын салып қойып:

— Құртыңыздың парқы қанша болар екен? — деп сұрады.

— Он екі сом еді, қарағым.

— І-і, қымбат емес-ау, құртыңыз да жақсы екен. — Бөрібай екі қалтасын тінткілеп еш нәрсе таба алмады. — Қап, ақшасы түскір бітіп қапты-ау, Апырай-ә, ащыламасам аузымның дәмі кірмеуші еді.

— Ойбай-ау, мен бейбақ несіне саудаласып тұрмын, — деді кемпір қапы ойланып. — Ата-бабамнан істеп жүрген кәсібімдей-ақ. Ал, қарағым, ала ғой.

— Қой, о не дегеніңіз, жоқ, айта көрмеңіз, — деп Бөрібай басын ала қашып еді, кемпір қоймағансын: — Кәрі адамның сөзін жерге тастағаным ұят болар. Дұрыс айттыңыз, дәмнен аттап өткенім болмас, — деп қинала тұрып, екі қалтасын құртқа сықап алды.

Осы кезде Добрушкин де вокзалдың ресторанына барып еді. Ол буфетші қызға келіп, саусағымен ымдап өзіне еңкейтіп алды да, құпия түрде:

— Майдангерлерге бір жарты тауып бере қойсаңыз қайтеді. өте қажет болып тұрғаны, — деді.

Қыз Добрушкин қиылып болмағансын:

— Менде жоқ. Ресторанның бастығынан сұраңыз. Сол кісі реттемесе, — деп оның кабинетін сілтеді.

Ресторанның директоры бір егде қазақ екен.

— Сіздің көмегіңіз болмаса жағдай қиынға айналды, — деді Добрушкин үрпие қараған директорға. — Бөрібай Еспаев деген кісіні сіздің естуіңіз бар шығар. — Директор басын шайқады. — Сіз оны қалай естімей жүрсіз. Сіздің жерлесіңіз ғой. Ендеше газет оқымайды екенсіз. Сол атақты генерал Еспаев біздің командиріміз болады. Мен соның адъютантымын. Бүгін сол кісінің туған күні. Көп керек емес, тез ебін келтіре қойыңыз. Бірақ Еспаевты білмеуіңіз ұяттау екен, — деді ол қысылып қалған директорға ақшасын ұстата беріп.

6

Бөрібай мен Добрушкин әкелгендерін жасырып болмай жатып вагонға Раушан мен Күләнданы ертіп Ержан келді. Ол табалдырыққа ілген үзеңгіге екі қызды демеп мінгізіп, өзі секіріп шықты да есік алдында тұрып вагон ішін шолып өтті.

— Дежурный қайда? — деп сұрады.

Дежурный шиыршық атып тұрған кішкене қара жігіт Байсарин орнынан атып тұрып, қолын шекесіне қойды.

— Дежурный Байсарин, жолдас лейтенант.

— Жауынгерлер түгел ме ?

— Жауынгер түгел, жолдас лейтенант! Сигнал бойынша бәрі бір адамдай вагонға мінді, — деп баяндады Байсарин. Ол қанша байсалды болғысы келсе де нақпа-нақ, сарт-сұрт етіп аузынан шыққан әр сөзге сүйсініп-ақ тұр. Баяндап болып, Өкшесін сарт еткізіп бір қадам оңға ойысты.

— Вольно. Ал қонақтарды орналастыр.

Байсарин әскери қыздармен қалай тілдесудің есебін таба алмай, көзі жыпылықтап Ержанға бір, қыздарға бір қарап сәл іркіліп қалды. Содан кейін тағы да өкшесін бір сарт еткізіп: «Отырыңыздар, жолдастар», — деді. Зеленин күліп жіберіп, орнынан тұрды. (Ол Көжек екеуі бүгін ертеңгілік курьер поезымен эшелонды қуып жетіп еді).

— Ох, вояка! Перед девушками растерялся, — деп күлді ол. — Кәне — қыздар, жоғары шығыңыздар. Оған күлмей-ақ қойыңыздар. Әйел затынан қорыққанмен, жаудан қорықпайтын мықты командир, — деді ол қыздарды отырғызып жатып.

Осыдан кейін жауынгерлер де еркінсіп, қыздармен күліп-ойнап, жарқылдасып қалды. Ержан қыз ертіп келгені үшін аздап қысылып еді, вагонды жадыратып жіберген Зеленинге риза болды. Солдат деген қу болады ғой. Раушанның қасында бір орын бос қалдырылған екен, бірақ Ержан шеткерілеу барып отырды. Жауынгерлер қыздармен шұрқырасып сөйлесіп жатқасын өзінше сыр алдырмаған болып әңгімеге араласпады.

Раушанмен танысқалы Ержанның мінезі өзгеріп кетті.

Көңіліне ерекше бір қуаныш еніп көкірегін жылытып барады. Енді оған жұрттың бәрі өзіндей жайдары, қуанышты сияқты. Солдаттарына да мейірімі молайды. Осындай көтеріңкі халде жүргенде бүгін ертеңгілік Көжек пен Зеленин қуып жетіп көңілін әбден толтырып тастады.

Танысқалы үшінші күн. Раушанмен бұл әлі сырласқан. Бірақ үйреніскен, қатар өскен адамдай тез жақындасып кетті. Екеуі көп әңгімелеседі. Оқыған кітаптарын айтысады. Ылғи пікірлері бір жерден шығады. Тек екеуінің көзқарастары ажырасқан кітап «Құрыш қалай шынықты» болды. Онда да барлық жағынан келісе келіп, тек Тоня жайлы сөз болғанда ұғыспай қалысты. Ержан Тоня өте жақсы қыз, Павкаға лайық қыз еді деп екеуінің қосыла алмағанына шын қынжылады екен. Оған себеп Тоняның үй-ішінің тәрбиесі және... және... Ержан «жәненің» ар жағын сөзбен айта алмай булығып қолын сілтей салды. Раушан Тоняны «тұрақсыз» деп ұнатпайды екен. Ал, өзге әңгімеде-екеуі бірін-бірі қостап, бірінің мақтағанын не жамандағанын бірі толықтырады.

Кеше Ержан бір разъезде темір жол табанынан ұсақ тас жинап алды. Былай шыға бере екеуі есік алдында тұрып сырғып поезға қарсы жүгіріп келе жатқан телеграф бағандарын атқылады. Ержан басында ылғи дәл тигізді. Тас бағанаға тиген сайын Раушан күліп жібереді. Оған қарап Ержан да күледі. Бір кезде Ержанның мергендігі нашарлап кетті. Ол тасты он шақты қайтара лақтырып, түк тигізе алмады.

— Ой мергендігің жоң екен, бері әкел! — деп енді Раушан бағанды көздеп лақтыра бастады.

Бірақ ол да түк тигізе алмады. Сонсоң уысындағы ұсақ тасты шашып жіберді де, Ержанға қарап күлді, Ержан да оған бұрылып мәз болып қосыла күлді. Раушан қатты күлкіден еңкейе беріп, қолын Ержанның иығына салып, басын көтерді.

— Мен снайпер болам деп жүрмін. Менен снайпер шықпайды екен, — деді қыз, күлкісін тыя алмай. Қолын Ержанның иығынан тартып алуға асықпады, — Кәне, енді сен лақтыршы.

— Менің де сенен артық мергендігім жоқ, — деп күлді Ержан.

Осылай байқаусыз екеуінің арасы сенге көшіп кетті. Енді Ержанға Коростылев те үйреніп алды. Ол есіктен кіріп келгенде қуақы жымиып қабағының астынан қарап қояды. «Қане, қария, домино ойнап жіберелік» дейді Ержан. «Амал қанша, сенің өзің сондай құмар ойыншы болсаң...» дейді Коростылев күле қарап. Бірақ Күләнда серік болмай қалды. «Басым ауырып отыр... Ойнағым келмейді» деп тартынады. Бүгін де Раушанды өз вагонына апару үшін маскировка ретінде Күләнданы қоса шақырып еді, ол әрең көнді. Онда да Раушан жалынғасын. Өзі Ержанға бір түрлі көңілсіз қарайды. Ұнатпай ма қалай?

Бүгін түнде Ержан көп дөңбекшіп, ұзақ ұйықтай алмады. Содан кейін түрегеліп есіктің алдына барып тұрды. Күндізгі есепсіз қуаныштың арты көңіл елегізітер мазасыздыққа айналғандай. Майда жылжып, кең таралып жерді басқан тұмандай көкірегін мұң жайлап барады. Белгісіз бір нәрсені ынтыға күтеді. Ай жарық екен. Айдың күміс шұғыласына малынып кең дала көлбеп жатыр. Алыстаған сайын мұнартып ақыры тұтасқан күміс тозаңға айналып кетеді. Осы ай сәулесі өткен күннің бір елесін оятты. Онда да дәл осы бүгінгіге ұқсас бір күйде болып еді. Сұңғақ бойлы талдырмаш қыз бейне ертегіден келгендей аяғы жерге тимей, әсем сырғып, қалықтап кетіп бара жатты. Өзеннің көк мұз айдыны, ай нұрына жарқыраған аппақ қар, алда қалықтап ұшып бара жатқан қыз... Ержан ғажайып ертегі дүниенің ішінде кетіп бара жатқандай болды. Ержан қуып жеткенде қыз жалт қарады. Ай шұғыласымен жарқ ете қалған қыз өңі әсем екен. «Кәне, қол ұстасып тебейік» деді қыз. Қолдарын айқастыра ұстап, қатар коньки теуіп келе жатып екеуі бір-біріне қарап қояды.

Ол қыз соңғы күндері интернатта Ержан жатқан бөлмеге жиі келетін. Балалар бөлмесіне қыздар келіп-кете беретін. Бірақ бұл Ержан жатқан бөлмеге күнде сабақ алдында соғып, мектепке бірге кететін. Аты Күнзила, фамилиясы қызық Қапселенова. Сұңғақ бойлы, дөңгелек ашаң жүзді, кішілеу мөлдір қара көзді. Өзге балалармен көп әңгімелеспей, Ержанға көбірек қарайды, онымен көбірек сөйлеседі. Мектепке бара жатқанда да Ержанға жақынырақ жүреді. Бірақ Ержан бұған онша көп мән бермейтін. Сол айлы түні, коньки теуіп қатар келе жатқанда Күнзиланың ұзағырақ қараған кішкене нұрлы көзінен бір сыр ұққандай болды. Тереңде жатқан бір сезім тепсініп, көңілін толқытып еді.

Қазір бұдан төрт жыл бұрынғы сол көрініс мынау ай сәулесіндей ғана қылаңдап елес береді. Сонда да көңілін дәл бүгінгідей бір сезім билеген. Бірақ ол тез өтіп еді. Енді сол қызуы артып, тереңдей түсіп қайтып оралған. Ержан жолында басқа да қыздар кездесті. Училищеде жүргенде, демалыста қалаға шыққанда өзге курсанттар сияқты бұл да паркке биге барды, қыздармен танысты. Алматыда жүргенде де қызметтес командирмен бірге қалаға барып тұрды. Мұнда бір қызбен танысты. Жігіт болғасын қызбен қыдырмаудың өзі кемістік мін сияқты болатын. Ертеден келе жатқан көп жігітке тән жеңіл жүрісті мақтан етушілік мұның жолдастарында да бар еді. Қызды тезірек үйіріп алу жігіттіктің, тіпті ерліктің белгісі саналатын. Жолдастарынан қалуды Ержан да мін көрді. Бірақ мұның бәрі жігіттіктің міндеті сияқты көрінді де, із қалдырмай өте шықты. Ал, енді... Енді басқашарақ секілді.

Ержан біреудің ақырын келіп, өзі сүйеніп тұрған бел ағашқа асылғанын сезді. Бүгінгі дежурный Байсарин екен. Түн тыныштығы әшейінде дызылдап тұратын елгезек жігітті де ойлы үнсіздікке түсірген. Ержан бұрылып қарағанда езу тартып жымиып, қапелімде не айтарға білмей:

— Ай жарық екен, — деді.

Ержан Байсариннің шағын, жұмыр тұлғасына, әдеміше кішкене дөңгелек жүзіне қарап аз тұрды. Содан кейін түйеден түскендей:

— Әйелің бар ма? — деп сұрады.

— Жоқ. Әлі үйленгем жоқ.

— Ұнатқан қызың бар ма?

Дайындықсыз сұрақтан Байсарин, көзі жыпылықтап, сасып қалды.

— Бар еді, — деді зорлана күлімсіреп.

— Шын ғашықсың ба? — деп қадалды Ержан.

Байсарин бұрынғыдан бетер қысылып қалды.

— Мен ғашық бола білмеймін ғой, — деп күрсінді ол, — Бірақ өзін өте жақсы көремін. — Байсарин қипақтап төс қалтасынан карточка суырып алды, содан кейін кішкене екі ойлы боп іркілді де Ержанға ұсынды. — Мінекей суреті.

Ержан айдың күлгін жарығынан қыздың жүзін анық көре алмаса да суретке ұзақ қарап тұрды. Ол Байсариннің қыз суреті көрушіге ұнамай қала ма деп қалтырап тұрғанын, егерде осы қыз туралы жақсы сөз естісе қуанып кететінін ерекше бір ішкі сергектікпен ұқты. Ержан Байсаринді қуантқысы келді.

— Сұлу екен. Өзі өте жақсы қыз болу керек, ә?! Байсариннің ай нұрына шағылған кішкене көзі жайнап сала берді.

— Сіз оны көрген жоқсыз ғой. Өте жақсы қыз. Өзі бір түрлі... тіпті жақсы. Рас айтам.

Байсариннің кеудесін кернеген ыстық қуаныш Ержанды да баурап алды. Ол да Байсаринге Раушанды мақтағысы келіп кетті. Бірақ... кенет іркіліп қалды. Мүмкін ол тіпті Ержанды сүймейтін шығар. Бірге жүргенде не тұр. Жол қысқарту үшін әркімге ермек керек. Ержан енді Байсариннің бақытын қызғана бастады. Байсарин өз қуанышына елігіп, сүйген қызын мақтаған сайын мынау мұңая түседі.

Ержан қозғалып кеткен көңілін тежей алмай есік алдында ұзақ тұрды. Ол тұйықталып қалғасын Байсарин да ыңғайсызданып өз орнына кетті. Кейін бұрылғанда вагон ішінен жылы, адам лебін сезді. Солдаттар екі қатар сәкіде сығылысып ұйықтап жатыр. Алаңсыз қатты ұйқыға берілген. Кенет мынау тыныш мүлгіген ай сәулесінің ар жағынан Ержан көзіне қанды қырғын соғыс елестеді. Дәл қазір осы сағатта да ұзын майдан, есепсіз армия соғысып жатыр. Мынау қаннен-қаперсіз тәтті ұйқыда жатқан солдаттар да ертең соғысқа кіреді. Аз ба, көп пе, сонда осылардың кейбіреулері жансыз дене болып сұлап жатуы мүмкін. Мүмкін Ержанның өзі де... Алғашқы рет өлім туралы ой ап-анық болып осы сәтте келді. Ержан бұл ойдан шошынған жоқ. Өзінің азғантай өмірін тез шолып өтіп, көңілін ойсыратқан бір олқылық тауып, үлкен шаруасын тындыра алмай бара жатқандай өкінді. Ең жақын адам тауып, соған көңілдегі бар асылыңды беріп болмай жазатайым болу қорқынышты екен.

Тағы да көз алдында Раушан елестеді. Оның сондай сүйкімді үш жағы көтеріңкі «тентек» мұрны, сәл түріңкі аңқау ерні, үлбіреген қызыл шырайлы ыстық жүзі ерекше лебімен еліктіріп тартып барады. Үлкен қара көзі кейде көңілді ұшқынмен жарқ ете қалады, кейде мөлдіреп терең қарайды. Бірде Ержан сырын айтса, ол да ақтарыла салатындай сондайлық жақын көрінеді, бірде салқын тартып алыстап кетеді. Шынымен-ақ Ержанды сүймей ме екен? Ол Раушанға айтар сөзін көп толғанын, ұзақ ойлады, бірақ, сол сөзі сараланып, анықтала түскен сайын-ақ айтылуы қиындай берді.

Түнімен осылай арпалысып шыққан жігіт Раушан вагонына көңілсіз, сұлық келді. Енді бұрынғы жайдарылығы, ойсыз қуанышы тұйықтыққа, күрсініске ауысты.

Әсіресе бүгінгі күн алыстан жолаушысы келген үйдей вагон іші жадыраңқы еді. Көжек пен Зеленин қуып жетіп бүкіл взводты қуантты. Таңертеңнен көбінің әзілдегені Көжек. Бәрінен бұрын Көжекпен көп қалжыңдасатын Бөрібайдың құдайы беріп қалды. Әзілі жарасқан досы вагонның есігін аттасымен-ақ:

— Ойбай бауырым-ай, сені де көретін күн бар екен ғой. Нұр дидарыңды бір көруге зар қылдың ғой, — деп құшақтай салды. Содан-ақ Бөрібай Көжекті әзілмен түртіп көрді. Бірақ оның қалжыңына мыңқ етер Көжек те жоқ. Ыржиып күле береді.

— Бұл бізді төрт күндік жер алға салып жіберіп қуып жеткен жоқ па? Сабазым, Қобыландының өзі ғой, — деді Бөрібай. Досына күле қарап, арқасынан қағып қойды.

— Көжекең, Қобыландыдан да озып тұр ғой өзі, — деді жымиып күліп отырған Қартбай.

— Ғашықтық зары қиын ғой. Иілмейтін қара емен осы сабазым ғой деуші едім, мұны да шыдатпапты-ау, ә, — деді Бөрібай таңдана тамсанып.

Жұрт ду күлді. Жігіт ағасы болып қалған, сом денелі, қызыл шырайлы Қартбай жұрттың бәрінің даусын басып, кең иығы бүлкілдеп рақаттанып қатты күледі. Езу тартпаған Бөрібай ғана. Ол бұрынғысынан бетер елжіреп әлденеге таңдана сөйлейді.

— Балқиядай асыл жары артында, қалып бара жатқасын, қара нар болса да қайыспай тұра алар ма, — деді күрсініп.

— Ойбай-ау, әлі батырлық, байлық кімде жоқ, «ғашықтың жолы бір басқа» деген емес пе. Ынтығы басылмаған байғұс... — деп Қартбай күлкісіне шашалып қалды.

— Біздің елде Бұзаубай деген кісі болған екен. Бір күні жол шығып келе жатса алдынан бір жалғыз атты шыға келіпті. Басында қызыл мақпалмен тыстаған түлкі тымағы бар екен, әлгі жалғыз аттының. Жаман бөркінен әбден жеріген Бұзаубай қызығып кетіп әлгінің тымағын ала қашпасы бар емес пе. Бірақ астындағы аты осалдау болса керек, қаһарына мінген жолаушы лезде-ақ шаужайлап келіп қалады. Сол кезде құтылмасын білген Бұзаубай қайрылып тура қалыпты да: «Ойнасақ та біраз жерге шаптық қой» деп әлгі кісінің тымағын басына кигізе салыпты. Сол айтқандай-ақ ойнасақ та біраз жерге шаптық қой. Көжек байғұсты осы қажағанымыз да жетер, қажай бергенмен бұдан не шығар дейсің.

Азғана уақыт болса да әскер өмірі әр алуан қауымнан құралған жауынгерлерді тұтастырып тастаған екен. Көжек жоғалғалы взводта бір кірбең пайда болып еді. Күлсе де, ойнаса да көңілдің бір жағы олқы болып тұратын. Бүгін енді сол қыртыс жазылды. Вагонға қыздар келгесін жауынгерлер тіпті жайдары болып кетті.

— Ал, кәне, қонақ кәде беріңіздер! Ән салыңыздар! — деп жармасты Бөрібай қыздарға.

— Келмей жатып қонаққа қолқа салған қай атаңнан қалып еді. Алдымен қонақтарға сый-құрметін ұсынар болар, — деп Қартбай оны тойтарып, Кәкібайға бұрылды. — Жігітім, кәнекей, сен жол баста. Көрсет өнеріңді осындайда.

— Зауқым болмай отыр, — деп Кәкібай өтірік тартынды.

— Е, әне бір домбыраңды сайыста шоқпар қылуға әкелемісің. Неміспен алысып жүргенде шегін үзіп аласың, — деді Бөрібай шын ақыл айтқан кейіппен.

— Домбыраңның сау кезінде шырқап қал.

Кәкібай күле отырып қолына домбырасын алды. Пилоткасын бір шекесіне басыңқырап қойып күйге келтіріп дыңылдатып аз отырды да, қағып-қағып жіберді. Сол кезде шымырлау келген қоңыр дауыс шығандап тік көтерілді де, асқақтап барып қалықтап кетті. Әнде серпе ескен ерекше бір ішкі күш бар. Жаныңа рақат беретін нұрлы өң мен жігер құйып құлшындыратын еспе ден бар. Әнші шырқай жөнелгенде вагон ішіне өң кіріп, үнсіз ұйып қалған көптің көз алдына қазақ сахарасын барлық сұлу кеңдігімен, аса бір тартымды сырымен елестетті. Жұрттың ойын өткен күннің сәнді елестерімен бір толқытып алған ән, бірте-бірте бар жүректі уысына алып, баp көкіректі отты леппен ширықтыра берді. Бұл — даланың «үзілмей де, қатаймай» толқитын қоңыр желіндей, құба жонда тепеңдеп келе жатып салатын бүкіл ырғағынан туған ән емес. Сыбыр-сыпсыңның сыры бар, лүпілдеп тез оталған жүректен шыққан құмарлықтың да, орынсыз талап, жөнсіз қолқасы бар ерке наздың да әні емес. Кең өлкенің кеудесінен шығандай көтерілген өршіл үн. Зымырап аспанға шаншылатын қаршығаның екпіні бар да, қалықтаған қыран бүркіттің сәулеті бар. Шүйіліп құлдырап келіп, сұлу қимылмен үйіріліп-үйіріліп алып, қайтадан өрлеп барып маңиды.

Ержан да Кәкібайға жақындаңқырап келіп әнге құлақ қойған-ды. Алғашқы бір аңғарғаны бұл жігіт домбыра пернесінде саусағымен ойнап, даусын сызылтып, нақыштауды білмейді екен. Бар жан жүйесі әнмен бірге аспанға шыңырап ұшқандай да, беріле қаққан домбырасы қанаты тәрізді. Ұшы сүйір қара көзі мөп-мөлдір нұрланып, өткір сәуле шығарады. Жұқа танауы делдиіп, күрең жүзі нұрланып алады. Ырабайда қан тепсініп нұр жүгірген жүзі лезде қайта өткірленеді. Ән мен жігіт тұтасып әсем саз боп ұйытып, өршіл леп болып шарпиды.

Ержан көзі Раушанға түсті. Ол жартылай бұрылып, иегін сәл көтеріп ашық есіктің ар жағындағы алысқа қадалыпты. Көз шарасы үлкейіп, өз өміріндегі ең бір жақсы елеске ынтыққандай мөлдірей қарайды. Он шақты тал қысқа шаш маңдайынан төмен түсіп кірпігіне тірелген, оны да байқар емес. Бір сәтте аузын сәл ашып, дүниеге сүйсіне таңданып қараған бала әлпеттес те болып кетті. Жүзі балбұл жанып, гимнастерканың кең жағасынан едәуір жоғары көтерілген жұмыр мойны да қызғылт тартқан. Кәкібай осы кезде «Екі жиренді» шырқап еді. Ержанның әнге елтіген еліккіш көңіліне жүрек тереңінен шымырлап шығып, зарға ауысып ғашығын іздеген әннің аңсағаны осы қыз болып көрінді.

Әннен туған елестер мен толқудан арыла алмай жауынгерлер біраз ойға мүлгіп отырды. Сәлден кейін әншімен жұрттың жүзі де құлпырып шыға келді. Осы сәтте жауынгерлерінің бәрін Ержан сондайлық жақын тартты. Майданға — бірге өскен жақын жолдастарынан бөлініп, жалғызсырап кетіп бара жатпай, өз елінің кәдімгі таныс адамдарымен, өзі өскен ортасымен бара жатқанын жүрегімен ұғып бойын зор қуаныш биледі. Мұртын ширатып қойып, жүзі нарттай жанып отырған Қартбай әне. Тік маңдайға жарасқан қою қара қасы өр мінезін көрсетсе, кішілеу қоқыр көзіндегі кірпік астынан жылт ете қалатын ұшқын — ойнақы көңілінің хабаршысы. Бала кезінде талай көрген, ұнатқан ағаларының біріндей емес пе? Мынау ақ жарқын Бөрібай, анау тұйық мінезді, қабағының астына үнемі сөнбейтін де, ұлғаймайтын да күлкі нұры ұялаған Бондаренко, жүзінде тентек баланың әлпеті бар, талдырмаш жігіт Зеленин бәрі де ертеден таныс, етене болып өскен ортасы емес пе? Ақкөңіл, аңқау Көжек ше... Ержан қапы ойланып, малдасын құрып, оң қолымен жағын таянып мүлгіп отырған Көжекке қарап қабағын түкситті.

7

Жолға шыққалы Уәли бүгіп келе жатқан құпия сыры бар адамша Мұратқа жымиып қарай беруші еді. Мұрат оның кескінін байқап бір-екі оқталып көрді де бірақ ашып ешнәрсе сұрамады. Бүгін де Уәли қасына келіп, көбірек әңгімелесіп кетті.

— Осы сен білетін бір нәрсе бар ғой, айтшы жарқыным, — деді Мұрат оған қадала қарап. — Жолға шыққалы сезіп келем, ішіңе сыймай келе жатқан бір құпияң бар.

Уәли жүзі жайнап Мұраттың бетіне қарап біраз зарықтырып отырды да, ақыры шыдай алмай:

— Саған деген бір ыстық сырды төс қалтама салып ем, сол кеудемді күйдіріп барады, — деді.

— Ол қандай сыр?

Уәлидің жүзі бұрынғыдан бетер жайнап кетті. Ол көзін қысып, иегін қағып қойды.

— Әлі де сезбей отырсың ба? Жүрек сыры да, — Уәли асықпай төс қалтасынан бүктеулі конвертті суырды. — Мінекей. Билетер едім, атағың бар дырдай командирсің, ұяттау болар. Ал, ертерек бермеді деп айып етпе. Әмір солай болды.

Мұрат Уәлидің қолындағы хатты алды. Конверттің сыртында «Мұратқа» деген жалғыз соз тұр. Таныс қолмен жазылған әріптер Мұраттың көзіне оттай басылды. Мұрат Уәлиге шын көңілден алғыс айтты да, онымен әзілге бармай, оңашаланып хатты оқуға кетті.

...Бұдан екі жыл бұрын Алматыда военкоматта қызмет істеп жүрген Мұрат жоғары білімі болмағасын институтқа сырттан оқуға түсті. Қаладағы сырттан оқушылар үшін институтта лекциялар оқылып тұрады екен. Сабаққа жиналған азғана топтың ішінде Мұраттың бір келіншекке көзі түсті. Ол ылғи дәл лекция басталарда келеді де, аудиторияның артқы жағын ала отырады. Жүріс-тұрысы салмақты, сыпайы. Алғаш көргенде Мұрат оны онша көп елеген жоқ, «тәп-тәуір ғана келіншек екен» деп қоя салған.

Келесі күні Мұрат сабақ басталар алдында коридорға шығып оқшаулау темекі тартып тұр еді, есік жақтан асыға басып келе жатқан сол келіншекті көрді. Үстінде сыпайы тігілген қара костюм, ақ жібек кофтасының жағасын сыртқа шығарып қойған, шашын өрмей, желкесіне түйген. Денесінің сәл ғана жарасымды толықтығы бар. Асыққандықтан болар, ақ жүзі қызарып кетіпті. Мұраттың тұсына келе беріп, қабағын көтеріп қарады да, көзін тез тайдырып әкетті. Ернін күбір еткізіп бас игендей болды.

— Неге асықтыңыз? Әлі сабақ басталған жоқ, — деді Мұрат.

Әйел сәл кідіріп қалды.

— Солай ма? Мен кешігетінімді білем де, ылғи асығам, — деді езу тартып.

— «Даусы әдемі екен», — деп қалды Мұрат ішінен.

— Ылғи кешігіп жүретін әдетіңіз бе?

— Әйел дегеннің үйде шаруасы біте ме? Қанша асықсаң да кідіріп қаласың. Және мен жоғарғы жақта тұрамын. Трамвай алыстан айналатын болғасын жаяу келемін.

— Көрші болмаса игі едік. Мен де жоғарғы жақта тұрамын.

— Ой, мұғалім келе жатыр екен, — деді әйел. Мұратқа «жүрмейсіз бе» дегендей көз тастап аудиторияға қарай беттеді.

Келіншек өзінің кешегі орнына барып отырды. Мұрат та кейінгі жаққа таман, бірақ оқшауырақ барып отырды. Лекция үстінде Мұрат келіншекке көз қиығын тастап қояды. Жіңішке саусағы майысып жазып отыр. Жылдам-жылдам жазады да кенет басын көтеріп, лекторға қарап қояды. Бір рет қаламын ерніне тіреп ұзағырақ отырып қалды. Мұрат мырс етіп, «мектептен қалған дағдысы болар» деп ойлады. Енді бір көз тастағанында келіншек жазуды қойып, кірпігін жиі қағып, қатты ойланып қапты. Лектордың айтқанын түсіне алмай қиналғаны көрініп-ақ тұр.

Мұрат сабақтан кейін келіншекті есік алдында тосып алып екеуі бірге кетті. Өтірік тартыншақтамай, қылымсымай Мұратпен қатар келеді.

— Сабақтас болып жүріп аты-жөнімізді білмегеніміз ұят болар. Танысып қоялық, — деді Мұрат сыпайы ғана.

— Менің атым Айша.

— Мектеп бітіргеніңізге көп болды ма? Не ғып оқуды үзіп алдыңыз? — деп сұрады Мұрат.

— Күйеуге шығуға асыққанмын ғой, — деп күлді Айша.

— Оған жалғыз сіз кінәлі емессіз. Бүкіл қазақ қызының айыбы сол, — деп күлді Мұрат.

Бірақ Айша одан әрі әзілге барыспады. Мұрат та әлі таныс емес сұлу әйелдің қасында келе жатқандағы белгілі сезімге беріліп, өзінің әр қимылы мен сөзін бағып, сыпайы болуға, жақсы әсер етуге тырысты. Тек шамалы ғана сыпайылықтан асырып алғаны трамвай тоқтайтын жерге келгенде Айшаға:

— Әңгімелесіп, жаяу жүре берсек қайтеді? — деді.

Айша мұның сөзін ұнатпай қалса керек:

— Жоқ. Мен асығыспын. Трамваймен қайтамын, — деді салқын ғана. Трамвай үстінде жөнді сөйлесе алған жоқ.

Айша да тұйықтау болды. Тек кетерде ғана:

— Ал, сау болыңыз, мен осы жерден түсемін, — деді.

— Онда жақын көрші емес екеміз. Маған әлі үш аялдама бар, — деді Мұрат. Айша оның сөзінің аяғын тыңдамай шығар есікке қарай кете берді. Тек түсіп бара жатып бұрылып, тағы да болмашы бас изеді.

Трамвай үстінде келе жатқанда Мұраттың есінен Айша кетпей қойды. Бір жарқын, жақсы нәрсе көргендей көңілі ашылып қалды. «Өзінде ерекше тартымдылық бар, — деп ойлады Мұрат. — Бұрын жөндеп байқамаппын, едәуір көркі де бар екен». Бір уақытта Мұрат өзін ұстап алды. «Менің өзім жас бала сияқты бір көрген әйелге тым құлап кеткенім бе? Сұлу әйел тез қуантуға жаратылған. Көрдің. Сүйсіндің. Болды» деп өзін тежеп тастады.

Ертеңіне кешке қарай Мұрат тағы да сабаққа келді. Айша жылы амандасып үйреншікті орнына барып отырды. Мұрат тағы да өзінің Айшаға жиі қарап отырғанын сезіп қалды. Бірақ енді қанша қарамауға тырысса да көзі түскір ерік бермеді.. Әнекей дәл кешегі сияқты қаламын ерніне тіреп ойланып қалды. Өзінің жас шамасы жиырма бес, жиырма алтыларда болу керек. Кіршіксіз ақ жаға, әшекейсіз жұқа қара бешпет, сәл етжеңдеу қызыл шырайлы ақ жүзін айқындап аша түскен. Тұлғасы мен келбеті сияқты қимылында, көзқарасында жалт етіп көз тартар өткірлік, ойнақылық жоқ, байсалды, сабырлы әсемдік бар. Мұрат қараған сайын осы әйелдің сұлулығы мен жылылығы арта берді. Лап етіп, бірден шарпып қыздырып әкететін жалын емес, ақырын ұзақ маздап, жайдары нұр шұғыласымен баурап алатын күн сияқты. Өзінің де кеш ашылған гүлдей нұры толысып құлпырып келе жатқан кезі екен.

Мұрат ұзағырақ қарағанда Айшаның көз шетінен екі сызық әжім көрді. Иә, иә, көзқарасында ойлылық па, күйініш пе, бір кірбең бар еді-ау», — деді ішінен, — бірақ соның өзі осы әсем көркінің жарастығы сияқты.

Мұрат қанша тартыншақтаса да ілгерілей берді. Бүгін де аудиториядан бұрынырақ шықса да темекі тұтатам деп кідіріп еді, ұсына Айша келіп қалғасын еріксіз еріп жүре берді. Осылай екеуі күнде бірге қайтатын болды. Мұрат тереңге бармағанмен еркін жеңіл әзілдесетін, көбірек сөйлесетін болып алды. Бұл екеуінің ыңғайын лекция оқып жүрген Уәли де байқап қалса керек, бір күні:

— Білемін сырыңды, — деп күлді. — Рас, енді сұлу өзі. Менің де көзім түсіп еді, бірақ сен қағып кеткен екесің. Мейлі, желаю успеха. — Уәли жымыңдап сәл іркілді де: — Айтпақшы мен оның күйеуін біледі екем. Байқа. Барып тұрған қызғаншақ, — деп ескертті.

Мұрат Уәлидің сөзінен шіміркеніп қалды. Бірақ ойлап-ойлап келіп оны айыптай алмады. Шынында да сырт жұрт мұның Айшаға деген көңілі туралы содан басқа не ойлайды? Айшаның күйеуі бар, баласы бар, мұның да әйелі бар, баласы бар. Мұраттың өзі де осындай ойдан сay емес еді ғой. «Ерте қартайып, етегіме намаз оқығанда жұмаққа барам ба! Жігіттік дәуренім тұрғанда бір қимылдап қалайыншы» деген ой өзіне күні кеше келген жоқ па еді? Енді сырт адамның анайы, ашық құлаққағысы неге сонша шіміркендірді? Жазықсыз жақсы әйелге сыртынан қиянат ойлағаны өзіне сондай ездік, ластық көрінді. Осыдан кейін бірнеше күн Айшаның жүзіне тура қарай алмай жүрді.

Азғана күндік лекциялар бітіп қалды. Соңғы сабақтан шыққан кеште Мұрат Айшаны тосып алып, екеуі жоғары қарай жаяу кетті. Жол бойы Айша шешіліп көбірек сөйледі. Бұрынғыдай емес, енді Мұратқа ескі танысша сенімді көзбен қарап, арасында сөз реті келгенде аздап күліп алып, өз өмірін, балалық шағын ойнақы жеңіл ғана айтып берді.

Бұл сөзден Мұраттың ұққаны: Айша тәрбиелі, оқыған адамның үйінде өсіпті, жалғыз қызын ата-анасы қадірлеп бағыпты. Содан бұл күйеуге шығыпты. Күйеуі де тым тәуір қызметкер көрінеді. Балалық шағы жақсы өтіп, сол сияқты алаңсыз, жақсы түзу тұрмысқа ауысқан төрт құбыласы түгел, орнықты әйел сияқты. Мұрат мұны Айшаның сөзінен гөрі жайдары ашық үнінен аңғарды. Бүгін жол бойы Айша күндегі байсалды қалпынан сәл қызулау, көтеріңкі көңілде болды. Тек үйіне жақындап келгенде ғана сәлдеп іркіліп, Мұратқа тереңірек қарады.

— Мен үйге келіп қалдым.

Мұнысы «енді қоштасайық» деген сөз еді. Мұрат Айшаны бөгеп тұрып қалды. Кәділінде айтылмай кетіп бара жатқан бір сөзі бар сияқты.

— Айша, кішкене сабыр етіңізші, — деді ол даусына діріл еніп, — Біраз күн былай... бірге жүріп танысып... үйренісіп қалып едік. — «Осы мен не айтайын деп тұрмын» деп қысылды Мұрат, бірақ күшін жиып, басын көтеріп алып Айшаға тура қарады. — Осы таныстығымызды ұмыт етпей көрісіп жүрсек деп едім. Артық ойы бар деп айып етпеңіз.

Айша аң жүзі қызарып, төмен қарап жауаптан іркіліп қалды. Содан кейін күтпеген жерден ойнақылыққа ауысып:

— Бір қаладағы адам көрісіп тұрады ғой. Ал, біздің үй мынау. Келіп тұрыңыз, — деп екі қабат ақ үйді нұсқады да, қолын ұсынды.

Мұрат қоштасып қала берді. Айша «осы сыйласқанымыз да жетер» деп, әрі асырмай таныстыққа нүкте қойып кетті. Болмаса анау екі қабат үйдің қай есігін қақпақ Мұрат, тіпті пәтерін білгенде де не сылтаумен, неге келдім деп бармақ? «Келіп тұрыңыз» дегені қағытқаны сияқты. Бірақ қоштасар кездегі ұзағырақ көзқарасынан ыстық ықлас, бір қимастық сезілген жоқ па еді? Мұрат осылай дал болып кете барды.

Арада біраз уақыт өтті. Мұрат Айшаны қанша ұмытуға тырысса да, көңілінің бір жағын еркін жайлап алған әйел көз алдынан кетпей қойды. Бір рет көшеде жаяу өстіп бара жатқанда сол екі қабат ақ үй көзіне оттай басылды. Мұрат «қайсысында болар екесін» деп көз қиығымен терезені тінтіп өтті.

Бір күні кеңседе отырғанда Казпотребсоюзда едәуір қызмет атқаратын Білеубай деген танысы телефон соғып, қонаққа шақырды. Білеубай Мұратты: «Жақсы досым, жақын досым, інім» деп көтермелесе де, Мұрат оны онша ұнатпайтын. Бірақ әйелі Хадиша баласын алып жолаушылап кетіп еді, Мұрат кешті жалғыз өткізгеннен гөрі қонақта болуды мақұл көрді.

Білеубай үйіне біраз адам жиналған екен. Дені өзінің қызметтестері болу керек. Ол кездегі қала қазақтары сияқты асты жерге дайындамай, үлкен асханаға столдар тізіп, үстіне әртүрлі закускалар толтырып, жайнатып қойыпты. Қонақтардың ағып-тамып жиналуы сағат жарымға созылды да, Мұрат сияқты уақытында келгендер жайнап тұрған түрлі тағамдар мен мөлтілдеген бутылкаларға көз қиығымен ғана сұқтанып, кешігіп, күттіргендерді ішінен сыбап, шеткерілеу самарқау әңгімелесіп отыр.

Қонақтардың орта кезінде Айша келді. Қасында зайыбы болар, ірі, толық денелі, қайқы үшкір тұмсықты қара кісі бар. Үлкен көзінің қарасы кішкентай, жұртқа алара қарайды. Ол қолтығындағы текшелеп буып алған затын Білеубайдың әйеліне ұстатып жатты. «Е-е, күйеуің мынay екен ғой», — деді Мұрат, әлденеге көңілі көтеріліп. Білеубай оны Мұратпен таныстырды.

— Бұл Құдайберген, біздің қызметкер. Мына кісі әйелі болады.

Мұрат Құдайбергеннің қолын алды. Айшамен де таныстығын жасырған жоқ.

— Бұл кісі екеуміз сабақтас болғанбыз, — деді.

Сұлу әйелдің күйеуінен өзінің артықшылығын көріп, Мұрат көңілін осындайдағы таныс бір мақтаныш сезімі биледі.

Өзі тұстас қазақ қызметкерлеріне қарағанда Білеубайдың едәуір мәдениеті бар екен, қонақтарды жұбымен шақырыпты. Айша күйеуінен бөлініп әйелдер тобына қосылды. Бірақ стол басында әйелдер бірыңғай, еркектер бірыңғай отырды. Айша Мұрат тұсынан қиғаштау, қарсы отырды. Қонақтар біраз көңілденіп, кеу-кеулеп қызу әңгімеге кірісіп кеткенде, Мұрат Айшаның өзіне ұзағырақ қарағанын сезді. Бұл да енді Айшаға жиі-жиі көз тастап қояды. Бір-екі рет екеуінің көзі кездесіп те қалды. Айша көзін тайдырып әкеткен жоқ, езу тартып күлген де жоқ, жылы шыраймен байсалды қарады. Мұрат сөйлесейіе деп еді, аралары алшақтау болды, алыстан мойын созуды ыңғайсыз көрді.

Мұрат столдың шетіндегі Айшаның күйеуіне де көз тастап отырған. «Тым сырғып шеттеп кетуіңе қарағанда, өзің де онша мықты болмассың» деп түйген. Бір кезде Білеубай соған бұрылып:

— Құдайберген, қатындарға айтшы, мына ыдысты жинап алып, ет әкелсін, — деді иегін көтеріп.

Мұрат үй иесінің бұл мінезін ыңғайсыз көріп қалды да еріксіз Айшаға қарады. Айша қып-қызыл болып төмен қарап отыр екен. Мұрат Білеубайға жалт бұрылды.

— Білеубай, үйіңе келген қонақты жұмсау қай атаңнан қалып еді? Әлде өзге мәдениетті елдің салтынан көріп пе едің? — деді ол қатқыл үнмен.

Терлегесін көйлегінің өңірін ағытып, желпініп отырған Білеубай:

— Өй, өзіміздің Құдайберген ғой, — дей салды.

— Әһ-һә-һә. Білекең жұмсағанының не айыбы бар. Мен-ақ, барайын, — деп шетте отырған бір жұқа сары мәз болып есікке қарай кетті.

Мұрат бұрыла беріп Айшаның жүзін көріп қалды. Көзімен жер шұқып, бұрынғысынан да жүдеп отыр екен. Елеусіз қалатын нәрсені Мұрат өз сөзімен баттитып Айшаның бетіне басып, үлкен қиянат істеген сияқты. Осыдан кейін жазықсыз жер болған әйел үшін ренжіп, жайдары жарқын мінезден өткір, ащы мысқылға ауысты.

Үй иесінің оң жамбасында отырған бір жылтыр қара «біздің Білекең, біздің Білекең» деп қайта-қайта қақсап отыр еді, Мұрат оны:

— Білекеңнен басқа білерің бар ма, соныңызды айтыңызшы, — деп тыйып тастады.

Мұрат ертерек қоштасты. Кетіп бара жатып столдан шығып бөлек отырған Айшаға бас изеді. Айша көзі мөлдіреп Мұратқа мұңая қарады. «Сау болыңыз», — деді ақырын ғана.

Келесіде Айша екеуі көшеде кездесті. Бұл жолы келіншек Мұратты көргеніне қуаныштылығын жасырмай,өңі құлпырып күле амандасты.

— Сіз тіпті сирек көрінетін болып кеттіңіз ғой, — деді

— Жиі көрісудің реті болып тұр ма? — деп күрсінді Мұрат. — Білеубайға рақмет, ол болмағанда қыс бойы көрмейді екем сізді.

Білеубайдың аты аталғанда көңілсіз оқиға есіне түсіп Айша мұңайып қалды.

— Біз енді ол үйге бармаймыз... Сізге рақмет, сонда дұрыс сөз айттыңыз, — деді ол ақырын, төмен қарап.

Тағы да әсем жүзін қасірет көлеңкесі шалып, өңі жүдеу тартып Мұраттың осы әйелге шын жаны ашыды.

Осы сәтте қолынан келген бар жақсылығын істеуге даяр еді.

— Айша, сіз оған ренжімеңіз. Сонда сіздің ренішіңізді көріп мен де қатты қиналдым. Бірақ мен жәрдемге жарай алмадым,

Даусындағы реніштен Мұраттың шын ниетін танып Айша тебіреніп, көзімен ғана үнсіз алғыс айтты. Осыдан кейін Мұрат пен екеуінің арасы жақындай түсті. Жазғы лекцияларда екеуі қатар отырып бірге қайтатын болды. Енді көбірек сөйлеседі, күн сайын жан түкпірінде жатқан бір сыр ашылып, екеуі бір-бірінің өміріне тереңдеп кіріп барады.

Мұрат өзінің Айшаға деген сезімі туралы көп ойлады. Сұлу әйелге қызығу ма бұл? Әлде ғашықтық па? Егер ғашықтық болса неге күйдіріп-жандырып алып кетпейді? Сондай бір тез тұтанып, лап еткен сезім болып еді ғой мұның жас шағында. Ынтығып, күйіп бара жатқан Мұрат жоқ. Бірақ ақырын маздап қызуы артып бара жатқан бір сезім бар. Енді оны бұл тежей алатын емес. Әр түрлі себептермен бір-екі жылдан бері Мұрат «қағынан жеріп» жүр. Әлде сол суыған көңілді осы жылытты ма? Өзгенің орнын басты ма?» деп те ойлады Мұрат. Бірақ Айшаға деген сезімі бұрынғы сезімінен бөлек, терең жатыр. Мұрат ойлап-ойлап келіп Айшаға өз көңілін айтты:

— Айша! «Сүйдім-күйдім, дүниеде сенен басқаға көзім түскен жоқ» десем жалған болар еді. Мен әсіресе саған жалған айта алмаймын. Мен жаман, жақсыны көрген адаммын. Көңіл желігі болса өзімді өзім тежеуге қайратым жетер еді... Өзімді-өзім сынап та, тежеп те көрдім. Болмады... Өмірдегі аңсағаным сен екесің... Қайтейін, әттең деп бармағымды шайнаймын. Екеуміздің де жағдайымыз қиын. Бірақ сен үшін мен неге болса да дайынмын. Өмірімнің мағынасы да, сәні де сенсің.

Екеуі қаланың шетіне таман шығып кішкене тау өзенінің жағасына тоқтаған. Мұрат қызарып, сұрланып, көмейіне тірелген сөзін күрмеліп әрең айтқанда, Айша оның жүзіне үрпие дарады. Бірде жанарында бақыт оты маздап, бірде әлденеден шошынғандай болады. Мұрат Айшаны құшақтап ұзақ сүйді. Айша Мұраттың құшағынан босанып аз тұрды да, кенет Мұратты өзі сүйіп алды. Содан кейін біраз уақыт үнсіз төмен қарап тұрды. Мұраттың «сәулем, жаным» деген сөзіне құлақ аспаған сияқты. Аздан кейін басын көтеріп алып тура қарады. Зорланып күлімдегісі келіп еді, ерні дір ете қалды.

— Жоқ, жоқ... Біз асып кеттік, — деді Айша шарпыған жалыннан жасқанғандай қолымен бетін қалқалап. — Осымен бітсін бәрі. Жоқ, жоқ, мені шығарып салма, біреу көріп қалар.

Мұрат осымен бітпейтінін білді. Бірақ лекцияда бір столда отырғанда Айша сөйлеспейді, тіпті тұйық болып алды. Мұратқа бұрылып қарамайды да. Арада үш күн өткесін Мұрат тағы да бір тілдескісі келіп, Айшаны шығарып салды.

— Жүр, өзенге барып қайтайық, — деді Айша былай шыққасын.

Екеуі өзеннің жағасына әнеукүнгі орынға келді. Айша сылдырап ағып жатқан суға қарап аз үнсіз тұрды. Мұрат та ішкі сезімімен алысып, ең жақсы көретін әйелдің жақындығын сезіп, үнсіз тұр. Кенет Айша басын көтеріп алып, Мұраттың шынтағынан ұстап, үлкен қоңыр көзі мөлдірей қарады. Ең соңғы үкім күткендей үрей мен үміт аралас көзқарас.

— Мұрат, сен мені шын жақсы көресің бе? Тек шыныңды айт!

— Айша! Жаным...

— Жоқ, жоқ... Сенемін. Саған сенбесем кімге сенемін.

Айша Мұраттың кеудесіне бетін басты. Ыстық деммен шыққан «сәулем, жаным» деген сөздер кеудесін қыздырып, жүрегіне бақыт нұрындай құйылып жатыр.

Екеуінің кейін терең із қалдырған қысқа бақыты осылай басталды. Айша Мұрат қызуына балқып, өз сезіміне бар жанымен беріліп, тереңдеп кетті де, әлденеден үріккендей оқыс тоқтады.

Айшаның Мұратқа айтып берген өмірінің сыртқы желісі дұрыс болғанмен, әлі жақын сырлас болмаған адамнан іркіп қалған астары бар еді. Оны Мұрат кейінірек келе түсінді.

Айшаның әкесі қазақтан ертерек шыққан аз интеллигенттің бірі еді. Бұрын мұғалім болып, кейінірек келе Қазақстан республика болып құрылғасын осындағы бір наркоматта қызмет атқарған. Айшаның шешесі ел ішінде өскен, кезінде оқи алмай, тұрмысқа шыққасын күйеуінің көмегімен хат таныған адам еді. Айшадан бұрынғы бір-екі баласы өлген, әрі қартайыңқырап қалған ата-ана енді үлкені Айшаны әлпештеп бағып еді. Айша он жетіге қарағанда әкесі қайтыс болды. Содан кейін қызмет істейтін адамы жоқ үй жүдей бастады. Жақын достардың жақсы көңілден артық жәрдемі болмады. Ауылда өскен, өзі ерте күйеуге шыққан шешесі — енді бойжетті деп Айшаны ұзатты. Шешесі өзгелермен ақылдасып, барлық жағынан ойлап келгенде — үй ішін бағатын, өз тумасы аз, ең ыңғайлы адам Құдайберген болды. Айша қанша жыласа да шешесінің сөзін қимады. Әрі үй-іші де жүдеп бара жатты. Сөйтіп ол әйел болды. Бірақ махаббат, сүю дегенді білмеді. Балалы болды. Оның сұрықсыз, жүдеу өміріне сән кіргізген осы кішкене қызы еді. Кейінірек келе күйеуге шыққалы тап болған көнбісті, бұйығы, меңіреу халінен аз да болса серпіліп оқуға кірді. Онжылдықты бітірді. Институтқа түсті. Енді күйеудің бәрі Құдайберген, әйелдің бәрі менің халімде деген ұғымнан арыла бастап еді. Осы кезде Мұрат кездесті. Өткір жүзді, сымбатты жігіт сонау бір күні коридорда кездесіп, тіл қатқанда-ақ Айшаның жүрегін дір еткізіп еді. Ол лекция үстінде өзіне Мұраттың қадала қарап отырғанын да сезді. Білеубай үйінде қонақта болғанда да Мұрат көркімен де, мінезімен де өзге жұрттан бөлек көрініп еді. Өз бойында пайда болған тосын сезімді қанша алысса да жеңе алмады. Соңғы рет бар күшін жиып бір тартынып көрді де жеңілді. Қараңғы суық қапаста тоңазып қалған гүл күн нұры құйылып, кешеуілдесе де жайнап, құлпырып ашылды.

Айша әйелге біткен сезімталдықпен күн асқан сайын өзінің құлпырып бара жатқанын және көркінің Мұратқа ұнайтынын сезді. Мұрат сүйсініп күле қарағанда бойын шексіз бір қуаныш билейтін. Осылай біраз уақыт бала көңілі қайтып оралып, есепсіз бақытқа мас болып жүрді. Бақыт деген Мұрат екен. Бірақ кейінірек келе ойда жоқта тап болған есепсіз бақытқа күмәндана бастады. Өзін қатеден хан көтерілген қайыршыдай сезетін болды. Бір күні бұлар Құдайберген екеуі Мұраттың үйіне қонаққа барды. Мұраттың әйелі баласы барын Айша бұрын да білетін, өзі айтқан. Бірақ олар туралы онша көп ойламайтын. Енді Хадишамен жүз көріскенде, томпаңдап жүгіріп жүрген, Мұраттан аумай қалған Шерниязды көргенде Айша қатты өзгеріп кетті. Еш жаманатын көрмеген жазықсыз әйел мен жазықсыз баланың алдында өзін қылмысты санап, қатты қиналды. Хадишаның бетіне қарауға шыдамады. Мұраттың үйленейік деген сөзі бар еді, Aйша соның жауабын созып жүрген. Осы жолы қолы жеткен бақытының түгел емес екенін, өзге біреуге у екенін бар жанымен сезгендей болды.

Осылай Айша тыйылып қалды. Мұрат қанша қиылса да болмады.

— Әйел қасіреті ешнәрсе етпес еді. Өз кесірімнен екі баланы екі жақтан жетім ете алмаймын, — деді.

Мұрат Айшаның бойынан өзі білмеген тағы бір мінез аңғарды. өз тағдырына мойын сұнған көнбістілік пе, әлде өзгеге бола өз аяулысын құрбан етушілік пе? Не де болса Айша қатты тұйықталып, екі араны бөліп тастады. Көп ұзамай соғыс басталды. Мұрат Айшаны ұмыта алған жоқ. Осы сезімнің ендігі қалған өміріне кететінін де білді. Бірақ өз көңілін айтып Айшаны қинамады. Тек майданға аттанардан азғана күн бұрын: «Жүретін түріміз бар. Көріссек» қайтеді» деп хабар айтып еді.

Мына хат соның жауабы екен ғой. Мұрат конвертті ашты. Не айтты екен? «Мұрат! Атыңның алды-артына әлпештеген сөз қоспады деп ренжіме. Ондай сөзді бұрын өзіңе айтып тауысып едім ғой. Маған салсаң «Мұрат» дейтін жалғыз сөз — бар сөзден қымбат. Мен сені ұмытқаным жоқ. Бірақ дұрысы осы болды. Кешір. Жолықпайын деген жоқпын. Аттанар кезіңдегі үй-ішіңе деген сезімге ортақ болуды қиянат көрдім. Тілектес жақын адамдарымен бір көңілде аттансын деп осы хатты да кейінірек тапсыруды өтіндім. Өткен іс өтті ғой. Мен оған өкінбеймін. Саған алғыстан өзге айтарым жоқ. Өткенді сен де қозғама. Meн тілеуіңді тілейтін тілектесің болмақпын қашанда. Соған жарасам да жетер...»

Мұрат хатты аяғына дейін оқып шықты. Көп қинап әрең шыққан келте сөздердің ар жағында үлкен жан толқыны жатқанын сезді. Қиналып жүрген жалғыз Мұрат емес екен.

8

Қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласы артта қалды. Поезд Москваға жақындап келеді. Осы күнге дейін соғыс алыс нәрсе еді, оны жауынгерлер қиялымен ғана шолып көзге елестететін. Бұлар өткен жерлердің де бейбіт реңі бұзылмаған-ды. Енді соғыстың ызғар лебін жұрт анық сезді. Төңіректегі жайнаған дүниенің де реңі суып барады. Кейініректе шағын станцияларға дейін түн болса көз қуантып самаладай жарқырап тұратын, енді үлкен қалалардың өзі қомақты, ауыр тұлғасымен қалың ормандай қарауытып қана елес береді. Қарсы лоқсыған екі толқын тоғысып қалды. Батыс жақтан поездарға тиеліп көшкіндер келе жатыр. Ондай составтар енді жиі ұшырайды. Бірақ жау апатынан босқан қалың елді поездар қасықтап тасып тауыса алар емес сияқты.

Бүгін ертеңгісін немістердің екі самолеті жүріп келе жатқан поезды бомбалады. Ержан есік алдында тұрған. Самолет гүрілін естіп, әлденеге секем алып қалды. Мойнын созып көз жеткен жеріне қарады. Бір сәтте қылаң етіп өте шыққан самолеттің баурындағы кресін көріп қалды. Жүрегі мұздап қоя берді. Поезд дүрсілінің арасынан атылған пулемет даусы талып естіледі. Вагон іші жым-жырт бола қалды. Шекті суырғандай зуылдап келіп, жол табанына елу метрдей жерге бомба жарылды. Ержанның есіне ашық вагондарда самолет атушылар отырғаны түсті. Өзінің солардың арасында болмағанына қатты өкінді. Қайрат қылар дәрмен жоқ, мынау жаңқадай жұқа сандықтың ішінде төбеден төніп келе жатқан ажалды күтіп отыру тіпті ауыр екен. Солдаттар да орындарына жабысып қалғандай тырп етпей үнсіз отыр. Ержан бойындағы бар қайратымен сығымдап қорқынышты жеңіп, есік алдынан кетпеді. Ол көз қиығымен болса да солдаттардың өзіне қарап, төніп келе жатқан қауіптің алыс-жақынын командирдің түрінен байқағысы келетінін сезді. Зеленин де орнынан тұрып есіктің алдына келді. Қалтасынан темекісін алып Ержанға ұсынды. Самолеттің гүрілі бірде алыстап кетеді, енді бір сәтте төбе құйқаны шымырлатып жақындай береді.

— Жанды! Өртенді сволочь! Ah, капут! — деп Зеленин айқайлап жіберді. Құйрығында қара түтіні шұбатылып самолет төмендеп бара жатты.

Ержан енді «соғыс шеңберіне кірдім» деп есептеді. Жаудың жүзін көрмесе де бүгін айқас болды. Әттең, тек мұның взводын самолетке қарсы қорғанысқа жібермеді. Бірақ төніп келе жатқан қауіпті ол тайсалмай қарсы алды. Өзінің қиын сағаттағы сабырын жұрттың бәрі көріп, сүйсінгендей Ержан едәуір көтеріңкі халде болды. Өзінше салмақтанып, іріленіп жүр. Осы қалпымен екі-үш сағаттан кейін Раушанға келді. Жұрт кіріп-шығып жатқанға ма, әлде үйреншікті боп алған ба, мұның келгенін ешкім елей қойған жоқ. Есіктен кіргеннен-ақ оң жақта отырған Раушанды көзі шалды. Ол бұған бұрылар емес, қарсы алдындағы жігіттің әңгімесін елте тыңдап отыр. Жігітті Ержан таныды. Ол Дулат дейтін барлаушы болатын.

— Енді бір айналып шүйіле бергенде тұмсықтың алдын-ала көздеп бастым деймін. — Дулат орташа шымыр денесі жұдырықтай боп, бүкшиіп құдды пулемет атқан кісінің түріне еніп, қызына сөйлеп отыр. — Сол кезде түтін бұрқ ете қалғаны.

— Сәлематсыздар ма, — деді Ержан жақындап келіп. Полктың еркесі барлаушылар әшейінде де кішігірім командирлерді елемейтін, самолетті атып түсірген Дулат енді Ержанды көзіне де ілер емес. Орнынан тұрып сәлем берудің орнына басын изей салды да әңгімесін соза берді. Раушан да Ержанға бұрылып иек қақты да қайтадан Дулаттың аузына қарады. Ержан не істерге білмей тұрып қалды. Раушан мұның келгенін ұмытып кеткен сияқты. Дулаттың әңгімесіне ынтыға түседі. Бір түрлі көңілі жүдеп Ержан шығып кетті.

Өз вагонына қайтып келсе, рота политругі Кусков отыр екен. Ол Ержанға қысқа көз тастап, бас изеді де қайтадан өзін қоршап отырған жауынгерлерге бұрылды. Басталып кеткен әңгімесін үзбеді.

— Сөйтіп тіпті қорыққан жоқпын дейсің бе? Кусков Бөрібайдың бетіне қарап сәл езу тартты. Алдында аздап өтірік айтса керек, Бөрібай сынай қараған көзден қаймығып қысылып қалды.

— Әрине, енді былай... аздап... — Ол желкесін қасыды. — Дегенмен қорқа қойған жоқпын.

— Ендеше ер екенсің. Ал, мен едәуір қорықтым. Кусков бұл сөзді қалжыңсыз ашық айтты. Оған жұрт та сеніп, көздері жылтырап, еркін сөйлеп кетті.

— Алғашқы рет кісі, әрине, қорқады. Неге қорықпасын.

— Өзімнің іші-бауырымды бүрістіріп-ақ тастады. Біреулер күліп те жіберді. Вагон ішінде жұрт ойындағысын ұялмай, қысылмай айтатын кеңістік пайда болды.

— Бомба зуылдап түсіп келе жатқанда мен өзім көзімді жұмып жата қалдым. Енді біттім ғой деп ойладым, — деді Земцов дейтін жас жігіт.

— Иә, даусы жаман екен құрғырдың, — деп қостады Бондаренко.

— Ал, жау төніп келе жатқанда қайрат қыла алмағаннан жаман нәрсе жоқ екен, — деді Кусков қайтадан сөзге араласып.

— Дұрыс айтасыз, жолдас политрук. Құдды қол-аяғыңды матап қойғандай болдық, — деді Қартбай. — Қиыны сол екен.

Жұрт бүгінгі әуе шабуылынан, алғашқы қауіп-қатерден туған әсерлерін қызу айтысып тоқтады. Политрук аз уақыт үнсіз отырды. Кусковтың жасы отыздан асса да өңі жас, денесі жұмыр болғанмен, сүйегі кішіліктен болар, тұлғасы жіңішке, талдырмаш көрінеді. Әдеміше келген ит жақты, кішкене бетті. Келбетінде, мінезінде артылып көзге түсер ешнәрсесі жоқ, орташа ғана адам. Тек түріңкі қалың ерні мен пилотка астынан үрпиіп шыққан толқынды қоңыр шашы ғана байсалды көзқарасына, сыпайы жұқа реңіне, сабырлы қимылына үйлеспейтін, тікелік беріп тұр. Оның бойынан Ержан қызғанатын бір-ақ нәрсе: ол кісінің жүрегіне төте жол тауып, бірден ашық сөйлесіп кете алатын. Мінекей, Ержан бүгінгі ажалмен алғаш кездесуден туған зор әсерін кеудесінен шығара алмай, ешкіммен сырласа алмай булығып жүр еді, жұрт мынаған оп-оңай ақтарыла салды. «Егер осы менің орнымда болса, Раушанмен де әлдеқашан ұғынысқан болар еді», — деп ойлады Ержан. Тағы да Дулат есіне түсті. Қаршығадай шымыр денесі шиыршық атып, кішкене шегір көзі жайнап Раушанды еліктіріп алып барады. Раушан бұған ешуақытта дәл солай таңырқай сүйсіне, беріле қараған емес қой. Енді тағы да сонау күнгі Мұраттың көзқарасынан туған өзін қорсыну сезімі бітеу жарадай сыздап қоя берді.

ЕКІНШІ ТАРАУ

1

Күлгін қоңыр бұлт шығысқа қарай түйдек-түйдегімен жөңкіліп барады. Жыртылып-айрылып қайта тұтасады. Сол кезде жалба-жұлба бұлт арасынан айқын көк бояуы оңып жүдеу тартқан күз аспаны көрініп қалады. Күзгі өкпек жел ызғарсыз сызымен жұмыс істеп қызынып кеткен солдат жүзін сергітіп, мойнынан, жеңінен кіріп, тершіген ыстық денеге салқын рахат лебін еседі. Кейде бұлттан үзіліп түскен тамшыны шашыратып кірпік астына бүркіп өтеді.

Қалың тұтасқан қарағай ормандар мен ұсақ шоғыр ағаштардың алдында жалаңаш дөңестерде жұрт қыбырлап окоп қазып жатыр. Үйіріле қалған шоғырлар, арлы-берлі жүгірген жауынгерлер, салдырлап орман ішінен шыға келіп дөңеске көтеріліп, ылдиға түсіп кетіп жатқан арбалар. Булыққан машина гүрілі. Сырт қараған адамға жұрт ұзыннан ұзақ иретіле созылған жүлгенің өн бойына көмген қазнаны аршып, кейінгілері соны тасып алуға аптығып жатқан сияқты.

Адам қиялы соғыстың қауіп-қатерін қанша анық елестетіп бақса да, ел басына түскен ауыртпалықты сезсе де соғыс алыста еді. Кісі жаны қиналып жатқан жаралы жауынгердің қасындағы жанашырдай ғана болатын. Енді соғыстың ызғары шарпыды. Сонау қою қоңыр бұлтпен тұтасқан батыс жиектен зілді ыңыранып артиллерия атысы естіледі. Алыстағы айбатты гүрсіл талып жетіп, бір күрсініп тынады. Анау алдағы деревнядан арбалы жаяулар шұбырып барады. Алдында ат арба, одан кейін екі-үш өгіз арба. Жетекке байланған сиырлар тартыншақтап, қайырыла беріп мөңірейді. Бір бала қайтадан деревняға қарай жүгіріп кетті. Әйел көштен қалыңқырап балаға қолын сілтеп басын шұлғиды. Бір нәрсе тапсырып жатыр. Деревнядан кешеуілдеп қалған тағы бір арба, жаяулар шықты. Қашып, босып шыққан ел сияқты емес, біреуді жерлеуге бара жатқандай керуен тұнжырап, жай қозғалады. Қабір қазатын күректі ұмыт қалдырып, соған ана баланы жұмсаған сияқты. Осы ой келгенде Ержанның денесі мұздап қоя берді. Таңертеңнен бергі зілдей басқан сезім қалжыратып, денесі босап кетті. Көңілі жүдеп, жетімсіреп кетті. «Бүйткен болмас, бүйткен болмас», — деді ол міңгірлеп. Осы сөздің мағынасы миына жаңа ғана жетіп, «бүйткен болмас», — деп дауыстап жіберіп, арқасына қапшық артқандай орнынан әрең көтерілді. Ол үстін қағып, алдыңғы жаққа қарап біраз үнсіз тұрды. Соғыс жер сілкінтіп, сықырлай ауыр басып, теңселе төніп келеді. Жақындаған сайын алқымнан қысып, тынысты бітеп барады. «Не де болса, тезірек болса екен!» — деді Ержан алқына дем алып.

Бастан кешпеген белгісіз қатерді күту ауыр екен. Тұла бойдағы күшті сарқып, жігерді кеміре түседі. Тәжірибелі, айлалы боксерлер күреске жаңа шыққан жасты аренада жалғыз күттіріп қойып дәл осылай қажытатын. Ержан соғысқа кірмей тұрып өзінің жүдеп баратқанын сезді. Мең-зең болып келе жатып Бөрібайға ұшырасты.

— Команда пунктін қазып жатырмыз, жолдас лейтенант, — деді Бөрібай күрегін таянып тұра қалып. Оның түрі алаңсыз, даусы жайбарақат. Ержанды қинаған ауыр ой мұның есіне де кіріп шықпаған түрі бар. Ержан белбеуін шешіп, траншеяға қарғып түсіп қолына күректі алды. Он минуттан кейін жұмысқа елігіп бар ойын ұмытып кеткендей болды. Босаңсып, ауырлаған денесі ширығып; бұлшық еттеріне күш еніп, сергіп қалды. Ол осылай баяғыдан көпке мәлім шындықты ашты. Ауыр ойдан сергітетін, қауіп-қатерді ұмыттыратын жұмыс екен. Енді іспен алаң болуға тырысып взводты аралап әмір етіп, қолына күрек алып жер қазды.

Ержан сырт көзге едәуір пысық, білгір көрінгенмен бүгін өз тізгінін қолынан шығарып алды. Оның әрекетінде байыпты іскерлік, тиянақты тындырымдылық жоқ. Бірде солғын тартып, салбырап өз бетімен кетеді де, бірде жер қазып жатқан солдаттарға килігіп, әлегін шығарады. Байыпты қимылдап, күрекпен топырақты мол қарпып алып жатқан Бондаренкоға «тезірек қаз» деп жекіді. Оның мылтық ататын ұясын көріп оған да көңілі толмады.

— Алдының топырағы биік, аласарт, — деп әмір етті.

Бондаренко көзінің астымен қарап:

— Құп, жолдас лейтенант, — деп ісіне қайта кірісті.

Қартбайдың пулемет ұясынан да мін тапты.

— Траншейді бітіргесін жөндеймін, — деді ол.

Барын салып митыңдап жатқан Көжектің де көзін алаңдатып, бір кейіп алды.

Взводты бір тықсырып шығып, темекі тартып отырып ойға қалды. Жауынгерлердің жанын аямай жұмыс істеп жатқанын ұқты. Оның үстіне мұның барып бәйек болуы тіпті орынсыз сияқты. Әрқайсысы «құп, жолдас лейтенант» десе де түрлері «бөгет болып қыстырылмаңызшы» дегенді аңғартқанын енді біліп, өте бір ыңғайсыз жағдайға түсті. Бірақ қайткенде де взводты басқару керек қой. Ол окопты қайтадан аралады. Темекі тартып жайбарақат отырған Добрушкинді көрді. Қисық сержант командирі келгенде де айылын жия қойған жоқ. Темекісін бір езуіне қисайта ысырып жіберіп, күректің сабын ұстап, ақырын ғана орнынан тұрды. Әдейі көз қылғанын жасырмай:

— Тез қимылдаңдар! — деп солдаттарына дауыстап қойды.

Басқа жерде иыққа таман келіп қалған окоп мұнда белуардан төмен екен. Ержан сержантқа ашуланды.

— Жұмыс істемепсіңдер ғой!?

— Істеп жатырмыз ғой. Көрмейсіз бе!?

— Тындырған жұмыстарыңды көрмей тұрмын? Қазған окоптарың қайда?

— Аяғыңыздың астындағы ше!!

— Осы окоп доп атала ма? — деп жекірді Ержан, — Су жіберетін арық та бұдан терең болады.

Добрушкин қыңа қойған жоқ.

— Осымен де амалдаймыз ғой, — деді желкесін қасып.

— Бұл арада ұзақ отыра қоймаспыз.

Добрушкиннің соңғы сөзінің астары ап-анық еді. Мұндай жауапты күтпеген Ержан аңтарылып сержантты бастан-аяқ шолып өтті. Оның түріндегі бір жамандықтан тіксініп қалды.

— Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? — деді Ержан сызданып.

— Е, шабуылға шықпаймыз ба!? — деді Добрушкин түк сезбегендей.

Ержан Добрушкиннің тез өзгеріп кеткеніне қайран болды. Оның түпкі ойын сезсе де, қалай кінәлаудың, не деп кеюдің ретін таппады. Қолыңнан келсе «өтірік айтасың» деп көр. Жоқ, мынау терісі жуан елі қайыс болып қалған, пиғылы қараңғы адам оңайлықпен алдырар емес. Ержан өз дәрменсіздігіне ыза болып, Добрушкинді көзімен ата қарап, аз тұрды да жүре берді.

Бұрыла беріп, ананың кекесінмен иек қаққанын байқап қалды.

— Көріп тұрмын, көңіл күйің онша мықты емес қой!?

Траншея ішінде келе жатқан Ержан селт етіп, кілт тоқтады. Алдында Кусков тұр. Ол езу тартпай, Ержанға байсалды қарады.

— Көңіл-күйім өз нормасында. Артық-кемі жоқ.

Ержан байыпты жауап бермек болса да әлденеден именіңкіреп қалды.

— Нормаң осы болса... онша биік емес екен.

Ержан политрук сөз аяғын әзілге айналдырып езу тарта ма деп еді, Василийдің жүзі жылыған жоқ, қайта тереңірек қарап үңіле түсті.

— Барым осы. Қосарым жоқ.

Василийдің көзінде «Болдығың осы-ақ па еді» дегендей бір кекесін жылт ете түсті.

— Сен өзіңнің командир екеніңді сезесің бе?! — деп Василий тіке қарады.

Ержан мен Василийдің арасында достық та, араздық та жоқ. Анау ротаның политругі, бұл взвод командирі, оған бағынады. Бірақ Ержан одан аулағырақ болуға тырысатын, өйткені Василийді көргенде, өзінің қай-қайдағы кем-кетігін, олпы-солпысын анық сезінеді. Политрук еш уақытта даусын көтермесе де тіке келеді, бейне жараның аузын шұқығандай, мұның бір ойсырап тұрған жерінен дәл басады. Ержанның есіне Уәли түсті. Ол Ержанның ауырған жерін ақырын ғана сипап өтіп, уайым-қайғысын ұмыттырып жіберетін. Политрук адамға лайықты мінез осы. Уәлидің мінезі емес пе?

— Сен, сөйтіп, ойлан. Ал, уақыт тіпті аз қалды.

Байсалды аяңдап кетіп бара жатқан Кусковтың желкесіне қарап Ержан тұрып қалды. Жоқ, мынаның сөзі көңілді жадыратпады, зіл тастап кетті.

Купцианов, Мұраттар келіп алғы шепті аралады. Купцианов окопқа түсіп әуре болмай кейініректегі биікте тұрып, қолбасшыларша төңіректі шолып өтті. Иретілген окоптарды қолымен баяу нұсқап сәл тұрды да, байыптап сөйлеп кетті.

— Жолдас капитан, тым суырылып алға шығып кетіпсіз. Окоптарды дәл орманның түбінен қазған жөн болатын еді.

Мұрат өзінің кейдегі анайылық мінезі ұстап кетіп, кесіп тастады.

— Қашуға ыңғайлы болсын дейсіз бе?

Купцианов иегін көтеріп, Мұратқа қабақ шыта қарады да, бірақ ашуын тежеп сәл езу тартты.

— Жоқ, оқ-дәрі жеткізуге ыңғайлы болсын деймін. Және де біз шабуылда емеспіз, егер шегіністе демесек, қорғаныстамыз, — деді ол кекесінді үнмен.

— Одан хабарым бар, — Мұрат «осы арада соғысатын сен емес, мен ғой» деп қайырып тастағысы келді де, өзін тежеп: — Бұл арадан екінші белдеу окоп қаздырармын, — деді.

Жұрт митыңдап окоп қазған, оқта-текте әрлі-берлі жалғыз-жарым шабармандар жүгірген үйреншікті қимыл арасында төбеде оқшау тұрған азғана шоғыр офицерлер соғыс алдындағы салтанатты көрініс сияқты. Купцианов өз тобымен бөлініп әрі қарай кетті де, Мұрат окопты аралады.

Ержан командирлердің өз взводына келе жатқанын көріп алдынан шықты. Комбат оның рапортын тыңдап, қол алысып амандасты. Мұраттың түрі жинақы, тап-таза қырынып алған, хром етігін де жылтырата тазалаған. Әдеттегісінен көтеріңкілеу, қимылында да сергек шапшаңдық бар.

— Ал корсет өнеріңді, — деді Мұрат көзінде көңілді ұшқын ойнап, — Бүгін бар өнерді салатын күн.

Бұлар окоптың ернеуіне жете бергенде жүгіріп Payшан келді. Ол комбатқа сәлем беріп:

— Жолдас капитан, санитарлық пункт дайын, — деп баяндады.

Раушан... Бүгінгі күннің әлегімен Ержан оны ұмытып та кетіпті. Сол қалпы. Қолын шекесіне апарып сәлем бергенде саусағының ұшы дір ете қалғандай болды. Әлде Ержанға солай көрінді ме? Жер қазған болар, тырнақ астына топырақ толып, қарайып кеткен. Өңін жел қағып тотығып, бет терісі қалыңдап, көзі кішірейіп, ажары қашыпты. Қонышы қолпылдаған кирза етік, кең жағалы гимнастерка иесін енді тауыпты. Қыз Ержанға көз қиығымен бейхабар бір қарады да қойды. Кенет Ержан қатты тіксініп, дір ете қалды. Егер де бір снаряд келіп түссе... Көз алдына боп-боз болып етпетінен жатқан Раушан анық елестеді. Ана саусақтар жансыз бүгіліп топырақ арасында жатар... Мынау үлкен соғыстың, ажалдың қасында Ержанның махаббат деп жүргені баланың ойыны сияқты. Снаряд үзе алмайтын екеуінің арасында қандай берік байланыс бар? Екі жүректің арасында өрмекшінің жібіндей тартылған болмашы ғана нәрсе бар.

Ержанның осы лап еткен ойдан есеңгіреп Раушанға телміре қарап қалғанын Мұрат байқамады. Бүгін әркімнің өз ойы өзіне жетерлік сияқты.

— Жақсы, өзім барып көрермін, — деді Мұрат Раушанға.

— Жолдас капитан, кетуге рұқсат етіңіз.

«Сендей гүлді мына боранға кім алып шықты екен?» деді ме, әлде қыз басқа бір жәйтті есіне салды ма, Мұрат реңін бұл көзқарасынан «апырмай, жазым болмасаң етті» деген күдікті ғана ұғып, тағы да шіміркенді.

Ержан осы ауыр халде иығын зіл басып, Мұраттың соңынан еріп жүре берді. Бұлар траншеяны бойлай жүріп отырып, пулемет ұясын қазып жатқан Қартбай мен Көжектің қасына келді. Қартбай жұмысын бітіріп ұяның алдындағы ернеу топырағын тасалап жүр екен. Көжек митыңдап артқы траншеяға қосылатын жолды қазып жатыр. Күзгі мол ылғалды сіңірген сазды топырақ күрегіне жабысып, ісін өндірмей мазасы кеткен. Әлсін-әлсін күрегін сілкілеп, желімдей жабысқан сазды түсіре алмай зықысы шығады.

Командирді көріп қалған Қартбай атып тұрды:

— Жолдас капитан, жауынгер Құлбаев окоп қазып жатыр, — деп баяндады,

Оның әдеттегіден сергек ширатыла қалған қимылы, сәл шүйірілген көзқарасы, мұрт астында шеті көрініп тұрған күлкі табы Мұратқа таныс бір келбетті тасалап тұрған сияқты.

Мұрат «осы адамды қайдан көрдім» деп өткен-кеткенді есіне түсіріп қарманып қалды. Бірақ есіне түсіре алмай, жауынгерге тіл қатты.

— Асыра сілтеп алдың. Жұмыс уақытында баяндамас болар.

— Құп, жолдас капитан! Окоп дайын, тек фрицтерді жайпау ғана қалды.

Мұрат ырғып окоптың ішіне түсті.

— Олар да құлай кетейін деп келе жатпаған болар. Байқа, түйенің үлкені көпірде таяқ жейді деп, жастарға күлкі болып жүрме, — деді Мұрат окопты бойына өлшеп көргендей теңселе басып, — Окобың тәуір екен. Енді ұрысың білсін.

— Ұра берсең құдай да еледі деп Жаңғабыл айтушы еді. Немістер де қара тас емес шығар, — деді Қартбай.

Мұрат тағы да «осыны қайдан көрдімге» түсті. Дулбаев деген фамилиясы таныс емес. Ол енді:

— Атың кім? — деп сұрады.

— Әкем Қартбай қойыпты атымды, — деді жауынгер Мұраттың жүзіне қуақы жымия қарап.

— Мен сені бір жерде көрген сияқтымын.

— Мүмкін. Осы батальонда жүрміз ғой, көзіңіз түскен шығар.

Мұрат жауынгердің бір нәрсені бүгіп тұрғанын сезсе де, ар жағын қазбады. Кері бұрылып пулеметті көздеп байқады. Пулемет орны ұнаса керек, Ержанға құптай қарады. Окоптан қарғып шығып, үстін қақты да Көжекке бұрылды.

— Көжеке, хал қалай?

Айбатты командирдің үлкен тұтып сөйлегенін естіп, Көжек көтере берген күрегін әуеде ұстап аңырып қалды. Содан кейін өзін-өзі билеп, ыржия күлді де:

— Хал жақсы ғой, әкем... жолдас капитан, — деді.

— Анада поездан қалып қойып бізді бір састырып едің, енді бүгін немістерді бір састыршы, — деді Мұрат.

Ержан мен Мұрат взводты түгелге жуық аралап шықты. Мұрат солдаттармен ақжарқын әзілдесіп, бірін арқадан қағып, кейбіріне кейіп келеді. Ержан оның сұрауына қысқа жауап қайырып соңынан ере берді. Окоп ішін жарқын, жайдары аруақ аралап жұртты көңілдендіріп, ширатып, сергітіп өткен сияқты.

Окоптарың маған ұнады. Ал қазір өз взводыңды ғана емес, ротаны жинаттыра ғой. Соғыс алдында азғана сөйлесіп алайық, — деді Мұрат.

Ержан Мұраттың әдемі сөйлейтінін біледі. Ол сонысын мақтан етіп жауынгерлердің алдында өзге командирлерден гөрі жиірек сөйлейтін. Сөзі қысқа, ұтымды, жұп-жұмыр. Кейбір тапқыр сөздерді қайталап баса айтуына қарап, Ержан оның Мұрат ойында бұрыннан жүрген, піскен сөз екенін байқайтын. Өзін жұрт алдында ерекше бір сәнмен ойнақы, жеңіл ұстайды. Бұрынырақта айтқан сөзін қайталаса да ойынан жаңа ғана туғандай әсерлі етіп береді. Мұрат ауыр жағдайды айтар алдында жұрт көңілін сергітіп алып, ойнақылықтан сұсты салмақтылыққа ауысты. Мұны капитанның айтарын күні бұрын білгенсіп, оның мінезіне сынай қарап тұрған Ержан да аңғармай қалды. Жаңа ғана жымыңдап тұрған жауынгерлердің жүзіне ызғар еніп, түнере түсті.

— Ойын бітті, енді соғыс басталады! — деді Мұрат жұмырығымен ауаны ұрып қойып. — Нағыз ауыр соғыс басталады. «Жауды қалпақпен соғып аламыз» дейтін ақымақтар кейінде, тылда қалды. Ал бізге көк болатты маңдайымызбен соғатын да уақыт келер! — Мұрат шайнап тастауға дұшпанын іздегендей көзінен от шашып жан-жағына қарап алды, — Алды-арттарыңа қараңдаршы! Артыңда таяқ тастам жерде Москва тұр. Алдыңда өрт боп жалап жау келеді. Аяншақ адамның енесі ұрылады! — Мұрат қайнап кетіп, айқайлап жіберді. — Нең қалды аянатын! Өлісер жерге жеттің!

Ертеден бергі жігерін құм қылып, еңсесін басқан зілді біреу сыпырып тастап, Ержанды ширықтырып алға нұсқады. Бойын ұрыс қызуы кернеп, төбелеске құныққан баладай немістерге қарсы тұра ұмтылғысы келді. Ондай кезде кісі сүйсініп-ақ өледі ғой.

Іңірде аз уақытқа қолы босан қалды да Ержан Раушанды көруге ынтықты. Әнеугіден бері көңілінде біраз сыр жиналыпты. Енді сол толысқан дәндей қауызына сыймай кернеп барады. Сөйтсе де осындай алас қапаста қызбен сырласуды тым ерсі көріп көп қиналды. Бірақ осы түнде не ертең жазатайым қаза болса осынша сырын арқалап кету аса ауыр көрінді де санвзводқа баруға бел буды.

— Мен... жарты сағатқа... ә-ә... штаб жаққа барып келем. Сен басқара тұр, — деді ол Зеленинге, ұрлық қылған баладай кінәлі пішінмен.

Ержанның жол бойғы күдігі рас болды. Санвзводта Раушан жоқ екен. Жас ағаш өскен тайыз жырадан санитарларымен бірге окоп қазып жатқан. Коростылев Ержанға басын изей салды. Қара көлеңкені көзімен тінтіп керек адамын іздеп біраз аңырып қалған Ержанның оғаш қылығын ол байқамаған сияқты. Ержан әлденеге арбаның үстіндегі жүкті де бір шолып өтті. Раушанның санитарлық сумкасын көре алмады. Содан кейін арбаға сүйеніп, Коростылевтің қорбаңдаған ірі тұлғасына қарап үнсіз тұрды. Қасына Күләнда келді.

— Жайша келдіңіз бе? — деді ол аз қипақтап тұрып.

— Жайша.

Күләнда бөгеліп тұрды да:

— Раушан санротаға кетіп еді, — деді.

«Қашан келеді?» деген сауал аузынан шығып кете жаздаса да Ержан тіл қатпады. Күрегін жерге шаншып, үстін қағып қасына Коростылев келді.

— Ал, кәне, әкеліп қой, — деп күректей алақанымен Ержанның қолын қысты.

— Хал қалай, қария!?

Ержан бойын билеп екеуінің арасындағы ойнақылыққа ауысты, бірақ даусы көңілді шықпады.

— Өте жақсы. Кәне темекі тартып алайық. Содан кейін суырша қайтадан ін қазамыз.

— Тереңірек қаз, қария.

Коростылев бармақтай жуан оралған темекісін сорып, қайқы тұмсығын жылтылдатып Ержанға қарап қойды.

— Қалжыңдаған боласың-ау, бала. Бірақ көңілінде күлкің жоқ. Ішіңнің алай-дүлей болып жатқаны көрініп-ақ тұр.

— Оны қайдан білесің? — деді Ержан қараңғы да болса Коростылевтің жүзінен көзін тайдырып әкетіп.

Коростылев қарқылдап күліп алды. Ержан күлген жоқ.

— Әнекей, мен күлгенде күлген жоқсың ғой.

— Күлетін түгі де жоқ, — деді Ержан мазақ болғанына ашуланып.

— Қой, ашуланба, — деп Коростылев Ержанның иығына қолын салды.

Ержан иығын тез босатып алып, ретін тапқансып қағытып өтті:

— Қолың аюдың табанындай ғой.

— Менің өзімнің аюдан кемдігім қайсы. — Коростылев байсалды, ойлы пішінге ауысты. — Бірақ аю да болсам әр нәрсені сеземін.

— Менікі де қалжың ғой, — деді Ержан, түбі Коростылевпен араздасқанды тиімді көрмей.

— Иә-ә, бүгін ойын-күлкінің күні емес, — деді Коростылев күрсінгендей болып. — Мен фин соғысына бастап аяң қатыстым. Сонда да көңілім елегзи береді. Алғашқыда, әрине, қиындау болады. Бірақ адам баласының төзбеген нәрсесі жоқ. Бүгін ғой саған ас батпай жүр?

Ержан шынын айтты.

— Оның бәрі өкінішті. Әлі өліктің қасында қара нанды күйсеп отыратын боласың. Ештеңе етпейді, — деді Коростылев.

Ержан қатты тіксініп, Коростылевқа жалт бұрылды.

— Сіз неткен қатал адамсыз.

— Мен бе? — Коростылев сабырлы қалпын өзгерткен жоқ. Тек темекісін қаттырақ сорды. — Мүмкін. Әлі өліктің дорбасындағы нанды да алып жейтін боласың. Есіңде болсын тірі қалған адамға тіршілік ету керек. Ал соғыс деген қатал нәрсе. Шүйкесі нашар кісіге жұмсақ тимейді. Қаталға қатал болмасқа шара жоқ.

Ержан көңіл түбінде мақұл көрмесе де, оның дәлеліне қарсы дау айта алмады. Коростылев аз бөгеліп қайта сөйлегенде даусынан күрсініс байқалды.

— Мен сені ренжітіп алдым-ау деймін. Бірақ сөйтпеске сенің де амалың жоқ. Осы бастан бекініп, түйіне бер. Тас болып қат, ал бірақ адамға деген рахымыңнан айрылма. Үміт, сенім, керек болса махаббат деген де адамды ажалдан сақтайтын бойтұмар. Мен идеалист емеспін, бірақ сенім деген өте қажет нәрсе.

— Жауды жеңетінімізге мен сенемін, — деді Ержан.

— Оған бәріміз де сенеміз. Әрине ол оңайға түспес те. Ал оның үстіне жеке бір адамға сену керек.

— Сіз ғашықтықты айтасыз ба?

— Мейлі, тіпті ғашықтың болсын. Бірақ мен көз қысып, қабақ қағысқанды айтпаймын. Нағыз ажалдан сүйреп шығатын махаббатты айтамын. Өмірде сондай бір адам барын білесің, соған бар жаныңмен сенесің... Сол үшін өліп кетсең де арманың жоқ. Ал ажалдан қорықпаған кісі өле қоймайды. — Коростылев жуан қатқыл даусы жұмсарып еліге сөйледі. — Жүрегіңдегі ең асылыңды шаң-тозаң жуытпай бір адамға сақтайсың. Қанша қанды қырғын ұрыста жүрсе де сол асылын аяулы адамына табыс етпей тұрып, бар сырын ақтармай тұрып кісі өлемін деген ойға сенбейді. Соған жететініне сенеді. Солай, жас жігіт.

— Бұл өз басыңызда болған оқиға ма?

— Гәп онда емес, — деп Коростылев кенет ұйқыдан оянғандай даусы өзгеріп.

— Сіз философ екенсіз.

— Иә, ондайым бар. Қой, Германия философтар отаны болғанмен, фашистер философияны сүймейді, — деді Коростылев ойнақы үнмен, өзінің аяқ астына ақтарыла салғанын жуып-шайғысы келіп. — Ең дұрысы іске кіріселік.

Ержан жұмыс істеп жатқан адамдардың қасында көзге сүйел болып көп тұра алмады. Ол қайтуға беттегенде «төртінші ротаға пакет таратып келейін» деп Күләнда да ере жүрді. «Неге келдім, не тындырдым, осы менікі не жүріс» деген ой мазалап Ержан ісінің берекесі қашқан адамдай аса бір ыңғайсыз халге түсті. Алыстағы әлсіз найзағайдай қараңғы түннің жиегін желпіп снаряд оты жарқылдайды. Атыс даусы әлсіреп, жұмсақ естіледі. Күндізгі қансоқта жеміне күпті болған жалмауыз — соғыс ыңырана лоқсып ақырын төніп келеді. Ержанның есіне Коростылев сөзі түсті. Өзін қорбиған жайдақ нәрсе ғой деп қана ойлаушы еді; оның ішінде де біраз сыр бар сияқты. Алдыңғы тұрпайы сөзі Ержан жүрегіне тікендей қадалғанмен, соңынан басқа жақтан келіп шықты. Әшейінде мұндай аяқ астынан ақтарыла салған сыр, Ержан жүрегіне әсер етпей өте шығар еді, тіпті ерсі де болар еді. Бірақ бүгін әр адамның жан жүйесі бір күйге бұралған көп аспаптың шегіндей — бірі үн шығарса, өзгелері де қосыла Коростылевтің айтқаны Ержанды көп толқытқан ой еді. Алғашқы оянған махаббат аңсары соғысқа жақындағалы өрши түсті. Көп көрісіп үйренісе алмай сырттан ынтыққан бала қиял Раушанды биікке, аспанға көтерді. Мінекей, тағы да тілдесе алмай арманда келеді. Екеуі қол ұстасса, сонау қараңғы түнектен жарқылдай төнген қаһарлы соғыс та қауіпті болмас еді. Бірін-бірі ажалға бермес еді. Соңынан көлеңкедей еріп Күләнда келеді.

— Жаңағы Ваня ағай жақсы айтты-ау, — деді Күләнда қатарласа беріп. — Өте жақсы айтты, — деді тағы да күбірлеп.

— Иә, өте дұрыс айтты.

Тағы біраз үнсіз жүріп, окопқа жақындағанда Күләнда Ержанды бөгеп қалды. Қыздың жас өңі әдеттегісіндей емес, түн қараңғысынан бұлдырап, мұнартып әдемі көрінеді. Қиықтау қара көзі дөңгеленіп Ержанға телміре қалыпты. Сүйгенін аңсап келе жатқан жас жігітке бұл Раушанның көзіндей болып, ыстық тартып кетті. Ержан да іші жылып емірене қарады.

— Ержан, — деді Күләнда даусы дір етіп. Жақындай ұмсынып, қолын Ержанның иығына салды да, қайтадан тартып алды; жеңінің ұшынан ұстады. — Ержан... өзіңді сақтай гөр... Мен тілектеспін

Ержан қарымен қапсыра орай Күләнданың арқасынан қақты.

— Рақмет, Күләнда! Өзің де аман бол.

2

«Өлім деген не? Ол адамның жоқтыққа айналуы. Айталық «өмір жолының аяқталуы». Адам барлық ісінің аяқталғанын, тынғанын жақсы көреді. Тек қана өмірдің аяқталғанын жек көреді. Жоқ болып кету өте қорқынышты. Ал діншіл адамдар рухының мәңгі өлмейтініне сенеді. Логика бойынша оларға өлім қорқынышты болмасқа тиіс. Өйткені о дүниенің де рақаты бар деп біледі... Бірақ олар да өлімнен қорқады. Неге олай? Құдайға сенбегендіктен менің өлімнен, яғни мәңгілік жоқ болып кетуден қорқатыным дәлелді». — Ойы осы араға келіп тіреліп Купцианов жан-жағына қарап алды. Шаруаның аласа төбелі төр бөлмесінің іші тыныш. Батареядан қуат алған кішкене лампа үй ортасын дөңгеленте жарқыратып қараңғылықты бұрыш-бұрышқа, жүк тасасына қуып тастаған. Есікке таман құлағына трубасын байлап алып, мүлгіп телефонист солдат отыр екен. Өзі мүлгіп кеткен бе, қалай? Әрине ол мен сияқты толғанбайды. Оқыған, ойлы адамдар сезімтал болады. Өмірді де қатты бағалайды». Осы арада көзіне жас кезіндегі бір оқиға елестеді. Бұл гимназияға баратын көшеде қолын созып «подайте, христа ради» деп сыңсып бір қайыршы тұратын. Вениамин оған анасының тапсыруымен күнде бақыр ақша тастап кететін. Өмірге мәз бозбаланы оның әсіресе жирендіргені — сасық исі еді. Жақындағанда қолқаны атып кететін. Оған соқпай кетейін десе анасының тілін алмауға батылы жетпейтін. Бір күні ыза болып кеткен Вениамин шалға: «Осы, сен, не үшін өмір сүресің», — деді, «Шырағым-ау, ешкімнің де өлгісі келмейді ғой», — деп еді шал, — «рас, ешкімнің өлгісі келмейді. Простейшая истина. Айтпақшы, тарихта талай солдаттардың өз денесін оққа тосып командир өмірін сақтап қалғаны мәлім. Бұл неліктен?» Купцианов солдатты ондай іске апаратын сезімдерді біраз талдап көріп еді, бірақ бұған жауап таба алмады. Оның көзі хат жазып отырған Уәлиге түсті. «Әйеліне жазып отырған болар, — деп түйді Купцианов. — Бірақ оның ойы да қазір осы төңіректе жүргені анық. Ол ғой қазір ең алдымен өз өмірін ойлап отыр. Хат жазу да өмірге деген үміттің бір түрі».

Бүгінгі күн тым қызу болды. Әр бөлімшеге өз орнын, артиллерияға атыс позициясын картадан белгілеп беру онша қиын болмаса да, соларды жер бетіне орналастыру оңайға соққан жоқ. Кәдімгі әуре-сарсаң. Жәрдемшілерімен, өзге командирлерімен қоса бұған Купциановтың өзі де көп араласты. Әшейінде көнбісті, «ие мақұл» деп тарта беретін үшінші батальон командирі жалпақ бет қара қазаң Қонысбаевтың өзі бүгін мұны біраз күйдірді. Бірақ онымен шарылдасқаны тез-ақ ұмыт болып еді, ұзақ ашуландырып, кіжіндірген Арыстанов. Мұның әмірін керенаулау болса да құп алып жүрген Мұрат барлығын дерлік қиқар істепті. Бүгінгі бекіністі жасауға Купцианов бар өнерін салып еді. Алдын-ала картаға тесіле үңіліп, көп қиялдап әдемі бекініс шебін сызған-ды. Оны өзінше біраз түзетті. Көп үңілгесін сызықтың әр ирегіне дейін көңілінде жатталып, көзін жұмса да қызыл қарындаштың ізі көрініп тұратын болды. Оған ішінен «благородная линия» деп ат та қойып алды. Бағдарлауға шығып жерді көзбен көргенде де негізінен осы сызық қалып еді. Тіпті полк командирі Егоровтың өзгеше ойларына да сыпайы түрде дәлелді дау айтып, өз дегеніне иіп әкелген-ді. Дивизияның штаб бастығына да арнайы барып мақұлдатып еді. Және бұл жоспарды өзі жасағанын да сәті түсіп анық аңғартқан. Вениамин көңіл түкпіріндегі ұштығы көрінген пиғылын — өзгеге арнаса да, өзі үшін анықтап алатын. Он бес жылдан артық іштей түрткілеп маза бермей жүретін бір ойы бар еді — ол үлкен қолбасы болу, даңқын шығару. Училище бітіргенде қолбасы жұлдызы жарқырап жап-жақын тұр еді. Революциялық елде жастай тез көтерілу тіпті қиын емес сияқты көрінген. Бірақ бұл бір сатыны аттап өтпей ақырын жылжыды да, әлгі жап-жақын жұлдыз алыстай берді, бұлдырап кетті. Купциановтың жастық арманы, жалыны сөніп, шоғы өшіп қоламта тартты. Енді сол қоламта жел үрлегендей көкірегінде қайта маздады. Алғашқы ұрыста-ақ өзін көрсету мақсаты мұны жас балаша қызықтырып әкетті. Сәті түспей осы кезге дейін бүркеліп келген әскери талантын ашпақ болды. Көрсін, ұқсын. Әшейіндегі бейжай қалпынан сергіп, бар ынтасымен бекініс жоспарын жасады. Өзгесін айтпағанда мұның диспозициясының аса ұтымды екі жағы бар — адам шығынын азайту, жауды тойтару. Купцианов жау күшінің салмағын жақсы біледі. Не жасыратыны бар, бұл рубежде жауды ұзақ ұстап тура алмайтынымыз анық, сондықтан да ол шығынсыз шегіну жағып қатты ойлады. Ертең де соғысу керек.

Купцианов қалың тұтасқан, кейде үзіліп, ұсақ шоғырланып ұзыннан ұзақ созылған орманды жақсы пайдаланды. Батальондарды орманға арқа тірей бекіндіріп, кейініректегі даландар мен дөңестерге артиллерия позицияларын жасатпақ болған. Тіпті артиллерия позициялары белгіленген нүктелерден айқыш-ұйқыш сүйір жебелі қызыл сызықтар тартып полк майданын зеңбірек отымен түгел қамтығандай болып еді. Барлығы есептелген-ді. Мұрат осы сызықтың шырқын бұзып батальонын ілгері шығарып алып кетіпті. Орман алдындағы үш-төрт жүз метрдей жердегі дөңестің ар жақ баурайын ала бекінген. Онысымен тұрмай өз қарауына берілген артиллерия позициясын да ауыстырып, ілгерілеткен. Екінші оралып соққанда Купцианов пен Арыстанов осы үшін қатты керісіп қалды.

Жағдайды көріп ашуға булыққан Купцианов, өзін әрең тежеп сыздана кекетіп:

— Сіздің топографиядан хабарыңыз бар болар, жолдас капитан, — деді Мұратқа. Содан кейін планшеткасын ашып картасын нұсқады. — Мынада бекініс шебі анық белгіленген болатын.

Мұрат оның картасына қараған жоқ.

— Жер ыңғайына қарап сәл ойыстым, — дей салды.

— Ондай ойыса берсеңіз аз екен, — деп қағытты Купцианов.

— Әрине көп емес, — деп қостады Мұрат мұның кекесінін ұқпағандай.

— Аңғарсаңыз, жоғарғы командирдің бұйрығын бұздыңыз, — деді Купцианов қатайып.

— Мен бе? — деді Мұрат ұзын бойымен жоғарыдан төмен Купциановқа қарап.

Купцианов бекіністің бітуге жуықтағанын көрді, бірақ ызамен ерегіс араласып өз әмірін өткізуге қыңырайды.

— Жолдас капитан, бекініс шебі сізге көрсетіліп берілген. Бұйрықты орындаңыз.

Мұрат татулықты бұзбауға тырысып бекіністің алды еңіс, ұзақ жазық екенін, жауға оқтың алыстан даритынын қысқа дәлелдеп берді. Бірақ Купцианов бір езуімен мырс етіп қарсы дау айтты.

— Ол айтқаныңыз дұрыс, бірақ аңғарсаңыз сізден бұрын да көп жағдай ойланған. Ұзақ ұрыста оқ-дәрімен қамтамасыз ету, егер керек болса шегіну жағы да ескерілген. Сіз сыңар ойлапсыз.

— Мен ең алдымен жауды тоқтату жағын ойладым, — деді Мұрат даусы қатайып. — Оқ-дәріні қамтамасыз етемін. Ал қашуға қалсақ зымырап берерміз. — Қыңыр капитанның манадан бері жұмсақ болып тұрғаны содан болар, мықты дәлелін кейінге сақтаған екен. — Генерал келіп еді, осы позицияны ұнатып кетті, — деді ол жәй айта салғандай.

Капитанға өз орнын көрсетіп беру үшін қатты кетуге бел байлаған Купциановтың енді лажы болмай қалды. Кегінің жартысын кейінге қалдырып, әзірге тек артиллерия позициясын бұрынғы орнына кешіруге әмір етті. Содан кейін-ақ қаншама іспен алаң болса да кешке дейін Мұрат қылығы маза бермеді. Әшейіндегідей емес, самарқау кескін көз алдынан кетпей ыза қылды. Бұрын Мұратты адуын, аңғалдау көруші еді, енді бақса мынадайы да бар екен. Нағыз жалаңқабат емес сияқты. Ашық мойындамаса да Купцианов Мұраттың күшті адам екенін түпкі бір сезімімен аңғарды. Түбі жұлдыздары жараспайтыны айқын. Бұл оған жол бере алмайды. Күні бойы, қалт еткенде — ол болашақ дұшпанымен өзін салыстырып көрді. Мұрат қайратты, өжет жігіт, оның үстіне нахалдау. Бірақ сол өр мінезінен, қызбалығынан әлі талай сүрінеді. Ал Купциановтың артықшылығы — өзін шынықтырып жасап алған өз мінезі. Мұрат қызып кеткенде өзін тежей білмесе, бұл қашан да байсалды қалыптан аумайды. Әр қимылын, сөзін өлшеп-пішіп қойған, ең аяғы күлкісіне дейін өлшеулі. Осының бәрі оны сыртқы ыстық, суықтан қорғайтын қабыршақ.

Жаңағы әзірде, штабқа қайтып келе жатқанда жалақтай жарқылдаған соғыс отын көріп, күні бойы ықылықтап мазалаған осы ойдан арылды. Есіне өлім түсті. «Екеумізден мықты тағы бір күш бар екен ғой, таласымызды сол шешер-ау. Бірақ кімнің пайдасына?..» деп ойлап тіксініп қалды. Содан штабқа келіп оңашаланғасын-ақ, осы ойға беріліп, философияға ауысқан-ды. Енді өзі жасаған планның да, Мұратты жеңудің де қызығы болмай қалған сияқты.

Купцианов тағы да Уәлиге қарады. Қолы сумаңдап дәптер бетінің төменгі жағына барып қалыпты. Тым асыға жазуына қарағанда хатын аяқтауға таянған сияқты.

Уәлидің қара сұр беті қорғасын реңденіп көкшіл тартқан. Әнекей өңіне қан тепсінді. Енді көк пен қызылы араласып бетінде ызақор шаптықпа адамның әлпеті пайда болды. Міне бет ұшындағы қою қызылы шым-шымдап көкке сіңіп, қайта сұрланды. Жүрек дірілі мен сұсы аралас ерекше кескін. Уәлидің өңіндегі құбылысты қызықтап Купцианов ауыр ойдан серпілгендей болды. Ішті жегідей жеп, шешуін таптырмай тұйыққа тіреген ойдан жеңіл жәйттерге ауысты. «Осы жігіттің маған несі ұнайды, несі ұнамайды, — деді ол ішінен. — Осы екеуміздің арамыздағы достық па? Әлде бастық пен бағыныштының арасындағы ресми қарым-қатынастан гөрі жақындық па? Дұрысырақ айтқанда менің жақынырақ ұстайтын қарашым ғана ма?» Купцианов бұл арасын тікелей анықтай алмады. Әйтеуір не де болса екеуі ыңғайласа кетті. Ал егер Купциановтың осы полкта досы болса ол, әрине Уәли болуға тиіс.

— Әйеліңе жаздың ба? — деп сұрады Купцианов хатты конвертке салып жатқан Уәлиден.

— Жоқ, жолдастарыма, — деді Уәли ұрлығы шығып қалған адамдай қипақтап.

«Әрбір тосын сауалдан қысылып қалады, өзінің бір шикілігі бар ма екен, әлде табиғи ұялшақтығы, сыпайылығы ма екен» деп ойлады Купцианов.

— Әйелге де хат жазу керек. Ол байғұс, сарғайып хат күтіп отырған шығар, — деді ол ақыл айтқан байсалды пішінмен.

— Оған кеше жазғанмын.

— Сен бүгін Арыстановты көрдің бе? — деді Купцианов ойда жоқта.

Уәли тағы да қыпылықтап қалды; өңі де қызғылт тартты.

— І-і, көрдім.

— Батальонының бекінісінде болдың ба?

Бастығы қазбалай бергенге ме, Уәли де елеңдеп әккі қалыпқа түсті.

Купцианов оның жүзіндегі құбылысты танып ойға қалды: «Екеуміздің қайсымызды жақын көреді екен? Анаумен көбірек жолдас болған және қанша айтқанмен өз ұлты. Бірақ...» «Бірақ» дейтін себебі — Мұрат мұны іш тартпайтын сияқты, Уәлидің де Мұратқа деген сыпайы, жылы күлкісінің ар жағынан сыздап шығып тұрған ызғар байқалып қалады — қызғанышы ма, күйініші ме?

— Сенің ол туралы пікірің қалай?

Іштей дайындалып алды ма, Уәли бұл жолы Купциановқа жымия қарап, байсалды жауап берді:

— Онша жоғары емес. Соқтықпа, бір күні басын жарып алады.

Купцианов өлшегендей азғана ақырын күліп алды. Содан кейін сәл толыса бастаған сүйекті, әдемі денесін түгел көрсеткісі келгендей әрлі-берлі жүре бастады.

— Тауып айттың. Арыны қатты.

Купциановтың сөзін растағандай Мұрат есіктен ентелей кірді. Шаң-топырақтан кірлеген сұр шинелі, бет жүзі әлсіз лампаның солғын жарығынан қарауытып түнере түскен. Ол саябыр тауып, жайбарақат отырған адамдардың үстіне мына суыт түрімен әбігер ала кірді.

— Мен сізді әрең таптым, — деді ол штаб бастығына.

— Кімді айтса сол келеді деген. Кәне отырыңыз, — деді.

Купцианов өзі столдың басына келіп тыңдайтын рай білдірді.

Мұрат бөлмені бір шолып өтті де, орындық алып Купциановқа қарсы отырды. Алғашқы екпіндеген қарқынынан тежеліп, штаб бастығының ажарына көз тастады.

— Сол баяғы артиллерия позициясының дауымен келдім.

— Бар мәселені келісіп едік қой. Мен диспозицияны енді өзгерте алмаймын.

— Маған берілген күшті өзімше пайдалануға рұқсат етіңізші. — Купцианов түңілдіре жауап бергесін Мұрат та тіке кетті.

Купцианов даусын көтермесе де сөзін сыздап айтты:

— Сіз өз батальоныңызды жалаңаштап соққының астына тосқаныңызбен тұрмай, өзге бөлімдерді де арандатпақсыз ба?

«Жасырынбақ ойнауға келген жоқпыз!» деген ащы соз көмейіне келіп қалса да Мұрат өзін тежеп қалды. Бұлай іс бітпейді екен. Купциановтың әдеттегі байыбынан шыға бастағанын сезіп, жараны ушықтырмауға тырысты.

— Батальонның позициясы туралы келістік қой, оның несін айта береміз, — деді Мұрат бәсеңсіп, ол позицияны Панферов ұнатқанын қытығына тимей еппен ескертіп. — Енді сонымен сәйкес зеңбіректердің алғашқы орнын да ауыстыру керек болып тұр ғой. Соны ақылдасқанымыз қалай болар.

Мұрат Купциановтың сабасына қайта түсуін тосып темекі тартты. «Бәрінен осы сен қиын болмасаң не ғылсын, шіреніп желкеден тартасың да отырасың-ау» деді ішінен; Купцианов оң қабағын көтеріп, Мұратқа қарап, сәл ойланып қалды. «Бірден басылып қалғаны ма? Әлде айласы ма? Қырдың аңы әккі, қу да болушы еді». Кенет оған осы бір алғырт өжет жанға өз көрегендігін аңғартып, майдан жағдайы туралы әріден сезгенін айтып, ұғындырғысы келді. Оның арыны сонда басылмақ. Жалпы Купцианов білетіндігін өзгеге аңғартуға құштарлау болатын. Енді ол жайымен столға отырып темекі тартты. Папиросының күлін түсіріп, шынашағының ұшына қарап ойланып алды да байсалды, жылы шыраймен сөйледі.

