Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Қара қазан

Күн төбеден ұзамай, ыстығы шекені шағып тұрған шаңқай түс, әрі-бері жүрген соң жатаған көліктің іші, тек ақ буы ғана жетпейді демесең, қыз-қыз қайнаған моншаға айналып шыға келді. Соңғы кездері жанары лайланып, өзі жүріп-тұруы мұң болып кісіге қарап қалған шешемнің жүзінен бір қуаныш байқағым келген. Бірақ дәл жанымда отырса да жасаурай беретін кәрі жанардан ештеңе аңғара алмадым, көлік шайқаған сайын құлағындағы ай сырғасы тербетілген пұшық сары кемпір сыр білдірер емес. Жермен-жек­сен мәшиненің қуыс-қуысынан шаң кіріп, шоқалақта ішек-қарныңның орнын ауыстырардай зіркілге басқан жүрісіне де, шопыр баланың шылымы мен алдыңғы орындықтағы жуан әйелдің тұсынан шыққан қолаңса иіске де қабақ кіржитпей-ақ келеді. Көптен бері үй сорып, қыр иісін аңсай бас­таған кәрі көңілдің гүрілдеген «Жигулимен» қатар шаужайласа шаба жөнелгісі келетін қуанышы сезілмейді.

Біздің жақта алыстан мұнартып көрінетін, көрінген бойда арса-арса сілемдері мен ті­кі­рей­ген шатқалдары «ар жағында не бар ек­ен?» дегізіп қиялыңды тербей жөнелетін тау жоқ. Тауың не, есейген сайын қым-қуыт тірлікте әр нәрседен қағажу көріп тө­меншіктеген көңіліңді бір сәт болса да белден асыра көтеріңкіреуге жарайтын төбе болса-шы! Ол да жоқ. Аспанға көтерілген ақ шаңы лезде айналаны тұтып қалатын қу тақыр. Осындайда қырдағы ел үшін нөсерлетіп төгетін жаңбыр арман. Қапырық пен мәшиненің майының иісінен басым айналды. Отыз жылда бір жөндеу көрместен әрі-бері өткен көліктің астында алжа-алжасы шығып кеміріліп қалған жол да, ала жаздай тамшы тамбай, шау тартып шаршап жатқан дала да, шақырайған күн де еңсемді баса түседі. Баяғыда ғой, жаз болса, аңызақ ұрып, топырақ борап тұратын, қысы да қытымыр, бір-біріне сүйеніскен үйлері көзге қораш ауылда туғаныма ішімнен өкінетінім, «неге ғана бір әдемі қалада тумадым, мысалы, Мәскеуде, болмаса Алматыда туған болсам ше?» деп қиялға берілетінім ойыма оралды. Мектеп пен ауылдың арасы бес шақырым еді, қырсыққанда оқу да мұнша ұзақ болар ма, сол кезде осы қара жолдың бойында көктем мен күзде батпандай болып балшық жабысқан аяқ киімімді зорға сүйреп тайғанақтап келе жатып, «осыдан қалаға оқуға түсейін, осы ауылға қайтып келмеспін» дейтінмін, әйтеуір, ешкім ешқайда асықпайтын, адамдары тым бейқам, мал баққаннан басқа шаруаға мойны жар бермейтін осы жым-жырт ауылды да, бұралаң-бұралаң қара жолды да ұмытқым келетін.

— Баяғыда «девитпен» әкең екеуміз осы жолмен қайда бармадық, ой, дүние ай, — деген шешемнің қарлығыңқы даусы ойымды бөліп жіберді. Кәрі адам әбден тозған жолды көңілімен-ақ көріп отырса керек. Күнінде бұл кісі де қыдырымпаз болатын. Кейде ауыл маңынан ұзамай қалса, өз үйі өзіне тарлық етіп, пісірген асының да тұзы татымауға айналатын шешем бәрінен бұрын күйеуінің қара сұр «УАЗ»-ына мініп қыдырғанда жаны кіріп, жасарыңқырап кететін. Қазір ғой, төбесінен ұшар құс болса — үркітіп бағатын шалы кетіп, бала-шағаға қарап қалғаны, әлі де өзі от жаққан жерге жиірек келгісі келгенімен, жұмысбасты бала-келіннің қолы тие бермейді. Енді, міне, ағамның «алдағы айда өзім апарам» дегеніне қарамай, біреудің жамап-жасқап жүргізіп жүрген көлігіне жармасып келе жатқаны. Бір тәуірі, жасы тоқсанға таяса да жол көтере береді.

Қызыл кірпіші оймыштанып жарылып кеткен үйіміз көрер көзге аласарып қалыпты. Қолындағы таяғын ебедейсіз ұстап, өзі біресе есікке, біресе қабырғаға соғылып, сүрініп-қабынып ішке ентелеген шешем бүкшиіп алған күйі сүзіп жіберуге оқталған сиыр секілді басын екі жаққа кезек шайқап бірдеңе іздейтіндей. Көзі көрмей қалған соңғы жылдары тапқан әдеті, оның үстіне, көзіне ілген жасыл көзді көзілдірігі де қаракөлеңке жерде сеп болмайтындай.

— Кілті болатын еді, мына қуысты қарашы, әй, қыз. Кілт өзінің өзгермейтін орнында, сенедегі табалдырыққа жалғайтын тақтайдың астындағы ескі кәлөштің ішінде екен. Менің бала кезімде бұл есікте құлыптың ізі де жоқ еді, тоқсаныншы жылдары алақандай ауылда тауық та, табақ та қолды бола бастаған кезде үйін құлыптай бастаған ауыл қазағы сол кілтті мұқияттап көзден таса жерге жасыруды ақыры үйренбей кетті. Шешем дүңк-дүңк басып үйге кіре сала терезелердегі күнге әбден күйген газеттерді қаудырлатып жыртып, жабындарды ысырды да, бұрышта тұрған екі есікті, ортасы әйнекті буфетке қарап ұзақ тұрды. Көзі жасаурады ма, немене…

 — Мынау баяғыда, үйленген жылдары әкең атақты шеберге бір құнан беріп жа­сат­қан бөпет еді, іске алғысыз болып қалды ақыры. Сарғыш буфеттің төменгі қақ­пақ­та­рын айқара ашып, ішіне үңілгенде бүкіл де­несімен әне-міне еніп кетердей. Кезіндегі етжеңді мол денесі осыншалық кішірейіп кеткенін енді анық байқадым.

 — Осы сәбетский ыдыстардың бәрін өзім жинап едім, ойбай-оу, қарашы, қаншама тәрелке, кәселер… обал-дағы-ай… Міне, бәрінің астында «П» деп тұр, баяғыда той жасаған жұртқа бергенде ауысып кетпесін деп жазып қойғам ләкпен. Шешем «сәбетский» кеселерді көзіне тақап тұрып, кеседегі гүлдеріне нұры тайған жанарымен ішіп-жеп қарайды.

 — Мына сербезді баяғыда әкең Ялта деген жерден әкелген, анау тәрелкені Сочиден бе, жоқ, ей, Мәскібадан әкелген екен ғой… Мынаны қарашы, мынаны… Керім құман емес пе? Жап-жаңа, аппағымен қарап тұр. Осыны қазір де қолдануға болады ғой біздің келіндерге. Баяғыда осы ауылда той болса, жалынып сұрап әкететін, талай құданы күткен құтты шыны аяқтар ғой. Ойбуу, қайран есіл дүние-ай… Қалды ғой бәрі, ешкімге керексіз болып… Өзіңнен күш пен билік кеткен соң осы екен ғой…

 Тұра берсем, тәрелкелер тарихының со­зы­лып кетерін ойлап келесі бөлмеге шықтым.

— Мынау баяғы шипәнер, кілтін алып шығып едім, қай қалтама салдым екен, — деп саңқылдады артымнан ере кіріп. Даусы жарқын-жарқын шығады. Баяғы шалы бар кездегідей. Баяғы осы үйге басын кегжитіп алып кіріп-шығып жүрген жастау уағындағыдай. Көңіл-күйі де ерекше. Байқаймын, ол бүгін ғаламат бір музейге келгендей күйде. Және ол музейдің иесі өзі болса, көңілі қалай аспандамасын. Әшейінде «көзден дым жоқ, буалдыр тұман болады да тұрады» дейтін шешем айналы ескі шифоньердің есігін ашып алып ақтарып, өзімен-өзі сөйлесіп кетті.

«Баяғыда осы маталарды киітке салатынбыз, бата оқырға апаратынбыз, қазір қалды ғой. Қазіргілер ондай апармайды дейді, құтырған ғой кілең. Мынау баяғы пом барқыт, мынау кірепдешин, мынаусы… паһ-паһ, таза жібек, бұны баяғыда Ақтөбеге құдалыққа барғанда кигізген. Енді жатыр бостан-босқа… Шіріп…»

— Әй, қыз, саған керек емес пе?

— Керек емес, оны қайтем?

Шешемнің даусы шаңқ етті:

 — Қайтемі несі? Көйлек тіктір! Қонаққа барғанда ұстай бар!

— Қойшы, керек емес, модадан қалған ғой бұлар, ел күлер.

— Өй, қара қасқалар, әне, бұлар сөйтеді! Әлгі біздің келін де сөйдейді, өткенде құда­лықта киітке салайын десем, «ескі замандыкі, ұят болар», — деп жолатпай қойды ғой. «Қазір мұндай салмайды, алтын білезік кигізеді» деп. Мен ғой осыларды өмір бойы жинадым.

 — Бекер жинағансыз, сол кезде өзіңізге көйлек тіктіріп қызығын көрмедіңіз бе?

Кемпір шаншыла қарады. Оты қайтқан сұр көздеріне әп-сәтте ашу тұна қалған.

— По, шіркін! Ақыл үйретеді тағы! Иә, сендер ақылдысыңдар ғой! Мына біз ғой ақы­мақ болған… Өмір бойы жинадық, өзімізден аяп… Ақша жинадық ізберкәссіге салып, онысы жанып кетті деді ме, күйді деді ме, жоқ қылды, киітке деп қаншама жағалы киімді сандықта сақтап едік, біреуі пайдаға аспады, әйтеуір, біздікінің бәрі қисық болып шықты ақырында… Есіл дүние… Соңғы жағында шешемнің даусы жасып шықты.

Гөй-гөй ұзаққа созыларын шамалап басқа бөлмеге жылжыдым, аяқ астында жатқан ауыр қызыл кілем де баяғысынша қарап тұр, кілемнің астына жіберген текемет те сынын жоғалтпай жатыр-ау. Осы ауылдың әйелдерінің шуаш сасып жүнді пісіріп, ақ тер, көк тер болып қарпып, жүнді бояп, ою салып, текеметтерді қалай басқаны, ас жеп, шай ішіп отырып талай әңгіменің басына су құйғаны есімде. Жүз шақты қойы бар үйде ондай мереке жиірек болатын. Қазір оны еске салсаң, өзі де іші толып, ернеуінен асып төгіле жаздап жүрген кәрі адам ақтарылып кешке дейін сарнап тоқтамасы анық. Онсыз да аға-жеңгем қалаға көшкенде жаңа үйге бәрін жаңадан алып, ауылдағы үйден ештеңе тасымағанын, сөйтіп қарайған дүниенің рәсуа болғанын қырық рет айтқан шығар. Күнұзаққа жол бойында басы артық тіл қатпаған шешем бар сөзін осы сәтке арнайы сақтағандай әр затты қолына ұстап, әр дүниесін быртиған қысқа саусақтарымен нұқып, менің көзіме шұқып тұрып көрсетеді.

— Мына кілемді алу үшін, ана істенкіні алу үшін қанша жүрдік? Ол заманда ағаш алу да бір ақырет еді ғой.

Ішім өз-өзінен салқын тартып, көптен иесіз тұрған үйде бойым тоңазыды ма, сол кездермен бірге қайтып оралмайтын балалық шағымның елесі жанымды шымшып өтті ме, қалтырай бастадым ба-ау, түсініксіз бір сезім. Бес бөлменің қайсысына кірсем де, жылылық жоғалған. Әкемнің мазасын май ішкендей етіп, құлағына қысы-жазы құйып жүріп қол жеткізген қызыл ағаштан жасалған жиһаз төрді түгел алып үнсіз мелшиеді.

— Мына телебезірді айтсайшы, Құ­дай біледі, әлі жасап тұрған шығар-ау. Қал­та­сынан қол орамалын алып, төр алдындағы сандық секілді ескі түрлі-түсті теледидардың шаңын сүртті.

 — Шығайық, — деймін.

Ол естімеген түрмен әр бөлмеге бір кі­ріп, терезеге тұтқан жабынды бетіне та­қап, кілемдерін қолымен аялай сипалап, түртінектеп жүріп алды. Қолындағы таяғын о жер, бұ жерге түйреп, теңселе басып, өзі көрмейтін көзін одан әрмен көлегейлеп жүріп тәмпіш сары кемпір ескі-құсқы жиналған сарай, құлап жатқан қора, отын қораға дейін қалдырмай аралап шықты. Ойпырмай, бұ кісінің дүниеқорлау екенін білетінмін, бірақ біреулер үшін түкке тұрмайтын кәкір-шүкірді осыншалық жақсы көретінін… Ерте қала көріп саяқсып кеткеннен бе, болмаса о бастан қаттылау жаралдым ба екен, шешемді осынша толқытқан заттарға жаным селт етпеді, қатты сүйенсең құлап кеткелі тұрған, тозған, ескірген, көнетоз, шаң-шаң дүниеден безіп жоғалғым бар.

— Кетеміз бе?

Шешемнің құлағы бітіп қалғандай.

— Мына қазанды алып кетейік деп Құ­дайдың зарын қылдым, — деді ошаққа кіріп.

 — Мынаны қарашы, біреуі емес, екеуі бірдей қалды, жап-жаңа қазан, Құдай-ау, күнінде осы қазанға той мен садақаға ас пі­сіреміз деп бүкіл ауыл жалынып сұрап жү­ретін.

— Жарайды, келесіде келгенде алып кетерсіз. Шығамыз ба?

 — Тұра тұршы, әй қыз, дігірлемей. Жа­налқымға алып болдың ғой! Мына көршілер­ге қазан керек емес пе екен, барып келші?

— Қай көршіні айтасыз? Айналада үй бар ма?

Шешем бір сәт бөгеліп қалды да, түрі бұ­зылып кетті.

— Құдай-ау, екі жақта да ешкім жоқ ек­ен ғой. Қараң қалғырлар, бірі қалмай көшіп кеткендері несі? Көршілердің көшіп кеткенін тап қазір естігендей түрі бұзылып жыларман болған кәрі адамды аяп кеттім.

 — Ана көшеде 2-3 үй қалған сияқты ғой. Жаңа зират басында тұрғанда байқадым.

— Ой, дүние-ай, күнінде қандай ауыл еді! Шешем таңдайын тақылдатып, басын шайқады.

— Қолың сыңғыр Кәрбәшов, құртты ғой бәрін! Қит етсе баяғы Горбачевті қарғап-сілей­тін шешемнің әдеті. Үнемі осы. Сол жалтырбасың осы ауылға әдейілеп келіп, асылтұқымды сиырларды түн ішінде Түркия асырып, шағу май шығаратын цехтың, наубайхананың қосалқы бөлшектерін үлкен КамАЗ-дармен қосып әлдекімдерге сатып жіберіп, дымсыз қалған елді тентіретіп қалаға қуғандай. Шешем сол жалтырбасыңды қарғай жөнелгенде бар емес пе, момын жұртты пайсыз қалдырып, өздері үш жүк мәшинемен көшіп қарасын батырған совхоз директорлары мен үлкенді-кішілі басшылар өзінен-өзі кінәсіз болып, ақталып кететін.

— Қазанды алып кетсек қайтеді? Шешем менен бір жөн сөз күтеді. Түбі күйелеш-күйе­леш қара қазандарын қимай тұр.

— Екеуін де ме?

 — Енді бөліп-жарып қайтеміз? Біреу тіпті жаңа, Аштарханнан арнайы алдырғам. Мынау баяғыда әкемнің үйінен келген қазан еді. Әкем колхоздың басшысы болып тұрғанда талай жақсылар мен жайсаңдар осы қазаннан ас ішіп еді, енді оны айтып кімді сендірерсің? Ішінде от тұтанғандай жалын ата күрсінеді.

— Ий, қайтесің… Қара қазанның иесіз қал­ғаны қайбір жақсылық дейсің… Қара қазанын тастай қашқанның… қайдан білейін енді…

Шешемнің пұшайман болған түрін көріп қазанды қалайда әкетеміз дейін десем, мынау тым үлкен абажадай дүние. Тіпті жүк салғышқа сия қалғанның өзінде әкетуге шопыр бала келіссе жақсы. Көз алдыма мана өзіміз мініп келген Жигулидің иесі келді. Қысы-жазы кісі тасып діңкелеп, қалаға барғанда шаруасы тез біте қоймайтын ауыл адамының әрқайсысына мұрын астынан күңкілдеп жүргеннен бе, беті тыржиыңқырап кеткен шопыр баланың кеспірі одан әрі бұзылады-ау деп ойладым. Байқаймын, тай­дың еті сиярлық қазанды біреудің көлігімен қалаға әкетем деуі онша қисынды емесін шешемнің іші де біліп тұрды. Оның үстіне, қалаға апарғанда қайда қоятыны тағы белгісіз, «келінбала не дейді?» деген сұрақтар ол кісіні енді-енді төңіректей бастағандай.

— Зират басына тағы барайық, — деді шешем даусы құмығып шыққандай болып. «Түскен бойда сапарымызды зират басынан бастаған жоқпыз ба?» дегенді айта алмадым. Өткен күннің белгісі осы-ау дегеннің әрқайсысына бір жармасып, жанына жалау етіп, көңіліндегі естеліктерін жаңғыртпақ болған жартыкештеу көңілін көріп өзімнің де ішім ылжырап тұрған.

— Жаңа тек әкеңнің басына бардық та кеттік, ақыры келгесін күнінде бірге жүрген келіншектердің басына да соға кетейік. Келіп тұрып қасымызға кідірмеді дейді ғой, — деді ол ақталған дауыспен. Қираған үйінділерден тұратын көшенің ортасында келе жатып та шешем күрсіне берді.

— Мынаның бәрі толған үй еді. Егінін егіп, малын өсіріп отырған ауылды қиратып… Оңбаған… Кәрбәшовты айтам да…

Ертегідегі айдаһардың деміне бергісіз ыстықтан жусанның басы бүрісе түскен. Манағыдай емес, көлеңке басы да ұзарыпты. Біреудің көңіл-күйінің ауаны қасындағыға да әсер еткіш пе, енді мен де айналаны шешем­нің көзімен шолып, шешем болып ойлай бастадым. Баяғы отқа бас қойған мыңғырған малды жер жұтып алғандай. Алыстан әр жер-әр жерге шашырай жайылған ұсақ жан­дық қараңдайды. Шамасы, мына бетте отырған екі-үш үй бір ауқаттының малын бағып отырған болса керек. Сонау шеттен кәдімгідей бәйтерекке айналған ағаш көзге түседі, бұл Қаман ағайдың үйінің маңы болар-ау. Он екі баласы бар ақарлы-шақарлы үйдің иесі пошта таситын. Бес шақырым әрі, бес шақырым бері жаяу желдіртіп өте шыққанда көршісінің аяғына жем түскендей жүрісі мандымайтын шабан аты ілби жүріп, көзі мөлиген күйі сәлем айтып қалатын көрінеді. Он екі баланы асырау ол заманда да оңай емес, қашан көрсең де торша сеткісі қолынан түспейтін, совхоздан поштамен қосып торша сеткіге салып малдың ішек-қарнын таситын, ал әйелі қашан көрсең де аулада кір жуып отырады не күніне бірнеше рет нан ашытады. Қашан көрсең де, ошаққа тезек қалап не киім жамап отырғаны. Басқа жұрт ол үймен араласпайтын, поштабайдың қолының сұғанағы бар дейтін. Малы жоғалғандар сол үйдің қора жағына қарап тістеніп өтетін. Бір күні шыдамы таусылған ауыл адамдары елде жоқты шығарып милиция әкеліп өмірі кілттеніп тұратын поштабайдың сарайын аштырғанда, үш қабырғаға мұқият тізілген нешетүрлі құрал-сайманның арасынан бірі өзінің сүйменін, бірі балтасын, бірі қайласын тауыпты десе-ді. Көп ұзамай ол кісі көшіп кетті. Мына жазықта Алпысбай деген ағай шешесімен тұратын. Екі беті шиқандай, домаланған кемпір сол кездің өзінде қырыққа кеп қалған баласын көзінен таса қылмайтын. Өмірінде үйленбеген ағамыз да мамасына екі айтқызбайтын. Еріккен жұрт не демейді, жел ауыздар шешесі қартайғанда тапқан жалғыз ұлын әйелдерден сұмдық қызғанады екен, үйленбей сүр бойдақ болып қалғаны содан деп сөз қылатын. Бір қызығы — етігіне су кірген бала ең әуелі сол Алпысбай ағай­дың үйіне барып киімін кептіріп алатын, оны­мен қоса қалтасына кәмпит салып, ұрты да томпайып шығатын. Ойнап жүріп киімін жыртқандар да сол үйге кіріп, ағай онысын ерінбей көктеп тігіп беретін. Бала біткенге қалтасынан сағыз бен кәмпит алып үлестіретін сол ағайдың елдің баласына ел­жіреп жүретін балажандығына ол кезде мән беріп жаттық па… Әр баланы қуантқан сайын өзін мейірбан әке секілді елестеткен де шығар-ау. Болмаса осы бір кекілі жалбыраған бала менің балам болса ғой деп армандады ма екен…

 Зиратқа барғанша да шешемнің аузына дамыл болмады, жасаураған көздерін сығырайтып тұрып қолымен нұсқайды.

— Мына жерде монша болды, ой, енді керім монша еді! Қанша монша көрдім, сондай монша кездескен емес! — деп таңдайын тақылдатты. Шешемнің айтып тұрған моншасын мен де көргем. Ескідегі көнетоз ес­телікке ойша жармастым. Есік алдында отты көсеп қойып, келгендерден тиын алып, билет беріп жүретін Сәуле апайдың аузы да жалп-жалп, өзі де отын жарып, темір бөшкеге құдықтан су тасып құйып, бір тыным таппайтын. Құдауанда, мына өмірде осындай жұпыны шағын ауыл болып, ол ауылда саманнан тұрғызып, төбесіне лай құйған осындай ұсқынсыз монша салынып, сол моншаға от жағуға осы бәкене бойлы әйел ғана лайық секілді көрінетін.

— Әй, түгенше, тар жерге тарақан болмай сыртта отырып күтсеңші, түге. Менің от­ты көсегенімді бақылауға келген кәмәсия құсамай.

— Әй, бәленше, қазір сен кіремісің, өт­кен­дегідей тал түсте кіргеннен мал келгенше жүріп алмай, тезірек жуынып-шайынып шық. Әкең пәленше қысы-жазы күс-күс бо­­лып жүрсе де айына-жылына бір арқасын суға тоспайтын еді, кімге тартқансың өзің? Өз сөзіне ырқылдай күлген моншашы енді іштегілерге айқайлайды.

— Әй, сендерден кейін де бір қора кісі тұр, суды құр ағыза бермеңдер, түге! Бұл ауылдың еркек-әйелі моншашының біресе суды қарау үшін, біресе салқын су кіргізу үшін қалағанынша кіріп-шығып жүре беретініне әбден үйреніп кеткен. Моншаның алды жексенбі күндері кішігірім балық базарындай у-ду болып жататын. Біреулер шомылуды мақсат етсе, біреулер әдейі әңгіме тыңдау үшін осы жерге аялдайтын. Және шүйкелеген жүн, иіріп отырған ұршығы не тоқымасын қыстыра келетін. Құр өсек айтып отырмай, басының сіркесін сықтырып, шаруа мен қанағатты қатар атқарып отыратын әйелдер бір көзімен әріректегі каналдың суына ентелеген сиырларды да көздеп отыратын.

— Анау біздің сиыр емес пе, тал түсте кіргізгені несі-ей ауылға?

— Әй, бала, әй, Самат, Марат, Қанат, сиыр кеп қалды. Сиыр! Ойын қызығына түскен балада құлақ бар ма? Енді шешелері шыңғыруға көшеді.

— Қап, ойында басың қалғыр, бұзауды қара деймін.

 Осы кезде барып «сиыр келіп қалды» дегенді «жау келіп қалды» деп естіген бала біткен күс-күс табанымен ойды-қырды шала зыр қағып арқандаулы тұрған бұзауына қарай тіп-тіке ағызар еді. Балшықтан долбарлап салған монша іргесінде лас суы жайылып жатса да құламады, күндердің күнінде жағылмауға айналды. Ұзақ жыл монша деген атын сақтап тұрды. «Бұл моншаға ел орынға жатқан кезде перінің қызы келіп қонады екен, түгеншені соққан сол пері көрінеді, көрші ауылдан қайтып келе жатқан Мәкөнге жолығып қалыпты, Мыңыштың Сембайы түнде малын іздеп жүргенде моншаның жарығы самаладай болып жанып тұрғанын көріпті» деген әңгімелер, әсіресе, біздің ұйқымызды қашыратын. Бірде ауылдағы бір жігіт екі бөтелке арақ құйып моншаны бұздырып, саман тасын қораға пайдаланыпты деп естідік. Бірақ перінің қызына мекен болған ескі моншаның тасынан салынған қорада тұрған мал біткен шошынып есі ауысыпты деген әңгіме естілген емес.

— Мына жерде Сағын жездеңдер тұрды. Ой, ол да управ болып дүркіреді-ау, осы ауылдағы ең әдемі үй соныкы еді, үйі — үйім-ақ еді, шіркін, бәлдубәлду бәрі өтірік осы күні. Енді қарашы, орны тып-типыл. Шешем сөйлеген сайын үхілейді. Ішін күйдірген әлдененің уыты күшейгендей ме… Дәнел апай рулас болғандықтан Сағынды «жезде» деуші ек, өзі әзілкеш, жылтыраған басында бір қылтанақ жоқ, ал маңдайының жартысын алған жуан қара қасы тазға әжептәуір шаш болғандай түрінің өзі күлкі шақырып тұратын. Қарны қампиған жездеміз карта ойын болған үйден не ұтпай, не ұтылмай шықпайтын. Есіме бала кезде өзім куә болған бір оқиға түсті. Шешем жасында көп сөйлемейтін, бірақ айтса — қаттырақ кететін тоңмойындау адам еді. Ұрыстың неден басталғаны белгісіз, апақ-сапақта екі әйел сөзге келіп, шаң-шұң шыққан. Қалмақ бет, қысық көз Дәнел апай да ашуды әбден ерттеп мінген, жеңгесіне шүйліге түседі.

— Сен қатын, осы сен неменеңе әлде­ған­дай боласың, елден жинап алған балала­рың өсіп алғасын жұртқа тастап кеткенде көрермін. Сонда сен рахат көремін деп отыр­мысың? Көргенде мен көрермін, он балам бар, мен көрмегенде кім көреді дейсің? Сен сияқты ерте суалған пақыр емеспіз! Бедеу қар!

Сол кезде шешем сарғыш жүзіне лып етіп қан ойнап жақындап келді де, әріректе жатқан көсеуді жұлып алып Дәнелдің отының алдын бұрқылдатып тұрып сабалап-сабалап жіберді.

— Осы сөзіңді ұмытпа! Қайыр аздан ба, көптен бе, оны көрерміз, аузыңды ашқан сайын мақтанатын он балаң ұшпаққа шығарса, сен де келіп менің отымның күлін сабаларсың! Оттың күлі бұрқ-бұрқ етті де, көсеу анадай жерге барып айналасын солқ еткізіп ұшып түсті. Көзі бақырайып тұрған мені жолай іле кеткен шешемнің сол жолы долылықтан жылаған-жыламағаны есімде жоқ, оның жүзіне қарауға қорыққаным есімде. Осы ешкімге керексіз болып қалған ауылдың иесіз көшесіне өкшемнің ізін мықтап қалдырайын дегендей, аяғын нығарлай басқан шешеме ұрлана қарап қоям. Әлсіз жанарымен жан-жағын қармалайды. «Негізі осы кісінің нәті қатты болар, тегін адам емес шығар-ау өзі де?» деп ойладым бір сәт. Олай ойлайтыным — шешемді қарғаған Дәнел апай бір күні құлап, бір қол, бір аяғы сал боп қалды. Он баласының бесеуі ұл, бесеуі қыз еді, бәрі үйлі-баранды, бірақ ауру адамды шалы ғана аттай он екі жыл бақты. Он екі жыл бойы ғаріп адамды қарап, тамақты қолдан беріп, астын тазалау ер адамға ауыр бейнет екені түсінікті, қажыған жездеміз де жеңілген. Ал шешеміз «елден жинап алған» баласының қолында жақсы күтімде отыр. Бұл — сөздің құдіреті ме, әлде басқа ма… ол жұмбақ менің миыма әлі де ауырлау.

О баста адамға таусылмастай көрінетін дүнияның базар тарқаған сайын ыстық көріне беретіні туралы үлкендер айтатын, ғұмыр қоналқыға тақағанда адамды мұңға бөккен ойдың жиі иектеп алатынын да солар біліп айтқан шығар-ау, кезінде тары піскенде бірге келдекке барған, қой қырқымда қасынан табылған, шілдеханаларда қатар отырып бірге ән салған құрбыларының құлпытасының басында тұрып, әрқайсысына жақсы сөзін арнаған шешем көзін сүртіп жүріп өзімен ала шыққан күрішті шашып жатты.

— Күрішті неге шашады?

— Қу тақыр боп жатқанша бастарында жайқалып күріш өсіп тұрсын да.

— Бұл өңделген күріш қой, тұқым емес, өспейтін шығар.

 — Е, мейлі, өспесе — торғай жем қылар, әйтеуір, бір дән жеген сайын риза болып дұға қылса жақсы емес пе?

 «Торғайлар дұға жасай ма?..» деген сұра­ғымды жұтып қойдым. Менің қолты­ғым­нан алып салмағымен баса теңселе жүрген шешем әлі де баяғы бастан кешкен, көрген-баққанын ойында қайта ақтарып, аударып-төңкеріп келе жатты.

— Мына шамада Зиғаның үйі отырды, дүкен ұстады ғой уағында! Бір езуінен шылымы түспейтін тарамыс қара кемпір көз алдыма келді.

— Анау жерде отырғышта Әсира екеуміз ұршық иіріп отыратынбыз. Сен күйеуге кеткенде көрпе тігуге көмектескен еді, артынан қайтты ғой. Керім шебер еді! «Он үш жасымда күйеуге шықтым, бәрі жоқшылықтан ғой» деп сықсыңдап жылайтын шүйкедей кемпір көрген жерде бетімнен сүйіп сілекейлеп тастайтынын қайдан ұмытайын.

 — Осы ауылды үлкен ауыл болды, қақ ортада су ағар болды, мына жерде биік ағаштар өсіп ауылға көрік беріп тұрды дегенге сенесің бе? Сенесің бе, жоқ па?

Осыны айтқан шешемнің даусы қатқыл­да­нып, бағжаң-бағжаң етіп маған ұрсуға айналғандай. Апыр-ай, мына кісі бүгін өз­геше. Сол ағаштарды түбірімен жұлып алып отқа жаққан, судың құбырын қазып алып сатып жіберген мына мен секілді, соншама қадалғаны несі? Менің осы арадан тезірек кеткім келді. Өзімнің у-дуы мол қалама, жердің бір шетіндегі астанама тезірек оралсам екен. Мына көзің тоқтамайтын құладүзде мен қызығатын не бар дейсің. Шешем ғана көзінің жасы сырғып ағып жылап келе жатты. Ол маған өзінің от жаққан жерімен қоштасып келе жатқандай көрінді. Оған қарамауға тырыстым.

Неге екенін, осы кезде шешеммен бірге құрақ көрпе тігетін Әсира шешей, зәуде үйіне барып немере қызымен ойнай қалсам, талқанға қаймақ құйып «айналайын, қарның ашады, жей қойшы» деп жалынатын Сәрия шешей, үй жағынан шыжғырылған құйрық майдың иісі шығып, тоғыз ұлын тойдырам деп күн ара қазанға бидай қуыратын Зере апай, бала көрсе, соңынан елжірей қарап тұратын Алпысбай ағай, оның екі беті шиқандай болып қасынан бір елі қалмайтын бүкір шешесі опырайып қалған төмпешіктер арасынан бір сәтте зорайып өсіп шығып, бізге қарап күлімсіреп қол бұлғап тұрғандай көрінді. Бойымнан тоқ жүріп өткендей, өзімнен өзім қа­ра­дай секемденіп, артыма қарағанымда… көз ұшында созылған құладүзде желден басқа ешкім мазасын қашырмаған, ұлы тыныштықтың қолтығында қаперсіз қалғыған ескі қонысты ғана көрдім. Сыны қашқан осы көнетоз дүниеден жеріп тұрып, кеудемде аты-жөні жоқ әлдебір мұң мелдектеп тұрғанын білдіргім келмеді. Біз аяңдап зираттың қасындағы бұрыш-бұрышына тіреу қойған тапал үйге жақындадық.

 — Барып шықшы, бұрын Ғаділханның қыс­тауы еді, қазір кім отыр екен, қазанды беріп кетейік, бір пайдасына асар.

— Бізге қазан керек емес, ауылға газ келген, оны қайтеміз? Қазір қазанды ешкім қолданбайды! — деді омырау тұсы ерепейсіз ойылған қысқа көйлекке әрең сиып тұрған қара келіншек. Ол мені, мен оны танымадық. Келіншектің аяқ астына кеп тығылған, сатал-сатал, ұйпа-тұйпа жүнінің сыртынан қабырғасы анық көрініп тұрған алқа-салқа арық ит анадай жердегі итаяғына көңілсіз көз тастайды. Кеуіп жатқан итаяқ бір жағына қарай қисайып қалыпты. Маған иттің өзі емес, оның көңіл-күйі әбден таныс болып көрінді. Біз қалаға қазансыз оралдық.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама