- 03 қар. 2016 00:00
- 260
Қарағандыда Елбасы оқыған университетте «жын-шайтандар» мерекесі тойланды
Соңғы жылдары жастар арасында қазақтың дәстүріне жат «Хэллоуин» мейрамы кеңінен танымал болып, тойланып жүр. Биыл оның мерекеленуіне Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті де атсалысқан.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 50-ге тарта студенті мен магистранты қазаққа жат «Хеллоуин» мерекесін тойлаған. Шараға аталған университеттң оқытушылары да ат салысыпты. Бұл жайында аталған университеттің баспасөз қызметі жоғарғы оқу орнының ресми сайтында хабарлаған.
сайттан алынған скрин-шот
«2016 жылдың 31 қазанында сағат 15.00-де 426-дәрісханада «Halloween» мерекелік іс-шарасы өтті. Taryn UHalie (Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілі, ағылшын тілі мұғалімі) мен «Орыс және шетел тілдері»кафедрасының ұйымдастырумен өткен шараға кафедра оқытушылары, 50 студент пен магистрант қатысты. Хеллоуин – бұл заманауи мейрам. Ирландия мен Шотландияның ежелгі кельттерінің дәстүрлі мерекесі. 31 қазанда барлық әулиелер күні қарсаңында ағылшын тілді елдерде тойланады. Шара барысында фото, бейне материалдарды пайдала отырып, Хэллоуин тақырыбында презентация көрсетілді», - деп жазылған ҚарМТУ сайтында.
Хэллоуинді тойлаймыз деп, бет-әлпетіне түрлі бояу жағып, жын-шайтан кейпіне еніп, қиялидың ісін жасайтын балаларына тыйым сала алмай отырған ата-аналар енді «Хэллоуиннің» жарнамалануына білім беру мекемесінің де атсалысқанына наразы.
«Осы жын-пері, шайтан, өлген қалыңдық сияқты неше түрлі адам шошырлық кейіпке енудің не қызығы бар екенін түсінбеймін. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы білім алған университетте осындай шараның өтуі – тіпті ұят нәрсе. Сонда бізде тойланатын басқа мерекелер жоқ па? Жастарды дұрыс жолға салудың орнына дінімізге, дәстүрімізге жат осындай мерекені тойлатуға мүмкіндік беріп отырған университет басшылығының ісі қынжылтады», - деді осы ЖОО-да білім алатын студенттің анасы Райхан Төлеуқызы.
сурет автордікі
Хэллоуин Еуропада, АҚШ-та халық арасында танымал мереке. Бұл мереке христиандық дәуірге дейінгі кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ Францияның аумағында өмір сүрген кельттерден бастау алады. Олардың наным-сенімі бойынша, 31 қазан күні мазасыз әруақтар мен сиқырлы тіршілік иелері біздің әлемімізге өтеді-міс. Сондықтан да кельттер әруақтар сияқты киініп алып, арғы беттен келетін тылсым күштерді тыныштандыру үшін әр үйге барып, тамақ сұрап жүретін болған. Уақыт өте келе Хэллоуин жын-ойнақ мерекеге айналды. Кейінгі жылдары Хэллоуинде ағаштарды өртеу, шамдарды сындыру секілді ұсақ бұзақылықтар сәнге айнала бастады. Өкінішке қарай, осы бір түсініксіз мереке Қазақстанда да кең етек жайып келеді. Қазан айының соңғы күні мектеп оқушылары мен студенттердің жын ұрғандай кейіпке түсетіні жасырын емес. Бет-аузын қан-жоса қып бояған қыздар бір-бірінен асып түсіп, әлеуметтік желілерге суреттерін салып әлек, ал жігіттер аталмыш «мерекесымақты» тойлау мақсатында көшеде адамдарды қорқытып, көлік дөңгелектерін жарып, әртүрлі бұзақылыққа баруда. Осылайша, не болса соған еліктегіш қазақ жастарының санасы өзге елдің, өзге діннің мейрамдарымен уланып жатыр.
Жібек МҰҚАШЕВА
Baq.kz