— Ал, ақылдасайық. Сізбен керілдесіп жату маған да рахат емес, қымбатты капитан. Біз әрегірек ойлауымыз керек. Немістер біраз іркілін, күшін толыстырып, жуырда жаңа шабуыл бастады. Әзіргі жау екпіні қатты — Мұратқа сөз мәнін ұқтырғысы келіп Купцианов аз бөгелді. — Аңғарсаңыз, жауды біз бұл рубежде тоқтата алмаймыз. Біздің дивизияны селдіретіп, тым көп жерге созуына қарағанда жоғарғы жаң та осы пікірде болса керек. Аңғарсаңыз, біз жалпы майдандағы жағдайға сәйкес тактика қолдануға тиіспіз. Жөнсіз арандайтын ретіміз жоқ.

Мұрат қарсы дау айтпай үнсіз тыңдады. Қарсыласқан адамына ұқтырғанына, өз дәлелінің бұлтартпас дәлдігінен елігіп Купцианов ұзақ та, ықласты да сөйледі. Мұрат оның шым-шымдап қайда әкеле жатқанын сезді. «Мұның сенің, бұқпантайдың тактикасы екен» деп түйді ішінен. Әдемі дәлелдеген ойдың астарын ұнатпаса да Купцианов сөзінің аяғын сабырмен тосты. Бірақ дау десе делебесі қозатын қазақтың баласы өз пікірін де айтпай кете алмады.

— Жауды тоқтататын ақырғы рубежге аз шығынмен жету әркімнің арманы екені рас. Сол үшін жонымызды тосып бұға беру керек пе? — Мұрат Купциановтың қарсы дау айтқысы келген ажарын танып, тез сөйлеп кетті. — Сіздің айтып отырғаныңыз істің бір ғана жағы. Ал, біз үшін ең басты міндет — қадам басқан сайын жауды қансырата беру. Сіз Кутузов тактикасын айттыңыз. Негізінен ұқсастығы болғанмен біз оны айнытпай қайталамаспыз. Біз тарихи спектакль қойып жүрген жоқпыз. Москваны да бере алмаспыз.

Қысқасы төбелес екен — төбелес. Мұнда мұрным қанайды, басым жарылады деп аянғанның енесі ұрылады. — Мұрат ауыр сөзін, қызарғанын білдіргісі келмей жымия тыңдап отырған Купциановқа көз тастады да, тез басылды. «Қабыршағыңның сыртына да қан тепсініпті-ау» деп іштей мырс етті. — Біз стратегиялық айтысқа түсіп кетіппіз ғой. Одан да өз шаруамызға келейік. Уақыт тығыз.

Мұрат картасын столға жайып әр дөңес, ылдиды, орманды көзге көрсеткендей етіп сипаттап, әр зеңбіректің қай жерге түсетініне дейін айтты. Қарындашпен сызып, қолымен нұсқап болашақ соғыс картинасын саралап жеткізді.

Мұрат шығып кеткесін Купцианов көзін жұмып, біраз ойланып қалды. Бейне бір желдей ұйтқып өткендей. Екпіндеп, елеуреп келді де, ақыры өз дегенін істеп ғайып болды. «Неге соның дегеніне көніп қалдым. Әлі де көне берер ме екем?» деп ойлады ол. Купциановтың өмір сапарында осы сияқты адамдар кездесіп еді. Бұл олармен алысып, айқасып баққан. Бірақ сол бір тауы шағылмаған аңғырт та алғыр, дарқан жандар мұның етегінен алғанын елең қылмай көтеріліп жүре беретін. Ал Купцианов сол орында қалып кейіннен ілгерілеп деңгейінен өтіп бара жатқан басқа біреуінің шаужайынан алатын. Шынымен мына капитан да сөйтіп кетпек пе? Өзінің тегеуріні қатты. Жоқ, жоқ, бұл жолы мұны ілгері өткізіп жібере алмас. Адам өмірден бекерге үйреніп, бекерге шынықпайды ғой.

3

Ұрыс қатты болды. Смоленскіні алғаннан кейін біраз саябырлап күш жинап алған дұшпан шабуылының қарқыны енді күшейіп келе жатыр еді. Совет әскерлерінің аз уақытта жасаған бекіністерін бірнеше танк группаларының, темір балғасымен қиратқан фашист армиясы аяққа оралғы болып жолын бөгеген өзінен қаруы да, саны кеміс күштерді тапап өтіп, стратегиялық кеңістікке шығып, еркін шырқап кетпекші болды. Осы деммен Москваны алып бір-ақ тынбақ ойлары бар. Шығыс майданының тағдырын шешеді деп аса үлкен үміт артқан осы Октябрь шабуылына неміс командованиесі барын аямай өте мұқият дайындалды. Соғыстың барлық аумалы-төкпелі жағдайлары, екі жақтың күштерінің ара салмағы мүлтіксіз есепке алынды. Үш айдан артық шегініп, қатары бұзылып, қажыған әскерге қарсы шойын салмақты, болат жебелі тұтас, жойқын күш лап берді. Совет армиясы бұрынғысынша шегініп бара жатты. Бірақ соғыс мінезі өзгеріп еді.

Неміс әскерлері барған сайын қалыңға кіргендей. Шабуыл қарқыны бұрынғыша қатты болғанмен, бұрынғыдай еркіндік жоқ, жеміріліп ілгерілейді. Смоленскі мен Москва арасындағы орманды, даланың ойлы-қырлы орыстың кең алқабы, аласа ағаш үйлі қалың деревнялары, ұсақ қалалары жаудың болат күшін кеміріп жеп, ақыры неміс армиясының темір қанаты майрылып, тұмсығы тасқа соғылатынын жеңіс шарабына мас болған фашист генералдары сезген жоқ-ты. Бірақ олардың төбесінен мұздай су құйып есін жидыратын кезең жақындап келе жатыр еді.

Тосқауыл болған әскердің шебін бұзып лап берген жау сол екпінімен келіп Панферов дивизиясына соқтықты. Алғашқы қарқынымен бұзып өте алмай, немістер кейінгі күшін тартып шабуылын үдете берді. Екі жерден жасалған танк атакасы жеңіске жеткізбеді. Оң қанатта жау танктері шепті жарып өтіп бір-екі зеңбіректі тапап кетті. Бірақ ол жер тың резервпен бітеліп кейінгі келе жатқан жаяу әскер бөгеліп қалды да, танктер тыл бөлімдерін дүрліктіріп, өздері де біраз жұлмаланып кейін қайтты. Нағыз қиян-кескі ұрыс осыдан басталды. Немістер енді зеңбірек оғын қардай боратып, ұзақ артиллерия дайындығын жасады. Қаптай жарылған снарядтардың шаң-түтінін тасаланып жасыл шинельді жаяу әскер ілгері ұмтылды. Орман қалтарыстары мен дөңестердің артынан ырғалып танктер шықты. Қолма-қол найзаласқан ұрыстар болды. Бұрын соғысқа жаттығып шынықпаса да мұқалмаған қайрат, тың күш әзірге таусылмай төтеп беріп тұр.

Соғыс кейде ағын су, долы толқынға ұқсайды. Жүйткіп ағып келе жатқан су бар дәрменімен тоғанға соғады. Бірақ оны бұза алмай қайта лоқсиды. Көбейе түсіп тағы соғады және шегінеді. Содан соң кейінгі ағынмен толықсып тулаған толқынымен тоғанды үсті-үстіне сабалайды. Асып төгіледі. Бір жерін жырып кетеді, оны бекітсе екінші шерін бұзады. Әлі келсе тоғанды бұзып кесек тастарын ағызып қуалап кетеді, әлі келмесе тулап-тулап басылады. Бірақ бұл сырттан қараған адамға солай, сырт әсер. Соғыс өрті шарпыған Раушанға жау шабуылы басқаша әсер етті. Алғы шептен асып санвзводқа жақын келіп жарылған алғашқы снаряд қатты шошындырды. Ішін тартып булыға өкіріп төбеден құлап келе жатқан ажалдан бұғып жерге кіріп кете жаздады. Жарылған темірдің ащы даусы миын шаншып өтті. Өзінің өлі-тірісін білмей бір сәт ессіз қалды. Содан кейін тағы-тағы снарядтар жарылды. Раушан бүрісіп, окоп түбіне жабыса берді. Коростылев дауыстап шақырғанда барып басын көтерді. Взвод соя баяғы орнында. Алдын қалқалай селдір жас ағаш өскен кішкене жыра. Әр жерден қазылған шұқырлардың жас топырағы сембеген. Коростылев арбадан бір үлкен түйіншекті түсіріп жатыр. Кешеден бері осы көзі үйренген көрініс Раушанға соншалық жат болыпты. Ажал ызғарын шашып азынаған суық төңірек. Жыраның ернеуіне тақай өскен жас қайың да ажал демінен тітіреніп, қалшылдай теңселеді. Жұрт қыбырлап бір нәрсе істеп жүр. Алдаберген дейтін санитар қалың ерні салбырап сумкасын ақтарып жатыр. Өңі боп-боз. Мыналар не істеп жүр? Осының бәрі неге керек? Раушан жұрт әрекетінің мағынасын түсіне алмады. Ойсыз, мең-зең халде өрмелеп окоптан шықты.

— Мә, мыналарды шеш, бинттерді дайында, — деп Коростылев Раушанның алдына бір теңді тастай берді.

Арбаның тасасынан Күләнда шықты. Өңі қашып, көзі кіртиіп кеткен. Даусы да сылбыр, әрең естілді.

— Кел, екеуміз шешелік.

— Аттарды шұқырға түсір, өлтіріп тастар, — деді Коростылев Алдабергенге.

Раушан тертеге байлаулы сұлық тұрған екі атқа қарады. Снаряд жақын жарылғанда бүкіл жотасы дір ете далады. «Аттарды өлтіріп тастар», — деді Раушан ішінен. Тағы да Күләндаға көзі түсті. «Күләнданы да өлтіруі мүмкін». Кенет оған Күләнда бұл дүниеде жоқ, жансыз жат дене бейнесінде елестеп қатты шошынды.

Алғы шептен жаралылар келе бастады. Олар әзірге жау оғы дарымаған санитарлық пунктке майданның қан исін әкелді. Жаралы солдаттар өлік жатқан үйден шыққандай еңселері түсіп, ауыр қозғалады. Олардың шыққан жері қоп-қою шаң-түтін. Өзгелермен бірге ынтығып алғы шепке көз жібергенде Раушан көңілі қатты жүдеді. Ұзыннан-ұзаққа созылған окоптағыларды дұшпан от темірімен үсті-үстіне тоқпақтап ұнтап жатыр, ал мына жаралылар шетірек шашау шығып, от шарпуы ғана тигендер сияқты елестейді. Кенет оған ана ажал астында Ержан да отыр ғой деген ой келді. «Апырмай, аман болса игі еді» деп тіледі жүрегі алқынып. Енді ол келіп жатқан жаралылардың арасынан Ержанды іздеп елегзи берді.

Раушан қарынан оқ тиген солдаттың жарасып қайта таңып бола бергенде желке жағынан:

— Тезірек жәрдем етіңдер, — деген дауыс естілді.

Қапсағай ірі жауынгер бала сияқты кішкене біреуді қапсыра көтеріп, қоярға орын таппағандай алақтап тұр екен. Қолындағы сұлық дене кеудесінде жан барын сездіргендей ақырын ғана ыңырсиды. Раушан жақындап келіп жаралының көндей жиырылған сұп-сұр бетін, тісіне жабысқан кезерген ернін көрді.

— Сорлыны иықтан оңдырмай соқты, — деді әкелген жауынгер. — Мен оңай құтылдым. Қоң етімнен қан шығарды да қойды.

Асығыста киімнің сыртынан таңылған марліге қан ұйыған. Раушан жаралыны бір қырына жатқызып, Күләнданың көмегімен қайта таңуға кірісті. Марлінің астынан аққан қан омырауын жуып кеткен. Таңғышты шешіп алғанда, Раушан шошып кетті. Бармақтай үлкен жарқыншақ қолтықтан жоғары соғып, иықты дал-дұл етіп сындырған. Қыздың көз алдында өзге дүниені тасалап ақсия сынған, сояу-сояу сүйек пен қып-қызыл қанға боялып боршасы шыққан ет тұрып алды. Тек соның ар жағынан тұман перделегендей мұнартып кемсеңдей тістенген, ауыр азан әжімі айғыздаған жаралының боп-боз жүзі көрінеді. Раушанның жүрегі қалтырап кеудесіне сыймай қатты тітіркеніп қалды да, сәлден кейін басы айналып кетті.

— Күләнда... Күләнда, — дей берді, жаралыны демеген қолының әлсіреп бара жатқанын сезіп.

Мұндайға Күләнда берік екен. Ол жалма-жан жаралыны қапсыра құшақтады да, басын тізесімен сүйеп, қолындағы дайындап тұрған марлісімен жарасын таңа бастады. Содан кейін сынған қолын мойнына асып, шалқасынан салды. Раушан енді ғана есін жинағандай болып арбамен жаралыны жөнелтуге әмір етті. Шан шыдамас ащы азаппен алысып, тістеніп, сіресіп жатқан жауынгердің қиналғанына дәті шыдамады. Оның бұл әрекетіне Күләнда қарсы шықты:

— Кішкене жата тұрсын. Қазір тағы да ауыр жаралылар келсе, оларды немен жөнелтеміз? Бір арбаға үш-төрт адам сыяды.

Күләнданың мына сөзі, міз бақпаған жүзі ерекше қаталдықты, тас бауырлықты танытқандай болды. Бірақ Раушан оған қарсы келе алмады.

— Иә... Иә... Солай-ақ болсын.

Жаралылар қамының әбігерлігі Раушанның алғашқы ауыр әсерін ұмыттырайын деді. Енді дірілден тістеніп тұрса да, жараны таңуға шамасы келетін болды. Сөйтіп тұрып кейде сірестіріп қатты да таңып жібереді. Кейбіреулері ыңқылдап:

— Қысып жібердіңіз, босатыңқыра, — дейді.

Бір үлкен қара көзді жігіт, жаны ауырса да, қыздың бетіне тура қарап, жымиып күлді:

— Қарындас, өзіңіз нәзік болсаңыз да, қолыңыз қатты екен, ә?

Оның қасында отырған жолдасы күжірейген шомбал жігіт кеңкілдеп күліп жіберді:

— Ой, құдай атсын сені! Қыздың қолын ауырсынғаны иесі!

Бұл әзілге жаралылардың көбісі-ақ күлді. Жұрт қайда да болса дағдылы мінезінен жаңылмайды екен. Сол мінез Раушанға да дарып, еңсесін басқан зіл салмақтан арылып, төңіректегі дүние қайтадан өз қалпына түсті.

Қалт еткен бір саябырда санпунктке Мұрат келді. Ол келе оқ-дәрі тиеген арбаның маңында қипалақтап жүрген Дошевскийге килікті.

— Неге бұл жерге тоқтадың? Соншама жерден жұрт оқ таси ма? Өзіңе тасытып көрер ме еді.

Комбаттың сұсынан сескенген Дошевский жыпықтап, жалынышты пішінмен:

— Жолдас капитан... Жолдас капитан... — дейді қайта-қайта.

— Неменеге капитан, капитан дейсің. Мен капитан болғалы екі ай, — деді Мұрат төне түсіп. — Барлық оқ-дәріні анау бір топ қайыңның түбіндегі шұқырға жеткіз.

Арыстанов ым қақса-ақ отқа түсуге дайын кейпін көрсетіп тұрған Дошевский жылп еткізіп қолын шекесіне қойды:

— Құп, жолдас капитан! Қазір жөнелтейін де, өзім арт жақтан оқ-дәрі әкеле қояйын.

Әмірім осы ғана деп теріс айнала берген Мұрат қайтадан жалт бұрылды:

— Тылға басқа кісі жібер. Өзің осында бол.

Дошевский алдыңғыдан бетер ықлас көрсетіп:

— Құп, жолдас капитан, — деді. Түріне қарағанда, дедектеп ұшып кетейін деп тұрса да, орнынан қозғала қоймайды. — Сіз қанды қырғын ұрыстан шаршадыңыз ғой. Қарныңыз да ашқан шығар. — Көзінде бір жылымшы күлкі ойнап, Дошевский комбатқа аса жаны ашыған пішінмен қарайды. — Сізге ыстық тамақ та ала келсем деп едім...

Мұрат ызалана бастады:

— Мен саған алдыңғы шепке бар дедім ғой.

— Құп, жолдас капитан. Бірақ сіздің қарныңыз...

— Жоғал! — деп ақырды терісіне сыймай кеткен Мұрат.

Дошевский бір жәшік патронды арқасына салып алып, өзі сияқты патрон арқалаған арбакештерінің соңынан жүре берді. Комбатқа жалтаң-жалтаң қарайды. Оның бұл көзқарасында ауыр сөз естіп ренжіген кескіннің ізі де жоқ, қайта аса ырза болған жандай еміренген түрі бар.

Әмірі екі болмай, табанда орындалатынына дағдыланған командир шынында да қатты ашуланды. Өзге жұрт болса бірден орындар еді, ал мынау сынаптай сусып, уысында тұрмай, әбден зықысын шығарды.

Мұрат жаралы жауынгерлерге бұрылып, айыпты адамдай жымиып күлді. Дошевскийдің мінезіне жауынгерлер де күліп отыр екен. Осыны аңғарған командир жаңағы айқайды қалжыңмен жұмсартты.

— Жаңағы құрғырға кейимін деп, қыздарды қорқытып алдым ба, — деп Раушанға қарады.

Шеткерілеу отырған, манағы сүзеген бұқа тәріздес шомбал жауынгер комбаттың әзіліне орай жауап қатты:

— Комбаттың айқайынан қорықса, немістің қоқайына қалай шыдайды. Еттері үйрене бергені жақсы.

— Анау-мынау жігітіңнен олқы соғатын қыздар емес.

— Кей жігітті орап алғандай, — деп жауынгерлер әр жерден көтеріп әкетті.

Мұрат жаралылардың жүздерін бағдарлап өтті. Екеу-үшеуі қозғалыссыз жатыр. «Бұлар сірә ауыр жараланғандар болар; тезірек жөнелттіру керек екен», — деп ойлады ол. Үш-төрт жаралы төмен қарап сұлық отыр. Біреуі бармақтай етіп ораған темекісін үсті-үстіне сорады. Бұлардың жұрт сөзімен ісі жоқ, өз ойларымен әлек. Тек әне бір құлақшынының құлағын түсірген ала көзқарасы ғана комбат сөзін құптағандай езу тартты. Онысы да жалынышты бір нәрсе болып шықты. Өзгелері алғашқы ұрыс қызуынан арылмай, іштегі әсерін шығаруға асығып, көздері жайнап күле қарап, әр сөзге тұтанып-ақ тұр. Бұлар қайтып Мұраттың қол астына келе ме, әлде тамшыдай шашырап үлкен майданға сіңіп кете ме?

— Ал, жігіттер, неміс деген қандай екен? Татып көрдіңдер ме? — деді Мұрат.

Жауынгерлер дабырласып жамырай жауап қайырды:

— Зеңбірегі көп екен иттің.

— Біздің ротаны снарядпен соқты дейсің... Соқты дейсің... Кісінің есін тандырып жібере жаздады.

— Біздің рота бір танкін өртеді... жақсы жанады екен.

Жұрт дабыры толастай бергенде бір жауынгер:

— Дәмін таттық-ау, соның өзі тәтті көрінбейді, — деді.

Ол ақырын айтса да, жұрт түгел естіді.

— Е, саған оны тәтті болады деп кім айтып еді, — деді оған күжірейген шомбал солдат. — Бірақ сен екеуміз әлі ащысын татқан жоқпыз. Ине сұғып алғандай ғана қан шығарып, қайқайып барамыз.

Оған Мұрат ерекше қызыға қарады. Жас та болса, сүйегі ірі, денесі толық. Шүйделі мойны алға қарай еңкек біткен, сүзеген бұқадай қабағының астынан қарайтыны да содан болар, әйтпесе көзқарасы зілді емес. Ісік қабақты күж-күж кесек жүзіне жұмсақ май мұрын жалпия қонған. Қимылы да денесіне сай ірі, оралымсыздау.

«Бұл өзі сезімге топас дүлей күш иесі ме екен, әлде мына палуан тұлғада үлкен жан, ыстық сезім бар ма екен?» деп ойлады Мұрат.

— Қай взводтансың?

— Қайсаровтың.

— Атың кім?

— Дәурен.

— Ал жігіттер, жараларың шипалы болсын. Есебін тауып өз бөлімдеріңе қайтып келіңдер.

Кетерде Мұрат көзі Раушанға түсті. Қыздың өңі қашқан түрін көріп, «бәрінен де саған қиын шығар-ау» деп аяды. Раушан осы бір қысылшаңда Айшаны еске салды. Соңғы кездескенінде ол да осындай сұлық, жүдеу кескінде болатын. Мұраттың «қосылайық» деген қолқасына, бар дүниеден үміт үзгендей, ерні ғана қыбырлап: «жоқ... жоқ... болмайды» дей беріп еді. Мұрат оқыс бұрылып, жүріп кетті. Тағы да қаптап алға ұмтылған жаудың сұсты көрінісі аяулы әйелдің нәзік бейнесін көз алдынан тез өшірді.

Немістер тағы да артиллерия атысын үдетіп барады. Екі дүркін атакасы тұншығып қалғасын ыза кернеп өршелене түскен. Демінен от пен қою түтіп атқан, жан шошытарлық алып хайуан көзге көрінбес берік қабырғаны тұмсығымен бұзып өте алмай, жынға ұйлыққан егіздей өкіріп аласұрып түтіп шудалы собалаң басымен үсті-үстіне төмпештейді. Жиі де мол жарылған снаряд даусының жігі тұтасып басылмас ұзақ гүрілге айналған. Қара бұйра шаң-түтін ауыр, жай теңселеді, теңселген сайын сыздап ісіне түседі.

Раушан снаряд ойып кеткен шұқырдың ішінде жатыр. Санвзводтан осы араға дейін жүгіріп келді де ар жағына ілгерілей алмады. Алғы шептен келген бір жаралы окопта ауыр жарақаттылар көп, көмек керек деп еді. Сонда Күләнданың орнына өзі сұранып шықты. Ана жақта жұрт қызыл қырғында жүргенде, тыныштық жерден орын таба алмады. Оның үстіне Ержан да көңіліне орала берді. «Қайсаров взводынанмын» деген шомбал жауынгерден Ержан амандығын сұрауға әлденеше оқталса да, әлденеге батылы жетпей тартыншақтай берді. Дәурен кетіп қалғасын сұрамағанына қатты өкінді. Бірақ кешігіп қалды. Өзіне-өзі мойындағысы келмесе де от шебіне сұранып шығуының бір себебі Ержанды көру. Раушан бүгінгі алғашқы соғыста жалғызсырап, жетімсіреп қалып еді себебін өзі ұғынып жетпесе де осы қиырдағы ең жақыны, жанашыры санап Ержаннан қамқорлық тілеп, еріксіз соған талпынды.

Бастапқы ет қызуымен іркілмей жүгіріп жарым ортадан ауды да шұқырға түсті. Сәл аялдап қалғасын шұқырдан шығуы тіпті қиын болды. Анау тұтаса жарылған қалың снарядтың астына кіре алмады. Бірақ бұл арада ұзақ жатуға да дәті жетпеді. Ағаштан үзіліп түскен жалғыз жапырақтай анда да жоқ, мұнда да жоқ, айдалада белгісіз халде жалғыз қалу... Раушан тез басын көтеріп алға қарады. Қалың бұйра түтін селдіреп барады. Әр жері жыртылып ар жағынан сүреңсіз қоқыр жазық көрінеді. Күзгі солғын шөп реңкінде қыбырлаған адам денелері көзге шалынды. Бері келе жатыр. Раушан түсіне алмай бір сәт таңырқай қарады. Өңінде: «Бұлар кімдер? Неғып жүр?» — деген сұрақ тұр. «Ойбай-ау, бұлар немістер екен ғой», — деп шошынып, отырған күйі кейін қарай шалқая берді. Бірақ орнынан тұра қашуға шамасы келмеді ме, қыбырлаған сұсты денелерден көзін алмай қалшиып қалды. Осы кезде түтін әбден сейіліп еді. Кенет беріректен тасырлай атылған мылтық даусы естілді. Раушан пулемет өңешінен бұрқылдап шыққан түтінге дейін анық көрді. «Мыналар біздің адамдар ғой» деген ой жалт етті. Иретіле созылып, жүгіре басып келе жатқан немістер іркіс-тартыс қатары бұзылып, жата бастады. О жақтың да пулеметі іске кіріссе керек, Раушанның құлақ түбінен зуылдап қаңғырма оқтар ұшты. Мұндайда жалғыздық адамды шыдатпайды екен, анау атысып жатқан көптің ішінен пана іздегендей Раушан тізесімен топырақты күрей атып тұрды да жүгіре жөнелді.

Жиілей атылған оққа қарамастан екі өкпесі қабынып траншеяға жетіп бір-ақ құлады. Окоптың жарына қатты соққан тізесінің ауырмағанына таң қалып басын көтеріп алғанда сирек шегір мұртты егде жауынгер үстіне үңіліп тұр екен.

— Жарақаттан амансың ба? — деп сұрады ол.

Раушан оны таныды, Қартбай екен.

— Аманмын.

Қартбай Раушанның бүкіл тұлғасын көзімен бір шарпып шолып өтті де, тез өзінің қол пулеметіне бұрылды. Раушан содан кейін барып жүрелей отырған Көжекті көрді. Мұрты салбырап, көзі адырайып о да Раушанға қарай ұмсына берді:

— Апырай, шынымен амансың ба, әкетайым. Қатты құладың ғой, тегі.

Раушан Көжекті шын аяп кетті. Байғұста өң-түс қалмапты, сөйлегенде ерні жуыспайды.

— Әй, тез оқ әкел, — деп жекіді Қартбай қайрыла беріп.

Көжек Раушанға алақтап қарады да, тізесі қалтырап орнынан тұрды.

— Атаңа нағлеттердің өлерменін қарашы. Шыдатар емес қой, — деді Қартбай кіжініп.

Келген шаруасы енді ғана есіне түсіп Раушан түрегелді.

— Жараланған адамдар жоқ па? — деп сұрады ол Қартбайдан.

Қайрылуға мұршасы жоқ пулеметші жауап бермеді. Раушан қозғала беріп, жау жаңқа көзі түсіп, тоқтап қалды. Манағы қарауытып қыбырлаған денелердің жасыл шинельдерін, темір каскаларын анық көрді. Офицер болар, біреудің шаңқылдаған командасын да естіді. Осы кезде неміс шебі қайтадан көтеріліп еді. Жеңіліп беті қайтып көрмеген әскер қарсы атылған оққа қарамастан тұтас көтеріліп, мығым басып келеді. Араларынан оқ жұлып кеткендерін елең етпей, сөгілген қатарын тез жалғастырып алады. Кеудеге тақап ұстаған автоматтарының аузынан түтін бұрқылдайды. Сопақ темір каска, сірескен жасыл шинель, темір етік, солдаттардың шойыннан құйғандай ауыр тұлғасы. Өкпесінен жалын шашып, төніп келе жатқан темір тажал Раушанның кеудесін басып, тынысын тарылтып барады. Раушан енді немістердің бозарған жүздерін керді. Қорқыныш пен жиреніш аралас бір сезім билеп алды. Окоптан атылған оқ жиілей түсті. Құлақ түбінде Қартбайдың пулеметі зіркілдейді. «Огонь! Огонь» деп біреу айқайлап жүгіріп өтті. «Бұл бір тіпті таныс дауыс қой! Аһ, Ержан ғой, даусы қандай ащы!» деп ойлады Раушан. Екі жақтың да шиеленіс шегіне жетіп қалғанын сезді ол. Көзге көрінбес екі күш мынау жүз метр аралықтағы әуеде түйісіп, бір-бірін алқымнан алып сығып, сіресіп тұр. Ал ана келе жатқандар мен окоптағы мына атысып жатқандар сол екі күштің сыртқы қауашағы ғана сияқты. Егер ана күш жеңсе бүкіл окоп бойын ажалдың қара ұстарасымен бір-ақ тартып өтеді.

Раушанды окоптың жарына қысып біреу тұсынан өте берді. Раушан еріксіз жалт қарады. Жауынгер санитарканы танып:

— Анда сержант ауыр жараланды. Тез жәрдем бер, — деді.

Раушан Байсаринді таныды. Біреу оны траншеяға сұлата шалқасынан салыпты. Оң бастан тиіп, шашып, қырған тақыр шекесін, құлағын қан жауып кетіпті. Раушан аяқ жағынан келген екен, тар траншеяда үстінен аттап өте алмай тұрып қалды. Өз әрекетін сезбей сумкасынан бинт алды. Енді байқаса Байсарин кірпігін қағып жатыр. Шекесіндегі қан да қоймалжың тартып ағысы әлсіреп барады. Раушан марлісін тарқата түскен күйі сіресіп қалған.

— Теперь уже поздно.

Мұны айтқан Зеленин. Оның ар жағында бөркін алып төмен қарап Ержан тұр. Алғашқы рет ажалдың сұсты бейнесін — қатып қалған жансыз суық денені көргенде Раушан жаман шошынды. Кеудесіне тығылып жылап жібергісі келіп көзінде жас домалап Ержанға қарады. Бірақ оның өзі де пана болар ығы жоқ жапандағы жалғыз ағаш сияқты жүдеп тұр екен.

— Держись, Держись!

Шегені қаққан балғадай саңқ еткен жалғыз сөз телефон кабельдерін қуалап, сым таусылған жерде ауыздан ауызға ауысып, жоғарыдан төмен қарай әлденеше жүгіріп өтіп жатыр. Дивизия командирі «держись-держись!» деп полк командиріне айқайлады, іле осы өткір сөз Егоровтың қарлыққан ащы даусымен келіп Мұрат құлағына саңқ етті. Мұрат та бұл сөзді тістене айқайлап рота командирлерінің құлағына шегеледі.

Жау артиллериясы өңі қашқан, ескі тулақтай жүзгі жердің топырағын қағып жатыр. «Қай жерің сау қалды окоп» дегендей біраз ойланып кідіріп қалады да, әр жерден топырақты бұрқ-бұрқ еткізіп аспанға лақтырады. Содан кейін «ә-ә, сен осында тығылған екесің ғой! Алмай қоймаспын!» дегендей өршелене төмпештеп шаң-топырақ боранына көміп жібереді. Құлақ тұндырған тарсыл-гүрсіл арасынан үзілгенше ширатып тартқан темір шектің үні сияқты ащы зыңыл естілгендей болады. Бұл сыздап ауаға тараған соғыс шиеленісі.

Алғашқы екпінмен ала алмаған жау енді машықты шабуылға көшіп, ауыр салмағымен қысып барады. Түс қайта неміс атакалары тіпті үдеп кетті. ЬІзадан жарылып кете жаздаған төбелескердей ентігін басып үлгермей жатып еліріп қайта ұмтылады. Бұл жолы окопқа жетпей шашырап, жата атысып, ұйлығып кейін шегінбейді. Қарсы атылған қалың оқ кеудеден тіреп, қайта серпіп тастай алмай, немістер жапырылып окопқа құлайды. Алыстан оқпен сайысқан солдаттар бетпе-бет түйіседі. Енді олар бір-бірінің бет жүзін анық көріп, бірінен-бірі тажалдай жирене шошынып тап беріседі. Найзамен түйрейді, мылтықтың дүмімен ұрады, кеңірдектен алады. Неше түрлі тарғыл дауыс, жан ұшырған айқай арасында қан топырағын араластырып, жентектеп, жаншып бір-бірін былш-былш соғады.

Немістердің сәскеден түске дейін жасаған атакалары жеңіске жеткізбеді. Олар дивизия шебін жарып өте алмады. Оң қанатта Карпов полкының бір батальонының окобына жетіп жау пехотасы қолма-қол ұрыс салды. Бірақ батальон резервтегі ротасын ұрысқа енгізіп, жау бетін тойтарды. Осы кезде іле он шақты танк бастаған жаудың тың тобы лап берді. Немістер бекіністі үзіп кетті. Сол бетімен екпіндеп енді қыза бастағанда кейінгі екінші эшелонға соғып, жау шабуылы іркілді. Генерал Панферов осы бағытқа тың күш, біраз зеңбірек қосты. Сағатқа жуық созылған қызу айқаста немістің төрт танкісі жанып, шабуылы тұншығып қалды. Жау осы шабуылын екі рет, қайталағаннан кейін, ақыры нәтиже шығара алмай, бұл арада үлкен күш топталғанын анық сезіп, дивизияның окно тұсынан түйгіштеп байқап көрді. Панферов бұрынырақта біраз соғысып көрген тәжірибелі генерал еді. Бұл соғысқа алғаш қатысуы осы болғанмен, мағлұматтарды барынша зерттеп, көп ойланған болатын. Ол бекіністі сиректеу жасап, әр полкта, кей жерде батальонда резерв қалдыруды көздеген. Өз қарауында, қимылға шапшаң күшті резерв қалдырған-ды. Кең майданды түгел жапырмай, жігін тауып сыналап кіріп, қақыратып жарып өтуге құштар неміс командованиесіне қарсы бұл бір жақсы тәсіл еді. Айлалы генерал енді сол прорывтарға қарсы резервін тосып, тың күшпен неміс найзасының ұшын қайырып тастап отырды. Сондықтан да жау қанша тін-тінектеп бекіністің осал жерін іздеп көрсе де — бар жерде бұзылмас берік қамал тұрғандай алдамшы әсер алды. Бірақ өздері үшін бұл шабуыл аса үлкен де, маңызды да болғандықтан жау іркіліп тоқтай алмады. Фашист генералы офицерлері мен солдаттарын жанықтырып, қайта-қайта ілгері қуалады.

Мұраттың команда пункты жебедей шошайып, суырыла ілгері шыққан арша орманның алдындағы дөңесте. Иретіле тартылған қысқа траншея, үш-төрт кең шұқыр, кейініректе ағаш арасында жер кепе. Батальон командирі кішкентай штабын ықшамдап бақса да әр түрлі себеп, қызмет тауып біраз жұрт осы маңды ықтап жүр. Шамасы мойын созған орман пұшпағын кейіннен күш тартатын таса жол деп ұқса керек, дұшпан КП маңын зеңбірек, минометтен көп атқылады. Мұрат өз қатесін сонда барып түсінді. Үнемі оқ астында тұрған жерден соғысты басқару қиын болды. Өз қатесін түзеуге мұршасы да, шарасы да болмай өкінген Мұратты бір жағынан батальон комиссары Жақыпов та мазалады.

— Қап, қате жасаппыз. ЬІңғайсыз жерге орналасыппыз, — деп қояды ол ауық-ауық.

Жақыпов елде, жайлы қызметте шыққан жұмыр әсем қарны әлі тартыла қоймаған, қыр мұрынды, сары кісі. Оның әр мәселеге жаттап алған жауабы, дайын тұрған шешімі болатын, оның үстіне өз қолындағы биліктің салмағын ұғып, аса тәкаппар болмағанмен көңіліне бір аяқ ас артығымен сыятын адам еді. Мұрат оның өзінен гөрі, қызмет орнын көбірек сыйлап көңілін жықпайтын. Бүгін мұршасы жоқ Мұрат оның барын ұмытып кеткендей. Оған Жақыповтың өзі де себепші: бұрын командирдің әр ісіне өз пікірін қыстырып, комиссар барын ұмыттырмай жүретін Жақыпов бұл жолы көзге түспеді. Мұрат Жақыповтың команда пунктіне наразылығын алғаш айтқанында жәй қостай салып еді, сол сөзін кейін үшінші қайталағанда барып оған назар аударды. Үнінен күйініші мен жалынышы аралас естіліп еді. Байқаса Жақыпов әшейіндегідей емес, Мұратқа жаутаңдай қарап қалған екен. «Е-е, осындай ма едің?!» дегендей болды Мұраттың көзқарасы, «Аз да болса жүнін тірілтіп, қалпына келсін» деп есебін тауып оны сыпайы ғана тылға жұмсап жіберді.

Ұрыс салмағы басқа жаққа ауысты ма, әлде жаңағы окопқа жете тұншыққан атакасынан кейін дұшпан жарасын жалап жатыр ма, түс қайта батальон майданы саябырлады. Кейінгі жақтан ентіге жүгіріп Маштай келді. Қолындағы қақпақты, бүйірі қысыңқы екі котелокты окоптың ернеуіне қойып, «уһ» деп маңдайын сүртті. Шаң-топырақ нығыздаған қара-қошқыл бетінде қарасы кіші адырақ көзі ашпақ болып аларып Мұратқа қарады.

— Жолдас капитан, тамақ ісіп алыңыз. Сволстар тағы тыныстық бермес.

Алғашқы соғыс, кісі өлімі бұған да ауыр әсер етсе керек, кеше кештен бері нәр татпаса да, Мұраттың асқа зауқы болмады.

— Сен асты қоя тұр, — деді ол, котелогінің қақпағын ашып, қонышынан қасығын суырған Маштайға. — Тез Дошевскийге бар. Дереу алғы шепке оқ-дәрі жеткізсін. Менің атымнан әмір етіп, өзің қадағала сол итті!

Мұрат алғы шепке көз жіберді. Не бәрі үш жүз метр жерде болмашы орағыта иретіліп, көлбей созылып, сәл ғана қыртысы байқалып окоп жатыр. Сол қыртыстың екі жағы қорасан шыққан адамның бетіндей шұбар. Ол жау снарядының шұқыры. Әлгінде ғана астан-кестеңі шығып, теңіздей тулаған күзгі жер тағы бір топалаңнан қорыққандай сұп-сұр болып өңі қашқан. Жетімсіреп, жүдеу жатыр. Окоптан оқта-текте қарауытып солдат басы көрінеді. Одан әрі жым-жырт. Мұрат енді байқады — деревнядан бергі жазықта әлденелер қыбырлағандай болды. Ол қадала қарап жау пехотасының әрі асып кетпей бекініп қалғанын ұқты. Тағы да шабуылға шығар ма екен? «Бұл әскерді амалдармыз-ау, артында несі бар екен?» деп ойлады Мұрат.

Өз окоптарына қайта көз жіберді. Траншея маңы електей шұрқ тесік. «Жау артиллериясының мергендігі сұмдық екен. Ай, шығын көп болмаса игі еді», — деп қиналды. «Ах, дурак! — деді ол өзінің самайын алақанымен соғып. — Алғашқы жойқын артподготовка кезінде батальонның негізгі күшін неге кейінгі траншеяда ұстамадым!?»

Осы кезде неміс артиллериясы сөйлеп кетті. Жүзге жуық зеңбірек аспанды опырып түсіргендей бар снарядын төртінші ротаның үстіне лақ еткізіп ақтара салды. Мұрат қатты шошынды. Таң атқалы немістер дәл осылай жойқын соғып көрген жоқ-ты. Түтін сейіле бергенде қырқадан бері асып, қаптап келе жатқан жау әскерін көрді. Қатарын бұзбай екі лек қатты аяңдап келеді. Каскалары мен автоматтары кештетіп қалған күннің қиғаш сәулесіне шағылып жарқ-жұрқ етеді. Мұрат: «Паһ иттердің жүрісі-ай» деп немістердің айбынды түріне сүйсініп те қалды. Бірақ лезде бойын қорқыныш билеп кетті. Мына топ жолында асқар тау тұрса да жарып өтетін сияқты. Дұшпанның мұнысы тегін емес. Ол тез полк командиріне телефон соқты. Егоров жоқ екен, трубкадан Купциановтың қоңыр даусы естілді.

— Жау үлкен күш төкті. Тез көмек керек! — деп айқайлады Мұрат.

— Көмек бере алмаймыз. Өз күшіңмен амалда, — деп Купцианов қысқа қайырды.

— Дұшпан жапырып барады! Майданды ұстап тура алмаймын! Тез жәрдем етіңдер!

— Үрейіңіз ұшпасын, капитан! — деп зекіді Купцианов. — Сіздің бекінісіңіз жақсы ғой. Шыдаңыз.

Мұраттың басына мұздай су құйып жібергендей болды. Трубканы лақтырып тастап орнынан атып тұрды. Дереу резервтегі алтыншы ротаны шақыртты. «Өлмей шегінбе!» деп рота командирлеріне әмір етті. Купциановтың соңғы сөзінен есін жиған Мұрат жан-тәнімен соғыс тынысына құлақ тікті. Дұшпан бұқпай, қатарын бұзбай, қалың легімен қаптап келеді. Окоптан жапырыла мылтық атылды. Бір-екі жерде пулемет дүрсілдеді. Бірақ немістер жақындаған сайын атыстың берекесі қаша бастады. Бірде жиі бой жаппай атылса, бірде шашырап, тіпті қақалғандай іркіліп те қалады. Мұрат шын қатердің төнгенін сезді: соғыстың бетін бұратын бір батыл қимыл болмаса, окоптағылар дүрліге қашуы мүмкін. Ол окоптан қарғып шығып деңгейіне келіп қалған төртінші ротаның алдына түсті де:

— Ер соңымнан! Алға! Ура!-а! — деп айқай салып жүгіре жөнелді.

Өзіміздің окопқа дұшпаннан бұрын жету керек еді. Мұрат артына бұрылған жоқ, аяқ топырынан ба, әлде басқа бір түпкі сезіммен бе, әйтеуір жауынгерлердің өз соңынан жапа-тармағай жүгіріп келе жатқанын анық білді. Мінекей екі солдат озып та барады. Құлақшынын қисайта киіп, самозарядкасын кезей ұстап, рота командирі Волошин де ілгері шыға беріп жалт қарады. Тісі ақсиып бір нәрсе айтқандай болды, бірақ Мұрат оның сөзін ұқпады.

— Сен кейінірек қалғандарын қуала! — деді Мұрат қатарласа беріп.

Волошин жалт етіп кейін қалды. Мұрат іркіле беріп, екі жағын көзімен шарпып «алға!» деп тағы да бір желпіді. Арттан келе жатқан көмекті сезіп окоптағылар да сергіп, оқты жиілетті. Бірақ неміс шебі бөгелер емес, оқ жыртып селдіреген қатарын қыса түсіп бората атып емпеңдеп келеді. Мұраттың құлақ түбінен оқ зуылдады. Ол өз жауынгерлерін де дұшпан оғы жұлып кетіп жатқанын сезді. Сондықтан да асыға түсу керек. Қарсы ұмтылған екі жақтың арасы жақындап қалды. Мұрат немістердің бет-жүзін де анық көрді. Бір рет қалың жауға тіке қарай алмай көзін тайдырып та алды. Бір сәтте қара болат жарқылындай екі арада қуқыл сәуле тартылды. Қарауға кісінің дәті шыдамайтын осы жиренішті қара жарқыл ұстараның жүзіндей қылпылдайды. Бұл ажал нышаны. Тайсақтап, кібіртіктеп қалған Мұрат бойындағы бар күшін жиып қайта жүгірді. Кенет ол окоптан ытқып шыққан адамды көрді. Бойын түзеп кейін бұрыла бергенде, Мұрат оны танып қалды — Кусков. Политрук шалқая, қолын кейіннен ілгері орай сілтеп, саңқ етіп, ұран тастап, солдаттарды окоптан суырып алып, алға лақтырды.

Не өлтірмей, не өлмей тынбайтын екі жақ қолма-қол айқасты.

4

Дивизия командирі генерал-майор Панферов бүгін үш рет алғы шепке, ұрыстың шиеленіскен жеріне барды. Оң қанаттағы жау атакасы тойтарылып дұшпан шабуылының қарқыны бәсеңдегесін бесін кезінде өзінің команда пунктіне қайтып оралды. Кешеден бергі тынымсыз әбігер ет қызуымен еленбеген алғашқы соғыстың ауыртпалығы қазір сезіліп, қалжыраған кәрі дене ауырлап қалды. Алғы шепке орынсыз жүгіре берудің керексіз екенін білсе де, қиын жерге өзі барып араласпаса бүлініп қалатындай секемшілдік тауып, тағатсыздау болып кетті. Бірінші дүниежүзілік соғыс пен азамат соғысына бірнеше жыл қатысып бір кезде еті өліп кетсе де қатты тосырқап қалған екен. Оның үстіне мына соғыстың араны тым кең. Тиісті жарлық етіп, телефон трубкаларына құлақ тоса отырып, генерал өзінің бүгінгі әрекетінде олқысы барын сезіп, қомсына берді. Рас, ұрыс оңай болған жоқ, жан алқымға тірелген жерлерде үш рет өзі шапқылап барып, полк командирлерінің ісіне қолма-қол араласып, сәтіне қарай бұрып жіберді. Ротадан астам жау бекіністі жарып өткенде полк командирі күйгелек Карпов сасып қалды. Ол екінші эшелондағы батальонға «жауды өткізбе!» деп үсті үстіне әмір беруден өзгеге дәрмен ете алмады. Сасқаны болар ақсары жүзі қуқыл тартып, көзі жыпылықтап: «Бұл жер қауіпті ғой! Сіз кейінірек барсаңыз қайтер еді, жолдас генерал?» — деп жалынды. Панферов түсін суытып, екінші эшелондағы батальонды бекінісінен дереу қарсы атакаға шығарып, алғы шептің жыртығын бүтіндеуге әмір етті. Бұл ең дұрыс шешім еді. Сақтанып қалғанда жау шептің жыртығын сыналап кеңітіп, қаңыратып кетер еді. Бірақ Панферов көңілі әлденеге олқы. «Істейтінім бұл емес еді» дейді ол ішінен. Бүгін жұрттың бәрі шыдамсыз болып кеткен. Иә, көбірек шыдам, сабыр керек еді. Содан ба әлде басқа себеп болды ма, генерал минут сайын әр полктан хабар алып тұрса да, бүкіл дивизияның аумағын түгел қарпып, бар жағдайды көзіне елестете алмады. Өз дәрежесіне сай биіктен емес, аласадан қарағандай, тұтас қимыл бөлшектеніп үзіліп, шашырап көрінеді. Әр жерге бір тығындап қолындағы жап-жақсы резервтің де берекесін қашырып алған түрі бар. Иә, соғыс бейбіт кездегі әскери ойын емес, күні бұрын өлшеп-пішіп қойған жерден шықпайды. Жау қимылына орай әп-сәтте әрекет ету керек. Бұл бокс те емес, кәдімгі өліспей тынбайтын төбелес. Бірақ осы аласапыран, ұйқы-тұйқы ұрыстың тамырын басып, тынысын сезіп, дүлей күшті өз ырқына көндіріп, өз дегеніне қарай бұлтартпай бұрып жіберетін командирлік, әккі көрегендік, қайрат жігер қайда?

Панферов сөніп қалған трубкасының мүштегін тістеп, төңіректегі дүниені ұмытып, қатты ойланып қалды. Тотығып қызыл күреңіткен аққұба өңі сұрланып, бетіндегі сирек әжімдері тереңдеп, маңдайдан төмен екі сызық түскен. Қиғаш қалың қабағының астынан қарашығы қос ноқаттай жылтырайды. Жауырыны бүкірейіп, кең иықты ықшам денесі кішірейіңкіреп көрінеді. Шаршаған денеге қайратын кемірген ішкі дәрменсіздік қосылып қажытқан түрі бар. Ие, ие, ол бүкіл дивизияны, мың-мыңдаған қарулы адамдарды өз жұмырығындай еркін қимылдатуға тиіс еді. Бірақ сол жұмырығы қары талғандай ауырлап, сілтеген жерінен емес, жеткен жерінен тиеді...

Таусылған күздің ала бұлтты, дымқыл ауасына сыз ене бастаған; ылғалды сұрқай жер бусанып тұр, ауада солған шөп, жібіген қу шөпшек, балшық исі аралас; кейде кермек татыған қарағай исін әкеледі. Жақындап келе жатқан қыс қаһарын тосқан табиғат бір түрлі көңілсіз де, көріксіз де. Төңіректің бәрі сұр. Суыққа тоңып ұйлыққан қоңсыз малдың жотасындай бүкірейіп қырқа тасасынан, орман іргесінен шаруа үйлерінің шатырлары қылтияды. Қабына ісініп, қанталап, бұлт астынан шыға келген кешкі күн ағаш бастарын, қыраттарды сұйқылтым қан түстес қызыл жалқынға малды.

Манадан бері саябыр тартқан атыс, зеңбірек гүрсілі қампиып қайта ұлғайып барады. Жаралы шеп қанын сүртіп үлгермей жатып соғыс қайта қызды. Салмағы белді қайыстырып баратқан жау шабуылын бұл рубежде тойтара алмайтынын білген біздің әскербасулар не де болса кешке шейін шыдап, түн қараңғысымеи немістерден қарасын үзіп кетпек еді. Біздің жақтың осы ойын дұшпан да ұғып, қайткенде де жарық кезінде бекіністі жарып өтіп, өзінің танкілі, машиналы жүрдек әскерімен біздің күштерді бөлшектеп, алдын орағытып кетуге барын салды. Бұл олардың сан рет жеңіске жеткізген, жаны сүйген айнымас тактикасы еді. Жоғарыдан берілген қатты бұйрық та анау-мынау шығынға қаратпады.

Панферов корпус командирімен жалғасып, жағдайды анықтады. Оң жақ қанаттағы армияның дивизиялары шегініп барады екен. Мұның сол жағындағы өз армиясының дивизиялары әзірге шыдап тұр. Бірақ шегінгендері де бар көрінеді. Ржев бағытына қарай немістер үлкен күшпен прорыв жасапты. Жаудың бұл шабуылының шама-шарқы әзірге белгісіз, бірақ ашып айтпаса да армияның резервтегі күшін сол соққыға қарсы тосқан сияқты. Панферов мынау ұзын майданның басқа бір жерінде бұдан да қатты, өте қиын айқас болып жатқанын сезді. Карпов пен Егоров, полк командирлері, екі жақтан безілдеп қоя берді. Екі полктың қанаттаса жатқан екі батальонын жапырып, жау жарып өтіпті. Генералдың күні бойғы қорқынышы іске асты. Жауды енді мықтап тойтара алмайтынын ол бірден сезді. Резервтегі полктың екі батальонымен азғана артиллерияны прорывқа қарсы қоюға дереу әмір берді. Бірақ мұның енді септігі шамалы екенін түсінді. Бір ғажабы шарасы азайған кезде генерал ерекше сабыр тауып, ширығып, жедел әрекетке көшті. Ол полк командирлеріне: «Бір қадам шегінбе! Жәрдем берем», — деп әмір етті де, тыл бөлімдерін тез кейін көшіруге бұйырды. Бір пәленің болғанын сезіп команда пунктінің маңындағылар да асығыс жиналып әбігерге түсті.

Генерал шегінбе деп бұйырса да байланыс командирлерін шақырып алып, әp полктің шегінетін жолын, тоқтайтын пункттерін белгілеп берді.

Күн батуға жуықтағанда бүкіл дивизия шебі қозғалыста болды. Ең алдымен арбалары салдырлап, машиналары малтыға гүрілдеп тыл бөлімдері зыта бастады. Кейбір бөлімдер де шашырап, асығыс шегініп бара жатты. Екі жақ сапырылысып араласа бастады. Дөңеске қаптап жаяу әскер шыға келеді. Сүріне-қабына, жамырай жүгіріп, бірде ұзарып шұбатыла созылып, бірде қысқарып көлденең жайылып, ағып-тамып барып орманға кіреді. Іле неміс әскерлері көрінеді. Бір кезде анау батыс жақтағы тұтасқан қара ормандардың тасасынан батып баратқан күн сәулесіне шағылып аң кресі жарқ етіп үйір-үйір самолеттері шыға келеді. Құлдырай шүйіліп, пыртылдатып атқылап қашып баратқан әскерлерді дүрліктіріп, орманға, жыраға шұқыр-шұқанаққа қуып тығады. Қайтқан қаздай тізіліп ауыр қалықтап аспан биігінде шығысқа қарай түнгі бомбардировщиктер кетіп барады. Олардың маңында енесін айнала шапқан құлындай құлдырап истребительдер жүйткиді. Әр тұстан атыс естіледі, кей жерде атыс шырпыдай лап ете тұтанып, тез сөніп қалса, кей жерде тоқылдақтай талмай кешкі ауаны ұзақ тықылдатады.

Дивизия жапырыла шегінгенмен, тосқауылға бекінген, кешеуілдеп қалған бөлімдер жаумен жиі айқасып қалады. Қашып бара жатқан жаяу әскерді жолдың етек жағына шашыратып үрей туғызып, сұсты свастикасы жарқылдап танктер киіп кетеді. Кей бөлімшелер жаяу екпініне қарсы тұруға жүрегі дауаламай тым-тырақай қашады, ал кейбіреулері ағашты, бұтаны паналап, жата қалып атысып, тістесіп, қырқысып бағады.

Генералды шұқанақты жолмен теңселтіп ашық виллис келеді. Жол орманға келіп кірді де, машинаның жүрісі бірден баяулап қалды. Қараңғыда тұтас қарауытып, шұбатылып обоз көрінеді. Жыландай иретіле созылып, қараңғы түнге, қара орманға кіріп барады. Шофер Федя ескі әдетінше гудок беріп қалды да, тар жолда қапталдап өте алмайтынын сезіп дәрменсіз пішінмен генералға қарады.

— Ілгері өтіп кете алмаймыз, жолдас генерал.

— Обоздың соңынан жүре бер. Көп ұзамай орман бітеді, — деді Панферов.

Бірақ обоздың жүрісі бәсеңдей берді, аздан кейін арбалар бірін-бірі тертелерімен кимелей тоқтапты.

Айқай-шу, балағат естілді. Федя машинаны жол жиегіндегі шұқырға сала қисайта азғана ілгерілеп еді кешікпей тоқтап қалды. Арбалар қабаттасып жолды тас бітеп тастапты. Одан әрі опыр-топыр, үймелеген жұрт, азан-қазан шу. Панферов машинадан түсіп солай қарай аяңдады.

— Арбаңды шегер!

— Қалай шегерем, доңғалағының иттей ілінісіп қалғанын көрмеймісің.

— Неге аңқиып тұрсың, тарт доңғалағынан.

— Жігіттер, жабылыңдар. Құлатыңдар арбаны! — деп айқайлады біреу.

— Неге құлатасың?! Үстінде зат бар емес пе! Тоқтай тұр, — деп шарылдады бір кіреші.

— Немістер тоқтай тұра ма саған! Танктері келіп қалса!..

— Танк дей ме? Танк қайда?! — деп шошыды біреу кейінгі жақта.

— Танк! Қайда танк! Танк, — деген үрейлі дауыстар естілді.

— Тоқта! — деді Панферов қатты дауыстап. Ол шошына бастаған жұрттың қасына келіп: — Арбада не бар еді? — деп сұрады.

— Азық-түлік, жолдас начальник, — деді қараңғыда генералды тани алмаған арбакеш.

Арбаның алдыңғы доңғалағы қаусап, жер тірей қисайған.

— Үстіндегі заттарды тез таратып алыңдар, — деп команда берді Панферов, кірешілер арбаға арадай жабылғанда, арбакешке бұрылып: — Арбаңды жолдан шығар да, аттарыңды доғарып ал, — деді.

Дивизия түні бойы шегінді. Түн ортасында ізге түскен жаудың қарқыны бәсеңдеді. Біраз бөлімдер дұшпаннан қарасын үзіп кеткендей болды. Генерал көнімпаз виллистің үстінде түнімен селкілдеді. Лоблыған үміт пен жан қанаған күйзеліс бірін-бірі ауыстырады. Кей полктардан ұзақ уақыт хабар ала алмай дал болды. Анау кейінде қалған окопта жатып жауға төтеп бергенде дивизия тұтас күш еді. Аз болсын, көп болсын әйтеуір қолдан келгенше әмір етіп, дәрменіне қарай қайрат қылатын. Енді сол күш жау балғасының соққысынан уатылып, шашырап орманға, далаға сіңіп кетті. Рациямен безілдеп әуе толқынын қармап бір полктан хабар алса, екіншісінен көз жазып қалады. Көп ұзамай тауып алған полкын қайта жоғалтады.

Дивизияның өз қарауындағы ұсақ бөлімшелердің бірсыпырасының ағып-тамып қайда жүргені белгісіз. Немістер қайда? Алда ма? Артта ма? Ілгерілі-кейінді әр тұстан атыс естіліп қалады. Қараңғыда қос көрініп өздері мен өздері атысып жүргендер жоқ па екен? Қаптай ұмтылған жауға төтеп беріп, жалғыз адам қалғанша қарысып соғысу қиын. Жауған оққа қарсы лап беріп, жау бекінісін алу да қиын. Бірақ бәрінен де, арнасынан жаңа атқып шыққан тасқын сияқты жау шабуылын тоқтату қиын. Осы ауыр ой Панферовтың жанын жегідей жеді. Қанша әрекет етіп, іске беріліп кетсе де, ауық-ауық тіс ауруындай сыздап қоя береді.

Ала бұлттың тасасынан өрмелеп шыққан айдың буалдыр күлгін сәулесі дала мен орманның, аспан мен жердің жігін ашып берді. Кең жазықтың бар аумағын түгел құбылтып шық жылтырайды. Жан-жақта алыс-жақын қара көк мұнартып ормандар тұр. Түнгі салқыннан бойы мұздап қалған жер болар-болмас бусанып жай ғапа тыныс алады. Панферов штабын ілгері жіберді де, өзі полктарды көргісі келіп кейінірек қалды. Қолы босап кетсе машинасын әурелейтін Федя қолына шүберек алып машинаның капотын сүрткілеп жатыр. Денесі ұйып қалған генерал бой жазып жүр. Екі қолын сілкіп, жер тепкілеп қасына адъютанты келді.

— Түн салқындап кетті-ау, — деді жігіт манадан үнсіз генералды сөзге шақырып.

— Неге салқындамасын. Қыс жақындады ғой.

— Орыс қысы немістердің әкесін танытар әлі, — деді адъютант генералдың тілге келгеніне көңілденіп. (Кейінгі кезде газет бетінде «орыс қысы» көбірек сөз бола бастап еді).

Генерал «пә-ә» дей салды.

— Кішкене жүрек жалғап алсақ қайтеді, жолдас генерал, — деді адъютант.

— Шыдай тұрармыз.

Генерал арт жақтан қарауытып көрінген колоннаны күтіп түр еді. Көп ұзамай ол да келіп қалды. Тартылып-созылып асыға басып келе жатқан солдаттар тұсынан өте бергенде:

— Бұл қай полктан? — деп дауыстады адъютант.

— Егоров полкынан.

Топтан бөлініп Панферовтың қасына Мұрат келді. Жақындай бере, қолын шекесіне апарып сәлем берді. Генерал оның баяндай бастаған сөзін жұтқызып қолын алды. Капитанның тотығып ашаң тартқан жүзіне, қатыңқы қабағына үңіле қарап аз тұрды. Жалғызсыраған қиын кезінде жақын адамын көргенде Панферовтың көңілі жібіп кетті..

— Шегініп барасың ба?

— Иә, шегініп барамыз.

— Жоғалтып алған бөлімшелерің жоқ па?

— Түгелміз, жолдас генерал. Бір пунктті көрсетіп еді, соған тезірек жетіп жерге сүңгімекке асығып барамыз.

Панферов Мұратты ертіп жолдан оқшаулау ақырын аяңдап келе жатты. Іркіле беріп қолын Мұраттың иығына салды.

— Айтшы, батальон қалай соғысты?

Мұрат осындай дос қолдың мұндай кезде көңілді босаңсытып жіберетінін сезіп, ақырын ғана иығын тартып алды.

— Бастамаға жаман емес, жолдас генерал. Жаман соғысты деп айта алмаймын. Бірақ... мінекей қашып барамыз, — деп күрсінді Мұрат.

— Сен оған қапаланба!

— Батыр соғыстан жауынгерлерім бар. Ерекше көзге түскен жігіттер. Мен сізге айтуға тиіспін: политрук Кусков ерекше ерлік көрсетті. Нағыз қиын кезде қол ұшын берді.

— Тірі ме?

— Колоннада келе жатыр.

— Өзге батальондар қайда?

— Бірінші кейінде келе жатыр. Үшіншіні білмедім. Ол да бір жерде келе жатқан шығар. Маған рұқсат етсеңіз, жолдас генерал.

— Сәтін тілеймін, — деді генерал Мұраттың қолын қысып.

— Біз әлі талай соғысармыз, жолдас генерал.

Көңіл түбінде түні бойғы іштей мазалаған ой ұмыт болайын деді. Қараңғыдан жалт ете қалғандай әр жерден бір дауыс беріп, тіршілік белгісін білдіріп, іле қайта үзілін бейхабар кетіп сергелдеңге салған бөлімдердің қарасы көрініп, дивизияның аласапыран, беймағлұм халі тұнған судай анықталып келе жатқан сияқты болды. Мінекей Арыстанов батальоны кетіп барады. Қайрат қылар дәрмені бар қарулы күш. Артында бірінші батальон келді. Өзге полктар да осы сияқты соғыс белгілеп берген орнында келе жатқан болар. Политрук Кусков... Панферов оны есіне түсіре алмады. Мүмкін талай рет көрген де болар, бірақ дивизиядағы көп командирлер арасынан ажыратып ала алмады. Иә, қиын кезде батальонды қатерден сақтап қалу... Анау ұзап бара жатқан колоннаның ішінде елеусіз кетіп бара жатқан біреу ғой ол. Ондайлар аз да болмас. «Иә-а, қария, сабыр керек, өзгелерге де сенімің молырақ болу керек. Все обернется?» — деді ішінен генерал, бір түрлі жаны жай тауып.

5

— Раушан, менің өзіңе айтқым келген бір сөзім бар еді, — Ержан Раушанның өңіне мөлдірей қараған үлкен көзін тайдырып әкетті. Аузынан шыққан сөзін топас көрін, қысылып қалса да, зорланып езу тартты. Екеуі қалың ағаштың ішінде дел-сал аяңдап келе жатқан. Раушан Ержанға аңыра бұрылды да:

— Айтыңыз, — деді.

Мына қыздың ештеңе күтпеген бейқам көңілі, қаперсіз ажары Ержанның ыстың сезімін салқындатып тастады. Қапелімде түршігіп қалған Ержан өзінің көңіл күйіне аз да болса үндестік іздегісі келіп, Раушанның бетіне қайта қарады. Айдың күлгін сәулесі жұмсартқан қыз өңі, дөңгеленген мөлдір қара көзі тым алаңсыз. Келесі сәтте барып «Ержан неге үндемейді» деген сұрақ райы енді өңіне. Осыдан кейін Ержанның кеңілі медеу тапқандай болды, бірақ шешіле алмай, тұйық қалды.

— Жай нәрсе еді. Кейін айтармын.

Булықпай, дірілсіз шықса да, ішінде тегеуріні, толқуы бар жігіт даусы қыз жүрегін лып еткізді. Бейтаныс сезімнің толқынын сезген қыз секем алып қалды. Енді Ержанның жүзіне батып қарай алмай, оның жақындығын тек шынтағымен сезіп, үнсіз келеді. Әр жерінде ұсақ бұлт шоғырланған аспанның төсіне қарай өрмелеп бара жатқан ай шөкімдей бұлтқа сүңгіп кетті. Кенет қаракөлеңке тартқаннан тіксініп қалған Раушан Ержанға қарады. О да бұған бұрылды. Ай бұлттан қайта шыға келгенде Ержан көзі Раушанның өңіндегі толқуды бірден аңғарды. Екеуі таңғы самалға нәзік үнін қосқан ақ қайыңның түбіне тоқтады. Сиректеу өскен ақ қайыңның сұрғылт-мөлдір жапырақтары балық қабыршағындай тұтаса жарқырайды. Сансыз күміс теңгеліктер сөніп-жанып, жарқ етіп өшіп, әсем құбылып, сылдырлап ағаштан ағашқа кетіп барады. Мінекей нәзік самал бір желпіп өтіп еді, сау етіп бәрі төгілді, Осы әсем көріністі үнсіз бақылап тұрған Раушан:

— Неткен тамаша! — деді еліге сөйлеп.

Жұқа қызғылт тепсініп тұратын қоңырқай жүзі, ай сәулесінен ақшылданып, мұнарланып тұр. Осы күңгірт мұнар әлі де құлпыра қоймай, бүрін жаңа аша бастаған гүлдей қатқылдау қыз өңін жұмсартып, үлкен қара көзін айқындай түседі. Ойы толқып тұрған Ержан тура қарауға жүрексінгендей, бірде қыз белін қапсыра қысқан жез тоғалы қайыс белбеуге, бірде жіңішке қыз саусақтары көрініп тұрған сұр шинельдің жең ұшына қарайды.

Кенет оған кешеден бергі қанды-қырғын айқас, өліп бара жатқан солдаттың жан ұшырған ащы айқайы, кісінің бойындағы бар қайратын сығып алып, қорғансыз құмырсқадай мүсәпір еткен жау танктері, көзді қан басып, өзге дүниені ұмыттыра елірткен соғыс қызуы — қорқынышты түс сияқты көрінді. Мінекей айлы таңда, нәзік тыныштыққа ұйып, Ержан қыз қасында тұр. Жүрегі белгісіз қуанышқа талпынады.

— Неге үндемейсің, Ержан?

Ержан селт етіп Раушанға қарады.

— Ойланып қалыппын.

— И-ә.

Раушан күрсінгендей болды. Ержан енді аңғарды, жаңа алдамшы ай жарығы мен жүрек дірілі байқатпапты, Раушанның өңі солғын тартып, жүдеп қалыпты, көзін тайдырмай Ержанға қадала қараған, бірақ оны көріп тұрған жоқ. Осы көздер шапшыған қан мен ажалды көрді. Ержан тіксініп қалып Раушанды осы бір халден сергіткісі келді.

— Жүр былай оралып қайтайық.

— Ұзақ кетпейміз бе? — деді Раушан елең етіп.

— Жоқ, ұзамаймыз.

Екеуі тағы да үндеспей ақырын аяңдап келеді. Ержанның жаңағы жылы сезіміне соғыстың ызғары кіріп барады.

Ержан кешегі соғыс кезінде Раушанды ұмытып кетіп еді. Қым-қиғаш табан тірескен кескілесте оның бойындағы қызба қазақтың ыстық қаны оянып қорқуды да, тіпті өзін де ұмытты. Бірақ қорған болған окоптан жапырыла шегініп, жау өкшелеп келе жатқанда, оның бар қызуы басылып қалды. Жау күшінің тым басым екенін, табан тіреген қамалынан жұлынып шыққанын сонда ғапа сезіп, бойын қорқыныш биледі. көз алдына өлген жауынгерлер, Байсарин елестеді... Окоптарда, жол үстінде жансыз денелер шашылып жатыр, оларды таптап жау келді. Өкшелеп келе жатқан ажал мынау көп бұталардың бірінің түбіне Ержанды да шалқасынан жыға салады... Осы кезде Ержанның есіне Раушан түсті. Өлі ме, тірі ме? Әлде ол да анау кейінде қалды ма? Жоқ, мүмкін емес. Ол тағы да өзін ұмытып, Раушанды ойлады. Бейхабарлыққа шыдай алмай.

— Санвзводты тауып ал... Сондағылар аман ба екен, біліп кел, — деп Бөрібайды жұмсады.

Түн ортасы ауа, өзге бөлімдерден тосқауыл қойылып, батальон жаудан қарасын үзген кезде екі неміс танкісі қуып жетті. Жұрт жапырылып жол шетіндегі орманға қарай қашты. Алдыңғы жақта обоз, санвзвод бар еді. Ержан «Тоқта!» деп айқай салып, гранатын оқталып, жол езуіне жата қалды. Оң жағынан оны қалқалай жатқан Бондаренко алдыңғы танкті ПТР мылтығымен атып тоқтатты. Жарқылдап гранаталар жарылуда.

Ең жақын адамына қауіп төнсе, кісі өз басындағы одан екі есе қатерді ұмытып кетеді. Ержан өзі байқамаса да, дәл осы халге түсті. Раушанды барлық апаттан аман сақтайтын өзі екенін сезді. Егер қасында сүйікті жар болса, Ержан да өлмейді. Ол енді Раушанға бар сырын ақтармаса болмайтынын білді. Сөйтіп осы привалда барлық қысылу, имену дегеннен ада болып, Раушанды оңаша шығарып алып кетті.

Бірақ оңаша шыққасын бар батылынан айрылып, айтар сөзі көмейіне тіреліп қалды. Оның үстіне Раушанның жүдеулігі тағы да тілді матады.

— Жүр, Ержан, қайтайық. Командир іздеп жүрер, — деді Раушан Ержанның шынтағынан ұстап.

«Жоқ, жоқ, енді айтпай болмайды» — деп ойлады Ержан.

Және Раушанды мынау жалғызсыраған жүдеу қалпында қалай ешнәрсе демей жібере алады. Ержан тез бұрылып, қыздың екі шынтағынан қысып ұстап алды. Тебіреніп аз булығып тұрды да:

— Раушан, сен... сен менің сөзімді тыңдашы, — деді.

Раушан жігіттің тосын мінезіне елең етіп, таңырқай қарады. Жеңін қысып ұстаған жігіт саусағының дірілін, Ержан өңіндегі толқуды анық сезді. Осы ыстық леп бойына дарып, Раушанның жүрегі лүпілдеп қоя берді. Өзін баурап бара жатқан жігіт сезімінен бойын тарта алмады. Көз шарасы үлкейіп, Ержанға үрпие қарады.

— Ержан...

— Раушан... Мен сені жақсы көремін. Сен үшін жанымды аямаймын.

Раушан сөз мағынасын ұқпағандай үндемеді. Көзін тайдырып әкетті. Еріксіз күш иіп әкелгендей, Ержан еңкейе жақындап, оң қолымен қыз жауырынын сынып кететін шыныдай ақырын еппен құшақтап, емініп барып сүйіп алды. Содан кейін қапсыра құшақтап тағы сүйді.

— По местам!

Ержан Раушанның саусағынан ұстай алып жүгіре жөнелді. Былай шыға бере қыз ақырын ғана қолын босатып, жайымен жүрді. Ержан сәл ақырын оның бетіне қарады да, әлдеқандай бір ұят қамшылағандай қайта жүгірді.

Ұзақ привалда біраз мызғып алған солдаттар тоңази құрыстаған денелерін жазып сапқа тұрып жатыр. Колоннаның алдыңғы жағында командирлер жиналып, шоғырлана бастады. Топтан екі қадам тұрған Мұрат:

— Командирлер тегіс жиналды ма? — деді қасына келген штаб бастығына бұрылып.

— Тегіс жиналды, жолдас капитан.

Ұйқыларын аша алмай есінеп тұрған командирлер, лезде бойларын жинап, сергек қалыпқа келді. Мұрат ұйықтамаған тәрізді, даусы ширақ, сыртқы түрі де жинақты; тек үлкен қара көзі ғана кіртиіп кішірейе түскен.

— Жағдай мынадай, жолдастар. Алдыңғы жаққа жау отряды өтіп кеткен. Барлаушылардың берген хабарына қарағанда, шамасы екі рота. Біз оған атака жасауға бұйрық алдық. Бірінші ротаның міндеті...

Ержан бір ұят істеп, қуысты болып қалғандай, жұрт көзіне түсуден именіп, қағаберіс шетірек тұрған. Әлі де болса өз ойымен әлектеніп, мына бұйрықтың мәнін де, салмағын да екшей алмады.

— Төртінші рота сол жақ флангіден атака жасайды.

Иә, иә сол жақ флангіден... Біздің взвод сол жақ қанатта болады, — деп ойлады ол. — Раушан қай ротаның маңында болар екен?»

Бір шақырым жүргеннен кейін колонна ыдырай қанат жайып, ұрыс тәртібіне көшті. Аздан кейін алдағы жағдайды анықтап алғанша жата тұруға бұйрық келді. Бүкшеңдеп взводтан ротаға, ротадан батальон командиріне шабармандар жүгірді.

Ержан сызды жерге етпетінен жатып, алдыңғы жаққа көз жіберді. Сирек бұталардың ар жағынан белдеуленген қара жолақты көрді. «Ә, жыра болар». Содан әрі кішкене шоғыр сирек қайың. Қайың басындағы ақшыл ай сәулесі күңгірттене семіп барады. Таң жақын қалған. Осы бір тыныстап тұрған жым-жырт дүние Ержан ойын қайтадан тұтатты. Раушан шашының нәзік исін, сүйгенде дір ете қалған оймақтай әсем ернінің қызуын тағы да сезгендей болды. «Сүйемін» деген сөзді айтқанда Раушан бұған әлдеқандай жалынышты пішінмен, өтіне, телміре қарады. Ең жақын адамына арқа сүйейтін баланың көзқарасы емес пе сол? Бірақ соңынан үріккен балапандай көз шарасы неге үлкейіп кетті? Ержан сүюге ұмтылғанда неге тартыншақтап үрейлене қарады. Ол өзін тежей алмады. Қызға қиянат жасамады ма екен? «Қап, өзі ыңғайсыздау болды- ау. Кішкене кідіре тұрмай».

Ержан таңғы салқыннан тыжырынып қойды. Алдыңғы жақтағы жыраның айқын көлеңкесі қоңырланып, жігі өшіп барады. «Терең сай болмаса игі еді?» Дұшпан әзірге дыбыс шығарып сыр ашқан жоқ. Ержан жаудың не жыраның арғы қабағына, не қайың іргесіне бекінгенін аңғара алмады. Бұл араның жері бір-біріне қандай ұқсас. Жаңа ғана Раушан екеуі серуендеген, сүйенген қайыңдардан аумайды. Шынымен-ақ сол қайың ішінде неміс болғаны ма? «Раушан қайда жүр екен?» Жада бір әзірде колонна қозғалғанда Уәли екеуі қатар келе жатыр еді.

— Жолдас лейтенант! Жолдас лейтенант!

Ержан селт етіп, қасына келіп жүрелей отырған Бөрібайға ақыра қарады.

— Свисток берген кезде взвод қозғалсын, солға таман ойысқаны мақұл, — деді комрот. — Ержаннан рұқсат алып Бөрібай рота командиріне қарай бүкшеңдей жүгірді.

Дұшпан әзірге дыбыс берген жоқ. Жауынгерлер еңкейе түсіп, аяңдап келеді. Таң сәрідегі тәтті ұйқы құшағына енген табиғат тыныштығын бұзуға адамның дәті жетпейтін сияқты да көрінеді. Кенет бір мылтық, оған ілесе тағы бірі тарс ете қалды. Тарсыл таңғы ауамен жұмсарып, айбарсыз естілді. Бірақ лезде-ақ тұнып тұрған тыныштықты пытырлай атылған мылтық, тарыдай шашыраған автомат даусы, пулеметтің зілді дүрсілі астан-кестен сапырып. әкетті. Ертеңгі күңгірт сәулеге ажал реңі енгендей төңірек сұстана түсті. Дәрі исі аңқыды.

Жыраға жүз елу метр шамасы қалғанда, оқ әбден жиілеп, шеп жата бастады. Маңдайдан жасаған шабуылдың зор шығынға ұшырататынын Ержан сезе қойды. Кенет рота командирінің «солға таман ойыссын» деген ескертуі есіне түсті. Жау оғының шеті Ержан взводының тура алдынан жарқылдайды. Ендеше дәл осы арадан неміс бекінісінің шеті тұйықталса керек. Ержан отделение командиріне тура солға бұрылуға әмір етті. Сәті түскенде, алдыңғы үлкен жыраның жүлгесі болуы керек, кішкене тайыз жыра пайда бола кетті.

Бұға жүгіріп бара жатқан солдаттар арасынан әлде біреудің тұлғасы Ержанның назарын тарта берді. Қимылында өзге жауынгерлерге ұқсамайтын бір сыпайы қозғалыс байқалады. Жаңа көз жазып қалып еді, мінекей жау жақты шолып алғысы келіп, жыра ернеуіндегі ызғарлы қатты кесектерге алақанын тірей беріп тағы көзі шалып қалды. Ержан селк ете түсті. Қуанғаны, не секем алғаны белгісіз. Алға қарай қозғала бергенде әлгі жауынгердің қалтасындағы тырсиған үлкен сумкасы ауытқып кетті де, қарауытып қызыл кресі көрініп қалды. «Раушан!»

Жауған оң шеңберінен шығып кеткен жауынгерлер жүрісін тездетіп солға қарай тым ойысып кеткен екен. Ержан енді оларды оңға бұрып, немістерді бүйірінен орағыта бастады. Осы бұрылыста жаңағы өзі шырамытқан «ерекше» жауынгерден тағы да көз жазып қалды. Бірақ жебеушісі қасында қанатымен қорып келе жатқанын сезіп, көңілі әбден орнығып, ойы сараланып, істейтін әрекеттерінің бәрі айқындала түсті. Немістерді деңгейінен өте оралып, арт жағынан қиғаштай соқты.

— В атаку! Вперед!

Ту сыртынан келіп қалған күшті аңғармаған дұшпан қатты састы. Қайда қашудың амалын таба алмай, үріккен қойдай ерсілі-қарсылы дүрлігіп аласұрды. Бірақ бір неміс қол пулеметін кейін қарай бұрып, взводты атқылай бастады. Тұтқиылдан басталған өжет атаканың қарқыны қайтайын деді. Шабуылдың ыстығын суытып алмай, лап бере соққысы келген Ержан жауған оққа қарамастан, жауынгерлерін соңынан еліктіре жүгіре берді. Кенет әнтек озыңқырай бастаған манағы қызыл кресті сумканы көріп қалды. Ол да бұған көз тастағандай болды. «Санитарканың алға түсуге қандай хақы бар? Қап! Тоқтату керек». Ержан ең болмағанда өз ығына алып қалқалағысы келіп, қызбен деңгейлесе бергенде, сүрініп кетіп, ұшып түсті. Басын енді көтергенде оның үстіне қыз төніп еңкейе беріп еді, кенет майысып барып қулап түсті. Алдыңғы жақтан уралаған дауыс жақындай берді. Ержан мойнынан құшақтай демеп, қыздың басын көтере беріп тұрғызбақ болды.

— Сіз... Ержан... амансыз ба? — деді Күләнда көзін ашып. Содан кейін әлденеден қысылып, көзін ақырын жұма берді.

— Қай жеріңізден тиді? Ауыр емес пе?

— Жоқ. Жәй... Қарымнан тиген сияқты. — Қалтасын қармана бастаған Ержанға, — бөгелмеңіз, өзім-ақ таңамын ғой, — деді Күләнда.

6

Солдаттар таң атқанша окоп қазды. Бөлімдер алғашқы соққыдан есін жиып, енді шегіне соғысуға машықтанып келеді. Алғашқы күндердегідей емес қазір аяқ іліккен жерге табан тіреп, жиі-жиі жауға қарсылық етеді. Дедектеп зымырап кетпей, тістесіп, қырқысып шегінеді. Талай күндер бел шешпеген солдаттар түзде, майданда жүрген адамның сұсты, сауыс бейнесіне енді: балшық сіңіп сірескен шинельдер қара қайыстай жалтырайды, қолды күс басып, жел қағып тотыққан беттерінде даулап сақал өскен. Ержан да аңқау ғой: қасындағы Бөрібайдың көсе екенін осы кезде ғана байқады: аң құба беті насыбай салған жарғақтай қарауытып кеткен, тек иек астында жапырыла сирек өскен азғана сарғыш қылшық бар. Ержанның өзі де сақалға жарып тұрған жоқ: былтыр ғана ұстара тиген жүзінде жайыла өскен түбіт сақал өте сирек, қырынбағанын сездірмей тотыққан өңін қарауыта түседі.

Ержан шұқырды кеудеге дейін қазып болды да, қараңғыда анық көрмесе де түбіндегі топырақты қырнап тазартты. Бөрібай құшақтап қарағай бұтағын әкелді. Секіріп шұқырдың ішіне түсті...

— Ой, тереңдетіп жіберіпсіз ғой, — деді Бөрібай кеңірдегінен асқан шұқырдан әрең сығалап көріп. — Мынадан мен ешнәрсе көре алмаймын ғой.

— Сенің бойыңа шақтасам, маған белуардан қазу керек қой, — деп күлді Ержан.

Бөрібай аяғының ұшына көтеріліп, қолын созып ернеудегі қылқанды жұмсақ бұтақтарды алып жерге төседі. Ержан екеуі шұқырдың түбіне отырып темекі тартты.

— Бұл бір сайлы орын болды. Анадан туғалы мұндай жұмсақ төсек көрсемші. Қане, жатып көз шырымын алыңыз, жолдас лейтенант. Бойыңыз тоңазып қалар, мен барып тағы бір құшақ жас бұтақ әкеліп үстіңізден жауып тастайын.

— Взводты қайтемін? — дейді Ержан.

— Е, мен ше? Взводты мен басқара тұрмаймын ба? — деді Бөрібай Ержанға таңырқағандай адырая қарап. — Сөзді қойып жатыңыз қазір.

— Сені тыңдай ма олар? — деп күлді Ержан.

— Ә-әй, мұнда өзіңіз айтқандай әскери қулық керек қой. Мен сізді ұйықтап жатыр дей ме екем. Мен өз сөзімді сіз айтты деп жеткізем ғой оларға. Біздің ауылда Доғалбек дейтін дөй басқарма болды, — деді Бөрібай темекісінің тұқылын саусағын күйдіргенше сора түсіп. — Әлгі анада жараланып кететін Шоңмұрынов Дәурен бар ғой, өзі де сондай бір шомбал еді. Гүжілдеп ақыра келетін жарықтық. — Бөрібай Ержанға ұйықта десе де әңгімеге құмартқан түрі бар, ұзын сонарға түсіп барады, — Соның бетінде бір шөкім еті жоқ, қатып қалған жарғақтай жұқа Жағалбек деген сары інісі болатын. Апырмай десеңші, бір әке, бір шешеден туған екі адамның бір-біріне осыншама ұқсамауы, тіпті сорақы. Сірә, осы біздің қазақ қатындары да шариғатқа берік емес-ау деймін. Сол Жағалбек біздің бірғадіріміз еді. Өз пірказының өтпейтінін біледі ғой деймін, оның шегірткедей шырылдағанын кім елең қылсын, бізге ылғи «басекең айтты» деп келетін. Әлгі байғұс бізді ылғи Доғалбектің сұсымен үркітетін ғой. Содан өзі де «Басекең айтты» атанып кетті. Менің сол Жағалбектен үйренген өнерім бар. Анау Дорбошкін дегендерді қаңбақтай үйірем.

Ержанның денесі ауырлап, ұйып қалған екен. Орнынан тұрып, керіліп алды:

— Ондай өнеріңді сен кейін пайдаланарсың, әзірге өзім басқара тұрайын, — деді ол.

Ержан шұқырдан ырғып шықты. Іштей қатынасатын траншея қазылмаған. Оны қазуға әл келетін емес, мұрсат та қалмас. Екі күннен бері солдаттар бір сағат тыным көрген жоқ. Кеше бірнеше сағатқа созылған соғыстан кейін өкшелей қуған жаудан полк түнде ғана қарасын үзіп кетті. Содан бері жұрт жер қазуда. Таң жақындап қалған, түн салқын. Аспанды дымқыл қара қоңыр бұлт торлап алған. Кейінгі жақтағы дөңестің жиегі сәл күлгін тартқан аспан реңкінен бөлініп қарауытып көрінеді. Алдыңғы жақ қоқырлана бұлдырап барып қою қараңғылыққа, белгісіз тұңғиыққа ұласып кеткен. Топыраққа борпылдап тиген күректің жұмсақ даусы, әлдекімдердің қақырынғаны естіледі. Біреулер күбірлеп тіл қатысып қояды. Кейінгі жақтан да арба сықыры, ат дүбірі, талмаусыраған дыбыс естіледі. Мынау ұлпалап түткен түбіттей қою, қоңыр қараңғылықта — ұрыс алдында құмырсқадай тырбанып жатқан жұрт.

Ержан шұқырдан бір-екі аттап шықты да, түннің баяу, майда тынысына құлақ тігіп тұрып қалды. Төменде өзімен өзі сөйлескендей бір нәрсе деп күбірлеп жатқан Бөрібай сөзін де ұққан жоқ. Басқа уақыт таппағандай осы тыныс тыныш сағатта өз бойындағы бір ұяты есіне түсіп, жанын удай ашытты. Бірақ сол бір оқиғаның аңдитыны да дәл осындай істен қолы босап кеткен сәті болатын. Ұрысқа кіргеннің екінші күні еді. Қырқада асыға окоп қазып рота екпіндеп келе жатқан жаудың алдын тосты. Ержан Бөрібай екеуі тез қимылдап жүрелеп отырарлық екі шұқыр қазып алды. Алда он бес-жиырма қадам жерде бастары қылтиып солдаттар отыр. Алдында жаңбыр жауып, жер балшық болатын. Ержан өзі оқталатын мылтығына жабысқан балшықты бұтақ сынығымен түрткілеп тазалап отырды.

— Немістер келе жатыр! — деген ащы дауыс естілді.

Ержан алғашқы рет естігендей «Немістер!» деген дауыстан түршігіп, селт етіп алдыңғы жаққа қарады. Кішілеу төбешікте селдіреп тұрған төрт-бес жас қайыңның арғы жағынан ұзын колонна қарауытып шыға берді. Оңға таман тағы бір үлкен топ көрінді. Еш нәрседен алады жоқ, бергі ойпатқа емпеңдеп құлап келеді. Дөңестің ар жағынан суырылып шығып жатқан құйрығы таусылар емес.

— Тіпті басынып кеткен екен иттер! Алдына дозор салмай келеді, — деп дауыстады Зеленин.

«Иә, иә басынып кеткен» деп ойлады Ержан жаудан көз алмай. Немістер алдында жау барын бейнебір иіскеп білгендей тез ыдырап шепке жайылды. Жүрісін ірікпестен, еш күйбелеңсіз автомат, винтовкаларын кезеп алды. Ержан мылтықты қысып ұстаған қолына діріл енгенін байқады. Ол жау айбатынан шошып қалып еді. Өз даусын өзі танымай:

— Огонь! — деп шарылдай айқайлады.

Тасыр-тұсыр мылтық атылды. Бір жерден пулемет дүрсілдеді. Қай сәт екені есінде жоқ, бір сәтте «мына арыны қатты жаудың табанының астында қалам-ау» деген ап-анық ой тұла бойын қарып өтті. Есік-терезеден кірген ысқырық желдей тамыр-тамырын жиіркенішті қорқыныш жайлап бара жатты. Анау арынды айбарлы жауға қарағанда мына мылтық атып жатқан селдір топ, қорғансыз, мүсәпір көрінді. Атыстың да берекесі қаша бастады. Бірде тасырлап жиі атылса, бірде сиреп барып жалғыз оқ тарс етеді. Пулемет те жиі қақалады. Сол жақтағы біреу окобынан еңбектеп шықты да артына жалтақтап бір-екі қарап, бүкшиіп жүгіре жөнелді. Оған ере тағы бір-екеу қашты. Орнынан көтеріліп, қашуға ыңғайлана берген біреу арқасынан оқ тиіп, жан ұшыра айқайлап жіберіп, иіле құлады. Сол дауысқа елең ете қалғандар қашып бара жатқандарды көріп, тұра жүгірісті. Белгісіз бір күш Ержанды да окоптан суырып алып, кейін қарай сүйрей жөнелді. Ол енді өзге дүниені ұмытып, бар арманы анау сирек орманға тығылу, жан сақтау болып, кейбіреулерден басып озып зытып барады. Орманға енді жетеміз-ау деген кезде, қарсы алдынан біздің әскерлер шыға келді. Әлдеқайдан «тоқта!» деген Мұрат даусы саңқ етті. Сол екпінмен жүгіріп бара жатқан Ержан «тоқта!» деген сөз қайта зыңқ етіп, құлақ шекесіне шегедей қадалғанда барып, есін жиды.

Осынысы есіне түскенде Ержан пәктігінен айрылған қыздай қиналады. Мұрат көрді ме, көрмеді ме? Оны осы күнге дейін біле алмай дал болады. Егер ол Ержанның сол масқара халін көрсе не деп ойламақ? Енді Раушанның бетіне қалай қарамақ. Құдай оңдап ол да содан кейін жүзбе-жүз кездесе қойған жоқ. Екі-үш күн жауынгерлерінен қатты ұялып жүрді. Реті келгенде, күйіп кеткенде зекіріп, айқайлайын десе де бата алмады. Рас содан кейін өзін-өзі қамшылап берік бола бастады. Екі рет оның взводы өзгелердің соңынан, ал өзі жұрттың ең соңынан шегінді, кімнің басында ондай болмайды. Зеленин болса: «Ой біздің сондағы өкшеміз жалтырап зытқанымыз-ай» — деп қарқылдап күліп қояды. Қарапайым, қалтқысы жоқ, жақсы жігіт Зеленин. Иә, сол бір оқиғаның ұмыт болатын уақыты жеткен сияқты еді. Бірақ құрғыр әлі де болса есебін тауып, Ержанды бір шағып алады. Ержан қапелімде тап болған жиіркенішті әсерден арылғысы кеп тағы да керіле беріп бір сілкінді де, ілгері қарай жүрді.

Окоптың үстіне қорбитып плащ-палатка жауып қойыпты. Ашықтау шетінен болмашы сәуле жылтырап барып басылды.

— Бұл кім? — деп дауыстады Ержан.

Плащ-палатканы қаудыратып түре көтерген екі солдаттың басы көрінді.

— Темекі тартуға отырып едік, — деді Бондаренко окоптан шығып жатып.

Оның артынан Земцов шықты.

— Жұмыстарың қалай?

— Жер қатты екен құрғыр! Кеудеден окоп қазып алдық, әрине, — деді Земцов жылдам сөйлеп. — Кішкене дем алғасын тағы да қаза түсеміз ғой. Былай бір, темекі тартып алайық деп... қаза түсеміз ғой әрине.

Орта бойлы, шикіл сары жас жігіт Земцов жоқтан өзгеден қысылып қалатын және қысылғанда қипалақтап берекесіз көп сөйлеп кететін. Бұл әдетінен әскерге алынған үш-төрт айдан бері арыла алмай қойған-ды. Соғысқа кіргелі де өзгермепті. Ержан оны соғыста да қалбаңдап, сасқалақ болар деп ойлап еді. Бірақ алдыңғы күні командирін таң қалдырды. Тосқауылда қалған взвод атысын, ақырын шегініп бара жатқан. Жүзден артық неміс солдаттары бастырмалатып төніп қалды. Жауынгерлерін қырып алам ба деп қорыққан Ержан шегінуге әмір берді де, екі-үш адаммен өзі жауды бөгеп қалды. Сол бір қиып сағатта қасында жатқан Земцов бұған бұрылып:

— Сіз кетіңіз жолдас лейтенант, мен бөгей тұрам ғой, — деп еді. Даусы сабырлы да, әмірлі де шыққан. Енді қипалақтап тұрғаны мынау. Ержан қараңғы болса да оның қысқа кірпікті шүңірек шегір көзінің жыпылықтап тұрғанын көргендей болды.

— Шаршаған шығарсыңдар, бірің жұмыс істегенде, бірің көз шырымын алыңдар, — деді Ержан.

— Шыдай тұрамыз ғой. Еш нәрсе етпес, — деді Земцов, — Тек ұйқы деген қиын екен, әрине. Бірақ жұмыс істегенде ұйқы ашылып кетеді. Ал, кішкене тізе бүксең болды қалғып кетесің. Бірақ, әрине шыдаймыз ғой.

— Доңғалағы тасқа секірген арбадай салдырлайсың да жөнелесің сен-ақ, — деп кейіді Бондаренко.

— Мен неге салдырлаймын. Тек сөз ретіне айтқаным ғой әрине... Болмаса...

— Әрине... әрине, — деп қағытты оны Бондаренко. — Кішкене көз шырымын алған бөтен болмас еді. Немістер маза берер деймісің. Таң сәріден-ақ ұмтылар-ау.

— Мүмкін олар да шаршаған шығар... Кім біледі, — деді Земцов.

— Түріне қарағанда олар шаршай қойған жоқ, — деді Ержан ойланып, даусы ақырын, салмақты шықты. — Ендеше біздің де шаршауға хақымыз жоқ. Иә, иә, хақымыз жоқ.

Екі солдат командир сөзінен күрсініс естігендей болып сәл іркіліп қалды.

— Газет келген жоқ па, жолдас лейтенант, — деп сұрады Бондаренко орағытып. — Басқа майдандардың хал-ахуалы қалай екен?

— Біз сияқты. Аздап шегініп барады.

— Әрине істің жөнін бастықтар көбірек біледі ғой, — деді Земцов. — Эх, тоқтау керек еді.

— Жолдас лейтенант, почтальон келген жоқ, па? — деп сұрады Бондаренко.

— Жоқ.

Хат ала алмай қойдық үйімізден. Менің қатыным, әлгі Дусяны айтам, хатқа жүйрік болмағанмен шимайлап күн ара денсаулығын білдіріп қоюшы еді. Ұрысқа кіргелі хат болмай кетті. Ол қатынға сайтан да болмас-ау, туғалы қыңқ деп ауырып көрген жоқ. Ал бірақ біздің почтальонды айтам-ау, ұрыс басталғалы тұмсығын көрсеткен жоқ. Мылтық атқан жерге келуге қорқатын болса хаттарды бір ағаштың бұтағына байлап кетпей ме, жолдан өзіміз тауып алар едік, — деп күлді Бондаренко. Оның кісіні сөзге шымшымдап тартатын әңгіме құмар екенін Ержан білуші еді. — Соғыс деген ойыншық емес. Үй-ішінің хабарын білмей жазатайым болсақ обал ғой.

— Дядя Ваня опять лясы точит, — деп Зеленин сөйлей келді.

Жұмысымды тындырдым, жолдас сержант. Ал әңгіме деген адамға тыныс, — деп қарсыласты Бондаренко.

Окопты аралап келе жатып Зеленин Ержанға ойында жүрген күдігін айтты.

— Сержант Добрушкинге мен сенбейтін болып барам. Жағдайдың қиын екенін сезбейтін сияқты құзғын. Әлде сезгісі келмейді. Жақа да окоп қаздырудың орнына қорылдап ұйықтап жатыр. Еш нәрседен алаңы жоқ. — Зеленин Ержанды қолынан ұстап тоқтатып, шіңкілдеп, өткір даусына діріл еніп, күбірлей сөйледі. — Есіңізде ме? Анада бip отделениесімен орман ішінде адасып кетті ғой. Мен барып тауып әкелдім. Құзғын сонда өтірік адасты. Асығy, сасу жоқ, ағаштың арасында демалып отыр. Сонысы тегін емес. Содан бері сол құзғынның желкесінен көз айырмайтын болдым. Ол мені адастыра алмайды.

— Иә, жұмбақ адам, тегін емес сияқты, — деді Ержан.

— Соның өзін отделение командирлігінен алсақ қайтеді? Тура су ішкізгендей отырғызып кетеді.

Ержан ойланып қалды. Добрушкинге сенбейтіні рас, бірақ оны орнынан алуға әзірге дәлелі жеткіліксіз. Ол біраз қобалжыса да батыл байламға келе алмады.

— Әзір фактымыз жоқ. Қоя тұралық.

Зеленин онша қарсыласқан жоқ.

— Мен ол құзғынды көзімнен таса қылмаймын. Ол мені адастыра алмайды, — деді де қойды.

Екеуі азғана жүргеннен кейін Зеленин тағы да сөз бастады.

— Сіз ана Ахметбековпен сөйлесіп көріңізші. Өзі былай жаман жауынгер емес еді, білесіз ғой. Бірақ жігітке обал. Мана қасында аз отырып қалып едім, қайдағы бір сандырақты соғады. — Зеленин ойланғандай сәл іркілді, — жауға деген өшпенділіктен айрылған екен жігіт. Өлген немісті аяп соғып отыр. Және өзі кісіні елжіретіп айтады құзғын. Жоқ, олай болса болмайды. Жігітке обал ғой. Сіз былай сөйлесіп түсіндіріңізші. Аяушылық дегенді өртеу керек қой.

Кәкібай Ахметбеков жаман жауынгер емес еді. Сәті келгенде жүзіне құбылмалы өткір шабыт ойнап шығатын, әнші жігітті Ержан өзгелерінен гөрі іш тартатын. Кең жаурынды, ірі денелі қағілез жауынгер соғыс ауыртпалығына төзімді, біреу құрлы ерлігі де бар. Ержан Зеленин сөзінен жөнді еш нәрсе ұғына алған жоқ. Реті келсе сөйлесіп көрермін, анықтармын дей салды. Қараңғыда құмырсқадай қыбырлап жер қазып жатқан солдаттарды жағалап, әрқайсысымен қысқа тіл қатысып келе жатып Кәкібайдың үстінен шықты. Қарулы жігіт жұмысын өндіріп тастаған екен. Қасында митыңдап Көжек те бір кәдеге жараған боп жүр. Кәкібай Ержанға көп қайрылмай жұмысымен әуре бола берді. Күректі жерге қадап, бір түрлі кіжініп топырақты керіле лақтырады. Аздан соң күрегін жерге шаншып, жеңімен маңдайын сүртіп Ержанға бұрылды. Оның жанынан Көжек шығып:

— Окопты қазып алдық, жолдас лейтенант. Кісі екеулесе қоймайды екен, — деді.

— Иә, шіркін, өгіз бен есекті парлап жексе қандай рахат, — деді Кәкібай ызалы мысқылмен. — Ана ернеудегі топырақты жай.

Терең шұқырдан тырбанып шыға алмай жатқан Көжекті Кәкібай балаша көтеріп алып окоптың ернеуіне мінгізді. Ержан Кәкібайдың байыпсыз аптықпа қимылынан ыза мен мысқыл аралас даусынан жігіт көңіліне бір өзгеріс енгенін сезді. Ол әлденеге Кәкібайдың маңынан кете алмай, қалай сөз бастаудың да ретін таппай осындайда ауызға түсетін мағынасыз сөз айтты.

— Халің қалай, Кәкібай?

— Хал нашар, жолдас лейтенант.

Сөз орайына сай «хал жаман емес» деген сияқты бейтарап жауап күткен Ержан ыңғайсызданып қалды.

— Өзің көңілсізсің ғой. Уақасы жоқ. Сенің даусыңды естімегелі де көп болды. Тылға шықсақ домбыраңды алып бір шырқатар едік.

— Домбыра сорлы қирамады дейсің бе?! — деді Кәкібай. — Жоқ, енді әннен қалған шығармын.

— Саған не болған, Кәкібай? — деді Ержан кенет өзгеріп, шын жанашырлық ықыласпен. — Бір жаманат болғаннан сау ма?

Кәкібай ауыр қозғалып Ержанның қасына отырды. Ыстық мейірімнен іштегі қыртысы жазылғандай сырласатын рай білдірді. Әр сөзді алқымынан әрең сығын шығарғандай күрмеле сөйледі.

— Адам кейде... ғажап. Жоқ, кісінің ақылы жетпейді.

Сұмдық кеше... өзіңіз білесіз ғой. Анау әлгі тылға өтіп кеткен немістерді жойдық қой... Әлі көз алдымда. Жақындап қалғанда тірі қалғандары қол көтерді ғой. Менің алдымда Қартбай жүгіріп баратыр еді. Алдынан бір неміс қол көтерді, Қартбай тұсынан өте беріп қайрылды да басып салды. Артында как рас мен келем. Қартбайдың оғы маған тие ме деп қорқып кеттім. «Бері қарай неге атасың» деп айқайлап, боқтап жібердім. Әлгі неміс майысып барып сылқ ете түсті. Бір-екі рет аяқ серіпкендей болды. Жақындай бере денесінде ышқынған ұсақ діріл барын көріп, әлгіні аяп кеттім. Қартбай дәлдеп ата алмаған екен, бишара бір-екі сағат азап шегіп өледі-ау, дәлдеп атып азабын қысқартайыншы деп ойладым. Мылтығымды ыңғайлап қасына келгенде көзіне көзім түсіп кетіп еді... Төбе құйқам шымырлап қоя берді. — Кәкібай даусы қалтырап, күбірлей сөйледі. Кейде булығып қалады. — Сіз өліп баратқан адамның көзін көріп не едіңіз? Менің бір ағайым өлген. Соңғы сағатында соның қасында отырып ем. Адамның жарық дүниемен қоштасар сағатындағы көзқарасына кісі төзе алмайды екен. Кешегі неміс соны есіме салды. Қара торы терең әжімді, егделеу екен. Көзі көкшілдеу. Солын баратқан жанары бір түрлі шыңылтыр өткір сәуле шығарады. Кеудеңнен өтіп тура жүрегіңе қадалғандай. Соншалық бір қимастық, таусылмас арман, қасірет бар. Тура әлгі қайтыс болған ағамның көзқарасынан аумайды. Ең жақыны мендей, соңғы сырын маған шаққандай айтып жеткісіз жалынышпен қарады. Жүйем босап, сай сүйегім сырқырап кетті. Дәтім шыдамады. Жүгіре жөнелдім.

Кәкібайдың сөзі, ыстық демімен үзіліп шыққан аянышты даусы Ержанды едәуір толқытты. Байсариннің соңғы сәтін елестетіп қатты шіміркендірді. Кісі өлтірмек түгіл Ержан біреуге зақым келтіруді жек көретін. Енді ол біреу емес, бірнеше кісі өлтірді. Олай етпеске амалы жоқ.

Ержан көкірегінде өшпенділік бар.

— Сеніңше немене, оларды өлтірмеу керек пе?

— Жоқ, олай демеймін. Бірақ менің өзім бір түрлі боп кеттім.

— Сен біздің жолдастардың өлгенін көрдің бе? — деді Ержан қызынып.

— Көрдім ғой. Бірақ жаңағыдай көзіне көзім түскен жоқ еді. Өлімнің несі жақсы болсын.

— Мен Байсарин қаза тапқанда басын сүйеп отырдым. Сонда қиналмады ғой деймісің?! Сенің көргеніңді көрмеппін бе!? Сен кімді аяуды білмейді екенсің!

— Әңгіме аяуда емес, — деді Кәкібай. Ержан сөзі әсер етпегендей, төмен қаран салбырап отыр. — Бірақ қиын екен. Әйтеуір менің миым жетпейді бұған. Былай түсінем ғой. Бірақ көңілімнің тірегі сынып кеткендей ойым жететін емес.

— Жүрегің бос екен сенің. Қазір елжірейтін уақыт емес. Жүрегіңді бекіт, білдің бе! Тізгініңді қолыңа ал.

— Түсінем ғой, әрине, — деп Кәкібай орнынан тұрып, күрегін қолына алды.

Мазамды алмасын деп, сөзден қашып құптай салды ол. Сезімтал жігіт қой. Сол бір ақырғы рет телмірген аянышты көзқарас жүрегіне қанжардай қадалған екен. Әлі де талай көз алдына елестеп жанын қинайтын болар. Ержан Кәкібай көңілін орнықтыра алмағанын білді. Ондай жан күйзелісіне кісінің өз қайраты болмаса өзгенің сөзі ем болмайды. Ержан кенет мынау қараңғыда сауыс қолдарымен жер қазып тырбанып жатқан отызға жуық солдатын түп-түгел көргендей болды. Олардың әрқайсысының қалай соғысқанын біледі. Анау қимылы оралымсыздау Бондаренко немістің танкін өртеді. Осы Кәкібайдың өзі алғашқы соғыста үлкен қайрат көрсетіп еді. Аз да болса әрқайсының соғыстық өмірбаяны бар. Бәрінің ісі де, түр-түсі де Ержанның көз алдында. Бірақ балшыққа баттасып сірескен сүр шинельдердің астында талай сырлар жатқанын білмейді екен. Бірге жүрген жауынгерлерінен өзінің бөлектігін сезді.

Ержан жұртпен сырласуға құмар емес-ті, қолынан келгенінше жүрегін тас бекітіп алған. Тек бір адамға ғана сәулеге талпынғандай ұмтыла береді — ол Раушан. Анадағы алғашқы рет сүйген қыз ернінің ыстығы ернінде әлі тұр. Сол есіне түскенде рақаттанып күлімсірейді. Ұрыс кезінде ұмыт болса да осындай тыныш сағатында Раушан ойына орала береді. Кейде Раушан махаббаты өзіне бұйырмайтын артық бақыттай көрініп күйзеліп қалады. Бір кішкене оқиға жүрегін шымшып есіне түсе береді. Взвод демалып жатқан. Ержан қалғыңқырап кеткен екен, көзін ашып алғанда өтіп бара жатқан Раушанды көзі шалды.

— Біздің командирдің ғашығы, — деді Земцовтың даусы қасындағы біреуге.

— Взвод командирі сияқты ұсақ-түйекке тым семіз болып кетер ондай нәрсе. Үлкенірек командирлер бар, — деген Добрушкиннің даусы естілді.

7

Майдан даласы тыныстап, сұлық жатыр. Арылдап-гүрілдеп, бұлқынып біраз тулады да тына қалды. Батальон штабын төңіректеп, оқтан ықтасын жерді паналаған санитар взводы жаралыларды жөнелтіп үлгірді. Шаң-топырақтан қарауытқан күсті қолдарына қан қатқан санитарлар ауырлаған денелері сирек саябырда рақат тыныштыққа ұйып, арба үстінде, жерде шынтақтап жатыр. Ерініп, самарқау, жәй әңгімелеседі.

— Енді кешке дейін шабуыл болмас.

— Иә, түнде немістерді шабуылға арқанмен сүйреп шығарарсың.

— Түнде де шабуылға шығуы мүмкін.

— Иә, шығады атасының басы. Әкел, бесті, қай жағымнан орыс келіп қалады деп, көзі адырайып таң атқанша бір вагон ракета жақпаса ма?!

— Неге, түнде де шабуылға шығып жүрген жоқ па!

— Солардың ракетасы не деген көп, жігіттер.

— Германияның жарты өндірісі осы ракета шығар.

— Солдатының сыры иесіне мәлім ғой.

Оқшаулау отырған Раушан әңгімеге құлақ тосты, Коростылевтің қара нанды қомағайлана жеп отырғанын көрді. Нанды сүйірлеп, ұзын етіп тіліп алыпты да, ең шетіне бармақ басындай сұр май қойыпты. Мұны ол «армянша жеу» деп атайтын. Онсыз да ортасы ойыс мұрны қайқайып, нан шетіндегі сүр майға жеткенше асығып, қара нанды опырып, жалмап барады. Раушан күліп жіберді. Коростылев жалт қарап, тісі ақсия күлді де, тез томсырая қалып:

— Мінекей, аппетитімді бөліп жібердің, — деді.

— Сіздің аппетитіңіз бөліне қоймас. Тым күшті сияқты, — деп, қалжыңға орай жауап қайырды Раушан.

— Құдайға шүкір, ол жағынан кенде емеспін.

Коростылев орнынан тұрегеліп, үстін қағып, арбаға қарай, беттеді.

— Осы саябырда мүлгіп алған жөн болар. Ұйқы мен тамақты жаным сүйеді. Раушан, сен де демал.

Коростылев арбаға қарғып мінді де, ондағы жігітті ығыстырып, көсіліп шалқасынан жатты.

Раушан азғана уақыт оған қарап отырды. Коростылев сасу, қысылу дегенді білмейді. Соғыстағы ауыр қызметін атқарады да, реті келсе, еш алаңсыз демалады. Жұртпен қалжыңдасады. «Мен неге осындай болмадым екен!». Раушан көз шырымын алуға жатқан екі санитарға қарады. Олар да рақаттанып, көсіліп жатыр. Еркектердің көңілінде алаң жоқ, қыздардың халі қиын екен. Мына соғыс ойлағаннан гөрі қиынырақ соқты. Кинодан көргенде, көк түтін ішінде еңбектеп бара жатқан санитарка, оқ тиген жауынгердің жарақатын таңып, от ішінен алып шығатын санитарка еліктіруші еді. Сол соғыс картиналарында, неге екені белгісіз өлген адам көрінбейтін. Рабайда біреуі өле-қалса, өте әдемі өлетін, тіпті өзіңнің де солай өлгің келіп кететін. Иә, алғашқы күні-ақ, алғаш шапшыған қанмен, өлім халіндегі солдаттың жан азабымен соғыс романтикасы бітті.

Көңілдегі жел осылай басылды, бірақ әлі төзімді, қайыспас ерлік келген жоқ. Алып соғыстың ауыр салмағы басып барады. Сілкініп көтеріле ала ма қыз? Оның үстіне көңіл де орнында емес. Қою қара қасты, ойлы жүзді, балғын жігіт кездесті. Алғашқы көргенде-ақ қыз жүрегін бір бүлк еткізді ол. Бірақ кейінгі мінездері түсініксіз болып кетті. Бірде жайдары, жүзі нұрланып құлпырып келеді. Осындай кезде балбұл жанып, көзінен көңілді ұшқын шашырап тұрған дөңгелек жүзді әсем жігіт Раушанға қатты ұнайтын. Ал қайсы бір кезде сөйлеуге сөз таппай, түнеріп ұзақ отырады. Ар жағында айтуға ауыр, үлкен бір нәрсе жатқандай, тығылып қалады. Оның не екенін Раушан білмейді, сескенеді де. Екеуі үпсіз отырып тарайды. ЬІңғайсыз халін сезгендей, тек кетерінде ғана езу тартып жымияды. Сол кезде манадан бергі сұсты жігіт, кінәлі, бала пішініне енеді. Кейінгі кезде Раушаннан алшақтап бара жатқан сияқты еді, жуырда келіп, екі ұрыстың арасында, түйеден түскендей: — «Сүйемін», — деді. Дулат жиі келуші еді, соғысқа кіргелі жолы түйіскенде, қысқа ғана кездесетін болды. Дулатпен бірге болатын сағаттары жаймашуақ, жайдары күн сияқты. Күлкіден езуін алғызбайды. Барлаушы жігіт қыз жанының тереңіне бармайтын. Соғысқа кіргелі Молдабаев Уәли қыздың бос уақытын қапы жібермеуге тырысатын болды. Бастапқыда көп жымиятын осы бір бұжыр, қара сүр егде жігітті қыз ұнатпай қалды. Кішкене күлім көзі сұғанақтанып, тұлғасын тінтіп өткенде, осы күнге дейін тыныш жатқан қыз намысы қатты тулады. Ашуға булықса да, атағы мен жасы үлкен адамның алдында сыпайылық етіп, сабыр тұтты. Бірақ кейін ондай мінезін байқамады, ылғи сыпайы ізетті қалпында ғана көрді. Мүмкін, Раушан орынсыз секем алған шығар. Өз мінезі де тік қой. Білімі де, мәдениеті де артық өмірден көргені көп адам Раушан ғұрлы сыпайылықты білетін шығар.

— Сәламатсыз ба, қарындас.

Күле қарап, иіле қол созып Раушанның алдында Уәли тұр. Қыз ойының дәл үстінен шықты; Раушан самсатып алдына жайып қойған сырын қымтай алмай сасып қалды. Тесіле қараған кішкене көзімен қыз көңілінің әр түкпірін түгел көріп тұрғандай, Уәли жымия түседі. Раушан ақырын барып қол берді, екі беті дуылдап жанып барады. Тосын дауыстан оянған Коростылев басын көтеріп, Молдабаевқа томсырая қарады да, қайтадан қорылдады.

— Неге қысылдыңыз, қарындас?

«Иә, иә... Әккі адам. Барлығын біліп тұр». Раушан тіпті орнынан түрегелді.

— Мұныңыз қалай, қарындас! Менің алдымда әскери тәртіп сақтамай-ақ қойыңыз деп талай өтініп ем ғой.

Уәли сыпайы қимылмен Раушанның екі иығынан ақырын ғана нұқып, қайта отырғызды. Әлі де өзін билей алмай тұрған Раушан:

— Сіз, командирсіз ғой, — деді.

— Командирлікті қайтесіз. Мен ең кем дегенде сізге аға болуға жарай алсам...

Раушан үндемей, төмен қарады. Қыздың осы бір ажарын мұндай істе өзін сұңғыла санайтын Уәли іштей жақсылыққа жорыды. Өз аруағының асқанына көңілі толып, шешіліп суырыла сөйледі. Жаттыққан тіл мүдірер емес.

— Соғыс деген талай адамның болашағына бөгет болды ғой. Осы күндері ғой сіз Алматыда консерваторияда оқып жүрер едіңіз. Шын ойыңыз сол емес пе?

Уәли Раушанның көзіне күлімдей, үңіле қарады. Тағы да қыздың жүрек түкпірінде жатқан құпиясын біліп қойды. Раушанның консерваторияға түспек те ойы болатын. Бірақ қыз мінезіне салып, жалтарып жауап берді.

— Жоқ, консерваторияға түсуді ойлаған да емеспін.

— Оныңыз қате болған, — деді Уәли әлденеге өкінгендей.

Кішкене көзімен кеудесіне үңгіп кіріп, көкейіндегінің бәрін көре қоятын әккі жігітті ізден шатастырғанына риза болып, Раушан іштей мырс етті. Бірақ ол да өз ойын қазбалай берді.

— Мен сіздің консерватория залында ән шырқап тұрғаныңызды көрсем деп едім. Искусствоны жаным сүйеді.

— Искусствоны кім жақсы көрмейді дейсіз, — деді Раушан, кенет әлденені армандағандай.

— Мен ғылым жолын қуған адаммын, — деді Уәли, — Бірақ барлық ғылыми атақты мыңдаған адамды есінен тандыра қол шапалақтатқан артистің бір күнгі қуанышына айырбастар едім. Амал қанша ондай талантым жоқ.

— Сіз ғылыми атағыңызды арзан сатпаңыз, — деп күлді Раушан.

— Барлығын құрбан ететін нәрселер болады, — Уәли тереңге ой жүгірткендей аз мүдірді. — Иә... Искусство — махаббат. — Қыз жүрегі секем алып қалды. Мына жігіт күтпеген жағынан келіп шықты, бірақ орағытып кетті. — Менің өз қолымнан искусство келмейді. Ең жақын адамымды өнердің шыңында көрсем деген арман ғой.

— Ендеше, атақты актрисаға үйленерсіз, — деп күлді Раушан. Осы сөзімен жаңағы бір жақындап қалған әңгімені алыстатқысы келіп, одан сайын жақындата түскенін қыз сезбеді.

— Ол болмайтын шаруа ғой, — деді Уәли әлденеге мұңайып, — оның үстіне талантты өз қолыңнан мәпелеген жақсы емес не? Астанадағы барлық беделімді соған жұмсасам.

— Жұмсаңыз.

Уәли орнынан тұрды.

— Майдан саябыр екен. Азғана қыдырайық.

— Жарайды, — деп, Раушан да түрегелді.

Екеуі орманға барып кіретін кішілеу жыраның ішімен аяңдап кетті. Бұлар қозғала бергенде, манадан қорылдап жатқан Коростылев тағы да оянып:

— Раушан, көп ұзап кетпе, — деп, қайта қисайды.

Раушан еш алаңсыз ақырын аяңдап келеді. Жаңа ғана еңсесін басқан ауыр ойлар серпіліп, қыз көңілі сергіп қалды. Азынаған күзгі далада үрпиген балапандай елегізіп отырған қызға мына жігіт алыста қалған өмірдің сәнді арманын көлденең тартты. Сөзі тәтті шараптай шымшымдап дарып, басты айналдырып барады. Самсаған люстралардың мол шаңқан сәулесіне малынған Раушан, ынтыға күткен халық концерт басталғанына тағат етпей, қол шапалақтайды. Мінекей залда шам сөніп, шымылдық ашылды. Енді прожекторлар шұғыласына малынып, сахнада жалғыз Раушан тұр. Жұрттың көзі сонда. Үстінде аққудың мамығындай аппақ газ көйлек... Жоқ, ұзын көк жиек көйлек... Раушан өз үстіндегі сұр шинеліне көзі түсіп, күліп жіберді. Тым алысқа шырқапты.

— Неге күлдіңіз, қарындас?

— Жәй... Бір күлкілі оқиға есіме түсіп кеткені.

Раушанның көз жанарында ойнақы ұшқын жылтылдап, күлкі нұрландырған бетінде екі шұқыр пайда болған. Уәли көзінің астымен қыз ажарын шолып өтті. Күлкіге түрілген жұп-жұқа нәзік ернін көргенде, еріксіз тамсанды. Осыдан кейін-ақ алғашқы мінезінен айрылып, тынышы қаша бастады.

Ауыр ойдан арылған Раушан енді көңілденіп шешіле сөйледі; оның есесіне, манадан еркін сөйлеп келе жатқан Уәлидің бар сөзі көмейіне кептеліп қалғандай.

— Біздің оныншы кластың балалары биыл емтихан тапсырып болған соң, пикник жасап едік. Сол күні соғыс басталып кетті, — деді Раушан.

— Дәл келуін қарай ғой.

— Бәріміз он бес сомнан ақша жинадық. Ақша ортаға түскенде азық-түлікті сатып алуды кімге тапсырамыз деп таластық. Қыздар: «Балалар тамақтың жайын білмейді, қыздарға тапсыру керек», — деді. Балалар тұрып: «Қыздар астың жайын білуші ме еді, ылғи конфет пен балмұздақ алып, ішімізді кептіреді», — деп дау соқты. Ақыры екі жағын да жұмсадық.

— Ие, содан, — деді Уәли, әйтеуір әңгімені қостау үшін. Ол дағдарып қалды. Манадан бері қыз деп, сызылып келе жатқаны баланың сөзін айтып кетті. Мұның жасы он сегізден асқан, қазақ қызы он төртте-ақ бойжетпеуші ме еді?

— Бәріміз автобусқа тиеліп тауға бардық. Сондай көңілді боп еді.

— Продуктыны қайсыларыңыз жақсы таңдадыңыздар? — деп сұрады Уәли.

— Әрине, қыздар да, — деді де, Раушан күліп жіберді. — Балалар қызық қылды.

— Иә? — деді Уәли елең етіп.

— Көгалға дастарқан жайып дөңгелене отырған кезде Қайсар дейтін бала түрегеліп сөз сөйледі. Кәдімгі бір үлкен әкім сияқты маңғазданып алды да: «Жолдастар, біздер енді ержеттік. Балалықты тастау керек. Сондықтан мұндай жиынды инабатты адамдардың дәстүрімен өткіземіз», — деді. Сөйтті де, Шағыр дейтін бір қатпа бала бар еді, соған: «Әй, Шағырмақ, сен бойыңның кішкенелігі себепті, әзірге қосшы бала боласың, кәне көрсет өнеріңді», — деп әмір өтті, — Раушан тағы да күліп алды. — Шағырмақ қу болатын. Құп таумұрын тақсыр деп, қолын кеудесіне басып тағзым етті де, чемоданнан стакандарды алып дастарқанға қойды. Содан кейін теріс қарап аузын күбірлетіп үшкірді де, екі бутылка шарапты жып еткізіп шығара қойды. Қыздар күліп, шарылдап орындарынан тұра-тұра қашты.

— Одан несіне қорықтыңыздар, — деді Уәли Раушанның бетіне жымия қарап.

— Бұрын кім ішіп көрген. Шын қорқып кеттік. Қайсар бәрімізді үгіттеп батырсынып бір стаканын ішіп салған. Содан кейін басы айналып жаман болды. Шағырмақ оның басын бұлаққа батырып әрең түзеп алды.

— Шіркін жастық дәурен-ай!

— Сол күні сондай көңілді болып еді. Кімнің қандай институтқа түсетінін ақылдастық. Балалардың бәрі маған консерваторияға түс, әнші бол деп еді. Жаңа сіз айтқасын, есіме түсіп кетті. Институтқа барар алдында емтиханға бірігіп дайындалмақ болып уәделестік. Үйге қайтып келсек, соғыс басталыпты.

Раушан мұңайып төмен қарады. Уәли де аз кідіріп қалды.

— Иә, соғыс деген әркімнің де өмірін бұзды ғой, — деді ол күрсініп, — Сіз консерваторияға бара алмай қалдыңыз. Мен диссертациямды бітіре алмай кеттім. Қазақтың хандарының өмірінен көп материал жинап едім. Жалпы менің өмірімнің өзі сәтсіз.

— Неге? — Раушан таңырқап Уәлидің бетіне бажырая қарады.

— Сізден жасырмаймын, менің әйелім бар.

— Оны неге жасырасыз?

— Сіз білуші ме едіңіз?

— Білгенім жоқ. — Раушан енді байқады, оның әйелінің бар-жоғы туралы ойламапты да.

— Раушан, сіз әлі жассыз. Өмір дегеннің қилы-қилы жақтары болатынын сіз түсінбейсіз. Мен өмірде қатты сүрінген, жарақатты болған адаммын. Адасқан жанмын.

— Неге адастыңыз? — деді Раушан, сөзінің мағынасын ұқпаса да, осы жігіттің басында әйтеуір бір үлкен қасірет барын топшылады.

— Адам баласы адаспай тұра ма? Жассыз, сіздің де адасуыңыз мүмкін. Кісінің өмірдегі ең жақын жолдасы жары емес пе? Сол жарың өзіңе тең, өзіңді түсінетін, мәдениеті жоғары адам болмаса қиын екен. Сол бір жіберген қатемнен әлі күнге өкініп, бармағымды тістеп келемін. Бұл да бір зор қасірет.

Раушан үндемей төмен қарады. Мұндай сырды алғашқы рет естуі еді. Ол ерлі-зайыптылар арасында мұндай қасірет болатынын білген жоқ-ты және болады деп ойламаған да. Өз әке-шешесі тату-тәтті тұратын, екеуі бірдей Раушанды жанындай жақсы көретін. Раушан оларды тіпті екі кісі емес, бір кісіге санайтын. Көршілерден де қасірет деп атарлық еш нәрсе байқамады. Әйелімен күнара қырқысатын бір домбырашы ағайындары бар. Бірақ олардікі де қасірет емес, ертеңгі ішетін шайларындай керегінің бірі сияқты болатын. Ал мына жігіттің қасіреті тым салмақты жатыр.

— Өзім бақытсыз болсам да, өзгелердің бақытты болғанын көргім келеді. Сіз бақыт үшін жаралған жансыз, Раушан. — Уәли мұңайып, күрсініп қойды. — Бірақ жастық кейде кісіні адастырады. Сіздің болашағыңызға көмекші бола алсам, ағалық қамқорлық жасай алсам, одан артық арманым жоқ. Тек менің адал ниетімді теріске жорымай, безбесеңіз екен.

Уәли Раушанға телміре қарады. Раушан бұл жігіттің қандай көмек ұсынатынын біле алмаса да, ықыласын қайтарғысы келмейді.

— Адал көмектен кісі безе ме?!

— Сізге деген көңілімнің адалдығына шәк келтірмеңіз. — Уәли ауыр күрсінді. — Үлкенді арман ете алмаймын. Ең болмағанда, ағалық жәрдемім тисе.

Бұлар қайтып оралып, санитар взводы тоқтаған жерге келді. Коростылев арбадан басын көтеріп алып, көзін уқалады да, жерге қарғып түсті.

— Жатып демал, Раушан, — деді ол, есіней керіліп.

— Ұйқым келмей тұр, — деді Раушан.

— Ұйқы келмейді деген сөз бола ма? Мен штаб жаққа барып, жағдайды біліп қайтайын, — деді де, Раушанның қасынан кеткісі келмей тұрған Уәлиге бұрылды. — Сіз солай барасыз ғой, лейтенант, жүріңіз.

Бәрібір ұйқы келер емес. Аспанның көк бояуы оқып, қуқыл тартқан. Түйдек-түйдек қоңырқай бұлттар жылжып барады, күн шалған бауырлары ақшыл. Сонау жұп-жұмсақ ұлпа бұлттың үстінде көлбеп жатар ма еді. Раушан мырс етті. Не деген қиялшыл болып кеткен өзі. Молдабаев... Уәли... Өзі қандай қызық адам. Раушан бұйығы жымиып, тағы да аспандағы ала бұлттарға қарады. Бұлттардың еш нәрседен алаңы жоқ, күздің соңғы жылуына маужырап, ақырын кетіп барады. Раушан неге бұлт болып осы өмірдің үстінен шолып жүрмейді екен. Уәли төменнен телміре қарап тұрар еді...

Қыз ойын бірте-бірте Уәли билеп барады. Балалық шақтан жаңа ғана асқан қызбен ешкім бұлай бел шешіп сырласып көрген жоқ еді. Үлкен кісілер мысықты арқадан сипағандай, күле қарап баласынып қана сөйлесетін. Ондайларға Раушан: «Сен ғұрлы мен де бір нәрсе түсінемін, бала емеспін» — деп, іштей, ашуланатын. Ал мына жігіт өмірді көбірек көрген ересектігін бетке ұстап бәлсінбеді. Өзінің басында үлкен қасіреті бар екен. Оның терең сырына үңги түсіп, көңіліндегі дерттің себептерін білу, сондай адамға көмек беру қандай қызық. Ол адал ниетімен Раушанға дос болмақ қой. Бірақ... Раушан секем алып қалды. Бірақ ол неге көп уһілеп, Раушанға телміре қарайды... «Талантты өз қолыңнан мәпелеген жақсы емес пе?». Осында бір астар бар сияқты. «Искусство... махаббат...» ондай сөз бекерге айтылмайды ғой. «Әлде бұл да маған...» Раушан тіпті жатқан орнынан аударылып түсті. «Ержан ше?!».

Осындайда Күләнда да болмады. Раушанның басын қатырған нәрселерді ол оп-оңай түсінетін. Раушан тіпті оған арқа сүйейтін. Бірақ соңғы кезде ол да онша көңілді емес-ті. Күләнданың Ержанды жақсы көретінін Раушан қызға біткен сезімталдықпен бірден-ақ байқаған. Ержанның оған ықылассыз екенін де сезген. Енді байқаса, жақын құрбысының жүдеу көңілін жұбатуды Раушан ойламапты да. «Әттеген-ай! Менің орнымда Күләнда болса, өйтпес еді-ау, — деп ойлады ол. — Жігіттер де ақылсыз болады екен, менен жүз артық, асыл Күләнданы неге жақсы көрмейді екен? Ажарсыз дей ме екен. Ол тіпті де ажарсыз емес. Мен де сұлу емеспін ғой».

Гуілдеп жақындай түскен дауысқа Раушан елегзи құлақ түрді. Алғы шептен асыңқырап келіп снаряд жарылды. Тағы да арылдап келіп екі снаряд жарылды. Раушан арбадан секіріп түсті. Штаб жақтан бүрсеңдеп жүгіріп Коростылев келе жатыр.

8

Октябрь таусылып келеді. Бірақ дұшпанның шабуылы тоқталған жоқ. Бұдан он шақты күн бұрын дивизия соғыс бастаған рубеждер алыста қалды. Барлық майданмен бірге Панферовтың қазақстандық дивизиясы да кейде әрбір қалаға, дөңеске, жыраға, сайға дарыса тістесіп, кейде ойсырай шегініп, кейін қарай ығысып барады. Барлық майданның халі осылай сияқты. Оңтүстік майданы көп уақыт сіресіп, жауды шаптан тіреп, алыс ұстап тұр еді, соңғы кезде ол да көп ойысып, өзге майдандармен деңгейлесіп қалды.

Орталық Россияның жаңбырлы бұлыңғыр күзі басталды. Таңертеңнен түйдек-түйдек қара бұлт аспанды торлап, көк әлемін түгел бүркеп алады. Оқтын-оқтын жаңбыр жауады немесе ұзақ уақыт ұсақ тамшы сіркірейді. Аспан мен жердің жігі көрінбейді, күлгін қоңыр тұман-бұлт қарағай, қайыңдардың басына кептеліп, қуыстарын толтырып, жерге шөгеді. Күздің ылғалды, қою ауасын енді ызғар шалды, ертеңгілік қарағай қылқандарына аңшыл қырау туратын болды.

Ертеңнен кешке дейін, түні бойы үлкенді-кішілі жолдармен шығысқа қарай қалың әскер, босқын халық ағылады. Неше түрлі машина, әскери дырау арбалар, шаруаның күркелі арбасы, жаяу итерген қол арбалар, сапырылысқан адам, мал лек-легімен кетіп барады. Кейде тұтқиылдан неміс самолеттері ұшып келеді. Бүкіл халық жол шетіндегі жыраны паналайды, орманға қарай ығысады. Жол үстіндегі иесіз қалған аттар шыңғырып, арбаны алып қашады. Содан кейін керуен жолды тазартып жүріп кеткеніне топырласып, бірін-бірі бастырмалап, кимелей, керілдесіп, айқай-шу азан-қазан болады. Ақыры тағы да лоқсып кейін қарай ағылады.

Жаудың бет алысы — Москва. Жау Москваға жақындап келеді. «Апырмай, тым болмаса осы тұста тоқтатар» — деген нысаналар сырғып кейін қалып жатыр. Гитлердің жетінші ноябрьде Москвада парад қабылдамақ ойын іске асыру үшін жасалған октябрь шабуылы әлі тоқтаған жоқ. Жағдай қиындап келе жатты.

Осы бір көңілді елегізіткен қаһарлы күндері генерал-майор Панферовтың штабына армия командашысы келді. Қасына екі-ақ адам ертіп, жалғыз «виллиспен» жүрген генерал-лейтенантты ешкім байқай қойған жоқ. Ұзын бойлы, ат жақты, жас өңді генералды Панферов үйге кіріп, столға жақындағанда барып танып, орнынан тұрып сәлем берді. Генерал-лейтенант ойнақы қимылмен жылдам басын келіп Панферовтың қолын алды.

— Отыра беріңіз, Иван Васильевич, — деді ол, тегеурінді қоңыр дауыспен, — Ал, хал-жағдайларыңыз қалай? — Генерал-лейтенанттың қабақ астына терең ұялаған кішілеу өткір көзі Панферовты бастан-аяқ тез шолып өтті.

— Халіміз жаман емес, Константин Константинович, тек шегінгеніміз жараспай тұр, — деп Панферов жымия жауап қайырды.

— Иә, ол енді қай-қайсымыз да мақтанарлық нәрсе емес. Панферов көп жылдық өмір тәжірибесі дағдыландырған әдетімен сөз арасында қабақ астымен. генерал-лейтенантты шолып өтті. Жас шамасы өзінен кіші. Ұзын бойлы сымбатты тұлғасында әлі жұмсалып болмаған мол қайрат жатыр. Сөз орайына қарай оқта-текте жұмырығын түйгенде, не столды шерткенде байқады — салалы ақ саусақты, тарамыс қолы да қарулы.

— Енді көп шегіне бермеспіз, — деді генерал-лейтенант.

— Алдарыңыздағы дұшпанның күші қалай?

— Екі жаяу әскер дивизиясы, танк полкы және ауыр артиллерияның екі полкы бар.

— Айтпақшы, ол мағлұматтар бізде бар еді. Менің сұрағым келгені: олардың қимылы, қарқыны қалай?

Панферов енді байқады: генерал-лейтенант та мұны бағып, жіті көзбен өлшеп отыр. Сұрағына күткен жауабы да жай тактикалық мәліметтен гөрі әрегірек жатқан сияқты. Панферов ойланып жауап берді.

— Алғашқы айларға қарағанда дұшпанның шабуыл қарқыны бәсеңсігені өзіңізге мәлім ғой. Бірақ әлі беті қайтқан жоқ. Нысанаға жақындағанда өлгеніне қарамай ұмтылатын болар.

— Иә, дұрыс айтасыз, — деді генерал-лейтенант ойланып, — Міне сол өлермен кезінде қансырата соқсақ...

Генерал-лейтенант жұмырығын түйіп, үнсіз ойланып қалды. Панферов та өз ойына беріліп, үндемеді.

— Әрине, қансырата соғамыз, — деді командашы жігерлі үнмен. Содан кейін сәл бөгелді де, өзімен өзі кеңескендей күбірлеп жай сөйледі. — Бірақ тым алысқа жіберіп алдық. Өте алысқа жіберіп алдық. Халық бізден мұны күткен жоқ еді. Оның ойы басқа еді ғой...

Генерал-лейтенант, жүзін мұң шалып, Панферовқа тереңдей қарады. Өңі сұрланып, төмен қарап отырған Панферов басын көтеріп, командашыға байсалды көз тастады.

— Дұрыс айтасыз. Халық қазірде елеңдеп, бізден күн сайын жақсылық хабар күтеді. Сол хабарды кешіктіріп тұрмыз ғой. Бұдан бір жеті бұрын менің штабым анау кейін қалған деревнялардың бірінде тұрды, — деді генерал-лейтенант өткен бір істі есіне алып, — Колхоздың ба, сельсоветтің бе біреуінің кеңсесіне орналасқанбыз. Сыртқа шығып келе жатсам, алдымда бір кемпір мен шал тұр екен. Бас изеп өте беріп едім, кемпір адъютанттың «не шаруаңыз бар, бөгемеңіз» дегенін елең етпей, алдымнан көлденең тұра қалды. Өзі де жойқын кемпір екен. — Командашы мырс етті. «Маған нағыз генералдың өзі керек, сол сенбісің?» — деді. Иә, мен едім», — дедім. «Ендеше айтшы, мына шалға, қарағым. Туған жерден көшеміз деп мазамды алды. Немістерді тоқтатасыңдар ғой, соныңды айтшы мына кещеге, туғаным» деп орысша мықынын таянып тұрып алды. Бетіне қарасам байғұс кемпірдің менің мақұлдап жауап береріме еш күмәні жоқ екен. Қатты қысылсам да, бірақ «көшкендеріңіз жөн болар» демеске шарам болмады. Кемпір «денің сау ма?» дегендей маған таңырқай қарады. «Сонда қайда барасыңдар? Екі аттасаң артыңда Москва тұрған жоқ па?! — деді зекіп. — Генерал-лейтенант түйіліп төмен қарап, аз іркіліп, саусағымен столды шертті. — Вот такие дело.

— Халыққа жауап беру оңай емес, бірақ жауап бермей жалтара да алмайсың, — деді Панферов күрсінгендей болып, — Жау осал емес. Кәрі Европа анау қаусап түскен. Әрине, олардың өздері айыпты оған. Біз шыдармыз да жеңерміз. Бірақ ертерек қамданғанда... Мүмкін... құрбандық азырақ болар ма еді? Константин Константинович, сіз бен біз кәрі командирміз ғой, маған кейде сондай ой келеді.

— Ия... мүмкін... — деді генерал-лейтенант ойланып. — Қате деген болады ғой. Бірақ кейбір қателерді жібермеуге де болатын еді.

Осыдан кейін екі генерал әрқайсысы өз ойларына үңіліп, аз уақыт үнсіз қалды. Шын сырласып, көңілдері жақындасқан бастық пен бағынышты қызмет бабындағы құрғақ сөзге бірден ауысып кете алмай, сәл ыңғайсыздық сезінгендей. Командашы орнынан тұрып, ақырын теңселе басып әрлі-берлі жүре бастады. Оның сымбатты ұзын бойы аласа шаруа үйінің төбесіне аз-ақ жетпей тұр. Панферовқа оқыс бұрылып, жаңағы бір көңілді толқытқан ойды сілкіп тастағандай даусы сергіп тіл қатты:

— Сөйтіп, немістер кеше кештен бері көп мазаламай тұр ғой, ә?

— Мазаламай тұр. Бірақ оларды менің мазалағым келіп тұр.

— Оған қарсылығым жоқ.

Екі генерал картаға үңіліп, тактикалық жағдайды ұзақ сөйлесті. Командашы тиісті әмірін беріп, өзіндегі бар мағлұматтарға сүйеніп, немістердің ойын білгенін аңғартты.

— Дивизияның қорғаныс шебі тым үлкен. Күш кемістік етіп тұр, — деді Панферов, командашыға көмейін аңғартып.

— Иә, иә... солай екен, — деді генерал-лейтенант. — Шынында да қиын екен. Бірақ әзірге көмек күтпе. Бере алмаймын.

Ол кетуге ыңғайланып:

— Солдаттарыңның көңіл күйі қалай? — деп сұрады да, жауап күтпестен: — оны көзбен көрген дұрыс болар, — деп орнынан тұрды.

Панферов те бойын түзеп түрегелді.

— Мен де алғы шепті араламақ едім, жолдас генерал-лейтенант.

— Ендеше тіпті жақсы. Сіз қай полкке бармақ едіңіз, Иван Васильевич?

— Егоров полкына.

— Оған жалғас қай полк?

— Карпов полкы.

— Ендеше мен соған барайын, — деді генерал-лейтенант. — Екеуміз екі полкты аралағанымыз өнімді болар.

Екі генерал дивизия штабы жанынан айрылысты. Штаб алғы шепке жақын еді, жаяу кетуге тура келді.

— Мәжіліске шақыра беруге жағдай көтермейді. Осылай, өзім келіп мазалап тұрармын, — деді генерал-лейтенант қол алысып.

Бұл екі генерал тұлғасы болсын, мінезі болсын бір-біріне ұқсамайтын адамдар еді. Екеуінің тағдыры да екі бөлек. Бірі жұлдызы жанып, азғана жылда әскер даңқының аспанына жарқырап шықпақ болса, бірін аз уақытта елу жылдық қарапайым, адал, еңбекші өмірін өзіне лайық абыроймен аяқтауға жазған еді.

Панферов алғы шепке келе жатқанда генерал-лейтенанттың бітімі, қимылы көз алдына елестей берді. «Сымбатты сұлу тұлғасына ширақ әсем қимылы жарасқан нағыз әскери адам-ау, — деп ойлады ол. — Мінезі қандай ашық. Кейде жібектей жұмсақ болып, кісіні ішке тартып ала қойса, реті келгенде аяздай қысып жібереді». Ондағы бар өзінде жоқ, ондағы айқын өзінде көмескі сияқты көрінеді Панферовқа.

Дивизиядағы бір офицер «біздің генералдың генерал сияғы жоқ» деген екен Панферов жайында. Осы сөзде аз да болса шындық бар еді. Панферовта айбат та, сәнді сымбат та жоқ. Жұмыр денесіне қарттық кіріп, еңкіш тарта бастаған, орта бойлы, жасы елуге келген мосқал адам. Беті қалың қыртыстанып, өңі ескіріп қалған, кішкене өткір көзін қиғаш жапқан қалың қабағы, шығыңқы жақ сүйегі оны шығыс адамына ұқсатады. Биік дөңес мұрнының астында екі жебесін қырған кішкене мұрты бар.

Панферовта шаруа ұрпағының сабырлы ауыр мінезі, қуатты іскерлігі бар. Оның осы қасиетін бұдан жиырма шақты жыл бұрын бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі адам бірден аңғарып еді.

Азамат соғысы жылдарында Панферов Чапаев дивизиясында эскадрон командирі болды. Уфа түбіндегі соғыста Ақ Еділден ең алдымен өтіп, қырғын ұрыста тапжылмай, жағалаудағы плацдармды ұстап тұрды. Қалаға да бірінші болып кірді. Уфаға бұған ілесе кірген Вихров дейтін казак, эскадрон командирі екеуін Чапаевқа шақыртты. Чапаев және ернін жымқырып, кең маңдайының астынан сүзе қарайтын жас жігіт комиссар Фурманов ат үстінде бұларға қарсы жолықты, Чапаевқа еліктеп мұртын ширатып, басына шалқайта папаха киіп жүретін Вихров атын тежеп, начдивке өзінің батыр эскадронының ерлігі жайында баяндады.

— Сонымен арғы бетке алдымен өткен қайсың? — деп сұрады Чапаев басын қисайтып, көзінде қуақы ұшқын ойнап. Вихров мүдіріп қалды, — А, неге үндемейсің, жойқын казак? — деді Чапаев ащы даусы саңқ етіп.

Фурманов қабаң астынан күлімдеп, Панферовқа миығымен ым қақты.

— Менің эскадроным еді, жолдас начдив, — деді Панферов Вихровтың тасасынан шығып.

— Чапаев болам деп мұртыңды ширатып, бөркіңді шалқайтыпсың, — деп кекетті Чапаев Вихровты. Содан кейін Панферовқа бұрылды. — Мінекей Чапаевқа мұртымен емес, ісімен ұқсайды.

— Бұл жай басса да мығым басады, — деді Фурманов езу тартып.

Тәжірибесі, білімі толысып, дәрежесі жоғарылағаны болмаса Панферов сол кездегі қалпынан өзгере қойған жоқ.

— Мынау Арыстанов батальонының ауданы, — деді манадан үнсіз келе жатқан адъютант.

Панферов ойынан тез серпіліп, төңірекке көз жіберді. Әскери адамның жіті көзі күзгі қоңырқай жер реңінде терең байқалатын, жақсы тасаланған зеңбіректерді байқады. Зеңбіректер маңында снаряд салған жәшіктерді шұқырға тасып, бусоль қойып артиллеристер жүр. Қимылдары байсалды, сабырлы. Алғаш ұрыс алдында солдаттардың дәйек тұтпай, абыржыған кездері түсті генералдың есіне. Иә, одан бері дивизия біраз шығынға ұшырап, сан жағынан кемігенімен, буыны бекіп нығайып қалған сияқты. Дивизияның жауынгерлік тарихына жан-жақтан құйған бұлақтай ерлік істер қосылып келеді, көп ұзамай ол үлкен, арналы дәстүрге айналады. Политрук Жандосов он жауынгермен Пронино деревнясы шетінде сарайға бекінді. Оған қарсы дұшпанның екі ротасы шабуыл жасады. Екі сағат бойы Жандосов дұшпанды жуытпады. Ақырында елуден артық адамынан айрылған немістер сарайды қоршады. Бұл кезде Жандосовтың қасында тірі қалған екі-ақ жауынгер бар-ды. Үш азамат сарайдың үш қабырғасын паналап, дұшпанға оқ ата берді. Бұларды тірілей қолға түсіре алмайтынын білген немістер сарайды өртеді. Лапылдап жанып жатқан сарайдың, қасына бір топ фашистер жақындап келіп:

— Русь, капут, беріл! — деп айқайлады.

Сол кезде үсті-басын жалын құшқан Жандосов от ішінен факельдей лаулап шыға келіп:

— Русьтер берілмейді! — деп, соңғы гранатымен бір топ дұшпанды жайпап барып құлады.

Пулеметші Ефремов, көмекшісімен екеуі дұшпанның батальонына қарсы үш сағат соғысты. Көмекшісі қаза тапқаннан кейін де батыр пулеметші дұшпанды жайпай берді.

Осындай өжет қимыл, ерлік істердің күн санап көбейіп келе жатқанын генерал көңіліне тоқ санайтын.

Генерал орманның шыға берісіне орналасқан алғы шепке келді. Қасында келе жатқан адъютант сәл іркіліп қалды.

— Осы арадан алғы шеп басталады, жолдас генерал.

— Көріп тұрмын.

— Траншеяға түсейік, — деді адъютант.

— Мақұл, — деді Панферов үнсіз езу тартты. Адъютант дегендер командирге қанша бағынышты болғанмен, осындай жағдайда оларға шәкіртінше тәртіп үйрететін әдеті және олардың тілін алмауға да болмайды.

— Жарайды өздері, бір күннің ішінде көкіректен траншея қазып тастапты, — деді адъютант риза болып.

Панферов жаңбырға, күзгі дымқыл ауаға бөккен окоптың ішіне түсті. Солған шөптің, балшықтың исі келеді. Окоп ернеуіндегі үйінді топырақ шөппен тасаланған. «Тәуір-ақ бекінген екен. Ұқыпты істеген. Шамасы шегінгілері келмейді ғой» деп жорыды генерал.

— Стой, кто идет! — деп дауыстады, аласа бойлы, мұртты, егде тартқан жауынгер, винтовкасын кезеп. Бірақ генералды танып, винтовкасын жинап ала қойды; көзі алақтап сасып қалды да, сәлден кейін қолын шекесіне қойды. Генерал қасына келгенде, бұрынғыдан бетер абыржып:

— Шө... шө... жауынгер Шөжебаев, — деді.

— Сәламатсың ба, жауынгер Шөжебаев, — деп генерал қолын ұсынды.

Шөжебаев таңырқағандай аз аңырып тұрды да, кенет ыржиып қолын созды. Генерал да жымиып күлді.

— Жаңылмасам, біз екеуміз бір кездескен сияқтымыз ғой, Шөжебаев, ә? — деді генерал оның жүзіне үңіле қарап.

— Кездестік, жолдас генерал. Соғысқа кіретін күні кездестік.

— Бәсе. Мұртыңнан танып тұрмын.

Көжек жымиып, мұртын сипады, кенет саусағы отқа тигендей қолын жұлып алып, сіресіп тартыла қойды. Үлкен бастықтың алдын көп көрмеген Көжек тым сасулы еді,

— Сіз қысылмаңыз, — деді генерал. Қалтасынан папиросын алып Көжекке ұсынды, өзі де алды. — Генералдардың бәрі бірдей қаһарлы бола бермейді.

Көжек енді ғана сабасына түсті. «Мына кісінің алды кең екен, өзі де келбеті келген адам ғой» деп түйді. Генерал жаңбырлы аспанның астында қарауытып сұлық жатқан далаға көз жіберді. Ешқандай қимыл-тірлік белгісі сезілмейді. Тек талып жеткен мотор үнінен, еміс дыбыстан сонау жазық дала бетінен ісіктей қампия көтерілген дөңестің ар жағында дұшпан барын, тасада күш жинап тағы да бір ұмтылуға әзірленіп жатқанын таныды. Генералдың көзі тағы да Кежекке түсті. Соңыра қас дұшпан снарядымен жерді омырып, ажал сұсты қара болат танктерін алға салып, қаптай ұмтылғанда, төтеп беретін жауынгердің бірі ғой бұл да. Кішкене тұлғасынан шақар күш тауып, қарысып қарсы тұра ала ма, әлде жау селі қаһарлы екпінімен қайыстырып жібере ме мұны! Уақыт тығыз болса да, генерал осы солдатпен әңгімелескісі келді; өзі де ебелек қаққан сөзшең, сыршыл болар деп топшылады.

— Ал, жағдайың қалай, Шөжебаев жолдас?

Көжек жымиып, іле жауап қайырды:

— Жаман емес, жолдас генерал.

— Соғысқа дейін қайда істедің?

— Колхозда аға шопан болғанмын. Біздің колхозда қой коп, жолдас генерал. Бес отар малымыз болды. Ең үлкені менің отарым еді. Менің өзім жасымнан қой бақтым. Панферов көзін сығырайтып, Көжекке күлімдей қарады. Ол енді алғашқы қысылудан айығып, еліге сөйлеп барады.

— Ендеше малдың жайын біледі екенсің ғой, — деді Панферов жымия түсіп.

— О, білгенде қандай. Талай қатты қыстан жұтатпай алып шыққанмын. Тек қазір мал кәрі-құртаң шалдардың қолында қалды ғой, — деп Көжек күрсініп қойды. — Кәрі адамның көргені, білгені көп болғанмен, қайраты, дәрмені аз ғой, тегі.

— Елден хат келіп тұра ма, жағдайлары қалай екен?

— Хат келіп тұрады, жолдас генерал. Жағдайларымыз жақсы деген болады. Әй, қайдан жақсы болсын, ер азамат кеткесін оларға да қиын ғой, тегі.

— Иә, қиын екені рас, қазір жағдай солай. Бәрімізге де оңай емес қой, жолдас Шөжебаев,

— Әрине, кімге оңай болсын. Бірақ біздер әйтеуір салт басты, сабау қамшы дегендей... — Көжек аз мүдіріп қалды. Өзін көптен толқытып жүрген бір жағдайды осындай сәтте кезінде сұрап алғысы келді. — Жолдас генерал, сізден сұрайын деген бір нәрсем бар еді.

Көжек ыңғайсызданып езу тартты. Панферов ол не нәрсе дегендей қабағын көтерді. Көжек құпия сырласқысы келгендей ілгері ұмсынып, күбірлей сөйледі.

— Біздің жігіттер айтады, Москва жақын қалды дейді...

Көжек сөзінің ар жағын айтпай, генералдан жауап тосты. Панферов іле жауап қайырмай, ойлы, терең кескінмен Көжек жүзіне сынай қарады, «өзің қалай ойлайсың?» — деп тұрған түрі бар.

— Турасын айтқанда, оларға Москваны көру жоқ, — деді Панферов.

— Біз де солай ойлап ек, — деді Көжек ыржиып, желкесін қасып.

— Солай ойлағандарың өте жақсы, Шөжебаев жолдас, бірақ фашистерді Москваға өткізбейтін де біз екеніңізді естен шығармау керек.

— Тегі солай ғой. Бірақ бізге былай... көмек келетін шығар.

— Сол көмекті сұрамасақ қайтеді, ә? — деді Панферов жымиып.

— Тегі солай ғой. Бірақ... аналардың күші басым болып тұр ғой.

— Тоқтатуын біз тоқтатуымыз керек. Ал қайта қууға келгенде бізге көмек береді. Үлкен көмек береді. Сонда біздің күш басым болады. Соғыстың тәсілі солай, жолдас Шөжебаев.

— Әрине, тегі, солай ғой, — деді Көжек.

— Шамасы қиындау соққан-ау өзіңе, — деп генерал күле түсті де, қайтадан байсалды қалпына енді. — Әрине, қиын екені де рас. Оңай сапар емесін елден шыққанда-ақ білген шығарсың. Ал бізге бұдан да ауыр соғатын кезі болады. Жаралы, ызалы жыртқыштың соңғы күшін жиып атылатын шағы болады. — Панферов өңі суып, жігерлене түсті. — Ол әлі алда. Біз соған дайындалуымыз керек. Жау күші басым деп мойымай, қайратымызды шыңдасақ... төтеп береміз. Ал содан кейін дұшпанды қуатын да біз боламыз. Ертеңгіні де ұмытпау керек, Шөжебаев жолдас. — Көжек бас изеді. Панферовтың көзіне ойнақы ұшқын ұялады, — Сен генералдан сұрайсың, жауды қашан тоқтатамыз деп. Ал менің соны сенен сұрағым келіп еді. Солдат болмаса, генералдың өз басы не бітіреді.

— Жоға, — деп Көжек ыржиып күлді. — Қолбасысыз болмайды ғой тегі. Жақсы командирсіз жауды жеңу қиын.

— Жақсы командирге жақсы солдат керек. Гәп сонда, Шөжебаев жолдас. Ал жауды жеңу жағын бірігіп ойлауымыз керек. Ақыл көпте деген емес пе?!

Генерал Көжекпен едәуір сөйлесті. Әңгіменің аяғында Көжектің әйелі, баласы барын білді.

— Әйеліңіз сағынбай ма? — деді Панферов сөзінің аяғын қалжыңға айналдырып. Көжек іле жауап бере алмай, желкесін қаси берді. Ыржиып күлді. — Менің де әйелім бар. Сағындым деп жазыпты. Мауқы басылмаған жас емес, сонда да сағынады, ә?

Панферов күліп жіберді, ілесе Көжек те күлді.

— Ал әйеліңе, балаңа менен сәлем айт және хатты жиі жазып тұр, — деді генерал Көжектің қолын алып.

— Айтамын, жолдас генерал, — деді Көжек жүзі жайнап.

— Ал жолыққанша сау болыңыз, Шөжебаев жолдас. Тағы да кездесеміз ғой.

Ержан мен Уәли ентіге басып, генералдың алдына кеп тоқтай қалды.

— Взвод командирі лейтенант Қайсаров.

— Аға лейтенант Молдабаев.

Панферов Уәлиді бірден таныды. Ол соғысқа алғашқы кірген күні өзінің жанында байланыс офицері болған лейтенант. Ал взвод командирі бұрын да бірді-екілі көрген офицері сияқты, бірақ есіне анық түсе қоймады. Өңін жел қағып, қарауытқанмен, тым жастығы көрініп-ақ тұр. Жас командирлердің алғашқы көзге аңғарылатын екі түрі болатын. Бірі айрықша пысық келеді. Киімді де ерекше сәнмен киеді. Бар қимылы лыпылдап, өкшесін изеп барып сарт соғып, қолын жұлып алып, шекесіне жып еткізе көтереді, үлкен алдында бой түзегенде де, ішін тартып, ұшып кетердей боп тұрады. Ондайлар ауыздан шыққан сөзді қағып алып, заматында жауабын да сарт еткізеді. Енді бірі байсалды, жайлау келеді. Әскери дағдыға әбден ысылып болмаған қимылынан, биден жаңылғандай, ебедейсіздік сезіліп қала береді. Ондайлар жауапты да бірден қайырмайды бірақ ойланып қайырады. Генералдың жіті көзі алғашқы қимылынан-ақ Ержанды осы соңғы топқа жатқызды.

— Ну что ж, бекінісіңді көрсет, жолдас лейтенант, — деді генерал.

Генерал кеткесін, Көжек ойын толқытқан бір сезімді қалай сыртқа шығарудың ретін таба алмай, өзінен өзі күле берді. Бірде балаша жайнаңдап мәз болса, бірде көкірегін мақтаныш кернеп, қабағын түкситіп, томсырайып, байсалдана қалады. Көжектің қасына Қартбай, оған ілесе Бөрібай келді. Бөрібай Көжекті аса үлкен құпия сырдың иесіндей көріп, құрметпен ынтыға қарайды.

— Біз жаңа батып келе алмадық, генерал сенімен көп сөйлесті ғой. Не дейді? Бізді тылға шығарып, демалыс бере ме екен?

— Кавказға курортқа жіберетін көрінеді, — деп Қартбай Бөрібайға кейіп тастады. — Онан да Москваға жақындап келеміз, мына немістерді қашан тоқтатады екеміз, сол жағын сұрадың ба, соны айтшы.

Кежек ентелеген екі жолдасына қапелімде не деп жауап берерін білмей, мүдіріп қалды.

— Немісті дейсің бе?.. Ие, ие... Сұрадым. Тіпті жуырда тоқтатамыз деді. Айтпақшы тоқтатамыз деген жоқ-ау, қайтадан қуамыз деді. Әзі де білетін кісі екен.

— Е, білмесе генерал бола ма? — деп Бөрібай сөзге қыстырылды.

— Қалай, кейінде күш көп пе екен? — деп сұрады Қартбай.

— Күш дегенің сұмдық көрінеді. — Көжек сәл ойланып қалды. — Бірақ Берлинге баратын мықты сендердің өздеріңсіңдер деді.

— Бізге сенеді екен ғой.

— Әрине.

— Күлкілеріңе қарағанда, Көжек, сен өзің генералмен біраз қалжыңдасып алдың ғой деймін, — деді Бөрібай.

— Ұлық болсаң кішік бол деген емес пе! Үй-ішімнің жағдайын сұрап, Балқия мен Еркінжаныма сәлем айтты. — Көжек тамсанып қойды. — Шіркін, біздің ауданның бастықтары неге осындай болмайды екен.

Генерал Панферов взводтың бекінісін түгел аралап шықты. Әрбір жауынгердің атыс ұясын, пулемет орындарын қадағалап өзі тексерді. Бір жерде атыс ұясынан еңкейе сығалап көрді де, жаратпаған пішінмен: «Бұл неге тайыз?» — деп артына бұрылды. «Бұл менің орным еді, жолдас генерал», — деп Бөрібай жауап берді. Жауынгердің бәкене шымыр тұлғасын қысқа шолып өтті де, генерал мырс етті. «Олай болса ғафу ет. Бойына қарай шекпені».

Алғы шепке Мұрат келді. Панферов үш командирді оқшаулап алып, болашақ операцияның жағдайын кеңесті. Дивизия ауыр ұрыстармен шегініп келе жатты да, кешеден бері осы араға табан тіреді. Дивизияның орта шеніне орналасқан Мұрат батальонының алдындағы биік дөңес жаудың қолында қалды. Мұраттың ойы сол биікті алып, бекініс кіндігіне айналдырмақ-ты. Осы арада бекініс жасап тұрып қала алмаса да, ең болмағанда, біраз күн қорғаныс ұрысын жүргізу ойы бар-ды. Сол оймен картада 175 деген цифрмен белгіленген осы төбені, оның ар жаң баурайындағы Соколово деревнясын алуға Мұрат генералдан рұқсат сұраған. Шабуылды жеңілдететін бір жағдай — бүгін таңертең полктың Дулат бастаған барлаушыларының алып келген хабарына қарағанда, немістер жүйелі бекініс шебін жасамапты. Бірақ шабуылдың күдік туғызатын қиын да жағы бар. Генерал соны, әсіресе қадағалап тапсырды.

— Жау бекінісін бұзып өту аса қиындыққа түспейді. Ол үшін тек тез қимылдап, қапыда тию керек, — деді Панферов. — Ал ең қиыны ол маңда дұшпанның күші мол. Алғашқы үрейден айыққасын-ақ олар контратакаға шығады. Танктері де бар сияқты.

Генерал аз мүдіріп, командирлерін сынағандай, бағдарлай қарады. Бастық айтқан күдікке жауап іздегендей үш командир де үндемей тұр.

— Соколовоға бір кіріп алсақ, онда төзуге болар еді, — деді Мұрат.

— Естеріңде болатын нәрсе — төбенің басында сәл де болса аялдап, тартыншақтап қала көрмеңдер. Сол бір деммен Соколовоны да алыңдар. Оның арғы шетіне тырнақтарың іліксе, одан артың бекініс таба алмайсыңдар. Ең керегі шапшаңдық. — Ол Мұратқа бұрылды. — Қарауыңа берілген артиллерия бастықтарымен байланыстың ғой.

— Хабарластым, жолдас генерал.

Панферов Молдабаевқа бұрылды.

— Жаңылмасам, аға лейтенант, сіз полкта пэ-энша едіңіз ғой!

— Иә, жолдас генерал, — деп Уәли іле жауап берді. — Штаб бастығынан рұқсат алып, бүгінгі ұрыста Қайсаров взводында болмақшы едім.

— Өте жақсы, — деді генерал, — Лейтенантқа пайдаңыз тиер.

Панферов кетуге ыңғайланды да, аз ойланып тұрып, соңғы тапсырмасын айтты.

— Бұл операцияның тактикалық маңызы зор екені өздеріңе мәлім. Ал ең маңыздысы бұл операция біздің жауынгерлік рухымызға сын. Егер операция іске аспай қалса, осындай қиын кезеңде талай мойынға су құйылады. Сәтті тындырсаңдар, дивизияның жеңіске деген сенімін қанаттандырасыңдар. Игі талапқа батыл барыңдар, достарым, бәріміздің үміт көзіміз сендерде. — Ол үш офицердің әрқайсысымен қол алысып қоштасты. Ержанның қолын ала беріп оның жүзіне сәл көз тоқтатты, — Сіздің взводыңыз ударный топта той?

— Иә, жолдас генерал.

— Ұятқа қалдырмассыңдар деп сенем.

Ержан сымдай тартылып, қолын шекесіне қойды.

— Жоқ, жолдас генерал, ұятқа қалдырмаймыз.

Жас жігіттің сәл дірілі бар толқынды даусы — барын аямайтын дайындығын танытты. Генерал құптап бас изеді.

Соғысқа кіргелі шегінумен келе жатқан дивизияның нақтылы міндетпен қарсы шабуылға көшкені бірінші рет. Сондықтан да бұл түнгі атака жауынгерлерге де, командирлерге де алғашқы соғысқа кірген күнгідей қызу әсер етті. Батальон, полк, тіпті дивизия штабынан әртүрлі өкілдер қаптап кетті. Атака, тағдырын противогаз шешетіндей-ақ химия бөлім бастығы да ебелек қағады. Түн қараңғы. Бұлт торлаған қара қошқыл аспанның әр жерінен көмескі жұлдыз сығалайды. Жалғыздығынан ұялғандай ол да лезде бұлтқа тасаланады. Түнгі салқынмен жер тоңазып, қатып қалған. Әрлі-берлі жүрген солдат қадамынан дүңк-дүңк етеді.

Ержан взводына керек жабдығын әбден қамдап алды.

Енді Уәли екеуі өзге істер іс болмағасын окопты аралап жүр. Уәли көп сөйлеп, осындайда өз ойына тереңдей беретін жас жігіттің көңілін алаң етті. Оның көтеріңкі көңіл күйі Ержанға да ауысты.

— Меніңше біздер окопқа ең алдымен жетуіміз керек. Мұндайда саспай тез қимылдаған жөн. Өзі қалай, жігіттерің тартыншақ емес пе? — Уәли сабыр таппай Ержанның жүзіне тесіле қарады; бірақ лезде көзін тайдырып әкетті. — Өзіміз үлгі көрсетсек.

— Жігіттерге сенуге болады.

— Ендеше тіпті жақсы. Ал біз екеуміз тізе қосқанда, бүгінгі шабуылдың абыройын басқа біреу алып кетсе, тіпті ұят болар.

Уәлидің лапылдаған отты сөзі Ержанды да еліктіріп әкетті.

— Жоқ, біз артта қала қоймаспыз, — деді ол Уәлиді қостап.

Бұл екеуі окоп ішінде Кусковқа жолықты. Қараңғыда екі командирді жүзінен емес, тұлғасынан, қимылынан танын, Кусков қол алысып амандасты.

— Алғашқы шабуылмен құттықтаймын, жолдастар, — деді ол, күңгірт жүзінде сәл ағарып тісі көрінді. Күлімсіреп тұр.

— Иә, дивизияда аз да болса тұңғыш шабуыл жасау бақыты бізге тиді, — деді Уәли, — Жеңіске жетерміз деп сенем, политрук.

Кусков қараңғыда Уәлидің жүзін айқынырақ көргісі келіп үңіле қарап алды.

— Әзірге шабуыл емес, жай барлау десек. те болар. Бірақ бәрібір жеңу керек. Сіз осы взводта боласыз ғой, лейтенант?

Молдабаев бас изеді. Кусков Ержанға бұрылып, оның иығына қолын салды.

— Мен бүгінгі шабуылда сенімен. бірге болмақ едім. Сенің жігіттерің жақсы. Бірақ енді... лейтенант болса... менің керегім болмас. Фроловқа барайын, — Ол екі жігітке кезек қарап қош айтысты. — Ал Соколовода жолығамыз ғой.

Азғана артиллерия атысынан кейін взвод, роталар окоптан шығып, ілгері қарай беттеді. Ұзыннан ұзаққа созылған батальон шебі қараңғы түнге сүңгіп кетті. Алдыңғы жақта жау шебінде жарылған снарядтар тұтасқан түнекті боршалай жыртады.

Осы қара мақпал түн көрпесін жамылып жауынгерлер асыға басып ілгерілеп келеді. Дұшпан бұл артиллерия атысын атаканың бастамасы деп ойлаған жоқ, бірақ орыстардың біз білмейтін тағы бір тосын мінезі болар деп әдеттегісінше ракета да атпады. Ержанның взводы дұшпан шебіне елу метрдей жер қалғанда жатты. Осы рубежден комбаттың сигналы бойынша атакаға ұмтылмақ.

Взводтың орта шенін ала жатқан Ержанға, манадан одан қарасып жазбай келе жатқан Уәли келді. Көңілі алып-ұшып бара ма, әлде алқынын қалған ба, екі иінінен дем алады. Бұға еңбектеп келіп Ержанмен иін тіресе жатты.

— Қазір атыс басылады, тез атакаға көтерейік, — деді ол Ержанның құлағын ыстық демімен шарпып.

— Комбаттың сигналын күтейік.

— Алда боламыз деп ек қой... Жұрттан бұрын қимылдайық.

Уәли орнынан көтеріле беріп:

— Алға, алға! — деп шарылдаған ащы дауыспен айқай салды.

Жауынгерлер орындарынан көтеріліп ілгері жүгірді. Ержан да толқынға ілесіп алға қарай ұмтылды. Жаңа ғана тына қалған қара түнді залппен атылған мылтық даусы ұстарадай тіліп өтті. Он бес қадам жүгірмей жатып қардай бораған оқтан взводтың беті қайтып қалды. Жұрт жата бастады. Взводтың алдынан шыққан атыс екі жағына қанат жайып үдей түсті. Бірі шошыса, бәрі үрпиетін қоралы қойдай бүкіл неміс шебі дүрлікті. Ең қиыны енді басталды. Асығыс қимылдаған взвод атаканың жұбын бұзып, берекесін қашырғанын Ержан сезе қойды. Бірақ енді амал жоқ. Соңғы қайратын жиып, Ержан жауып тұрған оққа қарсы тағы ұмтылды. Осы кезде оң жақтан басталып бүкіл шепке тараған айбарлы «Ура!» құдіретті күшімен оның взводын да көтеріп әкетті. Ержан окопқа жете бере дүрліге қашқан немістерді байқап қалды. Бұрын жеткен жауынгерлер окопқа қарғып түсе бастады.

Ержанның ойына генералдың күндізгі айтқан сөзі сап етті.

— Тоқтамаңдар! Алға! Отан үшін алға!

Осы үннің демеуімен взвод төбенің басына көтеріліп қалды. Зеленин Ержанмен қатарласа беріп:

— Окопта да біраз неміс қалып қоймады ма екен? — деді.

— Ол чепуха! — деді Ержан, — Осы бетпен тарта бер.

Атака қызуы бойын кернеп кетсе де, Ержан алдыңғы жақты бағып келеді. Ұйлыға қашқан жаудың алды Соколовоға кірді. Деревняда да. үлкен әбігер басталды. Қапелімде тұтана алмай, үзіліп-үзіліп, булыға гүрілдеген машина даусы, арба салдыры, айқай-шу естіледі. Деревня шетін көмкерген қараңғыны желпіп от жалпылдады. Әр жерден жамырап автомат мылтық атылды. Бірақ екпіндеп келе жатқан батальон берекесіз, шашыранды оқтан қаймықпай, деревняға іркілместен кірді. Взвод деревняның шетіне шыға тоқтады. Ержан взводын қорғаныс шебіне орналастырып, жауынгерлерін түгендеуге кіріскенде, таң саз беріп қалған. Төрт жауынгер жоқ болып шықты. Екеуі жаралы болғанын жұрт көріпті, Қартбай мен Бондаренконың қандай халге ұшырағанын ешкім білмейді, Тек әйтеуір деревняға кіргенде бар екендері анықталды.

— Олар менің оң жағымда келе жатыр еді, — деді Земцов, оның аралығы жақын қабағы ылғи бүрісіп тұрғандықтан бір қарағанда ашулы адам сияқты көрінетін. — Оң жақтағы бір үйдің төбесінен мылтық атылды. Мен оған қайрылмай ілгері жүгіре бердім. Содан кейін оларды көрмедім. — Ол шүйіріңкі көзі жыпылықтап жан-жағына қарай берді. — Содан кейін көрмедім, — деді тағы да айыпты пішінмен. — Жазатайым... Мен іздеп келсем қайтеді?

— Кішкене сабыр етейік... Бірақ түбінде іздеу керек... — деді Ержан.

— Ось кажись наш взводный.

Ержан да, өзгелері де таныс дауысқа жалт қарады. Олар Бондаренко мен Қартбайды бірден таныды. Екеуі шамасы жаралы болу керек, бұлғаңдаған біреуді қолтықтап демеп келеді.

— Әнеки, солар, — деді қуанып кеткен Земцов. — Жаралы біреуді әкеле жатыр.

— Жаралыны мұнда неге әкеледі?! — ден таңданды Зеленин.

Бірақ осы сәтте жұрт істің жайын түсіне қойды. Екі жауынгердің әкеле жатқаны тұтқын екен.

— Мынау құзғын офицер ғой! — деп дауыстап жіберді Зеленин олар жақындай бергенде.

Топтың қасына келгенсін Бондаренко былғаңдаған немісті Қартбайдың иығына сүйей салды да, бойын түзеп:

— Тұтқын әкелдік, жолдас лейтенант, — деп баяндады. Содан кейін денесін босатып, жеңімен маңдайын сүртті. — Фу, шаршатты-ау оңбаған.

Қатты риза болып кеткен Ержан алғыс айтуды да ұмытып:

— Мұны қайдан іліктірдіңдер? — деп сұрады.

Бондаренконың өзі де мұндай үлкен оқиғаны ішіне сыйғыза алмай келе жатқан болу керек, бірден шешіліп сөйлеп кетті.

— Көшені бойлап жүгіріп келе жатыр ек, үйдің төбесінен бір фриц оқты жаудырып қоя бергені. Мен жалма-жан үйдің іргесіне жабыса қалдым. Қартбай да сонда тоқтапты, фриц атуын тоқтатар емес. Екінші взводтың бір топ жауынгерлері де ұйлығып оқ астында қалды. Қартбай айтты «мынаның көзін құртайық» деді. Содан екеуміз, үйге жалғас кішкене сарай бар екен, сол арқылы төбеге шықтық. Төбеге шықсақ бір фриц көшеге қарап атып жатыр. Қартбай екеуміз желкесінен жетіп келсек те қайрылар емес. «Курт, патрон!» деп айқайлайды. Бірақ әлденені сезді ме, бізге жалт қарады да шошып кетті. «Майн гот!» дейді. Қартбай «мә саған майн гот!» деп өңменнен мылтықтың дүмімен періп жіберді. Өзі нәзік неме екен талып түсті. Қартбай енді шекеден соғайын деп жатқанда қолын тоқтата қойдым. Өзінің тегін фриц емес екенін ішім сезген шығар деймін. Басын көтеріп, үңіліп қарасам солардың командирі сияқты. Сосын мен айттым. «Тоқта, Қартбай, бұл важный фашист, мұны лейтенантқа апарамыз» дедім. Содан басын көтере алмағасын, әлпештеп арқалап келе жатыр едім. Бірақ та есін жиып иығымнан тістеп алғаны оңбағанның. Сыйлағанды біле ме, бұлар. Тісі удай екен, бақырып жібергенім. Содан Қартбай мұны иығымнан жұлып алып, лақтырып жіберді. Жан тапсыра жаздағаны сөйтіп.

Бондаренконың әңгімесінің тұсында, тұтқын әлі кіріп, бойын түзеп алды. Әңгіменің өзі туралы екенін танып және ол әңгіме өзінің абыройын көтермейтінін сезіп, қалған намысын бергісі келмей кекшие түсті.

Ержан елең-алаңда анық ажырата алмай, немістің погонына үңіле қарады. Кенет өңі жайнап кетті.

— Майор екен!

Жұрттың бәрі қуана таңданысты. Неміс жұрттың өз атағын танығанын сезіп маңғаздана түсті.

— Рас па, жолдас лейтенант! — деді Бондаренко көзі адырайып.

— Әрине, рас, — деп Зеленин жауап берді.

Бондаренко қуақы көзі күлімдеп Қартбайға қарады.

— Шишка, — деді ол масаттанып. — Айтпап па едім, важный фашист.

Кенет орыс тілін бүлдіріп, күрмелген тілін созғысы келгендей, қолын ербеңдетіп, тұтқын сөйлеп кетті.

— Их... я... отпусти. Я Маскау придет, фас жалет будет... Убибат не будет.

— Молчать! — деп айқайлап жіберді Ержан.

Неміс шошып кетіп, сірейіп тартыла қалды. Жауынгерлер де ашуға булығып сіресіп тұр. Тына қалған тыныштықты Земцов бұзды.

— Тым арсыз екенсің, құзғын, — деді ол немістің бетіне түйіле қарап.

— Иттердің пиғылын қарай гөр! — деді манадан үнсіз тұрған Қартбай.

Талдырмаш денелі, жылы жүзді Зеленин сазарып, темірдей қатайып алған. Жерді ойып жіберердей нық басып, тұтқынның қасына таяп келді де, басын шалқақ көтеріп, көзімен алып тістене сөйледі.

— Есіңде болсын, құзғын. Мы вышибем из вашей дурной башки этот бред. Как пить дать.

— Жаздым, жаңылдым дегеніңе қарамаспыз, — деді Қартбай шамырқанып.

— Қазір-ақ желігі басылады, — деді Ержан. Ол Қартбай мен Бондаренкоға бұрылды, — Рақмет, сіздерге. Үлкен іс істедіңіздер. Арыстановқа өздерің апарып тапсырыңдар.

Бондаренко винтовкасын кезеп, тұтқынға бұрылды.

— А ну марш. Енді арқалар жайым жоқ. Өзің-ақ дедектерсің. Қартбайдың жұмырығын таныдың ғой. — Ол қолымен Қартбайды нұсқап көрсетіп, жұдырығын түйді.

Жұрт ду күлді.

Ержан Зеленин екеуі взводты жайғастырып, деревняның шетіндегі жалғыз тас үйді команда пунктіне айналдырды. Тыным алып темекі тартып отырғанда Зеленин:

— Осы біздің лейтенантымыз қайда? Қайтып кетті ме? — деді.

— Жоқ, айтпақшы ол қайда? — деді Ержан. — Тіпті ұмытып та кетіппін-ау, — деп өкінді ол. — Мана алғашқы атакаға көтерген сол болатын. Содан кейін соғыс алаңымен көз жазып қалдым. Сау болса игі еді.

— Кім біліпті, соғыс қой.

Ержан шынында да қатты абыржыды. Ұрысқа өзімен бірге кірген жолдасына көз қырын салмағаны былай тұрсын, тіпті оның тағдырын да ұмытып кеткеніне назаланды. Ол тез Зеленинге бұрылды:

— Іздеуге кісі жібер. Біздің келген жолымызбен іздесін. Санвзводтан да сұрасын, жараланбады ма екен?

— Мақұл, — деді Зеленин.

Екеуі сыртқа шықты. Осы кезде бұлардың үстінен зуылдап ұшып, деревня ортасына барып екі-үш снаряд қатар жарылды. Тағы да үдей зуылдаған снаряд үніне кулак, түріп, Зеленин:

— Немістер тынышталар емес-ау, — деді.

— Иә, иә. Бірақ сен тез кісі жібер. — Алға үңіле қарап тұрған Ержан кілт тоқтай қалды. — Немістер Шабуылға шықты. Ах, сайтан-ай! По местам!

Жоғалып кеткен Уәли түс қайта өзі келді. Дұшпанның танк қатысқан екінші атакасы тойтарылғаннан кейін Ержан «неше өлермен болсаң да, бүгінге тынышталған шығарсың» деген оймен баяғы кірпіш үйдің подвалына қайтып келген. Бұл үйдің снарядтан әбден сілімтігі шыққан, тіпті подвалдың да бір мүйісі опырылған. Уәли келгенде Ержан мен Зеленин батальон кухнясынан тамақ әкелуге кеткен Бөрібайды күтіп, қисайып темекі тартып жатқан. Уәли үйге дабырлай кірді.

— О, батырлар, мында екенсіңдер ғой. Сендерді іздеп табанымнан сарсылдым ғой.

Ержан басын көтеріп алды.

— Ау тірімісің, аман сау бармысың? — Ол қуанғанынан өзге сөз таппай, Уәлиге қарап ыржия берді, — Біз сені жоғалтып алдық қой.

— Мені тіпті өлдіге санап қойғансыңдар ма сендер? — деді Уәли бетінде күлкі жылтырап. — Жоқ, әзір тірімін. Немістерді қырып болғаным жоқ. Сендер тіпті үйге қара қағаз жіберіп масқара қылған жоқсыңдар ма?!

Уәли қиқылдап күлді. Соғыс қызуы басылмаса керек, ол сұр жүзі күреңітіп, кішкене көзі жылтырап, лыпылдап тұр.

— Қағаз жібере қойған жоқпыз. Бірақ енді жіберейік деп жатыр едік, — деп Ержан қалжыңға орай жауап қайырды. — Шынында да біз сені көп уайымдадық. Іздейік деп едік шабуыл басталып кеткені. Қайда болдың?

— Ой, менің болған жерімді сұрама. Сендерден адасып қалып, көмегім басқаларға тиді. — Уәли беліндегі киіз қаптаған құтысын босатып алып, шайқап-шайқап қойды. — Трофей. Кел, жаудан түсірген олжамнан ауыз ти.

Қорқатын еш нәрсесі жоқ, сыннан өткен.

Аш өзекке ішкен арақ қанға дарып, сүйекті бусандырды. Бірте-бірте қара көлеңке, ұсқынсыз лас подвалдың ішіне өң кіріп, көңілге белгісіз бір үміт, қуаныш ене бастады. Ержанға Зеленин де, Уәли де ыстық тартып барады. Уәлидің сөз екпіні бұрынғыдан да үдей түсті.

— Мен ұрыс арасында есебін тауып штабқа да барып қайттым, деді ол. — Майор Купциановпен әңгімелестім. Көп нәрселер айтты. Ол екеуміз сырласпыз ғой. Командирлер біздің бүгінгі қимылымызға қатты риза болып жатыр екен. Купциановқа біздің взводтың деревняға алдымен кіргенін, атакаға да бұрын көтерілгенін айттым. Ержан сені Купцианов қатты мақтады.

Соғысқа кіргелі ерлік, батырлық көрсетем деген ойды Ержан ұмыта бастаған. Оның қиялындағы қанды қырғын соғыс өзі қатысып жүрген ұрыстардан әлдеқайда қиын да, ерлер мұның тура әкесіндей көрінетін. Бір кезде өзі қиялдаған тамаша ерліктерін іске асыра алмағанына өкінетін. Әсіресе соңғы кезде өзгелерден кем жатқанын сезіп, өзін қамшылай беретін. Өз көңілін босқа алдарқатпайтын жас жігіттің шын сыры осы еді. Енді байқаса, өзі көзге көрініп, атаққа ілініп қалған сияқты. Ой түкпірінде бұған біраз шәгі болса да Уәлидің сөзіне сене бергісі келеді. Ондай жақсы жігіт бекер айтпайды ғой. Зеленин орнынан тұрып, сыртқа беттеді. Осындай жайлы орыннан, жақсы компаниядан Зелениннің кеткенін ұнатпай Ержан:

— Сен қайда кеттің? — деді.

— Жігіттерге барып келейін.

Зелениннің түріне қарап, «ұнатпай кетті ме, қалай?» — деп Ержан қынжылып қалды. Қызып алған Уәли әңгімені қыз жағына аударды.

— Соғыстан орден тағып, аман қайтсақ талай нәркес көздердің басын айналдырамыз ғой. Сен сияқты жап-жас орденді командирге қандай қыз қызықпайды!

— Қайдағы орден? — деді Ержан.

— Ден сау болса, орден болады ғой. Ал бірақ соғыста да батырлар қарап жүрмеуі керек. Менің санвзводта бір қызым бар. Сол арқылы сені де бір қызбен таныстырайын, — деді Уәли жымыңдап.

Ержанның құлағы елең ете қалды.

— Ол кім?

— Сен оны білетін шығарсың Раушан дейтін қыз. Өзі былай тәп-тәуір. Саған да бір сұлуды тауып берейін. Неге үндемейсің!

Төмен қарап отырған Ержан басын көтерместен:

— Жоқ, маған керегі жоқ, — деді.

Уәли Ержанның терісіне әзер сыйып, бірақ сабыр тұтып отырғанын танымай, өз сөзінің екпінімен кете берді.

— Соғыста жүрген адамдармыз. Бүгін бар, ертең жоқ. Өмірдің қызығын көріп қалу керек. Мұндағыларды бәрібір әйел етіп алмайсың.

Ержанның адал асына ит тигендей болды. Бірақ айыпты Раушанның өзі емес пе? Сырты қызарып албырап тұрған алманың іші құрт болғаны ма? Ауыр ойға булыққан Ержанға Уәли сөзінің ызыңы ғана жетеді. Өз ойымен әлек болып, оның сөзін бөлмеді.

— Елге аман-есен барсақ, менің бір сұлу қарындасым бар, биыл институтқа түсті, өзіңді соған үйлендірем.

— Үйленбеймін, — деді Ержан, әлденеден түңілгендей.

— Міне, қызық, Сенің өзің монах болғың келеді ғой деймін. Әрине, жалпы асықпағаның жөн. Атақ-абыройың болса, қай қыз сенен қашады дейсің. — Уәли енді қысыр қалжыңды қойып байсалды сөзге көшті. — Ержан, сенімен ақылдасайын деген шаруам бар еді.

Өзі тойтарудың есебін таба алмай отырғанда, мына ұнамсыз әңгіменің тез біткеніне бойы жеңілдеп, Ержан іле жауап қайырды.

— Иә, айтыңыз.

— Қазақтың ат төбеліндей оқыған жігіттері бір-бірімізге қамқор болуымыз керек қой. Біріміздің абыройымызды біріміз арттыра жүргеніміз жақсы. Мана мен де Купциановпен сөйлескенде, сенің мақтауыңды келістірдім. Шамасы орденге ұсынатын түрі бар сияқты. — Уәли күбірлей сөйледі. Даусы барған сайын бәсеңдеп, ұрланып ішке кіріп барады. Жүгіріп тұратын кішкене көзі де бұл жолы дәйек тұтып, Ержанға көбірек қадалады. — Әйтеуір, мен қолымнан келген жақсылығымды сенен аяп жатқаным жоқ. Сенен бір өтінішім, бүгінгі менің істеген ерліктерімді реті келгенде ана Арыстановтың, полк командирінің құлағына сал. Осында дивизия газетінің тілшісі келеді, соған да айтарсың. Сосын Купциановтың атына осы ерліктерімді суреттеп, қағаз жазып, қол қойып бере салшы.

Ержан Уәлидің сөзіне құлақ асса да ойы Раушанда отырған. Бірде Раушанды айыптаса, бірде сол адал, пәк жанды мына отырған қара сұр жігіт арамға, ласқа итермелеген сияқты көрінді. Енді бақса, бұл жігіт, өзін де сондай бір лас, жиіркенішті іске бастап барады. Оның бетіндегі емексіген жылымшы күлкісіне, жылтыраған кішкене көзіне қарап, тұла бойы тыжырынып қалды.

— Жобасын мен жазып едім, — Уәли қалтасынан бүктеулі қағаз алды. — Сен тек өз қолыңмен көшіріп, қол қоя сал.

Ержан түсіне қойды. «Бізді отқа итере салып, өзің осыны жазуға зытқан екенсің ғой». Уәлидің қолынан алған қағазын ұсақтап жырта берді.

— Мұның қалай? — деді Уәли, жылан шағып алғандай.

Ержан ашуға булығып дірілдеп кетті.

— Жоғал!

— Мұның қалай?

— Солай!

— Әй, сен өзі көзіңді ашып қара! — Уәли кенет ашуға мініп, көкпеңбек болып дірілдеп кетті. — Әкеңді танытармын мен сенің.

— Аман-есеніңде кет!

— Немене, ұрасың ба! — деп шап ете қалды Уәли.

— Ұрып та жіберем.

— Ал, ендеше, ұр, ұршы кәне! — деп Уәли бетін тоса қойды.

Ержан қолындағы умаждап тұрған қағаз жыртындысын Уәлидің бетіне шашып жіберді,

— Атағы үлкен командирге қол жұмсадың! Әкеңді танытармын! — деп бажылдап, Уәли үйден шыға жөнелді.

Ержан әлі де біраз уақыт ашуын баса алмай, тістеніп үйді кезіп жүрді.

— Рұқсат па, жолдас лейтенант? — деп есіктен Қартбай сығалады. — Патрон алайын деп едім.

Қартбай ішке кіргесін, патрон салған жәшіктерді ұнатпаған базаршыдай, әрлі-берлі қозғап-қозғап, тез кете қоймады. Содан кейін темекі тартуға рұқсат сұрады.

Темекіні сора түсіп Ержанға көзінің астымен қарап қояды.

— Сіз ашулы сияқтысыз ғой, жолдас лейтенант, — деді ол бір кезде.

— Жәй, әшейін, — деді Ержан, сыр алдырғысы келмей.

— Шамасы, әлгі Уәлимен керісіп қалғансыз-ау, — ден болмады Қартбай. — Әлгінде есік алдында дауыстарыңызды естідім де, батып кіре алмадым. Тегі ондай адамнан бойды аулақ ұстаған жақсы. Өзі бір жымысқы жігіт.

Ержан командирлердің арасына түскені үшін тойтарып тастайын деп жалт қарап еді, бірақ Қартбайдың жүзіндегі шын жанашырлық мейірін көріп, үндемеді.

9

Мұрат кішкене далаңның орманға тірелген жерінде тамақ ішіп отыр. Сыртының қара қошқыл сыры шатынап түсе бастаған сопақ котелоктан танауды қытықтап майлы сорпаның буы бұрқырайды. Маштай көзі адырайып, орынсыз ебелек қағып оған бірде нан, бірде тураған колбаса ұсынады. Қолынан гөрі аузы көбірек қимылдап, тілін тістей салпылдап сөйлеп отыр.

— Қарныңыз асқан сығар, золдас комбат. Мына біреу өзі майлы колбаса екен. Досевскийдің арбасын тінтіп зүріп тауып алдым. Өзі бір оңбаған қу сайтан. Қолымнан сап беріп ұстай алып еді, көнейін бе! Өзім зейді дейсің бе, комбатқа апарам, дегенде зым болғаны. «Өзім де сол кісіге сақтап едім» дейді, зүзі занбайды.

Маштайдың Дошевскиймен ылғи ұстасып жүретінін, ананың комбатқа өзі әкелгісі келген «дәмдісін» бұрынырақ қағып кететінін, сөйтіп Маштайдың Дошевскийді комбат ықыласынан ылғи кенде қалдырып жүретінін Мұрат байқаушы еді. Енді мына Маштай сөзінен Дошевскийдің қолындағы көзірінен айрылып қалғанда дызалақтап, күйіп-піскен кейпін көзіне елестетті. Мырс етіп күлемін деп шашалып қалды.

— Оның айтқаны рас шығар, — деді ол жұтынып.

— Мұқа, ол не дегеніңіз. (Комбат көңілді болса, ол «Мұқа» деп еркіндеу сөйлейтін). Ол ылғи өтірік залбақтайды.

— Иә, ондайы бар.

Маштай әлденеден секем алғандай, комбаттың қолындағы колбасаға көз қырын салып қойды.

— Мұқа, осы колбаса тым семіз екен... Осының өзі ненің майы?

— Шошқаның майы ғой.

— Ойнап айтатын сығарсыз.

Маштай сенер-сенбесін білмей, колбасаға үрпие қарады. Содан кейін өз қылығын оғаш көріп, еріксіз езу тартты.

Дедектей басып аға адъютант келе жатыр. Жақындағанда тіпті шақырақтай жүгірді. Мұрат котелоктан басын көтеріп, оның ықшам шымыр тұлғасын қысқа шолып өтті де, күлкі ұшқыны шашырап кеткелі тұрған кішкене бұжыр жүзіне көз тоқтатты. Ол әдетінше иек астынан тіреу қойғандай, басын бұра, шалқайта ұстап тұр. Мұрат та оған жымия қарады.

— Билеңіз, жолдас капитан!

Аға адъютант бір орында тұра алмай тықыршып, артына жасырған қолын әрең ұстап тұр. Мұраттың жүзі жайнап сала берді.

— Музыка жоқ қой.

Мұрат жүзіндегі қуанышты көріп, оның өзінен бетер қуанған адъютант, шыдай алмай бара жатса да, бұлдана түсті.

— Жоқ, оңай құтыла алмайсыз. — Бірақ бұдан әрі тежеуге өзінің де демі жетпей, жып еткізіп хатты ұсына берді.

Хат сыртына үңілген Мұраттың жүзін бір сәтке кірбең шалып өтті. Бірақ ол лезде жадырап, конверт шетін асыға жыртты.

Көк конверт ішінен шыға келген кішкене парақ қағаз сонау артта қалған өмірдің көзіндей жалт етті. От басы, үй ішінің жылылығын әкелгендей, ыстық тартып та кетті. Хат басындағы жаттанды аманшылықтан болса да Шернияздың денсаулығын естіп қуанып қалып еді, бірақ хат ортасына бармай жатып, жүзін көлеңке шалды, тіпті түнере де берді. Комбаттың ыңғайын баққан аға адъютанттың да манадан бері бетінде жылтырап тұрған күлкісі сөніп қалды; ол енді қуанышқа ортақ бола алмайтынын сезіп, жылыстап тайып тұрды. Маштай да қапшығын буып-түйіп обоз жаққа кетті.

Хат Хадишадан келген. Үйреншікті амандықтан кейін-ақ, әйелі күйлерінің нашарлығын айтып зарлана бастапты. Базар қымбатшылық, аттестатпен алатын ақшамыз жетпейді. Бізге қосымша паек бермейді. Шернияздың да үсті тозды, жүдеу депті. Осы арада Мұрат жүрегі қысылып, алқынып қалды. Қызметтен қайтқанда томпаңдаған алты жасар баласы жүгіріп келіп, мойнына асылушы еді. Мойнынан құшақтап: «Папа, шоколад әкелдің бе?» — деп, үйреншікті дағдысымен әкесінің қалтасына қолын салатын. Иә, иә... жағдай қиын. Жау Москваға жақындап келеді. Кімге оңай дейсің. Мұрат тітіркеніп қойды. Домалақ сергек қимылды кішкене Шерниязын «шиыршық» атаған. «Өзінің қарқыны күшті, ылғи шиыршық атып тұрады, шиыршық» деп күлетін. «Жүдеу дейді. Иә... иә... Тиісті орындарға хат жазып жіберу керек. Көмек етсін».

Мұрат хатқа қайта үңілді. Енді ой тоқтатарлық ешнәрсе таба алмай жүгірте оқыды. Әйелі күйеуін кіналай жазыпты. Тиісті орындарға арыз-хат жазған, таныстарына қолқа айтқан әскердегі кейбір күйеулерді үлгі етіп, тура айтпаса да, Мұраттың үй ішіне, әсіресе бір жанды жері баласына жаны ашымайтынын аңғартқан. Мұрат тіксініп қалды. Қанды майданның ызғарын жібітерлік жылы еш нәрсе жоқ екен бұл хатта. Біраз жыл бір ұяда өмір сүрген ерлі-зайыпты адамның сағынышы болсайшы ең болмаса. Бұл қайратты ер жүрек кәдімгі жанашырлық, жылы мейірімге де құштар еді.

Мұрат өзінің семьялық өмірін «сәтсіз», «бақытсыз» деп атап көрген жоқ-ты. Бірақ ерлі-зайыптылардың арасының қиюы қашты да, келісімі, жарастығы болмады. Хадишамен екеуінің арасындағы суынысудың қай мезгілде басталғаны да Мұраттың есінде жоқ. Шамасы, қабақ шытыс, ұсақ қақтығыстар ертерек басталса керек. Бірақ Мұрат ондай нәрсені кек тұта қоймайтын. Елемеді. Екеуінің арасындағы алғашқы елеулі ренжісі үйленгеннен екі-үш жылдан кейін басталды.

Мұрат әскерде төрт жыл қызмет етіп, командирлік атақ алған-ды. Содан кейін военкомат қызметіне ауыстырылды. Алматыға келіп орналасты. Басында біраз жыл шетте жүріп, елді сағынып, бұл қызметке шын ризалығымен келіп еді. Бірақ бірер жыл тұрып, мауқы басылғаннан кейін, военкоматтың қалпынан аумайтын бір сарынды қызметі, күнде белгілі бір мезгілде келіп отыратын үйреншікті столы мен жазатын үйреншікті қағаздардан әбден зерігіп, бойындағы жастық қайратын мол жұмсай алатын әбігерлі жұмысты аңсады. Бұрын өзі көрмеген тосын жерлерге барғысы келіп, алыс шекараларға ең болмаса әскери бөлімдерге жіберуді өтініп, военкомға рапорт жазды. Өзінің осы әрекетін Хадишаға келіп айтты.

Өз ойына елігіп қызына сөйлеген Мұрат алғашқыда өз сөзінің Хадишаға қалай әсер еткенін аңғармай қалды. Бастапқы қарқынмен ойын дамыта берді.

— Сонау алысырақ шекараға жіберсе, тіпті жақсы болар еді. Ондағы өмір қызық қой...

Хадишаның түнере қалғанын оқыс байқап, іркіліп қалды.

— Хадиша, саған не болған?

— Шекараңа өзің барарсың!

— Үй-ішін әкетуге рұқсат етеді ғой.

— Жоқ, мен ешқайда да бармаймын. Жолың ашық!

Мұрат аң-таң дағдарып далды. Әйелі мұның ой-арманына, үмітіне ортақ болады дегенге ол шәк келтірмейтін. Мінекей күтпеген жерден басқа жағынан келіп шықты. Енді аңғарса әйелінің беті безеріп, қатып қалған екен. Сөзі емес, осы қатал, долы түрінен шошынды. Махаббат пен жақындықтың ізі де қалмапты. Әйелінің бұл мінезі аяулы, көрікті гүл деп, алақанына салып мәпелегені кенет ащы тікенегімен қарып алғандай көрінді. Мұрат тіл қатпастан түнерген қалпы үйден шығып кетті.

Келесі күні Мұратты военком шақырды. Ол өзі ұзақ жылдар военкоматта істеп келе жатқан, асықпайтын, саспайтын, әсіресе ақыл айтуға жаны құмар адам еді. Хадиша бұған келіп күйеуімді ешқайда жібермесеңіз деп арыз айтқан екен. Өзі де Мұратты қолынан шығарғысы келмеген военкомға әйел сөзі өте дұрыс көрініпті. Ол совет семьясының татулығы жайында, ерлі-зайыптылар арасындағы ынтымақ жайында, олардың бір-бірімен ақылдасып тұруы мақұл екені жайында ұзақ ақыл айтты. Содан кейін «командир атаулы шекараға, әскер бөлімдеріне кетсе, мұндағы жұмысты кім атқарады» деп Мұратты ұялта келіп, военкомат қызметінің маңызынан да біраз мәліметтер беріп өтті.

Сөз саптауынан-ақ бұл уағыздың немен тынатынын сезген Мұрат оның мазмұнына ой жүгіртпей, военкомның таусылмас арқандай шұбатылған сөзінің аяғын бір-ақ тосып алды. Бастық ақылын сұлық қана құп алып, шығып кетті.

Осыдан кейін-ақ әйелімен екеуінің арасында ілік-шалыс айқындала түсті. Біріне ұнағаны біріне ұнамады да, бірінің қуанғанына бірі қуанбады. Әйелінің барлық орынсыз көрінген қылықтары енді Мұрат көңілінде қабаттасып жинала берді.

Көктемнің бір жақсы күні Мұрат әйелін ертіп, жолдастарымен бірге тауға серуенге барды. Компания өте көңілді болды. Көктем күнінің жан рақатын себелеп, бойды ұйытып, көңілді еліктіре түсетін шапағатты шұғыласы, тау қойнауының қою құнарлы ауасы, шарап қызуы жұрттың бәрін алаңсыз қуанышқа бөледі. Жас офицерлер мен балғын келіншектер өрге қарсы жүгіріп ағашқа өрмелеп, ылдиға қарай құлдырап, асыр салысты. Ұшқын шашқан шадыман күлкі үзілмеді. Тіпті байсалды, ақылды военкомның өзі де шыдай алмай, бір рет ағашқа өрмелей жөнелді. Аздан кейін қызыққа еліккен жұрт аспанға тік көтерілген найзадай сүйір шоқыға өрмеледі. Басында шоқыға бәрі бірдей шықпақ болып ұмтылысып еді, бірақ азғана тырмысып барғаннан кейін кебінің басы айналып, жүректері дауаламады. Командирлер арасында альпинизм өнерінің жеткілікті қолға алынбағанын, мұның өзі үлкен кемшілік екенін айтып, военком да жарым жолдан қалып қойды. Қоңыр, қолаң шашты, жаудыраған бота көзді Лида дейтін қыз жұрттың бәрінен мықты болды. Қалыңға кірген түлкідей, тау бауырындағы ағаш арасына сүңгіп кетеді, таудың келесі бір мүйісіне шығып, көтеріңкі кеудесін керіп, қолаң бұйра шашын бір сілкіп қойып, елегізген еліктей төменге көз тастайды. Тырмысып келе жатқан офицерлерді көріп, сыңғырлап күледі.

— Жауынгер командир болғандарыңа! — деп қағытады.

Демігіп қалған командирлер мүйіске иек арта бергенде, олардың ентігін басуға мұрша бермей, шыңырай көтерілген биікке қарай қайтадан еліктіре жөнеледі.

— Жігіттер, қайсың қуып жетесіңдер, — деп ерке назбен күліп, жұрттың еркін билеп, өрге сүйреп барады.

Өзгелерден қымқа озық келе жатқан Мұрат Лиданың сергек әсем қимылын қаны жібермей бағып келеді. Бірде тік баурайға дік-дік шаншылған әсем, кішкене аяғын, бірде ағаш бұтағынан жалтарғанда толқи серпілген қолаң шашын, майыса иілген қыпша белін көреді. Енді бірде артына қайрыла берген Лиданың қасына жақындап қалғанда оның жүзін де айқын көрді. Ойнақы күлкі ұшқындаған қоңыр көзі, үш жағы көтеріңкі, жұқа танаулы «тентек» мұрны, маңдайының үстінде үрпие ширатылған бір шоқ шашы, тіпті мықынын таянып, сәл шалқая қисайған тұрысы да жігіт сезімін қытықтап, еркелей қағытып, еліктіре шақырып тұрғандай. Мұрат қасына келіп, қолын соза бергенде, еліктің лағындай үркіп, жалт берді де, өрге қарай дедектей жөнелді. Жарысқа қызған Мұрат енді намыстанып, шоқының сүйір басына озып шықты да, қолын созып, қызды тартып алды. Ертеден бері жұрттың бәрінен тың келе жатқан Лида кенет шаршап қалғандай, шиыршық атқан қыз денесі сұлық тартып, ойнақы ажарын жеңіл ғана мұң шалып тұр. Ұшқын шашқан қоңыр көзі де ұяң тартып, мұнарлана дөңгеленген. Басы шалқая қисайып, нәзік ерні түріліп, Мұратқа «шаршап қалдым ғой, неге сүйемейсің» деп тұрғандай. Мұрат қарымен қапсыра орай, оның белінен сүйемелдеді. Құрық тимеген асаудың жонындай қыз денесі дір ете қалды. Мұрат қаттырақ қыса, бергенде, құшағынан сусып шығып төмен қарай құлдырай жөнелді. Арқан бойы төмендегенде артына қарады. Шұғылалы көңілін бұлт шалғандай, сынық реңмен жабырқай қарады.

Шоқыға шыққан жігіттер ентіге күлісіп, қалжың айтысты.

— Немене, уысыңнан шығарып алдың ба?!

— Сынаптай сусып, уыста тұрушы ма еді!?

— Құрық салғызатын нәрсе емес осының.

Жігіттер ентігін басып, темекі тартып алып, төмен түсті.

Қайтарда жолдағы демалыс үйіне соғып, шарап ішісті.

Жол бойы көңілсіздеу болған Лида кенет қайта көңілденіп, өзгеден ерек көп күліп, ұшқалақтау болып кетті.

— Жігіттер, шампанское әкелмейсіңдер ме? — деп қағытты.

Мұрат төрт бутылка шампан шарабын алды. Бірақ Лида сықылықтап күліп, өзі ішпей, өзгелерге ішкізді. Мұраттан ерек Хадишаға ықылас корсетті.

Мұрат үйге келгесін де таудан алған әсерден арыла алмай, көктем күні оятқан бұлдыр арманның жетегіне еріп, көңіл толқып, ыңылдап әндетумен болды. Көбіне әлдеқандай мұңлы әуендер аузына түседі. Хадишаның көңіл күйі үйге келгесін бірден бұзылды. Кешкі ас дайындамай, ас үйге кіріп-шығып аяқ-табағын шалдырлатады. Бір ауық түксиіп диванға отырып алады. Мұрат патефон ойнатып: «Кел, Хадиша, билейік» дегенде, әйелі әбден шатынап қоя берді.

— Өзің билей бер, мен шегіртке емеспін, маған үйдің қамын ойлау керек.

— Оның не, Хадиша! Үйге немене болыпты. Үй орнында емес пе? — Мұрат ақырып қалды. Бүгінгі тәтті қуанышына у құйып жібергендей, қатты тіксінді.

— Ваза алам ба деген ақшамды араққа құрттың. Ана вазаға сыңар керек.

Мұрат бұрышта тұрған әдемі вазаға қарады.

— Келесі жалақыдан аламыз да.

— Оған трельяж аламын.

— Одан кейінгісінен-ақ алармыз.

— Оның да орны бар.

— Ендеше келер жылы алармыз, — деді ызаланып кеткен Мұрат.

— Келер жылы да ақшаны жұмсайтын жер табылады. Сенің мына шашуыңмен осы үйге шыр жұға ма.

Мұрат ашуға булығып, осы бір келіссіз әңгімені тез тойтарғысы келіп:

— Жарайды, қойшы енді. Ата-анамыз осындайсыз да күн көрген, — деді.

— Мен олай тұра алмаймын. Менің ата-анам тәрбиелі адамдар. Шоқпыт киіп өскен саған керек болмаса да, дүние маған керек.

Бұл сөз Мұраттың әбден шамына тиді. Ол лез жауап қатпай, сазарып бұрышқа қарады. Жуырда ғана өзі сүйсініп ұнатып алған ваза жексұрын нәрсенің айғағындай көрінді. Аяғын сіресе басып келіп, дөңгелек столдың үстінде тұрған вазаны қос қолымен қысып көтеріп алды да, еденге қойып қалды.

— Енді сыңарын сатып алудың керегі жоқ, — деді, әйеліне сұстана қарап.

Вазаны еденге емес, басына соғып уатқандай Хадиша шар ете қалды. Айқайдан Шернияз шошып оянды. Бірақ Хадиша енді дыбыс шығармастан безеріп отырды да қойды. Шырылдап жылаған баланың қасына бармады. Баланы Мұрат қолына алып жұбатты. Бір кезде қарсы алдында сәл қырындау отырған Хадишаға көзі түсіп, шіміркеніп қалды. Сонау жылдары махаббат нұры ұялап тұратын көзінде қазір тек өшпенділік қана бар.

Әдеміше, жылтырап тұратын беті улы ыза сызаттап, көгеріп кеткен. «Мен осыны бір кезде шынымен-ақ сүйдім бе екен?» деп те ойлап қалды Мұрат. Өз үйі өзіне жат, қол-аяғын бұғаулаған тұтқын орын сияқты, жылусыз азынаған дүниедей көрінді. «Бұл үйде енді өмір сүруге болмас, өмірді қайта бастау керек» деп ойлады. Әкесінің жылы құшағында жұбанып, ұйқысы ашылған Шернияз, енді оның төсіне өрмелеп, мұрнынан тартқылады. Мұрат Шерниязды көтеріп бетінен сүйген кезде: «Бұған басқа жат біреу әке болады-ау» деген ойдан шошып кетті. Сәбидің алдында үлкен қылмысты болып, соны жасырғысы келгендей, баласын құшырланып, мауқы басылмай сүйе берді.

Семьялық өмірдің осындай қақтығыстары болып тұрды. Бірақ арыны басылмаған, ыстық жігіт ондайда көріне бұра тартатын да, айыпты боп қала беретін. Дауыл өткенде ыңғайсыз жағдайды жуып-шаюға тырыспаса да, өзін кінәлайтын. Алдымен татулық іздейтін Хадиша болушы еді. Хадишаның жақсы қасиеттері жоқ емес-те. Оның айнымас адалдығын, бар ойлағаны күйеуінің, баласының қамы екенін Мұрат білетін. Хадишаның өмірге деген белгілі бір өлшемі болды, сол өлшемнен артық-кем өмірді ол білмеді, одан тыс нәрсені жөнсіз көрді. Бірақ Мұрат ондай қалыпқа сыймады, тарсынды.

Бірте-бірте Мұрат орынсыз қызбалықтан да арылды. Хадиша мінезінің қыртысы да жазылғандай болды. Сырт қараған кісіге сәтімен үйлескен бақытты адамдар сияқты көрінді бұлар. Бірақ өмірге шынайы сән, мағына беретін ішкі жарастық, ұғыныс болмады.

Мұрат хатты бүктеп қалтасына салды да, орман шетін кезіп кетті. Ойға қалғанда қолын артына ұстап ақырын сенделіп жүре беретін әдеті бар-ды. Майданға аттанарда Хадишамен қоштасқан кезі есіне түсті. Мұрат жүруге ыңғайланып, бетіне қарағанда әйелі әбден мұңайып, жабығып тұр екен. Аққұба жүзіндегі қаны қашып, өңі қуарып, шарасы қасіретке толы қара көзі мөлдірей, күйеуіне телміре қарайды. Бүкіл келбетінде қимастық па, әлде ең асылынан айрылып қалам деген қорқыныш па, бір үрей бар. Осы сәтте Мұратты аяныш сезімі билеп еді. Осы өзіне әрі жақын, әрі жат әйелдің өзін де, жақын жолдасын да, азапқа салған мәнсіз ұсақ өмірін аяды. Оны жөндеп үлкен жарқын жолға шығара алмағанына екінді. Рас, қисығын жөндеуге Хадиша көнбейтін. Июге келмей, сынып кететін. Tеpic болса да, ұстанғанына кәміл сенетін адамды тәрбиелеу инемен құдық қазғаннан қиын.

«Апырмау, сол шығарып салардағы ықласы, қимастығы қайда! — деп ойлады Мұрат қарағайдың қылқанды бұтағына қарап тұрып. — Хадишаның жақсы қасиеттері жоқ емес еді, бірақ жақсылығының бәрі өткінші болғаны ма, әлде шырпыдай ғана жалыны бар да, өзгесінің бәрі бықсыған шала болғаны да». Ел қайғысы, ажырасқан отбасының сағынышын, көпке ортақ мұңдастық Хадишаның тар дүниесін кеңітіп, кішкене мақсатын үлкейтсе керек еді. Мына хатына қарағанда, олай болмапты. Қатал, үлкен өмір лебін кеудесіне жібермей, өзіндегі барын қымтап, кірпідей жиырылып алған. Рас, Хадиша Шерниязды жүдетпейді. Баға біледі. Жеңіл жолға да түспейді. Оны Мұрат жақсы біледі. Бірақ, неге екені белгісіз, Мұрат көңілі Хадишаға қатты олқы. «Сірә екеуміз екі көлдің бақасы шығармыз». Мұрат мырс етті.

Сызды жел бетін қарып өткенде Мұрат тіксініп, ойынан сергіді. Күздің шұғыласы аз, солғын күні аспан кеудесіне өрмелеп шығуға дәрмені жетпей, енді төмендеп барады. Мұрат батальон орналасқан шепке қарай аяңдады. Сеңдей қозғалып кеткен ауыр ойлар ағыны әлі тоқтай қойған жоқ. Иә, мынау күздің солғын күніндей нұрсыз, жылусыз болды Мұрат өмірі. Сондай бір жүдеу шақта көңілін көктемнің шапағатты мол шұғыласына бөлеп, оның өміріне Айша еніп еді.

10

Уәли екі иінінен дем алып, жүгіре басып, штаб жаққа қарай дедектеп келеді. Өрт ішінен шыққан адамдай. Ержанмен ұрысқаннан кейін подвалдан жүгіре шыққан ол үстемелете атылған жау снарядының астында қалды. Қапелімде қатты сасып, арлы-берлі жүгіріп аласұрды; ақыры, бір үйдің подвалына түсіп, жан сақтады. Атыс тыйылғаннан кейін ол үйдің астынан шығып, штабқа қарай жортты. Енді іштегі ыза күйдіріп барады. Бірақ Уәли қанша долы болса да, ашу үстінде басын тасқа соғатын нағыз аңғал адуын емес-ті. Ержан қылығы жанына батқан сайын, оған қарсы жасар әрекеті де айқындала түсті. Ержан Уәлиге осы уақытқа дейін адам баласы айтпаған сөз айтты. Бәрінен бататыны — қол жұмсамақ болды. Жазып берген қағазын жыртып, бетіне лақтырды. (Сол сәтте сескеніп қалғаны есіне түсіп, Уәли іштей тітіркеніп қойды). Онан да ұрғаны жақсы еді; мықты дәлел болатын. Бірақ куә жоқ, ұрды деуге де болады. Уәли оны, боқмұрын баланы, бүкіл полктан ала-бөле іш тартып жүргенде... Көрдің бе өзін!.. Бұл күнді көп көрсе, сазайын тартсын бәлем.

Штаб орналасқан сельсоветтің үлкен үйінің кең бөлмесінде полк комиссары Стрелков пен Купцианов қызу әңгімелесіп отыр екен. Екеуінің аузында — бүгін таң алдында сәтімен аяқталған қарсы атака жағдайы. Уәли кіріп келгенде Купцианов иегін бұра көтеріп, оған жылы шыраймен қарады. Атағы кіші офицердің сәлеміне ризалықпен бас изеді де, Стрелковқа бұрылды:

— Біздің штаб офицерлері де ұрысқа қолма-қол араласып кетті, Максим Федотович, — деді. — Неміс майорын қолға түсірушілердің бірі осы.

Уәли қыпылықтап төмен қарады. Стрелков оның бұл құбылысын «кішіпейілдігі болар» деп оңға жорыды. Осының алдында айтып келе жатқан ойының ыңғайына дөп келсе керек, комиссар іле қызу сөйлеп кетті:

— Өте жақсы. Мінекей осындай қиын кезде командирдің жеке басының үлгісі өте маңызды. Ол жауынгерлердің рухын көтеруге өте қажет.

— Дұрыс айтасыз, Максим Федотович, — деп қостады Купцианов. — Мен лейтенант Молдабаевтың қимылына ризамын.

— Біз қанша айтқанмен, азамат соғысының тәжірибесін ұмытпауымыз керек. Сіз қай ротада болдыңыз, лейтенант?

— Бірінші ротада, жолдас комиссар, — деп жауап қайырды Уәли.

— Ал жауынгерлердің көңіл күйі қалай? — деп сұрады Стрелков.

— Жақсы.

— Командирлер ше?

— Жаман емес.

Үлкен командирлердің қошаметіне көңілі жібіп, ашуы жұмсайын деген Уәлиді соңғы сұрақ қамшылай жіберді.

— Жолдас комиссар, баяндауға рұқсат етіңіз. Жаман жағдай болды.

Купцианов пен Стрелков екеуі бірдей аңырып қалды.

— Лейтенант Қайсаров маған қорлық істеді. — Қайсаров атын атағаннан-ақ сабасынан шыққан Уәли сөйлеген сайын өршелене түсті. — Өзі барып тұрған бұзақы екен. Қол жұмсады маған, мені балағаттап қуып шықты. Өзінен жоғары командирді қорлады.

— Не үшін? — деді дағдара түнерген Стрелков.

— Мен жолдас майордан рұқсат алып көмектесуге барғанмын. Ойымда ештеңе жоқ. Взводын атакаға көтерді. Енді соғыс тынғасын кет, менің атағыма ортақ болғың келеді деп боқтады. Маған оның атағының керегі жоқ Менің жазығым жоқ тіпті.

Бір ұнатпаған адамына жіби қоймайтын, аз да болса ұнатқан адамынан тез суынбайтын Стрелков алдында ғана Уәлиді іш тартып қалды да, оның қуыстанып ақтала сөйлегенін аңғармады.

Комиссар түнере түсті. Алғашқы әсері — Молдабаев хабары жеңістің тәтті шарабына у тамызғандай болды. Өз бойы сияқты, бүкіл полкты да таза ұстағысы келетін еді Стрелков. Мұндай бықсықты тез өшіру керек. Қайсаров...

Aha... Анада бір ұятқа қалдырып еді, айналдырған отыз солдатына ие бола алмай...

Полктың партбюро мәжілісі ұзаққа созылмады. Жұрт сөз сұрап қосарлана қол көтермей, тартынып та қалмай, байыпты, ызғарлы сөйледі. Көптен ақталмай, іші қарауыта түскен кең бөлмеде темекі де жиі тартыла қойған жоқ. Кеше Стрелковтың тапсыруы бойынша шатақтың мән-жайын тексерген батальон комиссары Жақыпов бюрода болған істі баяндап тұр. Жұмырлана толысқан денесін тік ұстап, шүңірек көзін бір ноқатқа қадап, алшақтау басып, жұрт алдында нығыз тұр. Сөзі де байсалды.

— Қайсаров командирлікке жат іс істеді. Ол ешбір дәлелсіз өзінен қызмет дәрежесі жоғары офицерді балағаттап, оған қарсы қол жұмсағаны анықталды. Не себепті балағаттап қол жұмсадың дегенде Қайсаров жөндеп жауап бере алмады. Сондықтан да оны айыпты деп қарауымыз керек. Мұндай тәртіпсіз командир жауынгерлер арасында саяси-тәрбие жұмысын жүргізе ала ма? Жоқ, жүргізе алмайды.

Ержан Жақыповтың сөзін бөлгісі келіп бір оқталды да, бірақ үндемеді. Жиналған жұрт салқын ызғармен үнсіз отыр. Дәл осындайда өзіне қошамет таба алмайтынын іші сезді. Және бір қинағаны мәжілістің үстіне Панферов келіп қалды. Оның көзі Панферовқа күбірлеп бір нәрсені айтып жатқан Стрелковқа түсті. Панферов аз ойланып қалды да, басын изеді: «Мен туралы бір нәрсе айтқан болар», — деді Ержан. Содан кейін екеуі де үнсіз отырды. Жақыповтың сөзіне ықылас қойған түрлері жоқ, бұл әңгімеге әбден қанық, шешімдерін кесіп-пішіп қойған сияқты. Ержан кешеден бері талай ойға түскен. Не ойласа да, сайып келгенде, Уәлиді айыптайтын. Бірақ Жақыпов тексергенде ұрыстың шыққан себептерін айтпады. Түптей берсе, осындай лас іске Раушанның аты араласар деп қорықты. Әрбір дауға түсер адам сияқты, келген кезде жұрт ажарынан өзіне жанашырлық іздеп еді, ондай еш нәрсе таба алмады. Енді бақса, сазарып отырған мына топ мұны жатырқайды, тіпті жатсынады. Нағыз айыпты болғанын Ержан енді түсінді. Үйірінен айрылған тайдай, көңілі елегізіп қоя берді.

Жақыпов енді жігерленіп, әр сөзін нығарлап, Ержанға тағылған айыпты жұмырығымен шегелей түсті. «...Қайсаровтың совет командиріне жат қылығына жеңіл қарауға болмайды. Бұған саяси мән беру керек. Қатал қорытынды шығару керек. Бұл жай ғана тәртіп бұзу емес, сондықтан да аяусыз шара қолдану керек»... Әр «керекті» жұмырығымен бір ұрып қойып, Жақыпов қызынып барып тоқтады. Жұрт аз үнсіз қалды.

Мәжіліс басқарып отырған Стрелков:

— Сіздің бұған қосымша айтарыңыз бар ма? — деп Уәлиге бұрылды.

Уәлиге істің осы беталысы ұнап отырған-ды, ар жағын қазбалауды теріс көріп, орнынан ұшып тұрып:

— Мен несін айта берем, — деді ол. — Жақыпов жолдас дұрыс айтты. Әділін айтты.

— Жолдас Қайсаров, сіз не дейсіз?

Ержан орнынан тұрып, сұраққа түсінбегендей, аңырып қалды. Кеше ғана айтатын сөзі көп сияқты еді. Жеме-жемге аузына сөз түспеді.

Стрелков Ержанға қадала қарады.

— Неге үндемейсіз? Жақыпов жолдастың айтқаны рас па?

— Білмеймін.

Кірпіге мінгізіп қойғандай қыпылықтап отырған Уәлидің терісі кеңіп қалды.

— Басқа айтарыңыз жоқ па?

— Жоқ.

Жұрт арасында байқаусыз отырған Кусков қол көтерді.

— Сұрау беруге бола ма?

Стрелков «сұрайтын несі қалды?» дегендей Кусковқа бажырая қарады да, рұқсат етті. Кусков орнынан тұрды да, шашаусыз тұрған толқынды қоңыр шашын бір сипап қойып:

— Жолдас комиссар, — деді. Көзінде бір ызбарлы сәуле жылт етіп сөнді. — Істің мән-жайын ұққан сияқтымыз. Бірақ осы шатақтың неден басталғаны белгісіз болып тұр ғой. Соны анықтайық.

Кешегі оқиға Ержанның көз алдына қайта келді. Раушан жайы. Жалған мақтау қағаз. Уәлидің жылымшы, жиіркенішті күлкісі. Өз ішінде тұмшалап тастаған бықсықты қайта түтеткісі келмеді Ержанның. Ол үндемеді.

— Мүмкін сіз айтарсыз, — деп, Стрелков Уәлиге бұрылды.

Уәлидің ең бір тайғақ жері осы еді. Сондықтан да жауабын ертерек қамдаған, Ержанның үндемей қалғаны да оң болды. Өз намысына тисе де, Ержанды қоздырмай, жіңішкелеп өтті. Даусы да жұмсақ шықты.

— Мен айттым ғой. Неге екенін білмеймін, мені қорқақ деп сөкті. «Тіліңді тарт» дегем, сол-ақ екен, түгімді қоймады.

— Сіз қорқақтық істеп пе едіңіз? — деп сұрады Мұрат.

Уәли бұл «Мұраттың қалжыңы ма?» деп, жымия жалт қарап еді, езуіндегі күлкісін жия алмай, аңтарылып қалды. Мұраттың тіке қадалған қара көзі көңілдегісін көріп тұрғандай.

— Жоқ, жоқ... Жазықсызбын.

