Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қан сонарда бүркітші шығады аңға
Қан сонарда бүркітші шығады аңға (сыныптан тыс сабақ 3 сынып)
Халқымыздың ұлттық аң аулау дәстүрімен таныстыру тәрбие сағатының көздеген мақсаты: аң аулау дәстүрінің қалыптасуы, құсбегі, қырандар иесі туралы айтып, қыран жабдықтарымен таныстыру.
Тақтаға аңшылардың аңшылық кәсібінің көріністері бейнеленген суреттері, қыран бүркіттің, сондай - ақ плакатқа қыран баптағанда қолданылатын бұйымдардың (томаға, аяққап, балық бау, тұғыр, жем қалта, жем сауыт) суреттері салынып ілінеді.

- Құрметті оқушылар және қонақтар! Сіздер біздің «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» атты сыныптан тыс сабағымызға қатысып отырсыздар.
Бұдан әрі «Ақсақ құлан» күй ойналады. Тыңдау кезінде 2 оқушы Абай өлеңінен үзінді оқиды.

Ұл бала:
Қан сонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Қыз бала:
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Ұл бала:
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар деп,
Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға.

Қыз бала:
Көре тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң, құр қашқанға.
Аузын ашып қоқақтап, тісін қайрап,
Ол да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамас жығылғанға.

Мұғалім: - Керегеміз – ағаш, ата - бабамыз – қазақ, - дегендей, батырларымыз елін, жерін жаудан қорғаумен бірге, аң аулап, аңшылық дәстүр етіп халқын баққан. Сөйтіп, бұрын біздің халқымыз аңшылықты күн көрістің бірі деп санаса, бүгінде оны сауық - сайран, сән - салтанат рәсімі дәрежесінде қызықтап тамашалайды.
Саятшылықты халық ежелден өнердің бір түрі деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күн көріс көзі санамаған. Халық мәдениеті мен аса көрнекті қайраткерлері - Шоқан, Абай, Ақан сері және басқалар саятшылықты қатты ұнатқан. Оған олардың қырандар жайлы жазған көптеген шығармалары куә. Бір кезде қалың жұртты қайран қалдырып, талайлардың таңдайын қақтырған осынау өнер біртіндеп көмескіленіп жоғалып бара жатыр. Саятшылық – ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылым. Саятшылық өнері арқылы халық табиғатпен қоян - қолтық араласып, бір - біріне жақындығын сезінеді.

Кіріспе сөзден соң сұрақ - жауапқа кезек беріледі.
Сұрақ:- Саятшылықты қалай түсінесіңдер?
- Көшпелі өмір салтын бастан кешірген халқымыз табиғатпен мейлінше жақын болған. Сонымен бірге уақытты көңілді өткізудің жолы ретінде де аң аулау, саятшылықты кеңінен пайдаланған.
Сұрақ: - Аңкөс деп кімді атаймыз?

- Аң мен аңшы арасындағы аңдысуды айтып бітіруге болмайды. Бәрін біліп болмайтын сырлар өте көп. Бірақ осының бәріне мән беретін адамды қазақ халқы - аңкөс деп атайды. Аңкөс сөзі аулап жүрген аңының сырын, сипатын түсіне білетін адам деген ұғымды білдіреді. Мысалы: аңшы аң аулау қызығына түсіп, құзар биік тауға қалай шыққанын білмей қалады. Ол таудан өздігінен түсе алмайды, содан кейін қағушылар маралды аңкөске қарай айдайды, маралдарды көрген аңкөс оларды қуып таудан қалай түскенін де білмей қалады.

Сұрақ: - Құсбегі деп кімді айтамыз?
- Құсбегі – қыранды түрге, топқа жеке айыра білетін адам. Олар өз ішінен текке, туыстыққа, ұрпаққа бөлінеді. Қыран құстардың түр - тұлғасына, сүйек бітіміне қарай құсты сынай білетін сыншы адам. Қыранды үйрете, түлете білетін, аңға сала білетін, бау қылауын түсірмей ұстай білетін адам.
Сұрақ: - Бүркітші деп кімді айтамыз
- Бүркітші – бүркітті ұстап, оны баптап аңға сала білетін аң мен құстан жан - жақты сауатты адам.
Сұрақ: - Қағушы қандай адам?

- Қағушы деп қолында құс жоқ, тығылып жатқан аңды үркітетін адамды айтамыз.
Сұрақ: - Салбурын дегеніміз кімдер?
- Салбурын - саятшылық және аң аулау кәсібінің бір түрі. Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топтасып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Ол жерде жолы болған аңшылар топталып келіп аңдарын сойып, табақ - табақ қуырдақ жеп, сорпасын аяқ - аяғымен сіміріп алады.
Осыларды - салбурындар дейді.

Сұрақ: -«Бап» деген сөзді қалай түсінесіңдер?
- Тілімізде бап сөзі өте көп кездеседі. Мысалы: «Ат шаппайды, бап шабады». Бабына келген тұлпардай, жыр теңізін шалқытар Жамбыл келді бабына дегендей. Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап - тәрізді нақыл сөздер бар.
Сұрақ: - Ұлы адамдардың қандай сөздерін білесіңдер?
- Табиғатта еркін жүріп, аң қуып, бүркіт салу, саят құрып бай табиғатты тамашалауда ұлы Абай атамыздың өлең шумағы еске түседі.

Таудан шие тергендей ала берсең,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда,
Көкіректе жамандық, еш ниет жоқ.
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ өзім көрген.
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
(Күй табақтан «Жезкиік» әні тыңдалады. Оның мәні түсіндіріледі.)
Мақал - мәтелдер оқылып, мәні түсіндіріледі.

1. Баба бүркіт барлап ұшар
Балапан бүркіт шаралап ұшар.
2. Жапалақ сипағанмен, сұңқар болмас.
3. Құс қанатымен ұшып,
Құйрығымен қонады.
4. Атбегі тұяғына қарар,
Құсбегі қияғына қарар.
5. «Аңды не көрінбеген атады,
Не ерінбеген атады.
6. Сұңқар – құстың төресі,
Лашын - құстың жендеті.
7. Құстың алғанынан, салғаны қызық.
Мұғалім: Құсқа ауа, балыққа су, аңға орман керек. Аңды кез келген адамға атуға рұқсат етпейді, өзінің ату мерзімі бар. Кейбір аңдар тұқымы азайып кеткендіктен олар қызыл кітапқа тіркеледі.
Табиғатты аялап орманды алқапты көбейткенде ғана аңдар көбейеді.

Бастаушы оқушы:
Тамаша қырдан қызыл түлкі ауласа,
Түлкіге құмай қосып қиқуласа.
Тамаша қанжығаңды қандап қайтсаң,
Тамаша соның бәрі мүмкін болса. – деп сыныптан тыс сабақтың аяқталғандығын хабарлайды.
Оқушылар сабақтан алған әсерлерін айтып, тарасады.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама