- 13 қаң. 2020 00:00
- 209
Қара дауыл
Ел жайлаудан қайтып, ойға беттеген мезгілі екен. Солайша Ұлытауды жазық даламен жалғастыратын сары адырлар күзек. Таудың етегі кілт түрілетін осы тұстан басталатын жалпақ далаға ел малын қаптатып жіберген. Қора-қора қойларды жайып жүрген қойшылардың қостары дала төсінен андыздап көрінеді. Ал салтанатты ақ боз үйлер шоғыры көгалды алқап, ағашы қалың, суы мол бұлақ басына шоғырланған. Талдыбұлақ пен Алматы өзендерінің жағасын саялаған үйлердің шоғыр-шоғыр қарасы әр тұстан көз тартады.
Әлмерек батыр түс ауа ат ерттеп мініп, ойдағы малшылар ауылын аралап қайту үшін даладағы мал жатқан жазыққа беттеп жүріп кетеді. Содан күн бата оралады да:
— Біраздан кейін қатты дауыл басталады, — дейді келе сала үйдегілерге ескертіп, — ауыл-ауылға хабарлаңдар, қас қарайғанша үйлерін арқанмен бастырып, дауылға жығылмайтын дай шараларын жасап алсын.
Батырдың ескертуі лезде-ақ маңайдағы ауылдарға түгел естіледі. Сонда батып бара жатқан күннің қабағына қараған адамдар аспанды сықасқан қою қара қошқыл бұлт қымтай жауып тұрғанын көреді. Арғы көкжиектен қара бұлт қайнаған қазанның буындай будақтайды. Расында бір сойқанның сұрқы көрініп тұрған сықылды. Кейбіреулер мұны күздің әдеттегі сіреспе сұрғылт бұлты деп жориды да, бейғам отыра береді. Ал батырдың сөзіне ден қойғандар жаңбыр жауса, суы үйдің ішіне кірмесін деп үйлерінің іргелерін морлайды. Алды-артына арнайы қазық қағады да, ұзын қыл арқанмен бастырып, дауыл екпініне қозғалмастан төтеп тұратындай етіп бекітіп тастайды.
Күн кешкіре құйқадай сықысқан қара қошқыл бұлт аспанды тұтастай қаптайды. Қатты жел тұрады. Тозаңды будақ-будағымен көкке көтереді. Бірте-бірте күшейген желдің арты жер-дүниені сапырылыстыра шайқаған дауылға айналады. Жаңбыр араласып, ышқына дүркіреген дауыл әлемді қара түнекке айналдырып жібереді. Сол қалыппен түні бойы тынбай, дамыл алмай соғады да, келесі күні түс әлетінде ғана басылады.
Осы астаң-кестең кезінде Әлмерек батырдың айтқанын орындап, қам жасап алғандар: «Әруақты батыр емес пе, айтқаны айнымай келді», — десіп танданысады. Табиғаттағы тосын құбылыстың зардабын шекпегендеріне қуанысады. Ал ескертпеге немқұрайды қарағандардың үйлері жығылып, мылжа-мылжа болып күйреп қалған. Соның салдарынан паналап, бас сауғалар жер таппай, қатты азап тартады.
Табиғаттың осынау тосын апатының зардабынан кейін бұл өңірдің елі енді Әлмерек батырдың аузына қарайды. Әрқашан айтқан болжамдарына сай әрекеттерді мүлтіксіз орындайды. Сөйтіп, батыр ылғи да мал қыстату, төл алу, жайлауға көшу, малды індеттен сақтау шаралары туралы болжам, бағдарын алдын ала айтып отырады. Соның арқасында ел-жұртта нақты шаралар қолданып, тосын апаттардан жапа тартып зардап шекпейді.
Сөйтіп, Әлмерек батыр енді елге пайдалы ізгі ойларының арқасында «абыз» атанады да кетеді.