Қарқарадағы көтеріліс
Мен онда учаскелік следоуателдің тілшісі едім. Қарқара жәрмеңкесінде Падбарков дейтін учаскелік пристоп тұратын. Қазақ оны «Ақжелке» дейтін. Июльдің жетісі күні пристоп болыстарды жинады. Болыстарға «Июнь жарлығын» оқыды. Мені қазақтарға ұғындыруға қосты. Мен қағаздың жазылуынша ұғындырып келе жатып, «тыл» деген сөзді білмейді екем, тоқталдым да қалдым. Оны пристоп ұғындырған соң барып, түсіндім. Қазақтарға түсіндірдім. Болыстардың өңі құп-қу болып кетті. «Біз елсіз ешнәрсе жасай алмаймыз» деді. Пристоп бұйрығының тығыздығын айтып, үш күн мәулет берді.
Ертеңінде базарға бір жан келмеді. Күнде топырлап жататын жәрмеңке көшкен жұрттай жым-жырт болып, құлазыды да қалды. Ол күні күн жауды. Кешке таман бір бөлек қара бұлт Кегенді басып, құздың басына барып жоғалып кетті.
Июльдің тоғызы күні пристоп базардан ат айдата бастады. Жан-жаққа (елдің күдікті жеріне) адамдар шаптырып, солдат шығарып, апалаң-топалаң болды. Сол күні бесін уағында күн жауды. Күн жауған соң болыстар қайтып кетісті.
Ел қобырап кетіпті: «Пристопке айырпылан келіпті, әнеу күні бұлттатып келген түріктер екен, дауылдатып, жаңбырлатып кетіпті-мыс», «қазаққа тиме депті-мыспен» ел елеңдеп кетті. Пристоптың отряды Ұзақтың үйін тінтіп келді. Ешнәрсе алған жоқ, Ұзақ үйінде жоқ екен. Албан боп Ақбейітке жиналып, Жәмеңке боз бие сойып, бала бермеске бата қылады. Жәмеңке—жетпіс бестегі Ұзақтың үзеңгілес жолдасы, шешен, алғыр кісі еді.
Июльдің 11 күні. Бүгін—пристоптың берген мәулетінің жауабы берілетін күн. Бауырынан сиген еркек қалмай, албан Айттөбеге жиналып, ұлыққа жауап бермек болады. «Не қыламыз, бермегенде қайда барып құтыламыз?» деген сөздің тиянағын Ұзақ айтуға қояды.
Ұзақ бұрын Механов пристоппен ұрысып, үш жарым ай абақтыға кесілген, барлық провасынан айырылған адам болатын және Ұзақтың қалмаққа беделі бар адам.
Ұзақ айтады:—Жігіт бермелік, қалмаққа өтіп кетеміз, ең кемінде үш жыл жан сақтатам, үш жылға дейін мұның өзі де бір жайлы болады,—дейді. Жұрт осыған қол қояды.
«Ұлыққа жауапты кім береді?» дегенде: «Тұрлықожа, Айтбай, Серікбай үшеуі жауап берсің» дегенге келді. Үшеуі бір-біріне:—«Сөзді сен баста, сен бастамен» тұрып алады. Сөз жазылып және көпке келеді. Көп: «Ұзақ білсін» дейді.
Ұзақ:—Жәмеңке айтсын,—дейді. Жәмеңке Серікбайға сілтейді.
Серікбай—әдемі сәукеле сақалды, нұрлы, майда тілді, шешен кісі еді. Жиналған ел тұтасымен жүріп, Қарқарадағы пристопқа келді. Сонда жиналған халық қарасы бес мыңдай еді. Қарап тұрдық, қалың кісі Қарқараны басып кетті. Полиция елді қамшылап кейін қайырды. Ел қамшы көтерген жоқ. Дүкен ашық, бір жан сіріңке алған жоқ.
Жәмеңке, Ұзақ бата қылған Айттөбеде қалып, елді қайырғанды көріп, қайтып кетіседі. Ел біресе ары, біресе бері жүріп, ұйлығып, тұрып алысты. Аяғында елді пристоп аттан түсірді. Бәрін де отырғызды. «Көп ішінен бір-ақ кісі келіп жауап берсін» деді. Қазақтан: «үш кісі жауап береміз» деді. Пристоп: «Мақұл» деді. Жауап беруге бастапқы шақырылған Тұрлықожа, Айтбай, Серікбай үшеуі келді. Ел артынан ентелеп, жаяу сығылып, басып кетті. Полиция ұрып-соғып, қылыштарын жарқылдатып, әзер тоқтатып тұр. Мен дәл сол, алдыңғы топтың ішінде бұғып тұрмын.
Пристоп мені іздепті. Ырысқұл Мамырбаев Падбарков деген суан жігіт (Мамырбайұлы фамилиясын әлгі пристоптың фамилиясына сәйкестеп өзгерткен еді) шақырып келді, ұлықтардың қасына бардым. Пристоп Подбарков, оның орынбасары Плотников, Қарақолдың пристопы Красненков, учаскебай судия Молчевский, следоуател Смернов, медециниский назрател Ананеев дегендер тұр еді. Следоуател Смерновтың қолында фотография жабдық бар, ол құрып, дайындалып жатыр.
Бөркі қолында, Серікбай сөзді майдалап, ізектеп тұр:
—Көп біледі, жұрттың ісі, жұртқа ауыр тиіп тұр, жұрт өз аузымен айтсын, бала бересіңдер ма?—дегенде, көп:—Жоқ, жоқ!—деп шу ете түсті.
Үстінде көгал шыт шапаны бар Тұрлықожа:
—Тоқта, олай емес,—деп сөзді алып кетті. —«Хан әділінен тайса, қарашасы бұзылады» деген, біз орысқа қарағанға елу жыл толған жоқ, елу жылға дейін салдат алмақшы емес еді, одан танды. Бір сом жиырма тиыннан артық түтіннен рамат алмақ еді, биыл 21-45-тің арасына келгеннен алым алды, артық алды. Жерді алды, қонысты алды, суды алды, аш орысты алып келді, өз жерімізді өзімізге сатты!—деп, тағы бір осындайларды «бір» деп, «екі» деп дауыстап өзі санап тұрды. Бітіп, айтып келіп:
—Біз бала бере алмаймыз! Рас па?—деп еді, тұрған көп: «Рас, Рас!» деп айқайды аспанға шығарды. Көптің қозғалысы қозып кетті. Көптің ортасынан бір шал өгізін жетелеп келіп қалған екен:
—Кім болса да, «бала берем» дегенді мен жарып өлтірем,— деп пышағын суырып алды.
—Патша бала алмасын, мал алсын, бала алса, қолына жабдық берсін. Ұрыста ор қазып, шепке ұсталып, қойша қырылған ша, жастығын ала жататын болсын! Астына ат, қолына қару берілсін, жұрт осыны тілейді!—деді Тұрлықожа.
Айтбай да кібіртіктеп, бірдемені айтты. Бірақ ду оның сөзін естірмеді. Намаздыгерде ел тарады.
Жайлау. Ел ат-айғырын ұстай бастапты. Бозбала киіне бастапты. Осымен бір-екі жұма өтіп кетті.
Жәрмеңкеде тұратын Сұлтанмұрат деген саудагер сарт бар еді. Соған ғана 5-6 қазақ анда-санда келіп-кетеді. Бір күні «қазақ бұзылыпты» деген сөз дүңк етті. Бұл хабар елді көтеріп жіберді. «Қырғызға кісі жіберіп, хабар салыпты-мыс. Қырғыздың Бұғысында Батырқан, Қыдыр, Саудамбекке елдер хат жазып, не болып жатқанын сұрастырыпты-мыс. Қазақ көтерілісінен Сұлтанмұрат хабар алыпты-мыс» деп хабар артынан хабар тарала берді.
Ел сірне қыла бастады, тумыш істей бастады. Астық пысты, орылмады, шөп шабылмады, науқан, шаруа, қыс қамы жайына қалды. Елдің мойны босап, сөз аңдитын болды.
Августің бесінде Асыдағы қызылбөрік көтерілді, спесік ала келген пристопты ұрып-соғып, 17 орыстың жау жарағын алыпты. Енді Жаркент уезіне қарайтын қызылбөрік қобырады. «Қызылбөрік атаулыны орыс ұстайды» депті. Қызылбөріктер тумыш қыла бастады. Прокордың жолдасы Кравченко албан кісілерін (жоғары жиналыстағы сөйлегендердің суретін салып алған емес пе еді) ұстай бастады. Ұзақты, Жәмеңкені, Әбдіхалықты, Серікбайды, Әубәкірді, Тұрлықожаны, Алдабергендерді ұстады. Ұзақ, Жәмеңкелерді Қарақолға жіберді. Төрт күннен кейін «Жәмеңке өлді» деп хабар келді. Қатын-баласы сүйегін алуға лұқсат тілеп, жәрмеңкедегі прокрорға келді. Ол қолына қағаз бермей:
—Барып, өздерің ала беріңдер,—деді. Қарақолға кісі жіберген, сүйегін бермепті. Облысқа жандаралға телеграмм берді.
Жандарал лұқсат қылмайды. Ел одан ары өшігіп кетті, ел әбден жауықты.
Августің онында Қарашығанақта (Нарынқолдың қасы) бір адамды біреу өлтіріп кетіпті. Судияға, следоуателге хабар келді. Мұны союға жүрдік, сойылды, кісіден өлген екен. Қайтып келе жатқанда Сарыжазда бізге ат жетпей, Сатыпалды деген дохтыр екеуміз қалып қойдық, поштаға келдік. Пошташы үйінде екен, бізді салқын қарсы алды. Кулаков деген ағаш тілетін зауыты бар, қазақша мал жиған бір орыстың байы еді, қазақтар өлтіріп кетіпті. «Сендерге ат бере алмаймын» деді. Өзі таныс еді, таныстығымыз жайына қалды. Оның үстіне Кеңсу, Шырғанақ, Талдыдағы омарталарды қазақтар шауып кетіпті. Августің он екісінде Асыда пристоп өліпті. Осының бәрін айтты. Жалпаң
қып ат алдық. Пар ат жекті, жәмшігі қазақ. 35 шақырым еді, қатты жүріп келеміз, сары жазық, ел жоқ.
Желқарқараға келдік, жәрмеңке көрінбейді. Он-он бес рет сирек-сирек мылтық даусы естілді. Жәрмеңке желкесіне шыға келсек, Қарқара суының батыс жағы, Көкдөңге қалың жылқы қаптап кетіпті. Бір жан жоқ, тап-таза, елсізде жалғыз біз ғана. Қарқараға жақындағанда адақтап әр жерден кісі көрінді, жылқы қуған, жосып шапқан, ұйлыққан топ. Біреуінен тіл алуға ынтық болып келеміз. Бізге бір үшеу жолыға кетті, Дәркенбай (Аламан) деген шал. Сәлем бердік.
—Ана жылқы не?—десек, ол:
—Жылқы емес, кісі. Бағана Қарқараға шауып, атыс болып, ала алмай, сырылып анау дөңге барғаны, кешке шаппақ. Қарқараға барасыңдар ма? Онда қазақтан ешкім жоқ, босып шықты,—деді.
—Біздің үй қайтты?—дедім.
—Сіздің үй тұрған көрінеді, адамы бар сияқты,—деді. Үйде бәйге атым қалған, туысқаным бар, Сатыпалдының бала- шағасы бар, састық. Сатыпалдыға:—Енді қайтелік?—деп ем,
—Ойбай, қатын-бала қалды!—деп зыр ете түсті.
—Сен барсаң, мен де барам,—деймін,—мына жылқы қуған кім?—десем,
—Біздің ауылдың балалары ғой, Шалкөдедегі Алтынкендегі Кантр деген орыстың (орыс болмаса керек) жылқысы. Базарға әкеле жатқан жерінен өзін өлтіріп, жылқысын алып барады,—деді. Онан ары шошыдық. Мен атыма мінгім келеді. Өйткені жаяумын. Сатыпалды бала-шағасын көрмек болады. Сан далып көп тұрдық. Иу-қиу кісі шауып жүр. Аяғында «тәуекел!» деп жөнелдік.
Жәрмеңкеге жақындағанда басы қып-қызыл біреу (жаяу) сандалып келеді. Бұл—әлгі өлтірдік деген Кантр. Басы қарыс айырылып кетіпті. Таныс еді:
—Не болды?—десем:
—Сендердің қазақтарың қылды,—деді. Онан ары шошыдық. Көшені қақ жарып жүріп келеміз. Бір салдат кіжініп: «Арада әлі поштаға голәйт етеді»,—деп.
Үйімдегі адамдарым қашып кетіпті. Екі баласы мен иесі (үй, пәтер ғой) қалған екен. «Тез жоғал!» дедім. Түркебаев судияның тілшісі еді, о да көлік таба алмай отыр екен.
Қаладағы наубайлар (нан пештері) ашық қалыпты. Қалада қалғандар ұлықтардың пәтеріне жиналып, арбадан баркада жасап, ор қазып жатыр.
Августің он екісі кешке таман: «Орға кіретін кірсін, кірмеген кетсін, ұрыс болады» деп бұйрық болды. Шепке келдік, ордың ішінде следовател тұр екен:
—Сен көтеріліске қосылып кетті десем, сен де келіпсің ғой,—деді. Оның сөзі де жақсы тимеді. Ордағы елді қашады деп, кешке таман абақтыдағы Алдаберген, Серікбай, Әбіхалықтарды далаға тұрғызып қойды. «Қарақолды қырғыз алыпты, абақтыдағыларды (Ұзақтарды) атыпты» деген хабар сарт ете түсті. «Құдай дін мұсылманға қуат берсін!» деп аһылап, Алдалап жүрген жан.
Пристоп Түркебаевпен екеумізді шақырып алып:—Сендер ордың ішінен шықпайсыңдар!—деді. Сол жерде бармағымды тістедім:
—Адасып түстім тереңге, енді маған сай қайда?—деймін,—мен ғой адасып, көзсіз көбелектей түстім. Сенің қалмағың қа- лай?—деймін Түркебайұлына.
Салдат бір рота (70-тей). Ашулы. Топ-топ ертеулі ат, жүкті түйе, сиыр, қора-қора қой әкеле бастады. Болыстың, бидің знагын, бір шанаш (мес) саф күмісті қой тұяқ, тай тұяқ, жамбы, сәукеле, жүген-құйысқан, кілем, киім, жабдықтарды [жинап алды].
Іңірде қойға Қарқара жазығы көрінбей кетті. Анда-санда қой ішінде туырлық қомдаған сиырлар көрінеді. Пристоп қойды салдаттарға жинауға бұйырды. Сарт-саудагерлерге күзеттірді. Жәрмеңкедегі дүкендерді тасыттырып, орға жинаттырды. Әр жерге үлкен-үлкен от жақтырды (дүкенді жағып жатыр). Ордағы елдің бәріне «қой сойып жей берсін» деп бұйрық берілді. Орыстар, қашқарлықтар ылғи қошқарларды, құнан қойды сойды. «Қозы сойсаңдаршы» десек, бізді келеке қылады. Бір сөз айтсақ, бұзып аламыз ба деп үндемейміз. Өйткені сағат сайын ісіміз оңбай барады.
Базарда қалған ақ отауларды ордың ішіне тасып, жаппа қос қылып, жасауын үлесіп жатыр. Саудагер, салдат, сарт, тараншы қазақтың ырғын малына, нәрсесіне тұмсығын тықты-ау, біз «мырза қамаудамыз». Сатыпалды орға кірмей қашып кетіпті, түн болды.
Августің он үшінші күні қырдағы елмен титтей қатынас болған жоқ. Күн батты. Оттар лаулап далада жанып тұр. Екі-үш күннен бері берекелі тамақ ішкенім жоқ. Әлсіреп, шаршап, құлап қаппын. Елең-алаңда бір-ақ ояндым. Оянсам, кешегі он мыңдай қой бір-ақ өріп кетіпті. Бір топ салдат Тұзға қарай шауып кетті. Өйткені Тұз жақта бір қарауытқан көрінген. Ол Құлжаның саудагерлері екен. Сәскеде Қарақол жақтан шаң
шықты. Мұны: «қырғыз келіп қалды» деп ордағы орыстар шала бүлінді. 250-300-дей кісі көрінді, алдынан жасақ жасап, әскер шықты. Жақындағанда салып, қойып жіберді. Келе жатқан кісі быт-шыт болып, қырқаға қарай торғайдай тозды. Әлгі жерінде қараң-құраң бір тобы қалды. Салдаттар аттарына мініп, атып, қуалап, тоздырып кетті. Ұстағанын айдап келді. Бұлар Қарақолдан апиын кесуге барған қытайлар екен. Он шақтысын жаралап, 50-60 тай қытайды айдап келді. Бұлардың қазақ-қырғызбен байланысы бар екен. Мылтығы барлар «қашып кетті» деседі. Шынында, бұлар кәсіп іздеген қытайдың нашарлары еді.
Оларды да орға қамады. Ыңыранып жатып, екеуі өлді. Қалған жаралылары да өлімші болып, қыңсылап жатты. Күн кіші бесін болды. Әкелген мал қара құрық, жылқы аз, бір-ақ айғыр үйіріндей. Орыстар қазақтың басқұрын көп жинап жүр, еденге төсемек. Түнімен у-шу. Мен күн шыға ояндым. Оянсам, өзге картина: падоботтың алды кетіп қалыпты, қалғаны кетіп жатыр. Түйенің үстіне жүк салып, саудагерлер, орыстар Қарақолға жүріп жатыр. Ұлықтардың біреуі қалмапты. Ақ үйлердің ішіне-тысына қойды бауыздап тастай беріпті. 50-60-тай қойлар бауыз даулы жатыр. Кейбір қазақ үйлері өртеніп жатыр. Абақты аңырап қалыпты. Ешкім жоқ, Серікбайларды сол күні алып барып жайғапты. Біреу-біреуге сыр айтпайды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына». Әркім ат, арба тауып кетіп жатыр. Тай, бір жабағылы биені бұрышқа қамап ұстадық. Уәли Қайлобиннің өгей әкесі осында екен. Мен сонымен бірге Жаркентке кетпек болдым. Ол қатым жаттық. Ертеңінде 40-50 арбамен Жаркентке жүрдік. Келе жатырмыз, мен ноғайдың арбасындамын.
Түздің аяғын қырқа, бір қылаң жылқы қашып келеді, ер-тұрманды екен. Қарқараның суына келгенде шылбырына оралып тұрып қалды. Ноғайды тоқтаттым. Бір атын шығарып берді, онымен келіп әлгі ерттеулі атты ұстап алдым. Қолында, санында қызыл бояу, таңбалы ат, ол қазынаға аталған болатын. Басында қызыл кендір ноқтасы бар еді, оны тізгін қылған екен. Ол турасынан ілініп, тоқтатыпты. Санында Текес қалмақы таңбасы бар, шай қызыл жылқы екен. Жер-су баспайды. Жолдастарым:
—Таңбасын (бояуын) жу,—деді. Мен қарсы болдым:
—Жаркентке жеткізіп, тапсырам,—дедім.
Кегенге (су) жақындағанда бір ақ үй отыр. Бұл Жақсылық деген дохтырдың үйі еді. Келдім, атасы отыр екен. 500 жыл- қысы бар адам еді. Дохтыр қатынымен жылы суға (арасанға) кеткен екен.
—Анау ауылдарды көрдің бе?—деді,—ауыл көп еді, бірақ онда бір жан жоқ, үркіп кетті,—деді. Менің ойым «жау түбі-—ел, жар түбі—кешу болады», сарттан айырылмайын, кейін қазақтың куәлігін алмайды» деймін. Мен кіргенде суға жығылдым. Күн кеш болды, қондық. Шылғауымды отқа қалап қойсам, шылғауымның біреуі өртеніп, аз ғанасы қалыпты. «Бұл жаман ырым» деп, қалғанын өртеп жібердім.
Күн шықты. Қашқар тонымды арбаға салып жүрдім. Жалманды өзекке келгенде, бір-екі адам ағызып көлденең өтіп кет- ті. Келсек, әлгі жер айқасып жатқан адам өлігі екен (біз көшіп жатқанда 5-6 қытайлар кеткен еді, соларды өлтіріп кеткен екен дедік). Иманға келмей қайырып, тоңқайып-тоңқайып жатқан өлікті аралап жүріп келеміз. Серікбай дәл жолдың үстінде жатыр екен, тани кеттім. Әбділхалықтың өлігін де таны
дым, бірталай тараншыларды өлтіріп кетіпті. Сарт өлгендерді танып ұлардай шулады. Жүріп кеттік.
Кешегі жолыққан Иса (дохтырдың атасы) қуып жетті. Таң атқан соң 50-60 кісі келіп (ішінде Дәмен де бар):
—Ауылымды шауып, жамбыларымды әкетті, ел бүлінді (Дәмен өз күйеуі еді, көшпеген-ді. Орысқа жақын-ды, орысқа санап қылғаны), қыз-қатын ап кетті, Қырғызсайдағы пристопқа барып арыз қылам,—деп келеді.
Шошанайға жеттік. Бір жаман тамнан шығып, бір тараншы шал ботадай боздайды. Ағустың 12-нен 13-не қарсы түні бұларды (Серікбай бәрін) абақтыдан айдап шығарды. Жолда бұл тараншы болдырады. Басқа тараншылар арқалайды, аяғында жүре алмайды. Ат үстінен бұл тараншыны салдаттар атады, бұл құлап қалады, оқтан амал қалады. Олар озған соң қашады, далада түнейді, Серікбайларды атқан жерге жақын жатады. Таң атқан соң Серікбайлардың өлігіне келіп, Серікбайдың үстіндегі шапанын жауып кетеді. Онан жүріп осы тамға тығылған болады. Серікбай жолда келе жатқанда, бұл тараншыға: «сен аман қаласың, елге сәлем айт!» деп, бойтұмарын берген екен.
Шошанайда дамылдап отырғанымызда, бір топ қазақ-орыс киіп кетті. Иса екеумізді «сендер шпионсыңдар!» деп айдап кетті. Өйткені Темірліктегі пошта айдаушы орыс-казакты өлтіріп кетіпті. Бізді Қырғызсайға (казак-орыс поселкесі) айдап келді. Менің әлгі қылаң атым пәле болды. «Мына қазақ қазынаны талап алған, сен сонан алдың» деді. Қырғызсай орыстары школге жиналып жатыр екен. Иса көкірек ауру еді, ыңқылдап, қорқып ауырып кетті. Қораға түсісімен шуылдап атты алды. Сөкті, ұрысты. Шөлдеп барамын. Күн батып бара жатқанда қыздар қарбыз тіліп жеп жатыр екен, бір-екі тілім берді. Жан шақырдым.
Таң атты. «Кете бер, ат бермейміз!» деді. Таныс орыс (Смернов) бар еді. «Шыға сені тосып, аттырады» деп күңк ете түсті. Атаман: «Кет, кеттің!» астына алды. «Ат бермесең, кетпеймін» деп жатып алдым. Змағон дейтін Ақсудың болысының (тараншы бар еді) дарбызы бар еді, соны жеп ұйықтап қалыппын. Бар ақшам бір сом елу тиын ғана, бөлке сатып алдым. Оның үстіне жеті-сегіз жігіт (қазақ) әкеп жамады. Олар—малайлар. «Жұмысқа» деп бірлеп-екілеп алып кетеді, әкеткені үйірге қосылмайды. Үшеу-ақ қалдық, өзгені атты. Жамбас тесіліп барады. Қырғызсай қаласын түйе мен сиыр басып кетті. Тараншыны қуып келіп, ораққа салып жатыр. Түгеліншеге бардық, «Баусары дегенді бастан аттым» деді Малышов деген бір казак-орыс. Қасымдағы жолдастарым мал бағып жүрді. Олар: «қашамыз» десті. «Жолдарың болсын!» дедім.
Қазақ-орыстар маған дазнания жасады, следоуател келіп (Смернов) мені падкомбойым жеткіздіртті. Бұрын қол алып амандасатынбыз, ол болмады. Сұраққа алды. Маған иланғандай болды. Түркебаевты сұрай береді. «Мен Қырғызсайға келемін, кепілге алсам, қашып кетпеймісің?» деп үш қайырды. Аяғында кепілге шығарды. Бір бөлме, көрпе-жастық берді. Мен октабрге дейін сонда тұрдым.
*(Әңгімеде 1916 жылғы патшалық Ресейдің «Июнь жарлығына» қарсы Қарқарадағы албан руының көтерілісі баяндалады. ОҒК-нің Сирек қолжазбалар қорының 1022-бумасында, «Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты әңгімелер» атты қолжазба жинаққа енген. Әңгімелеуші—Жүнісұлы. Латын әрпінде машинкаға басылған (46-59-бб). Кейін «Қарқара айбаты» (Құжаттар мен материалдар жинағы.—Алматы:-Өлке,1991) атты кітапта жарияланған. Аталған кітапта мәтін толық жарияланбай, тек бір үзіндісі алынған. Мәтін оқырмандарға толықтырылып, түпнұсқа бойынша ұсынылды.)