Купцианов қол ұшын берді. Иегін бұра көтеріп, мырс етіп алды да:

— Мұрат, — деді ол. — Аңғарсаңыз, менің білуімше, сіздің батальоныңызды атакаға ең алдымен көтерген аға лейтенант Молдабаев қой. Батыр деп қошеметтемесек те, қорқақ деп айыптауымыз обал болар.

Купцианов Мұратты қатырғанына риза болып, өлшеп қана күліп алды..

— Олай болса, бүкіл шабуылды бүлдіре жаздады, — деді Мұрат даусы қатайып.

Стрелков столды тықылдатты.

— Жолдастар, уақыт тығыз. Көлденең нәрсеге ауытқымайық. Кәне, кім сөйлейді?

Жұрт қысқа-қысқа, бірақ қатал сөйледі. Кейбіреулер кінәні Ержан жағына көп аударып, тіпті түгелдей соны айыптады. Кусков кінәні екі жағына бөліп тастаса да, соның өзінің салмағы түгелдей айыптаудан анағұрлым артық болды. Кейінгі кезде өзінше меншіктеніп, дос санай бастаған Кусков енді Ержаннан қашықтап барады. Іш тартып жүрген адамынан қайыстырар ауыр сөзді Ержанның алғаш естуі осы еді. Екеуінің көзі кездесіп қалды. Кусков көзін тайдырып әкеткен жоқ, байыпты қатал қарады. Бұл көзқарасы Ержанды көптің біріне санап тұр. Ержан Кусковқа ызалана бастады, «түсінетін, қиын кезде жақтасатын жолдас десем... белгілі болдың...» Бірақ, бір ғажабы, Ержан оған қанша кейісе де, түңіле алмады. Кусков жанға батар қатты сөздер айтып өзінен қашықтаған сайын, биіктеп бара жатқан сияқты. Өзіне қатар санап жүрген адамының қолы жетпес алыста тұрғанын, өзіне таудай биіктігін ашты. Өзін қомсынып налыды.

— Жел тұрмай, шөп басы қимылдамайды дейді қазақ, — деді Кусков сөзінің ортасында. — Мен жалғыз Қайсаровты ғана айыптамаймын. Екі жағы да кінәлі. Бірақ Қайсаров ұрыстың неден басталғанын айтқысы келмейді. Не де болса жай қақтығыс емес, арға тиетін бір нәрсесі бар сияқты. Ондай нәрсені ашып айту үшін аяусыз ерлік керек. Қайсаров бойынан ол табылмады. Ал Молдабаев болса, ол сұраудың үстін баспай, айналасын сипап өтеді. Соған қарағанда шатақтың бас себебін бүркеу оған пайдалы сияқты. — Кусковтың сыпайы балғын тұлғасы нығыздала қатайып, аққұба, ат жақты жұмсақ өңі өткірлене түсті. Майда көкшіл көзі де қадалып тесіп барады. Кейде ішкі жиіркеніш сезімі өңіне шыға келеді. — Қазір оның бәрін қазбалап жатуға уақыт жоқ. Біз тіміскілемесек те, ол бықсық қиын сағатта тағы бір шығады. Ал қазір біз екеуін де айыптаймыз. Жанды құрбан ететін адалдық пен ерлік қана керек уақытта мұндай қылық желкемізден оқ атқанмен бірдей. Бұл — жан ауыртқанына қарамай, сылып тастайтын нәрсе.

Мұрат та ұзақ сөйлеген жоқ. Әлдеқандай ойын бүгіп қалғандай, тек ұсыныс жасап өтті. Ол Кусков сөзін разы тыңдап отырды да, өзінше байламға келді.

— Ұрыстың болған себебін Уәли айтқан жоқ па, — деді ол, ішкі күлкісін бір езуінен ғана аңғартып. — Бәрі анық. Қайсаров Молдабаевтың намысына тиген. Қорқақ деп қорлаған. Солай емес пе?

Ол Уәлиге қарады. Уәли Мұраттың ашық, батыл көзқарасынан қаймықса да, алғашқы ет қызуымен іле жауап берді.

— Ие, солай. Айттым ғой. Кісінің намысына тиді.

Арыстанов Панферов пен комиссарға бір қарап алып, төтен ұсыныс жасады:

— Ендеше сіз оның сөзін теріске шығарыңыз. Алғы шепке сұраныңыз. Қазір рота командирлері жетпейді. — Ол тағы бастықтарға бұрылды. — Меніңше Молдабаев жолдастың осы тілегін қуаттау керек. Алғы шепке командирлер жетпей жатыр. Әрі Уәлидің де көңілі тыншысын.

— Меніңше ол әлі ондай тілек білдірген жоқ қой, — деді Панферов.

Енді шегінуге болмай қалды. Көзді жұмып, мұздай суға күмп берген адамдай, Уәли орнынан ұшып тұрды.

— Meн алғы шепке көптен сұранбақшы болып жүр едім. Кеше де атакаға өз еркіммен барып қайттым.

— Мінекей сөз осы ғой, — деді Мұрат, құптағаны не сынағаны белгісіз. — Ал Қайсаровқа шараны қолдана беріңіздер. Ол жазалануға тиіс, — деді де орнына отырды.

Панферов Стрелковпен қас қағысты да, бірден байламға келді. Содан кейін айтылар сөздің ауыртпалығы да, кесілер үкімнің салмағы да Ержанға қарай ойысты.

11

Майдан өмірі қашан да қаһарлы болады. Ал 1941 жылдың майданының сұсы да, ызғары да ерекше еді. Дұшпанның басым күші үздіксіз шабуыл жасап келе жатты. Шегінген армия онша көңілді бола қоймайды. Екіншіден, соғыстың алғашқы кезінде әлі де жауынгерлердің еті өліп, сұрапыл ұрысқа бойы үйреніп кете қойған жоқ-ты. Майданның өзіндік тұрмыс салтының да дағдысына түсе қоймаған кезі. Бірақ от ішінде де адам бойға біткен мінезінен айни бермейді.

Жаудың шабуылы іркіліп, Панферов дивизиясы екі-үш күн тыныс алды. Дауыл алдында ішін тартқан осы сәл тыныштықтың өзінде Коростылевтың кішкентай ғана санитар взводы бел шешіп, ес жиып, бір жасап қалды. Жас шамасы отыздан асқан, кесек тұлғалы, қайқы мұрын қара Коростылев ыждаһатты, тындырымды адам болатын. Ұрыс тынысымен взводын деревняның кейінгі жақ шетіндегі шаруаның бөренеден қиыстырған мығым бір үйіне орналастырды. Өзі бас болып, санитарларына үй артынан терең шұқырлар қаздырды да, бірақ атыс саябыр кезде үй ішінде болуға рұқсат етті.

Раушан шеткі бір кішкене бөлмені меншіктеніп, ішін жиыстырып, ыңғайлап алды. Санитар взводының тәуір деген заттарын сол бөлмеге түгел жинады. Марліден терезесіне перде ұстады. Коростылев оның бұл ісін іштей ұната қоймаса да, әйел бала ғой, үй жылуын аңсаған шығар, — деп үндемеді. Соғыс ызғарын ұмытқысы келді ме, әлде көңілін белгісіз сезім биледі ме, не де болса, ұясын тазалап алмай, тыныш таппайтын әйел затының әдеті емес пе, Раушан тіпті аз уақыт болса да осы бір жылы бұрышқа құмартты. Өз үйіндегі кішкене бөлмесі есіне түсті. Кең ақ шәй көйлек, жеңсіз қамзол киген, жағын қаусыра ақ орамал тартқан, қыр мұрынды ақ құба ажарлы анасы көз алдына елестеп жүрегі суырып қоя берді. «Оқуыңнан қалып қоярсың, қалқам, тұр» деп қасына келгенде, Раушан ұйқысын аша алмай, «қойшы, апа, қазір» деп аунай беретін. Сонда анасы қызының мойнынан құшақтап алып, құшырлана сүйетін. Қазір Раушан анасының жұп-жұмсақ қолының ізін, сондай бір сүйкімді жылы исін сезгендей болды. Қара көзі дөңгеленіп, кірпік астынан жас іркілді. Ойда жоқта жанын тебіренткен елестен айыға алмай, аз тұрды. Көзінен жас тамып кетті.

Жастық қайғысы өткінші жаңбырдай тез өтеді. Бірақ Раушан сол күні серги алмады. Ыдырап та кетпей, аспанды да түгел бүркей қоймай, қайтып орала беретін ала-шоғыр бұлттай көңілін мұң шала берді. Қайғы-қасірет пе, сағыныш па, әлде белгісіз арманға бой ұрған елігу ме әйтеуір көңілі қаяу. Сыртқа шығып, өзге санитарлармен араласып, жұмыс істеп алаң болғысы келді. Дәрі-дәрмекті реттеп, жүктерді жинастырып, санитарлардың әңгімесіне араласты. Бірақ айыға алмады.

Тұлғасы алпамсадай, сөзге сараң Коростылев сырт көзге сезімге шорқақ, аңқау көрінгенімен, үндемей отырып, адам мінезінің құбылысын аңғарымпаз болатын. Раушанның әлденеге алаң боп, елегзи бергенін таныды. Келесі күні де майдан тыныш болғасын Раушанға «демалыс» берді. «Бүгін жақсылап демал, бар, ұйықта», — деді ол.

— Жоқ, ұйқым келмейді, — деді Раушан.

— Ұйқың келмесе, менде бір роман бар. Соны оқысаң бірден ұйықтап кетесің. Морфи орнына пайдаланам.

Раушан Коростылевтың сабырлы жүзіне қарап, күліп жіберді. Дәрігерлік тәжірибесінде ұйқыны үлкен ем санайтын Коростылев Раушанды еріксіз өз бөлмесіне қуып жіберді.

Кешке жақын Уәли келді. Әшейіндегі сабырлы, сыпайы сызылып тұратын, көз астымен кісінің қимылын аңдып, өзін әккілеу ұстайтын Уәли емес. Сұрғылт жүзі қызара бөртіп, кейде көкшіл тартып, кішкене көзі көмірдей жылтылдайды. Толықша денесін күш кернеп кеткендей қимылы тым серпінді. Бүкіл тұлғасынан, өңінен, қимылынан отты күш лебі еседі. Қыз жүрегі лүп ете қалды. «Аңсағаным осы екен ғой» деген ой жалт етті. Іле сол ойынан өзі шошынып та қалды. Уәли есіктен ентелей кірген бойы Раушанның қолын алды.

— Амансың ба, Раушан.

Қыз қолының дірілін сезіп, қаттырақ қысты. Раушан Уәлидің ыстық уысынан қолын әрең босатып, қапелімде тіліне сез оралмай, төмен қарады. Сәлден кейін жігітке:

— Отырыңыз, — деді жай ғана.

— Жоқ, көп отырмаймын. Кетемін. Тек қоштасып шығайын деп келіп ем.

Раушан басын көтеріп алып, Уәлидің бетіне дағдара қарады.

— Қайда барасыз?! Неге қоштасасың?!

Уәли жүрегі алып-ұшып тұрса да, қыздың өзіне деген ыстық ықыласын танып қалды. Аңғармай, ой толқынымен «сен» деп қалғанын да қапы жібермеді.

— Соғыс кезі... Уақыт тар... — ден Уәли зорланып күлді. — Оның үстіне алғы шепке бара жатырмын. Танысып қоялық, рота командирі аға лейтенант Молдабаев.

Түріне қарап, Уәлиден үлкен бір жаңалық күткен Раушан мына сөзге не деп жауап берерін білмей, аңтарылып қалды. Уәли қолын созғанда еріксіз бұ да қолын ұсынды.

— Қай батальонға барасыз? — деді аздан кейін Раушан.

— Үшінші батальонға. Кішкене арамыз алшақтау болады. Амал қанша, — Уәли күрсініп қойды. — Соғыс заңы қатал. Кісінің бар арманы орындала бере ме?

Қыз жүрегі Уәлидің көмейін сезді. Бүгін осы жігіт көңіліндегі барын айтатынын да топшылады. «Айтпаса екен, қоя тұрса екен», — деп лүпілдейді жүрегі, бірақ... айтпай кетсе, өкініші де ауыр сияқты. Отырсаңызшы» деп қалай айтқанын өзі де білмей қалды.

— Ендеше өзіңіз де отырыңыз, — деп Уәли Раушанның екі иығынан қолының ұшымен сыпайы демеп, ұзын скамейкаға отырғызды. — Әдейі келгесін, тізе бүгейін.

Екеуі азғана үнсіз отырды. Раушан Уәли сөзінің арқауын ұстай алмай, әңгімеге қалай араласудың ретін таппай қиналды. Бірақ қыздың қысылып қалғанын сезген Уәли, оны ұзақ уақытқа үнсіз қалдырып, қинамай, өзі демеп әкетті.

— Штаб өмірі тойдырды. Майданға келіп тұрып соғысқа тікелей араласпағасын бола ма? Әркімнің взводына барып соғысып көріп ем, одан абырой таппадым.

— Неге? — деді Раушан таңданып.

— Білмеймін. Менен атағын қызғанады ғой деймін. Өз басым атақ үшін соғыспаймын. Кеше ана бір Қайсаров дейтіннің взводын атакаға бастап едім. Артынан өзімді сөгіп пәле қылды. Өзі бір барып тұрған оңбаған екен. Мен оған абырой әперсем...

— Ержан ба? Ол... ол сізді неге сөкті? — Раушанның даусы қаттырақ шықты. Қара көзі дөңгеленіп, Уәлиге үрпие қарап қалыпты.

— Сіз оны білуші ме едіңіз? — деді Уәли елең етіп.

— Білемін... Ол ондай жігіт емес еді ғой.

Уәли байқаусызда қыз жүрегінің бір жарасын басып, ауыртып алғанын білді. Бірақ Ержаннан Раушанды қызғанған жоқ. Әлдеқандай бір әккі сезіммен енді Ержанды тікелей жамандап кеміте алмайтынын аңғарып, басқаша кетті.

— Иә, өзі онша жаман да жігіт емес, — Уәли күліп жіберді. — Жігіт деймін-ау. Бала ғой. Балалығы болмаса, өзіне жақсылық істеген адамға қиянат жасай ма? Басқа біреу болғанда оңдырмайтын еді. Маған тап болғаны бақыты бар екен. Кешіре салдым.

Уәли сөзін ынтыға тыңдап отырған Раушан:

— Қалай? Татуластыңдар ма енді? — деді жұлып алғандай. Уәли күліп жіберді.

— Мен онымен араздасқаным да жоқ. Баламен бала болып қайтейін. Тек әркімге әкіреңдеп, дөрекі болып кетпесін деп, біраз кейіп алдым. Өйте берсе... әскердің заңы қатты.

Раушанның бойы жеңілдеп қалды. «Ақыры жақсылықпен тынған екен». Уәли мен Ержан арасында көңіл қалуға апаратын бір шатақ болғанын Раушан сезді. Шатаққа бас болған Ержан сияқты. Уәли кең екен, көңіліне алмай, кешіріп отыр. Өзінің биіктігін тағы да аңғартты.

Ержан... Сүйкімді Ержан, жақсы Ержан. Мінезің бала сияқты-ау. Өзің де баласың ғой. Бірақ... мұның қалай?

Әй, тентек.

Жас жігіт ғашықтық сырын айтқанда, құптап жауап бере алмаса да, қыз жүрегі толқып еді. Бірақ осы күнге дейін оянбай келген тың сезім лаулай қоймады. Қыз сезімін баурап, еліктіріп әкетудің орнына Ержан өз көңілінде толқыған сезімін сыртқа шығара алмай, әлек болады, қысылады. Біраз бойын билеп, сөз бастаса, қайдағы бір мағынасыз бөгде әңгімелерді айтып кетеді. Ержанның осы бір кескініне Раушанның күлкісі келеді. Өзінен бір-екі жасы үлкен болғанымен, Раушан Ержанды қатар санап, мектептегі көп жолдасының біріндей үйренісіп кетті де, оның ғашықтық сырын айтқанын да ұмыта бастады.

«Жақсы жолдас қой» дей салды. Романдар мен поэмаларды көп оқыған қыздың албырт қиялында шын ғашық болатын адамы мектептегі үйреншікті көп балалардың бірі сияқты емес, ерекше болуға тиіс. Жүрек тереңінде байқаусыз тұтанып, ақырын маздап келе жатқан Ержанға деген сезімін Раушан осындай албырт қиялға жеңдірді. Мұндай жазығы жоқ балалық ұғым кейде арылмас өкінішке де ұрындырады.

Раушанның Уәли жөніндегі әсері екі ұдай болатын. Алғаш көргенде... Айтпақшы қай кезде алғаш көргені Раушанның есінде жоқ. Аңғармапты. Бір күні эшелонмен майданға келе жатқанда болу керек, толықша келген қара сұр жігіттің өзіне ұзағырақ қарап қалғанын байқады. Қыз еріксіз бұрылып, бейтаныс адамның өңін, тұлғасын бір сәтке көзімен шарпып өтті. Бұрын да бірді-екілі көрген адамы. Сол бір тіміскі сұқ көзқарасын ұнатпай қатты тіксінген. Кейінірек келе осы полктағы, тіпті дивизиядағы білімі жоғары адам екені, институтта лекция оқығаны қыздың құлағына жетті. Иә, дүниеде талай мықты оқымысты адамдар бар. Болса қайтсін. Бірақ...

Раушан техникумнан жоғары оқу орны жоқ кішкене қалада мектеп бітірді. Жоғары білім алуды аңсап, институтқа түспек болған жылы соғыс басталды. Әр түрлі кітапты көп оқыған, туғалы тірі оқымыстыны көрмеген қыз ғалым деген атты әулие тұтатын. Сол оймен Уәлиді іштей қадірлеп, өзінен анағүрлым жоғары, биік санады. Алғашқы жағымсыз әсері де басылды. Уәли сол биігінен түсін, күннен-күнге жақындап келе жатқанын Раушан іштей мақтаныш та ететін.

— Неге ойланып қалдың, Раушан?

Уәли сүйсініп, қыз өңіне күлімдей қарап отыр. Раушан оған жалт қарады да, көзін бұрын әкетті.

— Жоқ, жәй, әншейін.

Уәли Раушанның саусағынан ұстап, қолын майда сипады. Мұңайып булыға сөйледі.

— Раушан... Арманымды, ойымды өзіңе түгел айтып едім. Өмір мен өлімнің арасында тағдыр маған сені кез етті... Аңсағаным жалғыз сенсің. Тағдырымды өз қолыңа бердім. Тек бір ауыз жауабыңды айтшы.

Уәлидің ыстық қолы саусақтан жоғары жылжып білегіне таман барып қалды. Раушан төмен қарап отырса да, Уәлидің қадалған көзқарасын, үзіліп шыққан ыстық демін сезді. Жігіт ықыласы ызғарлы күндер құрыстатқан қыз бойын жылытып барады. Жан түкпіріне қыз көзі жетіп болмаған жігіт — жұмбақ сияқты. Сескенеді де, қызығып ынтығады.

— Ертең қанды қырғын соғысқа кіргенде аузымда есімің, көз алдымда келбетің тұрар. Алғашқы ерлігімді де саған арнаймын. Жебеушім бол, сәулем.

Раушан көз қарасы үлкейіп, Уәлиге мөлтілдеп қарап қалған. Жігіт үрейі мен қызық, рақаты аралас белгісіз жаққа бастап барады. Соңғы күшін жиып, тартыншақтап көрді.

— Мен... Сізге не деп жауап берерімді білмеймін. Сабыр етсеңізші.

— Сезіміңді тежеме, Раушан. Бір ауыз сөзіңмен мені бақытты етесің. Болмаса бұл өмірдің маған керегі жоқ. Кеудемді оққа тосам.

Уәлидің өңі құлпырып, екі көзі жайнап кеткен. Оның үлкен ерлік үшін жаратылғанына, Раушанға шексіз ғашық екеніне, оққа кеудесін тосатынына осы сәтте өзі де сенді, қыз да сенді.

Осыдан арғы жағы оң мен түстің арасындай буалдыр тұман болып кетті. Кейде әлдеқайдағы бір белгісіз жаққа жүйткіп бара жатқандай, кейде жұмсақ ұлпа бұлттың үстінде қалықтап бара жатқандай да сезінді өзін. Уәлидің құшырлана сүйген ыстық ерні, темекі исі аралас үзіліп шыққан жалынды демі басын айналдырып жіберді. Бірде қызара бөрткен бетін, бірде жылтыраған көзін көріп қалады, кейде көз алды бұлдырап «сәулем»... «жаным» деген сөздер талып естіледі, бар тұлғасын ысытып, бойдағы дәрменін баурап бара жатқан еркек денесінің қызуын сезеді. Уәлидің бір қолымен өзін қапсыра құшақтап сүйіп тұрып, бір қолымен есіктің ілгешегін салғанын байқап қалып, Раушан шошып кетті. Бірақ қарулы сақа жігіт есін жиғызбай отты сөздермен араластырып аузынан, бетінен, көзінен сүйе берді.

ҮШІНШІ ТАРАУ

1

Василий Кусков жаратылысынан сыпайы адам болатын да, сырт көзге жұмсақ мінезді, кейде тіпті жасықтау да көрінетін. Оның ұяң көзқарасы, майда қимылы, қоңыр даусы алғашқы көзге осыны аңғартатын. Бірақ істес бола келген кісі оның иілсе де сынбайтын, былқылдап тұрса да жұлынбайтын беріктің өзі екенін танитын. Кусковпен алғаш таныс болған адам оны екінші көруге құштар болмайтын, тез-ақ ұмытып кететін, бірақ жақындаса келе ажырасуға қимайтын. Бұрқылдап бірден шығып кетпейтін сабырлы күші, маздаған жылы мейірімі кісіні ақырын баурап, әбден билеп алатын.

Соғысқа кіргелі Василийдің мінезі өзгерді. Қанды қырғын алып соғыстың бар салмағын, астанаға қарай шегінудің бар күйінішін сезді ол. «Қатал болу керек» деді өзіне. Қансырап, шегініп келе жатқан ротаны күннен күнге нығайтып шыңдай бергісі келді. Солдаттардың да, командирлердің де жібін босатпай берік ұстауға бар күшін салды. Василий қашан да өзіне-өзі қатал болатын. Өзгеге қояр талабын алдымен өз бойына өлшеп алатын: «Өзім қайтер едім? Қолымнан келер ме еді?» Сондықтан да әр істі өзінен бастап, алдымен өзін қамшылады.

Ұрыс кезінде Василий алғы шепте ауыртпалық пен қауіп-қатерді солдаттармен бірдей көтерді. Соғыс саябырлап жұрт демалған кезде алғы шепке мезгілінде тамақ, оқ-дәрі жеткізілуін қадағалады. Салақсыған шалағай старшиналардың екі аяғын бір етікке тықты. Одан қолы босай бере бекіністі аралап, әр жауынгермен әңгімелеседі. Рота командирімен отырып болашақ ұрыс жоспарын ақылдасады. Сырт түрінде әбігер, күйбең болмады, қашан да сабырлы, тап-тұйнақтай таза жүреді. Солдаттар да Кусковты шын ықыласымен жақсы көріп кетті. «Біздің политрук» дегенде қатал өңдері жылып қоя береді.

Кешегі бюродан Василий көңілсіз шықты. Өзі сол істі тексерісуге араласа алмай қалды; ал Жақыпов істің ішкі дәнінің бәрін сілкіп тастап сыртқы қауашағын әкеліпті. Бірақ не де болса тыйып тастамаса болмайтынын байқап қатал сөйледі. Анығын білмей топшылап айтты. Соның бәрін қазбалап жататын уақыт па?!

Бірақ, өмірінде дүдәмал, дүмбілез нәрсені итіндей көретін Кусковтың бюродан шыққасын көңілі көншімеді. «Сен де жақсы-ақсын. Саяси басшы. Анығына жетпей айыптадың, үкім шығардың? Жазықсыз болса қайтесің? Әрине сенің ешнәрсең кетпес-ау. Ал, оның жағдайы қалай екен, соны білдің бе?!» — деп өзін айыптады. Жұрт тарағасын Василий Стрелковпен оңаша сөйлесті.

Стрелков басында Василийдің дәлелдеріне біраз қарсы болып еді, кейін қатты ойланып қалды.

Иә, иә. Осының ар жағында бір нәрсе бар. Шынын айтсам менің де Жақыповқа қарным ашты. Өзі бір тым жалаң адам екен. Жағдайдың түрі мынау. Тәптіштеп жатуға уақыт қайда?! — Стрелков қабағын шытып аз кідірді. — Иә, уақыт... уақыт... Осы «уақыт, жағдай» деген бізге бір мықты сылтау болып кететін түрі бар. — Стрелков Василийдің бетіне қадала қарап аз тұрды, — Вот что. Бюроның қаулысы деген іс емес пе? Сен Қайсаровпен жақсылап сөйлес. Түрі айтып тұр, адал жігіт сияқты. Сырласып сөйлес. Оған да қиын шығар. Демеп жібер.

Кусков Ержанға ол күні жолыққан жоқ, оңаша болып көңілін бассын деп ойлады. Взвод деревняның шетін ала бекінген. Жауынгерлер үй іргесінен окоп қазып, кейбір үйлердің терезесіне пулемет орнатып тастапты. Кешеден бері дұшпан ауық-ауық атқылап, кейде ұсақ атакаға шығып тұрды да, түс қайта тынши қалды. Кейбір жауынгерлер окоптарынан шығып үй тасасында отыр.

— Қайсаров қайда? — деп сұрады Кусков мылтығын сүрткілеп жатқан Бондаренкодан.

Бондаренко күйбеңдеп орнынан тұрып жауап берді, көзі күлімдеп тұр:

— Сәлематсыз ба, жолдас политрук. Олар мынау үйде.

Бондаренко бір шетін снаряд опырып кеткен кішілеу үйді нұсқады.

— Жолдас политрук, қараңызшы бүкіл деревняда қирамаған үй аз. Енді бір-екі атака болса cay үй қалмас.

Бондаренко Кусковтың аялдағанын пайдаланып әңгімеге айналдырғысы келіп тұр. Василий қысқа жауап берді.

— Соғыс.

— Иә, соғыс, — деп Бондаренко басын шайқады. — Қанша дүние қирады. Қанша адам баспанасыз қалды.

— Жауды жеңгесін жаңадан саламыз үйлерді. Кең, биік етіп жайнатып қоямыз әлі.

— Әрине, — деп құптады Бондаренко, — ол үйлер салынып біткенше осы үйлерді жөндеп кіре тұру керек болар-ау.

Кусков күліп жіберді. «Пәлесін қара». Бондаренко әңгімеге құштар болып тұрса керек, сөзін жалғай берді:

— Бір үйге бір шірік неміс бекініп алса, соны қуып шығу үшін бүкіл үйді қиратамыз. Алдыңғы күні осы деревняны алғанда ана бір үйге, анау қисайып тұр ғой,— Бондаренко төбесіндегі тақтайы қурап оңып кеткен төрт терезелі кішкене үйді нұсқады. — Он шақты гранат лақтырдық. Үйдің сау-тамтығы қалмады. Сондағымыз бір шидиген жирен фриц екен.

Кусков күліп жіберді. Бондаренко әдетінше жымиған да жоқ, күрсінін басын шайқады.

— Иә, соғыс деген сол. Енді бүтінделіп келе жатыр едік, қаншама қазына қарап болды.

Жақындап қалған қадамды естіп Василий артына бұрылды. Ержан келіп сәлем берді. Бетінде әлі де күлкі ойнап тұрған Василий Ержанның қатқыл ренішті жүзін көріп сәл қысылып қалды.

— Хал қалай?

— Хал өте жақсы.

Ержан сәл езу тартқандай болды, даусынан ащы мысқыл сезілді. Василий әдеттегі байсалды қалпына ауысып Ержан бетіне таңырқай қарады. Ержанның ашық, балғын өңі бірден есейіп, егде тартқандай. «Тегін емес. Өзегін өртегендей бір нәрсе бар».

— Ал, бекінісіңді көрсек қайтеді?

— Бекініс деген көз алдыңызда емес пе! — Ержан қолымен алғы шепті орай нұсқады. — Бірақ көргіңіз келсе жүріңіз. — Бондаренконы енді ғана байқағандай кейіп тастады. — Неге окобыңда отырмайсың!

— Мен тек әшейін... темекі тартайын деп...

Бондаренко бүкшеңдеп окопқа қарай жөнелді. Ержан бекіністі аралаймыз деген сөзін, тіпті Кусковтың қасында екенін ұмытып, ойға шомып сұлқ тұрып қалыпты. «Э-э, кешегі мәжілістің ғана реніші емес қой» ден ойлады Василий.

— Темекі тартып алайықшы. Кисетіңді әкел.

Ержан селт етіп Василийдің бетіне қарап аз тұрды да, қалтасынан кисетін алды. Екеуі үнсіз отырып темекі тартты.

— Көңілсізсің ғой өзің.

— Қуанатын не бар.

Василий Ержанның бетіне тура қарап аз отырды. Ержанның қасіретке толы жүзі сәл жылы тартты.

— Meн өзім барып тұрған ақымақ екенмін. Көп білемін деп жүрсем, түк білмейді екемін. Кеще екенмін.

— Молдабаевпен шатасуың ақымақтық екені рас. — Василий Ержанға жылы шыраймен қарады. — Бірақ, менің байқауымша кеще жігіт сияқты емессің.

Василий күліп жіберді.

— Оның күлетін еш нәрсесі жоқ. Жұрттың бәрін адал, жарқын деп ойлаушы ем. Ең болмағанда соғыста солай шығар деуші едім. Арам, екі жүзді сұмырайлар да бар екен. — Ержан тітіркеніп қойды.

— Оны қайдан білдің? — деді Василий Ержанның бетіне қарап.

Ержан қолын сілтей салды.

— Түңілдім.

Василий күле сөйледі.

— Сен өзің бүкіл адам баласынан түңілгеннен амансың ба?

Жаңағы бір әзірде үндемей тұйықталып қалған Ержан енді ашулана бастады. Іште тұмшаланып, тас түйін болып жатқан қасіреті қозғалып кетті білем.

— Несіне күлесің!? Менің ішімде не болып жатқанын білесің бе өзің! − деді ол Василийге ежірейе қарап.

Осы сәтте оның Кусковпен керіскісі келіп кетті.

Бірақ Василий ашуланбады. Ол ойнақы көңілден байсалды, ойлы мінезге ауысты.

— Біреуге қатты көңілің қалған сияқты ғой. Айтшы. Ішіңде бүркей беріп қайтесің. Сыртқа шығарсаң жеңіл болады.

Кусковтың сабырлы даусы, достық кескіні Ержанды жібітейін деді.

Несін айтайын, — деп тартыншақтады ол. — Айтқанмен кім түсінеді. Өзім де ақымақ екенмін. Бір қызға ғашық болдым. Енді мінекей...

— Қыз сені ұнатпай ма? — деді Василий таңырқап.

— Ұнатпай ма?! — Ержан мырс етті. Ұнатпағаны сол, иттің етінен жек көреді. Мен болсам... Мен... Маған одан асқан адам жоқ еді. Күні кешеге дейін уайымым да, қайғым да жоқ сияқты еді. Көңілім белгісіз бір қуанышқа толы болатын. Енді құлазыған елсізде жалғыз қалғандаймын. Ешкімге керегім де жоқ. Ең жақын деген адамың жат болып шықса, оны ешкімнің басына бермесін, кісінің өмір сүргісі келмейді екен.

— Жат болғанына көзің жетті ме? — деді Василий жұлып алғандай.

— Екеуін кеше көрдім. Енді несін жасырайын, бәрі-бір, — деді Ержан Василийдің өңіндегі сұрақты танып. — Уәли екеуін көрдім. Көңілдері қосылған сияқты.

— Бірге жүргенде не тұр, — деді Василий сенгісі келмей.

— Жай жүріс емес,— Ержан мүдіріп қалды. — Кеше мәжілістен таяқ жеп ренжіп шыққасын... не істерімді білмедім. Ең жақын, жаны ашиды деген адамыма барып, ренішімді тарқатқым келді. Санвзводқа келсем Уәли екеуі шығып келе жатыр екен. Уәлидің маған мейірімі түсе қалды. Мені аяп, маңдайдан сипап тұрған сияқты. Ондай нәрсе кісіні қорлағаннан жаман. Өзіңді өзіңе мүсәпір етіп көрсетеді... ЬІзаланып қатты сөз айтып тастайын деп бетіне жалт қарадым... Сұмдық сыр ашқандай болдым. Май ұрлаған мысықтай Уәлидің көзі жылтырап тұр. Тез көзін тайдырып әкетті. Раушанның бұйығы түрі, Уәлиге бір түрлі ыстық көзқарасы... Білмеймін, қызғаныш па, ыза ма, жиреніш пе, ішім алай-дүлей болды. Не айтқаным есімде жоқ. Әйтеуір Уәлиге талай сөз айтқан болуым керек. Ұры көзі ойнақшыған жылымшы бетін қан жоса қылғым келді. Кенет... Өмірі есімнен кетпес. Раушан маған шап берді. Балапандай шырылдап Уәлиді жақтады. Сол кезде не күйде болғанымды білмеймін. «Не ғып тұрсың» деген Уәлидің сөзі құлағыма жетті. Қалай тайып тұрғаным есімде жоқ. Артымнан Уәлидің «бала, екіншілей тентек болма» ден шықылықтап күлгенін естідім. — Ержан тіксініп қалды. — Сол күлкі құлағымда әлі тұр. Қайрылып жауап бере алмадым. Жауап беретін не қалды. Қор болып, қоян жүрек қорқақша қаштым. — Ержан төмен қарап, қолындағы темекісінің тұқылын саусағымен умаждай берді. Аздан кейін ащы мырс етті. — Енді басылған сияқты.

Василий Ержан көңілінің басылмағанын, талай уақыт басылмайтынын түсінді. Кісіге сенгіш ашық жүзді шалған мына қасірет тез ыдырамайды, маңдайдан төмен қарай түскен екі сызық енді жазылып кетпейді. Кім біледі, алғашқы түңілумен бірге балалық аңқаулығы да өтер. Василий Ержан қайғысын түсінді. Бірақ не деп жұбаныш айтарын білмеді. Жұбаныш айту керек пе? Ержан үндемей төмен қарап отыр. Тағы да қасында Василий отырғанын ұмытып кеткен.

— Жүр окопты аралайық, — деді Василий.

Екеуі алғы шепті аралады. Деревняның шетінен басталған жазық бір шақырымдай созылып, қарағайлы қалың орманға тірелген. Шаншыла өскен биік қарағайлар қалың тұтасқан қара жар сияқты. Күздің сұрғылт бұлтты аспаны, дымқыл жұмсақ ауасы қалың қарағайды одан да қоюлатып, сұстандыра түскен. Батпаққа малтығып қақалып булыға гүрілдеген машина даусы болмаса, алдыңғы жақтан ешбір тірлік белгісі білінбейді, шөбі солып, қоңырқай-сұрғылт тартқан жұпыны жер күздің ылғалды қара суығына жаурап, жүдеу жатыр.

Василийдің сөзге ықыласы болмай солдаттармен шүйіркелесіп сөйлесе қойған жоқ. Ал, Ержан алғы шепті аралағанда тіпті өзгеріп кетті. Ұсақ-түйектің бәріне байланысып, кішкене де болса салақтық жасаған солдаттың апшысын қуырды. Солдат деген халық жердің астындағыны біледі ғой. Командирдің аузынан шыққан сөзді қағып алып тым елпілдей орындауларынан-ақ Ержанның бір ренішке ұшырағанын сезгендері көрініп тұр.

— Байқап жүрмін, немістер жөндеп бекініс шебін жасаған жоқ, — деді Ержан орманға көз жіберіп.

— Иә-ә. «Бәрібір шабуылға шығамыз, әуре болып окоп қазып қайтеміз» дейді ғой.— Василий сыздана ақырын сөйледі. Тұра тұр, бәлем. Әлі жеті қат жер астына сүңгірсің, — Василий мүдіріп азғана тұрды да, Ержанға бұрылды. — Бірақ бізге де оңай тимес. Оған дейін де қиындық бар. Өзіңді соған сақта.

Ротаның команда пунктіне келе жатып Василий дел-сал болды. Аса бір қажетті істі тындыра алмаған адамның мазасыз сезімінде келе жатты. «Ержанға көмектесу керек» деп ойлады ол, бірақ қалай көмектесудің жолын таппады. Өмірден алғашқы рет қатты соққы жеген жас адамның халі өте ауыр болады. Өзі де қатты беріліп сүйген екен. Қандай жарастықты қосақ болар еді. Уәли...

Оның несіне қызықты екен. Сол жігіт түбі опа бере қояр ма екен. Қыз өмірін арылмас өкінішке ұрындырып, тайып кетпесе не ғылсын. Осы адамдар бірін-бірі неге түсінбейді екен? Олардың арасын жарастыру Василийдің қолынан келмейді. Және соның уақыты ма? Азғана тыныс алған немістер кешікпей қайта шабуылға шығады.

Ержан болса өз қасіретімен әлек. Оның қайғысынан әлдеқайда үлкен жалпыға ортақ қайғы бар емес пе?

Сол қайғының оған жетпегені ме!?

Василийдің көз алдына тағы да Ержан елестеді. Әйтсе де демеу боларлық бір нәрсе айту керек еді. Өз бетімен арылып кетуге қайраты жете ме? Тәжірибесіз жас қой.

Василий тұңғыш рет өзінің дәрменсіздігіне налыды.

2

Уәлидің қабылдаған ротасы Мұрат батальонының сол жағынан қанаттаса бекінген екен. Ротаның оң қанатындағы үшінші взвод деревняға жақын. Арт жағы таса, бірақ алғы шеп жақсы көрінетін кішкене төбенің басынан команда пункті қазылған. Уақытша рота командирінің қызметін атқарған 3-взводтың командирі талдырмаш жас жігіт Фильчагин жаңа бастығын жалпылдап қарсы алды. Селеудей шикіл шашты, жұқа өңді, қимылы шапшаң елпілдеп тұрған жігіт екен. ЬІстық ықыласпен қарсы алғаны Уәлиге ұнап қалды. Уәли жер үйге еңкейіп кіре бергенде-ақ танып, ұшып түрегеліп иіле тұрып сәлем берді. (Жер үй аласа екен).

— Рота командирінің қызметін уақытша атқарушы кіші лейтенант Фильчагин, — деп рапорт берді ол. — Келіп қалдыңыз ба? Батальон штабынан сіз туралы звонить етіп еді. Мен ертіп келуге кісі жіберіп едім, кездестірмедіңіз бе?

— Ертіп келді. Рақмет,— деді Уәли оның қолын қысып.

Тар жер үйдің ішіп көзімен шолып өтті. Бұрышта құлағына телефон трубкасын байлап алып телефонист отыр, аузын ашып жаңа командирге қарап қалған екен, көзін тайдырып әкетіп: «Первый, проверка» деп қойды. Есік жақта қасына қапшығын, котелогін қойып, егде тартып қалған, сақал-мұрты өскен орыс солдаты отыр. «Ординарец болар». Үй іші көк түтін. Уәлидің қабағын бағып тұрған Фильчагин де оны сезіп қалды.

— Сайтандар-ой, үйдің ішін көк түтін етіпсіңдер ғой.

— Полищук, есікті аш,— деді Фильчагин. Босағада отырған Полищук күйбеңдеп есікке ұстаған плащ-палатканы түрді. — Түнде саябыр болғасын жер үй қазып алып едік. Сыртта бақылау пункті бар. Бірақ алғы шепке байланыс жолын қаза алмадық. Фрицтер маза бермей тұр. Уақыт жоқ. Сіздің келгеніңіз жақсы болды.

— Взвод командирлері түгел ме? — деп сұрады Уәли.

— Қайдан түгел болсын. Ротада екі-ақ командир қалдық. Қалғандары сержанттар. Енді үшеу болды. Түгенделіп қалдық қой.

Фильчагин жаңа командирді жағдайымен таныстырып болғасын аз үнсіз отырды. Елгезек жігіт жылдам сөйлеп, оқыс тоқтап қалады екен.

— Мүмкін алғы шепті аралап шығармыз, — деді ол сәлден кейін.— Әлде кішкене қараңғы түскенін күте тұрамыз ба?

— Күте тұрайық. Ал, жаңа қызметті аздап жумайсыз ба? — деді Уәли Фильчагинге күле қарап.

Уәлидің көңілі көтеріңкі болатын, майлы колбаса мен арақтан кейін төңірегінің бәрі жайнап сала берді. Офицерлік атағы болғанмен қарауында бағынышты адамдары болып көрмеген штаб қызметкері — өз қолындағы билікті сезіп марқайып қалды. Мынау барын аянбайтын ықыласты Фильчагин, «что ж, слово командира закон, можно и выпить», — деп қуақы жымиып жүз грамды тартып жіберген Полищук, анау алғы шепте отырған елуден астам жауынгер мұның аузынан шыққан сөзін қағып алып орындайды. Енді бұрынғыдай бір солдатты бір жаққа жұмсағанда Уәлидің атағы болғанмен билігі жоқтығын әдейі ескерткісі келгендей «кетіп қалсам командирім ұрсады», болмаса «командирім пәлен тапсырып еді» деп жалтарып, ішінен: «қайсы біріңе бәйек болам, өз командирім бар» деп тұрмайды. Уәли бір есептен рота командирі болғанын дұрыс та көрді. Соғыс қой, біраздан кейін батальон командирі болып кетсе, одан полк...

Алдыңғы күні сәтсіздікке ұшырағанда Уәли қатты ызаланып еді. Кейінгі қуанышы бар ренішті ұмыттырып жіберді. Жастық нұрына балқыған Раушан ертерек үйленіп, ескіріп қалған әйелінен көңілі суына бастаған Уәлиді қатты қызықтырған. Екеуінің арасының болашағын Уәли ойлады ма, жоқ па, оны өзі де білмейді, тек әйтеуір күн асқан сайын сұлу қызға ынтығы арта берді. Жүріс-тұрысы, бет әлпеті, бар мүсіні көз алдына тұрып алды. Қауіп-қатерге баратынын білгеннен кейін Раушанға ынтықтығы тіпті асып кетті. Арман еткен асылын біреу қолынан жұлып алып кеткендей өзегі өртенді. Әшейінде үркітіп алам ба деп сескенетін Уәли көзін жұмып батыл қимылдады. Сол жеңісінің қуанышы әлі басылған жоқ.

Елгезек, сөзшең Фильчагин кішкене қызып алғасын бұрынғыдан бетер елпілдеп көп сөйледі.

— Біздің рота жақсы, жолдас аға лейтенант. Әттең кішкене азайып қалды. Үйреніскен жақсы жауынгерлердің көбі саптан шықты. Ендігі пополнениенің қандай болатынын кім білсін.

— Бұрынғы рота командирі жараланды ма? — деп сұрады Уәли.

Фильчагин мұңайып қалды.

— Жоқ, қаза тапты, — деді ол күрсініп. — Жақсы кісі еді. Жауынгерлер де өзін жақсы көретін. Сіз оны білетін шығарсыз. Дивизия газеті жазды ғой. Лейтенант Булатов. Нағыз герой еді.

— Естімедім, — дей салды Уәли.

— Маслованың түбінде фрицтер бізді қалай қысқанын білесіз бе. Біздің ротаға қарсы фрицтер төрт танк жіберді. Сонда біздің лейтенант...

Фильчагин көзі жайнап Булатовтың ерлік істерін сипаттан кетті. Уәлидің көңіліне ұрланып қызғаныш ене бастады. Қазір елпілдеп тұрған мынау Фильчагин өзге жұрттың алдында Уәлидің ісін осылай бар ынтасымен сүйсіне сипаттай қояр ма екен. Әрине, бұл әлі іске кіріскен жоқ. Бірақ ай өтер... Солдаттар да осы сияқты Вулатовты еске алып «командир деп соны айт, жақсы кісі еді ғой» деп тамсанып қоятын шығар. Уәли өзін тату-тәтті үйге сырттан кірген бейтаныс адамдай сезінді. Жатырқамаса да мыналар әзір іш тартып кете қоймас.

Түнде окопты аралап жүргенде сыртынан айтқан солдат әңгімесі құлағына шалынды.

— Өзі қайдан келген екен? — деп сұрады жіңішке жас дауыс.

— Штабта істеген дей ме, білмеймін, — деді даусы қарлыққан біреу.

— Е, жылы жерден келген екен ғой, — деп әңгімеге үшінші солдат араласты.

— Әй, Булатовтай қайдан болсын, — деді даусы қарлыққаны.

Уәли еш нәрсе көрінбесе де жау жаққа көз жіберіп, дыбыс тыңдап тұрған. Мына әңгімені еріксіз құлағы шалды. Қасындағы Фильчагин жөтеліп дыбыс бергесін солдаттар тына қалды. Уәли дауыс шыққан жаққа қарай жүрді.

— Сәламатсыздар ма, жауынгерлер, — деді ол окоп ішінде иін тіресіп тұрған үш адамның қасына келіп. Үшеуі ақырын сәлем берді.

— Бұл кісі біздің рота командирі аға лейтенант Молдабаев, — деп таныстырды Фильчагин.

Уәли қараңғыда солдаттардың жүздерін анық көре алмады. Бергі шеткісі орта бойлыдан төмен төртпақ, жалпақ бет қара жігіт. Кішкене көздері қараңғыда қос моншақтай жылтырайды. Оған жалғас еңсегей бойлы еңкіштеу солдат тұр. Өзіңше жау жаққа үңіліп қалған сияқты, бірақ желкесінің тым күжіреюіне қарағанда көз қиығымен жаңа командирді бағып тұр. Үшіншісін Уәли көре алмады.

— Фамилияңыз кім? — деп сұрады Уәли төртпақ солдаттан.

— Қошқарбаев, — деді ол қарлыққан жуан дауыспен.

Уәли осы жауынгерді ұнатпай қалды. Қошқарбаевтың жең ұшынан жылтырап от көрінді.

— Неге темекі тартасың!? Немістерге біздің окопты көрсеткің келе ме? — деп жекірді Уәли барған сайын Қошқарбаевқа ызалана түсіп. — Сөндір қазір. — Қошқарбаев асықпай ақырын иіліп барып темекісін аяғымен таптады. Уәлиге ол қасақана баяу қимылдаған сияқты көрінді. Жылтыраған кішкене көзін де тайдырып әкетер емес, не сескеніп, не қағытып тұрғаны белгісіз. Уәли оны қатты жазалағысы келді, бірақ жазаның ретін таппай одан жаман ыза болды. — Оңбаған разгильдяй. Кесірің бүкіл ротаға тиеді. Опасыз.

Уәли жүре берді. Қошқарбаев орнында шегеленіп қалғандай селт етпей тұр. Екі көзі бұрынғыдан бетер жылтырап Уәлиді тесіп барады. Уәли ұзай бере тағы да естіді:

— Не үшін!? Не үшін мені опасыз дейді, — деді Қошқарбаев қарлыққан даусы қалтырап.

— Қой, ренжімеші, Жолдыбай. Қызып кетіп айтқан шығар, — деп жұбатты жалынышты жіңішке дауыс.

Үнсіз еріп келе жатқан Фильчагин:

— Жолдас аға лейтенант, — деді оңашарақ шыққасын,— кейігеніңіз дұрыс қой. Бірақ сіз бекер ренжіттіңіз оны. Ол өзі жақсы, адал жауынгер.

— Маған жөн-жосық үйретпеңіз, жолдас кіші лейтенант, — деп кейіп тастады әлі ашуы басылмай келе жатқан Уәли. «Кіші» деген сөзді басыңқырап айтты.— Ротаны бетімен жібергенсіңдер. Тәртіп жоқ.

Осыдан кейін сөзшең Фильчагин тіпті үндемей қалды.

Тек ротаның команда пунктіне жақындағанда ғана:

— Жолдас аға лейтенант, мен өз взводыма барайын, — деп рұқсат сұрады.

— Осында болыңыз, жолдас кіші лейтенант,— деді Уәли оған. — Қазір барлық взвод, отделение командирлерін шақырыңыз. Мәжіліс өткіземіз.

Алғы шепті командирсіз тастау қалай болар екен, — деді Фильчагин.

— Ендеше әр взводта бір отделение командирі қалсын.

Тар жер үйге сегіз командир әрең сыйды. Біріне-бірі сығылысып жүрелерінен отырып жатыр. ПТР-дің патронының гильзасынан жасаған жалпылдақ май шам түтеп барады. Жаңа бастықтың сырын білмейтін командирлер әдеттегісінше әзілдеспей тыныш отыр. ЬІстық-суыққа қақталып, жел қағып қарауытқан жүздері қара көлеңкеде әсіресе қатал көрінеді. Уәлиге осылардың әрқайсысы бір шойдым сияқты. Өзінің нәзіктігін сезіп қорланып та қалды. «Мына сияқтылар тырнағыңды батырмасаң қойқаңдауын қоймас» деп ойлады ол. Өзінен артықшылығын, не күштілігін сезген адамын іштей жек көретін әдеті барды Уәлидің. Басынан тізгінді босатып алмай қатты ұстағысы келді.

— Безобразие, командир жолдастар, — дей бастады ол сөзін. — Ротада тәртіп жоқ. Жауынгерлерді бетімен қоя бергенсіңдер. Ертең немістер шабуылға шықса рота төтеп береді деп қазір айта алмаймын. — Қара көлеңкеде отырған біреу «амалдап шығармыз», — ден күңк ете қалды. — Сөзімді бөлме, тәртіп сақта, — деп Уәли оған кейіп тастады. — Мінекей командирлердің өздерінің тәртібі нашар. Мен ротада қатаң тәртіп орнатуға міндеттімін. Немістер ертең шабуылға шығады деген хабар бар. — Уәли қабағын түйіп жұрттың бетіне жағалай қарап алды. — Біз бұл жерден бір қадам шегінбеуге тиістіміз. Бір солдат окоптан шығып қашса әр командир басымен жауап береді. Қашқан адамды өз қолыммен атамын. Менің ротам бір адамы қалғанша шегінбеуге тиіс. Мені полктың штабынан сол үшін жіберіп отыр. Ескертіп қояйын, қатал боламын.

Жас кезінен-ақ тағдыр деген Уәлидің жомарт қамқоршысы болатын. Мектепте оқушы, институтта студент кезінде өз қатарынан алда болды. ЬІлғи көзге түсіп, ауызға ілініп жүретін. Қатар құрбылары кішкене қалаларға, тіпті алыс түкпірдегі ауылдарға мұғалім болып кеткенде бұл орталықта аспирантурада қалды, бір жағынан институтқа сабақ берді. Ғылыми еңбек дайындады. Алғашқыда өзінің биікке қарай қиналмай, тіпті алқынып, ентікпей жеңіл және тез өрмелеп бара жатқанына Уәли ептеп таңырқайтын еді, бірақ аздан кейін оған әбден бойы үйреніп кетті. Өз қатарынан артық, биіктігіне көзі жетті. Оны сәтті сапарынан бөгеп, бірнеше жыл жолынан қалдырған әскер қызметі болды. Түпкілікті әскери қызметкер болып қалуды ойламаса да жай солдат болып жүруді қорсынып командирлік оқуға түсті. Бұрынғыдай жылдам болмаса да әскер қызметінде де сатылап жоғарылай берді. Азғана уақыт взвод командирі болып істеген штабқа орналасты. Неге екені белгісіз, Купцианов мұны қатты ұнатты. Уәли өзін әділетсіздікке төзбейтін, мінезім тік, қызу адаммын деп санайтын. Онысында шындық бар-ды. Өзі тұстас, не өзінен кіші студенттерге, кейін сол сияқты командирлерге ол осы мінезін тосатын. Бірақ өзінен жоғарыларға қарсы келіп көрген жоқ-ты. Оларға жағымпазданып, орынсыз жалпақтамайды да, өзін кішірейтпейді де, бірақ үлкендермен қатар болғансып жүріп-ақ ылғи ығын таба біледі. «Жолдас майор, сіз бүгін демалған жоқсыз. Оныңызға қарсымын. Телефонда мен отырмын ғой. Демалыңыз» дейді Купциановқа: «Майор» деген сөз бейне «генерал» дегендей салмақты шығады Уәлидің аузынан. Кейде «жолдас майор, алғы шепке орынсыз көп барасыз. Жөнсіз батырлықтан не пайда бар. Сіз бүкіл полкты басқарып отырсыз, соны ұмытпаңыз», — деп кейіп тастайды ол Купциановқа. Купцианов оған ашуланбайды, «қайтейін, штабта отыра алмаймын», — деп ақталады. Уақыт кеңдеу кезде Купцианов пен Уәли ұзақ сырласады. Әдетте майордың зерігіп отырғанын байқап сөзді Уәли бастайды. «Біздің командирлердің стратегия, тактика жөнінде мағлұматы әлі кеміс қой. Мольтке, Веллингтондарды былай қойғанда тіпті Клаузевицті оқығандар аз», — дейді Уәли Купцианов бетіне мұңая қарап: «Иә-ә, Клаузевиц үлкен теоретик. Оның бір еңбегінде...» — деп Купцианов ағытылып кетеді. Жалпы Купцианов жұрт аз білетін нәрсенің бәріне құмар болатын. Керекті-керексіз болсын жұрт біле қоймайтын есімдерді білгенін, беймағлұм кітаптармен таныстығын білімінің артықтығына санайтын.

Уәли Стрелковпен де жақсы. «Жолдас комиссар, штабтағы командирлер де жауынгерлер арасында саяси жұмыс жүргізу керек. Мен тарихтан бір лекция оқымақ едім», не болмаса: «Красная звезданың» бас мақаласын штаб қызметкерлеріне оқып бермек едім. Жауынгерлердің дұшпанға өшпенділігін тәрбиелеуге жақсы материал», — деп Уәли Стрелковқа жиі ұсыныс жасайды. Ол қашанда аса бір сезімталдықпен әр адамның оңынан шығып, ыңғайын таба білетін.

Уәли бүгінгі ұрысқа өзін дайындап, іштей жаратып әкелді. Мәжіліс алдында дұшпанын жеңіп жерге қаратуын, жомарт тағдыр сыйлаған жас сұлудың махаббатын жақсылық нышаны деп жорыды. Үлкен ерлік жасап атағын шығаратынына, жоғарылайтынына кәміл сенді. Алдыңғы шепті көмген қою бұйра түтін шеті Уәли тұрған команда пунктін де қанатымен қамтып алды. Жақын жарылған снарядтың зыңылдаған ащы даусы жиілеп, біріне бірі жалғасты, тіпті қабаттасып та кетеді.

Уәли сонда да жасқана қоймай биноклін көзіне тосып алдыңғы жаққа — тұтасып кеткен көк түтінге қарайды. Кейде өзінен жүз елу метр жер алда, анау үсті-үстіне үдете төмпештеген ажал тоқпағының астында тірі жан қалды дегенге сенбей қалады. Арқыраған, гүрілдеген, зыңылдаған дауыс үзілер емес, көк, қошқыл түтін-топырақ тау басына оралған қара бұлттай теңселіп, бұйралана береді. «Ұлы айқас басталды! Иә сәт!»—деді Уәли ішінен.

— Жолдас аға лейтенант, жолдас аға лейтенант! — ден айқайлады шұқырда отырған телефонист. — Сізді комбат сұрайды.

Уәли қолына трубканы алып еңкейе берді.

— Жолдас Молдабаев, жолдас Молдабаев... — Трубкадағы дауыс үзіліп кетті. Уәли «аллолап» қанша айқайласа да жауап ала алмады. Телефонист шұқырдан бүкшеңдей шығып сымды жалғауға жүгіріп кетті. Уәли оның келуін күтіп шұқырдың түбінде отырып қалды. Телефонист тез қайтпады. Уәли түрегеліп алдыңғы жақты қайта шолмақ болып еді — бір ғажабы окоптан басын шығарғысы келмеді. Қорқынышты сияқты. «Иә-ә, қызық екен. Өзің, достым, қорыққаннан саусың ба?» деді Уәли өзіне. «Жоқ, кішкене отыра тұруға болады ғой» деп ақталды.

— Полищук, алдыңғы жақты бақыла! — деп айқайлады Уәли.

— Құп, жолдас командир! — деп жауап қатты бұрыннан да сығалап алғы шепке көз жіберіп тұрған Полищук. Сәлден кейін ол Уәлиге бұрылды. — Иттердің атысы сұмдық! Сірә, шабуылға шындап кіріскен шығар.

Уәли Полищуктың шаң-топырақтан қарауытқан жүзіне қарады. Даусы да, өңі де сабырлы.

— Біздің телефонист неге кешікті екен? — деп мазасызданды Уәли.

— Кім білсін. Может, саданули его,— деп жауап берді Полищук алдыңғы жақтан көзін алмай. — Связист деген халық та, мына біздер, шабармандар сияқты, өздері оқ атпайды. Бірақ немістің оғына ілігеді. Қосақ арасында кетеді.

Уәли Полищукке түсіне алмады. Ажалдың аузында тұрып ажалмен ойнауы қалай. Сескену дегенді білмей ме екен, әлде түк түсінбейтін кеще болғаны ма? Окопқа, дәл Уәлидің аяғын баса дүрс етіп телефонист құлады. Уәли ауырған аяғын суырып алып оған үрке қарады. Телефонист кішкене қара домалақ жігіт басын көтеріп алып:

— Кешіріңіз, жолдас командир! — деп зорланып күлді. — Мен байқамай қалдым.

— Еш нәрсе етпес, сымды жалғадың ба?

— Жалғадым, жолдас командир. Қарыма жарықшақ тиіп, кішкене кешігіп қалғаным. Бір қолмен әрең жалғадым.

Полищук жалт бұрылды.

— Что, садануло тебя, Тимурка?

— Садануло, — деді Темір ыржиып. — Кәне таңып берші, Вася.

Полищук қалтасынан пакетін суырып алып Темірді алдына өңгере жеңін шешті. Жарықшақ Темірдің қар етін ойып кеткен. Қан сорғалап, ырсиған жарадан Уәли шошып қалды, бірақ сыр білдірмеді.

— Еһе, достым, сен санбатқа баруың керек. Госпитальға түсесің, — деді Полищук Темірдің қолын таңып жатып.

— Ұрыс біткесін барармын. Трубканы бір қолмен ұстауға да болады ғой, — деді Темір тыржиып, Полищук жарасын ауыртып алды білем.

Бар қайратын жиып өзін қайрап ұстаған Уәли енді арқауы босап окоптан басын көтергісі келмеді. «Полищук қарай тұрсын. Басымды босқа оққа тосып нетемін. Немістер шабуылға шықпай жатып жазатайым болсам...» Бір кезде: «Осы мен қорқып отырған жоқпын ба?»—деген ой келіп шошыды. «Жоқ, жоқ... Көзсіз батырлық неге керек?» Дәл окоптың ернеуіне келіп снаряд жарылды. Уәлидің төбесіне, желкесі мен жотасына жалпақ тақтаймен соғып жібергендей болды. Денесі ауырлап құлағы бітіп қалды. Кермек түтін қолқасын атты. «Окоптың ернеуінен сығалап тұрсам ғой шаруам бітіп еді» — деген ой жалт етті. «Құдай сақтағанын қарашы!»

— Немістер атакаға шықты!

Полищуктың даусы төніп қалған қауіпті хабарлағандай ащы естілді. Уәли еріксіз орнынан атып тұрып алдыңғы жаққа қарады. Әуелі ол еш нәрсе көрмеді. Енді сирек жарылған снарядтың тұтасқан түтіні жыртылып, ыдырап барады. А, әнекей жыртылған түтін арасынан бүкшеңдей жүгірген екі адам көрініп қалды. Сәлден кейін түтін сейіліп неміс шебі түгел көрінді. Күзгі жиі жаңбырдан әбден қарауытып жүдеу тартқан жердің реңінде жасыл шинельдер құрбақаның қабығындай қарауытып, жасыл да емес, қара да емес, көк те емес, сол үш бояудың жиреніштік қоспасы сияқты елес береді. Ана келе жатқандар сүйек, еттен жаралғаны адам емес, бақадан жиренішті, жылымшы, салқын сұсты ажал болып сезілді Уәлиге. Солдаттар әлі оқ атпай тыныш жатыр. Артиллерия атысынан естері танып қалған ба? Уәли оқ атсын, бір қадам шегінбесін деген бұйрықпен әр взводқа шабарман жүгіртті. Дұшпан жақындап келеді. «Екі жүз метрдей қалды», — деп топшылады Уәли. Ол кешеден бері ширатып бойына жиған қайратының таусылып бара жатқанын сезді. «Ерлігімнің бір атакаға жетпегені ме?» — деген ойдан қатты шошынды.

— Жолдас комрот, жолдас комрот, сізді комбат сұрайды.

Уәли алғашқыда Темірдің не айтып тұрғанына түсінбеді.

Алда қаптап ажал келе жатқанда, кәдімгі тыныш кездегідей комбат телефонға шақырады. Бұл дүниеде комбат барын Уәли ұмытып кетіп еді.

— Жауды сабырмен қарсы алыңдар! Жақыннан атыңдар! Шегінбеңдер! Шегінбеңдер! — деп айқайлады комбат.

Бір сәтке Уәли өзінің бар дәрменсіздігін айқын сезді. Кеше ғана аузынан шыққанын бұлжытпай орындайтын ротаға қазір әмірі жүрмей қалғандай. Қолынан тізгін шығып кетті. Анау алғы шепте солдаттар әрқайсысы ажалмен бетпе-бет алысып жатыр. Мұның «шегінбеңдер!» деп екі шабарман арқылы байбалам салған дауысы оларға жөндеп жетпейді де. «Шегінбеңдер!» деген бұйрық та мұныкі емес — комбаттыкі! Уәли өзін елу-алпыс адамды әміріне көндіріп, олардың қайрат қимылын бағыттап жүрген командир емес, дұшпанымен қанжоса болып төбелесіп жатқан үлкен палуанның артында бұғып тұрған бала сияқты сезінді. Тізесі дірілдеп бара жатса керек.

Жанын қармағанда қолына құтысы ілікті. «Иә... Иә... Әлденіп алу керек!» Құтының тығынын әрең ашып, қос қолдап бүйірінен қысып басына көтерді. Ащы салқын арақ өңешін өртеп кетті.

Алғы шептің қардай бораған оғынан дұшпан атакасы тұншығып қалды. Бірақ немістер кейін шегінбей жеткен жерлерінде жатып шұңқыр қазып бекіне бастады. Азғана саябырдан кейін тағы да бір дүркін артиллериядан атқылап, танк жіберді. Орман ішінен танктерге ілесе тағы да жаяу солдаттар шықты.

Комбат азғана зеңбірегін кейінге сақтаған екен. Жау танктерінің маңынан әр жерден снарядтар жарылды. Бірақ немістің үш танкі онша көп сескенбей іркіле атқылап, ілгерілеп келеді. Танктердің жақындаған сайын өткірлене түскен ащы сықыры Уәлидің миына қанжардай қадалды. Кенет арақпен жиған соңғы қайраты — будай тарқап, көңілі құлазып қалды. Бір ғажабы, дәл осы мүсәпір халінде кешегі «ерлік көрсетін атағымды шығарам» деген ойы сап ете қалды. Уәли кеше өзінің жауынгерлерді алға бастап, жауды қуып бара жатқан ерлік кейпін көзіне елестетіп еді. Қазір сол елес бір сәтке көз алдына қайтып айналып келді. Онда ол өзін күшті сезініп еді — сол қиялындағы сезімі қазіргі дәрменсіз, мүсәпір халін мазақтап тұрғандай. Қиялындағы жау ойыншық еді, ал мына жау ажал. Кенет анау секунд сайын жақындап келе жатқан танктың өзін шыбындай жаншып кететінін бар денесімен сезді. «Мен өлмеуім керек! Өлуім мүмкін емес!» — деп ойлады ол. Қозып кеткен миында әртүрлі елес бір жалт етіп қалады. Мінекей институттың егде оқытушылары асықпай басып аудиторияға кіріп барады. Аласа бойлы, тығыршықтай, қысық көз Сәлімгереев кеңсірігіндегі көзілдірігін сол қолымен көтеріп тұрып, күлімдеп Уәлиге бас изеді. «Мен ажалдың аузында арпалысып жатқанда, олар қаннен-қаперсіз лекция оқып тұр, — деп ызаланды Уәли,— мен неге өлем? Сәлімгереевтен кеммін бе?» Мінекей махаббатқа толы көз шарасы дөңгеленіп, жұқа ерні дір етіп Раушан көрінді. «Ах деп ышқынды Уәли, Раушанды енді қайтып көрмеуім мүмкін емес!» Уәли алғы шептен шығып кейін қарай жүгірген жауынгерлерді көрді. Әне екеуі шықты, тағы да екеуі. Мінекей тіпті көбейіп кетті. «Бұлар неге жүгіріп келеді!?»

— Жолдас комрот, біздікі қашты! —деп айқайлады Темір.

Темірдің сөзі Уәлиді маңдайынан таяқпен қойып қалғандай, сұмдық сырды ашты. Дұшпан-ажал толқындай жапырылып кеудесінен басып бара жатты. Оны қайыра серпуге тойтаруға бойынан қайрат таба алмай Уәли ыға жөнелді.

Дауылдан қашқанда ық іздейтін қой сияқты Уәли деревняға қарай ойысты. Екпіндеп келіп бір үйдің тасасына тығылып ептігін басты. Үйдің аржағынан дабырлаған дауыс естіледі. Кенет есіктің қолақпандай ағаш тұтқасы көзіне оттай басылды. — Қашан көрді?— Тұтқаның ортасы ырсиып жарылған — Уәлидің қолына тікені кіріп кетіп еді.

— Раушан!

Есіктен дәрі-дәрмек толы үлкен сары сумканы құшақтап Раушан шықты. Қолынан сумкасы түсіп кетіп, ақырын тұрып қалды. Бірақ лезде қыздың өңі жылыды.

— Сәламатсыз ба, Уәли. Мұнда қайдан келдіңіз?

Раушан кенет тіксініп, үрпие қарады. — Мынау тегін жүріс емес қой, — Уәли безілдеп сөйлеп қоя берді.

— Тез жүр, Раушан! Жау келіп қалды. Танктері бар! — Ол жалтақтап артына қарады. Қашқан солдаттар тұсынан өтіп барады. — Жүр тез! Саған келдім!

— Біздің батальон орнында ғой! Оны қайтеміз! — деді Раушан шошынып.

— Ойбай, тез жүр! Олар да қашты! Жау келіп қалды!

— Қой, олар орнында! Жаңа келдім ғой! —деп болмады Раушан.

Осы кезде бұрыштан Коростылев шыға келді.

— Мұнда үрей салып жатқан кім! — деп жекірді ол.

Уәли таяқтан жасқанғандай үркіп қалды:

— Сізбісіз, аға лейтенант? — деді Коростылев оны танып.

— Танк келіп қалды! Шегінуге бұйрық бар! — деді Уәли қыпылықтап.

— Өтірік айтасыз! Шегінуге бұйрық жоқ. Қазір ана жауынгерлерді тоқтатыңыз! — деп Коростылев сазарып Уәлиге төне түсті.

Кенет қайнап кетіп: — Убирайтесь к черту! А то стукну! — деп ақырды.

Раушан аң-таң болып аузын ашып тұрып қалды. Уәли «қазір тоқтатам» деп күңкілдеп ақырын шегініп барып тайып тұрды. Кенет Раушанның көз алдында басқа бір көрініс жалт етті. Таяқ алып қуғанда құйрығын қысып алып, көзі жаутаңдап шегіне беретін қызыл төбет болушы еді үйінде. «Масқара-ау, мынау сол ғой!»

— Тұрма! Тез жаралыларды жөнелт! — деп әмір етті қазықтай қатып қалған Раушанға Коростылев.

Раушан еріксіз екі жаралы жауынгер айқасып жатқан арбаға келді. Көзінен аққан жасын сезген жоқ. «Соның сұмырай екенін біліп едім» деген Коростылевтың ыза мең күйініш аралас даусын құлағы шалды.

3

Уәлидің ротасының шебін жарып өткен немістер Соколов деревнясына соқпай оны тылдан орағытып, дивизия штабы тұрған Васильево деп аталатын үлкен деревняға — екі жолдың торабына қарай беттеді. Дұшпанның кейінгі бөлімдері мен танктері екінші батальонды түгел тықсырды. Үш-төрт күннен бері іркіліп кейінгі күштерін тартып алған неміс командованиесі — шептің үзілген жерін сыналап кеңітіп, прорывқа үлкен күш төкті. Оларды ішке кіргізіп жіберіп қапшықтың аузын жаба салып талқандауға — бекіністі әрең ұстап тұрған батальондардың күші жетпеді. Дивизия мен полк командирлері бұзып өткен жау күшіне қолдағы бар резервінен селдір тосқауыл қойып қарауындағы бөлімдеріне шегінуге бұйрық берді. Батальондар желкеден төнген дұшпаннан қарасын үзуге тырысып атысуға азғана тосқауылдар қалдырып асығыс шегінді.

Мұраттың команда пункті Соколово деревнясының бергі шетіне таман болатын. Ұрыс кезінде Мұрат алғы шептегі, роталарда болды. Ержүрек батыр жігіт қиын сәтте өз батальонының әлсіреген жерін тауып ала қойып демеп жіберетін. Кейде көзсіз батырлығын мақтаныш етіп өліммен ойнайды. Неғұрлым өжет болған сайын ажалдан аулақ болатын соғыстың түсініксіз заңы бойынша оған да оқ дарымады. Ол алғы шепке келгенде солдаттарға сабыр мен сенім ала келетін. Бар ойы мен әрекеті шегінбеуде, немістерді тоқтатуда болған Мұрат төңірегінде не болып жатқанын түсіне алмай қалды. Сол жақ қанатта бір шатақ болғанын сезді, бірақ оған мән беріп зерттей қоймады.

Ымырт үйіріле бастағанда алқынып Маштай келді. Қарасы кіші үлкен көзі алақтап:

— Золдас комбат, бері кеп кетіңізші! — деп шақырды.

Мұрат бір жаманаттың болғанын сезіп төңірегіндегі екі-үш солдаттан бөлініп шықты.

— Иә, немене?

Маштай төңіректе ешкім болмаса да аузын қолымен Қалқалап сыбырлап сөйледі.

— Мені біздің адъютант зіберді. Біз қорсауда қалдық!

— Рас айтасың ба? Анықтадыңдар ма? — деді Мұрат сенгісі келмей.

— Көзбен көрдік. Хозвзвод, санвзвод бар бәрі тылдан оборон засады. Бірақ бізге қайрылмай әрі кетіп барады.

Мұрат қатты қиналды.

— Полктан хабар бар ма?

— Зоқ. Телефон сымын қиып кеткен. Связист залғаймын деп барып фрицтердің үстінен сықты.

— Аһ, неткен есек едім. Өзім де сезуім керек еді! — деді Мұрат, күйініп. Бірақ жедел байламға келді. — Тез рота командирлерін шақыр. Жоқ, өзің осында бол! Жаңағы үш шабарманды жібер!

Рота командирлеріне Мұрат жағдайды қысқа түсіндіріп әмір берді.

— Біз қоршауда қалдық. Ешкім үрей тудырушы болмасын. Менің бұйрығымсыз шегінген, дұрысын айтқанда, қашқан командир болса табанда атамын. Қазір жағдай белгісіз. Жағдайды анықтағанша айнала бекініс жасауды ұйғардым. Бірінші рота деревняның оңтүстік жағын, екінші рота терістік жағы, үшінші рота тылды қорғауға тез бір взводтан жіберіңдер. Оқты барынша үнемдеңдер. Тағы да ескертем, әсіресе взвод орын ауыстырғанда үрей тумасын. Тез орындаңдар!

Үш командир үш жаққа бытырай жүгіргенде қасында бір жауынгері бар ентігіп Дулат келді. Мұрат оны қара көлеңкеде даусынан әрең таныды.

— Жолдас комбат, сізге шегінуге бұйрық берді.

— Кешігіп қалдың, достым! Біз қоршаудамыз, — деді Мұрат оған қабағының астынан қарап.

— Кешіккенімді білем. Екі сағатта әрең жеттік.

— Содан бері не бітірдің! — деп жекірді Мұрат.

Дулат қаймыққан жоқ. Үстемелетіп асыға сөйледі.

— Келе жатып немістерге соқтығып қалдық. Орманның ішімен өтіп кететін саңлау іздеп олай жүгірдік, бұлай жүгірдік. Тіпті жұбы жазылмағаны. Сосын бір уақта сирей бергенде көзді жұмып тәуекел ғып қойып кеттік.

Полк командирінің жағдайы аса қиын болғандықтан ғана Дулатты жіберіп отырғанын Мұрат ұқты. Дулат әкелген бұйрықтың енді көк тиын пайдасы болмаса да жігіттің ерлігіне риза болды.

— Ал, дұшпанның күшін, бет алысын жақсы бақыладың ба, өзің барлаушы емессің бе? — деді даусы жұмсарып.

Дулат бұ жолы ойланып жауап берді.

— Күш аз емес-ау деймін. Біздің көргеніміз батальоннан артық. — Көзі жетпеген жорамалды айтқысы келмегендей Дулат қобалжыңқырап қалды. — Біз тың тыңдап үйренген саққұлақпыз ғой. Дүбіріне қарағанда күші көп сияқты. Едәуір танктері бар — даусын құлағымызбен естідік.

Мұрат алды-артын біліп алмай шегінуге бұйрық бергісі келген жоқ. Алдыңғы жаудан қашқанда артынан да, бүйірінен де жау шықса батальонның үріккен қойдай дүрлігетінін білді. Сондықтан да әрбір қимылы алдын ала есептеулі болуға тиіс. Ол оқыс ойға бекінді.

— Полкқа қосылғанша менің қарауымда боласың! — деді Дулатқа, — ал, қазірден бастап іске кірісеміз. Маштай тез Ержанның взводынан бес жауынгер ертіп кел,— Маштай жүгіріп кеткесін қайтадан Дулатқа бұрылды. — Қазір разведкаға шығамыз.

— Құп, — деп Дулат қолын шекесіне қойды.

— Менімен бірге жүресің.

— Жолдас капитан, сіз өзіңіз де барасыз ба? — деп таңырқады Дулат.

— Иә!

— Жолдас капитан, сіз... Сіз бармай-ақ қойсаңызшы. Керегіңізді айтыңыз... Meн бәрін біліп берейін.

— Қарсы сөйлеме! — деп кейіп тастады Мұрат оған. — Сенің білгенің маған білген болмайды. Өз көзіммен көруім керек.

Мұраттар барлауға шыққанда әбден қас қарайды. Соғыстың гүрілі бәсең тартып алыстап барады. Сол жақ флангіден ешбір атыс естілмейді. Оң жақта алыста зеңбірек оты жарқылдайды. Гүрсілдеген дауыс біраздан кейін талып естіледі. Соколово деревнясы тұрған қырқаның астына түскеннен кейін кісі емін-еркін жүре беретін тыл жақ, енді тұңғиық қара судай — сипалап аяқты аңдап басу керек. Басты қатерге тікпей сол тұңғиықтың арғы бетіне өту де мүмкін емес.

Деревнядан жүз қадам шыққаннан кейін Мұрат кілт тоқтады. Алдынан арба салдыры, оған ілесе адам дабыры естілді. Қай тілде сөйлегендерін айыруға болмады. Оң жақтан машина гүрілдеді. «Аһа, осыдан бір шақырым жерде шоссе бар еді-ау», — деді Мұрат. Бір-екі рет машинаның шахты да жалт ете қалды. Енді байқады, ол жақтан да арба салдыры, айқай-шу естіледі. Жол алғы шептен қиғаш созылып екі шақырымдай жерде Мұрат батальонының артын орай өтетін. «Біздің желкемізден тосқауыл тастамаған-ау!» деп ойлады Мұрат. Мұрат ымдап Дулатты шақырып алды.

— Сен қасыңа ана Қартбайды ал да біздің бұрынғы окопты шолып қайт! Қартбай жолды жақсы біледі, — деді күбірлеп, — тек сақ бол.

Окопта немістер жоқ болып шықты. Мұрат оңды-солды біраз бағдарлап дұшпан колонналарының қозғалысын, бағытын топшылаған болды. Қайтып келіп командирлерді жинап алып шегіну тәртібін айтты. Хозвзвод пен сан взвод есінен шығып кеткен екен, Коростылев үндемеп еді, бүгін әбден берекесі қашқан Дошевский шыдай алмады.

— Хозвзвод қайда болады, жолдас капитан? — деді ол.

— Түу, есімнен шығып кетіпті ғой, қуғанда артта, қашқанда алда болатын едің. Енді алды-артымыз жау. Дәл ортада боласың, — деді Мұрат. — Оқ-дәріге сараң бол. Сығымдап ұста!

Мұрат рота взводтарын біртіндеп алғы шепке шығарып алып, үлкен шоссені оң қапталға ала солтүстік шығысқа қарай жүрді. Мінекей бұдан екі күн бұрын өзі тастап шыққан окобы. Солдаттар ескі жұртын танып күбірлесіп қояды. Аспанды бұлт торлаған, жылт етіп бір жұлдыз көрінбейді. Үш жүздей адам демін ішіне тартып, үнсіз аяңдап келеді. Алты жүз құлақ елеңдеп әрбір сыбдырды бағады. Қараңғы түн жұмсақ құшағымен батальонды жау көзінен қымтады.

Мұрат бұл түні немістерге соқпай, таң атқанша суыт жүріп қоршаудан шығып кеткісі келді. Бірақ батальонның жүрісі барған сайын бәсеңдей түсті. Алға жіберген барлаушылары адасып жүрген дұшпан тобына кездесіп, іркіле берді. Орман ішіндегі жалғыз аяқ жолдар да ерегіскендей бірде жаудың үлкен колонналары ағылып жатқан шоссеге тіреліп, енді бірде сол жаққа қисық тартып әлек қылды. Үш-төрт арбасы, үш кішкене зеңбірегі бар Мұрат жолсызбен жүре алмады. Батальон түнімен он шақырымдап-ақ жер өндірді.

Күздің бұлыңғыр таңы көгеріп атып қалды. Ағаш арасы айқындалып, тасада өскен балапан қарағайлар мен шоғыр бұталар да анық көрінді. Батальон орманның шетіне тірелді. Алда сұрғылт тартып үлкен ашық алаң жатыр. Әр жерінде шоғырланып қарағай, қайың өскен. Деревнялар орманды ықтай орналасқан болар, әзір көзге түспейді. Таңғы сызды қою ауа тұнып тұр, қыбыр еткен тіршілік белгісі жоқ. Немістердің алдыңғы колонналары ұзап кеткен де, өзгелері жолдағы деревняларға түнеген сияқты. Он шақырымға жуық ашық алаңды жарық кезде кесіп өтуге Мұрат бата алмады.

Мұраттың шегініп бара жатқан дивизияны бір түнде қуып жетем деген ойы болмады. Енді мұның жүрісі баяулап, қиындай береді де, майдан шөбі алыстай береді. Дұшпанның бет алысы қатты. Оны жаңа рубежде тоқтатқанша, егер ұзаңқырап кетпесе, төрт-бес күн өтеді. Талай тұтқиылдан күткен тосқауылдар, қапысын баққан қауіптер тұр алдында. Үш жүз адам Мұратқа сенеді, арқа сүйейді, ал Мұрат кімге арқа сүйейді. Бұрын еш уставта жазылмаған, училищеде оқытпаған қимылдар күтіп тұр алдында. Жалғыз батырлықтың ғана ісі емес ол. Сабыр мен шапшаңдық, байыпты ақыл мен ұшқыр ой қатар болуға керек мұндайда.

Мұрат бұйрық тосып орман ішінде отырып қалған жауынгерлерге қайтып оралды. Роталар тізбек-тізбегімен тоқтаған жерлеріне қисая кеткен. Әр жерден күбірлеген дауыс естіледі. Әшейіндегідей емес, қабақтары қатыңқы. Қастарынан өтіп бара жатқанда комбатқа дәмелене қарасады. Мұрат ол көзқарасты түсінді. Бірақ не жақсылық айтып қуантады? Кенет осы көздері жаудырап отырған көп солдат өзіне бұрынғыдан да жақын көрініп ыстық тартып кетті. «Кемедегінің жаны бір». Мұраттың ойы толқып кетті білем, балапан қарағайдың бір жіңішке шыбығын сындырып алып тікенегін аршып, әурелей берді. «Жоқ, бұларға бар ащы шындықты ақтарып айтпай болмас. Бәрін қабақтан сезіп тұрғанда несін жасырам» деп түйді.

— Жолдастар, — деп сабырлы дауыспен бастады Мұрат. — Біздің қоршауда қалғанымызды өздерің білесіңдер. Жағдай белгісіз де, қиын да. Қуанарлық еш нәрсе айтпаймын. Біз бір күн, екі күнде қоршаудан шыға алмаймыз. Алдымызда талай күтпеген қауіптер тұр. Оған ердің ері шыдайды. Соған қазір әзірленіңдер. — Мұрат сөйлегенде шыбықты әурелеп тұр еді, байқамай қаттырақ игенде сынып кетті. — Бір адам шашау шықпасын. «Жалғыз адам жауынгер емес» дейді орыс. Жалғызды дұшпан мына шыбықтан оңай сындырады. — Мұрат қолындағы шыбықты сырт еткізіп тағы бір сындырып лақтырып жіберді. — Ал осы отырған бәріміз орманбыз.

Орманды отау оңай емес. Біздің күшіміз бірлікте. «Кемедегінің жаны бір», — деген мақал бар. Бәріміздің жанымыз бір. Ал сол кемемізге қазір қауіп төнді. Кемеге қауіп төнгенде жанын аяп қалатын моряк бола ма? — Қадала қарап қалған көп Мұратты үнсіз қостады.— Болмайды. Ендеше біздің арамызда ондай адам болмау керек. Ал, сіздерге беретін уәдем — аяусыз қатал болам. Барлық командирлерден де қаталдықты талап етем.

Жасқану, қобалжу, алақтау дегенді ұмытыңдар. Не өлеміз, не осы қоршаудан шығамыз! Басқа жол жоқ. Егер жаудан сауға сұрайтын сұмырай табылса, табанда атуға бұйырамын. Үрей салушыларға да әмір сол.

4

— Сен қарағай орманның қандай ғажап екенін білесің бе? Ауасы қандай тамаша, бүкіл ішкі сарайын тазарып, жаның жай тауып қалады, — деді Земцов Қартбайға. Ол ертеңгі салқын ауаны кеудесін кере бір жұтып алды. — Міне қандай тамаша! Қайың орманға мен онша құштар емеспін. Ол жаздыгүні ғана тәуір. Онда да әдемі киініп сылаңдаған келіншек сияқты. Тек көркі ғана. Ал, қарағай деген, бауырым, басқаша дүние! Сылаңдап көз тартпағанымен қаншама сабырлы сұлулық жатыр өзінде! Адамға күш-қуат береді бұл! Сен түсінесің бе степняк!?»

— Иә, ағаш деген жер жаннаты ғой,— деп қостады Қартбай.

Земцов орта бойлы, тығыршық денелі сары жігіт. Шикіл қабағы бүрісіп кеткен, бет ажары түксиіңкі. Шүйірілген кішкене көк көзінде жылтыраған күлкі табы өшпейді. Өтірік ашуланып енді-енді күліп жіберейін деп тұрған адам сияқты көрінеді ылғи. Кішкене төмпешіктің үстінде қолымен балапан қарағайдың қылқанындағы боз қырауды қағып түсіріп, орман түкпіріне қиялдана қарайды. Оның қасында астына плащ-палаткасын жайып жіберіп малдасын құрып темекі тартып Қартбай отыр. Шынтақтап Бондаренко жатыр. Қартбайдан ауысқан плащ-палатканың екі шетінде тізелерін құшақтап әрең сыйып Бөрібай мен Көжек отыр. Бүкіл батальонның жауынгерлері сақтық үшін ұсақ топқа бөлініп орман ішінде дөңгелене орналасқан.

— Мен Сібірде туып өстім, Қазақстанға кейін келдім ғой, орман деп біздің Сібірдің ормандарын айтсайшы. — Земцов толқыған қиялын тоқтата алмай сөйлей берді. — Кейде папама еріп аңға шыққанда үш күн жүріп орманның шетіне шыға алмаушы едік.

— Сол орманның жартысын біздің далаға берер ме еді, — деді Бөрібай.

— Соғыс біткесін тасып ал, — деп күлді Бондаренко.

— Таситын түгі де жоқ, ағаш егу керек, — деді оған Земцов.

— Сен егуді қоя тұр, —деді оған Бондаренко, — одан да мына құрсаудан шығудың жайын айтсайшы.

— Комбат саған айтқан жоқ па? — деді Земцов Бондаренконың сөзін ұнатпай. — Біз командирдің бұйрығын істейміз.

Бондаренко Земцовты кінәлағандай басын шайқады.

— Командирдің бұйрығын орындауды сен маған үйретпе. Сен өзің көп қиялдайсың да, бірақ жөні түзу нәрсе ойлап таппайсың. Мұндайда жөн-жосықты әркім ойлау керек. Ақылға ақыл қосу керек. Солай емес пе, Көжек? — Бондаренко Земцовтан қошамет таба алмайтынын біліп Көжекке қостатты сөзін.

Ержан ұйықтап алмақ боп жатып еді, азғана көзі ілінгеннен кейін ертеңгі дымқыл салқынға бойы тоңазып оянып кетті. Енді солдаттардың әңгімесін тыңдап тек жатыр. Қиялданбай жүрмейтін албырт Земцовты қу тілдінің ішіндегі ең аз сөйлейтін Бондаренко ылғи қағытып отырады. Ананың көп сөзбен қызынып айтқанын бұл бір сөзбен дәл шертіп түсіретін. Бірақ бұл жолы Бондаренко ащы тілін жұмсартып байыпты сөйледі.

— Сен немене, командирге ақыл үйретейін деп пе едің? — деді Земцов, Бондаренкоға сөзін жібергісі келмей.

Ержан басын көтеріп алды.

— Үйретсе несі бар. — Ержан қаймығып қалған Земцовқа жылы шыраймен қарады. — Командир біткен данышпан деп пе едің!? Иван ағай сені мен мен сияқты жастарға талай нәрсе үйрете алады. Көргені көп адам. — Ол барған сайын өзінен өзі өш алғысы келгендей ашуланып, айызы қана сөйледі. — Біз екеуміздің көкірегіміз көкте болғанмен, жарытқанымыз шамалы. Біз көп оқыдық деп ойлаймыз. — Неге екені белгісіз Ержан өзіне Земцовты қосақтап алды. — Оның бәрі чепуха, достым. Біз өмірден еш нәрсе білмейміз. Тумай жатып жетілдік деп ойлаймыз. Жоқ, достым, олай емес екен. — Солдаттар қысылып үндемей қалды. Ержан өзінің орынсыз қызыңқырап кеткенін сезіп, еріксіз езу тартты. — Иван ағай мен Қартбайлар өмірдің ащы-тұщысын татқан адамдар. Солардан үйренуіміз керек.

— Сіз де өзіңізді кемсіте бермеңіз, жолдас лейтенант, — деп күлді Бондаренко.

— Ал жарайды, демалыңдар,— деп Ержан орнынан тұрып кетті.

— Осы маған неге кейіді, — деп қынжылды Земцов, Ержан ұзап кеткесін.— Менің жазығым жоқ сияқты еді.

— Сен, бала, ақымақсың, — деп Бондаренко басын шайқады.

— Ақымақ екенімді өзім де білем,— деп мойындады Земцов.

— Көрмейсің бе, жаны күйіп бара жатқанын,— деді Бондаренко. — Ол өзіне өзі кейіді. Сені әшейін мысал ретінде қосақтай салды.

Сөзге Бөрібай араласты.

— Екі-үш күннен бері ренжулі. Қартбай, сен айтып па едің, Молдабаевпен керісіп қалды деп. Содан ба екен?

— Жалғыз ол емес сияқты, мұнда басқа бір гәп бар, — деді Бондаренко.

Көжек Ержанның көңілінің жүдеу екенін біліп, сұрауға бата алмай, сыртынан жаны ашып жүр еді, қазір шыдай алмай кетті.

— Апыр-ай, кім ренжітті екен, жолы болмағыр. Ешкімге жаманаты жоқ бала ғой. Қатты қиналып тұр ғой тегі, — деді қатты күрсініп.

— Бала емес, дырдай командир, — деп Қартбай оны тойтарып тастады. — Бойында қайраты болса шыдар, төзер. Еш нәрсесі кетпес. Жасық болса обалы өзіне.

Ержан кешегі соғыста жеңіл жараланған-ды. Оқ мойын етін сыдырып кетті. Мойнын таңған марліге қан қатып, жарасы ауырып мазасын кетірді. Жарасын қайта таңдыруға санвзводқа барғысы келді. Санвзводты есіне алғанда кешеден бері қызу соғыс үстінде, қарбаласта ұмытыла бастаған ауыр ой қайта қозғалып кетті. Қызғаныш, күйініш, өтелмес өкініш бәрі араласып қайғы өрті шарпымаған уыз жанын жегідей жеген ащы сезімге, күйінішке айналды.

Кейде сенгісі де келмейді. «Өзім де қызбамын ғой. Ашу үстінде аңғармай теріс ұққан шығармын. Қызғаншақ көңіл асыра ойлаған шығар», — дейді. Бірақ Раушанның шырылдап Уәлиге ара түскенін ойлап, «жоқ, жығылғаныңды біл, өзіңді өтірік жұбатпа», — дейді. Кейде өзін қайрап: «Немене соншама егіліп, дүниенің тірегі сол ма екен? Оның әкесіндей қыздар да бар шығар! Мейлі!» —дейді. Бірақ көкірегін басқан ауыр зіл онымен тарқамайды. Қазықты айналған арқандаулы аттай қайта-қайта ойы Раушанға орала береді. «Сен де ғашық болар уақытты тапқан екенсің? Жетер енді, ұмыт!» — дейді өзіне. Бірақ сол сәтте:

Раушанның сонау бір айлы түндегі мөлдіреген көзқарасы елестейді көзіне. «Ержан!» дегендегі өзгеше бір назды үнін, ешбір жанға ұқсамайтын әсем күлкісін естиді. Неге екені белгісіз Ержан сол күлкіні аппақ таза қарға теңейтін. Жаңа жауған ұлпа қардай жұмсақ, ашық саф күлкі.

Кейде осының бәрі қапырық түс, оянып кетсе қатты қуанатын сияқты. «Осы мен түс көріп жатқан жоқпын ба?» деп өзін шымшиды. Түс емес, «неге бұлай боп шықты? Неге? Неге менің ылғи жолым болмайды?» — деп күрсінеді. Жайнап тұрған дүниесін қара дауыл қиратып кеткендей сезінеді. Кенет «екіншілей тентек болма, бала», — деген Уәлидің даусын, келемеж күлкісін ап-анық естіді. Тіпті жалт қарады. Ұяттан екі беті дуылдап кетті! «Жоқ, санвзводқа бармаймын, — деп қайта бұрылды. Бірақ мойнын оқыс бұрғанда жарасын ауыртып алды. Марлінің астынан мойнын қуалай жылы қан ақты. «Қап! —деді Ержан. — Мейлі, Коростылевқа таңдырып алармын».

Санвзводтың арбасы доғарулы. Бес-он қадамдай жерде бір санитар аттың мойнынан қамытын алмай, тізгінінен ұстап жайып тұр. Коростылев шинелін шешіп алып айқара жамылып арбаның үстінде қорылдап жатыр. Ержан Коростылевтың рақаттанып ұйықтағанына қызығып оятуға қимай тұрып қалды.

— Оны оятпаңызшы.

Ержанның жүрегі дір ете қалды. Арбаның ар жағынан Раушан шықты.

— Жайша келдіңіз бе? — деді ол Ержанға жақындап. — Жараланып қалғансыз ба?— Раушан Ержанның мойнындағы марліні көріп көзі үрпиіп кетті.

— Жай... тек теріні сыдырып кетті. Коростылевқа таңдырып алайын деп едім.

Ержан Раушанға қанша қарамауға тырысса да көзі еріксіз түсе берді: «Жүдеп қалыпты ғой. Ұрыс қажытты ма екен! Әлде қоршауда қалғанға қайғыра ма?»

— Ол оятпа деп еді...— Раушан мүдіріп қалды. — Мен таңып берейін.

Раушан арбаның үстіндегі сумкасын алып ақтара берді. «Бұл неге сонша жүдеу, әлде сүйгенін аңсап қалғаны ма? — деп ойлады Ержан. — Тіпті қимылы да өзгеріп кетіпті. Әдемі еппен жыпылдап тұратын қолы күрмеліп қалғандай, ауыр қимылдайды. Сырқат емес пе екен?»

— Қане бері келіңіз.

Ержан Раушанның қасына аяғының астында шоқ тұрғандай әрең басып келді.

— Отырыңыз, сонда ыңғайлы болар.

Ержан жүрелей отырды. «Сіз, біз» деген тікендей сөз құлағын тесіп барады. Раушан Ержанға сәл қырындау тізерлей отырып, таңғышын шеше бастады. Әр орауын тартқан сайын мойнынан бір құшақтайды. Мінекей беті бетіне төрт-ақ елі тимей тұр. Құлағының түбінде жып-жылы демін сезеді. Осы күнге дейін қалай байқамаған, жұп-жұмыр мойны неткен әдемі. Ертеңгі салқыннан сәл қызғылт тартқан. Тамақ астында тарыдай меңі бар екен. Раушан Ержанды аясына еріксіз тартып барады. «Анау әдемі меңінен бір сүйсем... Жоқ... жоқ, тек ернімді тигізсем...» Ержанның басы айналды. «Ау, маған не болған. Сабырым қайда? — деп ашуланды Ержан. — Сені оның жек көретінін ұмыттың ба, арсыз. Өзіңді жек көрген адамды сен де жек көрмейсің бе, жасық шіркін». Ержан өзін қанша қайраса да көңілі әл бермей барады: Раушанды әлпештеп, алақанына салып көтеріп алғысы келеді. Көз алмай сүйсініп қарай бергісі келеді. Кенет суық ой жүрегін шаншып өтті. «Ол... ол... маған арам болды ғой!» Ержан басын кейін тартып қалды.

— Ауыртып алдым ба? — деді Раушан қорқып.

— Жоқ... жоқ...

Раушан марліні шешіп алып тастады. Жараның төңірегін мұздай сұйық дәрімен сүртті. Сол қолымен Ержанның мойнын бүріп ұстап алды. Әр саусақтың ізінен қанына жылы рақат дарып бара жатыр, бірақ бір сәтте сол жұмсақ саусақтан түршігіп, мойнын тартып алғысы келеді.

— Жараның аузы жаман болып кетіпті ғой, кеше неге келмедің? — деді Раушан.

Ержан ызамен мырс етті.

— Кеше немістерге тоқтай тұрыңдар деп едім, көнбеді ғой.

Раушан көзі мөлдіреп Ержанға қарады. Қасіретке толы көз шарасы: «Мені неге ренжітесің, мен бақытсызбын ғой», — деп тұрғандай. Ержан өзінің қатты сөз айтқанына өкінді. Раушан Ержанның жарасын қайтадан тана бастады. Марлінің бір шетін саусағымен басып тұрып бір қолымен мойнын құшақтай орайды. Екеуі бір-біріне қарамауға қанша бекінсе де көздері түйісіп қала берді. Раушанның өңінде қан жоқ, жұқа ернін жымқырып алған. Ержан өзіне ең сүйкімді, ең жақын, енді жат болып кеткен жүзге қарай берді. Жүрегін қызғаныш оты өртейді. «Әй, — Раушан, Раушан! Мен сені жақсы көретін едім ғой, — дейді Ержан ішінен. — Сені мендей жақсы көретін ешкім жоқ. Ол сені жақсы көрмейді. Неге алдандың? Сен оның қандай адам екенін білмейсің ғой, сені қор қылады ғой ол. Аһ, мен сені жанымнан артық көретін едім ғой. Неге түсінбейсің? Сенсіз маған өмірдің қызығы жоқ екенін неге білмедің? Ол арам, арам. Сені алдады. Егер сені титтей ренжітсе, мен оны өлтірем... Жоқ, жоқ... Сендердің араларыңа түсетін не шаруам бар. Мейілдерің. Бірақ ол сені қор қылады. Сен менің сырымды сонда ұғарсың. Бірақ ол кеш болады. Жоқ, жоқ, мен ондай тасжүрек емеспін. Мен сонда да сенің қайғыңмен бірге қайғырамын». Ержанның қиялына басқа бір шақ елестеді. Ержан аты шыққан командир. Оны солдаттар да, командирлер де жақсы көреді. Батырлығы, әділдігі үшін сүйеді. Бірақ ол тұйық, ешкіммен сырласып сөйлеспейді. Сырт көзге жұмбақ. Бұған Раушан келеді. Раушан қатты қайғылы, өңі солып жүдеп қалған, тіпті шашына ақ кіре бастаған. Ол Уәлидің опасыз екеніне көзі жетіп үлкен қасіретке ұшыраған. «Менің саған сөз айтатын бетім жоқ. Мен кінәлімін, Ержан. Сенің асыл жаныңды түсінбеппін. Мен бақытсызбын. Бірақ обалым жоқ. Мені кешір. Тек «кештім» деген бір ауыз сөзіңді естуге келдім», — деп жылайды Раушан. Ержанның аяғына жығылады. Ержан оны тез жерден көтеріп алады. «Сені менен артық сүйген адам жоқ, Раушан. Мен сені әлі де сүйем. Сенің қайғыңды сүйем», — дейді Ержан. Раушан басын Ержанның бетіне басып егіліп жылайды. «Сен алтын екенсің, Ержан, мен сенің басқан ізіңе татымаймын,— дейді ол солқылдап,— мен сені түсіне алмаппын. Сен асылсың». Ержан шыдай алмай: «Жыламашы, Раушан, енді екеуміз мәңгі біргеміз»,— дейді. Ержан көзіне жас іркілгенін сезіп тітіркеніп қалды. «Түу, қайдағы жоқ сандырақ келеді екен ғой кісінің басына. Ондай ешнәрсе де болмайды. Ойбай салсаң да қайтып оралмайды ол саған!» Ержанның дымқыл тартқан көзі тез құрғады.

Раушанға кешеден бері бір күн емес, бірнеше жыл өткен тәрізді. Ол Уәлимен қайтып кездескен бір сәттің ішінде өзінің барлық бақытсыздығын, түзеуге болмайтын қатесінің бар салмағын сезді. «Бәрі жалған екен!» деді тұла бойы түршігіп. Ең ақыры қашып бара жатып «саған келдім» дегені де жалған, ойда-жоқта кездесіп айтқан сөзі екенін білді. Коростылев «жауынгерлеріңді тоқтат» дегенде «жарайды, тоқтатам» деп күмілжіді Уәли. Онысы да өтірік. Былай шыға бере оның тайып тұрғанына Раушан шәк келтірледі. Таудай арқа сүйеген адамы — жолдастарын тастап, сүйген қызын тастап масқара болып, бұралқы итше қашты. Аңсаған арманы, айдын көл деп шомылғаны шіріп кеткен сасық сор болды. Кеше кештен бері не болып, не қойғанын өзі де білмейді. Әйтеуір жүр десе жүруді, тұр десе тұруды біледі. Төңіректе не болып жатқанымен ісі де жоқ. Арбаның қасында отырып келе жатқан Ержанды көрді. Сонда бәрі есіне түсті. Ержанның өзіне ренжігенін Раушан білді. Бірақ өзінің бақытты сәтінде кісі қайғысына түсінбеді. Дүниеде реніш, қайғы болады дегенді ұмытып кеткен шағы еді ол. Қайта Ержан неге менімен бірге қуанбайды деп кейіген.

Раушан жападан жалғыз қалды. Демеу болар жақын адамы жоқ. Ең аяғы шерін тыңдап жанашырлық білдіретін кісі де жоқ. Өзін жақсы көретін Ержан о да ашулы. «Ержан, мен бақытсызбын, — дейді Раушан көзімен. — Жалғызбын». Ержан көзіндегі жасты байқайды. Сен де қайғылы екенсің ғой. Сенің қайғың ештеңе етпес. Еркексің ғой. Әлі-ақ ұмыт болады. Meн өміріме жетер өкінішке ұрындым. Менің ешкімге керегім жоқ. Тіпті өзіме де керегім жоқ. Менің ішімде не болып жатқанын білсең шошып кетер едің. Аяр едің. Кешеден бері алқымға тірелген жас ішімді өртеп барады. Сен ұқсаң, түсінсең әкемдей төсіңе бетімді басып жылар едім».

Біреу суық қолымен қанын сорғалатып жүрегін суырып алып кеткендей Ержанның ішкі сарайы құлазып қалды.

«Ондай сорақы зорлыққа көнбеймін, жоқ, әлі төбелесіп көреміз. Бермеймін. Жоқ»

— Жоқ! — деп дауыстап жіберді Ержан.

Раушан селт етіп, аңырып қалды.

«Жоқ, көнесің, көнбеске дәрменің жоқ», — деді ішкі даусы Ержанға.

— Болып қалдым. Қазір.

«Шыда, шыда, жұртта нең бар, өз ақымақтығыңның салмағын өзгеге салмай, зардабын өзің тарт», — деді Раушан тістеніп, марлінің түйетін шетін күшпен айырып жатып.

«Рақмет» айтып Ержан түрегелді. Мойны қозғалтпайды. Неғып байқамаған, Раушан қылғындырып қатты таңып жіберіпті. Қап, қайта таңатын болды-ау. Жоқ, жоқ, осы төзгені де жетер, взводқа барып-ақ таңғышын босаттырып алады.

5

Үш сағат демалыстан кейін батальон жолға шықты. Ет қызуы суып, түнгі ұзақ жүрістен сүйектері салдырап қалғанына қарамастан солдаттар тез сапқа тұрып, сергек жүріп кетті. Әлі бой үйренбеген қауіп шаршауды ұмыттырып жіберді. Уақыт мезгілін айыру қиын, түнде аспанды торлаған бұлт қоюлана түскен. Ауаның ертеңгіліктегі ызғары жұмсарып қалған.

Мұраттың бар ойы қоршаудан қайткенде тезірек шығуда болды. Сақтық істеп, күндіз жасырынып демалып, түнде ғана, жүрсе көп уақыт ұттырады. Алғы шептен алыстап қалады. Ол майдан әлі бекімей тұрып, немістердің шабуыл жасаған әскерлерімен араласа жүріп, арғы бетке өтіп кеткісі келді. Қауіп-қатерден қорғалақтай берсе дұзаққа түсіп қалуы сөзсіз. Сондықтан да Жақыповтың және де кейбір командирлердің ұнатпағанына қарамай, алдағы үлкен далаңды орағытып өтуге бекінді. Бұл жолда бірнеше кішігірім деревнялар бар, тұтас орман болмағанмен шоғыр-шоғыр ағаштар бар. Шабуыл жасап бара жатқан дұшпан үлкен жолда шеткері кішкене пункттерге көп әскер қалдырмайтынын анық, ал азын-аулақ жау күші кездессе, Мұрат оған бола іркілмек емес. Алға жіберген дозорға төңіректі жіті бақылап, тез жүруге әмір етіп, батальонды қатты аяңдатып өзі бастап келеді.

Қар жауды. Тікенекті қарағайлардың қатқыл реңі жұмсарып, баяу түскен тұңғыш ұлпа қарға бұтақтарын жұмсақ төсейді. Төңірек түгел жасарып, алғашқы қардың саф иісі — табиғаттың қоңыр салқын жаңа лебі кеудені ашып жіберді. Түнеріп үнсіз келе жатқан солдаттар да сергіп қалды.

— Мінекей, орыстың қысы,— деді Кусков қасында үнсіз келе жатқан Ержанға.— Әр маусымның өзінің жарастығы болады. Керемет емес пе?

Василийдің даусы сергек, кішілеу келген әдемі көк көзі жайнап тұр.

— Енді ізіміз қалатын болды, тасалану да қиын, — деді Ержан.

— Оқасы жоқ.— Василийдің сергек көңілі анау-мынауға жабыға қоятын емес.— Қарда қалған ізді қар көмеді.

Немене сонша жабығып кеткенің үндемейсің?

Василий соңғы сөзді Ержанның бетіне қарап ақырын айтты. Екеуі саптан он-он бес қадамдай шеткері келе жатқан. Кусков қайткенде де Ержанға қозғау салып сергеткісі келді, ең болмаса сырға шақырмақ.

— Үндегенде не дейін. Бәрін айтқан жоқпын ба өзіңе.

— Өмірде талай қиындықтар кездеседі әлі. Тек түңілмеу керек. Сенің бар өмірің алда.

— Сол өмірге құштарлығым да шамалы.

— Вот чудак, — деді Василий Ержанның бетіне күле қарап. — Сен оны қалжыңдап айтатын шығарсың.

— Шыным сол, — деп Ержан қолын сілтеді.

Василий Ержанның бетіне байыптап қарап алды да басын шайқады.

— Сен, достым, ойнасаң да ондай сөзді айтпа. Өмірмен ойнауға болмайды. Сенен көп үлкен менің де өлгім келмейді. Елге де біздің тірлігіміз керек. Үй іші, жақын достарың өз алдына.

— Маған бәрібір.

— Әрбір сәтсіздікке ұшыраған сайын қылжия кетсең нең қалады, — Василий жылы шыраймен Ержанға жымия қарады; оң қолымен иығынан бір сілкіп қойды.— Әрине, жай айтасың. Пайдасыз өмір қадірсіз. Пайдалы өмірдің бәрі қымбат.

— Менің өмірімнің кімге пайдасы бар?

— Соны өзіңнен сұрап көрдің бе? — деді Василий.

— Ойланып көрдім.

— Дұрыс істегенсің. — Василий енді көзін шүйіріп ойлана мүдіріп, байсалды сөйледі. — Енді қайда барам, енді не істеймін дегенде кісінің алдында дәл осы сұрақ тұруы керек. Бала кезінде кісі қиялшыл болады. Өсе келе керемет істер істейтініне, атағы шығатынына, көптің құрметіне ие болатынына сенеді. Атақты, үлкен адам болғысы келеді. Осының бәрі жаман емес. Содан намыс туады. Бірақ бала кездегі осы күнәсіз қиял ержеткесін құмарлыққа айналып кетсе — онда болмайды. Онда кісі қолдан келмес іске ұмтылады. Бір істі тындырмай екіншісіне жүгіреді, артында шала қалғанына, бүлініп жатқанына қарамайды. Атақ-құмар кісі жалған даңққа мәз болады. Ал, жалған даңққа ие болу деген ұрлық қылғаннан жаман жиіркенішті нәрсе.

— Жалған даңқ, оңай құрмет иелері жұртқа сездірмегенмен іштей қуыстанып әлек болатын шығар?— деді Ержан ойланып.

— Әй, білмеймін. Талай жүзі жанбайтындарды көрдім,— деді Василий.— Мансапқор, баққұмар, өркөкірек дегендер содан шығады ғой.

— Жағымпаздар ше?

— О да солардың сортынан. — Василий мырс етті. Тек калибрі кішілеу келеді олардың, әдісі бөлек болғанмен мақсаты бір.

Манадан тұйық келе жатқан Ержан енді шешілейін деді.

— Мен осы түсінбей-ақ қойдым. Соғыста адам адал болуға тиіс қой. Ажалдың аузында тұрып кісі қалай екі-жүзді болады?

— Соғыс деген ұлы сын,— деді Василий ойланып. — Көп адамның әртүрлі жағдайдан, себептен туған ұсақ-түйек жәйсіз мінез-құлықтары болады. Ол өзі дәннің сыртындағы қауыз сияқты. Соғыс соның қауызын өртеп, дәнін ашып береді. Шынайы ерлік көңілі таза адамдардан ғана шығады. Көңілі кір адам кісі өлтіргіш болғанмен ер бола алмайды. Соғыс деген жақсының да, жаманның да сырын ашады, достым. Кейбір көлгірсігендердің де беті белгілі болады. Ондайлар әлі жоқ емес.

— Иә, мұндай істе тазалық, адалдық керек,— деп қостады Ержан.

— Әрине, керек,— деп мақұлдады Кусков. — Ол әрбір адамға қажет қасиет. Бірақ, достым, адал болып, ақ болып бос қарап отыруға болмайды. Іс керек. Адамның адамшылығы істе танылады деген сөз бекер емес. Өзімізді-ақ алайықшы, біз қазір соғысып жүрміз. Онша нашар да соғыспайтын сияқтымыз. Кейде бастықтар мақтап та қояды. Отан үшін, халқымыз үшін ең ардақтымыз — жанымызды құрбан етуге бармыз. Одан артық бізден не талап етуге болады? — Василий Ержанның бетіне үңіле қарап алды. — Солай емес пе? — Ержан жауап бермеді, қолындағы қайынның шыбығымен қонышын сабап, ойланып келе жатыр. — Олай емес, достым. Әрине, қазаға шара жоқ. Бірақ біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік пе? Бізді еліміз құрбандыққа ғана емес, жауды жеңсін деп жіберді ғой. Біз қолдан келгеннің бәрін әлі істеген жоқпыз. Ох, істей алған жоқпыз. Кейде кісі өзіне ренжиді. Бала кезімде бір оқиға болды. Атам балықшы еді. Есілге ау құратын. Бір күні балалар ойнап жүрдік те атамның балығын үйге алып қайтқымыз келді. Аудан балық алуды қызық көрдік. — Өзінің бала кездегі қылығын қызықтағандай Василий өңі жылып, жымия сөйледі. — Алдында атама көмек берген кездерім болатын. Аудың бір шетін шешіп, қайырып әкеліп тартқылап көріп едік еш нәрсе шықпады. Әбден шатастырдық. Өзі зілдей екен, қолымыздан шығып кетті. Сонсоң екінші шетінен ұстап тарта бердік. Атамның өзі келмегенде тіпті кәдік еді, өзі келіп ауды суырып алды. Жағаға шығарып қараса аудың сау жері қалмапты. Өзім де жаман қорықтым. Біздің атай керемет қатал адам болатын. Бірақ қабағы-түксиіп үндеген жоқ. Жыртылған ауды арқалап алды да, мені құлағымнан шымшып ілгері қарай бір нұқып қойды. Мен алдына түсіп үйге қарай жүгіре бердім. Келесі күні атам мені шақырып алды да, жыртылған ауды түгел жамап шық деп әмір берді. Үш күн бойы ішім пысып, ойыннан қалып атайдың әмірін орындадым. Ешкімді қасыма жолатпай жалғыз отырғызып қойды. Бәйек болған шешемді де жуытпады. Тек өзі келіп қабағының астынан қарап, бүлдіріп қойған жерімді сөгіп, қайта тоқуға әмір етіп кетеді. Ақыры жамап та болдым. Шал менің ісімді тәптіштеп қарап шықты да, маған ауды арқалатып өзенге қарай жүрді. Жиекке келгесін ауды құруға әмір етті. Басында ау құруды қызық көріп қуанып-ақ кіріссем де, ретін келтіре алмай аздан кейін көңілім суып қалды. Бірақ атайдың мінезін біліп одан көмек сұрамай, өзім әлектене бердім. Атай темекісін сораптап, қабағының астынан қарап жағада отырды да қойды. Менің қиналғанымды біліп жәрдем бермегеніне әбден ыза болып, мен де ерегістім. Жағаға келіп «бала суға кетіп қалады» деп шырылдаған шешемді қуып жіберді. Ақыры мен де ауды құрып болдым-ау. Бергі бетке келсем атам қалың қабағының астынан көзі жайнап, күліп тұр екен. «Жарайсың, Васек, жігіт екесің!» деді атай шын риза болып. Менің сондағы қуанғанымды білсең!.. Жоқ, қуаныш емес-ау, басқа бір ғажап сезімде болдым. Қолымнан ойын ғана емес, іс келетінің біліп көңілім марқайды. Бірден есейіп, ер жетіп қалғандай болдым. Атамның сондағы риза болған кескінін әлі ұмытқам жоқ. Иә-а...— Василий қабағын түйіп, аз мүдіріп қалды. — Қазір де, үлкен атамыз — халқымыз қарап отыр әрқайсымызға. Ойлаған жерінен шыға аламыз ба, жоқ па? Әрине, біз қаза тапсақ ол қынжылады, қиналады. Бірақ біз оны сүйінте алдық па, риза ете алдық па? Кісінің өзіне көңілі толмайтыны, ренжитіні де содан.

Василий үндемей қалды. Ержан да Василий ойының сонарына түсіп үнсіз келе жатыр. Қарағай орман таусылып, батальон ашық далаңға шықты. Алда әр жерде шашыраған сирек қайыңдар. Екі шақырымдай жерде дөңестің астында деревня үйлерінің төбесі көрінеді. Ашыққа шыққанда жалаңаштанып қалғандай жауынгерлердің көңілі елегізді. Батальонның алдында үш жүз метрдей жерде жеті-сегіз жауынгер дозор бара жатыр. Ержан жан-жағына көз жүгіртіп, Мұраттың қимылына түсіне алмады.

— Алдымен деревняға барлау жіберіп біліп алмай тартып кеткеніміз қалай?— деп Кусковқа қарады.

Василий де ойланып келе жатыр екен.

— Комбаттың да бір ойы бар шығар, — деді ол алдыңғы жақтан көз алмай. — Мен білсем сол деревняда дұшпан жоқ, ал бар болса көп емес.

Енді Мұраттың ойын Ержан да түсінгендей болды.

— Дұрыс айтасың. Алыстан немістер бізді өздерінің бір колоннасы деп ойлайды. Оған дау жоқ. Ал, азын-аулақ күш болса жақындап келіп тарпа бас саламыз.

— Мұратты мен де түсіндім, — деп Василий Ержанның сөзін қостады. — Бұға берсек қоршаудан шыға алмай қалатынымыз анық. Жауынгерлерді де бойкүйез етіп аламыз. Эх, достым, тәуекел керек мұндайда.

Деревняның оң жағынан, ылдидан бір мотоциклист шыға келді. Іле тағы біреуі көрінді. Беталысы деревня жақ. Сымды қуалай жүгірген желдей батальонның, басынан аяғына дейін солдаттар күбірлеп басылды. Талай саусақтар шошайып көрсетіп жатыр. Жаудың жақындығы солдаттарды бірден сергітті. Дошевский енді соғыс болады деп ойлап арбасын кейінгі ормандарға қарай бұрғысы келді. Осы кезде колоннаны бойлай «Тез жүріңдер!» деген команда жүгіріп өтті. Мұрат қатты аяңдап батальонды бастап келеді. Алдағы дозорға да «қайрылмаңдар» деген белгі берді. Рота командирлерін колоннаның басына шақырып алып, әрқайсысының орнын белгілеп, белгі бойынша тез шепке ыдырап тоқталмастан деревняны басып алуға әмір берді. «Егер деревняда жау жоқ болса, екі мотоциклистке бола колоннаны бұзбаймыз. Ол екеуін дозордың өзі-ақ жайғастырады» деп ескертті. Бұлар дөңеске шыққанша екі мотоциклист те деревняға кірді. Енді деревня алақандағыдай түгел көрінді. Жалғыз ұзын, кең көшені бойлай сирек қонған отыз шақты қарайып кеткен ағаш үйлер. Ортадағы, өзгелерден еңсесі биік, қаңылтыр төбелі жалғыз қабат сары үй мектеп болар. Көшеде әр жерден бір көрініп қалған ұсақ шоғыр неміс солдаттары сияқты. Бір-екі жерден мылтық атылды. Шыңғырған дауыс Мұраттың құлағына талып естілгендей болды. Анық естігеніне өзі де сене алмады.

Мұрат деревняға дейін төрт жүз метр шамасы барын тез топшылады. Немістер әлі бұлардан секем алған жоқ. Мұрат шамадан келгенше жақындап барып қимылдағысы қолын іркілмей жүре берді. Тіпті реті келсе деревняға кіре бере айқаспақ. Қасындағы Жақыповтың жалтақтап қарай бергенін де байқамағансып келеді.

Тылдан жау күтпеген немістер колоннаны екі жүз метр жақындағанда ғана танып, деревняға ыдырап кеткен азғана күштерін қапелімде жинастыра алмай әлек болды. Бес-алтауы шеткі үйге бекініп, мылтық атты. Мұрат ысқырықпен тез команда беріп, колоннаның жалпы ұрыс тәртібіне келуін күтпей «алға!» деп ұрандап, жауынгерлерді өзі бастап жүгіре жөнелді. Бір-екі минуттың ішінде түйдек келе жатқан жауынгерлер дұшпанның берекесіз атылған шашыраңды оғына бөгелмей, лып беріп деревняға кіріп те кетті. Төбесінен жай түскендей болған немістердің коменданттық взводы жөнді қарсылық көрсете алмай бас сауғалай қашты. Үйді-үйлеріне, жан сақтайтын тесіктің бәріне тығылып қалған деревнядағы қатын-қалаш, кәрі- құртаң, бала-шаға көшеге жамырай шығып жатыр.

Кеше түнде шегініп кеткен біздің әскерлер бүгін кешке қарай қайтып келіп қалған екен деп ойлап қуаныштарын білдіруде. Кейбір әйелдер солдаттардың шалғайына оралып, айқайлап жөн сұрайды, дәм татуға үйлеріне шақырады.

Әр жерден дабырлаған қуанышты дауыстар естіледі:

— Бәсе, біздің әскер қайтып келсе керек еді ғой!

— Бір күн де болса сағынып қалыппыз!

— Дер кезінде келгенін қарашы! Үш-төрт сағаттың ішінде қырып кете жаздап еді иттер! Сазайын тартсын енді.

Жауынгерлердің: «Біздің әскер қашан өтті?», «Немістер қашан келді?», «Біз қоршауда келеміз», — деген сөздерін естіп қуанышты дабыр біртіндеп басылып қалды. Жұрттың бетіндегі қуаныш күлкісі енді жанашырлық, қиналыс реңіне ауысты. Шалдар да қабағы салбырап, «қиын болған екен» деп күбірлеп, қақырына берді.

Василий мен Ержан деревняның шетіне шыға бергенде алау-далау болып, еңіреп бір әйел жүгіріп келді. Василийдің қолынан ұстай алып, төсіне басын соғып:

— Бауырларым-ай, қайда едіңдер! Құртты ғой, қанішерлер! Өлтірді ғой! — деп ышқына жылайды.

Василий аң-таң болып:

— Не болды? Айтсаңызшы, не болды? — деп сұрады.

— Ой, сорлатты ғой! Жендеттер, қанішерлер! Өлтіріп кетті! — деп әйел еңіреп қоя берді.

Василий әйелдің басынан сипап жұбатып:

— Кімді өлтірді, байыптап айтыңызшы, — деді.

— Аленушканы өлтірді. Витяны да атты! Аленушка менің сіңлім. Ой, орманмен өртеніп кеткір! Қырылғыр жендеттер, деп дауыс қылды әйел.

Василий мен Ержан әйелді әрең деп жұбатып, өлік жатқан жерге келді. Екі командирмен ілесе келген бір топ жауынгер, соғыста қанша еті өлген адамдар болса да өліктің қасына келгенде төбе құйқалары шымырлады. Қораның шетінде шалқасынан түсіп жас әйел жатыр. Жүн свитердің кеудесін жуған қан қолтық тұсындағы аппақ қарды бояпты. Әйелдің кеудесінен демі біткенмен өңіндегі ыза мен үрей ұшқыны әлі сөнбепті. Тістеніп ашқан ерні де жұмылмаған. Әйелдің оң жағында, созылған қолының ұшына таяу екі жасар, бүлдіршіндей аппақ бала жатыр. Аяғын жиырып алып, топ-томпақ болып, монтиып ұйықтап жатқан сияқты. Жиналған жауынгерлер сұмдық көріністен шошып, дем шығармай үнсіз тұр. Жиылған топты көріп «мұнда немене болды?» ден сұрағандарға ешкім тырс етіп жауап бермейді. Кейінгілер жақындап келіп екі өлікке көзі түсіп шошынып, үнсіз сұлық тұрып қалады.

Ержан мен Василийді ертіп келген әйел екі өлікті кезек құшып жылап, өлтірушілерге бағыштаған отты қарғысы аралас сөйлеп кетті. Ішін өрт жалап бара жатқан қасіретті әйелдің үзіп, жарып ышқынып айтқан әңгімесінен сұмдық қылмыстың сыры анықталды. Түнде аяғына оқ тиіп, бөлімінен адасып қалған жауынгер Аленаның үйіне келіп жайын айтын көмек сұрайды. Алена оны жарақаты жазылғанша үйінде жасырмақ болып погребке түсіріп жатқызып қояды. Содан бүгін ертеңгісін келген немістердің төртеуі Аленаның үйіне түседі. Не себептен екені белгісіз, шамасы тамақ іздеген болу керек, погребті тінтіп, жауынгерді тауып алады. Жауынгерді далаға сүйреп алып шығады. Аленаны да сүйрелейді. Ол баласын құшақтай шығады. Жауынгерді атарда Алена шырылдап ара түскен екен, мылтықтың дүмімен ұрыпты. Алена шалқасынан құлайды; қолындағы баласы ұшып кеткен. Сол кезде мылтығын кезеп тұрған біреуі екі атып бала мен әйелді өлтіреді.

Топ үлкейе түсті. Ендігілер деревняға тарап болған сұмдық хабарды естіп келіп жатқандар. Олар жақынырақ келіп жансыз әйел мен нәрестені көріп жандары түршігіп зілдей ауыр үнсіздікке беріледі. Василий қалың топты көзімен ақырын шолып өтті. Түпсіз қара тұңғиықтай бәрі де үнсіз тұна қалған. Жас сәбидің ұйқысын бұзуға қорыққандай демдерін іштеріне тартып, жағы суалып, көзінен қасірет пен кек ұшқыны жылтырап Бондаренко тұр; Земдовтың шикіл қабағы түксиіп, дымқыл тартқан көзі бір ноқатқа қадалып қалған, ернін жымқырып алыпты — бауырмал қайырымды жігіт әрең шыдап тұрса керек; қоңыр, қысқа мұрты тікірейіп, Қартбай сазарып қатып қалыпты, көз нұры күңгірт тартып қара бұлттай жарқырайды. Кусковқа ілесіп жауынгерлер түгел бас киімдерін алды.

Жалғыз Көжек қана төңіректе не болып жатқанын сезбей мелшиіп тұр. Сәбидің өлімін көргенде ол қатты шошынып, көзі қарауытып кеткен-ді. Бейне шырт ұйқыда жатқандай кіп-кішкентай ақ саусақтарын шала жұмып монтиып жатқан сәбиден көз алмай қарай берді ол. Талай түндер түсіне кіріп, көп сағындырған Еркіні есіне түсті. Мына жатқан жас баланың орнында өзінің Еркінін көргендей болып үркіп, жүрегі қақ айрылды. Көзінің алды бұлдырап басы айналып барады. Осындай бір ауыр мең-зең халде біраз тұрып қалды. Кенет Көжектің көкірегінен «аһ» ұрған ащы леп жарып шықты. Ол сәбидің қолтығының астында қар үстінде қып-қызыл болып ұйып қалған нәрестенің жүрек қанын көріп қатты түршікті. Қос тізерлеп отыра қалып нәрестенің салқын маңдайына ернін баса жылап жіберді. Сәлден кейін басын көтеріп алып, көпшілікке бұрылды.

— Ау, бетін жасырып топырақ салайық та, ағайын, — деді ол, алғашқы рет өзінің әскерде екенін ұмытып.

Бір топ жауынгер күректерін алып, деревня сыртындағы дөңестен қабір қазуға беттеді. Көжек әлі де көңілін баса алмай:

— Не жазығы бар? Нәрестенің жазығы не? Сәбиді хайуан да аяйды ғой! — деді ашынып.

— Жазығы барға тие ме екен, олар!? — деді Қартбай тістеніп, жанарында кек оты жарқ етті. — Қолынан келген зұлымдығын аянып қалады деп ойлап па едің! Жан ауыртпайтын жеріңнен ұрады деп пе едің!

Батальон деревняда сағаттан артық аялдап, кешке қарай жолға шықты. Деревня сыртындағы дөңеске шыға бергенде он шақты машинаға тиеліп дұшпан солдаттары келіп қалды. Олар колоннамен кетіп бара жатқан батальонды көріп тез машиналарынан түсіп, шепке ыдырап шабуылға көшті.

Мұрат батальонын дереу соғыс тәртібіне көшіріп ыдыратты да, бірақ шегіне беруге бұйрық берді. Ол дұшпанмен соғысып айналысып қалғысы келмеді, қалыңдап келе жатқан қараңғылықты пайдаланып, алдыңғы жақта қарауытқан орманға кіріп кетіп, жаудан қарасын үзбек. Ол Ержанның взводын тосқауылға қалдырып тез шегіне берді. «Бетін мықтап бір қайырып тастағасын, атыса шегініп анау орманға кір, сол жерден тосып аламыз», — деді Ержанға.

Взводтың жабыла атқан оғынан өрекпіп келе жатқан жау солдаттарының беті қайтып қалды. Алқымға тақалған пышақты қағып жібергендей батальонның тынысы кеңіп қалды. Ержан взводы да алғашқы сасқалаң асығыстықтан айығып сабырмен соғысты. Қоршаудағылар үшін баға жетпес оқтарын үнемдеп, дұшпан бас көтергенде ғана дәлдеп атады. Ержан взводтың бір шетіне шабарман Бөрібайды жүгіртіп, бір шетіне өзі жүгіріп, «асықпаңдар, саспаңдар, дәлдеп атыңдар» деп әмір таратты. Жарты сағаттай іркіліп қалған дұшпанның артынан тағы қосымша күш келді. Қара көлеңкеде машина гүрілі, айқай-шу естілді. Шекті үйлерді тасаланып екі-үш зеңбірек атқылады. Окопсыз ашық жатқан жауынгерлерге үлкен қауіп осы болды. Бір кезде «дұшпан сол жақ қанаттан айналып өтіп барады» деген хабар келді. Ержан қасында жатқан Қартбайға:

— Біз қазір шегінеміз. Сен мыналарды бөгей тұр. Тек бізден көз жазып қалма! — деп бұйырды.

— Мені де қалдырыңыз, жолдас лейтенант, — деді екінші жағынан Көжек.

— Жарайды, — деді Біржан. — Екеуің кезек атысып шегініңдер.

Взвод кейін қарай шегінгенде артынан орап кеткен жау күшіне соқтықты. Ержан оң қанатқа қарай тез шегінуге әмір етті. Енді кешіксе қоршауға түсіп қалатына сөзсіз. Бірақ оңға ойысқан взводты, дұшпан шығыс жақтағы батальон кіріп кеткен орманға өткізбей солтүстік-батысқа қарай тықсыра берді. Ержан енді барған сайын батальоннан алшақтап бара жатқанын сезді.

6

Қараңғы түсті. Енді мылтық жарқылынан дұшпан шебі анық көрінді. Деревня шетінен жарқылдаған от шығыс жақты орай, иіліп келіп, сол қанатқа тіреледі. Ержанның бұйрығы бойынша жауынгерлер оқты үнемдеп, неміс шебі көтеріліп атакаға шыққанда ғана жаппай атқылап тойтарып тастайды. Үш рет беті қайтқасын жау онша өрекпи қоймайды, тек атыс салып, құрсауын қыса түседі.

Взводтың шегініп кеткенін біліп лап берген бір ротадай дұшпанды Қартбай мен Көжек қарсы алды. Іңірде қарауытып келе жатқан көп солдатты көріп Көжек Қартбайға бұрылды. Қартбай қара көлеңкеде оның көзінің жарқылын ғана байқап қалды.

— Асықпа, Қартбай, асықпа тегі, — деді Көжек тістеніп. — Жақындасын иттер! Сеспей қататын болсын ата-бабаңның көрі жанғырлар!

— Қараңғыда жақын жіберу қауіпті, байқа!—деп дауыстады Қартбай.

— Жоқ, жоқ, білемін. Өткізбеймін, кішкене жақындасын! — деді Көжек ширығып.

Қартбай қара көлеңкеде қаптап келе жатқан дұшпан мен екі ортаны шамалай алмады. Әлдеқандай бір сезімталдықпен оқ ататын кезеңнің жеткенін біліп, өзінің ежелгі дағдысы бойынша оң қанаттағы солдатты көздеді. Бірақ қараңғыда нысанаға іліктіре алмай, көңілмен топшылап қол пулеметінің шүріппесін басты. Дағдыланып қалған қол қателеспеді. Селкілдеп жұлқынған пулеметтің стволы ажал оғын құсып, солға қарай ақырын бұрыла берді. Көжек те үстемелетіп оқ жаудырды. Немістер қайтадан жатып қалды. Қартбай сол қанатта қашықтап бара жатқан мылтық даусын естіді. Алдыңғы жақта атыс жиі жарқылдайды. Қараңғы ауаны түйреп үстінен оқ зулайды. Көжек дүниені түгел ұмытып оқты үсті-үстіне төпеп жатыр, төңірегінде масадай ызыңдаған қалың оқты да елейтін емес. Қартбай оның қасына жүгіріп келіп иығынан жұлқып қалды.

— Есіңнен тандың ба, тоқтат!

Көжектің екі қолы автоматына жабысып қалғандай, айрылар емес.

— Қоя тұр, Қартбай! Бөгеме! — дейді қалшылдап, бірақ оғы біткен автомат өшкен мотордай үнсіз қалды. Қартбай оның бұл жерден өздігімен кетпейтінін түсінді.

— Қазір шегін. Жүр!—деп жұлқып тұрғызып кейін қарай сүйрей жөнелді.

Қартбай жүгіріп келе жатып төңіректі тез, жіті шолып өтті. Взвод сол жаққа қарай көп ығысып кетіпті, дұшпанның қардай бораған оғына сирек жауап береді. Взводпен екі ортадағы жол кесіліп қалғанын Қартбай түсіне қойды. Деревня жақтан шабуыл жасағандар енді солға көп ойысып, азғана тобы бұлардың соңына түсіп, көбісі взводты өкшелеп тықсырып барады. Көжек екеуі жиырма-отыз қадамдай шегінгенде немістер тағы да лап берді. Қартбай мен Көжек жата қалып қайтадан атыса бастады. Жағдайдың қиынға айналғанын, мына немістерді желкесіне мінгізіп қойып қашқақтай бергенмен ұзаққа бармайтынын Қартбай түсінді. «Шешінген судан тайынбас», — дейді қазақ. Алыстан біреу өзіне қарап оқ атса жапанда келе жатқан адам қатты шошынады. Қалың оқтың астындағы адам — оқтың кісі өлтіретін күші барын ұмытып та кетеді. Сол сияқты Қартбай да жағдайы ауырлаған сайын, ажал қаупін елемеді, елеуге мұршасы да болмады; бар ойы қиын жағдайдан қайткенде шығуда болды. Кенет өжет ой сап ете қалды. Көжекке «менің қасымнан екі елі қалма» деп әмір етті де, атыс сала, деревняның сол жағын ала шегіне берді. Дұшпанды бір тойтарып тастаған кезінде, Көжекке «менен қалма» деп дауыстап, шеткі бір үйге қарай жалт берді. Кішкене ағаш моншаны тасаланып ентігін басты. Енді байқады, бұларды қуған дұшпан сиреп қалыпты, көбісі әрі қарай ойысқан тәрізді. Пулеметтің даусы шықпай қалғасын немістер атакаға көтеріліп бұлардың орынан сипалап қалды. Олар әлі де біраз ілгерілеп барып, ешкімді кездестіре алмай деревняға қайтты. Дабырлап сөйлесіп келеді.

— Аналар келіп қалды ғой, не істейміз? — деді Көжек сыбырлап, автоматы ыңғайлай берді.

Осы кезде моншаның артындағы үйдің қасына келді ме, не үйден шықты ма, немістердің сөйлескен даусы естілді. Қартбай сығалап қарап еді, екі солдат үйдің қасындағы арбадан бір нәрсе түсіріп жатыр. Қараңғыда жәшік пе, не қапшық па, не нәрсе екені анық байқалмайды. Деревняға қайтқан қуғыншылардың үш-төртеуі бері қарай бұрылды. Қартбай енді қайрылып қарағанда жаңағы екі солдат арбадан түсірген теңді көтеріп үйге кіріп бара жатыр екен.

Қартбай не істерін білмей алаңдап тұрған Көжекке бұрылды.

— Менің соңымнан қалма! Дыбысыңды шығарма! — деп сыбырлады оған.

Көжек басын изеді. Қартбай Көжекті ертіп жаңа ғана солдаттар кіріп кеткен үйді айналып жүре берді. Көшеде адам аз екен. Көшенің арғы бетімен кетіп бара жатқан бір неміс дауыстап еді, Қартбай естімегенсіп жауап бермеді...

Ержан сол бүйірге қарай қиғаштап кетті. Немістер оның батальонға қосылатын алдын орап, әрі-беріден соң солтүстік батысқа ығыстырды. Желкеге мініп алған қалың жау бастырмалатып, ес жиғызбай тықсырып барады. Жапырыла қашса оңбайтынын біліп, Ержан оқ қаупін ұмытып взводтың ол шетінен бұл шетіне жүгіріп отделениелерін тәртіпке салып алды. Енді бір отделение шегінгенде екіншісі жата қалып атысып дұшпанды тежейді. Әйтсе де басым күш шыдатпай, кейде бүкіл взвод түгел қашады. Зеленин мен Ержан сол сәтте барын салып әрең тежеп қалады.

Ержан автоматының бір обоймасын тауысты. Үстінен жарты метрдей жоғары оқ зуылдайды. Бір кез төменірек атылған пулемет оғы алдынан бір метрдей жерге «джик», «дззик» деп шоршып қарға сүңгіді. Енді бір сәт алдынан, тіпті жақын жерден жау пулеметшісі қарды оқпен қайып өтті. «Өлтіріп кету мүмкін-ау», — деген ой келді Ержанға. Бірақ, ғажабы — сол ойдан шошынбады. Бірде алдынан, бірде жанынан қарсы сүңгіп шоршыған оқтан бейне лақтырған кесектен бұққандай жасқанады. Оқ та, ажал да ауыр салмағын, сұмдық сұсын жоғалтып керексіз жиренішті нәрсеге айналды. Ержан енді ажалдан қорыққан жоқ, жиренді. Өзінің осы бір қызық халін кейін ойлап түсіне алмай қайран болды; ол кей адамдар үшін ажал қаупі неғұрлым күшейген сайын, қорқынышы азая беретінін білмейтін еді. Енді бір сәтте тұмсығының алдына келіп шаншылып жатқан оқ басын оқыс көтеріп алғандай — жоғарылап төбесінен зулады. Ажалдың өтіп кеткенін денесімен сезіп бойы жеңілдеп қалды.

Ақ қардың реңінде қарауытып шашырап жатқан неміс солдаттары қозғала бастады. Бірте-бірте тұтас көтеріліп, жүгіре атқылап алға ұмтылды. Қарайған солдат денелері, мылтықтың аузынан ұшқан от — бейне қара албастылар кеудесінен жалын шашып келе жатқандай елес береді. Ержан бар даусымен айқайлады:

— Огонь!

Өзі де автоматының дүмін иығына қыса түсіп, көңілмен дәл мөлшерлеп оқ жаудырды. Дұшпанның қалыңдау жерін тез топшылап бес-алты оқтан үзіп-үзіп атқылайды.

Бұл дұшпанның соңғы атакасы болды. Осы кезде шегінушілердің алды орманға барып кірген болатын. Сәлден кейін өзге солдаттарымен Ержан да бір ырғып қалың ағаштың арасына сүңгіп кетті. Орманнан, әсіресе, ішінде дұшпан бар орманнан тұңғиық судан жаман қорқатын немістер оның үстіне қараңғы түсіп қалғасын, одан әрі беттей алмай кейін қайтты.

Ержанның алғашқы аңғарғаны — бұл манағы бесін кезінде өздері өткен деревняның батыс жағындағы орман екен. Батальоннан әбден бөлініп қалғанына енді көзі жетті. Азғана жауынгерін бастап қоршаудан өз бетімен шығуы керек; өз бөліміне қайтып қосылуы екіталай. Ол солдаттарын жинап түгендей бастады. Екі жауынгері жоқ болып шықты, өлі-тірісі белгісіз. Қартбай мен Көжектен және айрылды. Олардың атыс салып шегінгені есінде, бірақ бір мезгілде екеуінің де үні өшті. Өлді ме? Тірі ме? Қолға түсті ме? Оған ешкім болжау айта алмады. «Деревня жақта атысып жатқанын естіп едік, содан кейінгісін білмедік», — дейді әркім.

Ержан қараңғыда солдаттарын көзімен түгендеп жүріп, арт жақта тұрған бір жауынгерге назары ауды; тұлғасында, тұрысында мұның солдаттарына ұқсамайтын бір ерекшелік бар. Еріксіз жақындап келіп, таңырқап қалт тұрып қалды:

— Раушан!

Раушан үндеген жоқ, қажыған денесі сұлық тартып төмен қарап тұр. Ержан бұл күтпеген кездесуге қайран болды да, бірақ ұнатпай мазасызданып қалды.

— Мұнда қайдан қосылдың? Бізбен бірге қиын болады ғой өзіңе.

Ержан қамқорлығымен қоса өзін ауырсынып қалғанын сезді Раушан.

— Маған бәрібір. Қай жерде оңай болушы еді, — деп қысқа жауап қайырды ол. Ренжіп сәл мүдіріп қалды. — Мұнда да бір кәдеге жарармын. Масыл болмаспын.

Ержан өз сөзінің ыңғайсыз тигенін түсінді де, үндемеді. Оның бойын тез басына түскен жағдайдың ауыртпалығы билеп кетті. Минут өткен сайын жауапкершілігі үдеп, жедел байламға келіп, дереу әрекетке көшу қажет болып барады. Ол жауынгерлеріне бес-он минут демалуға рұқсат етіп алдыңғы жақты шолуға шықты.

Кешқұрым басылған қар қайта жауып, жел тұрып, борасын болды. Жаңа бір әзірде өздері тастаған деревня көрінбейді. Орман да, жол да көрінбей аспан мен жердің жігі қосылып, тұтас бір бозамық түнекке айналған. Ет қызуы басылып, Ержан кеш ызғарын анық сезді. Бетін аяздың ащы қылқаны шақты.

Взвод деревняны оң қапталға ала шығысқа қарай жүрді. Жүрер жолды дәл белгілеу мүмкін емес, Ержан қараңғыны сипалап, бағытын компаспен топшылады. Кешеден бергі жүрістен, соғыстан қажыған солдаттан ауыр аяңдап үнсіз келеді; төңірегін қоршаған дұшпан барын, аяқ астында белгісіз қауіп барын ұмытып кеткен сияқты.

Бозамық түнектің қарауытқан шегіне көзі ауырғанша қадалып, жаяу борасынның, бір ырғақты ызыңының арасынан өзге дыбыс аңдып құлағын тігіп, бүкіл денесімен жат күштің, қауіптің салқын лебін сезіп келе жатқан Ержан өзінің бұрынғы бейқамдығына, тіпті батальон қоршауға түскеннен кейінгі алаңсыздығына мырс етті. Мінекей оны жылы құндақтан суырып алып, ызғардың өтіне жалаңаш тосқан сияқты.

Кенет оң жақтан машина гүрілдеді. Ержан селт етіп, өзінің солға қарай ойысып бара жатқанын сезді. «Қорқа бастағаным ба?» деген ой жалт етті. Мана қардай бораған оқтан, секунд сайын төнген ажал қаупінен жүрегі шайылмағанда, енді тым секемшіл, үркек болып кеткеніне ызаланып денені түршіктірген сүйкімсіз әсерді сілкіп тастап, тез қайратын жиып ширығып алды. Бір-екі рет булығып барып машинаның тынысы түзелді де, гүрілі алыстай берді. Ержан деревняның тұсына келіп қалғанын аңғарды. Алдында екі шақырымдай жерде орман бар, соған бір тырнағы іліксе... Жауынгерлеріне үнсіз белгі беріп ол енді тезірек аяңдады. Деревняның деңгейінен өте берген кезде мотоцикл даусы естілді. «Пр-пырлап» қақалып алды да ышқына ырылдай жөнелді. «Деревнядан шығатын жолмен шығысқа қарай кетіп барады», — деп жорыды Ержан.

Орманда батальонның бұларды күтіп тұра алмайтынын Ержан да, жауынгерлер де сезіп еді. Оның үстіне төңіректе үлкенді-кішілі орман көп, бұрқасынды қараңғы түнде батальонның ізін тауып алу да екі талай. Бірақ сонда да қайың аралас қарағайдың ішіне кіргесін Ержан да, жауынгерлер де «кім біледі, кездесіп қалар»,— деген үмітпен елеңдей берді. Жарты сағат жүргеннен кейін, алда бара жатқан Земцов торғайша шырылдап «тоқта» деген хабар берді. Взвод тез ыдырап, қару-жарағын ыңғайлады. Бөрібай келді.

— Мына жерде бір ашық далаң бар екен. Сол арадан жол өтеді екен. Сол жерде немістің мотоциклисін біреу өлтіріп кетіпті.

— Земцов қайда? — деп сұрады Ержан.

— Ол екеуі әрегірек шолып қайтамыз деп кетті.

Орман ішінен өтетін жіңішке жолдың шетінде бүкшие жантайып неміс солдаты жатыр; мотоцикл тақымынан сытылып шығып әрегірек барып құлапты. Зеленин еңкейіп еліктің бетіне үңіліп қолын, бет, аузын сипалап көрді.

— Әлі қатпаған. Таяуда ғана өлтірілген.

Зеленин оның мойнындағы автоматын алды. Жарты шақырымдай жүрмей жатып тағы бір неміс мотоциклистің өлігі кездесті. Жұрт енді қайран болды. Әркім әртүрлі болжау айтты.

— Біздің батальонның адамдары шығар осыны істеген.

— Онда олар планшеткалары мен қаруларын неге алмаған?

— Тіпті қолындағы сағатын да алмапты.

— Мүмкін, партизандар шығар?

— Партизанға қару керек емес пе екен?

— Кім болды екен?

— Кім болса да біздің адам ғой, әйтеуір.

Үлкенді-кішілі ормандарды тасаланып сай, жыраны сағалап, деревняларды орағытып өтіп взвод таң атқанша жүрді. Екі күннен бері тізе бүкпеген солдаттар әбден қажыды, ашықты. Оқ, дәрінің де кешегі ұрыстан кейін азайып қалғанын Ержан сезді. Жұртты тынықтырып, жер шамасын бағдарлап, болашақ қимылын анықтап алу үшін таң ата қалың орманның ішіне тоқтады. Күн әлі ашылған жоқ. Қар едеуір қалыңдап қалды.

Солдаттар қарағай бұтағын төсеніп, маздап жанған отты айнала қызара бөртіп ұйықтап кетті. Ержан Зеленинді барлауға жіберіп, өзі де бір сағаттай ұйықтап алды. Әлденеден секем алғандай тез оянды. Денесі салдырап қозғалтпайды. Бүйірін қыздырған оттың қасында бұйығып жата бергісі келеді. Ол орнынан атып тұрды. Соңғы күндері ол көңілін тежеп, өзіне өзі қатал бола бастаған-ды. Қазір де қозғалғысы келмей бұйыға бергенін сезіп, тез тұрды. Жүрегінің сазғанын сезіп, «өлмессің, шыдарсың» деді өзіне. Ол керіліп бойын жазып, күзетте тұрған солдаттарды тексеріп от басына қайтып келді. От көсеп ұйықтағандардың киімдерін оттан қорып отырған Бондаренкоға жатуға рұқсат етіп, оның қызметін өз мойнына алды. Қалғып әрең шыдап отырған Бондаренко басы жерге тиісімен қор ете қалды.

Ержан сөніп бара жатқан отқа ағаш бұтақтарын салды: дымқыл отын бірден тұтана қоймай, бықсып мазаны кетірді. Өңешіне түтін кіріп қақалғанша үрлеп шинелінің шалғайымен желпіп әрең тұтатты. Ұшқын шашқан қызғылт-сарғыш жалын ыстық лебімен бетті шарпып, жоғары қарай жұлқына берді. Ержанның көзі ұйықтап жатқан Раушанға түсті. Санитарлық сумкасын жастанып отқа қарай қырынан жатыр. Суыққа тотыққан күрең жүзінде жалынның әдемі көлеңкесі ойнайды. Ержан еріксіз қадалып қарап қалды. Жақ сүйегі білініп, өңі тартылып жүдеп қалған. Қажығандықтан ба, әлде басқа ма, қабағының астына күңгірт көлеңке ұялаған. Осы көлеңке оның дөңестеу келген маңдайына, бүкіл жүзіне қайғылы, мұңды рең беріп тұр. Құлақшыны домалап қардың үстіне түсіпті, жалаң бас жатыр. «Басына суық тиеді-ау». Ержан түрегеліп барып құлақшынды алды да қарын қағып, отқа кептіріп басына кигізді. Раушанның қасынан кете алмай, бетіне үңіле қарап аз отырды; дәл осы сәтте Раушаннан қашықтаған сайын белгісіз күш оған қарай итере түсетінін сезді. Ол тез орнынан тұрып жүріп кетті.

Ержанның бойында өзі байқамаған бір құбылыс пайда болды. Ішіне қатал, әмірі күшті біреу кіріп алып бұрынғы аңғал, бейқам, босаң Ержанның әр қимылын, ойын, әрекетін қапысыз аңдап, қақпалап қатал жолға салып отыратын болды. Босаңсып бара жатса қатайтып, еркінсіп бара жатса тежеп ұстайды. Жаңа ғана Раушанға көңілі елжіреп бара жатыр еді, сол әміршісі желкесінен тартып тұрғызып әкетті.

Ержан түнеріп, арлы-берлі сенделіп жүр. Көптен бері жиналған, жастық, албырттықтан, бейқамдықтан мойны жар бермей жауапсыз қалған ойлары енді дүмпіп барады. «Жауабыңды айт, өз арыңның алдында бұлтарма» дейді. «Сен не бітірдің, не тындырдың? Арманың не еді, жеткен жерің қайсы?» дейді. Я, Ержан жаман соғыспаған сияқты. Қорқып қашқан жері болған жоқ. Взвод та жаман соғысқан жоқ. Тәуір командир тәрізді. «Тәуір», иә, тек «тәуір» командир, жақсы командир емес. «Тағы өзіңді өзің алдарқатпақсың. Нашар командирсің», — деді Ержан өзіне. «Взвод жақсы соғысса — ол жауынгерлердің ісі. Ал, сен не бітірдің. Жарайды осы ұрыста қорықпадың. Бірақ сен командир емессің бе? Жоғарыдан берілген бұйрықты солдаттарға жеткізіп қайталап айқайладың. Онсыз да атқылап жатқан жауынгерлерге: «Огонь!» ден байбалам салдың. Ол Бөрібайдың да қолынан келмей ме? Қайта ол сенен гөрі сабырлырақ, орнықтырақ істер еді осының бәрін».

Ержан талай мықты командирлерді көрді. Бір адамы қалғанша шегінбей, жаудың батальонын қырған, танктерін қиратқан взвод командирлерінің атын естіді. Қиыннан жол тауып, қалың жаудың темір құрсауын жарып еткен, өжеттігі аңыз болған командирлерді көрді. Қатал, қаһарлы, күшті адамдар олар. Солдаттар сол қаһарлы командирлер үшін жанын беруге бар, оған еріп от пен суға көздерін жұмбай түседі. Сол командирлер жалғыз қызмет дәрежесімен емес, қайратымен, жігерімен қарауындағыларын үйіріп алған жоқ па? Онда командирге солдат шын ықыласымен беріле бағынады, командирі күшті болса солдат та өзін күшті сезінеді. Ал, Ержан ше? Ол взводтың жүрегі, ұйытқысы, әкесі емес, өгіздің мүйізіне қонған шыбын сияқты. Бір кездегі дивизия командиріне дейін тез көтерілмек болған қиялы есіне түсіп, ащы ызамен мырс етті. «Әрқашан да жұрттан артық болғың келетін әдетің бар, достым, — деді Ержан өзіне. — Сенің жұрттан нең артық? Училищеде отлично оқып көзге түстің, ал соғысқа келгенде жүнжіп кеттің. Жоқ, өзіңнің төмендігіңді сез, достым. Бұл жерде сен өтірік ұялатын ешкім жоқ. Мойында». Осылай өзіне-өзі қанағаттанбаған, өзін олқысынған ауыр өкініш көңілін ойсыратып барады.

Ержан аяғын қарға қадай басып, арлы-берлі сенделіп жүр. От басына жиырма қадамдай үлкен қарағайдың қасына барады да, оның сынған бұтағына көзі түсіп, кейін қайтады. Екі ортада тапталып жол түсіп қалды. Ержан оттың сөніп бара жатқанын көріп ағаш салды. Тағы да Раушанның жүзіне көзі түсті. Қабағының астына ұялаған манағы бір көлеңке ыдырап, қызара бөрткен өңіне жылы рең кірген. Жұқа ернінде күлкі табы тұр. Жақсы түс көріп жатыр. Сонау айлы түнде алғашқы, һәм соңғы рет сүйген осы әдемі жұқа еріннің жылуын қайта сезгендей болды. Өміріндегі ең бақытты сәттің қадірін сол кезде бағалай алмай қапыда өткізіп алғанына өкінді. Сол бақыты тағы бір ғана айналып келсе... Ішіндегі қатал әміршісі тағы да ұстап алды. Қайда екеніңді, мойныңда қандай міндет тұрғанын ұмытып кеттің бе? Өзіңнің кішкентай, ұсақ қайғыңмен әлек болып жүрсің. Өлім-жітімі мойныңа артылған жиырма-отыз адамның қамын ойлау жоқ-ау сенде!? Әнекей, тамсанып қойып тәтті ұйықтап жатқан Бондаренко. Соның өмірі сенің қолыңда. Оның үйінде күтіп отырған әйелі, бала-шағасы барын білесің бе? Әйелі күн ара хат жазады, почта кешіккенде үш-төрт хат бірден келеді. «Қолына күрек пен көсеуден басқаны ұстап көрмеген менің қатыным бармағы майысқан писарь болып алды», — деп күледі Бондаренко. Жаңа қосылған жарынан мауқы басылмай айрылған, сарғайып күтіп отырған Кәкібайдың әйелі ше? Көжектен айрылдың... Зарығып көрген баласы сағынып күнара хат жазатын еді о да. Жақында алған автоматынан кем қадірлемей, бас жағын кертіп жіппен төс қалтасына байлап алған көк сия қарындашын қайта-қайта аузына салып сулап, езуі мен мұртын сияға бояп, икемсіз мыртық саусағымен әр әрпін баттитып жазатын. Қартбайдың мектепке биыл барған баласы, алғашқы таныған әрпінен қиыстырып: «Бапа, жауды жеңіп қайт, біз сені сағындық», — деп жазды. Сәби жүрегі лүпілдеп әкесінен жақсылық хабар күтіп отырған сол балаға не деп жауап бересің? Қаншама жұрттың ең ардақтысы, өмірдегі ең асылы тапсырылды саған. Взвод. Жиырма алты жауынгер, төрт кіші командир. Шығынымыз төрт адам. Осы жансыз құрғақ сөздің астында қаншама ұшан-теңіз дүние жатқанын сездің бе сен? Осы дүниені, асыл қазынаны қоршаудан аман алып шыға аласың ба? — Осы араға келгенде Ержан тоқырап қалды. Мойнына түскен салмақ тым ауыр жатыр. «Арыстанов сөз жоқ алып шығады. Кусков та алып шығар еді», — деп ойлады ол. — Әрине жауынгерлердің бәрін қазадан сақтау мұның қолынан келмейді. Өзі де қаза табуы мүмкін. Бірақ әрбір орынсыз шығын болған өмірге бұл жауапты. Керек болса олардың өздері де өлімнен тайсалмайды. Қартбай мен Көжек қабақ шытпастан қалың жаудың ортасында қалған жоқ па?

Бұдан бір-екі ай бұрын бастықтар: «Рота командирі бол», — десе ішінен қуана келісім беруге, «батальон командир! бол», — десе көп ойланбай-ақ көнуге даяр Ержан, енді «взвод» деген ең кішкене бөлімшенің өз еңсесін басып кетерлік ауыр салмақ екенін тіпті бар денесімен сезді. Бекімеген бұғанасы көтере алмайтын ауыр теңді артқан сияқты бұған. Оны «әлім келмейді» деп тастай алмайды енді, қабырғасы сынса да апарар жеріне жеткізуі керек. Ержанның көз алдына бала кезіндегі бір оқиға елестеді. Алматыға көшіп келген жылы (ол кезде мектепте оқитын) үш-төрт бала тауға шықты. Тауға өрмелеп машықтанып қалған жолдастары шаншыла көтерілген жалаңаш шоқының тастақты баурайына кесірткедей тырмысып иретіле өрмелей жөнелді. Ержан бата алмай, кідіріп қалды. Бірақ жолдастарынан қалып қойғанына намыстанып бұ да тырмысып өрмелей берді. Қырлы тастар кеудесіне, тізесіне батып, қол етін сыдырғанына қарамай қиындыққа елігіп жартасқа ерегіскендей көп уақытқа дейін тоқтамады. Бір кезде ентігін басып жоғары қарап еді көзі бұлдырап, басы айналып кетті. Өмірінде алғашқы рет өлім қаупін сезіп, шошынды. Денесінің босап бара жатқанын байқап жартасқа жабыса түсті. Тұңғиық шыңыраудың үстінде жалғыз тал қылға жармасып тұрған тәрізді. Қыл үзіліп кетсе...

Кейін қайту, төмен түсу, жоғары өрмелеуден анағұрлым қорқынышты.

Енді ол денесінің қырлы тас батып ауырғанын, аяғының қанағанын сезген жоқ, төменгі жаққа да қарамады, жоғарыдан төнген мылқау қара тастың зілдей салмағы есеңгіретіп, көзі қарауытып өң мен түстің арасындағыдай меңіреу халде тырмысып өрмелей берді, өрмелей берді. Бар тілегі өзін жаныша қысқан тас құшақтан суырылып шығу болып ышқынып, ең соңғы күшін жиып, тырмыса түсті. Соңғы күш тез таусылмайды екен, «енді біттім» дегенде тағы бір соңғы күш, одан кейін тағы бір күш сараңның қалтасындағы тиындай біртіндеп шыға берді. «Жоқ, тырмысу керек, тіспен, тырнақпен қарыса жармасу керек, қан жоса болсақ та...» деді Ержан.

7

Күләнданың жарақаты онша ауыр емес-ті. Қарынан тиген оқ сүйегіне зақым келтірмей бұлшықтан өткен, бірақ жарасы жазылғанша айға жуық емделу керек болғасын оны армияның, одан майдандық госпитальға жіберді. Майдандық госпиталь кішілеу бір қалада бұрын аурухана болған жалғыз қабат кең үйде орналасқан екен. Маңайындағы үйлерге де жаралыларды орналастырған. Күләнда төсек тартып жатқан жоқ, күнде жарасын таңдырып алып түрегеліп жүрді. Екі күннен кейін іші пысып дәрігерлер мен санитарларға көмектесе бастады. Алғашқыда орнынан тұра алмайтын жаралыларға су әперіп жүрді, содан жастығын түзеп беріп, басын көтеруге жәрдемдесті. Оның ісін елеген де, қой деген де адам болған жоқ. Бір күні ауыр жаралыға операция жасап жатқан дәрігер ыстық суға қайнатқан аспап ұстап тұрған сестраны хлороформ әкелуге жұмсады. Сестра дәрігерге әлсін-әлсін ұсынып тұрған аспаптарын қайда қоярға білмей сасып қалғанда есіктен сығалап тұрған Күләнда «мен әкелейін» деп жүгіріп кетті. Осылай өзінің штаттан тыс қызметіне Күләнданың өзі де, госпиталь қызметкерлері де, жаралылар да үйреніп кетті. Жаңадан келген жаралылар Күләнданы осы госпитальдың қызметкері көріп, «қолыңыз неден жаралы болған, госпитальды бомбалап па еді», — деп сұрайтын болды.

Тек госпитальдың бас хирургі, кішкене шоқша сақалды, қуақы тілді шал Күләнданың қызмет етуіне қарсылық білдірді:

— Жаралыларды қызметке пайдалануға правом жоқ.

Сіз жұмысқа араласуыңызды қоймасаңыз постельный режимге көшірем, — деді ол Күләндаға.

— Жоқ, жоқ, мен жұмыс істеп жүргенім жоқ, жұрттың қолы тимей жатқасын тек жәй...— деді медицина майорының қатал көзқарасынан қаймығып қалған Күләнда.— Менің тіпті денім сау. Қазір жағдай қиын ғой, жолдас майор. Жаралылар көп келіп жатыр.

Хирург басын кекшитіп Күләндаға азғана қарап тұрды да:

— Һм. Һм. Жағдай қиын дейсіз. Оныңыз рас. Тек жағдайдың қиындығын есептеп азғана көмектесуіңізге рұқсат етем. — Ол пенснесінің үстінен қарап, қолын шошайтты. — Тек тсс... Ешкімге айтушы болмаңыз. Уәде ғой?

— Уәде, — деді Күләнда хирургтың мінезіне мәз болып күлімдеп.

Азғана күн істегеннен кейін хирург Күләнданы қатты ұнатты. Сырқаттың нышандарын бақылап дағдыланған дәрігер Күләнда жөнінде аңғарғанын консилиумда отырғандай ашық айтты.

— Сіз өте жақсы қыз екенсіз, дұрысырақ айтқанда жақсы персоналсыз. Өз мамандығымның арқасында әйел затымен көп қызметтес болдым. Сіз іске ұсынақты және ықыластысыз. Бұл медицина қызметкері үшін жақсы қасиет. Оның үстіне өте кішіпейілсіз және сөзге аса сараңсыз. Әсіресе, соңғы қасиет әйел затында сирек байқалады. Бірнеше күнгі бақылауымның нәтижесінде сізді госпитальда тұрақты қызметке қалдыру керек деген қорытындыға келдім.

— Жоқ, мен өз бөліміме қайтуым керек, — деді Күләнда.

— Aha. Қалғыңыз келмейді, ә? — деді хирург тағы да пенснесінің үстінен сүзе қарап. — Сіз болашағыңызды неге ойламайсыз. Мұнда сіз көп тәжірибе аласыз, жаттығасыз. Ертең соғыс біткенде институтқа түспейсіз бе? Жоғары білімсіз қалай болады? Сонда нағыз маңдай алды студентка боласыз. Егер мен медицинаны түсінсем, түбі сізден жақсы дәрігер шығады.

— Сізге рақмет, бірақ қала алмаймын, — деп сыбырлады Күләнда.

— Һм. Менің бақылауым толық емес екен. Сіз әлі қайсар да екенсіз ғой. Ендеше мәселені кейінге қалдырайық. Әлі ойлануға уақыт бар.

Ия, ойлануға уақыт болды, бірақ Күләнданың ойы басқада.

Күләнда бала кезінен жұрт назарын аударып көзге түсіп көрген емес-ті. Ылғи өзге қыздардың ортасында елеусіз болатын. Мектептегі ойын-сауық думандарда да балалар бар болса оны байқамайтын да, жоқ болса жоқтамайтын. Сөйтіп тасада жүріп бой жетті. Бірақ қыз болып та жігіт назарын аудара алмады. Өзге қыздардың алдында қысылатын жігіттер, мұны еркек баладай көріп еркін қалжыңдасатын. Осылай өз жағдайына бойы үйреніп «еркек мінезді», «еркін тілді» қыз болып алды. Өз ортасында елеусіздігін қымсынса да, жас көңілі мұқалмады, жақсы жігіттерді үйіріп алған құрбыларын күндеуден аулақ болды.

Ғашықтың дегеннің не екенін білмей жігіттермен бер жағымен қалжыңдасып жайдары жүрген Күләнда Ержанға жолықты. Жаздыгүні Алматыда батальон жаттығу ойынына шықты. Қаладан ұзақ, Бурылдай аталатын шоқының бауырына жақындағанда күн шықты. Таң шапағы қызғылт-сарғыш жұмсақ нұрға малып, ертеңгі салқынмен сергіп оянған уыз табиғат лебі Күләнданың көкірегін мұңлы қуанышқа бөледі. Қарлы шыңның сүйір өркештері арайланып, тау жылғаларында тұтаса қарауытқан қарағайдың үстіне күлгін мұнар ұйып тұр. Аспанның қара көк бояуы оңып, жұлдыздардың да сәулесі солып семіп барады; тек тау жотасынан арқан бойы жоғарыда қызғылт нұрлы Шолпан ерегіскендей нұры семе берді.

Батальон привалға тоқтағанда Күләнда бойын билеген рақаттан арыла алмай оңаша отырып қалған. «Қандай тамаша!» Күләнда селт етіп жалт қарады. Тауға иек артып шығып келе жатқан күнге сүйсіне қарап жас лейтенант тұр. Жаңағы сөзді айтқан сол болу керек. Әдемі қоңыр дөңгелек жүзі күлімдеп күн нұрына балқып жайнап тұр. Аудыра киген пилоткасының астынан шыққан толқынды қара шашы мен қою қара қасы жігіттің сұлу өңін өткірлей түскен.

— Мынау неткен керемет! Енді күн сайын ерте тұрып таң атқанын бақылармын,— деді лейтенант таңғы уыз ауаны құшырлана жұтып. Ол жүресінен отыра қалып қос қолымен шөп басындағы шықты сүзді.— Тіпті жуынып алуға болады.

Жас жігіттің бүкіл тұлғасында, нұрлы жүзінде, қуанышты дауысында мынау таң сәулесіндей кісіні еріксіз тартатын балғын күш бар. Жүресінен отырғаны қандай әдемі. Күләнда лейтенанттан көз ала алмай қарап қалған. Ол тез түрегеліп Күләндаға қарай бұрылды.

— Тамашалап отырсыз ба? Жақсы емес пе, ә? — деді ол Күләнданың қасына келіп.

Табиғатқа ғашық болып, алаңсыз қуанған жас жігіттің көзқарасы әсерлі еді. Күләнданың басы айналды.

— Иә. Өте жақсы... Жақсы...— дей берді ол күбірлеп.

— Сіз біздің батальонға жаңадан келгенсіз ғой?

— Иә, екі-үш күн болды, — деп жауап қайырды Күләнда, лейтенанттан көзін әрең тайдырып.

Күләнда осы жігітке ғашық болды. Ержанды күнінде бір көріп қалса, бір-екі ауыз тіл қатысса соның өзі байғұс қыздың қиялын қияға алып кететін. Алғашқыда мінезі ашық-жарқын жігіттің күлкісін, көзқарасын, жылы сөзін ылғи жақсылыққа жорып, көңілі марқайып жүрді. «Күләнда, халің жақсы ма?», «Әскер өмірі ауыр емес пе?», «Күннен-күнге құлпырып барасың ғой» деген жүрдім-бардым айтылған сөздердің өзін Күләнда жігіттің ерекше ықыласы деп қабылдайтын. Бірақ жігіт одан арыға бармай, жаңағы ыстық көрінген сөздердің өзі суына бастады. Сөйтіп жүргенде Раушан келді. Ержан мен Раушан алғашқы жолыққан күні — сонау кішкене разъезде поезд тоқтап тұрғанда,— Күләнданың жүрегі бәрін сезді, бірақ сенбеуге тырысты. Раушан мен Ержан арасындағы сөзге жиі қыстырылып, орынсыз көп сөйледі. Мінезінің тіпті орынсыз екенін сезсе де өзін тоқтата алмады. Бертін келе Ержанның көңілі Раушанда екеніне әбден көзі жетті. Бірақ үмітсіз махаббат өшпеді, қайта ұлғая берді. Раушаннан Ержанды қызғанды, бірақ ол қызғанышын сыртқа шығармады. Сонысына қуыстанып, өзін айыпты санап Раушанға аса ықыласты болып кетті. Өзі жараланған айлы түн Күләнданың әлі есінде. Тәні емес, жаны жараланды сол түні. Ержан мен Раушанның оңаша кеткенін көрді. Әйел жүрегі сезгіш қой, дәл сол айлы түнде Ержанның Раушанға бар сырын, жүрек сырын айтатынын білді. «Мейлі, менің не шаруам бар, мейлі»,— деп күбірледі алқынып, бірақ өзін қоярға жер таппады. Ұрысқа шыққанда Ержанның взводына қалай барғанын Күләнда өзі де білмеді. Солдаттарға қосылып алда бара жатса да кейінірек келе жатқан Ержанның бар қимылын қапы жібермеді. Ержан құлағанда қатты шошыды. Орнынан енді тұра берген Ержан оқ тиіп құлаған Күләнданы қапсыра құшақтай алып, шошына үрпиіп:

— Қай жеріңізден тиді? Ауыр емес пе?— деп сұрады.

Ержанның тын жаны ашып, қорқа қараған сүйкімді кескіні Күләнданың көз алдынан кетер емес.

Күләнданың көңілі полкта қалды. Мұнда құр кеудесі ғана. Әкесіндей сүйкімді, қызық дәрігердің сөзін сыйлайды, бірақ көне алмайды. «Ойлануға уақыт бар» дейді ол, ал уақыт сағынышты арттырып барады.

Күләнда бір күні көшеде кетіп бара жатқанда біреу атын атап дауыстады. Қасына ыржия күліп күжірейген қазақ жауынгер келді. Анадайдан-ақ:

— Е, Күләнда, аман ба! Алыстан таныдым ғой,— деп дауыстап келеді.

Күләнданың бірнеше рет көрген таныс адамы, бірақ аты-жөні есіне түспеді.

— Менің қолымды таңып беріп едің, енді өзің жаралы болыпсың ғой. Неміс екеумізді бір жерден көздеп атқан екен,— ден күлді жауынгер. Мойнына асқан қолын сау қолымен демей көтеріп. — Ай, өзің, дәуде болса, мені танымай тұрсың ғой деймін.

— Жоқ, жоқ, шырамытып тұрмын,— деді Күләнда қысылып.

— Танымай қалғаныңды көзің айтып тұр,— деп жауынгер кеңкілдеп күлді.— Мен Дәуренмін ғой. Соғыспай жатып жаралы болған батырың өзіміз.

Күләнда да күліп жіберді.

— Е-е, енді есіме түсті. Тек атыңды ұмытып қалыппын.

Жақсы болды ғой, полкты сағынып жүр едім, — деп қуанды Күләнда.

— Полкты емес, жас командирлердің бірін сағынып жүрген шығарсың-ау, — деп қылжақтады Дәурен.

Күләнда әзіл-қалжыңды қойғалы көп болған. Дәуреннің сөзін ұнатпай қалды.

— Көріспей жатып қылжақтағаныңыз қалай!? — деп тыйып тастады.

— Қалжың ғой. Қалжыңдауға болмаса кешіріңіз. Қойдық, — деді қапелімде қысылып қалған Дәурен. — Мен тіпті сізді ашуланады деп ойлаған жоқ едім.

Өзінің қысылғаны қызық екен, қызара бөртіп, ыржиып күле береді. Оның түрін көріп Күләнда да жымиды.

— Екіншілей қылжақтамайтын бол.

— Құп. Әміріңе құлдық, — деді Дәурен.

Дәурен келгелі Күләнда сергіп, көңілі көтеріліп қалды.

Басында сақтанып бойын аулақ ұстап еді, бірақ Дәурен өзінің күжірейген сүзеген түріне қарамай ұстамды, жаратылысынан сыпайы адам болып шықты. Ұзақ әңгімелесіп бірге жүргенде артық-кем сөз айтпай, тек сыпайы күлдіріп отырады.

Бір күні кешке таман әдетінше Күләнда жаралылардың бөлмесіне келіп, босағадағы орындыққа отырды. Су әпер, өйт-бүйт деп ешкім мазалай қойған жоқ. Бейуақта біреу ұйықтап, біреу алыстағы үйін, қатын-баласын ойлап, кейбіреулер баяу өзара сөйлесіп жатыр.

Ұзын палатканың орта тұсында басын көтеріп отырған біреу:

— Немене ойлап отырсың, Серега, — деп кереуетте жатқан көршісінің кеудесінен қағып қойды. — Бір сағат болды, потолоктан көз аудармайсың.

Серега жастықтан басын көтеріп алды.

— Эх, достым, сен білмейсің ғой. Варя дейтін қалыңдығым бар еді. Сағынып жүрмін, достым. Июльде той жасамақ едік... Соғыс басталды. Сарғайып жүрген шығар байғұсым.

Күләнда қара көлеңкеде Сереганың бет құбылысын көре алмаса да даусындағы сағыныштың ыстық лебін анық сезді.

— Ха-ха-ха. Қой әрі, — деп күлді көршісі. — Сарғайып, сағынып жүрген-ақ шығар әбден. Сенің орныңа біреуді тауып алды ғой. Ондай қыздардың жайы белгілі.

Серега орнында қозғалақтап, көршісіне қарай ұмсынып:

— Сен, Пётруха ағай, үніңді өшір. Сен олай деме... Сен білесің бе, Варя қандай қыз. Ол, ол алтын қыз. Сен... Сен Варяға тіліңді тигізбе!.. — деп булығып қалды.

— Ә-ә. Ыршып түстің ғой. Шын ғашық екеніңді білдім, — деп күлді Петруха ағай.— Жас кезімде мен де сендей ақымақ болғанмын.

Күләнданың көзінен жас тамшылап кетті. «Мені ешкім де сағынбайды». «Күләнда алтын қыз, сен оған тіліңді тигізбе!» деп бәйек болатын кім бар?» «Неге бақытсыз болдым?!» Босап кеткен қам көңіл тез басылмады. Күләнда жұртқа сездіргісі келмей коридорға шығып қара көлеңке бұрышта солқылдап көп жылады.

— Күләнда, Күләнда!— деді біреу жалынышты дауыспен.

Күләнда Дәуреннің даусын таныса да, бұрылып қарай алмады. Тез көзін сүртіп әлек болып жатыр. «Мезгілсіз уақытта қайдан келе қойды».

— Күләнда, Күләнда! — дейді Дәурен ауық-ауық жалынышты үнмен. Біреудің ұятты, құпия сырын ұрлап тыңдағандай өзі қысылып та тұр. — Күләнда сені біреу ренжітті ме?

— Жоқ, жай, — деді Күләнда. — Ешкім де ренжіткен жоқ.

«Менде несі бар, тезірек кетсе екен байланбай»,— деді ішінен. Бірақ Дәурен кетер емес. Желкесінен мөлиіп әлі тұр. Тірі жанға сездіргісі келмеген көз жасын көріп, ұялтпай-ақ байқамағансып өтіп кетудің орнына кетпей тұрып алғанына Күләнда ыза болды.

— Менде не шаруаң бар, — деп кейіп тастады.

Бірақ Дәурен оған ашуланбады да, әдетінше қысылмады да.

— Ренжіме, Күләнда, — деді ол сенімді байыпты дауыспен.— Қайғырма. Жүр таза ауаға шығайық.

Күләнда Дәуренге еріксіз еріп жүре берді. Бүгін ертеңгілік жауған ұлпа қар түс кезінде жіпсіп тығыздалып ауыр тартқан. Асфальтсыз көшенің ортасындағы қар машина, көлік табанымен тапталып, нығыздалған. Қараңғыға сүңгіген аласа үйлердің төбесі аппақ. Қар исі сіңген кешкі салқын ауа бірден көкіректі ашып жіберді. Дәурен үндемей, төмен қарап салмақты келеді. «Мұның да бір қайғысы бар-ау» деп топшылады Күләнда. Бір-екі квартал өткеннен кейін Дәурен Күләнданың бетіне үңіле қарады.

— Сен кімнен естідің, оны?

— Нені? Нені айтасың? —деді Күләнда таңданып.

— Нені дейсің бе? — Дәурен де Күләнданың бетіне таңырқай қарады. — Ендеше неге жыладың!?

Күләнда еш нәрсеге түсіне алмады. Дәуреннің сұрауына қалай жауап берудің ретін де таппады.

— Жыладым. Жылағым келді. Оны қайтесің?

— Мен сені естіген екен ғой десем...— Дәурен үндемей қалды. Күләнда оның бір жаманатты бүгіп тұрғанын сезіп қатты мазасызданды.

— Айтшы, немене деп тұрсың? Немене?

— Біздің батальон қоршауға түсіп қалыпты.

— Қой! Оны кім айтты саған?! Бекер шығар!

— Ай, бекер емес сияқты. — Дәурен күрсіне дем алды. — Бүгін біздің полктан жаралы сержант келді. Сол айтты.

Күләнда сазарып тұрып қалды. Сенерін де, сенбесін де білмейді.

— Рас па екен? Көзің жетті ме? — дей береді қайта-қайта, мына сұмдық хабардың ауыр салмағы барған сайын батып барады. Әскер өмірінің, майдан өмірінің ащысы мен тұщысын бірге татып, қуанышы мен азабына ортақ болған ортасымен біте қайнасып, етене болып кеткенін Күләнда енді байқады. Үй ішінен, ауыл аймағынан айрылғандай жетімсіреп қалды. Жүзінен амалсыздың ажары сезіледі. Көзінде жас мөлтілдеп Дәуренге қарады. Ендігі таянышы сол сияқты.

— Біз қайтеміз? Енді не істейміз?

— Дивизияға, өзіміздің полкымызға қайтуымыз керек.

— Менің жарам жазылды. Дәрігерлер ермек үшін босқа әурелеп жүр, — деді Дәурен.

— Онда біздің батальон жоқ қой.

— Біздің батальон жоқ болса басқа батальон бар. Қоршауда қалған бөлімдер шығып жатқан көрінеді ғой. Біздің батальон да шығар, — деп жұбатты Дәурен.

Күләнда көп ойланбай байламға келді.

— Ендеше жүр. Главврачқа барайық. Бізді госпитальдан шығарсын, — деп асықтырды Дәурен.

Бас дәрігер Күләнда мен Дәурен кіргенде пенснесінің үстінен сүзе қарап, таңырқағандай ажар көрсетті. Әшейінде ұялшақ Күләнда батыл сөйледі:

— Жолдас майор! Бізді өз бөлімімізге қайтарыңыз.

— Ол жөнінде айтқансыз,— деді дәрігер. — Біріншіден, емделіп болған жоқсыз. Екіншіден, сізді шалдың сөзін сыйлар деп ойлап ем. Әлі де ойлансаң қайтеді?— деді ол қуақы көзі күлімдеп.

— Біз өз полкымызға қайтуымыз керек, жолдас майор, — деп гүж етті Дәурен.

Дәрігер Күләнданың тасасынан шыға келген Дәуренді енді байқады. Ұрты біліне бастаған құж-құж бетті, дөңес қабақты шомбал жігіт маңдайының астынан сүзе қарап тұр. Шынын айтқанда дәрігер сәл үркіңкіреп те қалды.

— Сіз тоқтай тұрыңыз, — деп дәрігер Күләндаға бұрылды. — Дегенмен сіз ойланыңыз.

— Жоқ, жолдас майор, сіз кешіріңіз. Meн... Біз полкқа қайтуымыз керек. Біздің батальон... Біздің батальон қиын халде.

Орыс тілін тәптіштеп таза сөйлейтін Күләнда жаңылып мүдіре берді. Майор Күләнданың жүзіне ойланып қарап қалды. Қыздың үзілді-кесілді берік байламға келгенін түрі айтып тұр. Осылардың майданында не де болса қиын бір жағдай болған сияқты. «Бұларды тоқтатуға болмас» ден ойлады дәрігер.

8

Қартбай немістер сығылысып тұрған деревнядан бірден шығып кетуге бата алмады. «Өзекті жанға бір өлім» деп басып ажалға байлап қойды да сабырмен әрекет етті. Арт жағынан дауыстаған неміске жауап қатпай, жан-жағына жалтақтап қарамастан асықпай салмақты аяңдап келеді, тек өткір шегір көзі ғана қарлы түнекте қыбыр еткен әр қараны қапысыз бағады. Деревняның шетіне таянғанда, бір үйге көзі түсті. Терезеден көмескі сәуле көрінеді, бірақ үй маңында тірі жан жоқ. Сөйткенше алдыңғы жақтан дабырлаған дауыстар естілді. Үй ішіне тығылуға болмайды, манағы өздері жерлеген қызыл әскер мен балалы әйелдің өлі бейнелері көз алдына келіп тұра қалды. Оның үстіне шам болғасын-ақ үйде немістер бары сөзсіз. Толғанып тұруға мұрша жоқ, ол соқыр сезіммен жалт бұрылып үйді тасаланды. Қабырғаға жабысып тұрып үй артындағы сарайды көрді. Көжекті жеңінен тартып қалды да жып беріп сарайға кіріп кетті.

Аяғының астындағы қатты бір нәрсеге сүрініп, құлап бара жатып, «қап, қолға түстік-ау» деп қалды; жұмсақ шөптің үстіне сылқ ете қалғанын сезіп жүрегі тез орнықты. Қараңғыда сарайдың ішінде не бар, не жоғын тез аңғара алмады; тек салқын шөптің, көңнің исін сезді. Көжектің пысылдаған дем алысын естіді. Қартбай сипалап, оның етпетінен жатқанын білді. Шамасы о да ілесе құлаған тәрізді. Аздан соң қараңғыға көзі үйреніп, есіктен түскен қара күңгірт жарықтан сарайдың қуыстарын топшылады. Тағы да бір нәрсеге сүрініп шу шығарып алармын деп қорқып, қолын отқа апарғандай еппен сипалап оң бұрышқа ойыса берді. Ол бұрышқа отынға дайындаған ағаш үйілген екен. Жаураған немістер отын алуға келсе қайтпек? Қартбай енді үюлі шөпті жағалап сол бұрышқа барды. Пішен қабырғаға тақай үйілмеген — екі ортада жарты метрдей қуыс бар. Осы кезде немістердің дабырлаған дауыстары анық естілді. Олар үйдің қасына келіп азғана сөйлесті, сартылдап есік ашылып-жабылды — содан кейін дабыр сиреп, дауыстар алыстай берді. Қартбай есікке жалт бұрылып арқасын пішенге тіреп икемсіз ауыр қол пулеметінің аузын көтеріп алып аз тұрды да, мысықша еппен алшақ басып Көжектің қасына барды. Оның ағаштай сіресіп қалған қолынан нұқып тартып, жаңағы қуысқа қарай жетектеді.

Машина гүрілі жақындай берді. Бір-екі машина үйдің алдынан өтіп кетті де, біреуі қораның ішіне бұрылды. Шофер машинаның басын көшеге бұрып, артын сарайға тірей тоқтатты. Машинаның үстінен біреулер қарғып түсіп, өзара немісше сөйлесіп, үйге қарай кетті. Кабинадан шофер шығып кузовты ақтарып, қасында қалған екі солдатпен ауыр бір нәрселерді жерге түсірді. Содан кейін есікке басын сұғып, қалта фонарымен сарайдың ішін шолып өтті. Жаңағы түсірген заттарын сарайдың босағасына әкеліп қойды. Шамасы, патрон жәшіктері сияқты. Қартбай Көжекті түкпірге жасырып, өзі де шөпке иығымен жабыса түсіп, қол пулеметтің шүріппесінен сірескен саусағын айырмай, қуыстан сығалап тұр. Немістер сарайдан шығып кетті. Сөйлесіп бара жатқан дауысынан Қартбай олардың үйге кеткенін сезді. Енді машинаның қасында жан қалмаған сияқты. «Шофер басқа бір жаққа барады-ау, кешікпей қайтып шығады, машинасының отын өшірмей кетті ғой», — деп ойлады. Кенет оқыс бір өжет ой жарқ ете қалды. Ол артында тұрған Көжектің қолынан тартып қалып:

— Тез машинаға мін! — деп сыбырлады.

Көжек еш нәрсеге түсінбей:

— Немене? Не дейсің? — деп сұрады.

— Кузовқа мін де, үйден шыққан адам болса ат. Мен машинаны айдап қашамын.

Қартбай сарайдан Көжекті жетектей жүгіре шықты да, оны кузовқа атып ұрып, өзі тез кабинаға кірді. Бензиннің таныс исі алақаны мен уысы үйренген қолға жайлы руль мен рычаг — Қартбайдың өткендегі бейбіт өмірін бір сәтте еске салып, ойын қоздырып жіберді. Газ бергенде машина булыға гүрілдеп, ақырын қозғалып барып, кенет арындап жүйтки жөнелді. Машина үйдің қасынан өте бергенде шофер жүгіре шығып айқай салды.

Ол безектеп ешнәрсе шығара алмай, есікті ашып үй ішіндегілерді шақырды. Жүгіре шыққан солдаттар сасқалақтап, ешнәрсені жөндеп аңғара алмай:

— Хальт! Хальт! — деп ащы дауыспен айқай салысты.

Сөйткенше Қартбай жолға шығып, машинаның бетін түзеп алды. Жолдасының әрекетін жөндеп түсіне алмай әйтеуір көрінген немісті атуға дайындалып, автоматын кезеп отырған Көжек айқай шығысымен-ақ оқ жаудырды. Машина деревня сыртындағы дөңеске суырылып шығып, аязды жел желкесін қарып өткенде, бейне арыстанның азуынан сытылып шыққандай Көжектің құрысқан денесі кеңіп, бойы жеңілдеп қалды.

Мұрат жұрттың алды орманға кіргенде батальонын іркіп, кейінде қалған взводты тосты. Жел тұрып, қар үстіне қар жауып борасынға айналып барады. Солдаттардың соңы орманға кіріп болды. Мұрат ақ түнекке қанша қадала үңілсе де еш нәрсе көре алмады. Тек сонау артта қалған деревня жақтан ауық-ауық өлеусіреп болмашы жарық жылт етеді. Еміс-еміс атыс естілгендей болады. Бірақ аздан кейін талмаусырап соңғы дыбыс та өшті. Тек ағаш басында жел суылдайды. Ұйтқып түскен суық қар бетіне тиіп ериді. Жау тартыншақтап батальонның ізіне түспей іркіліп қалды. Дегенмен бұл көзге түсті, енді дұшпан сақ болмақ. Кейінде қалған взводтан еш белгі болмады. Бір хабар біліп қайтуға Дулатты жұмсады.

— Тым елігіп кетіп жүрме! Деревняға жақындап бар да, байқап тез қайт, — деп тапсырды. — Көп күтуге хал жоқ!

Көп күтуге мұрша болмады. Дулат үш жолдасымен деревняның бергі жағын қармап, хабарсыз қайтты. Мұрат шаршап қалған жауынгерлерін тұрғызып, орман ішіндегі жіңішке жолмен шығысқа қарай тартты. Жіті көзімен түн қараңғысын тінткілеп, әр тосынға елеңдеп әккі келе жатса да қалып қойған взвод жайы Мұратқа маза бермеді. «Жаудың қолына түсті ме? Қырылып далды ма? Шынымен жоғалып кеткені ме? Өз бетімен қоршаудан шығуға командирдің қайраты жете ме? Қате істеген жоқпын ба?» — деп қиналды Мұрат. «Сол жігіттің жібі бостау көрінуші еді ылғи. Басқа пысығырақ, жігерлірек бір командирді жұмсамай қасымда тұрғасын бұйыра салыппын. Қап! Енді түзей алмаймын», — деп ойлады ол. Соғыс болғасын солай болады. Батальон не халге ұшырамақ. Осылай неміспен кездескен сайын бір бөлшегін үзіп тастап ақыры таусыла ма? Әлде бір ұрыста қырылып қала ма? Енді Мұрат ойы өз қамына ауысты.

Орманның шетіне шыға колоннасын тоқтатып, Мұрат алға барлаушы жіберді. Неміспен кездесудің арзанға түспейтінін енді жақсы білді. Жол шетінде, ағаш түбінде қисайып жатқан солдаттарды аралап келе жатып біреумен сөйлескен Кусковтың даусын естіді. Мұрат елең етіп, үймелеп тұрған бір топ адамның қасына келді.

— Құлбаев пен Шөжебаев келді. Қайсаровтың взводынан, — деді Кусков Мұратқа бұрылып.

Мұрат ентелей, топты жара кіріп Кусковтың алдында тұрған екі солдатты көрді. Бірі орта бойлыдан жоғары, кең иықты дүмін жерге тіреп қол пулеметін ұстап тұр, екіншісі мойнына автомат асынған. Екеуі де Мұратқа қарап бойларын тік ұстап тартыла қалды. Мұрат қараңғыда бет-жүздеріне үңіле қарап екеуін де есіне түсірді. Бергі — тұлғасы ірісі, Мұрат оның атын ұмытып қалған, қалшиып тесірейе қарайды. Капитан оның көзқарасын ұнатпады.

— Ал взвод қайда? — деді Мұрат.

— Анық біле алмадық. Бізді тосқауылға тастап еді, немістер арамызды үзіп кетті.

— Қалайша? Айтшы болған істі, — деді Мұрат ынтығып.

Қартбай болған істі қысқаша баяндап берді.

— Соңымыздан қуған екі мотоциклисті Көжек атып түсірді. Осыдан екі шақырымдай жерде машинамыздың майы бітті. Орман ішінде басқа кім жүрген дейсің, батальонның ізі болар деп осы соқпақпен қуып жеттік,— деп бітірді Қартбай. — Ал, менің байқауымша взводты кейін қарай қуып кетті.

Мұрат жауынгерлерге тесіле қарап, сенер-сенбесін білмей аз тұрды.

— Сендер ертек айтып тұрсыңдар. Жолдастарыңды тастап қашқансыңдар ғой, сірә,— деді ол сұстанып.

— Жолдас капитан, оныңыз қалай!.. Кісі ажалдың аузынан сытылып келіп отырса, имандай шынымыз... Түн жамылып тұрмыз ғой, әкем-ау... Жолдас капитан, — деді Көжек қатты қиналып.

Қартбай сазарып тұрып қалған, үндеген жоқ, тек қараңғыда жылтыраған кішкене көзімен капитанның кеудесін үңгіп барады. Мұрат оның бұл өктемдігіне ыза болды.

— Неменеге мелшие қалдың?! Айт шыныңды! — деп зекіді оған.

Қартбай сасқан жоқ.

— Сенбеген адамға шыныңды айтпа деуші еді. Жанғабыл, — деді ақырын ғана.

«Жанғабыл?» Осы құлаққа таныс есімді анада бір естіп еді. «Жанғабыл? »Мұрат аңырып қалды.

— Көжектің айтқаны рас. Мен сені алдап көрген жоқпын, — деді Қартбай бұрынғыдан да жай, толқи сөйлеп.

Мұраттың көз алдына сонау бір алыс жылдары, кезеген мылтыққа кеудесін тосып, алдында көлденең тұра қалған жігіт елестеп кетті.

— Сен... Сен Қартбайсың ғой, — деді о да ақырын булыға сөйлеп.

9

Үш адам аңшы иттей бүгіле мойнын созып, еппен басып, үйеңкі орманның шетіне шықты. Алда қисая көлбей созылған жыраның арғы қабағында кішкене хутор жатыр. Үшеудің алдыңғысы кейінгілерін қолымен ымдап тоқтатты да, ағашқа жабысып, ішін тарта бүгіліп әр жерде бұта басы қылтиған әжімді қиыршық қарды иесіз қалғандай құлазып тұрған аласа үйлерді көзімен тінтіп біраз тұрды. Әр үйдің тасасынан, әр бұтаның түбінен жау шыға келетіндей лыпыл қағып сақ тұр.

— Хуторда ешкім жоқ сияқты ғой, — деді ақырын ғана мылтығын кезеніп, бұғыңқырап тұрған кейінгісі. Алдыңғы ірі, қапсағай денелі оған жауап қатпады. Оның өткір көзі осы кезде кішкене моншаның ар жағында бөлектеу шығып тұрған машина кузовын, үй тасасынан үзіліп шыға берген әскери ықшам киінген екі адамды шалып қалды. Ол бір минуттай үнсіз қадала қарап тұрды да, жалт бұрылып мысықша басып кейін қайтты.

— Хохол атаулы әңгүдік болатын әдеті емес пе!

Сен де әңгүдік екенсің ғой, Иван,— деді қапсағай денелі кейінгінің қасына келіп.

Бондаренко Добрушкинге бұрылмай (алдыңғы Добрушкин еді) хуторға қадалған.

— Теперь бачу — деді ол.

— Дошлд? Це дило треба разжувати, — деді Добрушкин кекеп.

Бондаренко Добрушкиннің кекесінін елемей, елеңшіл ойдың үстінде тұр. Екі көзі, бар ықласы ана хуторда. Ал Добрушкин болса, тап әлгіндегі әккі қалпынан өзгеріп, бойын бейқам ұстап, әлдеқандай ызалы мысқылға ауысқан.

— Иә, ойлану керек, — деді Бондаренко.

— Мүмкін немістер қара нанды қарызға бере тұрар.

Барын сұрасақ қайтеді?

— Бұл жер қалжыңның орны емес. Взвод нәр татпағалы үш тәулік: неміс оғы тимей-ақ аяғыңды созарсың, мұндайда, — деді Бондаренко Добрушкинге сұқтана қарап.

— Сондықтан да басқа амалың жоқ қой, — деді сержант құбылып.

— Қандай амал? Немістің аяғына жығылуды айтасың ба?!

Бондаренко алдында тұрған адам сиқырмен басқа пішінге түскендей ыза мен таңырқауы аралас Добрушкинді бастан аяқ шолып өтті. Даусы да қатты шығып еді. Әлгі сөздің тұсында серігін аңдып, бағып қалған сержант, кенет өзгеріп байсалды өкім үнмен:

— Қиқаңдама,— деп тыйып тастады. — Қане, кейінірек барып хуторды баға тұралық.

Екеуі қалыңның шетінде үріккен тоқтыдай үрпиіп тұрған Бөрібайдың қасына келіп, тасаланып жатты. Әңгімеге ешқайсының зауқы болмады.

Біраз уақыттан кейін хутордан бір жаяу шықты. Ақырын домалаған қара доп сияқты аласа жаяу қиғаш жол мен бері, орманға қарай ойысып келеді. Үш жауынгер демдерін ішіне тартып, сол жалғыз ноқатқа қадалған.

— Мынау бір ергежейлі ғой, — деді Бөрібай бір кезде.

— Осы соқпақ орманға кіреді. Кім де болса алдын тоссаң қайтеді, — деді Бондаренко Добрушкииге бұрылып, әмір күтіп.

Үшеуі орағытып, қалыңға тереңдеңкіреп кіріп, соқпақты алдарына ала жатты. Елегзи күткен он минуттан кейін жаңағы жалғыз жаяу көзге шалынды.

— Мынау бала ғой, — деп қалды. Бөрібай дыбыс шығарып.

Оның сол жағын ала әнтек кейін жатқан сержант тістене күбірлеп: «Үніңді өшір!» деп әмір етті. Бала ақырын аяңдап келеді. Бірте-бірте қорбиған сырмақ қара фуфайкасы, табанын киізбен қалың етіп ұлтарған, қоншы жыртық қолпылдаған пимасы анық көрінді. Алаңсыз болғансып, қызара бөрткен дөңгелек жүзін бура көтеріп ағаш бастарына қарайды, бірақ ілез қобалжып төменгі бұта түптерін де шолып өтеді.

— Тоқта, бала! — деп дауыстады Добрушкин.

Бала селк етіп, жалт қарады. Қапелімде дауыстаған адамды көре алмай, үрке ақырын тұрып қалды.

— Қорықпа, балам, өздеріміз ғой, — деген Бондаренконың жұмсақ даусы естілді.

Бұта тасасынан шыға келген қызыл әскерді көргенде қобалжу мен қуаныш аралас, бала екі езуі ыржиып таңырқай қарады. Сәлден кейін барып, езуіндегі қатып қалған жалынышты күлкісі өшіп, балғын өңі жайнап шыға келді. Жауынгерлердің жүзінен көз алмай бір-екі аттап, жол ернеуіндегі күртік қарға тіреліп тоқтады.

— Қайда барасың?

Бала Добрушкин сөзін елемей, асығыс жаманат хабар алып келгендей артына қарай қолын сілтеп:

— Ағай, анда біздің хуторда немістер тұр,— деді.

Аңқау бала біздің әскерлер қазір тұра шауып, жауды хутордан қуып шығады деп сеніп қалғаны ап-анық еді.

Солдаттар балаға жауап бере алмай қиналып қалды.

— Балам, берірек кел, сөйлесейік, — деп оны Бондаренко шақырып алды.

Баланың алғашқы лап еткен көңілі басылып, енді егде солдаттың жүзіне маңызды құпия тыңдауға дайындалған ойлы пішінмен қарады.

— Сенің хуторыңдағы немістерді біз қазір қуып шықпаймыз: біз басқа шаруада жүрген әскерміз. Ұқтың ба?

Бала көзі жыпылықтап басын изеді.

— Өзіңнің атың кім?

— Санька.

— Менің де Санька деген балам бар. Сенің бізге пайдаң тиетін түрің бар, Санька. Өзің ақылды жігіт көрінесің.

— Сен немене сыбайласыңа қонаққа келіп пе ең?!

Езе бермей төтесінен келмейсің бе?! — деп кейіді Добрушкин.

Бала алақтап Добрушкинге бұрылды; сөзінің өктемдігіне қарап командир екенін танып, айбынып қалды. Содан кейін барып әріректе тұрған Бөрібайды көріп, орыстан бөлек бет пішініне сәл таңырқады.

— Сен жанықтырма, — деді Бондаренко саспай.

Бондаренконың жылы мейірімі, салмақты түрі бала ықласын қайта бұрып алды.

— Біз жау тылында жүрген адамдармыз. Азығымызды таусып алдық. Ал мұнда неміс жоқ деревня бар ма?

— Білмеймін. Ефремовода немістер бар. Калашниковода неміс танктері тұр...— деп Санька мүдіріп, ойланып қалды. — Сіздерге нан керек пе?

— Иә.

— Ендеше мен хуторға жүгіріп барып алып шығайын.

— Сосын саған немістер ере келмек қой, — деп кейіп тастады Добрушкин.

— Жоқ... жоқ. Мен немістерге айтпаймын, — деді бала жыламсырап.

— Сен айтпассын, олар өздері, сезеді ғой, — деп уатты Бондаренко. — Арлы-берлі жүгіріп жүрсең... Одан да...

Қазір сен қайда барасың?

— Кирюхино деревнясына.

— Онда жақындарың бар ма?

— Тетя Настя бар, Михей атай бар.

— Ендеше сен сол деревняға бар да, үйіңе қайтқан болып бізге нан және тамақтан өтетін ол-пұл әкел. Біз көппіз. Михей шал да еңбек етсін.

Санька қуанып кетті.

— Ой дұрыс! Михей атай, дегендей бізге келмек еді.

Сіздер осы арада боласыздар ма?

Бондаренко өз билігін асырып алғанын енді сезіп, Добрушкинге жалынышты қарады.

— Сіз қалай ойлайсыз, жолдас сержант. Күтеміз бе?

— Солай-ақ болсын, — деді Добрушкин, содан кейін Санькаға таяу келіп нығытып ақыл айтты. — Сен балалық істеме, әр қадамыңды аңдып, жан-жағыңа қарап, сақ қимылда! Ұқтың ба?

— Ұқтым, жолдас командир,— деді Санька Добрушкинге зор құрметпен қарап.

Он бір-он екі жасар бала бір сәтте ер жетіп қалғандай ойлы пішінге түсіп, салмақпен кең адымдап кете берді.

Ұзай беріп, артына бұрылып:

— Мен тез келемін, ағайлар,— деді.

Қоршауға түскесін келесі күні батальоннан үзіліп қалған взвод — ат төбеліндей бір топ жауынгерлер қалың селдей қаптаған неміс әскерлерінің көзіне түспей үш күн бойы тұспалдап шығысқа қарай келе жатыр еді. Жүрісі өнімсіз, тек қараңғыда ғана сипалап басып, азғана ілгерілейді де, таң ата қалыңға тығылып, бұта паналап жан сақтайды. Кеше ертеңгілік бұлар кішкене селдір орманнан шыға алмай қалды. Алда үлкен неміс күші тұрды. Солдаттар әр бұтаның түбіне тығылып, кешке дейін қыбыр етпестен жатты. Жүрелеп отырып, жатқан жерінде аунақшып бой жылытты. Қыстың қысқа күні жалғыздықта өткізген жылдардай ұзаққа созылды. Қыбырсыз күтіс, қапы жібермес қауіптен жұрт кешке қарай меңіреуленіп есі танып қалғандай болды. Басына түскен ауыртпашылыққа бойы үйреніп, есін жиып алған Ержан өлермен қыңырлықпен жай да болса мығым басып, қалжыраған аш солдаттарын әйтеуір шығысқа қарай сүйреп барады. Бүгін взводын көзден таса қалыңға жасырды. Әлсіреген аш жауынгерлер қар үстіне еліктей сулай кеткенде қатты ойланып қалды. Бұдан бұрын қорқып, деревняға жоламай жүретін. Енді жалғыз сақтықпен қоршаудан шыға алмайтынын білді. Содан кейін үш солдатына өл-тіріл, азық таппай қайтпа деп әмір етті.

Добрушкин өзіне жетерлік ақылы бар адам еді. Ол қоршауға түскелі Ержанның өзгергенін түсінді. Бала бұрынғыдай бос емес, қыңыр сержантты уысынан шығармайды. Және өзіне өте сенімсіз қарайды. Ох, сол бір сенімсіз көзқарасты Максим Добрушкин қапысыз таниды. Талай бастықтар ішінен, «әй сен қу нағыз ұрысың ғой», — деп дәл осылай қарайтын. Ержан Максимге сенбей тұра оңаша орындайтын жеке тапсырма берді. Қашып кетеді деп қауіптенбеген себебін де бұл жақсы ұқты.

— Біздің командиршиктің тісі шығып келеді, байқайсың ба? — деді Максим Бондаренкоға.

Үшеуі жолдан аулақтау кетіп, бұтаны паналап отырған.

Бала қайтып оралғанша көп уақыт бар; мезгілді қысқарту керек.

— Оның тісі бұрыннан бар болатын.

— Бұрын көрінбейтін.

— Бұрын тек сенің қалың теріңе өтпейтін. Енді батып кетті білем, ә,— деп күлді Бондаренко.

— Менің теріме батқан тіс, сенің жаныңды шығарар, — деді Добрушкин қысылғаннан.

— Мен де оңай жаңғақ емеспін. Бірақ мені ешкім кемірмейді.

— Ол өзі менен қорқады. Сенбейді, — деді Добрушкин сәлден кейін.

— Саяси сенімің жоқ болғаны ғой.

Бондаренко бұл сөзді Максимді ренжітем деп айтқан жоқ еді. Бірақ анау қабағын түйіп оқыс тұйықталып қалды. Содан кейін ойда жоқта ащы ызамен түйрей сөйледі.

— Сендер саяси сенімдісіңдер. Бағып жүрсін деп басқа отделениеден сені қосып берді, анау жан себілін желкеме және салып қойды. — Сонан соң бір жаманат ойлағандай мырс етіп: — Көрерміз әлі!—деді.

Добрушкиннен нені болса да күтетін, бірақ дәл мұны күтпеген Бөрібай қатты тіксініп, көңіліндегі бар реніш, наласын, жаман орысшасымен, әсіресе бет құбылысы, дірілдеген күйінішті даусымен жеткізді:

— Кемедегінің жаны бір деп... Ажал аузында бір тілекпен жүргенімізде сонша жаман сөз айтқаның не, заңғар!

Қалай дәтің жетті?!

Бондаренко үндеген жоқ. Ол соғысқа кіргелі, әсіресе соңғы кезде Добрушкиннің өзгеріп кеткенін байқап жүретін. Бұрынғыдай қалжыңқой, езбе қылжақ емес, кейде шатынап кетеді, кейде тылсым тұйық болып қалады. Көзқарасында да жат бір нәрсе пайда болған. Бірақ Бондаренко мұндай өмірден кісі хайуан болын кетпей ме деп оны соғыс ауыртпалығына, қауіп-қатерге жори салып еді.

Енді бақса — тегін емес. «Мынау қасиетсіз болып шықты, пиғылы жаман екен»,— деп түйіп біраз уақыт үйренісіп, жақын тартып қалған адамын бірден жатсынып, қатты түңілді. «Ендеше көрерміз, сатып үлгіре алмассың!» — деп ширықты да үндемей қалды.

Шынында да Добрушкин үлкен күйзеліс үстінде еді. Бұрынғы бейбіт өмірде ыстық-суықтан сақтайтын сырт қабыршағын соғыс жыртып өтіп, мұның да жүрегіне жетті. Енді ол төңіректегінің бәріне: күл болмаса, бүл болсын деп қарай алмады. Өмірінде алғаш рет, өз тағдыры туралы қатты ойланып қалды. Осы кезде көңіл түкпірінде жатқан бір жаман ой іштей түрткілей бастады. Ол елден үлкен күш болып келген дивизияның жырым-жырым болып кейін қарай қашып бара жатқанын көрді.

Жау батальонды бір кесіп тастады; оны бұтарлап, кішкене бұтақ дәрменсіз взводты тағы жұлып алды. Қалғандарын не істеп жатқанын құдай білсін. Максим шегініп келе жатқанда жау танктерінің тылға өтіп кеткенін көрді. Взвод тұрсын батальон қару қыла алмай, қашып барып орманға тығылды. Қара тажалдай тұтқиылдан соғып жайпай өте шыққан танктердің артында жаншылып қалған жарты взводты көрді ол. Әлі күнге дейін сол көзіне елестесе тітіркеніп қоя береді. Шинельмен аралас боршаланып езілген қан-қан ет, жаншылған ми, қағаздай умаждалып жыртылған құйқа тері. Добрушкин әлі келмейтін жаумен алысып үйренбеген болатын. Оған әрқашан қандай істің болмасын жеңіл, пайдалы жағына бейім тұратын сүйегіне сіңген дағдысы қосылып, осы мен не үшін құрбан болам, Совет өкіметін қимайтын нем бар деген ойға әкелді. Бірақ опасыздық жасау да оңай емес екен. Бірден кете алмады. Кете алмаған себебін түсінбей, өз солқылдақтығына ыза болды. Қызыл сөз, ерлік, даңқ дегендер Добрушкиннің құлағына кірмейтін. Бірақ ол басқа түскен салмақ ауырлап, шарасыздық шегіне жеткен сайын азғана адамдардың бір-бірімен біте қайнасып бара жатқанын, өліспей беріспес өжеттігі, ғажайып қайсарлығы артып бара жатқанын сезбей қоймады. Мұны осы күнге дейін жіпсіз байлап тұрған солардың құдіреті еді. Өзін осы топтан қанша бөлек санаса да, бірден бөліне алмады. Кеше жұрт жымында қамалған қояндай бір шоғыр ағашты паналап отырғанда — взвод халі мүшкіл деп ұғып, өз ойына бекініп еді. Бүгін оңаша шығарда, әсіресе Ержанның сынай қадалған сенімсіз көзқарасын кергенде: «осы жолы...» деп түйді ішінен.

Күн кешкіріп қалды. Баланы күткелі сағаттан асып кетті. Тоңған солдаттар ағашқа тасаланып, теңселе басып бой жылытып алады. Жаңағы көңіл түйіні тарап кетпесе босаңсып, үшеуі өзара тіл қатысып қояды.

— Апырмай әлгі бала кешікті-ау, — деді Бөрібай қиналғандай болып.

— Оңай шаруа деймісің. Келер әлі, — деп басалқы айтты Бондаренко.

— Асықпа, қазір немістерді ертіп келеді, — деді Добрушкин.

Бондаренко ұнатпай қабығының астынан қарады.

— Осы тірі жанға сенбейсің-ау, сен.

— Ақымақ балаға сенген біз ақымақ. Немістер оны тырп еткізбей ұстап алады да, құйрықтан бір-екі шықпыртып жібереді. Содан бәрін былшылдап айтып береді. Күте тұр!

Добрушкин табалағандай ащы мысқылмен сөйледі. Қуғын көрген аңдай орманға тығылып, өздерінен өзге тірі жанмен тілдесе алмай, елсізде құлазыған екі солдат баланы көргенде үй ішін, от басын көргендей іші жылып қоя беріп еді. Басқа түскен бар пәленің өшін осылардан алғысы келгендей, бүгін Добрушкин қажыған екі аш солдатты титықтатқысы келген екен. «Бүгін осы тегін емес...» — деді тағы да Бондаренко. «Бала шалалық істеп, қолға түсіп қалмаса игі еді» деген ой мұны да манадан бері мазалауда еді. Кенет ол қылмыс ашқандай Добрушкинге жалт бұрылды.

— Сен неге мана «аяғыңды аңдып бас, алды-артына қарап жүр» деп Санькаға қайта-қайта қақылдадың?

Добрушкин қапелімде сасып қалды.

— Сеніңше сақтанбау керек пе?

— Жоқ, сен әдейі, аңқау бала жан-жағына жалтақтап көзге түссін деп айттың! Көретін болсақ, енді көреміз! — деп Бондаренко Добрушкинді көзімен атып қалшиып тұрып қалды.

— Қойыңдар енді, жаумен емес, өзімізбен өзіміз қырқысатын болдық па! — деп Бөрібай араға түсті.

Бұлардың ашуы басылмай жатып баланың да қарасы көрінді. Соңында біреу бар. Бала солдаттармен кездескен жеріне келіп, аяғын қажады ма, пимасын қайта шұлғанып жатып, ақырын ысқырып қойды. Бондаренко ысқырып хабар берді. Бала мен үлкен асықпай бері қарай бұрылды. Бұтаның тасасынан басын көтеріп алған Добрушкин өмірінде тұңғыш рет үлкен іс тындырғанына қуанып жайнап келе жатқан Саньканың бет-әлпетін көрді. Санька жүгіріп келіп Добрушкинді құшақтай алды. Максим осы уақытқа дейін адамға адамның осыншалықты жақын болатынын білмеп еді. Бала құшағын тез босатып, иығындағы қапшығын шешіп алып:

— Аға, алып келдік, — деп Добрушкинге ұсына берді.

Максим қолы қалтырап қапшықты жерге түсіріп алды.

10

Полктың штабы иретіле созылған сайдың шыға беріс жарқабағында, жіңішке жас шыршаның арасында. Екі-үш тораптан келіп түйіскен телефондар, кабель ораған катушкалар, рация. Тізеден келетін күртік қар айғыздала тапталған. Кейін ылдиға таман екі-үш арба. Сол маңдағы шытырлап жанған отқа келіп, аялдап тізе бүкпей, жұрт асығыс жылынып кетеді. Купцианов жәшік үстінде, алдында жайылған айқұш-ұйқыш сызықты картадан басын көтерді. Дұшпан атакасы тойтарылған болу керек. Штаб маңындағылар елеңдемей, үлкен іс тындырғандай байсалды, сенімді пішінмен көңілді дабырласады. Осы кезде Купциановты үшінші батальонның командирі Қонысбаев телефонға шақырды.

— А-а! Қалай, қалай? Не дейсің?

— Ауыр жараланды деймін. Жарықшақ жанбасынан тиді. Жедел санротаға жөнелттім,— деді Қонысбаевтың жуан қоңыр даусы.

Купцианов қабағын түйіп, бойын түзеп түрегелді. Содан кейін «не болды» деп қасына келген полк комиссары Стрелковқа, аңтарылып қалған көмекшілеріне қарап аз үнсіз тұрды да:

— Подполковник Егоров ауыр жараланған. Оны санротаға жөнелтіпті, — деп хабарлады.

— Нағыз қысылшаңда жараланғанын қарашы, қап,— деді Стрелков ренжіп. — Ал не тұрыс бар?! Команданы сіз қолға алуға тура келер, майор. Мен барып Егоровтың халін біліп қайтайын.

— Подполковникке тез сауығуын тілейтінімді және сәлемімді жеткізіңіз, жолдас комиссар, — деді Купцианов қайғылы реңмен.

Купциановты қарама-қарсы сезім биледі. Көңілі өсіп аңсағанына жеткендай қуанады. Бірақ сол іріленіп марқайған көңілге жаңа жағдайын жатырқаған күдік, аздап үрей араласып, толқиды. Әйтсе де тағдыр оны өз дәрежесіне сай орынға қойды. Он минуттан кейін Вениамин Викторович трубканы алып, батальон командирлеріне хабарлап жатты;

— Мен полкқа команда беруді қабылдаймын. Он минуттан кейін маған жағдайды толық баяндаңыз.

Қапелімде басына түскен жауапкершілікті сезіп, полкқа бейне сырттан келгендей Вениамин Викторович жарты сағат бойы өзіне белгілі бар жағдайды қайта тексеріп, жаңадан жарлық, әмір беріп әлек болды. Жаңа қызметіне еті үйреніп болмаған әрбір жоғарылаған адамға таныс сезім бойын билеп, қызу, толқымалы халге түсті. Қанша салмақты, сұсты болайын десе де даусынан қуаныш, мақтаныш сезіліп қала берді. Трубкадан жауап бергендердің үндерінен де аздап жатырқағандықпен бірге ептеген қошамет естілгендей болады. Штаб маңындағылар бұған күнде көріп жүрген үйреншікті кісі емес, тыңнан келген адамдай жаңаша құрмет етіп, бұрынғыдан артығырақ сыйлап, артығырақ бағынатын сияқты. Сәл құрыстай бастап бойды қыздыратын безгектей жаңа қызмет әсері, осындайда көбейіп кететін әбігер — телефон соғып Егоровтың халін білуді де ұмыттырып жіберді. Тек Стрелков қайтып келгенде барып түсін суытып қабағын көтеріп:

Қалай екен, Максим Федотович? — деп қысқа сұрады.

— Қатардан шығып қалды ғой деймін. Жарықшақ жамбасын уатыпты,— деді Стрелков көңілсіз, ренішті пішінмен.

— Қалай, немістер мазаны алған жоқ па?

— Әзірге тыныш.

— Ендеше тілектестігімізді білдіріп, подполковниктің әйеліне хат жазып жіберейін, — деп Стрелков бұрылып кете берді.

— Мен де қол қоямын, Максим Федотович, — деді Купцианов оған қуа дауыстап.

Полк командирінің адъютанты ауыр жарақатты ескі бастығының қамынан босай алмаған болар, әлі келген жоқ. Сондықтан Купцианов өз жәрдемшілерінің біреуін ертіп, осындай саябырда батальондар жаққа барып келуге шықты. Ол енді бойына қорғасын құйғандай өз салмағының артып кеткенін сезді. Әрине, бұрын да жарлық беріп, әмір ететін, полктің бар жағдайын қадағалап отыратын. Бірақ ендігі беретін әмір, жарлығының мағынасы, күші бөлек те, жағдайды қадағалап білуінің маңызы ерекше сияқты. Купцианов осы жасқа келгенше өз билігі өзіндегі, әмірі толық, жеке дара қожа болып көрген жоқ-ты; ылғи бір көмекші, жәрдемші орынбасар, әрі кеткенде үшінші бастық болатын. Штаб бастығының қызметі қанша үлкен маңызды саналғанмен полк командирі, әрине бөлек тұрады ғой. Аңсап жеткен биліктің қызуы өн бойын кернеп, астында тепектеген тор төбел аттың белін қайыстырып бара жатқан тәрізді.

Таңертеңнен бұлттанып тұрған күн бір ашылмады. Түс қайта үскірік жел соғып жаяу борасын тұрды.

Ойпаңдағы жалғыз маяның маңында қыбырлаған солдаттар көрінеді. Жақындап келе бергенде артына қайрылып:

— Бұл қандай бөлімше екен? — деп сұрады көмекшісінен.

— Біздің бөлімшелердің бірі болар, — деді ол атын тебіне қатарласып.

Купцианов жолдан бұрылып атын омбылатып маяның қасына келді. Солдаттар үйілген шөптің етегін шашып, үңгіп кіріп ықтапты. Бергі шетінде бір төртбақ қара қазақ бейне шоңқиған иттей жүрелеп, желден қаймықпай бозарып қатып қалған қара нанды аппақ тісімен опырып жеп отыр. Ол келіп қалған аттыларға жалпақ бетін бұрмастан сығырайған ноқаттай қара көзінің қиығымен қарап қойып, нанын кеміре берді. Вениамин Викторович атының басын іркіп:

— Бұл қай бөлімше? Қайдан жүрсіңдер?— деп сұрады одан.

Қара қазақ түйіліп қалып, қос ноқаттай қара көзімен Купциановты ұнатпай бір түйреп алды да, нанын шөптің үстіне тастай беріп, қорбаңдап түрегелді.

— Фильчагиннің взводы, — деді ол түйіле жұтынып.

— Өзіңнің фамилияң кім?

— Қошқарбаев.

— Қайда бара жатырсыңдар?

Осы кезде тізгіні босап, ауыздығын сықырлатып шөптен бір-екі асаған Купциановтың тор төбелі, ерні жыбырлап алдына түскен нанды иіскей беріп еді. Қошқарбаев денесіне үйлеспейтін шапшаңдықпен шап беріп аттың аузынан нанды жұлып алды.

— О жағын бастықтар біледі,— деді ол нанның ат опырып алған бұрышына уайымдай қарап.

— Жолдас майор, взвод командирі Фильчагин, — деді талдырмаш шикіл сары лейтенант шыға келіп. — Сіздің қарауыңызға бара жатырмыз.

— Қалай дейсіз?

— Штаб бастығының қарамағына баруға бұйрық болды, — деді Фильчагин сасыңқырап қалып, көзі жыпылықтап.

— Сіздің алдыңызда полк командирі, — деді Купциановтың қатарында тұрған көмекшісі.

Фильчагин таңырқай қарады.

— А-а, жолдас подполковник ше? — деді ол кенет үрейленіп.

— Жараланды. Қай рота, қай батальоннансың? — деп сұрады Вениамин Викторович.

— Үшінші ротаданбыз, жолдас майор.

«Полк командирі» деген сөзді есітіп қалың киінген икемсіз солдаттар кінәлі болып қалғандай қипақтап орындарынан тұра бастады.

Вениамин Викторович түсін суытып сыздана сөйледі:

— Ендеше, бұл не демалыс?!

— Кішкене аяқ суытайық деп ек, — деді Фильчагин қипақтап. — Мына маясы құрғыр да осы суықта шақырып тұрғандай екен.

— Қонақасыға шақырмайтын шығар. Несіне жанығамыз, — деп күңкілдеді Қошқарбаев.

— Бұйрықты бұлай орындамас болар. Қане, тез жөнеліңдер, — деп кейіді Купцианов.

Солдаттар жылы шөптің астынан асықпай шығып, ақырындап келіп строй сияқты бір нәрсеге тізіліп жатыр. Әне біреулері арқа қапшығын иығына іле алмай әуре. Біреуі пулеметтің хоботын мойнына аса алмай жолдасын шақырады. Тылда жүргенде «сапқа тұр» деп команда берілсе ұршықтай иіріліп кеп сымдай тартылып тұра қалатын солдаттар емес, ағып-тамып әлі жиналып болған жоқ.

— Тезірек, лейтенант! — деп зекіді Вениамин Викторович ат үстінде шірене көтеріліп.

— Тез! Базарға баратын қатындардай шұбатылмай! — деп Фильчагин өз жауынгерлеріне айқайлады.

Әне күртік қарды кешіп, жақ жүндері үрпиген қара сауыс солдаттар кетіп барады. Арттарынан соққан үскірік шинель етегін сирақтарының арасына тығып, құйрықтарын шөмпитіп арық аттай бүкірейе түседі. Вениамин Викторович аяқтарын ауыр басып, көңілсіз кетіп бара жатқан солдаттарға қарап күрсініп қойды. Бұл солдаттар айға жуық шегіністе келеді. Бір ғажабы кейде дүркірей қашса да, көп жерлерде қайсарлық етіп, тістесіп, қарысып қатып, ұрыса шегініп Москваға жапырыла құламақ болған жау күшінің жойқын салмағын азайтып келе жатқан осылар. Соған кейде Купцианов қайран болады.

Вениамин Викторович атын тебініп қозғала бергенде үшінші ротаға Уәли Молдабаевтың командир болғаны есіне түсті. Взвод командирін шақырып алып Уәлидің қалай жоғалғанын анықтағысы келіп бір оқталды да, бірақ Қонысбаевтан сұрастырармын деп жүріп кетті.

Ойпаңнан шыға бере аттарын атқосшыға тастап жаяу жүрді. Анау сол жақтағы сирек шашыраған қотан ағаштың ішінде Қонысбаевтың штабы болу керек. Алда орта тұсы сәл қалқыңқы аппақ жазық көлбеген. Сол қыртыстың арғы еңісі біздің окоптар болар. Өйткені сол маңға ауық-ауық ысқырып келіп, снарядтар қулайды. Купцианов қосшысымен екеуі қарда бой тасалайтын ақ халат киіп шыққан; сондықтан бұқпай келеді. Полктің жаңа командирі оқта-текте дүрсілдеген пулемет, сирек жарылған снаряд, мина даусына құлақ тігіп, қар жамылған суық даланы көзімен шолып ойға кетті. Полк көп ортайып қалды. Генерал Панферов радиомен: «Команда беруді сізге жүктеймін» дегенде қомақты дүниені қолына алғандай болып еді, ойлап қараса мұның қолына полктің әшейін тамтығын ұстатыпты. Күші азайған екі-ақ батальон. Сонымен бұл не бітіріп, не қиратпақ? Мойындарына қар құйылып, бүрсеңдеп отырған қажыған анау солдаттардың қаншаға шыдайтынын құдай білсін.

