Қазақ мұғалімі өзін еш құқығы жоқ тыпырлаған жәндікке теңеді
Ағылшын тілі мұғалімі Қазақстан мектептерін тозаққа теңеді.
Мектептегі боямасыз өмірді суреттеп, ағынан жарылған мұғалімнің үшбухаты Pandaland журналында жарық көрді.
«Интернетте жарық көрген немесе моральдық ақы талап етіп, тікелей өзіме шығатын ата-аналардың қоқан-лоқысы көңілімді қатты бұзады.
Бірақ оларға айтарым, сыпырып алатындай біздің түгіміз жоқ. Қазақстандағы мұғалімнің әл-ауқаты қайыршылық деңгеймен пара-пар.
Оған жүйкенің тозуын қосып қойыңыз. Көбісі бұл сөзім үшін мені жек көріп, бұл мамандықты ҚАЙЫРЫМДЫ деп, пір тұтар. Бірақ қайырым мен алға қойған мақсатыңызды сабақ берген бірінші жылдан кейін ұмыта бастайсыз.
Оның пікірінше, ұстаз жақсы ақша тауып, көбірек бос уақыты болуы керек.
Ал қазіргі жағдайда жас мұғалімге отбасын құрып, өз балаларын тәрбиелеуді жоспарлаудың еш мүмкіндігі жоқ.
«Менің жасым — 30-да. Жалпы білім беретін мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін.
Менің жеке өміріме уақыт жоқ, басы артық ақшам да жоқ, бастысы өзім айналысып жүрген істен қандай да бір ләззат алмаймын. Қазақстандағы мұғалім — бетімен кеткен оқушыларға, топас директорға және білім жүйесіндегі хаосқа қарсы тұру үшін дамылсыз тыпырлайтын ешқандай құқығы жоқ тіршілік иесі.
Енді сөзімді дәйектей түсу үшін әңгімені балалардан бастайын. Мен алғаш рет мектеп табалдырығын ұстаз болып аттай салысымен, «London is the capital of Great Britain» дегеннен басқа ештеңені үйретпеген балаларды шет тілін меңгеруге басқаша құштар етуге кірістім. Оқушылардың ағылшынша жақсы көретін өлеңдерін аударуға, берілген жаттығуларды тез орындауға барымды салдым. Өйткені қалған 15 минутта олар танымал сериалдарды субтитр арқылы көруі керек болатын. Көп ұзамай бұл тәсіл өз нәтижесін берді. Оқушылар өзімен ағылшын тілінде сөйлесуді сұрай бастады. Мен олардың көздерінен от көрдім.
Оқушылар енді менен «шіріткіштің» (балалардың жаргон сөзі) орнына шет тілін қызықты өткізудің тәсілдерін көбейтсеңіз деп сұрай бастады. Шіріткіш деп олар отандық авторлардың оқулықтарын айтқан еді. Шындығында, ол кітапттар мектепке дейінгі білім беру үшін жасалған секілді. Әрине, ондағы амалдар әбден ескірген.
Мен жоғары сыныпқа сабақ бердім. Әрине, балалар әртүрлі болады. Әсіресе олардың алып-ұшпа жасөспірім кезеңде екенін ұмытпаған жөн. Мен бәріне әрдайым түсіністікпен қарауға тырысатын адаммын. Бірақ жүйке тоздыратын кез де келіп жетті, онсыз бола ма? Соның біреуін мысалға келтіре кетейін.
Үнемі сабаққа кешігіп келетін, сабақ оқымайтын, ал сабақ үстінде телефонынан бас алмай, хабарлама алмасып отыратын 9-сыныпта оқитын бір қызға 3 қойғанда нағыз шайқас басталды. Оның ата-анасы мектепке келіп, үлкен айқай-шу шығарды, сотқа беремін, тағы басқа қоқан-лоқыларымен мені үркітіп-қорқыта бастады.
Ал директор не істеді дейсіз ғой? Мені шақырып, әлгі қызға 4 қойып құтылайық дейді. Әкесінің қолы ұзын екен деген әңгіме де айтылды. Расында, баласына баға сатып алатын «үлкен» адамдарға қарсы тұруға біздің шама қайда? Әрине, көзді жұмуға тура келді. Есесіне, әбден еркінсіген қыз менің сабағыма мүлде қатыспауды жөн деп тапқан. Құдайға шүкір, басқа балалардың тәрбиесінде мәселе жоқ, олар да бұл жайтқа түсіністікпен қарады.
Енді жұмыс кестесіне келсек. 24/7 — бұл біздің девиз.
Олимпиадалар, сенбілік, мәдени шара, бітпейтін қағаздарды толтыру, ата-анаға хабарласу, жиналыс өткізу! БҰЛ — АҚЫСЫ ТӨЛЕНБЕЙТІН МҰҒАЛІМНІҢ ҚОСЫМША ЖҰМЫСТАРЫ.
Өткізген сағатына қарай ақша төлейді, бір сыныпты жетекшілікке алсаң, оған бонус қосады. Бонус деген әрине құлақа жағымды естіледі, ал ақысын көрсеңіз, күлкіңіз келеді, 5 мың теңге ме сондай.
Комиссия — бұл өз алдына бір бөлек мәселе. Сыйлыққа ақшаны үн-түнсіз жинаймыз, ондағы ойымыз — жөнсіз келіп киліге бермесе екен деген.
Біздің мектепке тағатын кінә да жоқ. Кешіріңіз, егер жабдық берілмесе, күрделі жөндеуге ақша бөлінбесе, еден жуушыларға 50 мың теңге төленсе, енді не деп тиісесіз? Ал біз болса, сыйлық жасаймыз оларға. Ақшасы көптерге…
Мектепте «мәртебелі» жалғыз каста бар. Ол — осы жұмыстан қандай да бір ләззат алатын зейнет жасына жақындап қалған мықты мұғалімдер. Алдағы зейнеткерлігі, осыған дейін жинаған беделі және еңбек өтілі ол адамдарға қосымша ақыға баланы оқытуға мүмкіндік береді. Міне, бонус деген осы.
Ал жастарға жұмыс сатысымен көтерілу деген жоқ. Мен осы жылы жұмыстан өз еркіммен кеттім. Ол тозаққа қайтып барғым келмейді. Әрине, балалар іздеп, мазалап жатыр… Сағынамыз дейді, мен де оларды сағынамын. Қайтемін енді, үйренісіп қалған оқушылармен тоқ болмайсың.
Сондықтан құрметті ата-аналар, біз туралы жаман жазбас бұрын біздің орнымызда өздеріңізді бір рет қойып көріңіздерші. Бұл арада бір сағатқа шыдап бере алмас едіңіздер. Ал ай соңында қолыңызға тиын-тебен тигенде көзіңізге жас үйірлетініне кепіл бере аламын. Сөкпеңіздер. Одан да балаларыңызды байқұс ұстаздың еңбегіне жанашырлықпен қарауды үйретіңіздер!» делінген хатта.
Дереккөз: 365info.kz