Олардың біразының жансыз денелері томардай сіресіп ақ қардың бетінде қарауытып шашырап жатқанын көрген. Ал неміс шабуылы бәсеңдейтін емес. Күші ортайып бара жатса сәл іркіліп қайта толысады. Мына түрімен шыдатар ма екен?! Вениамин Викторовичтің манағы қампиған көңілі біраз желі шыққандай солыңқырап қалды.

«Осы көтеретін емес, тезірек құлататын саты болмаса игі еді», деп ойлады. Бұрын не болса да Егоровтың ығында еді, енді боранның өтіне өзі шыққандай болады.

Мұрат қоршауға түскелі жетіден асқасын, Вениамин Викторович одан күдер үзген. Шынында да алғашқы аласапыранда есебін тауып сытылып шықпағасын тұтасқан қалың жауды жарып өту — нағыз бір бақытты болмаса өте неғайбыл. Қазір де полкті сонша ойсыратқан Арыстановқа қатты ыза болды. Немістер батпаққа малтығып екі-үш күн іркілгенде жау болдырды деп ойлап, Соколовоға тұра ұмтылды. Тағы да Купциановтан аттап өтіп, өзінің сол кесірлі ісін Егоровқа, одан Панферовқа мақұлдатты. Енді отырсын сол жаны сүйген Соколовосында. Асығыс неме тезірек алға шыққысы келеді; ал әнеки арындап барып арандады. Купциановты өту оңайға түспес. Осылай кіжініп келе жатқанда Вениамин Викторовичтың көз алдына бір үміт елестеп кетті. Батальоннан айрылып, шөкімдей жалба-жұлба тобымен сүмірейіп Мұрат келіп тұрса. «Барыңыз капитан, взводты қабылдаңыз, одан үлкен бөлімшені сізге сеніп тапсыра алмаймын» десе, сонда бір айызы қанар еді.

Вениамин Викторович қиялға беріліп кеткенін байқап, ұйқысын ашқандай ойын тежеп алды.

Батальон командирі капитан Қонысбаев орта бойлы, еменнің түбіріндей жуан, мығым адам болатын. Шекесі тайқы, жалпақ басын жуан мойын арқылы иығына мызғымастай етіп қондырған. Қара қайыстай қалың бет терісі әр жерден қатпарлана бастаған. Күзеген аттың құйрығындай сояуланып, тік өскен қара шашының астындағы аласа маңдайына үш қатар терең сызық тартылған. Қалың ісік қабағының тасасынан өткір қара көзі жылтырайды. Ол амандасқанда буылтық қысқа қолымен Вениамин Викторовичтің сүйріктей саусақтарын сығыңқырап жіберді.

Вениамин Викторович өзінің жаңа қызмет бабының биігінен Қонысбаевқа көз тастап:

— Ал жағдайың қалай, — деді.

— Жағдай жаман емес. Жерге бір сүңгіп алса кісі амалдайды ғой құрғырды. Кейде сол — тырнақ іліктіре алмай сорлаймыз ғой. Подполковниктің халі қалай екен, білдіңіздер ме?

Купцианов түрткілеп сұрақ бере отырып, Қонысбаевтың жарылып кеткен қалың ернінен гүжілдеп шыққан келте сөздерден батальон жағдайын ұқты. Оның сақтап отырған бір сауалы Уәли жайлы еді. Соңғы аласапыранда Вениамин Викторович Молдабаевты ұмыта бастаған-ды.

Бүгін Уәли есіне түсе берді. Бүгінгідей күні қасына ең керекті, лайықты адамы сол Уәли сияқты. Қыбын тауып соны ротаға итере салған Мұратқа да ызаланды.

Өзінің штабқа керек еді деп ара түсіп алып қалмағанына өкінді. Бірақ генерал алдында алғы шепке барам деген адамға бөгет болу, әрине, ыңғайсыз еді.

— Сіз Молдабаевты неғып жоғалтып алдыңыз? — деді Вениамин Викторович қабағын көтеріп Қонысбаевқа бағдарлай қарап.

— Қазақта түйе деген мал болады, — деді Қонысбаев.

Купциановқа сүйкімсіз қысық көзін қадап. — Қалай адастырсаң да өз жұртын табады.

— Түйені неменеге қыстырып отырсыз,— деді Купцианов жақтырмай.

— Жақсы адам жоғалмайды дегенім ғой.

— Дегенмен айтыңызшы. Сіз көбірек білесіз ғой. Оған не болды екен?

— Ротасының қашқанын білем. Оған қоса өзінің де қашқанын білем.

— Өзі қайда?

— Ротаның қалғанын жинап алдық. Өзін білмеймін.

— Мүмкін қаза тапқан шығар?

— Білмеймін.

Осы кезде Купциановты генерал шақырды; ол Қонысбаевтан Уәли туралы дәйекті еш нәрсе біле алмай кейін қайтты.

Соколово деревнясының маңынан майданды сыналап жарған немістер дивизияны қақ айырып кетті де, екі жаққа бытырай шегінген құраманы тұтастырып алу Панферовқа өте қиын болды. Қолдағы бөлімдердің де халі жақсы болмады: Бірі рота, бірі батальон жоғалтып, берекесі қашып шашырай шегініп келе жатты. Бірақ көлденең қараған жұртқа генералдың сырт түрі тым сабырлы көрінді. Ол бұрынғысынша тап-тұйнақтай жинақты, таза киінеді, сақалы да өсіп көрген емес, мұртының жебесін қағып мұнтаздай етіп қояды. Қолы босап кетсе штаб маңындағы солдатпен, не командирмен жәй әңгімелесіп отырғанын көреді жұрт. Сол бұрынғы әдеті бойынша өзі аз сөйлеп, түрткілеп отырып өзге біреудің әскерге дейінгі тіршілік кәсібін, үй ішінің жағдайын шым-шымдап айтқызып алады. Жасы үлкейсе де жады ғажап, бір сөйлескен адамын ұмытпайды. Келесі жолы ескі танысша амандасады. Генералдың жақсы көретін әдеті кісінің түсіне қарап, оның бұрынғы кәсіп, мамандығын аңғару болатын, оған келгенде сирек қателеседі. Қолын артына ұстап, жылы шыраймен сынай қарап:

— Байқаймын, өзің бұрын жылқышы болғансың ғой.

Аяғың маймақ, және ылғи түзде жүрген адамның өңі де бөлек болады, — дейтін ол. Сонан кейін жылқы туралы әңгіме қозғалып кетеді.

Иә болмаса:

— Сен дәу де болса ұста шығарсың. Қимылыңнан танимын. Қолың да күректей; шинеліңнің астынан бұлшық етінді көріп тұрғандаймын, — дейді.

Маңындағы командирлер генералдың арқа-басы кең кезде үйір болған осы бір әдетінен жаңылмағанын байқап қайран болады. Қиын-қыстауда үлкен бастықтың көңіл-күйінің өзгелерге қалай даритынын Панферов өз тәжірибесінен жақсы білетін. Ол осы бір қысылтаяңда қайда барса да сабыр ала баратын. Кейде қарауытып, шеті күйіп кеткен трубкасын тісінен шығармай бұрқылдата сорып, ұзақ ойланып қалады. Ол Карпов жоғалып кетпес деген үмітте болды. Рас жас командир тым күйгелек — тез қуанып, тез түңіледі. Бірақ оның бойынан нақ қиын кезде қайрат қыларлық бір қасиет байқалғандай болып еді. Соның өзегі қуыс емес, бір болат пружинасы бар сияқты.

Әйтсе де соңғы прорывтың алғашқы үш-төрт күні генералды қатты қинады. Аласапыран айқындалып, жау мен біздің әскерлердің жігі ашылып майдан сабасына түскенше оңай болған жоқ. Панферов енді немістердің тактикасын жақсы түсінді. Жау әскерін тәжірибелі, әккі генералдар басқарады. Олар бар салмақты түгел салып, бүкіл майданды ығыстырып шегіндіруге құмар емес. Жау тактикасы оралымды. Әр жерден тілімдеп, алды орап кеткенді жақсы көреді. Осыған орай қандай шара қолдануды көп ойлап жуырда бір қорытындыға келді. Күшті тең тартып ұстаған майданды бұзу немістерге қиын емес.

«Сынаны сынамен ұрып шығарады» дейді орыстар. Ендеше немістің сынасына қарсы сына қағу керек. Көп ойланып генерал осындай аумалы-төкпелі қорғаныс кезінде ар бөлімшені қандай халге түссе де жеке қайрат қыла алатын күш етіп нығайтып, қолындағы артиллерияны таратып бөліп берді. Батальонды артиллерия тобының командирлеріне қосымша күш етіп бағындырды. Сөйтіп тәуекелмен уставта көрсетілмеген қимыл жасады. Бүгін өзі қатысып Егоров полкында сондай екі жұдырық, екі группа жасамақшы еді. Полк командирі жараланып кеткесін бұл мәселені соның орнындағы Купциановпен ақылдасты.

Өзі келген Панферов Купцианов штабы дала болғасын, о ада аялдамай жаңа командирді кейініректегі бір кішкене хутордан тосты.

— Жағдай жылынып отыруды көтермейді, далада жаурап жүрміз, — деді Купцианов амандықтан кейін, тоңып келіп екі қолын уқалап. — Подполковник Егоровқа қиын болды. Жарақаты ауыр.

— Кірдім. Жарақаты жеңіл емес,— деп Панферов қысқа ғана тіл қатты.

— Бізге қиын болды. Орынбасар да жоқ... Жалғыз өзім.

Генерал жайғасып отырып өзінің келген шаруасын, енгізіп жатқан өзгерістерінің мәнін айтты. Майордың пікірін сұрады.

Купцианов қабағын көтеріп, сәл ойланып өз күдігін айтты.

— Мен сізді түсінемін, жолдас генерал. Бірақ бұл өзі ойланатын нәрсе екен. Аңғарсаңыз... э-э... (Өзінен төменгілерге айтылатын «аңғарсаңыз» аузынан байқаусыз шығып кетіп Вениамин Викторович қысылып қалды). Менің айтқым келгені күшіміз бөлшектеніп кетпей ме?

— Егер шабуылда, не бекіністе болсақ мен бұлай істемес едім. Ал дәл қазіргі жағдайымызда осы тиімді. Әр бөлімшеге көбірек билік те, күш те берген дұрыс мұндайда.

— Бұл батыл іс екен. Бірден ұғыну да оңай емес, — деді Купцианов, бірақ ішінен: «Шалдың жаңа бір ермегі ғой» деп ұнатпады.

Панферов Купциановты онша жақсы білмейтін. Қызмет бабымен тікелей тығыз араласы болмағаны да рас және де ерекше назар аударып байқамапты. Командирлер жиынында әдемі, сыпайы майорға алғашқы бетте бір көз тастап, ішінен «әп-әдемі, тәп-тәуір, жинақы командир екен» дейтін де, іле оны ұмытып кететін. Соғыс кезінде де оны Егоровтың тасасынан байқай қоймапты. Енді қазір әңгіме үстінде дағдысы, бойынша сәл төмен қарағансып, кірпік астынан бағып, сынап отыр. Бірақ біраз әңгімелессе де «жаман, жақсы деп» айтарлықтай тиянақты бір түйінін ұстай алмады. Байыпты, сыпайы, сырты бітеу, ашыла қоймайды.

— Полктің жағдайы өте қиын. Екі-ақ батальон. О да толық емес, — деп мұңын шақты Купцианов.

— Арыстановтан хабар, белгі жоқ па, — деп сұрады Панферов.

— Жоқ, айрылдық қой деймін батальоннан.

Генерал мойындағандай аз уақыт үнсіз отырды. Содан кейін басын көтеріп алып, ақырын ғана:

— Қалай айрылып қалдыңдар? — деп сұрады.

— Иә, біз айыптымыз, — деді мұңайып Вениамин Викторович. — Әрине, жағдай да қиын болды.

— Неге екенін білмеймін. Бірақ мен сол батальоннан күдерімді үзбей жүрмін.

— Мен де үмітімді үзбеймін, — Купцианов, ішінен: «сүйкімдіңді жаманатқа қимайсың-ау әлі» деп ойлады. — Бірақ алдымен саралап қарасақ — күдер үзбеске амал жоқ. Өте қиын.

— Ия, өте қиын, — деді Панферов күрсінгендей болып.

— Өзімен де қате болды. Оны енді түсіндім. Арыстанов жақсы командир еді. Бірақ өте қызу. Ретті жерінде тежеп отыруым керек еді. Әрине, кейде тыңдамай да кетеді.

— Ондайы да бар ма еді?!—деді генерал таңырқағандай.

— Бар болғанда қандай. Жарлық ойдағыдай орындалмаған жерде, білесіз ғой, іс өрге баспайтынын. Әрине, ол бұйрықты орындаудан бас тартпайтын. Бірақ ебін тауып ылғи қисық тартатын. Қыңыр еді.

— Солай ма еді?— деді Панферов Купциановқа илана қарап.

— Әрине, ол жаман жігіт емес. Бірақ білімінің кемшілігіне қиқарлығы, менмендігі қосылған соң оңдыра ма? Соның бір арандайтынын сезуші едім.

Панферов кірпік астынан Купциановты бағып отыр. «Ә-ә сенің қандай кілтпен ашылатының енді белгілі болды, — деп ойлады ол. — Батальонды жоғалтқанға өкінуден гөрі, ажалдың аузындағы адамды табалауың күштірек сияқты. Айызың қанып барады ғой».

— Соңғы жолы мен шегінуге әмір бергенде де орынсыз батырлық істеймін деп кешігіп қалды. Жөнсіз батырлық қылмысқа ұрындырады ғой, — деді Купцианов.

— Сіз бұйрықты ауыз-екі телефонмен бердіңіз бе?

Панферов басын көтеріп алып Купциановқа салмақпен зілдене қарады.

— Жоқ, кісі жібергенмін, — деді ол қысылыңқырап.

— Шабарманның бұйрықты уақытында апарғанына көзіңіз жетті ме?

Генералдың көзқарасы, сабырлы, бірақ зілді даусы бұлтартпады.

— Жағдай қиын болды ғой. Анығын біле алмадым.

Генералдың тіке көзінен жирену мен түңілу аралас бір ұшқын жылт ете қалды.

Ол салмақпен орнынан тұрды да:

— Ал, іске кірісейік, майор. Уақыт күтпейді ғой, — деді.

11

Бас дәрігер Күләнда мен Дәуренді госпитальдан келесі күні шығарды. Бірақ бір шатағы оларға жолдаманы тура дивизияға емес, майдан қарамағына берді. Еш нәрсені байқамай қолына берген қағазды алып, дәрігерге алғыс айтып шығып бара жатқан Күләнданы Дәурен тоқтатты. Ол күбірлеп қағазды екі қайтара оқып шығып, дәрігерге қайтып берді.

— Жолдас майор, мына қағазыңыз бізге жарамайды.

— Неге жарамайды?

Бас дәрігер ашулана таңырқап, сақалын баурына тартып, көзілдірігінің үстінен кекшие қарады. Желкесі күжірейіп, қабағының астынан сүзе қарап Дәурен тұр.

Сүзісуге оқталған теке мен қошқардай одырайып, екеуі аз іркілді.

— Бізге жолдаманы тура дивизияға беріңіз.

— Жоқ, ол тілегіңізді енді орындай алмаймын. Майдан қарамағына барғасын өз дивизияңызға сұранарсыз.

— Майдан штабы бізді кез келген топқа қосады да қалаған жеріне жібереді. Санасып жататын біз бір үлкен командир емеспіз. Қатты өтінеміз, жолдас майор, бізді өз бөлімімізге жолдаңыз.

ЬІлғи өктем келетін жігіттің жалынғанын сезіп қиналса да, дәрігер амалсыздық кескінін білдіріп екі алақанын жайды:

— Қолымнан келмейді.

— Жолдас майор, тілегімізді орындаңызшы, қолыңыздан келеді ғой, — деп сөзге Күләнда араласты.

Дәрігер осы бір түрі өзге, таңқы танау қара қызды іш тартып қалып еді. Күләнданың сөзін қия алмады.

Күләнда мен Дәуренге өз дивизияларын табу оңай жұмыс болған жоқ. Алғашқы күні майданға оқ-дәрі алып бара жатқан машинаға ілесіп армия штабының маңына жетіп қалып еді; бірақ ол армияның қарауында бұлардың дивизиясы жоқ екен. Дәурен үлкенді-кішілі командирлерден жағалай сұрастырып «олар оң жақ қанатта болар» дегеннен артық жауап ала алмады. Белгілі бір қаланың, жердің атын ешкім дәл атай алмай әрқайсысы әр жақты сілтеді. Дәурен ақыры қолын бір сілтеді де «не де болса нар тәуекел» деп солтүстікке қарай беттеді. Бірақ көлік табу алғашқыдан қиындай түсті. Көбісі шығысқа қарай шегініп барады. Бірде машинаға, бірде арбаға ілесіп, бірде жаяу, үлкен қаладан адресін білмейтін таныстарын іздеген ауыл қазақтары сияқты, Күләнда мен Дәурен де сұрау салып жүре берді.

Бүкіл майдан үздік-создық шегініп барады. Енді бір-екі күннен кейін батысқа қарай беттеген арба-машиналар әбден сиреп, көлік атаулы шығысқа қарай жосылды. Армия тылдары — киім-кешек, азық-түлік қоймалары, штаб маңындағы бөлімдер алас-қапас тиеліп, асығыс кетіп жатыр. Шегінген әскер бөлімдері де көрініп қалды. Майдан, алғы шеп қайда деп сұраса алуан түрлі жауап береді: «Немістер жақындап қалды, бүгін кешке, не түнде осы жерде болар», біздің бөлімдер неміс шабуылын тоқтатыпты, қарсы шабуылға шығады деген сөз бар», ал кейбіреулері үнсіз томсырап жауап қатпай өте береді.

Күләнда жүк қапшығын арқасына таңып алып, Дәуреннің соңынан еріп келеді. Жер бетін жапқан қар аязбен қатайып тығыздалған; сықырлап тұр. Жол орман ішінен суырылып ашыққа шыққанда ызғарлы жел бетті қариды. Ағаш ығында бұйығып, қажып келе жатқан Күләнданың мең-зең күңгірт ойын сергітетін осы суық жел.

Шегіну көріністері: қабақтары салбырап, тұнжырап өтіп жатқан солдаттар, тар жолға кептеліп азан-қазан шу көтерген арбакештер, виллиспен ызғытып келіп жолды бекіткен арбаларға тіреліп оқыс тоқталып, машиналарынан қарғып түсіп пысықсып тез тәртіп орнатпақ болып арлы-берлі жүгіріп әмір етіп, бірақ еш нәтиже шығара алмай қайтадан машиналарына асығып мініп, ұйысқан обозды жолсызбен айналып өтетін штаб офицерлері — барлық кейін лоқсыған ауыр толқын Күләнданың еңсесін басып жіберді. Оған ең ауыр тигені — осы аласапыранның ішінде әр солдаттың, ең аяғы анау балағаттасып жатқан арбакештің де өз орны, өз бөлімі, өз міндеті бар.

Ал, Күләнда болса үйірінен адасып, осы көптің ішінде босқа сенделіп жүр. Жұрт бірін-бірі іздеп, біреулер әмір беріп, қалып қойғанын қамшылап, зекіп жатқанда бұлармен ешкімнің ісі болмайды. Ең мықтағанда «бұлар қайдан жүрген жандар» дегендей ежірейіп қарайды да, қастарынан өте шығады. Ендігі арқа сүйері Дәурен ғана.

Ол анда-санда біреулерден жөн сұрап алады да, маңдайымен ауаны сүзе емпеңдеп тарта береді. Күләндамен де көп сөйлеспейді.

Күләнда одан:

— Осы біз адасып кеткен жоқпыз ба? — деп сұрады.

— Адасқан жоқпыз.

Күләнда тым болмаса әңгімемен жол қысқартып, ойынан сергігісі келін оны тағы да сөзге шақырып көрді, бірақ аузына көңіліндегі күдігі түсті.

— Осы аласапыранның ішінен өз дивизиямызды табу — әй қиын болар. Тым болмаса тұрған жерін де білмейміз.

— Табамыз,— деп Дәурен қысқа қайырды.

Дәуреннің қалтқысыз қысқа жауабы, бүкіл тұлғасындағы мызғымас сенімі Күләнданы баурап алды. Оның дегеніне жетпей тынбайтынын біліп Күләнда не де болса Дәуреннің жетегіне ере беруге бекінді.

Кешке қарай бұлар үлкен бір деревняға келіп кірді. Қараңғыда әр жерде шырпының қол фонарының оты жылтылдайды. Қымтауы жетпеген кейбір терезелерден де сарғыш сәуле сығалайды. Деревня іші ығы-жығы арба салдыры, машина гүрілі, дабырлаған дауыстар. Көлігі көп тыл бөлімінің жаңадан орналасып жатқаны көше әбігерінен көрініп тұр. Күләнда мен Дәурен қай үйге бас сұқса да лық толы солдаттар мен командирлерді көрді.

Орын таба алмай біраз сенделгеннен кейін Дәурен ішіне шөп үйген бір сарайды тауып алды. «Осыдан жайлы орын болмайды», — деді ол. Пішеннің шетін үңгіп, орын ыңғайлап, Күләнданы отырғызды да, өзі шығып кетті.

Күләнда кермек исі аңқыған шөптің үстінде жалғыз өзі аз отырды. Көшенің шуы толастап келеді. Күні бойғы жүріс, суық өзін біраз қажытқан сияқты. Бойы жылығасын маужырап ұйықтап кетіпті. Қанша уақыт ұйықтағаны белгісіз, көзін ашқанда қараңғыдан өзге еш нәрсе көрмеді. Мойнына, бетіне түскен шөптен жиіркеніп басын қалт көтеріп алды. Қараңғыда күйбеңдеген Дәуреннің тұлғасын таныды. Ыстық борщтың тәтті исі мұрнына келіп, жүрегі сазып қоя берді.

— Ұйқың қанған шығар, тұр енді, — деді Дәурен өз ісімен әлектеніп жатып. Күләнда орнынан тез тұрып мойнына түскен шөп қиқымын қақты. Әлі де болса, жылы жерде бұйығып қалған денесі жазылмай тұр.

— Кәне, тамақ ішейік, — деп шақырды Дәурен.

Күні бойы тамақ ішпеген Күләндаға сәл суына бастаған жылы борщ өте тәтті көрінді; қара нанды мол асап, қарбытып тез ішті. Маңдайы тершіп алғашқы аштығы басылғанда барып Дәуреннің жөндеп тамақ ішпей отырғанын байқады.

— Неге ішпейсің? Борщ жақсы екен, ішсейші.

— Маған қарама, тойып ал, — деді Дәурен, қасығын қойып, қапшығын ақтарып жатып. — Мінекей мына бір сүр майды жеп ал. — Ол қапшығынан алған майды Күләнданың алдына қойды. — Мен көрген аспазшының ішіндегі бір мырзасы екен. Аспазшы атаулының бәрі сараң болады ғой деуші едім.

Дәурен қанша тоқмейілсісе де Күләндадан қалған борщты соғып алды. Котелоктің түбін тесердей тықылдатуынан-ақ Күләнда оның қатты ашығып қалғанын білді. Дәурен қанша сыр бергісі келмесе де Күләнда оның әр қимылын қапысыз біліп отыратын. Жолға шыққалы Күләнданы қолынан келгенше әлпештеп-ақ келеді, өзінше онысын білдірмегенсиді.

— Ал, енді шай ішелік, менің бір котелок шайым да бар, — деді Дәурен тамақ ішіп болғаннан кейін.

Енді Күләнданың ұйқысы келмеді. Сырттағы ызғарды, соғыс қаһарын ұмытып, шаршаған денесі бұйығып, ойсыз бір рақат халде қозғалмай жата бергісі келді. Тек мойнына шөп қиқымы түспесін деп, айқара жамылған шинелін жоғары тартып қымтана түседі. Жиі дем алып қасында Дәурен жатыр. Ұйықтап кеткен сияқты. Күләнда Дәуренді жақсы көріп кетті. Ақырын бетінен сипады.

Дәурен кішкене қозғала түсті де, білегінен ұстап алды.

Оны ұйықтап жатыр деп ойлаған Күләнда қапыда шошып селк етіп қолын кейін тартып қалып еді, босата алмады. Енді бір сәтте Дәуреннің қарулы құшағы өзін қаусыра қысып алғанын сезді. Жігіттің ыстық беті жағын қыздырып, «Күләнда, жаным, Күләндаш!» деген сөздер жалын лебімен құлағын шарпиды. Күләнда біраз бұлқынып, темір құрсаудай құшақтан шыға алмай әлі таусылды да, Дәуреннің төсіне бетін басып солқылдап жылап жіберді.

Дәурен сасып қалды да құшағын тез босатып, аузына сөз түспей «қой, Күләнда, сен кейімеші... »деп епсіз қолымен қыздың шашынан сипады. Аздан кейін әбден қысылып, түрегеліп кетті. Ол ұзақ уақыт қараңғы сарайдың ішінде әрлі-берлі теңселіп жүрді.

Ертеңгісін оянғанда Күләнда үстінде үйілген шөпті ашып жатқан Дәуренді көрді. «Шамасы таңғы салқыннан қымтап тастаған ғой». Күләнда көзін ашып алғанда ол күйбеңдеп артына бұрылған болып жүзін тайдырып әкетті.

— Тұр тезірек жүрейік.

Күләнда орнынан тұрып үсті-басын қағып шинелін киді. Дәурен бүкшеңдеп қапшығының аузын буып жатыр.

— Иә, сонда қайда барамыз? — деп сұрады Күләнда. Осылай лағып жүре береміз бе?

— Лақпаймыз. Өз дивизиямызға барамыз.

— Немене, таптың ба?

Дәурен алғашқы рет Күләнданың жүзіне қабақ астынан қарады. Өзі сәл жымиып тұр.

— Сүйінші. Таптым. Жаңа біздің дивизияның бір адамына жолықтым. Бұрын бір-екі рет көрген адамым еді. Шырамытып, жармаса кеттім. Штаб осы арадан он бес шақырымдай бір деревняда тұрған көрінеді. Жолын анықтап біліп алдым.

Күләнда қатты қуанды.

— Ой жақсы болған екен, — деп қапшығын арқасына аса беріп еді, Дәурен оның қолынан алып, екі қапшықты өз арқасына міңгестіре теңдеді.

«Мұның не?» деген Күләндаға, «тез жүру керек, біз жеткенше олар тағы қозғалып кетер» деп жауап қайырды

Дәурен алға түсіп емпеңдеп тартып келеді. Артына қайрылмайды, кейде Күләнда бетіне қараса көзін тайдырып әкетеді. Оның құрысқан жаурынынан-ақ кешегі қызулығынан ұялып, жерге кірердей болып келе жатқанын таныды Күләнда. Осындай кеуделі, шомбал жігіттің балаша ұялғанын ол енді қызық көрді. Әйел затына тән сезімталдықпен Дәуреннің ішінде не болып жатқанын айқын көріп келеді. Айыбын мойындаған осы қайратты өжет жігіт қыз не бұйырса да орындауға даяр, оны пілдей қақпалап қалаған жағына жүргізе алады. Күләнда өзі қыз болғалы алғашқы рет жігітке әмірі жүргенін сезіп, марқайып қалды. Енді ол Дәуреннің жүзіндегі құбылысты байқағысы келіп қатарласа жүрді. Дәурен томсырайып қабағын түйіп, теріс айнала берді. Бір кезде барып оқыс тіл қатты.

— Күләнда, сен маған кейіме... Ренжіме... Өзім де жерге кіруге тесік таппай келем.

Күләнда Дәуреннің қиналғанын көріп, жігітті аяп іштей кешірім етсе де не деп жауап беруге сөз таба алмады

— Мені бір бұзылған...жаман адам екен деп қор тұтпасаң болат та, — деді аздан кейін даусы дірілдеп.

— Жоқ. — Дәурен дауыстап жіберді. — Сен емес, мен оңбағанмын. — Ол іркіліп қалды. — Мен... мен сені жақсы көрем. Шын жақсы керем.

Күләнда жүрегі лүпілдеп үндей алмады, төмен қарады.

Аздан кейін ақырын ғана Дәуреннің саусағын қысты. Еміренген көңілдің бар ықыласы мен алғысы сыйды осы қимылға. Сол сәтте Дәуренге бар бақыты мен үміті мынау жылы, нәзік саусақтың ұшында тұрғандай сезілді.

12

Орманның кішкентай үйінің іші лезде ысып кетті. Ауыр жол, суық, үздіксіз төнген қауіп-қатер қажытқан жауынгерлер жылы жерде буындары босап маужырап қалды. Қалың қарағай орманның азғана ақ қайың көмкерген шетінде қарауытып тұрған кішкене ағаш аңдап басып, келе жатқан солдаттарды көргенде орманшының кемпірі үркіп қалған-ды. Енді жөн сұрасып ұғынысқаннан кейін күйбеңдеп бәйек болып жүр.

— Ай, қарақтарым-ай. Ойын дейсің бе? Жаурап қалған шығарсыңдар! Бой жылытыңдар, — деп пеш жағып жіберді.

— Сіз әуре болмаңыз, бізге бола әбігерге түспеңіз, — деген Ержанның сөзіне құлақ аспады.

— Орманның ішінде отырып отын аяймын ба сендерден.

Қазір сорпа істеп жіберейін. Қарындарың да ашқан шығар. Сендерге кім тамақ берді дейсің. Ыстық ішпегендеріңе де көп болған шығар.

Бойы жылығасын денесі ауырлап, Ержанның орнынан қозғалғысы келмеді. Орманшының сыланбаған ағаш бөрене үйінің іші ысталып, қарауытқан. Көп жуылып қырылған едені де ысқаяқ қара, тек үлкен орыс пеші ғана ақталған. Ержан енді байқады күңгірт бұрышта қола жалатқан оюлы қаңылтыр рамадан әдемі дөңгелек сақалды жылтыр жүзді Айса аса момын пішінмен елжіреп, телміре қарайды. Үшін бүрістіріп төсіне әкелген сүйріктей қыз саусағының қимылы да ұяң. Бар көрінісімен денеңді босатып, ашуыңды таратып, ұйытқысы келіп тұрғандай. «Өте бір жуас құдай екен», — деп ойлады Ержан.

Кемпірдің шыжғырған майының исі танауды жыбырлатып, жүректі саздырып барады. Тақтайларының арасы ажырасып кеткен кішкене столдың қасында Раушан картоп аршысып отыр. Сүйегі кең, ат жақты ірі жүзді сары кемпір пешке отын салып жіберіп стол басына қайтып келді. Ол да үлкен қара пышақпен картопты дөңгелентіп тез арши бастады. Сөйлегені сияқты қимылы да шапшаң. Ол аршылған картопты жуып, қазанға салды.

Содан кейін Раушанға бұрылды:

— Жасың нешеде, қарағым?

— Он тоғызға қарадым.

Кемпірдің жүзінен аянышы көрініп тұр.

— Тіпті жас екенсің ғой, қарағым. Менің Лидам биыл жиырмаға шықты.

— Қызыңыз қайда? — Раушан Лиданы іздегендей жан-жағына бұрылып қарады.

— Ленинградта оқуда. Ол да әкесінің жолын қуып, орман институтына кетті. Орманда туып өстім, орманшы боламын дейді. Хат келмегелі де біраз болды. Кемпір күрсініп қойды. — Аман болса болар еді байғұсым. Заманның түрі мынау. Ол қаланы да бомбалап жатыр дейді ғой.

— Қапа болмаңыз, шеше, — деп жұбатты Раушан.

— Қайдан білейін. Әйтеуір уақыт қиын ғой, — деді кемпір. — Өзіңнің шешең бар шығар?

— Бар.

— Байғұс-ай. Еркектерге еш нәрсе емес, қыз балаға қиын ғой. — Кемпір ұйықтап жатқан солдаттарды шолып өтті. — Жатып дем алсайшы, қарағым. Қажыған шығарсың, — деді ол Раушанға. — Көрдің бе, мыналардың қорылдауын. Қыз балаға дем ал деп айтуды да білмейді. Әйел байғұс ылғи осылардың қамын ойлайды. Бұлар есіркеуді де білмейді өгіздер.

Ұйықтамай дел-сал болып, кемпірдің сөзін тыңдап жатқан Ержан басын көтеріп алды. Тұрып Раушанға орын берді.

— Мінекей, ұяты бар біреуі табылды, қанша айтқанмен жас жігіт қой, — деп күлді кемпір. Раушан жатқаннан кейін кемпір Ержанға жақындай түсіп қуақы кескінмен ым қағып:

— Қалыңдығың ба?— деп сұрады.

Ержан басын шайқады, бірақ кемпірдің көзінен сенбей тұрғанын таныды. Жас жігіттің өңін лезде мұң шалғанын көріп әккі кемпір екеуінің арасының тегін емес екенін, бірақ араларынан мысық жүгіріп өткендей бір нәрсе болғанын түсіне қойды. Ол Ержанның көзіне жылы шыраймен қарап:

— Жақсы қыз, — деп сыбырлады.

— Мен күзеттегі жауынгерлерді тексеріп келейін, — деп әдейі дауыстап Ержан шығып кетті. Раушан орнынан дөңбекшіп түсті. Кемпір оның ұйықтамағанын біліп:

— Командирлерің бе? — деп сұрады.

— Ия, — деді Раушан.

— Жақсы жігіт екен. Салмақты екені көрініп тұр, — деді кемпір майда қоңыр дауыспен.

Раушан үндемеді. Ол кемпірдің бар қимылын көріп, Ержанға не деп сыбырлағанын естіп жатқан. Көз алдына Уәли елестеді. Оның темекі исі аңқыған ыстық демін қайтадан сезіп, күлімдей жылтыраған көзін көріп бүкіл денесімен түршігіп қалды. Соған ілесе Уәлидің Коростылевқа: «Жарайды, тоқтатам!» деп міңгірлеп жаутаңдап шегіншектеп бара жатқан кейпі жалт етті. Осы көріністер денесіне сіңіп кеткен ластай, қанша тырнаса да сыдырып алып тастай алмай-ақ қойды. Кемпір «жақсы қыз» дегенде дөңбекшіп түсті. Кісінің сырты қандай алдамшы. Шешесі айтушы еді: «Қарағым, кейбіреулердің түсі — іші шірік, сырты қызыл алмадай алдамшы болады» деп...

Аз да болса уақыт өтті ме, әлде бұрын басына түспеген ауыр жағдай, қоршаудағы взвод қамы ойын бөлді ме, Ержанның Раушаннан айрылған ащы күйігі, ішін өртеген өкініші толастады. Қаны сорғалаған ыстық жара енді бітеу жараға айналды. Ол Раушанмен екеуінің көңілі енді қайтып жараспайтынын білді. Тіпті реті келіп қосылған күнде де — қанша жамағанмен сынған көңіл бүтінделмейді. Оның үстіне Уәлиге басында қатты ыза болып, оны жек көріп еді, енді бір түрлі ызасы басылды, бірақ одан жиренетін болды. Раушанды көргенде Уәлиді есіне алмай, және тұра алмайды. Ендеше Раушанмен екеуі бақытты да бола алмайды. Ал Раушанды жек көріп, тым құрыса ұмытып кете ала ма? Жоқ, бітеу жара жаңбыр алдында сырқырайтын құяңдай, реті келгенде сезілмей қалмайды. Өміріне кетеді. Қандай жараның болмасын емшісі уақыт. Уақыт не дерін кім білген. Бірақ Ержан ойының тірелген жері осы болды. Ол кемпір сөзі қозғау салған осы ойдың сонарында Земцовтың қасына қалай келгенін сезбеді.

— Таза ауаға шықтың ба, жолдас лейтенант? — деді Земцов, қолын шекесіне апарып.

— Қалай, дұшпанның қимылы сезілмей ме? — деп сұрады Ержан ойынан қалт сергіп.

— Әзір еш нәрсе байқамадық, — деді Земцов. Ол көзі жыпылықтап жоғары қарап:— Әй, сен еш нәрсе көрмедің бе?— деп дауыстады.

Жоғарыда ағаш басында Кәкібай отыр, ол қозғалғанда ағаш бұтағынан қылаулап қар түсті.

— Әзір еш нәрсе көрінбейді. Үлкен деревнялар тұрғанда немістер орманшының лашығын қайтсін. Олардың тұмсығы да жылының исін сезгіш қой.

— Ондай оймен қарауыл қарасаң, әрине еш нәрсені көрмейсің, — деді Ержан Кәкібайға.

Аздан кейін орман ішіне көз жүгіртіп тұрған Земцов Ержанға ым қатты.

— Әне біреу келе жатыр.

— Кәне?

— Әне, әне бір ашық жерге қараңызшы, — деп Земцов қолымен нұсқап көрсетті.

Бұлтты ертеңгілікте күңгірт тартқан орман ішінен әр ағашты сағалап әккі келе жатқан жұпыны киімдіні Ержан әрең аңғарды. Кәкібай мен Земцов мылтықтарын кезеді.

— Бұл неміс емес. Өзінде қару да жоқ, — деді Ержан өзімен өзі кеңескендей. Оған кенет бір ой сап етті. — Ә, айтпақшы кемпір күйеуім көрші хуторға кетіп еді қайтпады-ау деп отырған, осы біздің орманшы шығар.

Ержанның жорамалы анықталды. Аяғына қалың қара байпақ, үстіне қысқа қара тон киген, сабалақ жүнді құлақшынының құлағын қайырып тастаған қаба сақалды кісі сақшыларды жақын келгенде барып көрді. Ол үркіп оқыс тоқтап қалды да, Ержан мен Земцовты бастан аяқ шолып өтіп:

— Боже, не уж то свои! — деді ақырын, көзі адырая түсіп.

— Мы то свои, а вы чей будете? — деді Земцов суық қарап.

Шал бір сәтке тіксініп қалғандай болды да, бірақ лезде өңі жылыды. Қалың бурыл қабағының астынан жылтыраған шегір көзі «бұлтарсаң да біліп тұрмын» дегендей.

Ол енді жай басып жақындай берді.

— Немене, кемпірім мені үйге жіберме деп пе еді сендерге.

Ол тері қолқабын суырып Ержанға қолын ұсынды. Күсті ірі қолы жылы екен. «Бұл қай ұлт, қай тұқым болды екен» дегендей қабақ астынан ұрлап Ержанның жүзін шолып өтті. Қарттың салмақты ірі тұлғасы, байсалды жылы жүзі қыбыр аңдып әккі тұрған күзетшілердің арқа басын кеңітіп тастады.

— Қайтып оралдыңдар ма? — деп сұрады шал.

Ержан мен Земцов басын шайқады. Осыдан кейін шал ар жағын қазбаламады. Шал мен екеуі үйге келе жатқандағы Ержанның алғашқы сұрағы:

— Біздің әскер қашан өтті?

— Дәл біздің маңымызда соғыс болған жоқ, — деді шал. — Алдыңғы күні зеңбірек даусын естідік. Ал, хутордағылардың айтуына қарағанда сол алдыңғы күні өткен сияқты.

— Бұл маңда неміс әскерлерін көрмедіңіз бе? — деді Ержан.

— Өз көзіммен көргенім жоқ, — деді шал. Одан әрі ойланып мүдіре сөйледі.— Кеше, оның алдыңғы күні үйден шыққаным жоқ. Бірақ біздің әскерлердің шегініп бара жатқанын ішім сезіп жаттым. Жағдайды білейін деп мана таң алдында көрші хуторға бардым. Олар да анық еш нәрсе білмейді. Бірақ ар жағында колхоз орталығына немістер келгенін көріпті. Кілең әйел, бала-шаға. Еркектер бұдан үш күн бұрын астықтарын тиеп, малдарын айдап кетіпті. Ал өздеріңнің қалып қойған түрлерің бар ғой.

— Ия, қоршауда келе жатырмыз, — деді Ержан.

Шал онша көп сөзді кісі емес екен. Өзі де бұрын әскерде болып көргендіктен бе, бұлардың жай-жапсарын, бет алысын қазып сұрамады, тек өз жағдайын, өз білгенін ғана айтты. Ержан екеуі үйге кіргенде кемпірі, қуанышын жасырып, ұрса қарсы алды.

— Діңкем құрыды. Осының жасында кісі үйде тыныш отырмас па!? Уақыт болса мынау. Бұл таң атпай жортып жүр. Немістер ұстап алса қайтесің? Қашан келгенше — сарылып біттім. Үш күн ауырып төсектен тұрғаны кеше.

Басын көтерсе бұл үйде отыруды біле ме, қаңғырып үйренген. Енді өзіміздің әскер қайтып келгенше осы үйден аттап шықпайсың. Жатасың.

Шал кемпіріне қарсы дау айтқан жоқ, «мінезің өзіме мәлім» дегендей ыржиып күлді. Жауынгерлер кезектесіп кемпір қайнатқан ыстық сорпаны ішіп болғанда барып ол Ержаннан жағдайын сұрады.

— Мен өзім бірінші герман соғысына қатысқан ескі солдатпын. Солдаттың халін жақсы білем, — деп орағытып бастады ол. — Қоршауға түсу деген оңай болмайды.

Ауыр жағдайға душар болған екенсіңдер. Оның өзі бір беймағлұм жағдай ғой. Егер біздің қауқарымыздан келер көмек болса, айт, — деп ол Ержанның бетіне қарап алды. — Солдаттардың сорпа ішуінен байқадым, азық-түліктерің тапшы болар, — деп ол кемпірін шақырып алды, — Василиса Ивановна, мына жігіттерге жол азыққа беретін нең бар?

Василиса Ивановна екі алақанын шарт еткізіп, бәйек болды:

— Қап, ет те жоқ. Азғана картоп бар. Ол не болады?!

Нан пісіріп беретін ұн да жоқ. Биыл бидайымызды да тарттыра алмадық.

Шал қатты ойланып қалды.

— Ендеше сіз, сол бидайды қуырыңыз, — деді Ержан шалға.

Шал түсінбей Ержанның бетіне бажырая қарады.

— Қуырған бидай өте жақсы тамақ, бала кезімде талай жегенмін, — деді Ержан сәл жымиып. — Осындағы чугун, таба, кастрюльдің бәріне тез қуырып алайық.

— Ай, рас-ау, — деп шал санын соғып қарқылдай күліп жіберді. — Рас, ол жаман қорек болмас. Өзің жас та болсаң ойлы екенсің. Кәне, Василиса Ивановна, ыдысыңды дайында. Ал, жолдас командир, сен біздің кемпірге нұсқау беріп жібер, — деді ол Ержанға күле қарап.

Кемпір бидай қуырып жатқанда Ержан шалдан жол сұрады. Ол өз шамасы келгенше әр түрлі орман, тоғайдың, өзен, бұлақтың, деревнялардың аттарын атап, белгі, өзгешеліктерін сипаттап, жол айрықтарын, соқпақтарды айтып ұзақ түсіндірді. Бірақ Ержанның көзінің жыпылықтауынан-ақ оның өзі көрмеген ой-шұқыры көп жерді түсіне алмай отырғанын таныды.

— Қалай, енді ұқтың ба?— деп сұрады шал ақыры Ержаннан.

— Ұққанымша ұқтым ғой, қалғанын жүре көрерміз, — деді Ержан.

Шал ұзақ уақыт ойланып үнсіз отырды. Бір кезде, «Василиса Ивановна, бері келші» деп әйелін сыртқа шақырып әкетті. Кемпір үйге қайтып келгенде өңі жүдеу тартып қалған екен. «Өзі жылаған-ау, неге ренжіді екен» деп қойды Ержан. Кемпір мұрнын бір-екі тартып қойып, теріс айналып күйбеңдеп қазанын қарай берді. Осыдан кейін шал да үйге бір-екі рет кіріп шыққаны болмаса, Ержанмен сөйлеспей, көбіне қорасының ішінде шаруасын істеді.

Кешке қарай Ержан жауынгерлерін жиыстырып, жолға шығуға ыңғайланды.

— Ал, сый-құрметтеріңізге көп-көп рақмет! Өте ризамыз, — деді Ержан алдымен жыламсырап тұрған кемпірдің, содан соң шалдың қолын алып.

Жауынгерлер де дабырласып алғысын айтысып жатыр.

— Жоқ, жолдас командир, — сен менімен қоштаспай қоя тұр, — деді шал Ержанға. Қабағының астымен кемпіріне де бір қарап қойды. — Мен өздеріңмен бір кетем.

Жол көрсетпесем сендерге қиын болар. Арғы бетке шығарып салайын.

Мұндай аспаннан түскен жақсылыққа таңырқап жауынгерлер де, Ержан да аз үнсіз қалды.

— Ой, молодец, шал!

— Нағыз ер екен!— деген дауыстар естілді саптан.

— Сіздің бұл ниетіңіз өте жақсы. Рақмет сізге, — деді Ержан ойланып барып. — Ол кемпірдің мана неге жылағанын, қазір де өксіп тұрған себебін түсінді. — Бірақ қарт адамсыз... Оның үстіне ана үлкен кісіні қалай жалғыз тастайсыз? Біздің жолымыз ауыр... Неғайбіл де.

Енді кемпірдің өзі жауап берді.

— Жоқ, шырағым. Менің жылағаныма қарама. Қатын дегеннің көз жасы жақын тұрады. Мен бұл отын әкелуге кетсе де жылаймын. Серуенде жүрген жоқсыңдар, жол білмеген қиын ғой. Біздің шал осы атыраптың әр тесік, түкпірін біледі. Маған бола қайғырмаңдар. Хутордағы сіңліме барам да отырам. Тек тезірек қайтып келіңдер!

Василиса Ивановна енді босаңсымай өзін берік ұстады. Қоштасарда «сен аңғалсың, өзіңді сақтай гөр!» деді шалының құлағына сыбырлап.

Жауынгерлер ұзап орман ішіне сіңіп кеткенше қарауытқан кішкене ағаш үйдің сыртында жалғыз әйел жағын таянып, телміре қарап ұзақ тұрды.

— Биыл қыс қатты болады, — деді Ерофей Максимович. — Жауын-шашын лайсаңнан кейін бірден сығып әкетті. Аяздың шымшуын көрдің бе? Ағаш та темірдей ызыңдайды.

Ержан қараңғыда шалдың жүзін көре алған жоқ, тек қырау шалып қара мұнартқан сақалының қимылын көрді. Аспанды торлаған түнек ақ қардың сәулесімен күлгін тартқан. Ерофей Максимович пен Ержан шашыраңқы ағаштардың арасымен жүгірген жалғыз аяқ жолмен жауынгерлерді бастап келеді.

— Биыл қыс қатты болады, бірден қысып әкетті ғой, — деді шал.

— Қыстың қатты болғаны жақсы. Нәзік немістер тез үсиді, — деді Ержан.

Ерофей Максимович Ержанның бетіне бұрылып қарады. Сақалының қимылынан оның көз қысып иек қаққанын аңғарды Ержан.

— Аязға сенбе, өзіңе сен жігітім. Орыстың қысы немісті біраз жауратады. Бірақ жауды аяз қуды дегенді ести алмадым. Ол бос жұбаныш. Германдықтармен таныстығым бар. Бірінші жиһангерде шекісіп байқағанмын. Тіске оңай сынатын жұмсақ жаңғақ емес. Соғысқа шебер ит. Әділін айту керек. Ох, оңай тимейді. Техникасы да күшті. Олар өзі түрлі машина ойлап тапқыш немелер ғой.

— Иә, техникасы бар,— деді Ержан.

— Танктері сұмдық деседі ғой, — деді Ерофей Максимович басын шайқап.

Онсыз да жұрттың мойнына су кетіп келе жатқанда Ержан шалдың мына сөзін жақтырмады.

— Сонда сіздіңше олар жеңуге тиіс пе? — деді ол, шалды ренжітіп алмас үшін даусын жұмсартып.

— Жоқ, жігітім, мен ондай сөзді айтқаным жоқ, — деп қарсыласты Ерофей Максимович. — Олардың күшті екені рас. Оның несін жасырып, өзімізді жұбатамыз. Жұбаныш деген жақсы жәрдемші емес.

— Әрине.

— Солай ол, — деп қостады Ерофей Максимович. — Ал, менің сеніміме келсек, оған қам жеме. Бір күнде ойлап, бір сәтте шешкенім жоқ. Неміс бірден киіп-жарып, мінекей Москваның түбіне келіп қалды. Осындайда ойланғанда басың даң болады. Орманшы деген ну жыныста жүрген аю емес. Ол көп ойлайды. Оған уақыты жетеді.

Орманшыны жамандайтын нағыз оңбаған ұрылар. Біз оларға жайсаң орманды отаттырмаймыз. Балғын ағаштарды баламыздай күтеміз. Жер жаннатының сақшысымыз біздер, ұқтың ба, жігітім. Сіздің өлкеңізде орман мол ма?

— Біздің Қазақстанда орман өте аз, — деді Ержан.

— Ендеше орман қадірін білуге тиіссің. — Ерофей Максимович Ержанның бетіне қарап сәл бөгелді. — Ия. Мана сендерді көргенде маған ой түсті. Қуанышты ой. Өзім хутордан көңілсіз қайтып едім. Бұл қай тұқым, қай ұлт болды екен деп ойладым сендерді. Ана герман соғысында біздің әскерден мен сіз түстес ағайындарды көре алмадым. Ал, қазір мінекей, өзіңмен бірге келеміз.

— Ол соғыстың аяғына таман қазақтарды тыл жұмысына мобилизациялаған. Бірақ халық патшаға қарсы көтеріліс жасады, — деп түсіндірді Ержан.

— Ұқтың ба, жігіт, әңгіменің түбі қайда жатыр,— деді Ерофей Максимович. — Енді мінекей жұрттың бәрі шықты. Бізді жапырып кете алмайды. — Ол енді құлақшының құлағын түсіріп аз мүдірді де, Ержанға үңіле қарады. Мен енді бір есептен сенің солдатың сияқтымын. Сондықтан да сұрауға хақым бар шығар. Неғып қоршауға түсіп қалдыңыздар?

Ержан қоршауға түскен жағдайын қысқа баяндап берді.

— Шамасы кінә менен болса керек. Байқамай дұшпанды желкеге шығарып алдым, — деп қорытты ол.

— Дұшпан қанша еді?

— Екі жүз адам шамасы.

— Соғыста әр нәрсе болады, — деп демеу айтты Ерофей Максимович. — Оқасы жоқ, опық жеген адам ызалы болады.

Шалдың кең адымды салғырт жүрісі, байсалды үні, сабырлы, бейқам ірі тұлғасы денені салқын судай тітіркендірген түн қаупін ұмыттырып жіберді. Бір кезде барып Ерофей Максимович Ержанды тоқтатты.

— Кішкене сабыр ет, ақылдасып алайық, — деді ол сақалына тұрған боз қырауды алақанымен сыпырып. — Оң жақ қапталымызда он шақты шақырым шамасы — большак бар. Ол Волоколамскіге апарады. Алдымыз он шақырымға тарта ашық. Жолда екі кішкене деревня бар. Бергісі жиырма шақты үйлі Васильево, арғысы одан молырақ Татьянино болады. Бұл жолда не бар, не жоғын, әрине мен білмеймін. Ал сол жақпен айналып Николаевская деревнясын маңайлап өтсек, ол жақ ормандылау қаупі аз, бірақ жолы ұзап кетеді. Таң жақындап қалды. Алдыңғы айтқан жолмен тура тартсақ жарық түскенше орманға ілігер едік. Ал, осыны ақылыңа салып өзің шеш. Ақырын жүрсең алысқа жетесің деген де мақал бар,—деп ескертіп қойды Ерофей Максимович.

Қоршауға түскелі бейқамдықтан арылып, ашынған Ержан тез байламға келді.

— Ол мақалыңыз соғыс үшін айтылмаған болар. Тура тартамыз.

— Соғыста да сақтық керек,— деді Ерофей Максимович.

— Сақтық керек болса, — Ержан сәл іркілді. — Земцов, Ахметуллин, Бондаренко бері келіңдер. Сендер жүз елу метрдей алда жүріңдер. Ерофей Максимович сіз де осылармен бірге болсаңыз.

— Бұйрық деген — заң, құп, жолдас командир, — деді шал қорбаңдап қолын шекесіне апарып.

— Тек, тез жүріңдер! — деп әмір етті Ержан.

Әрбір асығыс істің бір шикісі болуы мүмкін. Ержан Васильеводан ыңсыз-шыңсыз өткесін Татьяниноны да алыстан орағытқысы келмеді. «Не істейміз» деп кідірген дозорға деревняның дәл сыртын жанап өтетін жалғыз аяқпен тарта беруге әмір етті. Шағын деревняның шаруа үйлері — шаршап келіп қонған керуеннің шеккен түйелеріндей түн қараңғысымен аласарып, қалжырай мүлгіп тұр. Тіпті сол деревнядағы ұйқылы тыныштықтың өзі қауіп-қатерді ұмыттырып жылы төсекке, рақат тынысқа шақырғандай еді. Кенет «Хальт!» деген ащы дауыс құлаққа тікендей қадалды.

13

Батальон суыт жүріп келеді.

Ержан взводынан айрылғаннан кейін Мұрат дұшпанмен қанша қақтығысқысы келмесе де қалың жаудың ортасынан жұқпай өтіп кете алмады. Үш рет немістердің үлкенді-кішілі тобына соқтығысып арада ұрыс болды. Бірде жауып бірде басылып қалыңдаған омбы қардан аяқтары ауырлаған, үздіксіз төнген қауіп қажыта бастаған жауынгерлер жата қалып атысып жаудың бетін қайтарып, қашып орманға тығылады. Оқ-дәрі де кеміп барады. Мұрат немістерден түскен қаруды пайдалануға әмір берді. Екінші күні түс қайта Мұрат немістердің бір колоннасына кездесті. Үлкен жолмен кетіп бара жатыр екен. Соғысуға бата алмай жіңішке жолмен қиғаштай тартып қарасын үзбек болды. Алғашқыда дұшпан да буларға назар аудара қоймап еді, бірақ аздан кейін хабаршы жіберді. Мұрат колоннасының жүрісін тездетіп шамадан келгенше алыстап бақты. Хабаршыға тимеуге әмір етті. Екі неміс жақындап келіп бұларды танып кейін қарай қашты. Ол екеуін атып түсіргенде, дұшпан бірден ұмтылар еді, бірақ екі солдат қайта жүгіріп барып, ошарылып қалған колоннаға «Русь» деп айқайлағанша Мұрат едәуір жер ұтты.

Неміс колоннасы тез ыдырап соғыс тәртібіне көшті. Күмістей жылтыраған ақ қардың бетінде құмырсқадай жорғалаған қара денелер шашырап жайылып барады. Әр жерден күнге шағылып қару-жарақ жалт етіп қалады. Жол үстінде кішкене топ селтиіп тұрып қалды.

Олар да қыбырлап қозғала бастады.

Бірақ арт жақтан жау келеді. Оң жақтан, сол бүйірден, немесе алдыңғы жақтан, тұтас айналаның қай мүйісінен тағы да қандай жау күші шыға келетіні белгісіз.

Ызғарлы ала шарбы бұлт қабыршақ мұздай қатып қалаған ақшыл-көк аспандағы кішкене күннің суық сәулесі істіктей қадалып бара жатқандай. Алдағы биік арша орманның іші де ызғар шашып тұрғандай суық көрінеді. Батальон тез ширығып жүгіре басып барады. Мұрат жол үстіне шығып колоннаның артын тосып алды да Кусковты шақырды. Екеуі сап жанында жүгіріп келе жатып сөйлесті.

— Анау орманға тырнағымыз іліккесін, екінші взводты алып тосқауылға қал. Жауды тойтарып таста. Бірақ бізден қараңды үзіп қалма. Печальный опыт есіңде болсын.

— Құп!—деді Василий тістеніп.

Комбаттың соңғы сөзін естігенде көз алдына сонау деревня сыртындағы қырқа, қалың жаудың ортасында Ержан елестеп кетті.

Батальон орманға қарай жүгіріп барады. Жіңішке жолмен иретіле ұзақ созылған колоннаның енді бас-аяғы тартылып, қысқарып, ені кеңи түсті. Жауынгерлер шашырап жолдан шығып, аяқтарымен үгілмелі құрғақ қарды күреп жамырай жүгіріп барады. Колоннаның алдына таман келе жатқан екі арба мен екі кішкене зеңбірек кейіндеп қалды. Арбакештер қанша қамшылағанмен арба доңғалағы қарды пышақтай тіліп терең батып, болдырған аттар еркін желіске түсе алмай құйрықтарын көтеріп, екі жағына теңселе бұлқынып, тыпыр аяңнан аса алмайды. Алдыңғы арбаның жүрісі баяу тартып, артқы арба тертесімен кимелей түсті.

— Тез! Тезірек айдаңдар! — деп Мұрат жүгіріп келеді.

Алдыңғы арбаның үстінде байпақ киген икемсіз аяғын томардай серейтіп, қалың сары тонның сыртынан сірескен брезент плащ киіп алған қазақ жауынгер отыр.

Бет әлпеті де анық көрінбейді. Құлақшының көзіне түсіре киіп, аузын жаба, мойнын күдірейте шарқат ораған, қомпитып қардан соғып үстіне киім жауып қойған жансыз дене сияқты. Қысқа қолын әрең көтеріп шыбыртқы сілтейді. Оның ұрғаны ат сауырын қышыта түсетін сияқты.

— Айда тезірек! — деп айқайлады. Мұрат арт жағынан жүгіріп келіп.

— Жануарлар болдырып қалыпты, — деді арбакеш оған бүкіл қорбиған икемсіз денесімен әрең бұрылып.

— Түс арбадан!—деп ақырды Мұрат.

Арт жақтан қысылшаңда айтылатын сөздерді ағытып старшина да жүгіріп келеді екен. Арбакеш әрең деп аяғын баурына жинап, еңкейіп түсуге ыңғайлана бастады. Аттар іркіліп қалды. Мұрат оның қолынан делбе мен шыбыртқыны жұлып алып, делбені қатты сілкіп, аттарды осып-осып жіберді. Аттар артқы аяқтарымен шіреніп қалып, арбаны желе тартып кеткенде арбакеш те қарға домалап түсті. Шерден сүйретіле тұрып, ұзын плащтың етегіне оралып арбакеш Мұратты әрең қуып жетті. Ол делбеге қолын соза бергенде Мұрат оны бастан-аяқ тез шолып, жекіп тастады.

— Шеш, үстіңдегіңді!

Ой, қазақ болмай кеткір! Базарға пішен апара жатқан- дай!

Арбакеш сыртқы плащын шешкенмен тонының өзі тым қалың көрінді.

— Тоныңды да шеш!— деді Мұрат.

Тонның ішінде жылы қалың телегрейке бар екен. Арбакеш едәуір ықшамдалып қалды.

— Өзіңнің атың кім? — деп сұрады Мұрат.

— Қойшыбаймын ғой, — деп жауап қайырды арбакеш қолына шылбыр мен шыбыртқысын алып жатып.

— Қойшыбай болсаң қуала!—деді де Мұрат ілгері қарай жүгірді.

Ізге түскен дұшпан тобы оқ ата бастады. Екі ара алғашқыдан едәуір жуықтаса керек. Осы кезде батальонный алды барып орманға ілікті. Мұрат ағаш арасына кіре бере аңтарылып тұрып қалды. Ағаштар селдіреп ар жағынан ағараңдап кең алаң көрінеді. Орман деп арқа сүйегені шоғыр ағаш екен. Осы сәтте оқтың өтінде жалаңаш тұрғандай қорқынышты сезім билеп кетті. Осы бір денесін шіміркендірген жиренішті сезімді бойынан сілкіп тастай алмады. Алдында өңкейіп ақ қар жамылған жазық жатыр. Одан әрі тағы да орман. Әлде бұл да селдір ағаш па? Жоқ, тым биік көрінеді. Дөңеске өрмелей өскен болар. Солға таман деревня үйлерінің төбесі қылтияды. Бір-екі мұржадан бозғылт сұйық түтін шығады.

Ал, анау орманда кім бар? Мұрат алдыңғы шепке жақындап келе жатқанын сезіп еді. Өз топшылауынша осы алдағы түнде арғы бетке өтуге де тиіс. Сөз жоқ, алғы шепке жақындаған сайын дұшпан күші көбейе түседі, үлкен жолдан жайылып, қанаттасып тұтаса да түспек.

Соғыс адамы үшін дұшпанның күші мен орнынан аз да болса хабардар болмай қимыл жасау — көзді тас жұмып әрекет ету. Мұрат аса қиын толқымалы халге ұшырады. Қайтпек? Мынау селдір шоғыр ағаш оған бекініс бола алмайды. Соңынан қуып келе жатқан жауға осы арадан-ақ төтеп берер еді. Ал, ұрыс дүбірін естіп желкеден, бүйірден жау күші келмесіне кім кепіл? «Не де болса тәуекел!» Мұрат жағдайында тәуекелден басқа шара да жоқ еді. Ол енді анау орманға да немістерді желкесіне мінгізіп апарғысы келмей бір взводты тосқауылға қалдырып кетті.

Суырмалы құрғақ қарды күреп жауынгерлер ылдиға қарай шашырап жүгіріп барады. Кейбіреулері тұмсығымен қарды сүзе қулап, тұра салып қайта жүгіреді. Арт жақта атыс басталды. Шыжылдап қаңғырма оқтар түсе бастады. Батальонның соңы желкеден төнген жаумен айқасып жатқанда, алдан тағы да жау кездесті.

Мұрат орманға кіре бергенде зеңбірек гүрс ете қалды. Бұрын артиллерист болған Мұрат «даусына қарағанда, 120 миллиметрлік зеңбірексің-ау» деп топшылап қалды. Сәлден кейін тағы, оған ілесе тағы да зеңбірек атылды. Снаряд ілгері қарай зулап барады. Сәлден кейін барып гүрс етіп жарылған жұмсақ баяу дауыс естілді. «Бұл жау зеңбірегі!» Мұраттың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Әнекей, құлақ естір жерде біздің әскер! Иә, иә біздің адамдар. Қоршаудағы бес күннің ішінде бес жыл елсіз аралда қалғандай сағындырған адамдар.

Мұраттың отыз жылдық өмірі, құмартқаны, қуанғаны, ыстығы, аңсағаны, қысқасы, бар тірлігі — жарық дүние көз алдында жарқ етті. ЬІғына көндіріп, бұқтырып әбден зығырданын қайнатқан қас дұшпанмен де адам сияқты алысатыны да анау сол жер. Әбден берекесін кетіріп, өзіне-өзі жеккөрінішті еткен шынжырсыз кісеннен де қол-аяғы, әне, сол жерде босайды. «Біз мұндамыз! Бармыз! Тіріміз!» деп айқайлағысы келіп кетті Мұраттың. Алқымына жас тірелді. Бірақ бір сәтке лап еткен қуаныш осы сағыныштың ыстық сезімі оқыс өзгерді. Мұрат шошынып қалды. Алды қалың жау. Өзінен сан есе күшті жау. Әбден зарықтырып барып ең жақынын көзіне бір көрсетіп енді талпына бергенде алдынан темір қақпаны тарс еткізіп жауып тастағандай. Қанша шыңғырсаң да үнің естілмейді. Мұраттың көзінен екі тамшы жас ытқып шығып, қаулап өскен қара сақалына қарай домалап барады. Көріп тұрып, қолың жетпеген жаман екен. Қиын сағатта көңілдің босағанынан жаман нәрсе жоқ екенін жақсы білетін Мұрат бір сәтке бойын билеп кеткен дәрменсіздік сезімінен тез арылды. Әнекей, зеңбірек атысы жиілей түсті. Алғашқы залп та берілді. Тез, батыл шешімге келу керек Батальон тағдыры қыл үстінде тұр.

«Атака! Тек қана алға! Басқа шара жоқ»,— деген ой жалт етті. Мұрат орманға кіріп, іркіле бастаған роталарды тез шолып, «алға!» деген команда берді.

Жарты километр жүрмей жатып-ақ, будақтаған көк түтін арасынан ауыр зеңбіректер көрінді. Жер солқылдатқан тарсыл-гүрсілден құлағы біткен, қызу атысқа еліккен неміс артиллеристері көгілдір тұман шалған ағаш арасымен келе жатқан жауынгерлерді байқамады. Қалың күш жақындап келіп лап бергенде ғана жан ұшырып алас ұрды. Ең бергі шеткі зеңбіректің қасындағы снаряд тасушы жуантық сары неміс кейінгі жаққа жалт қарап, аузын ашып ақырып қалды. Қолындағы снаряд жерге түсіп кетті. Бажылдап айқай салып қаша жөнелді. Екі өкпесін қолына алып зытып бара жатқан серігіне зеңбірек оқтаушы әлдене деп айқайлады да, секем алғандай артына бұрылды. Иілген күйі көзі шарасынан шығып қатып қалды. Тағы да бір-екі жерден шарылдаған айқай шықты. Осы кезде сасқалақтық бүкіл батареяға тарады. Қолында биноклі, жәшіктің үстінде команда беріп тұрған сұлу, сұңғақ бойлы офицер, не болып қалғанына түсінбей шаңқылдап бір-екі дауыстады да, артына бұрылды. Тұрған жәшігінен қарғып түсіп, қаша бастаған солдаттарына ащы дауыспен «Хальт! Хальт! Цюрих!» деп айқайлады. Қапыда қайрат көрсетіп, қолына іліккен солдатын лезде атысқа дайындады. Бірақ ол кешігіп қалды. Қашқаннан қалған неміс зеңбірекшілері қаруын ыңғайланып оқ шығарғанша, «уралап» лап қойған Мұрат батальоны жапырып та кетті.

— Тез зеңбіректердің құлпын алыңдар! Алға! — деп команда берді Мұрат.

Жауынгерлер ып-ыссы зеңбіректердің құлпына жармасып, біреуі ағытып алудың тәсілін білмей әлек болып сасқанынан винтовканың дүмімен ұрды. Мұрат жүгіріп келіп епті қолымен құлыпты зып еткізіп шығарып алып, жауынгерге ұстата салды.

— Мә! Тастама!

Оң жақтан, сәл алға таман айқай-шу, атыс естілді.

Мұрат сол шамада бір батарея бар екенін байқағандай болып еді. «Құрту керек!» Ол тез екінші ротаға әмір берді.

— Батареяны құртқаннан кейін, алға ұмтыл, бізге қосыл!

Тек қана алға! Алға! Батальон не қырылады, не болмаса осы екпінмен жау шебін жарып өтеді. Нысананың жақындығы мен алдағы кедергінің күштілігі жауынгерлерді әп-сәтте ширатты. Ағаш сиреп, алдан көлденең созылған ұзын далаң ашылды. Одан әрі тағы да орыстың сансыз орманының бірі. Оң жақта екінші рота немістермен айқасып қалды. Айқай-шу, атыс күшейе түсті. Батальонный, алды орманға жуықтағанда ағаш арасынан шашыраңқы атыс естілді. Мұрат берекесіз, сирек атысқа қарап «не штаб, не тыл бөлімшесі боларсың» деп тез түйді. Ол Алға!» деген тегеурінді сөзді екі-үш лақтырып жауынгерлерін тағы бір желпіп тастады. Омбы қарға сүріншектеп, бөгеле түсіп оқ атып, солдаттар митыңдап жүгіріп барады. Кейбіреулерін оқ жұлып кетіп жатыр.

Манағы неміс колоннасын бөгеуге қалған Кусковтан хабар жоқ. Жау батареясын құртуға жұмсалған екінші рота кейіндеп қалды. Ол жақтан әлі де атыс естіледі. Тозақ отынан алып ұшқан самұрық құсқа қоң етіп боршалап берген ертегінің батыры сияқты Мұрат әр тосқауылға батальонның жанды бөлшегінен бір кесіп беріп келеді. Үзіліп-үзіліп азайған батальон кеудесін тосып, күші белгісіз жауға қарсы барады.

Осы кезде жаңағы бір әзірден бері әр жерден жүгірте атылған зеңбіректер үні көбейе келе тұтасып, конанадаға айналды. Дыбыс жігі ашылмаған ұзақ гүрсіл — ызаланып, демалмастан булыға өкірген алып бір хайуанның үніндей. Тау төңкерілгендей үсті-үстіне жарыла құлаған, зіл соққыдан жер кеудесі жаншылып, ауыр ыңыранады. Селдіреген ағаш саңлауынан жай теңселген қою қара түтін көрінеді. Сол дозақ отының астында адам түгіл, бір тал шөп аман қалмаған сияқты. Жолындағы азғана немістерді тез ыдыратып, тіршілік үмітін содан іздегендей батальон анау қалың өртке қарай жан ұшырып келеді.

Мұрат батальонының жолындағы үш-төрт батарея жойылды, өзгелеріне «Русь қоршады» деген лақап жеткен болса керек, тұтаса гүрілдеген артиллерия даусы қақ айрылып, екі жаққа қарай едәуір алыстады. Батальон орманнан шыға бергенде алдарынан екі рота шамасы немістер кездесті. Ирек арқандай созылып, сирек шеппен келеді. Бұл енді жаңағылардай қапыда қалып аласұратын, қарсылыққа мұршасы келмей қаша жөнелетін үріккен артиллеристер, кірешілер емес, белдесіп соғысатын күш. Дұшпан есін жиып, штабтарға хабар жетіп, болған істі ұғып қалса керек. Қоршаудағы батальонный қолындағы ең мықты қаруы — тұтқиыл, будай тарқап жоқ болды.

Мұрат жағдайды өз көзімен көріп, тез әрекет ету үшін шептің алдында келе жатқан. Оның алғашқы аңғарғаны: қайда, кімге қарсы келе жатқанын біліп, өз күштеріне сенгендей дұшпан солдаттары сабырлы екен. Екпінмен кең аяңдап келеді. Мұрат тез «жат!» деп команда берді. Алдымен біраз сиретіп, құтын қашырып алып тиіскісі келді. Оның үстіне кейінірек қалған екінші ротаны да тосу керек.

Шойындай ауыр етіктер аяз қатырған суырылмалы қарды күреп келеді. Кейбіреулері сүрініп кетіп қонышымен қарды қауып қалады. Ана бір алға таман келе жатқан жуан сары басын шұлғыған сайын көз әйнегі жалт етеді.

Шептің арт жағынан шаңқылдаған дауыс естілді.

Дауыспен қабат автомат оғы борап та кетті. Жау төніп келе жатқанда қимылсыз жату — көңілді орнықтыра қоймайды. Бірақ Мұрат мұның соңғы айқас емес екенін, тіпті санын да, салмағын да болжауға кісінің көңілі дауаламайтын көп айқастың бастамасы екенін сезді. Өздеріндегі оқ мөлшерін ойлағанда шошынып қалды.

Дұшпан оғы үдеп барады. Суға түскен темірдей шыжылдан ағашқа жиі қадалады. Мұрат дұшпанынан көз алмай етпетінен жатыр. Ажалдың жүзі суық. Мұрат немістердің кейпін, тұлғасын анықтап байқай алмады (ол жұрттың қимыл, тұлғасын аңдағыш болатын). Әркімнің өзіндік мүсінін жасырып бір жылтыр мұнар орап алған сияқты. Шыныдай шыңылтыр, суық мұнар. Әр денеден шашыраған сол мұз мұнар тұтасып, енді ажалдың ызғар лебі шарпып өткендей болды. Дұшпан жүзін тасалаған осы бір көрінбес пердені сілкіп тастағысы келіп Мұрат көзін сүртті. Ендігі сәтте немістердің ақ қағаздай қан-сөлсіз беттері тұтасып ұзын ақ жолаққа айналды. «Мыналар өлік қой», — деп қалды Мұрат. Олардың кеудедегі жанары, әлдеқайда ұшып кетіп, құр сүлделері ақ қардың үстіндегі қарайған өлік болып сұлай кетуге келе жатқан секілді көрінді.

Мұрат «Огонь!» деп айқайлады. Орман шетін отқа қақтаған ескі темірдей кермек дәрі исі алып кетті. Орманда жаудың бар-жоғын анық білмей тек оқпен сүзіп өтпек болып аңғырт келе жатқан неміс солдаттары көп шығынға ұшырады. Бірақ аяқ астынан лап еткен алғашқы залптан неміс офицері саспады. Ол ашық жерде оқ астында кешеуілдеп қалғысы келмей селдіреп сиреп бара жатқан шебін ілгері қарай қуды. Шаңқылдаған ащы айқайымен жата бастағандарын қайта көтерді. Бірақ қардай бораған оқтан кенет дұшпан тобы сиреп, селдіреп қалды. Енді орман шетіне жақындап жүгіріп келе жатқандарынан қарайып қар үстінде шашылып жатқан немістер екі есе көп сияқты. Осы кезде азайып, талмаусырап кеткен топқа батальон қарсы лап беріп, жапырып кетті.

Мұрат асығып келеді. Енді дұшпан мұның сырын да, күшін де біліп қалғаны анық. Манадан бері шет жағасындағы шашырандыларымен алысып еді. Енді сөз жоқ, дұшпанның қалың ордасымен айқаспақ. Батальонның алды-арты шұбатылыңқырап кетті. Кейінірек қалған арбалар мен зеңбіректерді қуалауға кеткен Маштай келді. Ол екінші ротаның қуып жеткенін айтып қуантты. Тосқауылда қалған Кусковтан әзір хабар жоқ. Тек жаңағы бір әзірде арт жақтан атыс естігендей болды. Ол да тоғанды буған долы өзендей қаптаған жауға азғана күшпен тығын бола алмай келе жатқан шығар.

Қоршаудағы әскерді сергелдеңге салып титығына жететін де, шыдам шегінен асырып ашындыратын да аса бір қиын ұрыс басталды. Мұрат жол бойы кездесіп қарсылық еткен шағын топтарды тықсырып, ілгерілеп келе жатқанда алдынан үлкен күш шықты. Екі жақтан кескілескен ұрыс басталды. Батальон селдір жас қайың ескен аласа төбеге бекініп қарсылық етті. Төбенің сол баурайын ықтай үш-төрт үйлі хутор орналасқан екен. Арбалар мен зеңбіректер соны паналады. Жауынгерлер қардан ұра қазып, тасаланып, қайыңдарды паналап атысып жатыр. Немістер екі рет бас көтеріп ұмтылып еді, жөнді ілгерілей алмай тоқтап қалды. Дегенмен басым күш оңайға соғар емес. Қысып барады. Оң жақ қанаттағы екінші ротаның халі қиынға айналды. Мұрат солай қарай жүгірді. Бұл жақта жаудың күші басым екен. Мұрат жүгіріп жеткенше олар тағы да атакаға көтерілді. Жауынгерлер шыдай алмай біртіндеп шегіне бастады. Рота командирі тоқтата алмай бәйек болып жүр. Мұрат шегінгендердің алдымен деңгейлене беріп, қалт тоқтады да алға сілтей қолын көтерді. Комбатты көрген солдаттар үрейді ұмытып, таңырқағандай кідіріп қалды. «Қайда барасыңдар! Алға!» даланы басына көтере айқайлады Мұрат, үзілген шеп қайта жалғанды.

Жүгіріп Дулат келді. Ол жауған оқтан онша тасаланбай жүресінен отыра қалып:

— Жолдас капитан, сол жақтан немістер келеді, — деп хабарлады.

— Черт побери! — деді Мұрат тістеніп. Ол қасында жатқан Волошинге қысқа әмір етті: — Осы арадан бір адамың қалғанша шегінбе, бір! Екінші, бір взводты сол қанатқа, хуторға жібер. — Қарсылық айтқысы келген Волошинге жекіп тастады. — Үрей туғызба! Бірақ тез қимылда!

Соғысып жатқан солдат айналасындағы аядай жерді ғана кереді. Одан әріні болжай алмайды. Сондықтан бір взводтың кейін кетіп бара жатқанын көріп өзгелері де толқуы әбден мүмкін еді. Мұрат өз әмірінің қаупін білді.

Бірақ өзге амалы болмады.

Сол. Қанаттан батальонның тылын орай жау колоннасы көрінді. Шыққан ізі — әріректе жайылып жатқан анау үлкен деревня сияқты. Соғыс болып жатқан жердің мөлшерін өлшеп алып, күні бұрын жұбын жазбай келеді.

Мұрат енді хутор тасасында іркіліп қалған қырық шақты жауынгері бар бір ротасын солай тосты. Ол хутор шетіндегі бір ағаш сарайды тасаланып арттан келе жатқан дұшпанға көз тігіп, болашақ әрекетін ойлап тұр.

Жау мойнына салған тұзағын қыса түсті. «Енді қоршауды жарып шығуға мұрша жоқ. Ендігі зор мақсат осы алақандай жерде сіресіп, қарсыласып бағуда. Мына күйімізбен қаншаға шыдармыз,— деген ой келді Мұратқа.

Бұл ойдан Мұрат шошынған жоқ ауыр налыды. Көз алдына Айша келіп тұра қалды. Қызыл шырайлы дөңгелек жүзі толқып, қоңыр көзі мөлдірей қарайды. Сұлулығы мен әйелдік жылы мейірімі аясымен жібекке орағандай Мұратты жұмсартып барады. Мұрат ащы мырс етті. «Сенің орның бұл емес. Оқ тиіп кетер»!

— Жолдас капитан!

Мұраттың қасына артиллерия взводының командирі келіп тұр екен.

— Анау нахальный фрицтерді аздап соғып жіберсем қайтеді?

— Қанша снарядың қалды?

— Отыз екі.

— Жоқ. Сабыр ет! Әлі керегі болады. Ұрыс жаңа басталып келеді. Нағыз жан алқымға келіп қалмаса, менің бұйрығымсыз бір снаряд шығарма.

Немістер артиллериясы әлі атқан жоқ. Өз әскерлеріне тигізуден қауіптенетін болар. Әзірге жаяу әскермен қысып барады. Тағы да қандай күш жұмсары белгісіз. Мұраттың артқа сақтаған таудай құралы — от пен судан аман алып келе жатқан осы екі кішкене зеңбірегі еді.

Үшінші рота жауынгерлері қарға сүңгіп соғысқа дайындалуда. Волошин взводы әлі келген жоқ. Ол жақта Мұрат кеткесін немістер тағы да атакалады. Қазір екі жағы қырқысып жатыр. Бір взводы кетсе әрең шыдап тұрған шеп сөгіліп кететіні анық.

Хутордың кішкене көшесіне де оқ жиі түсіп жатыр. Бір үйге жақындай беріп Мұрат есік алдында Коростылевты көрді. Ол ыңырсыған бір жауынгерді қапсыра көтеріп үйге кіріп барады. Іле Мұрат та кірді. Қара көлеңке аласа бөлменің бұрышынан ыңырсыған дауыстар естіледі. Жылымшы қан исі шығады. Бір бұрышта ұйлығып төрт-бес жауынгер отыр. Коростылев көтеріп әкелген адамын еденге жатқыза салып, оның шинелін шеше бастады.

— Мылтық ұстауға жарайтындарың шығыңдар қазір! — деді Мұрат ақырын, бірақ өктем үнмен.

Екі жауынгер жайлап мылтықтарына сүйеніп орындарынан тұрды. Өзгелері де қыбырлап ауыр қозғалғандай болды. Сұлап жатқан бір жауынгер шынтақтап басын көтерді:

— Мені терезеге жеткізіңдерші. Тым болмаса бір тесікті бағып жатайын.

Соғыс қыза түсті. Сол қанаттан келген колонна арт жақты орай шабуылға шықты. Ортасынан қақ жарылып екі жаққа ыдырай жүгіріп тарады да, қарға малтығып аяңдап ілгерілеп келеді. Екі жақ та әзірге оқ шығарған жоқ. Мұрат жүгіріп шепті аралап, пулемет ұяларын тексеріп жүр. Бір шетке хутордан жинап алған жаралыларын орналастырды. Немістердің тың күші жақындасымен кідірмей атакаға көшті.

Екпіндеп малтыға жүгіріп келеді. Кезенген мылтық автоматтарынан түтін бұрқылдап қоя берді.

Арт жақтан тағы да күш келіп батальонның қоршауға алынғанын сезіп көңілі марқайған немістер алдыңғы жақтан, оң қанаттан шабуылын үдете түсті. Кейде біртіндеп жүгіріп ілгерілесе, кейде лап қойып ұмтылады.

Майданның енді алды-арты жоқ, төңірек түгел атыс. Манадан бері тыныштау жатқан қарсы беттегі бірінші рота, енді немістердің үсті-үстіне өрекпіген тегеурінді атакасына әрең төтеп берерлік халде. Бір рет шебі жыртылып кетін әрең жалғанды. Волошин бастаған екінші ротаның да халі жеңілдемеді. Немістер оның оң қанатын тықсырып едәуір-шегеріп тастады. Үздіксіз ұрыстан қалжыраған, жүздері түтігіп, көздері қызарып кеткен жауынгерлер ең соңғы күшін жиып ышқынып атысып жатыр. Жаралылар саптан шығуды қойды. Енді бас паналар, жарасын күтер тыл жоқ. Кейбір жаралылар соңғы дәрменіне дейін атысып, қолынан винтовкасын түсірместен, қаны таусылып талмаусырап мәңгі көз жұмады.

Қарсы алдындағы бірінші ротаның шебі тағы да үзілді. Он бес шақты неміс солдаты ішке кіріп кетті. Мылтық атып хуторға қарай жүгіріп келеді. Мұрат артиллеристер мен санитарларды жиып хуторда ішкі бекініс жасады, оларды әрең жойды. Көп шығынға ұшырап, әбден әлсіреген бірінші рота хуторға қарай шегінді. Волошин ротасы да бері қарай майысып келеді. Мұраттың түрі жан шошығандай еді. Қара сақал қаулап өскен жүзі қап-қара болып түтігіп, жағы суалып кеткен.

Үлкейген қара көзінің жарқылы кісінің өңменінен өткендей. Лac шинельдің шалғайын екі-үш жерден оқ тесіп өткен. Ол енді оқтан жасқану дегенді әбден қойып алған.

Саңқылдап айқайлаған даусы әр взводтан бір естіледі.

Әр қимылын өлшеп-пішіп жатуға Мұраттың мұршасы болмады. Онда әлдеқандай бір секемшіл сезгіштік пайда болды. Бүкіл батальон өз денесі сияқты, қай жеріне батып бара жатқанын айтқызбай-ақ сезе қояды. Жапырып бара жатқан немістерге қарсы шарасы таусылып, әбден қалжыраған солдаттар комбаттың таныс даусын естіп үлкен көмек келгендей тыңайып қалады.

— Золдас капитан! Сіз зараланып қалдыңыз!

Маштай жүгіріп келе жатқан Мұраттың жеңінен тартты да, ол қайрылмағасын аяғын тосып етпетінен құлатты.

Мұрат Маштайды көзімен ата жалт қарады. Бірақ ординарец одан қаймықпай тез қалтасынан бинтін суырып алды. Мұраттың жеңінен қап ағып тұр екен.

Маштай қолын таңып жатқанда Мұрат жау жақты шолып өтті.

— Немістерге тағы көмек келеді! Бірақ неге соншалық аз!— деп ол таңырқап қалды.

Он бес шамалы солдат немістердің ту сыртына жақындап, атыса жүгіріп келеді. Дұшпан ұйлығып, сасып қалды. Осы кезде Мұратқа «бұл Кусков болар», — деген ой сап етті. Ол Маштай орап болмаған бинттің шетін сүйреп орнынан атып тұрды.

— Встать! В атаку! Вперед!

— Взводтың жартысынан айрылдың, қолымнан келгеннің бәрін істедім! — деді Кусков.

— Рақмет! — деді Мұрат оның қолын қысып. — Бір қоршаудан шығып, екінші қоршауға түстік. Хал мынау.

— Халді өзім де сезіп келе жатыр едім. — Кусков ащы мырс етті.— Көппен бірге көңілдірек болар. Қай жерге бекінуге бұйырасыз.

Күн кештетіп қалды. Қансырап, селдіреген батальонның қарсылығы әлі тоқталған жоқ. Кейде талмаусырап сөніп бара жатады да, кейде ышқынып қайта лап етеді. Мұрат Дошевскийдің арбасындағы соңғы патрон жәшіктерін өз қолынан жөнелтті. Арбакештерімен қоса Дошевскийдің өзін де алғы шепке қуды. Бірақ енді алғы шеп қайсы, тыл қайсы ажырату қиын еді. Бекініс шеңбері әбден тарылып, батальон төбенің басында шоқшиып қалды. Бip тірегі төрт-бес үйлі хутор ғана.

Біраз уақыт жаудың серпіні басылғандай болып еді.

Арт жақтан немістер қоршауды тастап кетіп жатыр деген хабар келді. Мұрат алғашқыда немістердің бұл әрекетін түсіне алмады. Бір кезде сол жақты орай маңдай алдына қарап ойысқан әскерлерді көрді.

— Немістер қазір тағы да атакаға шығады, — деді Мұраттың қасында жатқан Кусков. — Темекі тартып алуға да мұрша берер емес.

— Олар топталып жатыр. Қоршауды босатып, бізді кейін қарай қумақ. — Мұрат сәл ойланып қалды. Ол енді Кусковқа шынтақтай бұрылып иығына қолын салды.— Бірақ арт жаққа да сақ болу керек. Шалған маневр болмасын. Сен қазір арт жаққа бар да ротаны бері жөнелт!

Өзің азғана жауынгермен сонда бола тұр.

— Құп,— деп Кусков кетуге ыңғайланды.

Мұрат Василийдің өзгеріп кеткенін енді байқағандай.

Топ-толық кішкене бетінің еті қашып, жақ сүйегі сорайып қалыпты. Сәл түріктеу қалың ерні жұқарып тісіне жабысқан. Бұрынғы жас әлпетін сұстандырып езуінен төмен қарай сызық түскен. Ақшыл сары нұрлы өңінің бояуы қашып қуқыл тартқан. Оның осы бет әлпеті, сорайған тұлғасы — балғын жапырағынан айрылып қатты бұтақтары тікірейген еменді Мұраттың есіне түсірді.

— Оқ-дәрі аз қалды. Кісі де азайды. Мына қалың күшті жарып өте алмаспыз,— деді Мұрат ақырын ғана.

— Бірақ беріспеспіз,— деді Василий де жайымен.

Екеуі бір сәт үнсіз қарасты да, айрылысты.

Немістер бой тасаламай оқ жетпес жермен орағытып келеді. Жаңадан әскер келмесе де, батальонды қоршап тұрған күшті бір бағытқа топтағанда тым салмақты екен.

Мынау қалың тобыр лап бергенде азайып, әлсіреп қалған селдір топты жаншып кететін түрі бар. Мыналардың әзіргі қарасының өзі құлайтын ауыр салмақты сездіргендей тынысты тарылтып барады.

Неміс колоннасы жиі жайылып, баяу келеді. Бұрыннан жақынырақ келіп жатқан немістер де қыбырлап қозғала бастады. Жуықтап қалған кейінгі күшті тосып дайындалып жатса керек. Қаптап келе жатқан қалың жауға жауынгерлер үнсіз көз тігіп, винтовкаларын қыса түседі. Ең соңғы жан-дәрменді салатын жер келген сияқты. Одан әрі не боларын құдайдың өзі білесін.

Мұрат жағдайдың нағыз қиынға айналғанын сезді. Мына күшке төтеп беру қиын. Бірақ шегінуге де болмайды. Онда түгел қырылады. «Не де болса шыдап бағайық. Тістесіп өлерміз!» Ол енді ең соңғы күшін салды.

Зеңбіректерін алғы шепке шығарып, неміс шебін тура көздеп атты. Қиын ұрыстың ішіндегі ең қиыны басталды.

Азғана снаряд немістерді біраз үркітіп, екпінін бәсеңдеткенмен, қаталағанда ауызға тамызған тамшы судай ғана болды. Немістер құлап, ұйлығып аз бөгелді де, алға ұмтылды. Үні өшпеген екі пулемет қана жан сақтап тұр. Кейбір жауынгерлер оғы таусылып, ызаланып, діңкесі құрып, мылтығымен жерді ұрады. Серейіп жатқан жансыз денелер көп пе, мылтық атып, тіршілік белгісін бергендер көп пе, айыру қиын. Айқайлай-айқайлай Мұраттың даусы бітіп қалды. Ол енді өлген пулеметшінің орнын басты.

Кенет Мұрат пулеметтен басын көтеріп алды.

— Немістер неге қашты, — деді ол аң-таң болып. Қасында жатқан Маштай да басын көтеріп алған.

Немістер тобы қақ жарылып екі жаққа серпілгенде жүгіріп келе жатқан біздің жауынгерлер көрінді.

— Бармысыңдар! Тірімісіңдер! Бауырым!

Стрелков жүгіріп келген бойы пулеметтің қасында тұрған Мұратты құшақтай алды.

— Сендер екендеріңді біліп едім!

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

1

Қаһарлы кезең таянып келе жатты.

Совет жеріне тереңдеп, ойсырата кірген неміс-фашистер Балтық теңізінен Азов теңізіне дейін созылған ұзақ майданнан сығымдап алып, артқа сақтаған резервімен қоса негізгі күшін Москва түбіне төкті. Ұзыннан-ұзаққа созылған ирек майдан шебінің Москва тұсындағы орта деңгейі суырылып алға шығып барады. Бұрыннан да сабырлы ақылға кеміс, оның үстіне кәрі Европаға оңай тізе бүктіргесін тасып кеткен есірік ефрейтор, жетінші ноябрьде Москвада парад қабылдамақ уәдесі зая болғанына ызаланып, әскерін асықтырды. Өзгеге көңілдері соқыр боса да соғыс тәсіліне жүйрік, қан исі мұрындарына сіңіп қалған генералдардың әкелген жоспарларын қарап, қалшылдаған қолымен операция мерзіміне крес тартып, шаңқылдақ ащы даусымен «жалқау өгіздер!» деп балағаттап, ілгері қарай нұқыды. Дегені болып жаман үйренген есер төзімсіз де, сәтсіздікке, бөгетке шыдамсыз, ызақор да болады. Европаны майдай тіліп өткен темір күшінің енді тасқа тиіп мұқалып бара жатқанына күйіп-піседі. Жеңіл жеңіске үйреніп, қатты қарсылықтан қажи бастаған, бір жағынан орыс қысы қысқан неміс-фашист солдаттары да нысананың жақындығын сезіп, аяз қарыған мұрындарына жылының исі келіп кимелей түседі.

Фашизмнің табанына түскен халықтар қара түн серпілер ме деп шығысқа қарайды. Бірақ қалың түнек әлі шығысқа қарай жылжып барады, үміт отындай жарқыраған жарық жұлдызға төніп келеді. Реңі суып, қар жамылған Пиреней, Альпы, Карпат тауларында, Европа ормандарында, есік, терезесі тас қымталған оңаша үйлерде қолына қару алып, фашизмге қарсы шыққан жандар радио қабылдағыштың сырылдаған даусына құлақ тосады. Көңілдері елегізіп Москва хабарын тыңдайды. Жау басып алған жерден өре көтерілген совет партизандары да приемниктің құлағын бұрап, әуені қармап Москва даусын іздейді. Ертеңгі сменаға асыққан жұмысшылар завод қорасының қар басқан кең алаңынан өтіп бара жатып, репродукторға құлақ тігеді. Суық хабар көңілді жылытпайды, қабақ түнеріп, жұмырық түйіле түседі. Жүрекке қанжар таянды.

Одақтас, ниеттес елдің министрі Москваға келудің өзін көз жұмған тәуекел, жүрек жұтқан ерлікке балады. Сонда да «әлдеқалай болып кетер», — деген күдікпен самолеттің қасында хабар тосты. Бірақ жаманат хабар келмеді.

Москва берілмеді. Қала сыртында танкке қарсы орлар қазылып, сояу темірлер қағылып, рельс рогаткалар қойылды, тікенекті сымдар тартылды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» — қаланың көшелерінде де бекініс жасалды.

Бейбіт қала темір құрсанған соғыс қамалына айналды.

Жан-жақтан тоғысқан темір жолдармен қызыл вагонды ұзын составтар бір арнаға — Москваға келіп құйып жатты. Қаланың солтүстігіндегі Загорскі маңындағы поселоктерге, деревнялар мен ормандарға үлкен күш топталды. Ағаш араларынан танк зеңбіректерінің сұсты өңеш тері сығалайды.

Калининнен Тулаға дейін, осы кезге шейін болып көрмеген айқас, Москва айқасы жүріп жатты. Жау үш бағыттан оңтүстік пен солтүстіктен және қаланың өкпе тұсынан зор шабуыл бастады. Батыс майданның әскерлері тұс-тұстан қалаға ұмтылған дұшпанның танк армияларына қарсы кескілескен қиын соғыс жүргізіп жатты. Олар майданның жыртылып кеткен жерін азғана тың күшпен тығындап, бірде табан тіресе қарсыласып, бірде қарсы ұмтылып, бірде шегініп, ақырын сырылып Москваға жақындап келеді. Бірақ кейін қарай қадам басқан сайып қарсылық та күшейіп барады. Енді шепті бұзған әскер біразға дейін сілтеп шалқып кететін стратегиялық кеңістік деген жоқ. Әр сүйем жер үшін қырғын ұрыс болады.

Москва түбіндегі үлкен майданның шағын бір участогінде Панферов дивизиясы соғысып жүр. Дивизияның қорғағаны — жау шабуылының темір тұмсығы — Волокаламск бағыты. Бұл Москваның өкпе тұсы. Жуырда ғана кейіннен қосылып әскерлер келіп толықтырылса да, қақаған қатты ұрыс дивизияны ортайтып барады. Жауынгерлер күніне бірнеше жау атакасын тойтарады. Бір атаканы әрең тойтарып, жаралыларын жөнелтіп, оқ-дәрі тасып, есін жиып үлгірмей жатқанда екінші атака басталады. Үсті-үстіне төмпештеген темір соққы дивизияның жіңішке шебін үзіп кетеді. Арасын жау үзіп кеткен бөлімдер өз бетімен соғыса береді. Осындай кездерде шеп құрған екі жақ шым-шытырық араласып, алда да, артта да, бүйірде де қан жоса соғыс болып жатады. Жаудың көп танкті бетке ұстаған қалың күші — дивизияны жапыра шегіндіре алмай, оны жапырақтап жұлып, бөлшектеп айыруға тырысады. Бір ғажап зор магнит алып күшпен үйіріп тартқандай бөлшектеліп қалған бөлімдер темір құрсауды тесіп өтіп қайта тұтасады. Батальондар, рота, взводтар, жеке солдаттар қоршауды жарып шығып, дивизияның кетігін бүтіндеп, сапқа тұрып жатты.

2

Панферов батальонның қоршаудан шыққанын естіп, Мұратқа жолыққанша асықты. Ол жауынгерлерді көріп, батальонның командирімен сөйлесіп қайтпаққа Егоров полкына жүріп кетті. Әсіресе соңғы күндер генералды қатты қиналдырған-ды. Дұшпанның шабуылы үдей түсті. Соғыстан қалжырап дивизия жауынгерлері азайған сайын, шабуыл жасаған дұшпанның күші көбейе түседі. Өзі қолына мылтық алып жаумен айқаспағанмен неміс шабуылының бар салмағын қабырғасымен сезгендей болады. Табиғатынан сабырлы, салмақты Панферовтың мінезіне де өзгеріс кіргендей. Рас, әлі де орынсыз күйіп-пісіп, дызалақтамайды, бірақ кейде сабырсыз жекіре айқайлап қалады; ауыр мығым қимылына да күйбелең ене бастаған. Қанша алас-қапас болса да, күнде таңертең қырынып, үсті-басын мұнтаздай таза ұстаушы еді. Екі-үш күннен бері қырынуға да мұршасы болмады.

Бүгін де сәскеден бастап немістер дивизияны барлық Фронттан тұтас атакалады. Алғы шептегі бөлімдер жаудың үш атакасын тойтарды. Әсіресе Карпов полкы күні бойы қатты соққының астында болды. Бір рет жаудың бір ротадай солдаттары шепті жарып тылға да өтіп кетті. Панферов көп уақыт Карпов полкында болып, оған дивизиядан көмек сұрамай жауды өз күшімен тоқтатудың «әдісін ұғындырды». Карповқа оны ұғындырудың жолы онша көп сөзді керек еткен жоқ. Ұрыстың ең ауыр кезінде комдив қасында болғасын, оның қабағына қарады да, әшейінде қит етсе көмек сұрайтын Карпов үндей алмады. Дұшпанның атакасы тойтарылғаннан кейін, Панферов кетіп бара жатып оған: «Көрдің бе, көмексіз де күн көруге болады екен ғой»,— деді.

Екі күннен бері ұйқы көрмей, Карпов полкынан кешке қарай шаршап қайтқан Панферов штабқа келісімен Мұрат батальонының хабарын естіп, тез қырынды да, тамаққа қарамай жүріп кетті. Егоров полкы оң қанатта болатын. Егоровтың өзі әнеугі ұрыста жараланып кетті де, командирлік міндетті Купцианов атқарып жүр. Орман ішімен, жалғыз аяқ жолмен жүретін болғасын Панферов атқа мініп шықты.

Орман іші жиі қимылға енген. Үлкен шайқас саябырлаған кезде тыл жақтың қарбалас қимылға енетін әдеті.

Алғы шептен жаралыларды тылға жөнелтіп жатады.

Жаралылар тиелген арба, не болмаса басын таңып алған, қолын мойнына асқан, ақсаңдай басқан жаралылар, қан исі көңірсіген, әлі де бусанып, қызуы басылмаған майдан реңін танытады. Жіңішке кабельді бойлай жүгіріп связистер кетіп барады. Алуан түрлі тапсырмамен, шаруамен арлы-берлі жүгірген солдаттар мен офицерлер, салдырлаған арбалар, гүрілдеген машиналар жаңа ғана қан соқта жасап, талай тонна қорғасын мен дәріні жалмаған соғыс қоясын толтырудың қамында.

Әлгінде ғана аязды жел бетті қарып, құрғақ қарды сырғытып айдап бара жатыр еді, орман ішіне кіре су сепкендей басылды. Тек қарағай бастарынан қылаулап қар ұшқындайды. Панферов желе жортып орман шетіне шықты. Алдында көлбеп барып үшкір бұрышты орманға тірелетін жазық дала жатыр. Жазық оңға таман, үшкір орманды айналып өтіп, жіңішкере созылып барып кешкі қараңғылыққа ұласып кетеді. Қазақ даласының біріне бірі жалғасып кете беретін адырлары, кең жазықтары сияқты, орталық Россия жерінің бедері де бірыңғай келеді. Көбіне жазық, әртүрлі дөңес, ой, жыралар бірін-бірі қайталап жиі кездеседі. Мұнда жер әлпетін алуан өзгертетін ормандар ғана. Көбіне қарағай, арша, қайың болып келетін, кейде жөке, үйеңкі, терек, емен аралас келетін жіңішке, не жалпақ үшкір, не дөңгелек, қалың, не сирек ормандар алуан түрлі құбылып, араларында жатқан жазық далаңға әлденеше түр береді. Қазір Панферов келе жатқан далаң бірі түзу, бірі қисық екі сабы бар шөміш сияқты.

Панферов орманнан желе-жортып шыға бере, атының басын оқыс тежеді. Үзеңгіге шірене көтеріліп, алдыңғы жаққа көз тастап тұр. Анау қарауытқан орманның ар жағынан қою қара түтін көтеріліп, көкшіл бояуы қуқыл тартып, қарауытқан кешкі аспанға будақ-будақ өрлеп маңиды. Жалынның қызыл-сарғыш сүйір тілі де сумаңдап көрініп қалды.

— Немістер өртеген ғой, — деді, манадан бері генералдың соңында үнсіз келе жатқан адъютант қатарласа беріп. — Жандырғыш оқпен атады. Олар қараңғыда қорқады. Түнге қарай шам жаққаны ғой.

Генерал үндемеді. Елгезек жас жігіттің даусында толқу, тіксіну жоқ, үні сондай ашық. «Әнекей шақырылған командирлер де келіп қалды», — деп тұрғандай. Панферов үзеңгіге сірескен күйі қозғалмай, өртке қадала қарайды. Жанып жатқан үйлердің де түр-түсін көріп тұрғандай. Әне бір сүйір тілі сумаңдаған жалынның астындағы үй — сабан жапқан, итарқа тік төбелі болуы керек. Панферов жас шағында деревняда дәл осындай үйде тұрып еді. Үйдің сырты ұсқынсыз болғанмен кішкене терезелері, аласа бөлменің ішінде осы күнге дейін ұмытылмаған ерекше жылу бар еді. Үлкен орыс пеші, қарауытқан тақтайларының арасы ажырап қисая майысқан едені, бұрыштағы кадушка, терезе алдында тұратын ұзын скамейка — бәрі келіп көз алдында тұра қалды. Сол скамейкада Рая талай отырып еді. Осы бір бұйраланған шикіл шашты, ақ сары қызға бала жігіт Вася Панферовтың ықыласы қатты құлап еді. Рая онша сұлу да емес-ті, қайқылау біткен кәдімгі орыс мұрын, жақ сүйегі шығыңқы, сондықтан ба, көзі сәл қысыңқы. Көзін шүйіріп ылғи күлімдеп тұратын сияқты. Сол Рая өзінің ерке, назды мінезімен, ойнақы, әсем қимылымен, Вася үшін өзгеден ерекше бар бітімімен тұйық мінезді, кең жаурынды, дембелше, салмақты жігітті аясына тартып алып еді. Вася оны көктемдей шуақтай жайдары, рақат, тыныш махаббатпен сүйіп еді. Бірінші империалистік соғыс басталды. Вася әскерге кетті. Одан азамат соғысы. Панферовтың осы алғашқы махаббаты ащы қайғыға салып күйіндірмей, ойсыратып өкіндірмей, бірақ елуге келгенше ұмыт болмай жүрегінің алыс түкпірінен жылы орын теуіп, ескінің көзіндей мұңлы, тәтті ескерткіш болып жата беретін. Қазір де, терезенің алдында, скамейканың үстінде отырған Рая көз алдына елестеп, жүрегін бір бүлк еткізді. «Әркімнің жылы орны, үйреншікті ұясы жанып жатыр», — деп ойлады Панферов.

Генералдың үйреншікті өртке нали қарағанын сезген адъютант, оның көңілін аулағысы келіп:

— Ол деревняларда халық жоқ. Бәрі көшіп кеткен,— деді.

Генерал өзімен өзі сөйлескендей, жәй күбірлеп:

— Босып кеткен, — деді. — Олар қайтып келеді ғой.

Түйіншектерін арқалап, балаларын жетектеп, шұбырып кетіп жатқан босқындар көз алдына келді. Қатал кезде буынын босатқан осы бір көріністен арылғысы келіп, генерал атын тебініп желе жортып кетті. «Үй түгіл адамдар қан жоса болып жатқанда, дұшпан Москваға таянғанда, бәкене кішкене үйлердің қамын ойлайтын уақыт па?» деп, өз көңіліне қарсы дау айтып, жаңағы бір тебіренткен ойдан серпілмекші болды. Бірақ лаулап жанып жатқан қамыс төбелі үй көз алдынан кетер емес.

Әнекей өрт үйдің төбесін үңгіп, ішіне кірді, қою қара түтінге тұншыққан үйдің ішіне жалақтаған жалын тілдері сүйрелеңдеп терезеге ұстаған нілдеген көкшіл пердені жалмап, терезе алдындағы ұзын скамейканы шарпығандай болады. Генерал енді адъютантына бұрылып, әдетінен тыс көтеріңкі, жылдам сөйлеп кетті.

Батальон тылдағы бір кішкене деревняға орналасқан екен. Көшеде қарауытқан адамдар сирек кездеседі. Шамасы титықтап, қажыған солдаттар үйді-үйге кірісімен сұлай кетсе керек. Ортаңғы бір үйден Мұрат шықты.

Ол қара көлеңкеде генералды шырамытып, қарсы жүрді. Алдына келіп Мұрат рапорт бере бастағанда Панферов атынан қарғып түсіп, комбаттың сөзін бөліп қолын ұсынды. Мұрат генералдың қолын қатты қысты. Панферов Мұраттың бетіне қадала ұзақ қарады да, қатты қысып құшақтап сүйді.

— Қанекей, үйге кірелік, — деді генерал, сырт айнала беріп, көзін уқалап.

Бөлменің ортасындағы столдың үстіндегі жалғыз шырақ сарғыш солғын сәулесімен бөлмеге әрең жарық беріп тұр. Терезелер плащ-палаткалармен тас қымталған. Үйдің бұрыш-бұрышы қара көлеңке. Генерал келген соң Маштай арқа қапшығынан алып, екінші шырақ жақты. Столдың басына келіп отырған Панферов мырс етті де Маштайға бұрылып:

— Олай болса, сен үш шырақ жақ. Тура шіркеудегідей болсын, — деді.

— Болғаны осы, олза дүние еді, золдас генерал, — деді Маштай езу тартып.

— Генералға шай ысытып, тамақ қамда. Не әкелді екен, ужынға тәуірірегінен әкел, — деді Мұрат Маштайға.

— Шай болса... мейлі, бөтен болмас,— деді Панферов шырақтың сәулесімен Мұраттың жүзін бағдарлай қарап.

Мұраттың аққұба өңі тотығып қарауытқан, жағы солып, көзі үлкейе түскен. Самайынан қаулай өскен қара сақалы ұртының үстіне келгенде жақ астына қарай ұйыса шегінген. Бұрын көзқарасы жұмсақтау еді, енді көзінде көмірдей қара, суық жарқыл бар. Мұраттың кең жауырынды, ірі сымбатты тұлғасына, ортасы сәл дөңестенген, үш жағы көтеріңкі әсем ер мұрны жарасқан піл сүйегінен жонғандай көрікті де, өткір бет әлпетіне Панферов сүйсіне, қызыға қарайды. «Мұның әр қимылы да, ісі де сенімді, дәл, тайға таңба басқандай айқын. Бұл болбырлықты да, дәйексіз екіұштылықты да білмейді», — деп іштей сүйсінеді Панферов.

— Ал, кәне айт... Баяндашы бастан кешкеніңді.

— Осы собалаңның бәріне... мен өзім кінәлымын, — деді Мұрат ойланып. — Соғысқа елігіп кетіп жан-жағымды, жалпы жағдайды байқамай қалыппын. Аңғалдықтан қақпанға түсіппін. Сол үшін сазайымды тарттым. Осы қоршаудан артық азапты енді көре қоймаспын.

Панферов әдетінше саусағымен столды тықылдатып, Мұратқа жанашыр кескінмен қарап отыр.

— Ол үшін мен сені айыптамақ емеспін. Полктың батальондармен қатпасы үзілген. Және де үшінші рота тұрақсыздық жасап, дұшпан тылға тез өтіп кетті. Жалпы немістердің күші тым басым болды ғой, — деді Панферов.

— Солайы солай-ау. Мен өз жазамды тарттым, сізден қосымша жаза күтіп отырғаным да жоқ. Бірақ басқа батальондар қоршауда қалған жоқ қой. «Ал, мен неге қалдым» деген ой мазамды кетірді. — Мұрат Панферовтың көзіне ашық, тура қарады. — Неге екенін де анық білмеймін, бірақ өзіме ренжимін.

Үмітсіз жоғалтқаны табылғандай қуанып, қатқыл көңілі жібіп келген Панферовқа Мұраттың өзін-өзі жерлеген сөздері ұнамады. Батальонның қоршаудан шыққанына бұл бір есе қуанса, Мұрат үш есе қуанатын жөні бар емес пе? «Осынысы жасанды кішілік емес не екен», — деп, Мұраттың бетіне қарап еді, оның жүзінен тек шын өкініш ажарын көрді. Содан кейін бұл «әлі де мен ұғынып болмаған қазақылық бір мінезі болар», — деп жорыды.

— Келер жолы ақылдырақ боларсың, — деп мырс етті ол, столды саусағымен қаттырақ шертіп қойып. — Уақасы жоқ. Жақсылықпен тынған нәрсенің бәрі жақсы. Ал, сенің қоршаудан шыққаныңа менің өз басым қатты қуандым. Жағдай өте қиын да, неғайбіл еді ғой. Немістің күші тым қалың болды.— Панферов шынтағын столға тірей, бойын түзеп алып, Мұраттың бетіне қадала қарады. Бірақ оның көз алдында Мұрат емес, алыстағы оқиғалар тізбегі тұрды. — Мен саған сендім. Қалай болған күнде де жаманатқа ілікпейтініңді, абыройыңды сақтайтыныңды білдім. Бірақ соғыс қой... Күн асқан сайын сенің қоршаудан шығу мүмкіндігің азая берді. Несін жасырайын «батальонды жоғалттым ғой»,— деген де кезім болды. — Ол енді Мұратқа әрі кінәлы, әрі мейірімді шыраймен қарады. — Оны кешірерсің. Қарт адам уайымшыл болады деуші еді. Қартайған болармын, — деп мұңая мырс етті.

Бастық пен бағыныштының арасындағы қатқыл рең жібіп, түйін жазылып кетті. Енді бірін-бірі жоғалтып табысқан екі дос көңіл жалғасты. Мұраттың да өңі жұмсарып, реңін мұңлы мейірім шалды. Ол іштей ризалық білдіріп үндемей отыр. Генерал да аз уақыт үнсіз отырды.

Панферов өз басы қашан да қарапайым, көзге қораштау болатын. Қимылында да, ісінде де жалт етіп көз тартарлық әскери әсемдік, ұшқыр ойнақылық жоқ. Тек істеген ісіне аса мұқият шаруақол, құнтты, тындырымды болатын. Өзін де, істеген ісін де қомсынып, ылғи көңілі толмаған соң қандай істі бастаса да әйтеуір жеріне жеткізбей тынбайтын. Сондықтан ба, Панферов осы бір тентек, өжет капитанды жақсы көретін. Оның тұлғасына, алғыр ойына, өжет те сәнді қимылына іштей сүйсінетін.

Мұратта әскери адамның ширақ та әсем қимылы бар.

Оның ісі де, өзі де жарқ етіп көз тартып, еріксіз сүйсіндіреді. Генерал кейбір өзінде жоқты осы Мұраттан тапқан сияқты.

Панферов Мұраттың тағы бір қасиетін аңғарды. Онысы тым намыскерлігі, тіпті өзімшілдігі. Мұрат қашан да өз қатарласының алдында болуға, істеген ісіне қылау түсірмеуге барын салады. Батарея командирі, одан батальон командирі болып жүргенде оның батареясы, батальоны ылғи алда болатын. Күні кеше алуан түрлі кәсіп еткен, сапты көрмеген солдаттарды аямай қуалап, азғана күнде ширатып шығарды. Өзге біреу алдына түсіп кетсе одан озғанша тағат етпейді. Оның осы намыскерлігі әзірге оны алға сүйреп келе жатқан күштің бірі. Бірақ бара-бара менмендікке айналып кете ме, оның да нышаны жоқ емес, ол арасын Панферов әзір біле алмады. Жақсы көретін адамның осы бір кемшілігіне ол асыл тастан ақау тапқандай қынжылады.

Маштай шай әкелді. Панферов іші ақ, сырты көк сырлы кружкадан молырақ ұрттап жіберді.

— Ым... Шайың ыстық екен, солдат, — деді ол. Жауынгерлеріңнің көңіл-күйі қалай? — деп сұрады Мұратқа бұрылып.

Мұрат мүдіріп жауап берді.

— Жауынгерлер деген көресіні көрді ғой. Бәріне төзді.

Жігіттер жарады... Ұятқа қалдырған жоқ.

— Қажыған да шығар-ау, — деді Панферов ақырын ғана. — ЬІмм... Мен былай шештім. Батальон екі-үш күн демалсын. Штабтан жарлық болар. Кейініректен барып қорғаныс шебін дайындар. Мұндай жағдайда соның өзі демалыс қой.

— Әрине, — деп құптады Мұрат. — Бір жағынан окоп қазып, бір жағынан жарамызды жалап емдейік.

Панферов ең бір жанға батар, ауыр сауалын соңға қалдырған-ды. Енді сонысын айтты:

— Қалай, немістер сені біраз жұлымдады ма? Едәуір шығындар болғаныңды штабтан естіп едім.

Бұл жағдай манадан бері Мұраттың да есінде отыр еді, бірақ айтуын кейінге шегере берген-ді. Енді ол түйіліп, қинала сөйледі.

— Ол жағынан мақтана алмаймыз. Шығын жетерлік ғой.

Әсіресе, соңғы прорыв кезінде көп адамнан айрылдық. — Мұрат аз мүдіріп, генералға қабағының астынан қарады. — Оның үстіне бір взвод жоғалттым. Тосқауылға тастап едім. Немістер үзіп кетті.

— Мм... да... Ол қай взвод? Командирі қандай еді?

— Командирі Қайсаров деген... Мүмкін есіңізде шығар, әлгі анада партбюрода талқыладық қой.

— А-а-а... иә... иә... Жас жігіт қой?

— Ия, жас жігіт... Өзі тым шикілеу еді. Соны тосқауылға қалдырғаным... бұ да менің бір қатем.

— Бұрын қалай соғысушы еді?

— Орташа. Онша артылып көзге түскен жоқ-ты.

Панферов стаканын жерге қойып, Мұраттың бетіне бағдарлай қарады.

— Қалай, сендер шегінгеніне дұшпанды бөгей алды ма?

— Бөгеуін бөгеді ғой.

— Ендеше... — Панферов сәл мүдірді. — Ендеше бірінші бұйрықты орындаған екен. Ал, одан кейін... ақырын тосалық. Болжау айтуға асықпайық. Мұрат, сен өзіңе сенесің бе?

— Сенемін.

— Ендеше жұртқа да сен. Оларсыз қиын болады. Айтпақшы, сондағы дауласатын аға лейтенант... Фамилиясы қалай еді... Ә... Молдабаев. Сол бізді алдап кетті ғой. Сенің қоршауда қалуыңа да себеп болған сол.

— Рас па?— деді Мұрат таңырқап.

— Ал, енді ол өз қарауыңда. Үкіміңді кесерсің.— Мұраттың таңырқай қарағанын байқап:— Сені полк командирі етіп тағайындамақпыз. Ертең қабылда, — деді.

— Мен әлі есімді де жиғаным жоқ. Тіпті түсінбей отырмын,— деді Мұрат.

— Бәрі түсінікті, ертең жаңа қызметіңе кіріс, — деді генерал орнынан тұрып жатып. — Ертең мұршам болса соғамын. Солдаттарыңды көрейін. Қазір ұйқыларын бұзғым келмей тұр.

3

Жиырма шақты солдат саппен келеді. Умаждалған, лас, кейбірінің етегі жыртық шинельдер, қаулап өскен сақалдар, тотыға қарауытып қажыған жүздер — бұлардың талай түн ұйқы көрмей, талай сұрапылды бастан кешкендерін анық танытады. Саптың соңында ақсаңдай басып тері тон киген қаба сақалды шал келеді. Деревняны көріп қажыған солдаттар ширығып, тезірек аяңдады.

— Осы деревня болу керек сілтегені.

— Никольская деревнясы осы шығар!? — деген қуанышты дауыстар естілді.

Деревняға кіре бере, сапты бастап келе жатқан Ержан адырақ көз қара солдатты көріп:

— Маштай! Әй, Маштай, бері кел,— деп айқайлады.

Маштай жалт бұрылып, бір минуттай ақырын тұрды да Ержанға қарсы жүгірді.

— Ойпырмай, сендерсіңдер ме!? Аман-сау, бар екенсіңдер ғой! — деп әскери әдепті ұмытып бастырмалата жөнелді.

— Комбат қайда?— деп сұрады Ержан.

— Мұқаң ба? Осында, заңа ғана келді. Ол кісі қазір полк командирі болды,— деді Маштай, өзі полк командирі болғандай масаттанып. — Қазір мен Мұқаңды қуантайын!

Ол ортадағы үлкен үйге қарай жүгірді.

Дабырлай қуанысып көшеде жүрген солдаттар да келе бастады. Қартбай мен Көжекке де хабар жеткен екен.

Көжек алыстан айқайлап:

— Жолдас лейтенант! Қарағым Ержан! Апырмай, тірі келдіңдер ме?— деп жүгіріп келеді.

Ержан да аң-таң болып, қуанғанынан Қартбай мен Көжекті кезек құшақтады.

— Апырмай, тірі екенсіңдер ғой. Құдай сақтаған екен ғой, — Көжек көзінің жасын сүртті.

Мұрат келгенде сап бұзылып, жұрт шұрқыраса көрісіп, құшақтасып, қуана дабырласып жатыр еді. Солдаттар капитанды көріп дабыр саябырлай бастады. Мұрат жүзі жайнап жүгіре басып келіп, рапорт беруге ыңғайланған Ержанды қапсыра құшақтай алды. Екпінімен бір үйіріп барып қайтадан орнына қойды.

— Рақмет! Рақмет, бауырым! Жігіт екенсің! — деп Ержанның қолын қатты сілікті. — Енді жоғым түгенделді, рақмет!

Ол енді Ержанды тастай беріп, солдаттарға ұмтылды.

Әрқайсысын бір құшақтап, дөңгелентіп, сүйіп жүр.

— Әй, жарайсың, жігіт екенсің!

— Сенің өзің де мықты екенсің, бауырым!

— Рақмет, рақмет, бауырым! Бәсе, солай болса керек еді ғой,— деп әркімді қошаметтеп те жүр.

Ол бір уақытта шеткерілеу тұрған қаба сақалды орыс шалын көріп тоқтап қалды. Шал шұрқырасқан жұртқа қарап, өзін елеген кісі болмаса да, осынша жұрттың қуанышына септігі тигеніне мәз болып, жымиып тұр. Базарлық үлестіріп, шүпірлеген балаларының қуанышына сүйінген әке сияқты. Шеткерілеу шығып шалдың қасында тұрған Ержан:

— Бізді қоршаудан алып шыққан осы кісі — Ерофей Максимович, мына кісі біздің командиріміз Арыстанов.

— Айтады екен-ау. Мен қалай алып шығам бұларды.

— Өздері де шыққан, — деп Ерофей Максимович қысыла күлімсіреді.

— Рақмет, рақмет сізге, Ерофей Максимович, — деді Мұрат шалдың қолын қысып. — Қане, қария, орысшалап тұрып сүйіселік.

Мұрат қынжыла именіп тұрған Ерофей Максимовичи кең, қарулы құшағына қысып алып, орысша үш қайтара сүйді. Мұрат шалды құшағынан шығара бергенде Ержан:

— Бұл кісінің жарақаты бар, — деп ескертті.

— Өй, әшейін нәрсе. Сөз емес, — деп тартыншақтады шал.

— Қай жеріңізден тиді? — деп сұрады Мұрат, шалдың екі иығынан ұстаған күйі, тұла бойын шолып.

— Саннан. Қоң еттен.

— Уақасы жоқ. Тез жазып шығарамыз. Камаринскаяны билейтін боласыз әлі.

Мұрат бүгін ерекше көңілді. Аққұба өңі қызғылт тартып, үлкен қара көзі жайнап кеткен. Бабына келіп, шабыттанған алғыр бүркіт сияқты. Бұрыннан да ширақ қимылында, бүкіл ірі, қағылез тұлғасында ерекше ескен бір серпінді күш, есепсіз қуаныш бар. Оның қазіргі көңіліне бүкіл бір дүние сыйып кеткендей. Өзі еліккен қуанышқа өзгелерді де еріксіз еліктірді.

Мұрат енді қарияның арт жағында тұрған Раушанды көріп қалды.

— Уа... Мынаң қара! Біз сені де жоғалтып едік қой!..— еді ол Раушанның қасына келіп. — Батыр емес деп кім айтады енді сені. — Ол қысылып қалған Раушанды құшақтап, маңдайынан сүйді. — Айналайын, алтын қарындасым.

Қазақтың батыр қызы. — Мұрат көпке бұрылып, Раушанның иығынан қағып.—Қай Баяныңнан, қай Құртқаңнан кем,— деді дауыстап.

— Күләнда! Күләндаш!

Жүгіріп келе жатқан шинельді қызды көріп Раушан да қарсы ұмтылды.

— Күләндаш, айналайын Күләнда!

Күләнданың бетіне бетін басып, мойнына асыла батыр қыз жылап қоя берді. Күләнданың да көзінен жас шығып кетті. Енді екі қыз бірін-бірі аймалап, бір жылап, бір күлді.

— Аман-сау келдің бе?

— Жараң жазылды ма?

— Сендердің аман келетіндеріңді біліп едім!

— Сен жүдеп кетіпсің ғой.

— Раушан, ой Раушан! Қандай жақсысың!

— Күләндаш, түу, сені де көреді екем ғой! — деген сөздер бірін-бірі бастырмалап, қайталанып айтылып жатты.

Раушан мен Күләнда санвзвод орналасқан үйге келгенде, Коростылев та жетті. Ол кең адымдап кіріп келіп, Раушанды көріп, екі қолын жайып тұра қалды.

— Кімді көріп тұрмын, Раушан!

Коростылевты көргенде бейне өз үйіне, от басына келгендей сезініп Раушанның көңілі босап кетті. Коростылев үлкен қолымен Раушанды арқасынан орай кеудесіне қысты да иығынан ұстап алшақтатып бетіне үңіле қарады:

— Ой, молодчина Раушан! Сен тамаша қызсың. Жоқ, тіпті жақсы қызсың, — деп иығынан қақты. — Осы сенбісің? Тіпті көзіме сенбей тұрмын.

— Менмін! Менмін, Ваня ағай, — деді Раушан көзіне жас ала күліп.

— Өзің жүдеусің ғой. Өзгеріп кеткенсің бе, қалай?— деді Коростылев. — Уақасы жоқ. Екі қызым да табылды.

Екеуін бірдей жоғалтып едім. Енді түгенделдік.

— Соғыста кісі түгел бола қоймайды ғой,— деді Күләнда мұңайып.

— Сен философия соқпа. Мұндай қуанышты бұзбас болар,— деп Коростылев оны тойтарып тастады. — Ал, Раушан, сенің қарның ашқан шығар. Қазір тамақ ұйымдастырамыз. Сонан соң осындай саябырда жақсылап дем ал. Қажыған да шығарсың.

Коростылев қыздарды ыстық, семіз сорпаға тойындырып, «Раушан енді ұйықта»,— деп әмір етіп шығып кетті.

Иесіз қалған бөлме азынап тұр. Бұрышта аузы ашық ескі сандық, босағада, іргеде шашылып жатқан ескі-құсқы, соның арасында басы үзілген, әр жерінен тігісі көрінген қуыршақ. Төрде үстінде жалаңаш ескі матрацы ғана баp, сыры көшкен көріксіз темір кереует.

Осының бәрін шаң басқан. Бұл үйдің ішіндегі ең керегін аршып алып, қауызын ғана қалдырған сияқты. Бөлменің ұсқынсыз сиқы әсер етсе керек, Раушанның да көңілі құлазып сала берді. Ол шыдай алмай:

— Күләнда, мынау үйдің ішін жинастырайықшы, — деп түрегелді.

— Сен жата бер, өзім-ақ жинастырайын,— Күләнда жүгіріп шығып кетті.

Бірақ Раушан жата алмады. Екі қыз үйдің ішін сыпырып, шашылған дүниені жинап, тез жөнге келтірді.

Бірақ иесіз үйдің салқын реңі жылымады, көңіл елегзи берді. Раушан қанша аударылып-төңкерілсе де ұйықтай алмады. Ұйқы қайда? Соңғы күндердің, әсіресе бүгінгі күңнің мол әсері кеудесіне сыяр емес. Ол төсектен басын көтеріп алып:

— Күләнда, бері келші, — деп шақырды.

— Ау, сен ұйықтасайшы! — деп кейіді Күләнда. Бірақ өзі Раушанның қасына келіп кереуеттің шетіне отырып, құрбысының шашын сипады.

— Күләндаш, осылай отыршы! Түу, сені тіпті сағынып қалыппын ғой. Кәне, айтшы бастан кешкеніңді.

— Мен не айтайын. Госпитальда жаттым да, қайтып келдім, одан да өзің айт.

Күләнда Раушанда бір өзгеріс барын мана үйге келгенде-ақ байқап еді. Бүкіл қимылы, қозғалысы бұрынғыдай жеңіл, ойнақы емес, ауырлап кеткен бе, әлде қатайған ба, әйтеуір өзгерген. Алаңсыз, ашық өңінде әлдеқандай бір мазасыз ойдың өзі жатыр. Көбіне-ақ дүниеге таңдана, не сүйсіне қарайтын көз жанарында бір кірбең бар. Оны Күләнда қажығандыққа жорып еді. Енді байқады, бұл жалғыз қажығандық белгісі емес сияқты. Раушан кейде күліп, жайдары сөйлесе де, өңін шалған бұлттың ар жағынан ескі мінездің ұшқыны жылт етіп бір көрінбейді. Қазірде Күләндаға қадалған мынау нұры өткір қара көздер оны көрмейді, алыстағы өзге бір дүниені кереді. Неге екені белгісіз, Күләнда енді Раушанға, сырқаттан әбден жүдеген жақын адамынша, емірене, есіркей қарады. Шамасы, қыз жүрегі бір өкінішті сезсе керек .

— Мен не айтайын. Әйтеуір аман-есен құтылдық қой...

Раушан да Күләнданың көзқарасын сезіп, көзін тайдырып әкетті.

— Ержан ер екен. Өзге біреу қоршаудан алып шыға алар ма еді, қайтер еді,— деді Күләнда кенет.

— Иә, — деп қостады Раушан. — Ол қазір бұрынғыдай емес. Бір түрлі болып кеткен.

Раушан аз мүдіріп, үндемей қалды. Ержан қандай болып кеткенін өзі де ұғынып жеткен жоқ еді. Бірақ әйтеуір бұрынғы Ержан емес екенін біледі. Сонау қоршауға түскен алғашқы күні, орман ішінде мойнын таңдыруға келгенде бір түрлі жүдеу, қайғылы сияқты еді, бірақ сонда да балғын, ақкөңіл сол қалпы көрініп тұрған-ды. Ал, батальоннан бөлініп жеке қалғаннан кейін бейне ұйқыдан оянғандай болды. Қабағын түйіп, түксимесе де, көзқарасында бір қатал, сұс пайда болды. Өте аз сөйлейді. Бірақ бір айтқанын бұлтартпастай, тұқырта айтады. Онысын солдаттар да байқаған сияқты. Оның қысқа тұжырымды әмірін үнсіз, тез, ширақ орындайтын болды. Бұрын ол Раушан үшін сыпайы жас жігіт болатын. Қыздың қас пен қабағын бағып көзі дөңгелене мөлдіреп, терең қарайтын. Раушан тұр десе тұрып, отыр десе отыратын сияқты еді. Енді бақса майда мінезді, мүләйім мысық, айбарлы арыстан болып кеткендей. Рас, Раушанға әмір беріп, бұйырмайды. Сонда да Ержанның өзгеге деген өктем үнінен, тұжырымды қимылынан Раушан өзінен өзі тартылып ширай түседі. Бұрынғы оған деген еміренген көзқарас, елжіреген көңіл енді жоқ. Бірақ, бір ғажабы, осы өзінен алыстаған адамға Раушанның көңілі ынтыға бастады.

Қоршаудағы түнгі ұрыс Раушанның көз алдында. Взвод түнде орман ішінде немістерге соқтығып қалды. Жағдай қиын болатын. Васильеве деревнясындағы немістердің қуғынынан енді құтылын, орманға тереңдеп кіре бергенде тағы да «хаа-альт» деген ащы айқай құлаққа қадалды. Бұрыннан да үркіп, әккі келе жатқан жауынгерлер жалт берді. Ержан бытырай жүгірген солдаттардың алдына шығып «жат!» деп команда берді. Ұрысқа дайындалуға әмір етті. Немістер жақтан шашырап мылтық, автомат атыла бастады. Ержан Зеленин мен Кәкібайға сол жақты үш жүз метрге дейін барлап қайтуға бұйырды. Раушан Ержанның қасына жақын келіп құлаған, оның даусын анық естіп жатты.

— Бұл маңда бізге пана болатын жер бар ма? — деп сұрады ол қасындағы Ерофей Максимовичтан.

— Бұл, баяғы Сокольский төренің орманы. Аң аулайтын орман. Арғы шеті он шақырымдай болар. Әттең, тереңдеп кірсек, қалың жыныс қой, — деді Ерофей Максимович.

Немістер жағы онша батыл қимылдай алмады. Шабандау жүгіріп келе жатқан азғана солдаттарды взвод тез тойтарды. Ержан шегінуге әмір етті. Жауынгерлер атыса шегініп жаңағы барлаушылар кеткен жаққа қарай ойысты. Сәл ұзай бергенде бұларды артиллериядан атқылады. «Ә-ә! Орман ішінде немістер жоқ! Тез алға!» деп айқайлады взводтың артын ала келе жатқан Ержан.

Бірақ екі-үш зеңбіректің азғана снарядтары жиі, жақын жарылды. Раушан елу-алпыс метрден жарылатын снарядтарды даусынан танып, жатпай жүгіріп келе жатыр еді. Кенет аспан қопарылып төбесіне құлап келе жатқандай болды. Ол жатып үлгіргенше снаряд та жарылды. Ауыр бір нәрсе аяғына құлап түскендей болды. Тұруға ұмтылып еді, екі аяғы жансыз қалғандай қозғалмады. Нағыз қатер таянғандағы өзінің дәрменсіздігіне ызаланып, ышқынып жылап жіберді. Сөйткенше болмады, біреу жүгіріп келіп қасына отыра кетті, еңкейіп бетіне үңілді:

— Немене, жараланып қалдың ба?

Раушан Ержанның даусын таныды.

— Білмеймін, тұра алмаймын, — деді ол тістеніп, екі қолымен жер тірей кеудесін көтеріп.

— Раушан!— деді Ержан таңырқаған үрейлі дауыспен.

Ол тез Раушанның аяғын сипалап көрді де:

— Жарақатың жоқ сияқты. Контузия болар, — деп түйді.

Содан әрі бір ауыз сөз айтпай, Раушанды қапсыра құшақтап, көтеріп алып жүгіре жөнелді. Жақындап қалған снарядтың даусын танып Раушанды еппен тез жатқызды да, өзі бүкшиіп отырып қалды. Дұшпан тек үркіткісі келсе керек, артиллерия атысы өткінші жаңбырдай тез басылды. Раушанды балаша қапсыра құшақтаған күйі Ержан озыңқырап кеткен взводты қуып жүгіріп келеді. Ентіге дауыстап, взводты жиып алып, Раушанды жерге қоя бергенде, кеудесіне қаттырақ қысқандай болды. Әлде Раушанға солай көрінді ме?

Раушан қысылшаң, тар сағатта жұртқа масыл болғанына қатты қынжылды. Оның аяғының контузиясы тәулікке жуық созылды. Онсыз да қалжыраған жұрттың өзін әрең көтеріп келе жатқанын көріп:

— Мені бір деревняға, тіпті орман ішіне тастап кетіңдер, — деп те өтінді.

Ержан Раушанның осы сөзін естігенде, екі ағашқа плащ-палатканы байлап қолдан жасаған носилканың қасына жетіп келді.

— Ондай сөзді екінші қайтара айтпа!—деді ол қатал үнмен.

Раушан үндемей қалды. Ержан шаршап, сүріне басып келе жатқан Земцовтың қолынан носилканың тұтқасын алды. Өзге жұрттан гөрі носилканы көбірек көтерген Ержан болды. Раушан бір-екі рет оның қатқыл өңінің жұмсарып өзіне мұңая қарағанын сезіп қалды. Кейде өзінің дәрменсіздігін, қалың бұлттай төнген соғыс қаупін ұмытып та кетеді, осы бір қайратты жас жігіт өзін қандай пәледен болса да алып шығарына сенеді.

Раушан өмірінде бірінші рет «осындай қайратты қамқоршың болғаны қандай жақсы»,— деп ойлап, сәтсіз тағдырына қатты назаланды.

— Не ойлап жатырсың, Раушан, — деді Күләнда.

Раушан селк ете қалды да, қасындағы Күләндаға біртүрлі таңдана қарады.

— Саған не болған. Өзің біртүрлі боп кетіпсің ғой, — деді Күләнда құрбысының бетіне аңыра қарап.— Соғыс өзгерткен бе өзіңді?

Раушан сәл ғана езу тартқандай болды, бірақ көзіндегі суық сәуле жылымады.

— Немене, мен қартайыппын ба? — деді ол.

«Иә, қартайған сияқтысың» деген сөз аузынан шығып кете жаздап Күләнда сасып қалды.

— Жоқ!.. Неге... Мінезіңді айтамын...

— Өзгергенім рас, — деді Раушан. Даусында күрсініс бар. — Түр-түсімнің қанша өзгергенін білмеймін. Айнаға қарамағалы да талай уақыт болды. Бірақ өзгергенімді білем. Кеудеме әкеліп басқа біреудің жанын қондырып кеткен сияқты. — Ол аз уақыт Күләндаға қарап үнсіз жатты да, төсектен басын көтеріп алды. — Сен жоқта, мен жақсы болғаным жоқ. Сұмдық қатеге ұрындым. Енді оны өмір бойы еңіресем де түзей алмаймын. Өзімнен өзім жиренетін болдым. Мейлі, маған керегі де сол шығар.

Раушан енді байсалды, бір ырғақты қоңыр дауыспен сөйледі. Әр сөзі ақтық шығарған үкімі сияқты естіледі. Күләнда оның байсалды, үмітсіз үнінен шошынып қалды.

4

Уәли аса көңілсіз жағдайда отыр. Иесі босып кетіп, аңырап қалған бөлме де қобалжыған жарым көңілін титықтата түседі. Ол терезеге үңілді. Мылтықтарын асынып екі-үш солдат кетіп барады. Анау алысырақта жол бар екен, алғы шепке қарай арба кетіп барады. Оған қарсы бір салт атты жортып келеді. Осы қимылдардың бәрі Уәлиге сондай бір көңілсіз жат көрінді. Анау қыбырлаған солдаттар мен офицерлердің мұнымен алуан түрлі қарым-қатынасы бар еді; бірі бағынатын, бірі сыйлайтын, бірі бұдан бұйрық күтетін, бірінен бұл әмір күтетін. Енді солардың бәрі теріс айналған, мұнымен ісі жоқ. Майдан атты жанды алып машинаның бұл да бір мүшесі еді, істен шыққасын лақтырып тастаған сияқты.

Шыңылтыр көк аспан биігінде жентектеніп қатып қалған қардай реңі суық ақша бұлттар көрінеді, жылтыр дөңгелек мұздай шақырайған күн көзінің өзі жылы сәуле емес, ызғар шашатын сияқты. Анау дөңесті жапқан қарағай орман да аяз қысып жаурап тұр. Суырылмалы жаяу борасын айналадағы дүниенің ызғарын арттыра түседі. Дүние деген бір азынаған суық мекен сияқты да, өзі сол жапанда жалғыз қалған қорғансыз мүсәпір бала сияқты көрінді Уәлиге.

Уәли терезеден көзін тайдырып әкетіп, бұрышқа жата кетті. Өз ойынша Уәлидің бес-алты күнде басынан кешкені, қайғы-қасіреті ортақол адамның үшеу-төртеуінің әміріне мол жетеді. Осы азғана күнде ол үрей, қорқыныш, ойсыраған өкініш, ауыр қайғы, сағымдай алдамшы үміт, ащы ыза, өрттей жалаған күйініш атаулының алуан түрін басынан өткерді. Ол қаптап келе жатқан ажал сұсты дұшпанды көргенде зәресі зәр түбіне кетті.

Тіпті Раушанның қасында да табан тірей алмай зыта жөнелгенін еске алғанда әлі де жерге кіріп кете жаздайды. Бірақ сол кезде ұятты ойлауға мұршасы болмады.

Оның көзіне төніп келе жатқан қара тажалдан өзге еш нәрсе көрінбеді. Өлгісі келмеді. Барын сарқып өмірдің қолға іліккен бір пұшпағынан ұстап қалғысы келіп жанталасты. Қолға іліккені қашу болды. Уәли қаша берді.

Бытырай қашқан басқарусыз рота қалың орманның, көп әскердің арасына сіңіп жоқ болды.

Уәли сол алғашқы күні түнде дәйек таппай кейін қарай жүре берді. Қараңғыда жаудың қай жағынан келіп қаларын білмей қорықты. Көп ұзап ентігін басқан соң, кейінгі жақтағы атысты естіді. Дұшпаннан қарасын үзіп кеткенін сезіп, құлақ түріп, көз салып көріп еді: атыс қанаттасқан тұтас емес, әр жерден ала естіледі. Бірі жақын, бірі алыс оң қанаттан зеңбірек үні жұмсарып, талып кетсе, сол қанатта мылтық даусына дейін анық.

Тура алдынан да атыс бірде жақындап, бірде алыстан кеткендей болады. Кенет салдырлаған арба, машина дауыстары да құлаққа шалынды. Қым-қуыт араласып кеткен бір дүние сияқты, Уәли енді дұшпан қайда, біздікі қайда айыра алмай әбден шатасты. Ол, қалың орманның ішіне кіріп кеткен. Қараңғы түнде, тұнжыраған қара орманда батыс қайсы, шығыс қайсы, айыруға еш мүмкіндік жоқ. Уәли омбы қарды кешіп жүгіре берді. Әрі-беріден соң майдан қайсы, тыл қайсы, оны да шатастырып алды. Енді бастапқыдан сиреген атыс та әр тұстан бір естілгендей болады. Қараңдаған балапан қарағайлар, бұталар бұлаң етіп, жолын тосқан жау солдатындай елес береді. Уәли бір ағашқа жүгіріп барып, жабыса қалып, алдын болжайды. Алдынан үш рет жалғыз аяқ жол кездесті. Жолды көрген сайын, қорқып бір бүйірге жалт береді. Тағы да алдынан жалғыз аяқ жол шыға келді.

Ентігіп, тынысы тарылған Уәли, жуан қарағайдың тасасына тұра қалды. Сығалап жолға қарады, ешкім көрінбейді. Кенет ол: «Манадан бері алдымнан шығып жүрген, бір-ақ жол ғой деп таңданды. Сол жолды қапталдай кейін қарай кетіп бара жатыр екем ғой», —деп көңілі кішкене орнығайын деді. Бірақ, сонда да запы, әккі қалпынан аумады. Әрбір қыбыр еткен дыбысқа, ағаштың сыбдырына құлақ тігіп, үріккен қояндай елеңдейді. Майдан шебін жарып өткен немістер алда да, артта да болуы ғажап емес. Кенет арба салдыры, дабырласқан дауыстар естілді. Уәлидің жүрегі су етіп, төмен түсіп кеткендей болды. Ол дем шығармай сіресіп, бұтаның түбіне бұға қалды. Дауыстар бір бүйірден тура бұған қарап келе жатыр. Уәлидің қол-аяғы дірілдеп қоя берді. Дабыр жақындаған сайын қалшылдап, бұтаның түбіне сүңги түседі. Осылай жатқан бес минут күтісінің өзі бес тәулікке татыды. Енді әскерлер тіпті жақындап қалды. Арба салдырының арасынан адам дауыстары да анық естіледі.

— Держи, правее! Голова!

— Подтянись!

Уәли құлағына сенер-сенбесін білмей, елең етіп басын көтеріп алды: «Біздің адамдар болса неге көлденең келе жатыр» деген қауіп тағы толқытты. Сөйткенше колонна тұсына келіп те қалды. Енді күмән жоқ. Уәли тасадан шығып, колоннаға қарай жүрді. Еңгезердей біреу оның қарасын көріп:

— Сенбісің, Попов? — деп гүр етті.

Уәли оның тұлғасынан, даусынан сескеніп қалды.

— Жоқ-жоқ... Басқамын, — деді қипалақтап.

— Сен қайдан тап болған адамсың? — деді жуан дауысты дәу.

Жұрт назары өзіне ауған Уәли сасып қалды. Оның үстіне мына дәудің дауысы да көңілді орнықтырарлықтай емес еді.

— Орман ішінде талай қашқындар бар ғой, зытып жүрген қудың бірі шығар, — деді дәудің қасындағысы.

— Не дейді. Жігіттер дезертирді ұстап алды,— деп шарылдады, қайта келе жатқан жіңішке шіңкілдек дауысты біреу.

Уәлидің жүрегі су етіп, тізесі қалтырап бара жатты.

— Жә, үрей туғызба, — деп гүж етті жуан дауысты. — Өзің бір немісті қуып бара жатқандай.

Уәлидің жүрегі орнына түсті.

— Мен... мен... батальонды іздеп жүрмін. Орманда... адасып кеткенім... Байланыс командирімін...— деді Уәли салмақты сөйлеуге тырысып.

— Қай полктансың?— деді дәу, қараңғыда Уәлиге үңіле қарап.

— Егоров полкынан.

— Егоров? Ол қай полк? Ондай полкты естіген жоқ едім... Достым, өзің қай дивизиядансың?

— Панферов дивизиясынан, — деді Уәли, оны да «естімеп едім демесін» деп дивизияның номерін де қосып айтты.

— О-о, достым, Панферов дивизиясынан болсаң мықтап адасқан екенсің. Бұл басқа дивизия. Ал, Панферов дивизиясы біздің оң қанатымызда болатын. — Дәу ащы мырс өтті... — Енді қазіргі бағытымызда — сол қанатта болады. Сендер де шегінген шығарсыңдар?

— Ия, біз де шегініп барамыз!

— Ендеше, достым, осыдан солға таман ойысып жүре бер, сонда өз дивизияңа кездесесің.

Дәудің осы сөзі Уәлиге тұжырымды бұйрықтай сезілді де солға қалай бұрылып кеткенін өзі де байқамай қалды. Топтан бөлініп кеткесін тағы да көңілі қобалжыды. Соларға қайта қосылғысы келіп еді, бата алмады. Енді қимылы да жиілей түсті. Алдан тағы да шегініп бара жатқан бөлімдер кездесті. Сапырылып келе жатқан солдаттар некен-саяқ жүрген жалғыз-жарымды елер емес. Шегініп бара жатқан тыл бөлімдерінің бірінен соң біріне ілесіп таң атқанша жүрді.

Іңір мен түннің едәуір уақыты ес жидырмас үреймен өтті, тек қалың топтың ішіне кіргесін ғана Уәлидің қорқынышы басылайын деді. Бірақ бар денесін темір шеңгелдей ұзақ уақыт сығып ұстаған қорқыныш әбден қалжыратып, есеңгіретіп тастаған түрі бар. Уәлидің болған істі ойлап қорытуға, болашағына көз жіберуге шамасы келмеді. Оған дұшпан сұсының сұмдық көрінгені сонша, бүкіл майдан өзі сияқты қашып-пысып, босып бара жатқан сияқты көрінді. Еш нәрсеге ой жүгіртпей мең-зең қалпы сапырылысқам көптің екпінімен жел айдаған қаңбақтай ыға берді.

Таң атты. Бұлтты қыс таңының қоңыр-күлгін жарығы түндегі қараңдап сапырылысып жүрген денелерді бір-бірінен ажыратып бет ажарларын көрсетті. Уәли бұлардың бірін де танымады. Бұл ілесіп келе жатқан бөлім ошарыла тоқтап еді. Қажыған ұйқысыз жүздерде үрей, қорқыныш нышаны сезіле қоймайды. Әрқайсысы шаршаған адамның ауыр қимылымен өз шаруаларына кірісіп жатыр. Уәли де жол шетіне отырды. Оның көз алдында бір арбакеш әскери пар ат жеккен мығым арбадан қапшығын алып аузын шешіп жатыр. Арбаның қасына қайқы тұмсық, орта бойлы талдырмаш сары жігіт келді. Әскери сәндігін ажырайта-ақ жасаған. Бір будақ шикіл шашын ширата шығарып, құлақшының шекесіне қисайта киген, қоңыр тысты келте тонының өңірін ашып, белін қынай буған. Аязға қарамастан жылтырақ хром етік киген, оның да қонышын төмен жиырған.

— Эй, Вася, менің баяным қайда?— деді ол арбакешке.

— Қайдағы баян? А-а... Сенің баяның ба? Білмеймін,— деді арбакеш қапшығының ішіне үңілген күйі.

— Қалай білмейсің,— деді сары шашты кейи таңданып. — Сен өзің жоғалтқаннан саумысың. Кеше үрейің ұша қашыпсың ғой.

— Сен, бауырым, Ваня, ән салған шегіртке сияқтысың.

— Сен соғысуға келдің бе, әлде ән салуға келдің бе? — деді арбакеш. — Баянды қайтесің. Кел, тамақ іш. Менде сало бар.

— Салоңа түйіліп өл сен! — деп кейіді сары шашты. — Тап баянды. Ән салмаса соғыстың да сәні болмайды.

Оның қымбат зат екенін білесің бе, сен?

— Жә-жә, қымбат екенін білем. Жүктің астына салғамын. Кел сало же.

Ваняның жүзі жылып сала берді.

— Олай болса жеуге болады. Әлгі анауыңнан кішкене... Біp жұтым...

Ишь чего захотел! Ни капли не дам! Лопай.

Уәли қайран болды. «Баян», «ән», «сало» деген сөздер бұған соншалық жат естілді. «Бұлар соғысып көрмеген бе, әлде соғысты ұмытқан ба? — деп ойлады ол. — Неміс танктері жарып өтсе мылжалап кететінін, не артиллериямен-ақ отап тастайтынын білмейтін кещелер ме? Баянның халқы қымбат» дейді.

Біреулер жата қалып, көз іліндіріп, біреулер құрғақ тағамдарын жеп, әркім өз шаруасына кірісіп жатыр.

— Қанша тұрады екеміз, бұл арада, — деген дауыс естілді.

— Қайдам. Бұйрық күтсін депті ғой. Мүмкін немістерді тоқтатқан шығар.

Арбакеш пен баянын іздеген сары жігіттің сұр майды кертіп турап, қара нанмен қоса асап жатқанын көріп Уәлидің жүрегі сазып қоя берді. Бұл қапшық арқаламайтын, қалтасында да еш нәрсе жоқ. Азық-түлік — ординареці Полищукте еді. Оны қай жерде жоғалтқанын бір құдайдың өзі білсін. Дегенмен Уәлидің жүрегі сазып барады. Бірақ ол анау арбакештен қалай тамақ сұрамақ?

Қарын қамымен қоса бас қамы туралы ойлар келе бастады. Өзі сияқты жұрттың бәрі тым-тырақай қашты деген жорамалы бекерге шығып барады. Басынан-ақ Уәли бұл жорамалға мықтап сене қойған жоқ еді, тек әйтеуір өз көңілін алдаудың қамы болатын. Кенет ол өзінің масқара халін түсініп, қатты шошынды. Өзге командирлер шегінсе де әскерлерін басқарып, соғыс салып барады... Ал, Уәлидің ротасы қайда? Өзі қайда? Қорқақ адамдарға тән сыртқа шықпай, іштей лып етіп басылатын бір ерлік ұшқыны Уәлидің де кеудесіне түсті. Кенет тұра жүгіріп, анау жұрт соғысып жатқан позицияларға барып, немістермен арыстанша алыспақ болды. «Мейлі, көрсін жұрт менің ерлігімді. Сонда не дер екен!?» Бірақ бұл жерде тыныш болғанмен онда тарсылдап мылтық атылып жатыр. Сондықтан ба, Уәли орнынан ұшып тұруға асықпады. «Сонда менің ерлігімді кім көреді» деген ой келді. — Мыналар басқа бөлімдер. Құдайдың тірі жаны мені танымайды. Мені елейтін кім бар мұнда. Бір танктің астында мылжаланып қалсам...» Осы ойдан бүкіл іші-бауыры тітіркеніп қоя берді.

Қайта түн жақсы екен. Таң атқасын жағдай қиынға айналды. Енді жолдан қосылған тосын лейтенантқа әркім-ақ көз салатын болды. Кейбіреулері тіпті жиі қарайды. Баяншы сары жігіттің арбакешке иек қағып:

— Әне біреу кім?—деп күбірлегенін де Уәли естіп қалды.

Арбакеш алыстан Уәлиге көз қиығын тастап, иығым бүлк еткізді:

— Қайдан білейін. Анадайдың бірі шығар...

Уәли бұл күңкілді де естіді. «Анадайдың» қандай екенін де сезді. Жұрттың күдікті көзқарасының астында ұзақ қалуға болмады. Ол ақырын ғана орнынан тұрып сытылып жүре берді. Жұрттың бәрі мұның кім екенін сезіп талай суық көздер желкесін тесіп бара жатқандай.

Уәли сапырылысқан әскер бөлімдерінің әрқайсысына бір ілесіп кете берді. Өз бөліміне баруға асықпады. Маңдайынан сипап қарсы ала қоймайтынын жақсы білді. Бірде үрей, бірде емескі үміт алдандырып, әрі-сәрі болып төрт күн жүрді. Ауытқып, сапырылысып, жылжып бара жатқан майдан да оның елеусіз сенделе беруіне жәрдем етті.

Басқа түссе баспақшы. Уәли бұрын төзе алмас талай қорлыққа да көнді. Ол бір тәулік нәр татпай әбден ашыққан соң, жүрек жалғаудың қамын іздеді. Құдай айдап бір тоғайда тамақ үлестіріп жатқан жорық кухнясының үстінен шықты. Шүпірлесіп тамақ алып жатқан солдаттардың үстінен кимелеуге бата алмай бір азырақ шетте күтіп отырды. Және тоса қоятын котелогі де жоқ еді. Солдаттар сейіле бергенде бойындағы бар қайратын жинап кухняның қасына келді.

— Жолдас аспазшы, котелогің болса маған да сорпа құйып жіберші. Бөлімімді таба алмай қарным ашып қалыпты, — деді барынша салмақты сөйлеуге тырысып.

Сөзінің басы салмақты басталса да, соңғы жағы қожырап, жалынышты, жалтақ үнмен шықты. Соңғы сөзді артық айтқанын сезіп, тіпті қысылып қалды. Уәлидің түрі онша инабатты болмаса керек, аласа бойлы жуантық аспазшы оған ажырайып күдіктене қарады. Қазанның алдында жатқан дөңгелек котелогін алып, әмір еткендей қысқа ғана «ұста» деп Уәлиге ұсынғаны, ұзын ожаумен шашырата сорпа құйғаны — көлденеңнен тап болған неғайбіл лейтенантты ұнатпағаны былай тұрсын, менсінбегенін де анық айтып тұр. Уәли бұған да төзді.

Тіпті аспазшының бетіне күлімсірей қарады. Бірақ анау оңбаған оны елеген де жоқ.

Уәли енді тамақ сұраудың да әдісін тауып алды. Алды ала дайындалып бойын түзеп еркін басып келіп, аспазшыларға «Жол бойы әлденіп аламыз ба қайтеміз. Қане, солдат, құйып жіберші, тамағыңның дәмін көрейік», — дейтін болды. Аспазшылар да бұған қабағын шытпай-ақ кейде тіпті жылы қарап, «көріңіз, көріңіз, жолдас лейтенант», — деп жалпақтап котелогін ұсынады. Әлгі алғашқы кездескен оңбаған аспазшының ызасы да ұмыт болды. Уәли енді тамақ жағынан көп қиналмайтын да болып алды. Бір күні төрт-бес солдаттың үлкен термостарына сорпа құйып жатқан аспазшының қасына келіп үйреншікті сөзін айтып: Қане, солдат, тамағыңның дәмін көрейік», — дей беріп іркіліп қалды. Аспазшы бұған бажырая қарап тұр екен. Баяғы оңбаған аспазшы.

— Сіз өз бөліміңізді әлі тапқан жоқсыз ба?— деді сондай ащы мысқылмен.

Уәли жарылып кете жаздады. Қашаннан бергі біреуге қатты ашуланғаны осы еді.

— Сенің хақың жоқ! Хақың жоқ! — деп айқайлады ол қалшылдап.

Одан әрі әбден булығып қалды да қатты аяңдап жүре берді. Аспазшы бір нәрсе айтса керек, желкесінен солдаттардың күлкісі естілді. Ең аяғы оңбаған аспазшыға дейін басынады. Әттең!.. Басқа бір кезде болса...

Уәлидің «әттеңі» көбейді. Қанша ойлағысы келмей теріс айналып барса да өз жағдайы ойлатпай қоймады.

Өзінің бұралқы халі жиі мазалайды. Кейде өзінен өзі ыза болады. Тағдырына ыза болады. Әркімге ыза болады. Оны осындай халге түсірген кім? Оған да әркім-ақ себепші сияқты. Неге бұл майданға келді. Бір халықтың келешегі зор болашақ ғалымы емес пе еді? Неге мұны колхоздан, заводтан, неше түрлі қара жұмыстан келген қалың тобырдың ішіне қосып жіберді? Мұнда Уәлиді түсінетін кім бар? Ең мықты дегені «айт-двадан» басқаны білмейтін, күні кеше өзінен сабақ алған Мұрат па?

Тып-тыныш жүрген жоқ па анау Сәлімгереев, кіршіксіз костюм киіп, жымия күліп. Көрер едім мына дозаққа түссең жымиғаныңды! — Сол Сәлімгереевтің несі артық осыдан.— Неге бұл жерге ол келмей мен келуге тиіспін?! — Осыған Уәли қатты назаланады. Өзін біреу алдап соғып, айдалада шешіндіріп кеткендей өртенеді.

Бірауық, ол ойды тастап кейінгіге көшеді. Дегенмен әскердегі халі де жаман емес еді. Штаб қызметі әркімнің қолына тие бермейді ғой. Купцианов та сыйлайтын. Әне бір боқмұрын баланың қырсығы. Мұрат та дәл сол жерде отқа итере салды. Болмаса Купцианов өз маңынан жібермес еді. Бірауық Ержанға, Мұратқа өлердей ыза болады, екеуін де өртеп жібергісі келеді, бірауық сол жаман баламен байланысқан өз қатесіне өкініп бармағын шайнайды.

Шексіз ызақор, кекшіл адамды тырп еткізбей қол-аяғын матап қойып сабаса қандай халге түсер еді. Ызадан жарылып өліп кетер еді, егер өліп кетпесе ақыр аяғында бұлқынып қойып, тағдырына мойынсұнар еді. Уәли де сондай халге түсті. Дәрменсіз ыза ішін өрттей жалағанмен Мұратқа да, тіпті Ержанға да бұл еш нәрсе істей алмайды. Сондықтан да болашақ қамын, тірлік қамын ойлау керек болды. Ол енді өзінің не айтарын, не деп ақталарын он ойлап, тоқсан толғады. Сұрау салып полкты іздеді. Сапырылысқан майданда полк та бірден табыла қоймады. Ұзынқұлақтан біреудің сілтеген деревнясына келсе, басқа бөлімдер болып шығады. Уәли мұндайға тіпті қуанып та қалады. Қанша іштей дайындалса да бастықтарға жолығатын сағаты қатты түршіктіреді.

Уәли бесінші күні өз бөлімін тапты. Комбат Қонысбаев Уәлиді суық қарсы алды.

— Ә, өзің келдің бе? Іздеуге мұршамыз болмай жатыр еді, — деді ол қалың қабағының астынан сүзе қарап.

Уәли шомбал капитанның көзқарасынан шошып қалды. Бірақ сонда да көптен жаттап жүрген ойындағы сөзін айтты:

— Уһ! Сіздерді де көретін күн бар екен ғой. Қоршаудан алдыңғы күні шығып ем, екі күн іздеп әрең таптым ғой.

— Қоршаудан? — Капитан ажырайып таңдана қарады.

— Иә, қоршаудан шықтым. Немістер жапырып кетіп... Қалай аман шыққаныма өзімнің де таңым бар.

Капитан қарқылдап күліп жіберді:

— Өтірік айтып тұрсың ғой, — деді ол күлкіден оқыс тыйылып, Уәлиге тіке қарап.

— Жоқ... жоқ... Жолдас капитан! Имандай шыным... Сіздің мұныңыз қалай? Маған сенбейсіз бе?

Енді Уәлидің сөзі бұрынғысынан да шикілеу болып барады. Капитан оны тыңдаған да жоқ.

— Сабыр ет, қазір анықтаймыз, — деп тыйып тастады.

Фильчагин кіргенде Уәли селк ете қалды. Талдырмаш денелі елгезек командир, елпеңдай басып келіп капитанға сәлем берді. Фильчагин Уәлиді көріп аңтарылып қалды. Оның жыпылықтап таңдана қараған көк көзінде керемет бір ызғар пайда болды. Енді қадалып, тесіп барады. Уәли көзін тайдырып әкетті.

— Қандай ротаны қор қылдың! Эх, қандай рота еді! — деді ол қалшылдап.— Масқара қылдың бізді!

...Уәли жатқан жерінен дөңбекшіп түсті. Өткен күндердің осы елестері бірінен соң бірі келіп жанын уландырып барады. Және қас қылғандай көз алдына қайдағы бір өзін қор ететін жиренішті оқиғалар елестейді. Өткен күннің көріністерін ойынан қуған сайын олар өшіккен арадай жабыла түседі. Уәли тағы да екі рет аударылып түсті. Басын көтеріп алып, жабық есікке қадала қарады. Есіктің ар жағында сақшы бар. Уәли қамауда отыр. Ол орнынан тұрып арлы-берлі сенделіп жүре берді. Енді жан қинаған ойлардан арылып, қатты аурудан кейін есеңгіреп қалғандай бір мең-зең халге түсті. Ой да, өкініш те жоқ. Басының ішіне мақта тығып қойғандай.

«Сижу за решеткой, в темнице сырой,

Вскормленный в неволе орел молодой».

Осы бір-екі жол өлеңді мағынасына ой жүгіртпей жаттанды қайталай берді. Ешбір сөздің мәнін ұқпай, қарлығыңқырап күңгірт шыққан өз дауысын ғана тыңдайды. Кенет есік ашылып сақшы кірді де:

— Қане, жүріңіз!— деді.

Уәли: «Бскормленный в неволе» дей беріп кілт тоқтап, сақшыға таңдана қарады.

— Қане, жүріңіз! Полк командирі шақырады.

Уәли осы сәтте барып өзінің не айтып жүргенін, өлең сөздерінің өз халін масқаралап тұрғанын ұқты.

Мұрат кеше ертеңгісін полкты қабылдады. Екі батальон алғы шепте ұрыста болатын. Өз батальоны тылда қорғаныс шебін қазып жатыр. Ол штабта көп айналған жоқ. Өзін сыпайы салқындау қарсы алған Купциановпен біраз отырып барлық жағдайға қанықты да, тыл бөлімшелері мен азайып қалған артиллерия бөлімшелерін аралап шықты. Соғысып жатқан батальондарға барды. Кешеден бері немістердің шабуылы бәсең тартты.

Әр жерден жеке-жеке атака жасайды; бұрынғыдай үлкен күш төгіп, өрекпімейді. Өткен кеште Панферов полкқа жаңа бұйрық берді. Түн қараңғысын жамылып, полк алғы шепті өзге бөлімге тапсырып кейініректен бекініс жасауға шықты. Немістер жаңа бір шабуыл бастау үшін қайта топталып жатыр. Мұрат қолы бос бір адам қалдырмай барлық солдатын окоп қазуға жапты. Оқ өтінен тасалау полк, батальон штабтарының маңын сағалайтын түрлі ординарец, көмекші, писарь атаулыларды қара жұмыстан қағажу жүретін жаяу әскерлердің еркесі — барлаушыларды, ең аяғы арбакештерге дейін жер қазуға қуды. Өзі картадан белгілеп берген траншеяларды, артиллерия позицияларын аралап көзімен көріп, өзгерістер енгізді. Бойына тың қайрат бітіп серпілгендей Мұрат ширығып алған. Бәріне барып, бәріне араласып, табанда жарлық етіп түзеп, өзгертіп жүр. Жауапкершілікпен бірге істейтін жұмыс та көбейген. Ол әлі полктың масштабына үйрене алған жоқ-ты, қарауындағы командирлерінің, көмекшілерінің көбейгенін байқамай, бұрынғы әдетінше ұсақ-түйекке дейін өзі істейді.

Осы көп жұмыстың ішінде, оның есінен кетпеген, бірақ тындыруға да асықпаған бір шаруасы болды. Ол Уәлидің жайы еді. Аралары онша жақын болмаса да, Уәли қанша айтқанмен көз көрген, ертеректен таныс адам еді. Соның жаманатына қынжылып, оның ісіне өзі ұялғандай болады. Кешеден бері бүгін ғана уақыт тауып Уәлиді шақыртты.

Уәли есіктен жасқана кіріп, Мұратқа жаутаңдай қарап именіп тұр. Сәлем орнына ернін күбір еткізді. Мұрат бойын билеп ап оған салмақпен салқын қарады.

— Қандай халге душар болғансың? Айтшы,— деді орнынан түрегеліп. — Бірақ... Не айтатыны бар. Маған бәрін баяндаған.

— Басыма ауыр іс түсіп тұр. Айыбым да бар шығар.

Бірақ дұшпанның танктері шыдатпады. Ротаны тоқтата алмадым. — Уәлидің өңі сұрланып, тұла бойында ыстық діріл пайда болды. Ол енді ақтың сөзімді айта алмай қалам ба деп асығып, қызына жылдам сөйледі. — Өзімнің де көрмеген азабым жоқ. Айыбым да бар шығар.

Бірақ сонда да бастықтар тым қатты кетті. Үш күн қоршауда болдым. Әрең құтылдым. Кейбір бастықтар маған сенбейді. Айыбым да бар шығар. Бірақ нахақтан күйіп барамын. Фильчагиннің сөзіне сенеді. Оған мен қатты ұрсып, сөгіс берген едім. Өзі маған өшігіп жүр. Әрі жоғарылағысы келеді. Мейлі, жоғарылай берсін... Тек маған жала жауып несі бар!?

— Уәли, бері қарашы, — деп Мұрат безектеп бара жатқан Уәлиді тоқтатып тастады. — Маған несіне өтірік айтасың. Бәрі белгілі ғой. Фильчагинді айыптайтын да ретің жоқ. Ротаның қалған-құтқанын жиыстырып, батальонға қосқан сол жігіт.— Мұрат қолын артына ұстаған күйі, басын көтеріп Уәлидің бетіне тура қарады. — Тым болмаса осы жерде шыныңды айтсаңшы. Қолыңмен істеген істі мойныңмен көтеруге де жігіттігің жетпей ме!?

Уәли көзін тайдырып әкетіп төмен қарады. Мұраттың сөзінен таяқтан жасқанғандай бұға түсіп, бір уақытта барып басын көтергендей болды. Ендігі көзқарасында үрей де, жалбарыну да бар.

— Қайтейін. Менің сөзіме қазір кім сенеді. Менің тағдырым өз қолдарыңда ғой,— деп налыды Уәли. — Айыбым жоқ деп айта алмаймын. Бірақ менің сөзімді тыңдайтын кім бар. Ең аяғы жолдас болған сен де сенбейсің. Мейлі, қашқан-ақ болайын. Менің тағдырым өз қолыңда, Мұқа. Әйтеуір көз көрген жолдас едің.

Мұрат Уәлиге қабағының астынан қарап тұр. Оның соншалықты мүсәпір, жалынышты кейпін көргенде тыжырынып қалды. «Осы жерде де өзін адам сияқты ұстай алмағаны ма? Жаны не деген тәтті еді, бұл байғұстың?» деп ойлады Мұрат. Ол Уәлиді танымай қалғандай таңданды. Бір кезде намыскер, өз бағасын аса жақсы білетін жігіт сияқты көрініп еді ол Мұратқа. Алматыда жүргенде институт мұғалімдерінің ішіндегі көріктісі де, өткірі де осы емес пе еді? Қатарларынан өзін сәл ғана жарасымды жоғары ұстап, төмендерге есіркей қарамаушы ма еді? Мұратқа да, қашан жақын танысқанша: «А-а-а, лейтенант, қызмет жақсы ма?» деп жүретін кездері бар емес пе еді? Бұл байғұс енді неге соншалық азып, кішірейіп кеткен? Бұрын осы адам жігерлі де, намыскер де, батыр да көрінетін.

Мұраттың көз алдына өткен өмірдің бір сәті келіп тұра қалды. Ішінде Уәли мен Мұрат та бар үш-төрт жігіт Алматы маңына аңға шыққан-ды. Иесі машинасын бергенше түс қайтып қалды. Бұлардың аңшылығы да күшті емес еді, оның үстіне өзен бойында құс та кездеспеді.

Күн кештетіп енді қайтамыз дегенде, Уәли заповедникке баралық, онда аң көп, қарақұйрық атамыз деп болмады. Бұлар заповедниктің ішіне тереңдеп кіргенше қараңғы түсті. Кенет машинаның алдынан бір хайуан қылаң етті.

Шофер машинасын оқыс тоқтатты. Еліктің лағы жалт етіп шыға келіп, машинаның жарығына таңдана қарап тұрып қалды. Мұрат жас еліктің сұлу мүсініне таңдана сүйсініп, қадалып қапты. Сүйріктей ұзын сұлу аяғы, кеудесі шығыңқы, қарны тартыңқы қағылез әсем тұлғасы шебердің қолымен ойғандай. Орта тұсы жалпақтау үлкен құлағының өзі әлі мүйіз шықпаған сүйір тұмсықты кербез басына жарасып тұр. Танауы жыбырлап, қиғаш көзі мөлдіреп қара түнді қақ жарған жарыққа жас балаша таңырқайды. Жырынды болмаған аңғал еліктің әсем тұлғасы балғын ерке күшке толы. «Тәйт» десе жалт беріп, алыс қырқаның басынан бір-ақ қылаң етеді. Мұраттың осы көрініске сүйсініп, жаны рақаттанғаны сонша, машинаның алдында Уәлидің мылтықпен елікті көздеп жатқанын да жаңа көрді. Ол түсінбегендей сәл ақырып қалды да, «тоқта!» деп айқайлап жіберді. Оның даусымен бірге мылтық та тарс ете қалды. Мұрат қолтығының астынан ыстық қаны шапшып тыпырлап жатқан еліктің қасына қалай жүгіріп келгенін білмей қалды.

Дәті шыдамаса керек, шофер машинаның отын сөндіріп тастады.

— Әй, шофер, шамыңды жақ. Қане, олжамызды ала кетейік, — деп Уәли келе жатыр.

— Жоқ. Алмаймыз. Бұр машинаны, — деді Мұрат шоферге.

— Әй, сен өзің қаннан шошынғанбысың, жауынгер командир, — деп Уәли қарқылдап күлді. — Ертең соғысқа барғанда қайтесің!?

Соғысқа кіргелі Мұрат талай сұмдық қылмыстарды көрді, ызадан ішін өрт жалады, бірақ адам баласының осы бір кішкене қиянаты ұмыт болмапты.

— Менің басыма ауыр іс түсіп тұр. Көз көріскен жолдас едік. Айыбым да бар шығар. Жолдастық хақы ғой. Азаматшылығың болсын. Өзіңіз білесіз, Мұқа.

— Мен үкім шығармаймын. Үкімді генерал шығарды. Уәли нәжісті қаза бермесін деп Мұрат оның сөзін тыйды. — Абыройыңды ақтауға мүмкіндік берілді. Қатардағы солдат болып соғысасың. Қай ротаға барасың, оны өзің қала.

— Рақмет, Мұқа, рақмет, жолдас капитан, — деп жалпақтады Уәли. «Сыр мінез бала еді, ренжіскенмен де ырқымнан шықпас, тым құрса сыйлар», — деген оймен Ержанның взводына жіберуін өтінді. Енді Уәлидің көңілі орнығып, еті тіріліп қалды. — Ержан екеуміз араздасып та едік. Мені маңдайдан сипамас. Бірақ сынағасын қатты сынаңыз.

5

Күн кештетіп қалды. Сурылмалы жаяу борасын да жаңа басылып, аспанды түгел аласа қоңыр бұлт торлады. Бұлттың ортасы күмбездене көтеріліп, шеті жерді орай қымтап алған сияқты. Күндізгі аяз да жұмсарайын деді.

Қылаулаған қар үдей түсіп, окоп ернеуіндегі жас топырақты жасыра бастады.

Взвод окоп қазып жатыр. Ұзыннан-ұзақ созылып, тереңнен қалған траншеялардан қылт етіп солдат бастары, күрекпен лақтырылған қоңыр топырақ көрініп қалады. Ержанның өзі де окоп қазып жатыр. Шинелін тастап, құлақшынын түріп, шалқайта киген. Жердің тоң қабатынан асқанмен төменгі жағы да онша жұмсақ болмады. Қатты қимылдаған Ержан ентігіп қалып, күрегіне асыла сүйеніп дем алды. Бес-алты жауынгерлерді бастап қасына Кәкібай келді.

— Жолдас лейтенант, траншейді бітірдік. Енді демалуға рұқсат етіңіз, — деп баяндады ол.

— Ендеше үшінші отделениеге көмектесіңдер. Олар да аз қалған шығар. Содан кейін демаласыңдар, — деді Ержан.

Кәкібай кішкене тартыншақтап тұрды да:

— Құп!— деді. Содан кейін қасындағыларға бұрылды. — Ал, тез барып бітіріп тастаңдар.

— Нашандік болмай жатып отырып алып әмір етеді.

Өзің жүрмейсің бе? — деп күңкілдеді Көжек.

— Не рассуждать, — деп зекіді Кәкібай ойынды-шыны араластырып. Олар кете бергенде окопқа ырғып түсті. — Қанекей, жолдас лейтенант, мен бітіріп тастайын.

Жұмысын тез тындырып болып, темекі тартып отырған Ержанға қарай берді. Бір нәрсе айтқысы келеді, бірақ coған екі ойлы болып тұрған сияқты.

— Қалай, Марияштан хат алдың ба?— деді Ержан сөз бастау үшін.

— Марияш хатын үзбейді ғой. Кеше үш хаты бірден келді, — деді Кәкібай өңі жылып.— Тек менің хатым кешіккен болар. Қоршаудан шығысымен жазып жібердім.

— Сені Марияш өте жақсы көреді-ау деймін.

Кәкібай төмен қарап мырс етіп күліп жіберді. Күректің сабып сипалай береді:

— Шыныңды айтшы, жақсы көреді ғой, — деп жармасты Ержан.

— Әрине, енді әйел болғасын.

— Сен де жақсы көресің бе? Шыныңды айтшы.

Ерлі-зайыптың бақытына қызығып, «өте жақсы көрем» деген сөзді асыға күтеді Ержан. Өз көңілін мұң шалғандай болды.

— Жақсы көрмесем алам ба, — деді Кәкібай, енді қысылмай Ержанның бетіне қарап. — Бір кезде оған ән де шығарғанмын.

— Ән бе? Өзің композитор екесің ғой. Ол әніңді неге айтпадың бізге.

— Ол әнді естідіңіз ғой. Әлгі «Қалқатай» деген ән ғой.

— Ә-ә... Ол әннің тарихы солай ма еді.

— Менің сізге айтайын деген сөзім бар еді, — деп Кәкібай аз мүдірді. — Көптен бері өзі қажыңқырап қалдық қой. Бүгін бір бас қосып ән салсақ қайтеді. Көңіл көтерілсін.

— Бұл да дұрыс екен. Ендеше бар, тынығып ал, — деді Ержан.

Кәкібай окоптың арт жағындағы разъездің үйіне қарай кетті. Ержан солдаттардың жұмысын тексеру үшін әдейі траншейдің ішімен жүрді. Окоптың дені кісі бойы екен. Тек бір-екі жерінде ғана тайыздап белуарға таман келіп қалады. Екі иығымен окоп қабырғасына сүйеніп келе жатып Кәкібай жайын ойлады. «Қандай өнерлі жігіт», — деп таңданды.

Ержан осы күні өзі туралы көп ойламайтын болды. Көбіне өзге жұртқа көзі түседі, өзгелердің ісіне сүйінеді.

Өзін өзі қалай ұмытып кеткенін сезбей де қалды. Әнеугі бір әзірде өзегін өртеп өкіндірген: «Сен не тындырдың? Масылдығыңды жасырып жүрген бишара емессің бе?» деп қуыстандырып, жанын жегідей жеген жүзі суық сұрақ та енді қайтып келмеді. Кеудесіне кіріп алып, әр адымын аңдып, тежеп ұстайтын қатал сыншы да ғайып болды. Аурудай меңдеткен ішкі арпалысы тынған еді. Енді қатты сырқаттан айығып, дем алған адамдай ішкі сарайы тазарып, көңілі бірыңғайланып қалды:

Ержан жүріп келе жатқан окоп енді тіпті тайыздап кетті. Тізеден аз-ақ асады. «Бұл қай отделениенің окобы еді? — деп ойлады Ержан. — Ә-ә... Добрушкиннің отделениесі еді ғой мұнда. Неғып өндіре алмады екен?» Сөйткенше тырбаңдап окоп қазып жатқан солдаттар да көрінді. Добрушкин жайғасып темекі тартып отыр.

— Окоптарың неге тайыз?

— Онша тайыз да емес қой. Адам азғантай. Және бізге тапсырманы да көп бердіңіз.

— Окопты иықтан қаз деген бұйрық берілген. Орында соны.

— Әрине, бұйрық берілді ғой. Бірақ адам аз. — Добрушкин бұрынғы әдеті бойынша Ержанды өз дегеніне иіп әкелгісі келді. — Ұрыста бой тасалауға жарайды ғой.

Оның есесіне мылтық ататын ұяларды терең қаздырдым.

— Қиқаңды қой! — деді Ержан. Оның даусы қатты шыққанда Добрушкин жым болды. — Бұйрықты орында. Бүгін жақсы окоп қазуға мүмкіндік бар, ертең ол мүмкіндікті саған ешкім бермейді.

Ержан енді байқады. Добрушкиннің сырт жағында темекі тартып Уәли отыр екен. Қолында күрегі де жоқ екен. Түрі «жер қазбағаным рас, өтірік жалпақтап қайтейін» дегенді анық-ақ айтып тұр. Ержанның сөзінен кейін Добрушкин де артына бұрылып Уәлиге көз тастады.

Оның көзқарасы да: «Мен қайтейін, амал жоқ, енді сені де жер қазасың да» дегендей еді. Ержан осыны сезді де кетіп бара жатып:

— Молдабаев, бері жүріңізші, — деді.

Уәли кеше взводқа келгенде-ақ өз таңдауының қате екенін ұғып еді. «Ержан қанша айтқанмен ескі дос қой, көз көріскенде шыдамас. Ағалығым және бар, бұрын ығымда жүретін еді, — деп ойлаған-ды. Ержанға сырын айтып, мұңын шағып қайтадан достаспақ ойы бар еді.

Оның жүдеу көңілі біреуден аяныш іздейді. Соңғы кездегі көрген қорлығы мен азабы ішке сыймай барады, соны айтып шағынғысы келді. Бірақ бір кездегі сыры мәлім.

Ержан жат болып кетіпті. Тастай түйіліп ішіне жіберер емес.

— Добрушкиннің отделениесіне барыңыз. Сонда қару-жарақ аласыз. Сізге автомат бергізермін, — деді, алдына айдаладағы бір қарапайым солдат келіп тұрғандай. Сырласуға ыңғайы да келмеді және Уәли бата да алмады. Кете барды. Қазіргі: «Бері жүріңізші» дегенінде Уәли осы арада бір сөйлесіп қалуға бекінді.

— Сіз жұмыс істемейтін сияқтысыз. Добрушкин де айтуға именетін тәрізді, — деді Ержан оңашарақ шыққасын. — Көппен бірге жұмыс істеңіз.

— Енді менен жер қазу қашпас қой,— деді Уәли мұңайып. — Бірақ, Ержан, сен маған өкпеңді ұмытпай жүрген сияқтысың. Ер шекіспей бекіспес деген, азамат арасында ондай нәрселер бола береді ғой.

— Сіз қайдағыны айтып тұрсыз. Онда қателік менен болған.

— Жоқ, жасы үлкен мен айыптымын. Бірақ сенің кешірім етуің керек еді. Ұсынған мойынды қылыш кеспес деген...

— Ол өтіп кеткен нәрсе... Оны қойыңыз... Сондай ұсақ-түйекті ойлайтын уақыт па, қазір!? — деді Ержан сәл мүдіріп. — Сіз көппен бірге жұмыс істеңіз. Командиріңізге де арнап тапсырмай-ақ қояйын, өзіңізге де қайталап айтпайтын болайын.

Уәли тағы да сөйлесе алмай қалды.

Бір кезде өзіне таудай көрінген Уәлидің қазір кішірейіп қалғанына Ержан қайран болды. «Жау күші ырық бермеді ме, әлде алғашқы соғыста өзі қорықты ма, әйтеуір бір шатаққа ұрынды. Енді не де болса көтеріп, қалған абыройын сақтап, сыр білдірмеуге жаралағаны ма, — деп ойлады Ержан. — Өзі соншалық жүдеп кетіпті. Оңай да емес шығар. Жер қазуға да арланатын болар. Бірақ ұрлық қылғандай қуыстанып, жұмыстан тасаланып отырғанша білекті сыбанып жұртпен бірге жер қазғаны көп артық емес пе, өзіне? Тым болмаса жалтақтамайтын болады ғой».

Соңғы кезде Ержанға маза бермейтін нәрсе жағдайдың ауырлығы еді. Ақылымен ғана емес, бүкіл жан-тәнімен ел басына түскен ауыртпалықты сезеді. Дұшпан күшінің таудай ауыр салмағы мұның да қабырғасын қайыстырып барады. Өзін сол жаныштап бара жатқан салмаққа тіреген бір тіреудей сезінеді. Осы алғашқы рет келген зор жауапкершілік сезімі оған сабырлы қайрат әкелді. Ол өзінің өткендегі ағаттығын, шалалығын ойлауды ұмытып бара жатыр еді. Жаңағы Уәли сөзі соның бәрін қайтадан есіне салды. Уәлидің не айтқысы келетінін Ержан жақсы біледі. Ол сонау бір көңілсіз істі қайта қопармақ, кіналаспақ. Ал, ол оқиғаны Ержан қозғағысы келмейді. Өзінің сондағы осалдығынан ұялады.

Уәли «мен жеңілдім, үлкен басымды идім, сен де кең пейіліңді көрсет» демек. Бірақ өзге солдаттан оны артық көре алмайды, Раушан жайы да ұмыт болар емес. Жалған кең пейілдік жасай алмайды. Ажалмен бетпе-бет келіп тұрғанда кісі өзіне де, өзгеге де өтірік айтпайды. Уәлиге қиянат етпеске, әділ болуға өзіне серт берген еді, сонысы да жетер.

Сокольская деревнясы жақтан үш салт атты келді. Бұлар Панферов пен Мұрат екен. Екеуі де аттан түсті. Генерал Ержанмен қол алысып амандасты. Ержан өз фамилиясын атағанда, генерал бір нәрсені есіне түсіргендей Мұратқа бұрылды:

— Сабыр етіңіз... Әлгі қоршауда бөлініп қалатын осы емес пе?

Мұрат құптағаннан кейін ол Ержанға көз қиығын тастады.

— Бәсе, мұндай командир қандай қоршауды болса да жарып шықпай қоя ма! — деп Мұратқа иек қақты.

Бұл мақтаудан Ержан сәл тіксініп қалды. Генерал өзінің бұдан көп биіктігін танытып баланы алдағандай маңдайынан сипай салды.

Панферов окопты аралап, әрбір атыс ұясын өлшеп көріп, Ержаннан атыс системасын қадағалап сұрады.

— Осы пулемет ұясы ма? Осындай ұя бола ма екен? — деп кейіді Панферов.— Пулемет оғы мол оқ.

Ол бүкіл взвод бекінісін түгел қамтуға тиіс. Ал, анау дөңестің тасасын немен атасың? А? Қуатты қаруды тар қуысқа тығып қойғансың.

Ержанның алғашқы әсері өзгерді. Енді генерал мұны нағыз командир санап шынымен кейіп тұр. Ол қысылса да өз ойын анық айтты.

— Бұл жер маскировкаға жақсы. Дұшпан пулеметті байқамайды.

— Таса керек болса, орманға тығып қою керек ендеше, — деп кекетті Панферов. — Ең алдымен дұшпан пулеметтің күшін сезетін болсын. Байқатпаудың қамын содан соң ойла.

Мұрат генералдың сөзіне қыстырылмай үнсіз жүрді. Бекіністің өзге жағына негізінен ырза болып Панферовтың беті жұмсарды.

— Қазір майдан саябыр, — деді ол окоптан шығып келе жатып. — Бірақ неміс шабуылы тоқталған жоқ.

— Олар қазір жарасын жалап, күш жинап жатыр. Ертең-бүрсігүні Москваға генеральный шабуыл басталмақ. — Ол аз іркіліп, Мұраттың, Ержанның бетіне бағдарлай қарап алды.— Жаман соғыспайтын сияқтымыз. Бірақ әлі барымызды берген жоқпыз. Соғыстың үлкені енді келе жатыр. Москва жап-жақын қалды ғой, — деді ол, соңғы сөзді өзіне айтқандай күбірлеп, содан кейін іркіліп, қолымен темір жол разъезін нұсқады. — Мына разъезден пригородный поездар өтетін. Демалыс күні Москва халқы осы араға серуенге келетін. Ана деревнялардың қатындары Москва базарына айран-сүтін апарып сатушы еді. — Ол Ержанға бұрылып, оның иығына қолын салды. — Солай жағдай. Енді шегінуге болмайды. Немістердің күші әнеугіден басым. Танктері көп... Бірақ енді шегінуге болмайды.

— Ертең ПТР мылтықтарын жіберем. Батальоннан төрт ПТР мылтығын ал,— деді Мұрат Ержанға. Содан кейін Панферовқа сөз айтты. — Жолдас генерал, жаудың танктері көп, гранаттар мен жандырғыш бутылкаларды көбірек берсеңіз.

— Жарайды. Бүгін әмір етем.

Генерал қоштасып штабқа жүріп кетті. Мұратқа Ержан осы кеште Кәкібай әнін тыңдамақ ойы бар екенін айтты.

— Уақыт тығыз-таяң. Бірақ солдат көңілін қайтарғым келмеді,— деді.

— Оның өнері бар екен ғой. Мен де тыңдайын. Неміс бар екен деп қашанғы түнере береміз. Солдат байғұс та бір желпініп қалсыншы, — деді Мұрат.

Екі командир разъездің үйіне кіре бергенде ашық есіктен қарқылдаған күлкі естілді.

— Оһо, жауынгерлерің көңілді ғой,— деді Мұрат Ержанға күлімсірей иек қағып.

— Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз деуші еді қазақ. Сол үш арсыз соғысыңа да қарамайды екен, — деді Ержан күліп.

Солдаттардың көңілді күлкісінен тұтанып, екі командир бөлмеге жайдары кірді.

Командирлерді көріп солдаттар күлкіден тез тыйылып, сәлем берді.

— Өздерің бір қызыққа батып жатыр екенсіңдер. Бұзып жібердік қой, — деді Мұрат.

— Бөрібай-дағы баяғы. Бұл кісіні қыл көпірдің үстінде тұрғанда да күлдірер,— деді Қартбай.

— Тұнжырай берсе адамның іші кірлеп кетеді. Күлкі көңіл тазартады, — деп қалжың айтты Мұрат.

Кішкене бөлмеде он бес шамалы жауынгер отыр. Іштерінде Раушан, Күләнда, Уәли де бар екен. Кәкібайдың қолында домбыра, күйге келтіріп, құлағын бұрап шертіп отыр. Уәли Раушанға жақынырақ келіп, бірақ қасына жете алмай Күләндаға жалғас отырыпты. Раушан мен Уәлиді көргенде Ержанның өңіндегі күлкі тез сөнді.

Оларға қарамауға тырысып, Мұратқа бұрылса да, Раушанның өзіне бірнәрсе дегісі келген Уәлиді жаман көзімен атып, теріс айналғанын көріп қалды. Осыған ырза болып қалған да сияқты.

— Кәне, Кәкібай, шырқап жібер. Сенің әніңді естуге келдік, — деді Мұрат.

— Құп, жолдас капитан. Өзімді де, жұртты да қыздырып алу үшін алдымен «Жамбас сипардан» бастайын.

Кәкібай «Жамбас сипарды» шырқап жұртты бір желпіндіріп тастады. Содан кейін «мен шаршап қалдым, кішкене демалайын. Раушан бір ән айтсын. Қыз даусына қосылмай домбыраның күйі келетін емес», — деп жармасты. Раушан «айтуға жағдайым жоқ. Басым ауырып отыр»,— деп тартыншақтап еді, қызып алған жұрт қоймады.

— Неменеге жүдейсің, Раушан. Ән сал. Көңілің ашылады. Біздің де көңілімізді аш. Тәңір жарылқасын, — деп Мұрат та қолқалады.

Раушан қызара жымиып Күләндаға қарады. Күләнда «айт, айтсайшы»деп сыбырлады. Раушан езу тартып күлсе де көз жанарында ұялаған суық сәуле жылымады. Ол Кәкібайға бұрылып «Татьянаның әнін тарт»,— деді.

Тереңнен шымырлап басталатын Абай өңінде үлкен сыр бар екен. Кеудені кернеп кеткен зор қайғы мен абзал арман ақтарылатын жол таба алмай, көкіректен сызаттап, тепсіне шығып, бірте-бірте өрлеп барады. Әннің әсем де тегеурінді әуенінің арасынан ескен мұңды аңсау, тәтті сағыныш жүректі майда тербеп, еліктіре түседі. Әнмен бірге Раушан да өзгерді. Салқын реңі жұмсарып, көз жанары дымқыл тартып дөңгелене мөлдіреп барады.

Қызғылт тартқан жұқа өңін тұман шалғандай. Қыз көңілінде қатқан мұз — кеудеден шыққан мұңлы тұнық дауысқа балқып еріп барады. Кеудені басқан зіл салмақ жеңілдеген сайын Раушанның даусы ашылып шырқай түсті. Енді ол ән қанатымен самғап, ғажайып бір алысқа шырқайды. Мөлтілдеген көз жасының ар жағынан жалт етіп үміт ұшқыны шыға келеді. Алыстағы бір бақытын көргендей ынтыға түседі. Ол бақыты сағым сияқты бұлдыр елес береді. Елестен көз жазып қалам ба деп қорқып үрей мен үміт аралас телміре қарайды.

Ержанның әлі де әлі келмейтін нәрсесі ән екен. Ән күші оны әбден баурап алды. Сонау бала кезінде ауылдағы ойын-сауықтарда өзге дүниені ұмытып, аузын ашып елтіп тыңдайтын қалпына қайта түсті. Сол бір армандай алыстап бара жатқан тәтті кез, жақсы кез қайтып айналып келіп, тағы да рақатқа батырды... Раушан оның көз алдында өзгеріп кетті. Осы кезге дейін ол Раушанды сырты қызыл, іші шірік алмадай сезінуші еді. ЬІнтықтыратын да жирендіретін. Енді олай емес, қасіретке түскен ғазиз жүректі көрді. Раушан сол қасіретімен де биіктеп барады. Өткенінен безіп, балапандай талпынады.

Ән әркімнің «қай-қайдағысын» қоздырды. Ән біткенде жұрттың әрқайсысы өз көңілдерінде оянған өткен күннің жақсы елесіне беріліп, елтіп отырып қалды.

— Шіркін, дүние-ай десейші, — деді бір уақытта Көжек күрсініп.

Осыдан кейін барып, жұрт мақтау айтып дабырласын, Раушанға «тағы айт» деп жармасты.

Раушан көзіне жас келіп тұрғанын білсе де, сүртуге ұялды. Тез бойын түзеп алып, Кәкібайға жалт бұрылып, «Майраны тарт» деді.

Серпінді, ескекті ән жүйтки жөнелгенде тар бөлменің қабырғасы қақ жарылып, қазақтың жусанды адыры, бозды даласы, қиқулап шапқан жігіт, той-думаны атой бергендей болды. Жұрт та серпіліп орындарынан бір қозғалып қойды.

— Ой, айналайын, осылай серпілші! — деп дауыстады Мұрат.

Ержанның көз алдында Раушан тағы да өзгеріп кетті. Енді жаңағы қасірет те, арман, аңсау да жоқ. Өңі құлпырып, көзі жайнап кеткен. Тек, ыза ма, ерегіс пе, көз жанарында бір өткір сәуле бар. Раушан өзінің паң, сұлу тұлғасымен, ойнақы ұшқыр әнімен жігіт атаулыны қағытып, кемсітіп тұр.

«Қызы едім, мен Уәлидің атым Майра,
Отыз тіс көмекейде, тілім сайра.
Шырқатып домбырамен жөнелгенде,
Ілесер осы әнге жігіт қайда?
Майра, Майра!
Сайра, осындайда!»

— Ой, көп жаса! Ілесе алмайды еш жігіт!

— Мұндай қыз мың жігітті бір таяқпен айдайды.

— Қойдай өргізеді.

Жұрт қошаметі басылған кезде, малдасын құрып отырған Қартбай, шалқая түсіп, сирек мұртын сипап қойып сөз бастады:

— Әрқайсымыздың бір тәтті, жақсы кезіміз болушы еді. Ол осындай достарымызбен сауық құратын кезіміз еді. Осынау бір қиын уақытта сол жақсы сағатымызды қайтып әкеліп беріп бір жасаттың ғой, қарағым. Көкірегімізге нұр құйдың ғой.

Мұрат түн жамылып штабқа қарай желе-жортып келеді. Азанғы ауыр істің арасындағы жаңағы бір сауық көппен бірге мұны да қатты тебірентіп еді. Раушанды көргенде есіне Айша түсті. Оның Айшаға бір ұқсастығы бар сияқты. Бірақ қандай ұқсастығы барын Мұрат біле алмады. Айша дөңгелек жүзді. Раушан ат жақтылау келген. Раушанның тұлғасы да талдырмаш, нәзік. Айша одан толығырақ, ірілеу болатын. Екеуінің арасында ешбір ұқсастық жоқ сияқты. Бірақ Мұрат бір сәтке Раушанның бейнесінен Айшаны көріп қалғандай болды ғой.

Көзге көрінбес көңілмен танитын бір ұқсастық бар. Ия, иә... Алғашқы әнді бітірердегі жас мөлтілдеген көзқарасы... Сол кездегі бүкіл ұяң тұлғасы. Ол баланың да көңілі жүдеп қалыпты ғой. Қазақ қыздарының қасіреті қандай ұқсас еді. Мұрат кенет тосын бір сыр ашқандай қайран болды. «Раушанның көзіндегі әйел қасіреті ғой» деп тіксініп қалды.

Мұрат отыздан асса да Раушанға жігіттік көңілі болған жоқ. Оны ағалық сезімі биледі. Қарындасындай жақын көріп, іші тартатын. Ол мұның бір құласа қатты құлайтын, бір тыйылса кесіп тастайтын мінезінен де болу керек. Кезінде талай сайранды салып еді.

Сұлу қызға қырғидай тиетін. Содан үйленіп тыйылған-ды. Ақыл кіріп, өзін өзі билеген шағында Айша еркін алып кетті. Айшаға шын ғашық еді. Онсыз тұра алмайтын күндері де болды. Бірақ Айша өзінің кеш оянып, тереңдеп кеткен махаббатынан шошып оқыс тоқтады. Бел шешіп шыға алмады. Өз тағдырына мойынсұнған, көнбісті қазақ әйелінің мінезін көрсетті. Бірақ Мұраттың Айшаға деген махаббаты суйитын емес, әлі маздап, көңілін жылытумен келеді. Қазір де қараңғы түнді қақ жарып көз алдында Айша тұр, Мұрат оны көңіліндегі бар жылуына бөлеп, аялап келеді.

6

Биыл Алматыда қыс пен күздің жігі білінбей жалғасты. Ноябрьдің басында жаңбыр мен қар араласып лайсаң болып еді, айдың орта кезінде аяз қысып қатырып тастады. Көшелерді лас көк мұз басты. Әр жердегі үйінді қар да ери түсіп, көк мұздақтанып қатып қалған. Орта тұсынан екі-үш қабат үйлер қылтиып, жаңа ғана бойын көтере бастаған қала әлі де тарбиып, кең жайылып аласа жатыр. Жаздыгүні көк торғынға бөлеп тұратын мол ағаш жасыл жапырағынан айрылып, қаланы жалаңаштан жүдетіп тастаған.

Қала өмірі өзгеріп кетті. Халқы да өзгерді.

Екі-үш ай бұрын эшелонға тиеліп Москвадан көшкіндер келе бастады. Госпитальдар ашылды.

Майданның қан исі үш-төрт мың километр алыстағы қалаға жетті. Москвалықтар әзір қала халқының ішіне сіңіп болған жоқ, олардың киім киісі де, жүріс-тұрысы да бөлек жатыр. Қаптап кино жұлдыздары да келді. Балалар мен жас қыздарға рақат боп қалды. Кейбір әйгілі артистің соңынан балалар шуылдап, мәз болып, еріп жүретін. Бірақ қазір олар да таңсық болмай қалды. Көшелерде денесінің бір мүшесін таңған жаралылар, мүгедектер де көріне бастады. Олардың ет қызуы басылмаған кейбіреулері сонау төменгі жақтағы көп будкалардан Алматының әлі де карточка клеткасына ілінбеген алма шарабын тартып алып, «мен қанымды төккен адаммын» деп кеудесін соғады.

Қала тығыздала түсті. Ауып келген көп көшкіндерге, бұрын да онша кең отырмаған қала халқы ығысып өз үйлерінен орын берді. Көңіл сыйса, сыя береді екен. Кейде көңілге қарамайтын да кез болды. Қаланың оннан астам шағын вуздарының үстіне көшіп келген бірнеше үлкен институттар да тығыздалып сыйып кетті. Заводтар да көшіп келе бастады.

Өмірдің ағыны да өзгерді. Бұрын жайбарақат істелетін нәрсенің бәрі қауырт болды, бұрынғы асығыс нәрсе енді тым шұғыл болып кетті. Жұмыс күні де тығыздалды. Бұрын кеңседе көбірек отыратын бастықтардың өзі енді тынымсыз шапқылайтын болып барады.

Жұмысшылар сменадан тыс, демалыс күндері жұмыс істеп, майдан керегін молырақ өтеуге жан салады. Жайбарақаттық жоқ, бәрі тығыз. Белбеуді де тығыздаңқырап бууға тура келді.

Айша қаланың төменгі жағындағы мектептен шықты да, жоғары қарай жаяу жүрді. Үйі алыс, бас арық жақта болатын. Базарға, дүкенге соғатын шаруасы болды. Ол дүкендерді аралап жеті жасар ер баланы қуантатын бір нәрсе іздеді. Басында не сатып аларын өзі де білмей «бара көрермін» деген оймен шығып еді.

Полкалары қурап тұрған дүкендерден еш нәрсе таба алмады. Әрең деп үлкен гастрономнан қымбат шоколад тапты. Кеше күйеуі Құдайберген: «Дүкендерде еш нәрсе қалмай бара жатыр. Ең аяғы темекі де жоқ, алты сом жиырма тиынның папиросы ғана қалыпты. Қамданып, күтініп қалу керек» деп еді. Айша гастрономнан шығып базарға барды. Бір-екі кило алма сатып алды. Алма да қымбаттап кетіпті.

Айша мектепте күніне сегіз-он сағат сабақ беретін. Мұғалімдік тәжірибесі аз адамға бұл ауырлау тиді. Бірақ амал жоқ. Оқытушылардың жартысына жуығын әскерге алып кетті. Оның үстіне күнара госпитальға барып жаралыларды күтеді. Бұл жұмысқа оны ешкім қыстаған жоқ еді, өзі ықылас білдірді. Бір айдан бері жаралылармен танысып, үйренісіп қалды. Енді бір күн кезегінен кешіксе кәдімгідей елегізіп қалатын болды. Неге екені белгісіз жаңадан жаралылар келді десе құлағы елең ете қалады. Қашан жаңа келгендерді көріп шықпай тыныштық таппайды.

— Алматыдан кеткендерді білмейсіздер ме? — деп жаралылардан сыр тартып сұрап та қояды.

Кеше Панферов дивизиясынан жараланып келген бір орыс жауынгерге жолықты.

— Арыстанов Мұрат деген командирді білмейсіз бе? — деп сұрады.

— Ой, ол біздің командир ғой. Мықты командир. Неге білмеймін. Жақсы білем. Біздің батальон дивизиядағы ең мықты. Өйткені біздің командиріміз жақсы. Жауынгерлер де сорлы емес. — Қызынып кеткен жауынгер, көзі жайнап елти тыңдап қалған Айшаның бетіне қарап:— Сіздің күйеуіңіз бе еді?— деп сұрады. Жауынгер «иә» дегеннен басқа жауап күтпей, Айшаның бетіне тосыннан таныс, дос тапқандай бар ықыласымен күлімдей қарап қалған.

— Жоқ, жоқ...— деді Айша қатты абыржып. — Біздің танысымыз еді...

Осыдан кейін Айша өзінен-өзі қысылып қалды да, Мұрат жайлы әңгімеге қана алмады. Бір орайы келгенде асықпай сөйлесермін деп ойлады.

Айшаға бүгін дүкен аралатқан бір жағдай бар еді. Мана түс кезінде үзіліске шығып, мектептің алдында Мұраттың баласы Шерниязға жолығып қалды. Шернияз биыл бірінші класқа түскен-ді. Бала Айшаны танып:

— Айша апай, аман ба? — деп сәлем берді.

Айша жалт бұрылып, баланың бетіне қарап;

— Ой, Шерниязбысың-ай, сен,—деді.

— Иә... Мен Шерниязбын.

Шернияз Мұраттан айнымай қалған екен. Жақ сүйегі сәл шығыңқы, аққұба өңі, ортасы сәл дөңестеу кең танаулы мұрны, қабақ бітісі, ең аяғы көзі жалт етін миығынан күлгеніне дейін аумаған Мұрат. Айшаның іші жылып кетті.

— Сабақтан шықтың ба?

— Иә, сабақтан шықтым.

— Үйіңе неге бармайсың? — деді Айша.

Айша енді байқады. Шернияздың үсті жұпынылау екен.

Шешесі биыл мектепке баруына арнап жаңа киім тіге алмапты. Өскелең жастағы баланың киімі тарылып, көп ойыннан тозыңқырап та қалыпты. Пальтосының шынтағына білдіртпей салған жамау бар, жең ұшына да өзі түстес екі елі қара жалғаныпты. Ананың қамқор қолы қанша қымтаса да жүдеулік ізі сезіліп тұр.

— Үйде мамам жоқ. Сағат бірде келермін деді. Мен соған дейін ойнай тұрам,— деді Шернияз үлкендерше байыпты сөйлеп.

— Мамаң жұмысқа кетті ме?

— Мамам базарға кетті. Ол жұмыста жоқ. Базарға киім сатуға кетті. — Бала Айшаның жеңінен ұстап, жасырын сыр айтқандай сөйледі. — Папамның костюмін сатсақ қайтеді деп менен сұрады. Мен папамның киімін сатпа дедім. Мамам да сатпаймын деді. Бізге карточка беріп еді, жоғалып қалды,— деді бала мұңайып. — Мамам базарда ұн тіпті қымбат дейді.

— Еш нәрсе етпес. Бір амалы табылар, — деді Айша балаға еміреніп, еңкейе түсіп. — Папаңнан хат бар ма?

— Папамнан бес хат келді. Мен барлық хатты жинап қоям. Столдың тартпасына салам. Мамамнан сұрасам айтады, папама әлі орден бермепті. Неге панама орден бермейді екен? — деп таңданды Шернияз.

— Береді. Неге бермесін.

— Айша шыдай алмай Шернияздың бетінен сүйіп алды.

Мұғалима апайдың мінезіне түсіне алмай таңдана қараған баланы тағы құшақтап арқасынан қағып:

— Бар, ойнай ғой...— деді.

Жол бойы ойлағаны Мұрат үйінің жайы болды. Хадишаның шұрқырап қарсы алмайтынын білсе де, сол үйге барып, жағдайын көріп, қолынан келген жәрдемін істегісі келді. Егерде олай етпесе Мұраттың алдында бір түрлі айыпты, ұятты болып қалатын сияқты көрінді де тұрды өзіне.

Айшаның үйі әлі соғыс ауыртпалығын сезе қойған жоқ. Азаматы үйінде. Екеуі бірдей жұмыс істейді. Оның үстіне Құдайберген шаруақор, ұқыпты кісі.

Және таныстары да, араласы да көп. Әскерден есебін тауып броньмен қалып қойды. Қазір бір үлкен мекеменің OРC-ның бастығы болып істейді. Карточка шыққалы да бұл үй, ағыл-тегіл болып жатпағанмен, еш нәрседен тарылып көрген жоқ. Сондықтан ба, бұрын ажарсыз, томырық Құдайбергенді кемсітіп, Айшаға: «Сенің құдай берген күйеуің қайда?— дейтін құрбылары, енді «жұрттың бәрімен Құдайберген озды. Саған шынында да құдай берген екен» дейтін болды. Барлықты қай әйел жек көреді. Бірақ Айша осы бір қиын кезде өз үйінің бөлекше тоқтығын ауырлайтын болды. Бүгін Мұрат үйінің халін естігенде, ұрлық қылғандай қуыстанды.

Айша есікті ашып, киімін іліп жатқанда:

— Мамам келді!—деп қуанып, төрт жасар қызы Мәрияш жүгіріп келді. — Мама, маған не әкелдің!

Айша қызының қолына бір алма ұстатып, көтеріп алып екі бетінен кезек сүйді. Баласы кішкентай қолымен екі бетінен шапалақтап, маңдайын бетіне басып, жол бойғы ауыр ойдан сергітіп тастады. Айша Мәрияшты алдына алып диванға отыра кетті. Күні бойға шаршағанын енді сезіп, үйреншікті тыныш, жылы бөлмеде қозғалмай, рақаттанып тыныс алып отыр.

— Қалқам, ас дайын. Құдаш та жұмыстан келді, — деді шешесі есіктен қарап.

Астан кейіп Айша қамдана бастады. Әкелген шоколадтарын, алмаларын және де бір ораулы заттарын сумкаға салды.

— Қайда барасың? Бүтін госпитальда дежурить етпейсің ғой, — деді Құдайберген.

— Басқа жерге барам, — деді Айша.

Құдайберген жақында алып келген төрт метр тұтас қалың қара шұға бар еді, Айша соны сандықтан алып, бір метрден астамын қиып алды.

— Оны қайтесің? — деді Құдайберген ұнатпай.

— Орны бар.

Айша заттарын сумкаға нығыздап алып, ауыз үйге шыға бергенде күйеуі:

— Сен өзің қайда барасың? Жөніңді айтшы, — деді ашуланып.

— Мұрат... Хадишаның үйіне барам, — деді Айша қайрылып. Содан кейін анасына бұрылды. — Айтпақшы анау екі карточканың біреуін әкелші.

Құдайберген түнеріп кетті. Ол қатты ашуланғанда темірдің табындай қара өңі көкшіл тартып кететін. Айшаның Әсіресе ұнатпайтыны осы бір кейпі еді.

— Немене, үй ішімді асыра деп Мұрат саған хат жазып па?

Құдайбергеннің қызғаныш көрсетуі бір бұл емес-ті; Айша ашуланбай байыпты жауап берді:

— Хадиша карточкасын жоғалтып алыпты. Ай жаңа басталды. Баласының пальтосы да тозыпты.

— Айтып тұрғаныңның бәрі өтірік! Онан да маған ғашығыңның хатын көрсет!— деп Құдайберген орнынан тұра келді.

— Әй, аузыңа келгенді көкіме!

— Қойсаңдаршы, қарақтарым-ау, — деп екі ортада ана байғұс бәйек болды.— Құдаш жаным, оның не айтып тұрған. Айша қалқам, сен де қой. Құдашжанның ашуына тиме. Азаматқа қарсы келіп қайтесің!? Құдашжанды ренжітпе!

Кемпір Құдайбергенді шынында да жақсы көретін. Әсіресе, оның үй-ішіне қамқорлығын, әйтеуір қолына түскенін шашау шығармай үйге жамай беретін шаруақор мінезін ұнататын. Іштен шыққан жалғызы Айшаның жақсы өмір сүргенін тілейді.

— Апа, сен араласпашы осы іске. — Айша бұл сөзді қиналып айтқаны сонша, кемпір үндемей қалды.

— Жоқ, сен ешқайда бармайсың, — деп Құдайберген Айшаның қолынан сүйреп төрге әкелді.

Айша Құдайбергеннің уысынан шынтағын жұлқып шығарып, үндемей оған тесіле қарап, тұрып қалды.

— Мен дүние аяп тұрғаным жоқ, апай, — деді Құдайберген кемпірдің қасына барып. — Менің табысым кімге берсе де жетеді. Мен қашан осы табысымды аядым. Бірақ, менің намысыма тиеді бұл. Азамат басымды қорлайды.

— Сенде намыс бар ма? — деді Айша Құдайбергенді жарға шегелеп жіберердей тесіле қарап. — Менің арым сенікінен таза. Намысың болса өз әйеліңнің абыройын өзің төкпес едің ғой.

— Ә-ә... Менде намыс жоқ дейсің бе!? — деді Құдайберген Айшаға жетіп келіп, бірақ әйелінің көзқарасынан тайқып, өзімен-өзі бұрқан-тарқан бола берді.— Менде намыс жоқ екен ғой. Мен саған көрсетейін намысты. Бұлданатын түгің де жоқ. Қазір жас қыздар маған әке деп тиеді. Осы үйден шықсаң енді қайтып кірмейтін бол.

Айша тез киінді де үйден шығып кетті. Әр жерден дөңгеленіп электрдің солғын жарығы көрінеді. Көшеде адам аз. Трамвай тоқтайтын жерде үш-төрт әскери жас жігіттер қызу әңгімелесіп тұр. Ленин көшесінен төмен қарай сап түзеп ұзын созылып әскерлер кетіп барады.

«Броня крепка и танки наши быстры» деп ән шырқайды.

Трамвай тез келе қоймады. Әскерлердің бірі қалжыңдап тіл қатып еді, Айша бұрылып, әрегірек кетті. Айша Құдайбергеннің ашуынан қорыққан жоқ, ауыр сөзіне ызаланған да жоқ, тек өз өміріне, өз тағдырына налыды. Құдайбергеннің сыры да, бар болдығы да бұған мәлім еді. Ол әйелін шексіз жақсы көреді де, шексіз қызғанады да. Бірақ оның махаббаты Айшаға да, өзіне де қуаныш емес, қасірет сияқты болып жабысты. Ол Айшаны өзгеден ұрлап алған асыл зат сияқты қоруыштап, қуыстанып, жат кезден жасырмақ болады. Қызғанышы да оянған намыс емес, айрылып қалам ба деген қорқыныш.

Шынында Құдайберген намыссыз, жігерсіз жігіт. Оның ашуы да, серті де түйінді іске апармай, бос бұрқырап будай тарап кетеді. Жаңағы жерде сонша ашу шақырып, сонша сөзді көкімей-ақ, шын ыза болса, түнеріп келіп, қойып жіберсе, Айша тіпті риза болар еді.

Құдайбергеннің басқа бар кемшілігін кешірер еді, бірақ жігерсіздігіне, намыссыздығына қатты налиды. Өзін-өзі сыйламаған адамды сыйлау да қиын екен.

Әкімшілік сатысының жоғарырақ басқышында тұрғандарға жанасуды Құдайберген мәртебе көретін. Айшаны солай түсініп, ол ылғи «пәленшекең, түгеншекеңдердің» қауымына қонаққа апаратын. Бірақ Айша ондай жердей Құдайберген ойлағандай «бір жасап» қайтпай, арланып, жер болып қайтатын. «Үлкендер» Құдайбергенді онша қадірлеп жатпайтын. Әдетте столдың ең шетіне таман отыратын Құдайберген «ананы алып беріп жіберші», «мынаны бүйте салшы», «пәленшені шақыра қойшыға» өзінен-өзі ыңғайлы тұратын. Бір ғажабы, Құдайберген олардың айтқанын жымия күліп, мәз болып орындайтын. Кейін өзге бір жерде «біз пәленшекеңдікіне қонақта болғанда, түгеншекең былай деп еді» деп, қайдағы бір татымсыз сөздерді Жиренше шешеннің лебізіндей көріп айтып отыратын. Күйеуін елемейтіндер Айшаға да еркін ниет білдіруден іркілмейтін. Осындай «қонақасылардан» Айша қатты ренжіп қайтатын. Ақыры күйеуімен бірге ондай жерге барудан тыйылды. Кейінірек бұлар Мұраттың үйімен, Уәлимен араласатын болды.

Адам танымай, дүние көрмей жастай күйеуге шыққан Айша, «әйел өмірі деген осы екен» деп, өз тағдырына мойынсұнғанда, сұрғылт реңсіз бұлтты жарып шыққан күндей жарқ етіп Мұрат көрінеді. Алғашқы рет сүйікті адамның дүниедегі барлық нәрседен қымбат екенін, бір адамның бір адамға шексіз бақыт бола алатынын Айша сонда білді. Мұраттың келбеті ғана сүйсіндіріп қойған жоқ, оның қайсар мінезі де, қанағат таппайтын өршіл талабы да Айшаның нағыз аңсаған қасиетіндей көрінді. Бүкіл қағылез, ширақ тұлғасы, қатқыл, тіпті суық өңі әмір етуге жаралғандай қайратты жігіт ыстық махаббатымен шарпып, билеп әкетіп еді. Ілесе алмай қалды. Шырмалып қалған торынан шығуға қайраты жетпеді. Енді кеш сияқты. Айша Мұратқа риза. Сұрғылт көңілдің бір жағына нұр құйып тұрған да сол.

— Бикеш, бикеш, трамвай келіп қалды, — деп дауыстады әскерлердің біреуі.

Трамвай жақындап қалған екен. Екі жағынан екі әскер қолтығынан демеп мінгізді. Трамвайдың ішінде әскердің бірі «сіз отырыңыз» деп ізет етті де, қапелімде орын таба алмай, теріс айналып, терезеге әдейі үңіліп отырған бір жас жігітті «ғафу етіңіз» деп, иығынан нұқып тұрғызды.

Анау ажырая қарап еді, сары жігіт «мен сізге сыпайы болуға көмектесіп жатырмын»,— деді көзін қысып. Солдаттың мінезі аздап Айшаның көңілін сергітті. Хадишаның үйі үш-ақ аялдама жерде болатын. Енді Айшаның көңілі қайтадан қобалжи бастады. Мұны Хадиша қалай қарсы алмақ. Ол әйел де бихабар емес еді, оны Айша сезетін. Және мыналарымды не деп ұсынам. Намысына тиіп, ренжітіп алмас па екем. Қанша айтқанмен Мұраттың әйелі ғой.

Бірақ манағының бәрінен кейін Айша кейін шегіне алмады.

Есікті Хадишаның өзі ашты. Айшаны көріп ақырын тұрып қалды. Көз шарасы үлкейіп, танымаған адамдай таңырқай қарайды. Айшаның аяз сорған өңінің қызылы қоюлана түсті. Ернінің ұшымен әрең ғана «Сәламатсыз ба» — деді. Хадиша да ернін күбір еткізгендей болды. Бір сәтке созылған үнсіздіктің өзі шыдатпай бара жатыр. Хадишаның түріле ашылған жұқа ернінен «не шаруаң бар еді!» деген ащы сөз ыршып шығып, бетке ұрып жіберетін сияқты. Манадан көңілінде дайындап алған: «Үйіңнің тұсынан өтіп бара жатып, соға кетейін деп едім» деген сөзі жалған еді. Дәл осы бір қысылшаң сәтте жалған сөз ауыздан шықпады. Хадиша енді бір азғана секунд үндемесе Айша бұрылып, қайта шығып кетуге де даяр еді. «Кіріңіз» деді Хадиша.

Айша табалдырықтан қалай аттап өткенін, алдыңғы бөлменің төрінде тұрған орындыққа қалай жеткенін білмеді, тек отырғаннан кейін ғана өзін-өзі билегендей болды. Сырт киімін шешпестен, қолындағы саквояжын тізесінің үстіне қойып, енді тұрып кететін адамдай орындықтың шетінде сергек отыр. Хадиша «шешін» деп айтпаса мына түрімен келген шаруасының бірін де бітіре алар емес. Кеңірек отырып сөйлесуі керек қой. Хадиша әлі «шешін» деп айтқан жоқ. Жаңағыдай таңырқап қарамаса да, шүйіркелесіп жөн сұраспай, диванның үстінде шашылып жатқан көрпе, жастықтарды жинастырып жүр. Қонағына онша қуанышты емес сияқты.

Әйел заты сыншыл да аңғарымпаз ғой. Айша үй ішін көзімен бір шарпып өткенде-ақ ұсақ-түйекке дейін көріп қалған еді. Аласалау шағын бөлме. Ана ақшыл сарыға боялған фанер есік төргі бөлмеге апарады. Кереует жоқ. Tөp бөлмеде ұйықтайтын болар. Мәнерлі оюлы матамен тыстаған арқалығы аласа диван. Үстінде ұзынша қоңыр сәтен көрпе, кестелі екі кішкене көпшік жатыр. Үш-төрт жұмыр сирақты арқалығына, отырар жеріне фанер ұстаған стул. Есік алдына алаша төсеген. Бұрышта бір сандық, оның үстінде чемодан. Кәдімгі орта қол қызметкердің жұпыны ғана тап-тұйнақтай үйі. Тек екі терезе ортасындағы комод үстінде ғана айнаның сәулесіне шағылыса жарқырап ұсақ-түйек әшекейлі заттар көрінеді.

Қабырғада Мұраттың үлкен суреті тұр. Жасырақ кезіндегі кішкене карточкасынан үлкейттірсе керек, жалпы ұқсастығы болмаса, кәдімгі «Мұраттық» ешнәрсесі көрінбейді.

— Шернияз қайда? — деп сұрады Айша.

— Шернияз ұйықтап қалды. Өзіңнің үй ішің аман ба? Күйеуіңнің, балаңның дені сау ма?

— Саушылық.

Кірердегі лоблыған көңілі басылып, Айша енді өзін-өзі билеп алды. Ол енді столға жайғасыңқырай отырып, пальтосының өңірін ағытып, басындағы түбіт шәлісін шешіп қолына алып, жайбарақат отыратын рай білдірді.

— Шешінсейші, шай қояйын, — деді Хадиша.

Мұның тек сыпайылық үшін айтылған сөз екенін білсе де, Айша бас тартпады. Тез шешініп киімін ілді,

— Азғана жылынып отыра тұрайын, шай қойып әуре болмай-ақ қой,— деді Айша.

— Жоқ, енді, отыратын болғасын шай іш, — деді Хадиша. Мұнысы «кетпей отырып алғасын, несіне бұлданасың» дегені сияқты.

— Мейлің, ендеше, — дей салды Айша.

— Мен қазір шай қойып келейін, — деп Хадиша ас үйге шығып кетті.

Шай үстінде бірте-бірте кәдімгі екі әйел бас қосқандағы үйреншікті әңгіме басталды. Қала тұрмысы, ортақ таныстар, Хадишаның кестесі — бәрі кәдеге жарап әңгіме болып жатыр.

Бірақ екі әйелдің көмейіндегісі ол емес. Болымсыз сөздер іште толқыған үлкен айқастың бүркеніші сияқты. Қабақ астынан бір-бірін бағып, бірі «не ойың бар? Неменеге келдің?» десе, бірі «Мен туралы не ойлап отыр екесің? Ішің жылымайтын-ақ шығар» дейді.

Айша Хадишаны көрмегелі жылға жуық болған.

Бірінде Хадиша байқамағансып басын да изеген жоқ.

Қазір Хадишаның өңі жүдеу. Бұрын қызыл шырайланып қан тепсініп тұратын әдемі өңі солғын тартқан. Оң жақ бетіндегі меңі де ажарының жүдеулігін танытып, баттиып айқындала түскен. Көзқарасынан, күйгелектік ене бастаған қимылынан, дауысынан әлдеқандай бір күйінішті ызаның ызғары сезіледі. Таныстарды сөз еткенде де ызамен кекеп, шенеп отырды. «Құрман не ғып жүр осында? Қатын-баласын Ақмолада қаңғыртып тастап, өзі сайранды салып жүр ғой». «Нұтфолланы-ақ әскерге алмайды екен. Майданға барса көрер едім шікірейгенін», — деп келеді сөздері. Айша Хадишаның халін әйел жүрегімен ұқты. Сырласар, мұңдасар адамы жоқ, қиналғанда демеу болар жақыны жоқ, бұрыннан да шыдамсыз, мінезсіз әйелді жоқшылық пен жалғыздық ашындырып, ызақорлығын қоздырыпты. Енді бұл байғұс жақсылықтан түңіліп, жамандықты ғана көреді. Осы қаланың, барлық жұрттың бұған істері тек қиянат сияқты көрінеді. Ең аяғы бір әйел машинаға мініп бара жатса да, не күйеуімен театрға барса да өз орнын, өз үлесін сол тартып алғандай қызғанады. Осындай қиын кезде дүниеге түгел ыза болып өмір сүруге болмайды ғой. Айша Хадишаны аяп кетті. Сырласып көңілін жылытқысы келді. Бірақ мынау ызасын сыртқа теуіп, тарылып алған әйел ішіне жіберер емес. Қайта реті келсе өзіне де ащы тілін бір сұғып алғалы отыр.

Хадиша Мұрат пен Айшаның арасында «бір бәле» барын көптен білетін. Бір кезде ішін өрт жалап, қызғаныш отына да өртенді. Бірақ өз көзімен жартымды еш нәрсені көре алмады. Әңгіме — құр өсектен туған сияқты көрінді. Айша тарапынан еш нәрсе сезілмеді. Соңғы жылдары Мұрат Хадишаға салқындап кетті. Бірақ ол салқындық Айша туралы өсектен көп бұрын басталды.

Бір рет Мұрат «мен басқа әйелді сүйемін, еркің өзіңде» деп еді. Бұл сөздің ашудан ғана тумағанын, шындық екенін жүрегімен сезіп Хадиша шошып қалды. Осы сөзден кейін Мұраттан айрылып қалам ба деп қорықты. Мұраттан өзгемен өмір сүруім мүмкін дегенді Хадиша ойламайтын. Сол «басқа әйелді» Айшаға жорып еді. Ол күдігінен әлі де арылып болған жоқ-ты.

Осы сияқты себептермен араласпай кеткен Айшаның не шаруамен арнап келгенін Хадиша түсіне алмады. Іштей күндес әйел қайткенде де Айшаның алдында сыр алдырмауға, өзін жоғарырақ ұстауға тырысты. Алғаш кергенде бұрқ етуге дайын тұрған ашуын тежеп ұстады.

Хадиша да көз қиығымен Айшаны сынап отыр. Айшаның етжендеу сәл ғана жарасымды толықтығы бар тұлғасынан байыпты бір тартымдылық сезіледі. Қызыл шырайлы, ажарлы жүзін, мөлдіреген нұрлы көзін болмашы бір мұң шалып тұр. Ол табиғатынан біткен ұяңдығы ма, әлде реніш пе, айыру қиын. Бірақ осы бір мұң айдың бетін қалқалаған селдір мұнардай — Айшаның өңіне ерекше бір сән беріп тұр. «Мұндай әйел Мұратқа ұнайтыны анық», — деп ойлады Хадиша. Бірақ осындай кезде ішін өртеп кететін қызғаныш оты сөніп қалған сияқты, сыртына шығарып еш нәрсе айтпады. Тек Айшаны сөзбен бір шымшып өтті.

— Сенің күйеуің үйде. Төрт құбылаң түгел ғой. Қадірлі адамдарды әскерге алмайтын көрінеді ғой, — деді сөз арасында.

— Қайбір қадірімен қалып жүр дейсің, — деді Айша күрсініп. — Әйтеуір ебін тауып қалған да. Талай асыл азамат соғысып жүр ғой.

Екі әйелдің көмейлерінде тұрса да айтпай, орағытып отырғандары Мұрат еді. Енді әңгіме соған келіп қалды.

— Неге өз күйеуіңді жамандайсың, — деп Хадиша бір қағытып өтті. — Өзін жұрт мақтап жүр ғой. Сіздің үйді осы қаладағы күйлі үйдің бірі дейді.

— Хадиша, оның несін айта бересің, — деді Айша Хадишаға тура қарап. — Несін жасырайын. Ел басына күң туғанда өз тоқтығын ойлаған адамның несі артық. Бар ауырды арқалап жүр ғой талай азаматтар. Жұрттың тілейтіні де солардың амандығы... Москва түбі қиындап бара жатқан көрінеді ғой. Олардың қайсына оңай тиіп жүр дейсің. Тоқтатса екен тым болмаса.

Осы сөзді естігенде Хадишаның көңілі босап кетті. Мұрат жайын, соғыстың ауырлығын соңғы кезде көп уайымдайтын. Манадан бергі іштей тыртысқаны тарқап кетіп, енді ол да шын көңілден елжірей сөйледі.

— Қиын болып тұр ғой. Бүгін радиодан тыңдап едім.

Тағы да немістер көп танкі төгіпті дейді. Хат келмегелі де жарты ай болып қалды...

Хадишаның соңғы сөзінен Айша тіксініп қалса да:

— Аман болар. Соғыста хат жазуға мұршасы да болмайтын шығар, — деп жұбаныш айтқан болды.

— Аман болса болар еді, әйтеуір.

Хадиша көзінің жасын сүртті. Арадағы мұз еріді.

Сонау соғыста, қатерде жүрген адам еске түскеннен кейін екеуінің арасындағы кірбең сондай болмашы ұсақ құбыжық көрінді. Енді екі әйел шешіліп, сырласып сөйлесті.

— Көршілерің жақсы адамдар ма? Араласып тұрасың ба?— деп сұрады Айша.

— Жаман адамдар емес. Бірақ араласымыз шамалы.

Мұрат барда араласып тұратын екі-үш әкімдер бар еді.

Олардың үйіне бармайтын болдым. Күйсіз ағайың мен күйсіз дос сыйлы болмайды ғой,— деп Хадиша күрсініп қойды. — Бізді қойшы. Мұндағы адам өлмес, күн көрер-ау.

— Қызмет істемейсің бе?

— Бір-екі жерде бастықтарға секретарьлық қызмет ұсынып еді. Оның өзі қолбала сияқты қызмет қой. Арландым. Осы намыскерлігім Мұраттан жұққан ғой деймін, — деп күліп қойды Хадиша. — Бұдан бес-алты жыл бұрын педтехникум бітіріп едім. Қазір қарайып қалдым ба, қалай.

— Ендеше біздің мектепке оқытушы бол. Төменгі кластарға сабақ бересің. Айтпақшы, Шерниязды да өзің оқытасың ғой, — деді Айша қуанып кеткендей.— Өзіңе де жақсы. Үйде отыра бергеннен гөрі... көңілің сергиді.

— Ұмытыңқырап қалыппын. Қиын болмаса,— деді Хадиша. Бірақ Айшаның сөзінің ұнағанын көзі айтып тұр.

— Алғашқы сабақтарыңды дайындап апаруға мен көмектесермін. Тез-ақ жаттығып кетесің.

Хадиша шайын қайтадан ысытып әкелді.

7

Таң қылаң берді. Бұлтты таңның сұрғылт, күлгін сәулесі қара жардай қалың тұтасқан қарағай орманды, қуқыл қарлы дөңестерді, мүлгіп тұрған деревня үйлерін қараңғылық құшағынан суырып шығарып, бірте-бірте айқындай түсті. Таңмен бірге дабырлаған дыбыс, сапырылысқан жүріс тез саябырлады. Сырт қараған кісіге: түнімен дамылсыз қимылда болған майдан шебі таң ата ұйқыға кеткендей сұлық жатыр. Бұл үлкен айқас алдындағы ширатылған жіптей созылған үнсіздік, ширыққан күтініс еді.

Түнде екі-үш күннен бері бәсең тартқан неміс атакасына тойтарыс беріп тұрған алғы шептегі азғана бөлімдер кейін шегініп кетті. Екінші эшелон соғыстың өтіне шықты. Мынау ортасына бір шоқ тал өскен кішкене ойпаңнан арғы анау кішкене төбенің арғы бауырынан бері қарай иек артқан Неделино деревнясына күні кеше жауынгерлер еркін баратын, жылынып қайтатын. Енді сол деревнядан дұшпан қаруының сұсты тұмсығы сығалайды.

Окопта немістермен талай айқасқан солдаттар отыр. Бірақ оларды алғашқы соғысқа кірердегідей ыстық толқын билейді. Қолбасыдан бастап қатардағы солдаттарға дейін ең күшті, ең қиын айқастың төніп келгенін сезді. Шегіншектеп келіп арқасы Москваның қақпасына тірелген әскер дәл осы арада дұшпанды қайтадан бір серпіп тастап күш алуға тиіс. Әйтпесе жауды кеудеге шығарып алады. Барлық майданды осындай бір сезім биледі. Әркім өлуге болатын, бірақ шегінуге болмайтын айқасқа дайындалды.

Қашан алғашқы оқ атылып, әркім өзінше қимыл жасап, соғыстың қасарысқан қайсар сезімі қоздырып әкеткенше, солдат сымдай тартылып іштей сірескен халде болады.

Осы кезде төңіректегі нәрсенің бәрі ширығып, шертсе үзіліп кететін сияқты. Қолдағы үйреншікті қару да киелі, сұсты болып кетеді. Қасыңдағы күнде қалжыңдасатын жолдасың да биік қасиет иесі, аруақты адам болып, жаңаша, ерекше сыйлатады. Ең аяғы ауа да зыңылдап тұрғандай. Мұндай кезде қалжыңның әсері болмайды. Әркім өз көңіліндегі ұсақ-түйектен арылып, өз өміріндегі ең ұлы, ең биік іске дайындалады. Жарық дүние мен түнек арасындағы ұлы күтіс.

Ержан да дәл осындай бір халде болды. Ол түнімен көз ілдірген жоқ. Қанша қамданса да ұрыс алдындағы дайындық мұрша бермеді. Жоғарғы командирлерден өзі бұйрық алды, қарауындағыларға бұйрық етті. Окоптың әлі де таяз-ау деген жерлерін тереңдеттірді, запас атыс ұяларын дайындатты. Оқ-дәріні мол қамдап қалуға тырысты. Танкке қарсы гранаталар мен бутылкаларды азсынып аларманға епті Добрушкин мен Бөрібайды Дошевскийге жұмсады. Олар керегін мол алып қайтты. Кісінің бар қасиетінен қулықты артық бағалайтын Бөрібай солдаттарға өз ептілігін мақтаныш етіп айтты:

— Дошевский деген баяғыдан қазнаны жеп қалған алаяқ ұры емес пе?! Ауру қалса да әдет қалмайды деген: оқ-дәріні де ұрлағысы келеді. «Бір жәшіктен артық граната бере алмаймын», — деп Добрушкинмен керілдесіп жатқанда босатып апарған қапшығыма екі жәшігін сықап алдым. Алыңдар, үшеуден алыңдар.

Бір соғысуға взводтың оқ-дәрісі мол сияқты. Бірақ төніп келе жатқан күштің салмағын болжау қиын.

Соңғы екі-үш күнде дұшпан атакасы бәсеңдегенмен қауіп-қатер ұлғая түсті. Барлаушылар немістердің үлкен күш топтап жатқанын хабарлайды. Онсыз да алғы шептен танк гүрілі тым жиі естілетін болды. Үсті-үстіне өрекпіген жау атакасынан енді ғана тыныс алған солдаттар төніп келе жатқан темір күштің үздіксіз сықырына елегізіп құлақ тігетін.

Ержан окопты бойлап азғана жүріп келіп, ортаңғы екінші отделениенің тұсында тоқтады. Взвод бекінісінің оң қанаты өрлеу де, сол жақ, қанаты еңкейіңкіреп барып жыраға тіреледі. Жыраны қалың қар басып қалған. Екі жағына бірдей көз тастап, өзіне осы араны ыңғайлы көрді. «Әзірге осы жер қолайлы, кейін соғыстың ыңғайына қарап көрермін»,— деп ойлады. Бүгін ертеңгілік дұшпанның шабуылға көшетінін Ержан білді, бірақ дәл сағат, минутын біле алмады. Солдаттарының дайындығын мана таң алдында тексеріп, керекті бұйрығын жасаған. Енді дәл осы бір шиеленіскен күтіс сәтінде жұртты мазалауды тіпті орынсыз көрді. Аңды көздеп жатқан аңшыдан «сен мылтығыңды оқтадың ба» деп сұрамайды.

Ержан алдыңғы жаққа көз жіберіп үнсіз тұр. Неделино деревнясы төбенің астынан шығып келе жатқан керуен сияқты: бірер үйдің төбесі ғана қылтиып, бірер үйдің шатыры, одан әрі терезелері көрініп, екі-үш дөңестің үстіне тұтас шығып кеткен. Жау жақтың дүбірі еміс-еміс естіледі. Алысырақтан мотор гүрілінің үні талып жетті. Ержан жау жақтан естілген әрбір дыбысқа құлақ тігіп үнсіз тұр. Қасындағы Бөрібайды да ұмытты. Ол анау қырқаның астына топталып әмір күтіп тұрған күштің салмағын денесімен сезгендей.

Сол күш қырқадан асып төгіліп бері қарай ақтарылғанда — взводтың жіңішке шебі үзіліп кетпей, қайткенде де шыдау керек. Шегінуге болмайды.

Бұйрықта да дәл осы сөз айтылды. Бұдан бұрын шегінуге болмайды деген бұйрықтар берілген. Бірақ бөлімдер талай шегінді. «Шегінуге болмайды» деген әмір: «барыңды сал, фашистерді қолдан келгенше ұзағырақ бөге» деген мағынада берілетін де, солай қабылданатын да. Ержан енді «шегінуге болмайды» деген әмірдің өзінің ең шын мағынасында, ең соңғы рет берілгенін бар көңілімен ұқты. Басқалар сияқты бұл да қарқындап келе жатқан жауды біржолата тоқтататын сағатты күтуде еді.

Ол сағаттың осы соғыстағы ең ауыр, ең қаһарлы сағат екенін де білді. Енді сол бір шекке келіп қалғанын іштей сезініп, өңі ұстараның жүзіндей қуқыл тартып, бойын ыстық толқын кернеп тұр.

— Наблюдаешь? — деген таныс дауыс естілді.

Ержанның қасына Кусков келді. Құлақшынының құлағын түріп, сәл еңкейте киген, автоматын мойнына асқан; сол кәдімгі қалпы. Тек өңі қуқыл тартып, ерні жұқарып тісіне жабысқан. Көз нұры өткірленіп, көкшіл шыңылтыр сәуле шашады. Ол әшейіндегідей езу тартып күлген жоқ. Ержанның қасына келіп окоптың ернеуіне кеудесін тірей алдыңғы жаққа қарады. Ержан оның да өзі сияқты іштей ширығып тұрғанын сезді. Екеуі аз уақыт үнсіз алға қарап тұрды.

— Немістер танктерін көбірек әкеліп жатқан сияқты, — деді Ержан енді үндеспеуге болмағасын.

— Иә, естіп тұрмын.

— Политотделге барып қайттың ба? Не жаңалық бар екен? — деді Ержан.

Айтуын айтса да Ержан бұл сұрауының мәнсіз бос сөз екенін білді. Дивизия, майдан, бүкіл ел болып күтетін жаңалық мына жауды тоқтату. Политотдел бастығы Кусковка да одан басқа еш нәрсе айтпағаны анық. Василий Ержанның осы ойын түсінді.

— Жаңалық белгілі ғой өзіңе. Ананы тоқтату ғой,— деді иегімен алдыңғы жақты нұсқап.

— Да... Жарко будет сегодня, — деді Ержан да алдыңғы жаққа қарап. — Менің байқауымша, жар басына келіп қаппыз. Енді шегінуге болмайтын сияқты.

— Менде де дәл сондай бір сезім бар, — деді Кусков

Ержанның бетіне тура қарап. — Дальше некуда: Неміс күші әлі де басым. Өлгім келмейді. Бірақ осы жерден кейін аттауға болмайтынын білемін.

Сақырлаған танк шуы айқынырақ естілді. Ержан мен Василий бір-біріне қарады. Сәлден кейін Ержан қайта сөз бастады. Неге екені белгісіз, осы бір оңаша тыныштықта Василийге сырын айтқысы келді.

— Анадағы бір әңгімеміз есіңде ме. Сондағы бір ойлар мені көп қинады. Өзіңмен өзің қалып оңашада ойланғанда тіпті қиын болады екен. Кейінгі күндері соның бәрін ұмытып кеткен сияқты едім. Бүгін таң алдында барлық өткен өміріме көз жүгірттім. Жұрт сүйсінерлік, есте қаларлық еш нәрсе жоқ екен. Өзге тұрсын, өзім үшін де қуанып еске аларлық белгі жоқ. — Ержан мырс етті. — Тіпті жігіт болып адам сияқты қыз сүйіп те көрмеппін.

— Сен немене, қартайып қалған адамша сөйлейсің, — деді Василий Ержанды жаңа көргендей бетіне үңіле қарап. — Ондай чепуханы басыңнан лақтырып таста. Сенің нағыз өмірің енді басталып келе жатыр.

Василий Ержанның көңілінде қандай өзгеріс болып жатқанын түсінді. Адам өмірінде балалық пен есейіп ержетудің арасында едәуір аралық болады. Адамның ойлы шағы сәске мен түстің арасындай байқаусыз келеді. Соғыс Ержанның балалық қабығын піспей жатып сыдырып, ауыртып аршыған. Бейқам көңіл күтпеген жерден тұңғиық ойға тірелген. «Көп ұзамай толғақ басылады, көңілі орнына түседі» деп түйді Василий.

Кенет осы сөзінен Ержанның өзі ұялып қалды. Бейне біреудің баласы хал үстінде жатқанда шиқанының сыздағанын айтып қыңқылдағандай көрінді. «Ажалдың қарсы алдында тұрған адамға менің шек-қарнымды ақтарудың қанша қажеті бар», — деп тастай түйіліп алды.

— Чепуха екені рас. Оттап кетіппін, — деді Ержан.

— Ой, сен ренжіме. Мен сені түсініп тұрмын. Кейін бір сөйлесерміз, — деді Василий.

Ержан үндеген жоқ.

— Мен сенің взводыңда боламын, — деді Василий. — Ал, енді жігіттерге барайын.

Ержан Василийге ырзалықпен қарады. Жас дәрігер ауыр операция жасап жатқанда қасында тәжірибелі профессор тұрса қандай батыл, сенімді болар еді. Ержан да ұрыс кезінде қасында Василий болса, сондай сезімде болатын.

Жау атакасы оқыс басталды. Қысқа ғана қызу артиллерия атысынан кейін Неделино деревнясынан қаптап жаяу әскер шықты. Олар бергі баурайға құлай бергенде қырқадан теңселе қозғалған танк көрінді. Бірінің артынан бірі суырылып шығып келеді. Енді бес танк сап түзеп, салмағымен жерді жаншып асықпай ауыр жылжып келеді. Әнекей жүгіре басқан жаяу әскерді басып озып, шоқ талдың түбіне жақындап қалды. Маңдайынан бұрқылдап түтін көрінді. Окоп үстін пулемет оғы шарпып өтті.

Василий жаудың қимылын бағып үнсіз тұр. Мойнындағы автоматын алып окоптың ернеуіне қойды. Манадан бергі ширыққан ішкі шиеленісі енді шегіне жеткен. Тынысы да жиілеп барады. Ол жау күшінің бар салмағы мен айбарын бүкіл денесімен сезіп тұр. Танктер талдың түбіне жеткенде төбе шашының тікірейіп бара жатқанын байқап қалды. Ол өзін-өзі билеп үйреніп еді. Сол ғана сіркірей дірілдеген қолымен автоматты қысып ұстады. Бойындағы бар қайратын жинап, лоблыған көңілін басты. Енді ол жауынгерлердің халін ойлады. Қазір олар да ұстараның жүзіндей қылпылдаған толқымалы күйде тұр. Демеу керек. Василий окопты бойлап жүгіре аяңдап кетті.

Жауынгерлер қаруларын қыса түсіп, қаптап келе жатқан қалың әскерге, жақындап төне түскен ажал сұсты қара темірге көз шаралары үлкейіп, үнсіз қарайды. Жау салмағы тынысты тарылтып барады. Осы бір нағыз қысылшаң сәтте саңқ еткен ащы дауыс естілді:

— Шегінетін жер жоқ! Артымызда Москва!

Кусковтың даусына ілесе Ержан да команда берді:

— Огонь!

Аз бен көптің арасындағы кескілескен айқас басталды.

Манадан бері жауынгерлерді сығып ұстаған ішкі шиеленіс енді оқпен бірге ұшып бара жатқандай. Күтініп отырған взводтың тығыз оғынан дұшпанның жаяу әскер шебі ыдырап, шашылып бірі жатып, бірі жүгіреді. Танктер шыдамсыздық жасап, жаяулардан озып окоптың шеніне келіп қалды. Ойлары окопты таптап пехотаға жол ашпақ. Бондаренко стволы сорайған ПТР-ын кезеп қарсы келе жатқан танкты атқылады. Бірақ оғы дарымады ма, әлде тимеді ме танк елең етпей, пулеметтен оқ жаудырып жақындай берді. Кенет солға қарай бұрыла беріп бүйірін тосты. Осы кезде Бондаренко көздеп үш рет атып жіберді. Танк шойырылып тұрып қалды. Бірақ өзге танктер окопқа жетті. Біреуі Бондаренконың оң жағында шыр айналып окоп үстін өтектеп жүр. Танк бетін бері бұрып алғанда Бондаренконың жүрегі мұздап қоя берді.

Ол қалтыраған қолымен ПТР-ын тез окопқа түсіріп бұға қойды. Әнекей окоптың ернеуін опырып танк таяп қалды. Үсті-басын топыраққа көміп сықырлаған қара темір үстінен өтіп те кетті. Бондаренко бір ғана сәтке есеңгіреп үнсіз қалды да, топырақ арасынан ұзын мойын ПТР-ын тез суырып алды. Танк шыр айналып окопты жаныштап жатыр екен, Бондаренко ызамен үсті-үстіне төпеп атқылай берді. Осы кезде бүкіл взвод жаныштаған танк астында бұлқынып, арпалысып жатыр еді. Тағы да бір танк өртеніпті. Жалын аралас бұрқылдаған көк түтінді кейін қарай жел айдап барады.

Қартбай ерекше бір сабырлы қайратпен танк окопқа жеткенде бас көтерген неміс шебін атқылап жатыр еді.

Оның қасындағы Земцов «жат» деп айқайлады. Танк келіп қалған екен. Қартбай мойнынан суылдап төгілген топырақтан енді басын көтергенде, гүрс етіп граната жарылды. Земцов гранатаға қоса бутылка лақтырды. Лапылдап жанған танкті көріп, Қартбай ет қызуымен:

— Солай соқ! Әкеңнің көрі жаңғырды, — деп айқайлап жіберді.

Ол қайтадан пулеметіне жармасып, жүзі сұрланып, сирек мұрты тікірейіп, жаяу әскерді көздеп атқылай берді. Қолы пулеметке жабысып қалғандай.

Уәлидің шын мағынасында соғысқа кіруі — осы бүгін ғана еді. Барлық басынан кешкен істерден кейін, не де болса шыдамдыққа бел байлап еді. Бірақ жүзі суық ажал тағы да бетпе-бет келгенде ол сенімін ауытқытайын деді.

Төніп келе жатқан жау күшін, әсіресе танктерді көргенде — взвод күшінің сондай қораштығын сезді. Анау темір шоқпарға қарсы бұлар қамыс сойылмен шыққандай көрінді. Осыдан кейін-ақ окоптағы солдаттарды енді бүл дүниеде жоқ адамдай сезінді. Қуарып кеткен өңдерден оған өлімнің салқыны ескендей болды. Сондықтан да болар, төніп қалған жауға қарсы жұрттың қайрат қылуын тіпті мәнсіз көрді. Одан әрі қым-қиғаш, астан-кестен айқас болып кетті. Бірде бұғып жата қалып, бірде басын көтеріп, ұрыстың шуын естіді. «Тірі қалып қимыл жасап жатқандар әлі де бар екен-ау»,— деп ойлады. Үстінен екі рет танк өтіп кетті. Алғашқы рет танк төбесіне төніп келгенде «біттім» деп көзін жұмып еді, тірі қалды. Есін жиып оң жағына қарап тағы бір танктің жанып жатқанын көрді. Енді ол болған істі ұғынып, сұмырай танкті өртеген адамға риза болды. Біреудің күшті қолы тас төбеден төнген ажалдан құтқарғандай — бойы жеңілденейін деді.

Танктермен ұстасқан қысқа қызу айқас тез басылды. Екі танк өртенді де, екеуі арлы-берлі бұлталақтап жүріп кейін қайтты. Бір танк тылға өтіп кетті.

Ол артта разъезд үшін маңайлап келіп терезесін атқылады. Одан әрі қалың қарағай орманға басып кіруге жүрегі дауаламай, арлы-берлі ойланып жүрді де кейін қарай салды. Соғыс қызуына еліккен Ержан окопты бойлап келе жатып, Бондаренкоға жолықты.

— Құрт ананы!— деп әмір етті.

Шебі шашылып, әрең жеткен жаяу әскердің алғашқы атакасын взвод тез тойтарды. Бірақ танктерден гөрі бұлар қайсар екен. Бір-екі пысық командир шегіншектеп кеткен шашыраңқы тобын жиып алып қайтадан атакаға шықты. Жатып жүгіріп, өлерменденіп алға басып келеді. Бірақ взводтың оғы әлі де тығыз еді. Шығынына қарай окопқа жақындаған дұшпанды қатты сиретіп тастады. Қартбай қалт етіп қолы босағанда пулеметтің дискісін оқтады. Табақтай жалпақ дискінің оқтауы оңай емес, асқан ептілікті керек етеді. Есебін тауып жинап алған алты дискасы бар еді. Соның екеуі босап қалды. Қасында тұрған Земцов «келе жатыр»деп айқайлағанда оқтап отырған дисканы тастай беріп пулеметке жармасады. Біртіндеп шашырай көтерілген фашистерді үйреншікті нысанаға алады.

Танк атакасын тойтарғаннан кейін Ержанның көңілі бірленгендей болып еді. Енді мынау жау пехотасы қысып барады. Бұрын бойында жоқ ерекше бір өжет қыңырлықпен өлгеніне қарамай ақырын жылжып, жақындап келеді. Енді қалың шепті емес, біртіндеп жүгірген жеке солдатты көздеп ату керек. Взводтың шығыны Ержанға әлі белгісіз. Тек оқтың тығыздығына қарап көңіліне тоқ санайды.

Жауған оққа қарамай кеудесімен кимелеп жақындаған жау, лап беріп ең соңғы атакаға ұмтылды. Окоптан пулемет, автомат, винтовка оғы қардай борады. Бар арманы сол болғандай соңғы атакаға шыққан жиырма шақты солдат окоптың ернеуіне жақындай құлады. Алты-жетеуі ғана окоп ішіне тірі жетіп, қолма-қол қызу айқаста қаза тапты.

8

Жеңіспен тез аяқталған қызу айқас жауынгерлерді желпінтіп тастады. Әркімнің көңіліне тек қанды жеңістен кейін ғана найда болатын ерекше бір қызу қуаныш ұялады. Шаршаған, үсті-басы, бет-аузы лас солдаттардың өңі құлпырып, көзі жайнап кеткен. Әрқайсысы өздерінің үлкен іс тындырғанына қанағат тауып, көңілді бір шуақ, тыныш қуаныш жылытады. Осы сәтте солдат қасындағы жолдасын сүйгісі келеді, бірақ сүймейді, оған көңілі толып ризалықпен қарайды. Екеуінің бір-біріне көзқарасы алдымен «ау, сен де тірі екенсің ғой» десе, оған жалғаса: «екеуміз де мықты екенбіз ғой», — дегенді айтады. Жаңа ғана ызғар шашып, зыңылдап тұрған ауа да енді жұмсарып, жылып сала береді. Азғана сәтке болса да төңіректің бәрін бейқам қуаныш, шаттық жайлайды.

Қазір Ержан взводы да дәл осындай күйде еді. Взвод ауыр шиеленістен «Уһ» деп дем алды. Осы тыныспен бірге бойды басқан зіл салмақ аударылып түсіп, серги қалды.

Ержан окопты бойлап келе жатып Василийге ұшырасты. Оның бетіне қарап, орынсыз жымиып күлді де, түйеден түскендей:

— Сен қай отделениеде болдың? — деді.

Василий де езу тартып Ержанның бетіне қарап тұрды да, екі иығынан қос қолдап ұстап, сілкіп қойды. Бұл Ержанға да, өзіне де, өзгелерге де риза болып кеткенінің белгісі еді.

— Қалай? — деді Ержан, даусында қуаныш пен мақтаныш аралас.

— Әзірге жаман емес, — деді Василий әлі де өңінен күлкі арылмай. — Бірақ бұл әлі бастамасы ғой. Артын көрейік.

— Лиха беда начало, — дейді ғой орыстар.

— Сол орысың балапанды күзде санайды деп те айтады, — деді Василий, ойы Ержанға қарсы дау айту емес, тек сөз реті сияқты. — Дегенмен жарады жігіттер! Молодцы! — деп сүйсінді.

— Меніңше немістер әлі де атакалайды. Бірақ қанша айтқанмен жігіттердің танкке еті үйреніп қалды, — деді Ержан ойланып. — Мен тосыннан қорқып едім.

— Танкке, жау танкіне кісінің еті үйрене қояр ма екен, — деді Василий. — Бірақ бастамасы жақсы. Мынау кім?

А-а, санитарка екен ғой.

Мойнында сумкасы, жүгіріп Раушан келді. Окопқа секіріп түскен күйі ентігін баса алмай тұр.

— Амансың ба, Раушан, — деді Кусков. — Өзің амандық сұрасуды ұмытып кетіпсің ғой.

Раушан қысылып езу тартты. Ол дәл осы екеуінің үстінен түсемін деп ойлаған жоқ еді.

— Ой, сәлематсыз ба? Мен тіпті ентігіп қалдым.

— Неге сонша асықтың? — деді Василий. — Қазір жау оқ атып жатқан жоқ қой.

— Қалай асықпайын. Сендердің үстеріңде көп танк жүргенін көрдім. Жаралылар қайда?

— Оны ана командирден сұра. Мен мына жақтағы жігіттердің халін білейін, — деп Василий кетіп қалды.

Кусков кеткесін Раушан одан бетер ыңғайсызданды.

Оның үстіне Ержанда тіл қатпай тұр. Жаңағы әзірде орман шетіне жақындай беріп Раушан Ержан взводының тұсындағы қырғын ұрысты, көп танкты көрді. Ол танктерді санай алған жоқ, көз алдында арлы-берлі теңселіп өтіп жүрген танктер тым көп көрінді. Разъезд үйінің тұсы екенін танып, Ержанның бекінісі екенін біліп қатты шошынды. Оқ боратып, емін-еркін таптап жүрген танк астында тірі жан қалмаған сияқты еді. Ілгері жүгірерін, не кейін кетерін біле алмай Раушан ағашқа жабысып тұрды да қойды. Бір сәтте басы айналып, көзі қарауытып кеткендей болды. Ендігі бір кезде барып жанып жатқан танктерді көрді. Сәлден кейін өзіне берілген бұйрық есіне түсін екінші ротаға қарай жүгірді. Ол рота орманның нақ шетіне бекінген, барар жолы қауіпсіз еді. Онда көп аялдамай, санвзводқа қайтып келіп, осында баруға жарақатын таңып жатқанда, әлденеге алақтай берді.

Ең жақыны хал үстінде жатқанда басқа шаруаға жұмсалған адам дәл осындай күйде болар еді. Взводқа жетіп өлі-тірілердің хабарын білгенше жүрегі алып ұшты.

— Екі адам жарақаттанып еді, тылға кетті,— деді Ержан.

— Кетіп қалды ма?— деді Раушан, олардың кетіп қалғанына өкінгендей.

Ержан қасында тұрған Бөрібайды «тылдан оқ-дәрі алдырсын» деп Зеленинге жұмсады.

Раушан қабағының астынан Ержанның тотыққан жүзіне сүйсіне қарап тұр. Шаруасы бітті, енді кетуі керек еді, бірақ белгісіз бір күш жібермей ұстап тұр. «Қазір, қазір кетем взводты аралаймын», — деп қояды ішінен. Ержан да дәл осы арадан қозғалып кете алмай тұр. Сөйлесейін десе сөздің ыңғайы да жоқ. Бір кезде Раушан бар батылдығын жинап тіл қатты.

— Meн сендердің танкпен соғысқандарыңды көрдім.

Ойпырмай, немістің танкісінің көбің-ай. Екеуін өртепсіңдер ғой.

— Бес танк болды.

— Бесеу ме? Мен он бес қой деп едім. Жаман қорықтым. Осында жеткенше асықтым.

Ержан көптен бері алғашқы рет Раушанға жылы шыраймен емірене қарады. Раушанды шын жүрегімен құшып сүйгісі келіп еді, дер кезінде өзін билеп алды. Бірақ сонда да іште жатқан тоң еріп, екеуінің арасында шын жақындық пайда болғанын сезді. Үндеспей отыру қиынға айналды, бір-біріне сөз айту одан да қиын. Ажалдың аузында отырған осы бір сәтте айтса тек көңіл түкпіріндегі шындарын ғана айтысады. Өйтсе, бір-біріне ынтығып жете алмаған екі қамкөңіл қосылып, босап кетеді... Әрқайсысы өз шаруасына кететін мезгіл де болды, бірақ екеуі жіпсіз байланғандай.

— Мен осында бола тұрам, — деді әлден уақытта Раушан.

Ержан бұл сөзге іштей риза болса да, кесіп еш нәрсе айтпады. Кенет оның бойы мұздап қоя берді. Тұтаса шыққан ащы сықыр ауаны қалтыратып жақындап келеді. Қырқаның басындағы үйдің тұсынан екі танк жылжып шыға берді. Оған ілесе тағы бірі көрінді.

Біртіндеп көбейіп барады. Ержан демін ішіне тартып, он шақты секунд қадала қарап тұрды да, жұлып алғандай Раушанға бұрылды. Ол да окоптың ернеуіне жабысып алдыңғы жаққа көз тігіп тұр екен. Ержанға көзі дөңгеленіп, үрке қарады.

— Раушан, сен тез қайт. Разъездің үйіне дейін бұғып жүгіріп бар. Ар жағы ылди.

Раушан Ержанның даусынан бар жанашыр, жақсы ниетін таныды. Жаңа ғана үрке қараған қыз көзінде ерекше бір ыстық мейірім пайда болды.

— Ал, тез, Раушан, қош, — деді Ержан.

Ол Раушанның көзіне тура қарап тұрды да, қапсыра құшақтап сүйіп алды.

— Жоқ, жоқ... Ержан. Мен ешқайда кетпеймін. Бірге болам...

Ержан Раушанның бетіне тағы да үңіле қарап, қиналып:

— Бұл жер қауіпті ғой, — деді ақырын ғана.

Бірақ одан әрі «кет» деп айтпады. Окопты бойлап жүре берді.

— Ұрысқа дайындалыңдар! — деп айқайлады.

Жеңістен кейінгі азғана қызу қуаныш тағы да ширыққан шиеленіске айналды. Жаңа ғана жадыраған көңіл қарысып, тас түйін боп қалды. Жауынгерлер бейне құмырсқаның илеуіндей бауырынан зіркілдеген көк темір шұбырып шығып жатқан төбеге қарайды. Ұясынан бәрі шығып болды ма, әлде тағы да бар ма? Біреу, екеу, үшеу, төртеу... Солдаттар танкты санайды. Жиырма шақты солдатқа қарсы он танк келеді.. Он танк қатар түзегенде жерді майыстырып жіберетіндей. Салқын сұсымен қорқытып, оқ шығармай, ауыр жылжып тұтаса төніп келеді.

Салмағымен-ақ жапырып кететін сияқты.

Василий Добрушкиннің отделениесінде еді. Ол немістің бір атакамен тынбайтынын білді. Бірақ жаңағыдан кейін кішкентай ғана участокке дәл осынша танк жібереді деп ойлаған жоқ-ты. Он танктың салмағы алыстан-ақ белді қайыстырып барады. Белгісіз бір күш екі иықтан басын, окоп түбіне бұқтырып бара жатқандай. Бұлқынып барып еңсеңді әрең көтересің. Василий солға бұрылып, өртеніп болып енді селдір түтіні ғана шығып жатқан свастикалы танкты көрді. Содан кейін барып көңілі орнығайын деді. Енді ол жауынгерлердің халінің бар қиындығын сезді. Осы бір қылпылдап тұрған кезде тағы демеу керек. Ержанның берген тұжырымды командасын естіп сүйсініп қалып еді. Қасындағы Добрушкин өңі сұрланып Василийге қарады.

— Қалай? Әліміз келе ме? — деді ол.

Василий оған жанған танкты нұсқады.

— Анаған әліміз келді ғой. Бұған да әліміз келеді.

Осыдан кейін Василий даусын көтеріп бүкіл отделениеге естірте айғайлады:

— Ана танктерді сендер өртедіңдер! Мыналар да майдай жанады. Екеуара бір танктен.

Ол окопты бойлай жүріп, осы сөзін қайталап, қысылған жауынгерлерге дем берді. Тар жерде байсалды, жігерлі сөз үлкен сүйеніш болды.

Раушан жаңағы Ержанмен жолыққан жерде тұр. Винтовкасын окоптың ернеуіне қойып, сығалап алдыңғы жаққа қарайды. Үміт пен түңілу, өжеттік пен лоблу аралас шытырман сезім билейді. Ұзын созылған шеп үнсіз жатыр. Қаһарлы, сұсты тыныштық. Раушан окопта отырған жұрттың өліспей бітіспеуге бел байлағанын сезді.

Танктер жақындап қалды. Ортада келе жатқан бір танк өзгелерінен суырылып озып шығып, окопқа елу метрдей келіп тоқтады. Төбесіндегі қақпағы ашылып, ішінен біреу сығалап басын шығарып:

— Русь, здавайсь!— деп айқайлады.

Осы кезде окоптың орта тұсынан біреу өрмелеп, еңбектей шығып, бүкшиген күйі, мойнын ішіне тартып, екі қолын ербите көтеріп, жүгіре жөнелді. Бүкшеңдеп жүгіріп бара жатып, жалтақтап артына бір-екі рет қарап қойды. Раушан оны танып шошып кетті. Уәли екен. Қашқын жиырма метр ұзамай жатып тасыр-тұсыр оқ жауды.

Уәли бүкірейген белін бір сәтке жазып, қайқайғандай болды да құлап түсті. Бар денесі бір уыс болып жиырылып, өле алмай тыпыршып жатыр. Раушан қатты түршігіп тітіркенді. Анау тыпырлаған сұмырай, сорлы денеден қатты жиренді. Тұла бойын лас жайлағандай сезініп өзін де өртеп жібергісі келіп кетті.

Неміс жып еткізіп люкты жауып алды. Танк ышқына ырылдап орнынан қозғала берді. Ержанға қарай тура келе жатыр. Ержан тез бұғып оң бүйірге қарай бұрыла бергенде дәл үстіне келіп те қалды. Мойнына суылдап топырақ төгілді. Темірдің ащы сықыры шекесінен өтіп миына қадалғандай. Бір сәтке бүкіл дүние қап-қараңғы болып, бар салмағымен опырылып үстіне құлап түскендей болды. Ержан көзін ашып, басын көтеріп алғанда танк окоптан ұзаңқырап барып, қайта бұрылып жатыр екен. Енді ойысып оңға таман жүрді. Ержан буыны босап орнынан әрең қозғалды. Ең соңғы күшін салып гранатын көтере ұстап, траншеяны бойлай, қайта оралған танкке қарай жүгірді. Окоп ішінде керіліп лақтыра алмайтынын сезіп, жақынырақ келуге тырысты.

Осы кезде барлық танк ұрысқа кірісіп еді. Небәрі үш жүз метрге жетпейтін окоп үстінде он танк асыр салып жүр. Булыға өкіріп бір орында шыр айналып, ытқып жүріп кетіп, бұлталақтап ауытқып шығып барып қайта оралады. Пулеметтерінен түтін бұрқылдайды. Танктердің темір табанының астынан шыққандай қылт еткен бастар, сермелген қолдар көрініп қалады. Гүрс етіп гранаттар жарылады. Бір танк жылан бауыры сөгіліп, бір орында шыр айналып ақтық рет бір бұлқынды да тұрып қалды.

Екінші біреуі үлкен бір будақ жалынды арқалап алып қаша жөнеліп еді, ұзамай ол да тұрып қалды. Бірақ өзгелері дүрліккен өгіздердей табанымен жер қазып, окоп үстін ойып түсірердей жаныштап жүр.

Құлақты темір бұрғымен тесердей тұтасқан ұзақ сықырдан, үсті-үстіне топыраққа көмген қара темірдің зіл салмағынан есеңгіреп, бастары қаңғырып кеткен солдаттар жан дәрмен етіп әлі де алысып жатыр. Көп гранаттар мен бутылкалар танкке жете алмай жерге түседі. Кейбір қол гранаттары танктың сауырына соғып, түк бітірмей жұмыртқадай жарылады. Қара албастының болат сауырына қанша сабаса да таяқ өтпейтін сияқты.

Бір танк Көжектің үстіне екі қайтара төнді. Алғашында окоп түбіне етпетінен жата қалып еді, топырақтан басын әрең шығарып алды. Түрегеліп қуыстағы өртегіш бутылканы іздегенше әлгі танк ұзап кетті. Ол енді бутылкасын қолынан тастамай, танктың қайтып оралуын тосты.

Бүгінгі қырғын соғыста Көжек сабырлы болды. Сонау алғашқы кездегі көңілін лоблытқан үрейден айығып еді. Ол кезде ұрыс деген Көжекке керемет дозақ көрінген. Онда оқпен, отпен сайысқан алып машиналар қатысқан алып айқаста өзін құмырсқадай қораш сезініп еді. Жерді опырып, төңіректі түгел жалмаған қыруар снаряд, қардай бораған оқ — оған жапырыла құлаған дүлей толқын сияқты да, өзі сол толқындағы қамыс сияқты көрінді. Өз дәрменсіздігін, амалсыздығын сезді. Ол қарсы келе жатқан жаудың бетіне де дұрыстап қарай алмайтын. Жауған оқтан, ажалдың ызғарынан сескеніп, көзі ажыратып еш нәрсе көре алмай беталды ата беретін. Енді көзін тұмандай бүркеген соғыс үрейі ыдырап, әр нәрсе ап-анық өзінің орнында көрінеді. Жауға қарсы адам сияқты қайрат қыла алатынына көзі жетіп, бойын сенім күші биледі. Ол қазір қарсы келе жатқан танкты да анық көріп тұр. Қара темірдің жүзі қанша суық болса да жүрегін басып, бутылкасын қай жерге лақтырарын топшылайды. Танк үстіне келгенде Көжек жаңағыдай сұламай тізесімен, шынтағын таянып еңбектеп тұрды. Тез ұшып тұрып танк сауырының үстін ала, бірінен соң бірін — екі бутылка лақтырды. Қара темірдің үстінен қызғылт-сарғыш жалын жұлқына жөнелді.

Бондаренко танктер жақындағаннан-ақ атқылай бастады. Бірақ қарсы маңдайдың қалың бронына ПТР оғы өтпеді. Жылан бауырдан көздеуді ұмытып кетті қысылшаңда. Орағытып бүйірін тоса ма деген үмітпен дереу мылтығын оқтағанша танк шытырлап үстіне келіп қалды. Тек өзі ғана бұғып үлгірді, жинаусыз қалған ПТР-ды танк жаншып кетті. Қайтадан басын көтеріп алғанда окоптан кеудесін көтере беріп гранат лақтырған Зеленинді көріп қалды. Гранат гүрс етіп жарылғанда Зеленин де окоп ішіне құлап түсті. Бондаренко оның қасына келіп бетіне үңілгенше үстеріне окопты бойлаған тағы бір танк келіп қалды. Бондаренко Зелениннің аяғын құшып жата қалды Танк өтісімен Зелениннің басын көтерді. Жаралы сержант шатынап нұры сөніп бара жатқан көздерін ілгері қадап, «ананы... ананы... құрт»... деді.

Содан кейін қайтадан көзін жұмды. Дәурен мен Добрушкин жерден бастарын көтеріп алғанда үстерінен өткен танк сұсты свастикасы жалтырап тез жүйткіп барады екен.

— Ай, кетті-ау! — деп айқайлап Дәурен жүгіре бергенде сүрініп құлады.

— Ах, чорт! Икемің жоқ! —деп ашуланды Добрушкин. — Жіберіп алдың.

Соғыс қызуына лепіріп кеткен Дәурен окоптан қарғып шығып, танктың соңынан қуа жөнелді.

— Ах, чорт! Жат! — деп айқайлады Добрушкин, окоптың ішімен Дәуренді қуа жүгіріп бара жатып.

Танк бұрыла бергенде Дәурен де жақындады. Жуан ірі тұлғасымен керіле беріп бір буда гранатты жіберіп қалды. Қатты қызып, жата қалуды ұмытып, қалтиып тұрып қалды. Добрушкин «Жат» деп айқайлағанша ол құлап түсті. Шынжыр табаны сөгілген танк екі-үш айналып тоқтады. Добрушкин окоптан қарғып шығып, Дәуреннің қасына жетті. Бір қолында гранаты, сұлық жатқан жауынгерді құшақтап окопқа қарай еңбектеді. Траншеяға он қадамдай қалғанда тағы бір танк бұлардың үстіне төніп келіп қалды. Добрушкин Дәуренді жатқыза салып, тізерлеп көтеріле беріп гранатын лақтырды. Гүрс етіп жарылған гранатымен бірге өзі де Дәуреннің үстіне жансыз құлап түсті. Бірі орыс, бірі қазақ екі жауынгер қираған свастикалы екі танктың ортасында құшақтасып жатыр.

Қызу ұрыс тоқтаған жоқ. Жау танктері азайса да шегінер емес. Окоп үстінде ойран салып жүр. Василий жарылған гранаталардың, ышқына гүрілдеп басылған танк дауыстарын естіді. Екі-үш жерден будаланып көтерілген қара қошқыл түтінді көрді. Бірақ сонда да ұрыстың енді қызып келе жатқанын, жаудың беті кайтпағанын сезді. Дұшпан да өжет қимылға басқан. Егер фашистер осы бетімен егесе түссе, жеңістің қай жақта болары белгісіз. Басым күштің жапырып кету қаупі күшті. Ол бір сәтке жаудың үстемдік алып бара жатқанын танып қалғандай болды. Ана бір-екі танк окоп үстін қайта-қайта өтектегенде бір граната лақтырылмады.

Біреуі берірек келіп, тұп-тура тылға қарай бұрылды.

Соғыс қызуына еліріп кеткен өзгелері де есін жиын ананың ізімен тылға өтетінін Василий түсіне қойды. Соғыс тағдырының нағыз қиын кезге таялғанын ұқты. Алды-арты өлшеуге мұршасы болмай бір сәтте жалт еткен ойдың ізімен Василий де окоптан қарғып шықты. Тылға қарай енді ғана жылжи берген танктың қасына жетіп барып бутылкамен соқты. Қайта бұрыла бергенде екінші танктың оғына ұшып құлады.

Қан соғыста қызу ұрыс азғана минуттардың ішінде взводтың күшін кеміріп жеп барады. Солдаттар соңғы күшін жиып дұшпанның қалған танктерімен айқасып жатыр.

Өліспей беріспеуге бекінген екі жағы да таусылып барады. Василий Кусков өз өмірін құрбан етіп жау танкісінің жолын бөгеді. Ол өз қазасымен шегінетін жолды да кесіп тастады. Ержанның арқа сүйеген ең үлкен тірегі морт сынды. Қансырап азайып, әлсіреген взводымен жалғыз қалды. Дұшпанның темір шабуылының бар салмағы енді соның мойнына түсті.

9

Дивизияның штабында адам көп еді. Толып жатқан байланысшылар, ординарецтер, писарьлар, саперлар, соғыстың басынан бастап аяғына дейін химия соғысы болады деп қақсаған химия қызметкерлері, байланыс командирлері, алуан түрлі тыл бөлімшелері, кішкене деревняға сыймай кеткен. Сонау төрт-бес километр жердегі қанды қырғын ұрыстың тағдыры өз қолдарында тұрғандай әрқайсысы салтанатты, байыпты түрге енген.

Панферов Карпов полкындағы қиын жағдайды өз көзімен көріп қайтып еді. Алғы шеп сиреп барады.

Ол бұрыннан да орта түскен дивизияның бүгінгі ұрыста көп құлдырап қалғанын сезді. Тек осы тылға, штабқа келгенде ғана дивизияның мұрты шағылмаған сияқты көрінеді. Штатта көрсетілген барлық орын түп-түгел.

Егер тыл бөлімінен бір-екі адам кемісе, тез орнын толтыра қояды. Бұлар жабдықтаушылар, қамтамасыз етушілер. Соғысушылардың саны екі-үш есе азайса да оларға қызмет етушілердің саны өзгермейді.

Панферовтан үсті-үстіне көмек сұраған командирлерге берген жәрдемі:

— Бір солдат бере алмаймын. Бір қадам шегінбе! — деген сұсты әмір болды.

Генералды штаб бастығы қарсы алды.

— Оң қанаттағы жағдай қалай? — деп сұрады Панферов, аттан түспей жатып.

— Қиын, Купцианов қайта-қайта көмек сұрайды. Резервтегі жалғыз батальонды сіздің рұқсатыңызсыз бере алмадым.

— Арыстановтың өзі не дейді?

— Онымен жаңа ғана байланысты. Жағдайымыз өте қиын деді. Бірақ көмек бер деп еш нәрсе айтпады. Қазір сізді олармен жалғастырайыншы.

— Жоқ... Керегі болмас... Қазір өзім барып қайтам. Жұрт орнында ма екен?

— Дұшпанның атакасы қатты. Көп танк жіберді. Бірақ әзір шегінген бөлімдер жоқ, — деді штаб бастығы.

Панферов азырақ ойланып тұрды.

— Сен батальонды дайын ұста. Бірақ менсіз біреуге бір адам беруші болма. Содан кейін... Осындағы тыл бөлімдерінен рота құра. Писарь, ординарец, склад қызметкерлерін де қос. Өзіңнің ең мықты көмекшілеріңнің бірін командир етіп тағайында. Олар да адам сияқты іс істесін. Бір сағаттан кейін хабарласам... дайын боп тұрсын.

Панферов атқа ауыр мінді. Сүйегі ауырып, шаршап қалған екен. Атын қозғай беріп, штаб бастығына қайрылды:

— Жаңа құратын батальоныңды мол қаруландыруды ұмытпа.

Генерал үнсіз, желе-жортып келеді. Ілгері жаққа қанша қараса да ормандар мен қыраттардың ар жағындағы алғы шепті көре алмай, соғыс дыбысына құлақ тігіп, көңілмен топшылап келеді. Атылған мылтық даусы талып жетеді. Зеңбірек даусы бірде басылып, бірде үсті-үстіне үдеп екпіндеп кетеді. Булыққан танк гүрілі естіледі. Осы болмашы, еміс дыбыстардың өзінен-ақ генерал ұрыс қарқынының әлі бәсеңдемегенін сезді. Кононада бітіп дұшпан тікелей атакаға шыққалы үш сағат болды.

Әдетте алғашқы атакадан кейін ұрыс саябыр тартушы еді. Бүгін сол алғашқы атаканың лап еткен қызу қарқыны бәсеңдеудің орнына өршіп барады. Карпов полкында жау үш жерден шепті үзіп өтті. Қап-қара болып тотыққан, миы қаңғырып кеткен ызалы солдаттар атака жасаған дұшпанға қарсы ұмтылады. Кейбір сондай айқастарда екі жағы да қырылып қалады. Жусап жатқан адамдардың ішінен қолы қару ұстауға жарағандары атыса береді.

Ең қиыны дұшпан танкісінің көптігі болды. Олар тылға да жиі етіп кете берді. Кішігірім тыл бөлімдері, санитарлық пункттер орманға тығылды. Бұл араның қарағай ормандары танк өте алмайтын зор қамал еді. Штабтар танктерге қарсы айнала бекініс жасап алды. Тылға өткен жалғыз-жарым танк ең алдымен артиллерия позициясын талқандауға ұмтылады. Зеңбірекшілер төніп қалған танкты тура маңдайдан көздеп атады. Карпов полкының екі зеңбірегін танк жаншып кетті.

Панферов жоғарғы ставканың барлық жоспарымен таныс емес-ті. Бірақ ол алдында тұрған дұшпанды, өз дивизиясының жуырдағы міндетін ғана біліп қойған жоқты. Жалпы, ұрыстың болашағын да сезетін.

Армия командашысының салмақты, сенімді сөзі, жоғарғы бастықтарға жақын жүретін офицерлердің «бір мықты іс дайындалып жатыр, уақытында көрерсің, қазір айтпаймын» дегендей мақтанышты, маңызды кескіні, барлық алас-қапас қысылшаңға қарамастан жоғарғы жақтан сезілетін ерекше бір салмақ Панферовқа өзі естіп білген мағлұматқа қоса біраз жағдайларды ұқтырып еді. Өздері шегініп Москва түбіне келіп қалса да, жау күшінің соншалықты салмағын анық сезсе де, Панферовтың немістер Москваны ала алмайды деген сенімі қобалжыған жоқ. Ол өзінің мол соғыс тәжірибесіне салып, ойлап-пішіп қорытса екі ойлы болып та қалар еді. Оны істеген жоқ. Бүкіл әскердегі ортақ сенім оны да билеп әкетті. Әскер мыңнан аса километр шегініп, кейде дүркірей қашып, кейде қасарыса тістесіп, кейде қоршауға түсіп, қоршаудан шығып қашып келе жатса да, жеңіске деген сенімін мәпелеп таза сақтап келеді. Қанша ашынса да түңілмейді, қанша қажыса да діңкесі құрымайды, қанша сасса да есінен танбайды.

Панферов Москва түбінде немістерге қарсы соққы дайындалып жатқанын сезді. Бірақ осы. қиын кезде қосымша әскер бермей, майдандағы шағын күшпен немістерді тоқтатуға әмір берілді. Жағдай өте қиын. Тәжірибелі әскербасы Панферов қарсы шабуыл дегеннің не екенін жақсы білетін. Шабуылға дайындалған әскерді жауды тоқтатуға жұмсап, күшті шашыратып, азайтып алуға болмайды. Осы ащы шындық қабырғасына қанша батса да көнбеске шарасы жоқ. Ол бүгін өз өміріндегі ең үлкен іс атқаратынын ұқты.

Немістердің Москваға арналған соққысының ең мықтысы төртінші танк группасы болатын. Сол группаның мықтап ұратын негізгі бағытының бірі Москваға апаратын үлкен жол үстіндегі Панферов дивизиясы. Бүгін таңертеңнен бастап дивизия неміс танктерімен алысып жатыр. Генерал команда пунктында отырып ұрыстың барысын аңдады. Ондаған километрге созылған ормандар мен қыраттарға, деревняларға тығылған майдан шебі бұл арадан көрінбейді. Алысырақ естілген соғыс дүбірі мен әр полктан түскен хабарлар ғана алғы шептегі жағдайды аңдатады. Уәделесіп қойғандай бәрі бірдей көмек сұраған полк командирлерінің жау күшін асырыңқырап айтатынын генерал білді. Бірақ та жағдайдың аса ауыр екені анық. Әр полктың да қабырғасы қайысып бара жатқан сияқты. Әрқайсысына көмек керек. Ондай күш қолда жоқ. Көреген басшылық керек. Анау алғы шепте алысып жатқандары «бір қадам шегінбе!» деген бір-ақ ауыз бұйрық бар. Оны жүздеген командирлер мен саяси қызметкерлер қайталап айтып жатыр. Ал, полк командирлерінің бұйрығына араласып, ісіне қыстырылуды Панферов орынсыз көретін. Бірақ қайткенде де мынау ондаған километрге созылған қанды қырғын ұрыстың бар жауапкершілігі Панферовтың мойнында. Miнe енді сол майданның тамырын ұстап, тынысын байқап келеді. Дұшпан соққысының ең негізгі бағыты қайсы? Жаудың алдамшы қимылы мен түп мақсатын қалай айырмақ? Осыған жауап іздейді. Соған көзі жетіп барып бір әрекет істеуі керек. Бірақ оған жау шыдата ма?

Полктың команда пункты дөңеске өрмелеп келіп тоқтаған орманның шетінде екен. Қасынан жол өтеді. Жолмен алғы шепке қарай кетіп бара жатқан арбаның алдынан бір шабарман жүгіріп шығып тоқтатты. Арбакеш екеуі керісіп жатқан үстіне Панферов келді. Арбакеш те, шабарман да генералды танып, шаңқылдасқан дауыс тез басылды.

— Немене боп жатыр? — деді Панферов атының басын тежеп.

— Майор Купцианов штабтың қасынан арба жүргізбе деп бұйырды, —деді шабарман бастапқы екпінінен бәсеңсіп.— Дұшпан КП-ны байқап қалады дейді.

Команда пунктында жиырма шақты адам болса да кісі көптігі байқалмайды. Әрқайсысы өз істерімен әлек.

Үзілген кабельді қуалап байланысшылар жүгіріп барады. Жағы сенбей қақсап телефонистер отыр. Екі-үш офицер картаға үңілген. Тек азғана шабармандар ғана іссіз бұйрық тосып отыр. КП-да Мұрат жоқ екен. Панферовты Купцианов қарсы алды. Жағы солып, көзі кіртиіп жүдеп қалған Купциановта бұрынғы кербездік қалмапты. Шаң-шаң болып умаждалып сиқы қашқан шинелі, мыжырайған құлақшыны оның әбден сұрын алып тұр.

Әйтсе де комдив келгенде бойын жинап, бұрынғы мақамына салып нақыштап сөйлеп рапорт берді.

— Жағдай өте ауыр. Жау күші он есе артық. Көмек жібермесеңіз шепті ұстап тұру мүмкін емес. Осы кезде телефонист:

— Жолдас майор, сізді үшінші батальон командирі шақырады, — деп айқайлады.

— Көмек берер халім жоқ, шыда!.. Шыда! — деп айқайлайды Купцианов трубкаға, көз қиығымен генералға да қарап қойды. — Қайтсең де шыда. Тоқтат! Танктерге қарсы менің де берер жәрдемім жоқ. Бір қадам шегінбе!

Панферов алдыңғы жаққа көз жіберді. Селдір ағаштың ар жағынан бұрқылдап түтін шығады. Гүрілдеген танк даусы естілгендей болды. Бірақ танк көрінбейді. Жарылған снаряд гүрсілі жиілей түсті. Панферов көзіне дүрбісін тосты. Селдір ағаштан оңға таман ашық жердей үш-төрт жүз метрдей майдан шебі көрінді. Окоп көрінбейді. Қуқыл қар үстіне қара ала болып түскен снаряд ізінен алғы шепті топшылады. Тағы да сол жерге снаряд жиілеп түсіп жатыр. Төмпештеген снаряд астында сұлық жатқан окоптарда қансырап азайып қалған жауынгерлер тағы да немістердің атакасын күтіп отыр. Жау дивизияның жанды тірі күшін кеміріп барады. Осыны көріп Панферов өз қабырғасын кеміргендей қиналады.

Купцианов трубканы тастай беріп, Панферовтың қасына келді.

— Үшінші батальон көмек сұрайды, — деді ол, өз сөзіне дәлел тапқандай тіпті бір түрлі масаттанып. — Енді бір атака болса олар шыдай алмайды. Менің оларға көмекке жіберер бір солдатым жоқ.

— Естідім, — деді Панферов ұнатпаған пішін көрсетіп. — Шыдайды. Немістер осы арадан қадам ілгері баса алмайды.

— Мен оны түсінем. Шегінбе деген бұйрық бердім. Әлі же соны қайталаймын. Бірақ мен әскери адам болғандықтан да көзім жеткен нәрсені айтуға тиіспін.— Панферовтың жалт еткен көзқарасынан «мен сонда етікші ме екем», — деген кейісті танып, Купцианов аз тосырқап қалды. Бірақ ашынып бастаған сөзін тоқтатпай, ойын айта берді. — Егер үлкен көмек келмесе, біз шепті ұстап тұра алмаймыз. Қазір полктың сілімтігі ғана қалды. Неміс шабуылы үдеп барады.

— Сен осы не айтып тұрғаныңа сенесің бе? — деді Панферов Купциановқа таңырқай қарап.

Купциановтың жапырылып қалған түгі тікірейіп, бір түрлі салтанатты қалыпқа енді.

— Мен бір қадам шегінбей, осы арада өлімді қабылдауға әзірмін. Бірақ біз жауды ұстап тұра алмаймыз.

— Сіздің әсем өліміңіздің ешкімге керегі жоқ, — деді Панферов Купциановқа сыздана қарап. — Бірақ немістерді өткізбейміз. Тоқтатамыз. Арыстанов қайда?— деді генерал, енді Купциановты ұмытып кеткендей теріс айнала беріп.

Мұрат та Панферовтың халінде еді. Тек айырмасы Мұрат отқа бір табан жақындау да және бұл сияқты ауыр соғыста полкқа бірінші рет команда беруі. Ол қанша ақылға салып қорытса да батальондардан түскен хабарға қарап полктың халін көз алдына анық елестете алмады. Ол батальон командирі болып жүргенде ұрысқа жақын жерден айқастың барлық аумағын көріп, бар салмақты денесімен сезгендей болатын. Сондықтан да тез әмір етіп, қажет жерге қолма-қол араласатын. Бүгін сол ұрыс тамырын ұстап отыратын үйреншікті орнынан айрылып қалғандай елегзи берді. Ұрыстың ыстық лебін сезіп, қолма-қол қызу араласып үйренген адам, қанша толғанып-ақ әмір берсе де бір олқысы бардай көңілі толмады. Сондықтан да ол батальондарға жиі барды.

Орта бойлы, жуантық келген Қонысбаев, Мұрат келгенде қарлыққан жуан даусымен трубкадан айқайлап жатыр екен.

— Бәрін көріп отырмын. Фильчагиннің халі сенен де жаман. Шыда! — дейді, бір командирге, жуан жұдырығымен окоптың ернеуін ұрып қойып. — Бұрын бұдан сорақысына да шыдағансың. — Ол трубканы тастай беріп окоптың сыртында тұрған Мұратқа бұрылды.

— Төмен түсіңіз. Бұл жерді жиі атқылайды.

Оның сөзін құптағандай «чшшу-цссзу» деген қаңғыма оқтардың даусы естілді. Мұрат асықпай бір қолымен ернеуін таянып окоптың ішіне түсті.

— Халің қалай?

— Халдің несін сұрайсың. Кеудеде жан болғасын тырбанып жатырмыз. Беретін көмегін бар ма?

Мұрат үндемей басып шайқады. Қонысбаевтың бұрыппын да ісік қабағы томпайып, көз орнында құйрығы қайқиған қос сызық қана қалыпты. Өңі де айғыздалып, сауыстана қарауытып, бет терісі қалыңдай түскен. Бүкіл мығым тұлғасын енжарлық жайлап алғандай сөзі де, қимылы да шабан.

— Сендердің айтатындарың сол ғой, — деді Қонысбаев Мұратқа. — Қайтеміз, шыдағанша шыдармыз. Немістер де темір емес қой, қажыр.

Осы кезде команда пунктының үстіне миналар жауып кетті. Қонысбаев немістердің жеті атасынан бір жіберіп алып, жүрелеп отырды. Атыс басыла бергенде қайтадан көтерілді.

— Немістер біліп алған ба?! Тыныштық бермейді. Жаңа ординарецімді өлтірді,— деді ол.

— Ендеше неге команда пунктыңды алмастырмайсың?— деді Мұрат.

— Қайдан сол шошаңдап жүгіріп жүрем. Бәрібір емес пе. Осы арадан тек екінші ротаның шебі жөнді көрінбейді. Анау ағаштың ар жағында олар. Командирі де көмек сұрап мазамды кетірді. — Қонысбаев аз мүдіріп, Мұраттың бетіне қарады. — Сонымен көмек бермейсің бе?

Мұрат өзінің орнын басқан Волошиннің батальонына келгенде оның көз алдында Қонысбаевтың ауыр халі жеңіл тартып сала берді. Онда батальонның КП-на алғы шептегі қызу ұрыстың шарпуы ғана жетсе, мұнда батальон штабының өзі ұйтқыған жалын ішінде екен. Батальон шебін атакалаған қырыққа жуық танктың алды штабқа жете жығылыпты. Жанып болып селдір бу-түтіні оқтын-оқтын лоқсып КП қасында свастикалы танк тұр. Оның алдында шалқасынан түсіп созылып өлі жауынгер жатыр. Волошиннің өзі басын таңып алыпты. Шегінген бірінші ротаны тоқтатып, жаңа ғана келген екен. Бетіндегі қанды да жөндеп сүрте алмапты.

— Сволочьтар танкімен қысып барады. Есімді тандырып жіберді, — деді Волошин, отыра беріп.

— Алғы шепке оқ-дәрі жеткізіп тұрсың ба? — деп сұрады Мұрат қатал үнмен.

— Соған тіпті мұрша берер емес.

— Шынында да есіңді тандырған екен, — деді Мұрат. — Далақтап өзің жүгіре бергенмен түк бітірмейсің.

Барлық роталарға оқ-дәрі жеткізуге әмір ет. Солдаттар артында біреу барын, көмек барын сезсін. Барлық роталармен байланысың бар ма?

Мұрат тұр деп айтпаса да оның қатқыл, өктем үні қалжыраған Волошинді тік тұрғызды.

— Үшінші ротамен қатынас үзілді. Анау разъезд түбінде тіпті сұмдық.

Мұрат аз ойланып қалды.

— Aha... Немістер шоссеге шықпақ екен ғой. Ротамен жалғасу керек. Бірақ... Не тұрыс бар. Жүр, өзіміз барып білейік.

Қозғала берген Мұратты Волошин тоқтатты.

— Мен өзім-ақ барайын... Ол жақ өте қауіпті.

— Оқасы жоқ. Ол жерде үлкенірек әрекетке бел байлау керек болар.

Волошин алғы шепке оқ-дәрі жеткізуге әмір етіп, қасына үш жауынгер ертті. «Сегодня нам не чикаться» деп жұрттың бәрін танкке қарсы гранаталармен қаруландырды.

Разъездің сыртындағы қалың қарағай орманның шетіне шыға бере бұлар ошарылып тұрып қалды. Әрқайсысын аяқ астынан жалынмен шарпып өткендей төбе құйқалары шымырлап қоя берді. Кейбіреулер шошынып бір-екі адам шегініп те қалды. Алдарында будақтаған қара түтін ішінде он шақты танк асыр салып жүр. Зіркілдеп, өкіріп, жерді таптайды. Жер астында өші кеткендей тұмсықтарымен жер сүзіп, долдана ұйлығады. Өздері де жалын шашып будақтаған түтін ішіне сүңгіп шығады. Алғашқыда алай-дүлей көк түтін, еркін ойқастаған танктер ғана көрініп еді де, орман шетіндегілер өздерін оттың нағыз өтіне жалаңаш шығып тұрғандай түйсініп еді. Мұрат енді байқады. Танктер шынжырлап қойғандай бұлқынып окоп үстінен кете алмай жүр екен. Ана қара қошқыл түтін — өртенген танктер. Қарайған танктердің де қайсы бірі қимылсыз, жансыз тұр. Бұрқ-бұрқ жарылған гранаттар да көрінді. Бір көл қолды майысқан та ширақ дене жерге сүңгіп үстіндегі қара темірмен алысып жатқан сияқты. Көп қолымен әр танктың табанына жармасып, жібермей шыр айналдырып жойқын күшті торға түскен шыбындай дәрменсіз еткей.

— Бұл кімнің взводы?

— Бұл жер үшінші ротаның бекінісі, — деді Волошин анық айта алмай.

Мұрат қирап жатқан разъезд үйін көрді. Бұдан екі күн бұрын ән салған кеш көз алдында жалт етті.

— Қайсаров... Ержан...— деді ол күбірлеп. — Бұлар көпке шыдай алар ма екен... Бір әрекет жасау керек.

— Тағы біреуі занды! Занды, сволыс! — деп айқайлады Маштай.

Мұрат жалын аралас будақтап бара жатқан дара қошқыл түтінді көрді.

Бұлар қайта бұрыла бергенде Панферовқа жолықты. Ол алдыңғы жақтағы ұрысқа қадала қарап ақырын аяңдап келеді екен. Атының басын тежеп, Мұраттарға бас изегендей белгі етті.

— Анда адамдар әлі соғысып жатыр... — деді ол күбірлеп. — Танктер жанып жатыр... Горят же танки!.. Жгут их!.. — деп, кенет тістеніп дауыстап жіберді.

Таңертеңнен бері мазалаған ойының шешімін тауып іштей берік байламға келді.

— Неміс шабуылының темір тұмсығы дәл осы арада. Осы арадан біз оларды лақтырып тастаймыз,— деді Панферов Мұратқа бұрылып.

— Қазір біз қарсы шабуыл жасай аламыз ба?— Мұрат шәктеніп қалды.

— Жоқ... Қарсы шабуыл біздің ісіміз емес... Бірақ қарсы атака жасап, шегеріп тастауға міндеттіміз.

— Егерде... Шабуыл жасай қалсақ жаудың осал жерін іздеу керек қой.

— Жоқ... Аналар өз ерлігімен бізге осы міндетті артып, отыр... Дәл осы арадан... Жаудың тұмсығынан ұрамыз.

Аналар бізге сол тұмсықты сындырып берді. Кәне, капитан, КП-қа жүр. Мені штабдивпен жалғастыр.

10

Он бес-жиырма минут қана лапылдаған қызу айқасқа он бес жылға жетерлік қайрат, ыза, қажыр жұмсалды. Қатар түзеп, қаһар төгіп келген он танктен жұлынған торғайдай болып төртеуі-ақ қайтты. Келердегі тәртіп те, маңғаздық та жоқ шашырай шұбатылып барады.

Талмаусырап, қаусап қалған жеңімпаздардың да қуануға мұршасы жоқ. Қап-қара болып түтігіп кеткен жауынгерлер ындыны кеуіп сауырларындағы құтыларын қармайды. Кезеріп жарылып кеткен ерінге тіл желімдей жабысады. Тамсанғанда тіске тиіп қиыршық шықырлайды. Миды солқылдатқан көк темірдің зіркілі құлақта әлі тұр. Кейде бас айналып, көз қарауытып кетеді.

Ержан екі шекесін қос қолдап қатты қысты. Құлақтағы зіркілдеген шу басылғандай болды. Құтысынан су ішті. Азғантай су шөлін қоздырып жіберді. Бүкіл денесі езіліп, шаршап қалыпты. Шалқасынан түсіп қозғалмай жатқысы келді. Тұла бойын жайлап алған қорғасындай ауырлықты әрең көтеріп орнынан тұрды. Взводтан не қалып, не қойғанын білу керек.

Бензин мен қақтаған темір исі аңқыған өртенген танктердің селдір бу-түтіні окоп үстін шарпып өтеді. Қоюланып келіп жерге төселіп, көтеріле беріп қайта сейіледі. Бірі шоңқайып, бірі ауыр жамбастап жан-жаққа бет бұрып теңкиіп қираған танктер тұр. Өртенген танктердің қап-қара қаңқасы ғана қалған. Қайбіреулерінен әлі де түтін будақтайды. Өртенбей табаны сөгілген бір танк сәл шегіне түсіп енді-енді алға қарай ытқып кететін сияқты.

Соғыс даласының әлі де қызуы басылмаған, бусанып тұр. Төгілген ыстық қан бу болып көкке ұшқандай, кейде ауадан жылымшы қан исі де келіп кетеді. Окоп сыртында да сірескен өліктер жатыр. Жаңа ғана бірге қимылдап, бірге тыныстап жүрген жолдастар — мәңгі қоштасты. Осы взводқа ұйтқы болып, елден ерек қажыр көрсеткен Кусков енді жоқ. ЬІстық жүрек, дамылсыз қайрат сөніп, суық дене шалқасынан жатыр. Басынан құлақшыны ұшып кетіпті. Жақсы мінезді, еңгезердей икемсіз Дәурен де жоқ. Жырынды болып қалған, қисық тартатын қыңыр Добрушкин... Бұлардың бәрі Ержанға етене болып кеткен адамдар еді. Бауыр етін бөлшектеп кесіп алып жатқандай көрінді. Кейбір сәтте өзінің де тірі екеніне сенбей қалады.

Ержан шошып кетіп қалт кейін шегінді. Окоп ішінде топырақ астынан қолы мен шинелінің шалғайы шығып жатқан өлікті басып кете жаздапты. Ол азғана секунд есеңгіреп қалшиып тұрды да, тез еңкейіп қолымен топырақты қазып, өліктің басын көтеріп алды. Топырақ астынан құп-қу болып Зелениннің беті көрінді. Ержан Зеленин өлді дегенге сенбей азғана уақыт оның жансыз бетіне қадала қарады.

Окоп бойы қансырап, талықсып қалғандай сұлық. Азғана адамның үштен бірге жуығы қаза тапқан, қатардан шыққан. Өзгелері әбден қалжыраған. Ержан үнсіз траншеяны бойлап жүре берді. Адамның қажырын алып, денесін қорғасындай басатын қазаның зіл салмағынан арылды. Енді қызу әрекет ету керек. Болмаса қырғын ұрыстың зілі өзінің де, өзгелердің де еңсесін басып кетеді.

Жауынгерлер де болдырған екен. Көжек автоматын окоптың ернеуіне қойып, өзі жарға сүйеніп тұр. Өңі шаң-топырақтан қара қуқыл тартып, беті кішірейіп, мұрты салбырап кетіпті. Кішкене қара көзі де кіртиген. Ержанға самарқау ғана қарады. Үндемеді.

— Гранаттарың бар ма? — деп сұрады Ержан.

— Үлкенінен екеу бар. Бір қармануға жетер.

— Қаза тапқан жігіттердің қаруын жинап ал.

— Жарайды, — деді Көжек. — Жолдас лейтенант, бізге көмек келмей ме екен? Тым қиын болып барады.

Ержан Көжектің бетіне азғана сынай қарап тұрды:

— Білмеймін. Бірақ бір адам тірі қалғанша осы арадан шегінбейміз. Командирдің нығыздап айтқан сөзінен Көжек сәл қысылып қалды:

— Жоқ. Әшейін сұрағаным ғой. Шыдармыз. Ана боздақтардан жанымыз артық па! Топырақ осы жерден бұйырса...

Окоптың орта шеніне келгенде Ержан Земцовқа жолықты. Ол шинелінің бір жеңін шешіп, окоптың ернеуіне мініп отыр. Қолын таңып жатқан Раушан екен. Ержанды көріп Земцов еңсесін көтеріп алды.

— Жараланып қалдым, жолдас лейтенант,— деді.

— Сүйек аман ба?

— Пустяки. Сүйек аман. Етімді жырып кетті.

— Оқ бұлшық етті тесіп өткен. Санбатқа баруы керек, — деді Раушан марлінің ұшын байлап жатып.

— Сен не дейсің қыз? — деді Земцов ұнатпай. — Тек теріні сыдырып кетті. Ұрыс біткенше амалдай тұрамын. Оң қолым сау ғой. Ержан Земцовқа қадала қарап тұрды.

— Дегенмен санбатқа баруың керек болар.

Земцов алғашқыда ұялшақ әдетімен көзін тайдырып әкетіп еді, енді ол да аса бір байыпты, ауыр сабырмен Ержанға тіке қарады.

— Мен осында қаламын. Жолдастарым осында қаза тапты ғой. Мен денім сау тұрып қалай кетем. Василий Сергеевич... политрук айтты ғой...

Ержанға әрбір солдат қымбат еді. Бірақ жалғыз қолды Земцовты мынадай ұрыста қалдыру — ажалға байлаумен бірдей. Оны қинаған осы еді.

— Сені қалдыруға хақым жоқ,— деді даусы жұмсарып.

— Мен бәрін түсінем. Бала емеспін ғой,— деді Земцов төмен қарап.

Ержан әрі қарай кетіп бара жатып, артындағы аяқ тықырын естіп бұрылғанда Раушанды көрді. Жаңағы соғыстың қызуымен Раушанның осында екенін ұмытып та кетіп еді. Әлгіде Земцовтың жарасын таңып жатқанда да өз ойымен әлек болып, Раушанның осында екеніне мән бермеді. Ол енді ғана бұл қыздың осы окопта жүргенінің өзі асқан ерлік екенін ұққандай. Сонымен бірге осы тар кезеңде екеуінің арасы, талай жыл сырлас дос болғандай жақындасып қалғанын сезді. Екеуі жөнді тіл қатысқан да жоқ еді, бірақ бір сиқырлы күш бірінің сырын бірінің кеудесіне алмастырып құя салғандай осы соңғы бір сағаттың ішінде екеуі бір-бірін үнсіз-тілсіз түгел ұқты. Ержан Раушанның өзімен бірге болғанына риза. Аса бір қысылшаңда жақын адамың қасыңда болғаны қандай жақсы. Бірақ, кенет Раушан жазатайым қаза болса... деген ой келіп түршікті.

— Сен қазір взводыңа бар, — деді Ержан. Ол қыздың бет ажарынан өз сөзін құп алмағанын танып, алдарқатуға тырысты. — Немістер енді атакаға шықпас.

Раушан басын шайқады.

— Жоқ... Мен бәрін түсінем. Жаңағы Земцовты көрдің ғой.

Ержан қарсыласқан жоқ.

— Ендеше тек сақ бол,— деді ол аса бір жылы мейіріммен.

Ержан взводын түгел аралап шықты. Бекіністің кетіліп қалған жерін азғана адамдарын жіңішкелеп созып жалғастырды. Оның алғашқы әсері бойынша сиреген шеп жапырылып қалған сияқты еді. Енді қайтып бас көтеріп, қайрат қылуы қиын тәрізді көрінген. Бірақ олай емес екен. Жұрттың бойында осы күнге дейін бұл байқамаған ерекше қайрат пайда болыпты. Ол ашыну ма, ыза ма, әлде өлімге бел байлағандық па? Не де болса бір іске мықтап бекіну бар. Адамдар ажалдан аттап өтіп, қандай соққы болса да тайсалмастай тас-түйін болып алған.

Ержан өз орнына қайтып оралғанда Бөрібай келіп:

— Полтитруктың денесін әкелдік, — деп баяндады.

— Қайда?— деді Ержан селт етіп.

— Әнекей, окоптың ернеуінде. Сол жердегі шұқырға түсіреміз бе?

Ержан үндемеді. Ол алдыңғы жаққа көз жіберді. Ешнәрсе сезбей, кішкене терезелері сығалап қырқаның астынан деревня үйлері қылтияды. Екі ортадағы қар танк табанымен айғыздалып қалыпты. Анау еңістегі бір шоқ талдың да бір шетін танк жапырып кетіпті. Жау қарасы көрінбейді. Окоп маңында жансыз танктер, анау алда қар үстінде шашырай қарайып жатқан көп өліктер, ақ беті айғыздалып қалған, үнсіз құлазыған тылсым дала. Аспанды торлаған күлгін қоңыр бұлт дүниенің нұрын семдіріп, құлазыта түседі. Ширыққан ауыр тыныштық енді-енді қақырап, қақ айрылатын сияқты.

Ержан Бөрібайға бұрылды.

— Жауынгерлерге хабарла! Политрукпен қоштассын.

Жұрт біртіндеп келе бастады. Әрқайсысы жай басып жақындап келіп бас киімін алады. Мінекей басын таңып алған Бондаренко келді. Василийдің қаза тапқанына сенбегендей жансыз бетіне үңіле қарап тұрды да, жайымен құлақшынын алды. «Қош бол, жолдас»,— деп күбір етті.

Жұрттың үстінен көз шарасы үлкейе қарап Кәкібай тұр. Тамағына бірдеңе тірелгендей жұтынып қояды. Астыңғы ернін мұртымен көме тістеп, сазарып қатып қалған Қартбай жау жақтан көз алмады. «Ер еді ғой. Топырағы торқа болсын», — деді Көжек даусы қалтырап.

— Қош бол, жолдас,— деді Ержан қарлыққан тарғыл үнмен. Кусковқа қарап басын сәл игендей болды. Содан кейін еңсесін көтеріп алып окоп ішінде тізіліп тұрған азғана жауынгерлеріне тіке қарады. Әрқайсысын салмақтап, сынағандай сәл үнсіз тұрды. — Жолдастар, — деді ол кенет қатты дауыстап. — Біз жақсы достарымыздан айрылдық. Олар асқан ерлік көрсетті. Міне... Василий Сергеевич жау танкін өткізген жоқ. Жанын құрбан етті. Ол өз ерлігімен шегінетін жолды кесіп тастады. Бізді де ерлікке қарыздар етіп кетті. — Оның көңілінен Василий сөзі қайта саңқ етті. — Шегінер жер жоқ! Артымызда Москва!

Достарымыздың қасиетті қаны төгілген жерден бір қадам шегінбеске ант етеміз!

Ержан сөзінің аяғын неміс танктерінің гүрілі басып кетті. Жұрттың бәрінің көзі еріксіз жау жаққа бұрылды. Тағы да қырқаның астынан үйреншікті жолымен танктер шұбырып келеді. Ат төбеліндей азғана топ қыбыр етіп қозғалмай, қолдарындағы қаруларын сығып ұстап сазарып қатып қалған. Қопарылып құлап келе жатқан ауыр салмаққа иықтарын тосқандай иін тіресіп, сіресіп тұр.

— Тез орындарыңа! Ұрысқа дайындалыңдар! — деп команда берді Ержан.

Раушан өзі оқ атып жаумен айқаспаса да, ұрыста жиі болушы еді. Алғы шепке ең жақын жердегі санитарлық қызметі оны соғыстың не түрлі кезеңіне кез келтіретін.

Ол, әсіресе қоршаудағы кезде жара таңатын санитарка ғана болған жоқ, кәдімгі жауынгер болды. Қолына мылтық алып соғысты. Майданда жүргенмен тікелей соғысып көрмеген адам жаумен бетпе-бет кездескенде — қаптап келе жатқан дұшпанның бетіне тіке қарай алмайды. Қорқып қашпағанның өзінде өз күшіне сенбей, жауды өзгелер тоқтатар деп буға береді. Раушан ол кезеңнен өтіп еді. Бірақ жаңағы танк айқасы оның жан-жүйкесін қатты қажытты. Сол соққының салмағынан жаншылмай аман қалғанына да қайран болды. Ұрыстан кейін неміс атакасының тағы да басталатынын білді. Сонда да жіпсіз байланып осы взводтан кете алмады. Зіркілдеген неміс танктері төбе құйқаны шымырлатса да, мынау Көжек, Земцов... Ержандарды тастап кетуге болмады.

Жау танктері Неделино деревнясы тұрған қырқадан бері құлап келеді. Раушан жаңылып кетіп екінші қайтара санады. Он екі ме? Он бір ме? Анау оныншы танкке келгенде, бір танк сол жаққа ауысқандай болды. Қатар тізілген танктер жақындағанда араласа бастады. Кейбіреулері шегіншектеп кейінірек қалып қояды. Қайсыбірі бұралаңдап тұрып атқылайды да екінші танктың артын тасаланады. Қуып жетіп, қатарласуға асықпайды. Шамасы окоп маңында өртенген танктерді көргенде ойланыңқырап қалатын сияқты. Бірақ, қайткенде де аспанды қалтырата сықырлап, тұтаса төніп келеді. Раушан әне бір танктың табанынан бораған қарды анық көрді. Енді маңдайынан түтін де бұрқылдап қоя берді. Танк сықыры жақындаған сайын күшейіп, құлақты тесіп, миды кеміріп барады. Жақындап қалған танкке қарауға дәті шыдамай Раушан окоптың түбіне бұғып қалды. Осы кезде:

— Гранат дайындаңдар! — деген дауыс естілді.

«Бұл Ержанның даусы ғой», — деп ойлады Раушан.

Окопта жалғыз өзі емес өзге де адамдар барып жаңа ғана сезгендей басын көтеріп алды. Енді танктер окопқа келіп те қалыпты. Жарылған гранат гүрсілі естіле бастады. Осыдан арғы ұрыс оған өң мен түстің арасындай елестеді. Бір сәтте төніп қалған танкты көрді. Жатып үлгіргенше дүние қап-қараңғы болып үстіне опырылып түсті. Бір минут па, бір сағат па, көзін ашып алғанда танк сықырының арасынан Ержанның қатты айқайлаған даусын естіді. Сөз мағынасын ұға алмаса да, взводтың әлі соғысып жатқанын, командирдің басқарып жүргенін сезді. Ержан даусынан төңіректегі тірлік хабары келіп есін жиды.

Раушан үстін басқан зілдей топырақтан әрең көтерілді. Окоптың үстін таптап алдында ауыр танк кетіп барады. Біреу астынан сүңгіп шыға келіп гранат лақтырды. Тимеді ме, танк әрегірек барып қайта бұрылды. Осы кезде оның артынан лапылдаған өрт көрінді. Бұрылып алған танк бері қарай жүрді. Жанған басқа танк екен, мынау окоптың ернеуін опырып тура келе жатыр. Раушан демін ішіне тартып, қолындағы бутылкасын кеудесіне басып, сіресіп тұрып қалды. Танк отыз метрдей қалғанда окоптың үстінде шыр айналды. Раушан соған қарай жүгірді.

Көз алдындағы танк бұлдырап әрең көрінеді.

Кенет жақындап қалған нысанасы қашықтап бара жатқандай болды. Танк окопты тастап тылға кетіп барады.

Раушан окоптың ернеуіне қалай ытқып шыққанын, алдыңғы танкке бутылканы қалай лақтырғанын білмей де қалды. Қара темірдің үстіндегі шапшыған сайын ұлғайып бара жатқан сарғыш қызғылт жалынға таңырқай қарап қалшиып тұрып қалған. «Окопқа түс! Жат!» деген айқайды естіп артына бұрылды. Ержанның үрейлі бет әлпетін көріп қалды. Осы кезде көкіректен бір нәрсе соғып жіберді. Көз алдындағы дүние бұлдырап, аспан төңкеріліп бара жатты. Ендігі сәтте бар дүние сапырылысып келіп, өзі аспанға ытқи көтеріліп, қайтадан құлдырап төмен түскендей болды. Бұлдырап алыстан Ержанның жүзі көрінді. Бірде Ержан дәл қасында тұрғандай тіпті жақын сезінеді, бірақ қолын созып бетінен сипайын десе сонау биікте, алыста болып шығады. Талпынып жете алмайды.

Окоптың қос қабырғасы үстіне қос құздай төніп тұтасып кетеді де, тынысын бітеп тастайды. Екі қолымен қарманып қос қабырғаны — қос құзды көтеріп тастағысы келеді. Ержан қолы қалтырап ақ шымылдық боп көз алдындағы дүниені бүркеп кетеді. Көзіне жанған танк елестейді. Жалын арасынан тағы да көз шарасы үлкейіп төніп келе жатқан Ержан көрінеді. Осы бір минуттік арпалыста көз алдында қаптап сапырылысып келген елестердің бәрі жалт беріп шегініп кетті де «кеудеме оқ тиген екен, енді мен өлетін шығармын» деген ап-анық ой келді. Бір ғажабы бұл ойдан Раушан шошынған жоқ.

Тек бір сәтке өзін қатты аяп кетті. Бірақ бұл сезім де тез өтті. Енді бір түрлі тынышталып, жайбарақат, самарқау күйге еніп Ержанға қарайды. Сабағынан үзілген гүлдей солып бара жатқан жаралы денеден жан дүниесі, ой дүниесі бөлініп шығып ақтық рет өз қиясын шарлап, ең аяулысымен қимай қоштасады.

Ержан да Раушаннан көз алмады. Раушанның тотыққан қызыл-күрең өңі жұқарып ақшыл тартып барады. Бет ұшында ғана қызылы қалып еді, ол да сұйылды.

Аузын сәл ашып, нәзік шымыр ерні солып тісіне жабысқан. Бір сәтке күбір ете қалғандай болды. Ержан даусын естімесе де өз атын атағанын түсінді. Нұры сұйыла бастаған қара көзі шарасы үлкейіп Ержанға мөлдірей қарайды. Адам ойы да кейде сәуле сияқты, ең алыс түкпірді жарығымен шарпып, көріп қалады. Ержан Раушанның осы бір соңғы көзқарасынан, сөзбен айтып жеткізуге болмайтын, тек жүрекпен ғана ұғысатын шексіз жақындықты түсінді. Түнеугіден бергі өз көңіліндегі кірбеңнің мынау биік қасиеттің алдында соншалықты ұсақтығын бар жанымен сезіп, өзін қорсынып қалды.

Бір минутқа созылған осы қоштасу Ержанға бір сағаттай, не бір тәуліктей көрінді. Үстінен танк жүріп кеткенде ғана ол, қайда екені есіне түсіп басын көтеріп алды. Сауырын изей бұлғаңдатып окопты топырақпен көміп бара жатқан танкке бір сәт үнсіз безере қарап тұрды да, «Стой!» деп айқай салып соңынан қуа жүгірді. Жақындай беріп, әлденесін ұмытқан адамдай қалт тұра қалып, белбеуіне қыстырған гранатын алып құлаштап тұрып жіберіп қалды. Танк селк ете түсіп, бір жамбасынан шегеленіп қалғандай бір орында айнала берді. Ержан кеудесінен келген окопта бұқпастан «Аһа! аһа!» деп айызданып айқайлады. Осы кезде бұлшық етін иығына таман жерден ып-ыстық оқ қарып өтті. «Жат!» деп айқайлап, Бөрібай оны иығынан тартып құлатты. Ол қайта талпынған Ержанды баса қалып қарының жарасын таңды. «Жоқ! Жоқ! Өткізбеймін! Осынша жұрт бекерге өлген жоқ!» деді Ержан қалшылдап.

— Жүрегіңізді басыңыз! Сабыр етіңіз! — деді Бөрібай марлінің ұшын тісімен қиып жатып.

Ержан таңырқағандай Бөрібайдың бетіне қарады. Оның сабырлы, байыпты жүзін көріп, кенет су сепкендей басылды. Орнынан тістене тұрды. Танк сықыры көбірек естілген сол қанатқа барайын деп еді, өзі қиратқан танкісі окоптың үстіне шөгіп жатып алыпты. Ол «қап!» деп, окоптан ырғып шығып, қираған танктың тасасымен жүгіріп өтті.

Бұлттан шығып, жарқ еткен күндей, жаңағы бір күйзелістен кейін Ержанның ой дүниесі қайта ашылды. Енді көзімен бір шолғанда барлық жағдайды ойымен қарпып өтіп, бәрін ажыратып, толғанып жатқандай-ақ ішкі бір түйсікпен тез байламға келеді. Дәл қазір ол өзінің командирлік міндетін әрі соғысу, әрі басқару деп білді.

Мынау қым-қиғаш, алай-дүлейде оның әмірі ешкімнің құлағына жетпейді. Сондықтан ол қазір шептің ең бір әлсіреген, талықсыған жеріне жүгіріп барады. Нағыз қиналыс шегіне жеткен жауынгерлер командирлерін көруге тиіс. Бұл да шабан ақылдың тапқаны емес, бір сәтте көңіліне сап еткен ой.

Сол қанатта танктер жиілеу көрінді. Мұндағы бұрыннан да сирек, енді азайып қалған солдаттар соңғы жандәрменін салып жатыр. Әр жердей шашырап граната, бутылкалар лақтырылады. Жау тынысы үстем. Қара бүйірінде суық, сұсты свастикасы жалт етіп, танктер ойқастайды. Ерекше бір өжет қимылсыз жауды тойтаруға болмас деген ой келді Ержанға. Осылай жүгіріп келе жатып ол, жан шошырлық айбатты бір қимылды көріп, жүрегі мұздап, тұрып қалды.

Кәкібай Добрушкин мен Дәуреннің денесін өз қолымен окоптың бір қалтарысына әкеліп қойды. Политрукпен қоштасты. Осының бәрі оған ауыр әсер етті. Темір жалмауыз бір үйлі жандай кішкене взводты жалмап жеп бара жатқан сияқты көрінді. Ең аяулы адамдарды жұлып алып кетіп жатыр. Кусковтың бетінен бұрылып, көзі немістердің танктеріне түскенде зығырданы қайнап тістене берді. Ол күні бойғы ұрыстың көзге көрінбес, тек көңілмен сезетін рухынан жұрттың енді шегінбейтінін білді. Қырқадан шұбырып шығып келе жатқан танктерге сазара қарап тұрған бір шоқ жауынгерлердің түрі де осыны танытты. Кәкібай өз орнына тез жүгіріп келіп үңгірге тыққан қаруын қарманды. Танкке қарсы екі үлкен гранат, байлаулы бір буда қол гранаттары қалыпты. Ол бір гранатты беліне қыстырып біреуін салмақтап қолына ұстады. Танк мұның үстіне тура келмей солға таман ойысты. Ол қуа жүгіріп, гранатын жіберіп далды.

Бұғып қалып басын көтеріп алғанда танк аман-сау кетіп бара жатты. Ыза болып кетіп, ұзын бойымен топырақ көміп тайыздалып қалған окопты кеудеден кешіп жүгіре бергенде арт жағынан келіп иықтан оқ тиді. Қолындағы гранаты жерге түсіп кетті. Кәкібай шоңқиып отыра далды. Күні бойы бір танк қирата алмай істен шыққанына ыза болып, көңіл қызуымен жылап жіберді. Жауырынын, оң қабырғасын жылытып қан ағып барады. Жарасын таңуға шамасы да, мұршасы да болмады. Енді ол еш дәрменсіз, тек зығырданы қайнап ұрысты бақылады. Оң жағында Қартбай болушы еді, сол болар, окопқа жақындап келе берген бір танкке құлаштап тұрып гранат жіберді. Танк екпінімен траншеяның дәл ернеуіне жете бере тоқтады. Солға таман гранат дарытпай окопқа жете бере шегініп кетіп, бір таптап өтіп ойнақшып шығып екі танк жүр. Одан әріде танктер көрініп далады. Жауға қарсылық манағыдай емес әлсіреп, сөніп бара жатқан сияқты. Кәкібай солай қарай жүгіре берді де, дәрменсіздігі есіне түсіп қайтып келді. Осы кезде алғы шепті бір тапап өтіп кейін ытқып шыққан ауыр танк алысырақ орағытып бері қарай бұрыла берді.

Өзі ата қаздай тіпті ірі көрінді. «Мынау өтсе өзгелері де өтеді!» деген ой тұла бойын қарып өтті.

Кәкібай жан-жағына дарады. Ешкім көрінбеді. Ол осыны өзі ғана тоқтатуға тиіс екенін, өзінің бар міндеті де сол екенін сезді. Өйтпесе бүгінгі төгілген мол қан, бар қайрат босқа кетеді. Танк өтпеуге тиіс.

Кәкібай сол қолына ұстап тұрған гранатын окоптың ернеуіне қойды. Еріксіз қимылмен шұқырдағы бума гранатын алып шандыған жіптің шетінен тістеді. Окоптың ернеуіндегі гранатын қайтадан сол қолына ұстады. Енді бері қарай тура бет түзеген танкке қадала қарады. Бір сәт қап-қара шыңырау құздың дәл ернеуіне келіп қалғандай, шалқалай беріп, арқасы окопқа тірелді. Туған жер, жақын достар, Марияш, күллі қызық өмір күн шұғыласына малынып көз алдына келіп тұрып алды. Қап-қараңғы түпсіз түнек пен жайнаған жарық дүниенің ортасында тұр. Кәкібай жауырынымен окоптың артқы қабырғасын ойып жіберердей шегіне шіреніп, ыңыранып қалды.

Танк бері қарай тұп-тура келе жатыр. «Өте алмайсың, сұмырай!» Кәкібай дене мен жүректегі соңғы күшін сығып алып қап-қараңғы шыңырауға қарай атылды. Соңғы рет арттағы айдын өмір бар шұғыласымен бір жарқ етті.

Ержан да, маңайдағы солдаттар да окоптан еңбектеп шыққан жауынгерді көрді. Ол шыға бере қол таяна құлап жан ұшырып, ышқына айқайлап жіберді. Ұшып тұрып қарсы келе жатқан дәу танкке қарсы жүгірді. Жұрт демін ішіне тартып маңдайларымен сүзіскелі бара жатқан адам мен ауыр танкке қарады. Адам танкке соғып, гүрс етіп бомба болып жарылды.

Адам мен темір үшінші рет айқасқалы жарты сағатқа жуықтады. Үздіксіз омырылып, топырақ төгіліп окоп тайыздады. Танктер де бірінен соң бірі өртеніп азайып барады. Жүргенінен үнсіз тұрғаны көп.

Темір шыдамады, адам шыдады. Сырт қарағанда — шеп әбден езіліп, жанышталып қалған сияқты, тек әр жерден біреу аяқ серіпкендей болмашы қимыл жасап қалады. Бірақ, шынында олай емес еді. Азайып қалған жауынгерлер ажалдың шегінен аттап өтіп кетті. Әрбір ең қиын қолма-қол, бетпе-бет айқастағы сияқты жұрт ашыну шегіне жетіп жан аяуды ұмытты. Жүгіргіштер әбден ентіккенде — кенет тыңнан бір тыныс ашылып, еркін дем алып кетеді. Сол сияқты нағыз шиеленіс шегіне жеткен жауынгерлердің бойына сабыр, қайрат қайтып оралды. Енді алғашқыдай бейпіл, сасқалақ қимыл жоқ. Әр жауынгер танктың жүзіне тайсалмай тура қарайды. Жаудың жанды жерін мөлшерлеп алып, дәлдеп ұрады.

Оқ өтпейтін қалың болат қораптың ішінде отырған неміс танкистері жалаңаш адаммен жекпе-жекке келгенде дәрменсіздігін сезіп ыза болады. Әлі де тірі қалғандары темір сандықтың ішінде өртеніп кеткен жолдастарын көpiп, елегізіп қоя береді. Сүйек пен еттен басқа қалқаны жоқ адамдарды құмырсқадай езіп жібергісі келіп өкіре ұмтылады. Окоп үстінде шыр айналады. Жаманшылықты сезіп жүрек су ете түседі. Танк селк етіп тұрып қалады.

Түсінде албасты үстіне төнгенде екі аяғының жаны кетіп тырп ете алмай далған дәрменсіз адамдай, танкистер қапырық темір сандықтың ішінде алас ұрады. Болат табыттан шыға алмайды.

Ең бір қорқынышты нәрсе — қару азайып барады. Кейде жауынгерлер окоп ішін қарманып, гранат, бутылкаларды ұзағырақ іздейді. Кейбір неміс танктерінің сытылып тылға өтіп кетуіне болатын еді. Бірақ алдарында көзге көрінбейтін бір болат қамал тұрғандай жүректері дауамай бір-біріне қарайлай берді. Оның үстіне кеміген сайын батылдықтары азая түсті. Хал үстіндегі адамдай соғыстың тынысы да бұзылып барады. Бірде демалысы бәсең тартып, бірде алқынып демі үзіліп те қалады. Ержан сол жақ қанаттан кете алмады. Барлық ұрыс даласын шолуға мұршасы болмаса да — бел қайыстырған ауыр салмақтың дәл осы араға түскенін сезді. Ол тағы да жараланды. Бірақ ет қызуымен жарақатты елемеді. Таңдыруға мұршасы да болмады. Гранатын көтеріңкірей ұстап қарсы келе жатқан танкты тосты. Төбесіндегі күмбезінен төмен, маңдайынан түтін бұрқылдайды. Ержан пулеметтің қылтиған өңешін де көріп қалды.

Ол тура осы табан астын көздеп гранат лақтырды.

Манағыдай шығындар болғасын неміс танктері шегініп кетуге тиіс еді. Бірақ бұл жолы шегінбеді. Оң жақта әлі де бір-екі танк гүрілдейді. Ержан солай қарай жүгірді. Ол жақындағанша екі рет гранат лақтырылды. Дарымады. Екі танк тылға қарай өтіп кетті.

Ержан қуғанмен жете алмайтын болды. Ол енді бармағын тістеп тұрып қалды. Танктер ұзап барады.

Бәрі бітті. Манадан бері қаны сорғалаған кеудесімен тіреп тұрған жауы жығып көкірегін басып кеткендей Ержанның қайраты солып бара жатты.

Ержан не болғанын бірден түсіне алмай қалды. Разъездің үйінің тұсынан өте берген екі танкты жиі жарылған снаряд түтіні көміп кетті. Біреуі лап етіп өртенді де, екіншісі кейін қарай қашты. Енді окоп үстінен зуылдап өтіп Неделино деревнясына қарай снарядтар ұшты. Орманнан бері қарай төрт-бес танк суырылып шыға берді. Оларға ілесе қаптап жаяу әскер жүгіріп келеді. Біздің танк!..

Біздің әскер!... Ержанның көз жасы ыршып кетті.

— Встать! В атаку! — деп айқайлады сыртқа ырғып шығып.

Окоптан шыққан адамдар тіпті сирек болды. Ержан өзіне жақынырақ жерден көтерілген Бондаренко мен Қартбайды таныды. Одан әріде екі-үш адам көрінеді.

Жақындап келіп қалған батальонның алдын бастап «Алға!» деп айқайлап жүгіре берген Ержан отыз қадамдай жүгіріп барып, талықсып құлап түсті.

11

Ержан келесі күн таңертеңгісін оянды. Үш жерден оң тигенмен жарақаты аса ауыр емес-ті. Бойынан көбірек қан кетіп, оның үстіне ұзақ ұрыс әлсіретіп, титықтап қалған екен. Санбатқа әкелініп, дәрігерлер жәрдемін істегеннен кейіп көзін ашып еш нәрсе ұқпай екі жағына бұрылып қарады да қалжырап ұйықтап кетті.

Көзін ашқандағы алғаш көргені қарауытқан тақтай төбе болды. Ол тыныш қоңыр күңгірт сәулеге, тақтай емес жұмсақ резинка сияқты төбеге ойсыз көз жіберіп жата берді. Бүкіл денесі тұтас ауырлап қалған, қозғалғысы келмеді, жалқау тартқан бар тәні рақат тыныштыққа ұйи береді. Осылай азғана жатқаннан кейін көңілі оянғандай болды. «Мен, осы, қайдамын?» Зіркілдеп төбесінен төніп қалған танк көзіне елестеді. Денесі тітіркеніп, құлағы шулап қоя берді. Бірте-бірте кешегі сұрапыл ұрыстың көріністері тіріліп келеді. Ержан енді сол ұрысқа бір бүйірден қарап қатты шошынды. Өзін біреу дозақ отының ішінен суырып алып, осы бір жып-жылы жайлы қуысқа тыға салғандай көрінді. Қайратын жиып сұрапыл көріністен серпілді. Басын ғана бұрып, оң мен солына қарады. Оң жағында екі кішкене терезе бар екен. Бұлыңғыр аспанның сәулесінен әйнектер күңгірт тартып кішірейе түскен.

Бөлменің ішінде тағы да төрт-бес адам жатыр. Бұрышқа таман екі жаралы күбірлеп ақырын сөйлеседі. Ой аспаны ашылып Ержан енді өз жағдайын жақсы түсінді. Ең соңғы есінде қалғаны біздің танктер мен таптап жүгіріп келе жатқан әскерлер еді. «Содан кейін мені санбатқа әкелген екен ғой», — деп ойлады. Кенет есіне Раушан түсті. Сол бір ақтық рет мөлдіреген, тұңғиық көзқарас ұмыт болар емес. Қолында жатқан Раушан ақырғы демімен бірге солған гүлдей қансыз ерні сәл қозғалып үнсіз, дыбыссыз бір сөз айтты да көз жұмды. Енді келмеске, қол жетпес алысқа кетті.

Ержан ойлаған сайын көңілі мен денесін түгел жайлаған тыныштық қаша бастады. Кусков қазасы... Дәурен, Добрушкин... Зеленин. Взводтан қанша адам қалды? Кім тірі, кім өлі? Гранат асынып танкке қарсы атылған Кәкібай. Ержанның жанын жапырақтап бөліп алып өртеп жатқан сияқты. Көңілі құлазып барады. Ержан орнынан аударылам деп тар зембілдің жақтау ағашына соғып жарасын ауыртып алды да ыңыранып жіберді. «Жолдас лейтенант, жолдас лейтенант». Құлаққа таныс дауыс келеді. Бұл кімнің даусы? Ақырын еңкейіп бетіне біреу төніп келеді. «Ойпырмай, мынау Земцов қой». Ержанның көзінен жас шығып кетті. Земцовтың бетіне үнсіз, терең қарап біраз жатты. «Бар екенсіңдер ғой»,— деді Ержан ақырын ғана. Земцов үндемей бас изеді. Ол жерге жүресінен отырып, аздан кейін сөз бастады.

— Мен кеше санбатқа сізбен бірге келдім. Біз қорқып едік. Дәрігер жараңыз қауіпті емес деді. Бізден осында бес-алты адам бар. Сіздің Бөрібайыңыз да жараланды. Оны операцияға әкетті жаңа. Қартбай да жараланған. Аман қалған үш-төрт адам бар сияқты. Сыртта Ваня ағай мен Көжек келіп тұр.

Ержан барған сайын ескі әдетіне басып жылдамырақ сөйлеген Земцовтың сөзін, оқта-текте бас изеп, үнсіз тыңдап жатыр. Белгісіз қараңғы болып қалған сырт өмірдің хабарына ынтыға түседі.

— Есіңізде ме, Ерофей Максимович, бізді қоршаудан алып шықты ғой. Сол да сізді көрем деп келіп тұр.

— Басымды көтерші.

Земцов икемсіздеу иіліп, жалғыз қолымен Ержанның басын көтерді. Осы кезде бөлмеге Мұрат кірді. Ол аласа есіктен еңкейіп өтіп, даладан кейін үй ішін ажырата алмай аз іркіліп тұрды. Ержанды танып, жолдағы зембілдерді орағытып өтіп қасына келді.

— Амансың ба, бауырым, — деді ол еңкейе беріп Ержанның екі иығына қолын салып. Ержанды қаусырыңқырай құшақтап, бетіне бетін басты.

Оның жарақаты бары кейінірек есіне түсіп, құшағын тез босатты. Земцов орындық тауып әкелді. Мұрат орындыққа отырып басынан құлақшынын алды. Айтуға сөз таба алмағандай жан-жағына қарайды. Кенет екі қолын қатар созып Ержанның қолын қысты. Еңсесін көтеріп алып көз шарасы үлкейіп бетіне қарады.

— Рақмет, саған бауырым, рақмет, — деді даусы дір етіп. Мұраттың шын жүрегінен тебіреніп айтқан сөзі Ержанның ішін жылытып жіберіп еді, бір сәтте көңілі қайта толқығандай болды. Оның көз алдына Василий мен Кәкібай елестеді. Соларға тиісті алғысты өзі алып, қиянат жасағандай тіксініп қалды. Ол Мұраттың бетінен көзін тайдырып әкетті.

— Маған жолдастарым келіп еді. Кірсін бе?— деді.

Тар жерде өздерінің ебедейсіз тұлғаларынан ұялғандай қысылып-қымтырылып жауынгерлер кіріп келеді. Ержанның сау қолын уатып алатындай жасқанып ақырын ғана қысады. Мінекей Көжек, Бондаренко... Қолын мойнына асып Қартбай да келіпті.

— Көжек, саған тіпті оқ дарымапты ғой,— деді Мұрат.

— Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деп, ажал жетпегесін солай болады екен.

Ержан үндемей әр жауынгердің бетіне қарайды. Осы бір өңдері қашқан сұсты ересек жандар, енді өзіне бір үйдің адамындай жақын болғанын түсінді. Солдаттар өзгеріп кетіпті. Ержанның өзі де өзгерді. Өмірдің ең қиын бір кезеңінен аттап өтті. Ол өрттен өтті.

— Біз әлі бар екенбіз ғой, — деді Ержан жауынгерлерін шолып өтті.

Ерофей Максимович келді.

— Аман-сау бармысың, жолдас лейтенант, — деді ол жақындай бере еңкейін, үлкен күсті қолын ұсынып. — Естідім, қарағым, бәрін естідім. Нағыз батырша соғысыпсыңдар. Танкті жеңіпсіңдер.

Оның сөзін бөлмеге кірген дәрігер бөліп кетті.

— Бұл не базар. Кіруге болмайды, жолдастар,— деп кейіді ол.

Мұрат орнынан түрегелді.

— Бұларға болады. Әбден болады, — деді ол ақырын, даусы қалтырап.

Ерофей Максимович дәрігерден сескеніп артына жалтақтап қарады да, Ержанға бұрылды.

— Қарағым, — деді ол даусы бұзылып. — Бәрін естідім.

Мен орыстың қартайған шалымын. Орыс мекені өртенгенде, өзегім өртенбейді дейсің бе?! Бәрің осылай соғысқасын... Қандай жау алмақ бізді!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама