Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстанда 1 миллион теңге айлық қалай алуға болады?

Қазақстанның кез келген өңірінде тұрып жоғары айлық алуға болады. Қалай екенін қазір білесіз!

Қазақ жастары үшін жоғары жалақылы жұмысқа кіру өте маңызды мәселе. Бұған қалай қол жеткізуге болады?

Ақша табудың белгілі бірнеше жолдары бар:

1. Кәсіпкерлік немесе сауда.

2. Өнер. Әнші, биші, күйші балапан болу.

3. Спорт. Футбол, бокс, ауыр атлетика т.б.

4. Айлыққа жұмыс.

Алғашқы 3 жол бойынша табыс табу мүмкіндігі барлығында жоқ. Сондықтан, біз айлыққа жұмыс жасау туралы әңгімелесетін боламыз.

Кім және не үшін сізге ақша төлеу керек?

Жұмыс беруші - жеке кәсіпкер компания, немесе мемлекеттік, бюджеттік мекеме болуы мүмкін. Жұмыс берушінің проблемасын шешкеніңіз үшін сізге ақша төлейді.

Мысалы, мемлекеттік мектеп үшін -  5 - сынып оқушыларын математика пәніне үйрету мәселесі бар, осы мәселені шешуге математик маманына келісілген ақшаны беріп отырады. Дәл сол сияқты, ресторан - тамақ тасу мәселесін, даяшыға ақша төлеу арқылы, аяқ киім сататын дүкен - тауарларды адамдарға беріп олардан ақша алу мәселесін, сатушыға ақша төлеу арқылы шешеді. Ойдың бағытын түсінген шығарсыздар. 

Қысқасы, айлық белгілі бір атқарылған жұмыс, яғни шешілген мәселе үшін төленеді. Мәселе қаншалықты қиын болған сайын, оны шешуге соншалықты көп ақша төленеді. Сәйкесінше, қиын мәселелерді шешетін адамдардың жалақысы, жеңіл мәселе шешетіндердікінен жоғары болады.

Жұмыстардың түрлері өте көп, бірақ оларды жұмыс жасау құралына қарай бөлуге болады:

1. Күшпен, денемен шешілетін мәселелер.

2. Мимен, ақылмен шешілетін мәселелер.

"Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады" деген мақалды бәріміз естігеміз ғой. Осы қағида қазірге дейін өзекті. 

Әрине, даяшы болып, күзетші болып, такси жүргізіп те жақсы ақша тауып жүргендер бар шығар, бірақ, көпшілік жағдайда мимен жұмыс жасайтын адамдар, күшпен жұмыс жасайтындарға қарағанда көбірек ақша табады.

Бәке, Сәке, таныс арқылы жұмысқа кіру жолын қарастырмаймыз. Себебі, көп жағдайда бұл аз жалақылы, мемлекеттік жұмыс. Ол жерде сіздің мәселе шешкеніңіз ешкімге керек емес, ары кетсе барып кел, шауып келмен айналысасыз. 

Әкімдікке кіріп, бірер уақыттан соң адамдардан пара алу, мемлекеттік қазынадан жымқырып қалу жолын да қарастырмаймыз. Себебі, бұндай арсыздыққа барғаннан, жұмыссыз аштан өлген артық деп есептеймін.

Бізге белгілі бір саланы үйреніп, осы салада өз ой-санамызды пайдаланып, адал ақша табу нұсқасы қызық. Көп ақша табу. 

Ол қандай сала болуы мүмкін? Мысалы, сіз ағылшын тілін жақсы білесіз дейік. Құжаттарды аударумен айналысатын мекемеге жұмысқа кіруге болады. Заңды жақсы білсеңіз, нотариус боп, сот орындаушысы болып немесе консультант болып жұмысқа кіруге болады. Бұндай мысалдар өте көп. Бірақ, бұл салаларда сізден жоғары оқу орынын бітірген диплом талап етуі мүмкін.

Ал дипломсыз, таныссыз, үлкен еңбек өтілісіз, қолмен емес мимен жұмыс істейтін, басқа қалаға бармай, өз тұрғылықты жерінде істейтін, осының барлығына қоса жоғары айлық алатын жұмыс табуға бола ма?

Болады. Осы жерде мақаланың ең қызық жеріне де келіп жеттік.

Программист - болашақтың мамандығы! Кез-келген адам программист бола алады. Иә, кез-келген. Қазір әлемде программистердің үлкен тапшылығы байқалуда. Өз елінде жұмысшы таба алмаған компаниялар, шет елдерден, қашықтықта жұмыс істейтін программистерді жұмысқа алады. Қазір Үндістанның халқы жұмыссыздықтың есесінен программист мамандығын жаппай үйреніп, қашықтықтан жұмыс жасап жүр. Украина, Беларусь елдерінде де мұндай тренд көп байқалады. Әлемдегі ең жылдам дамып жатқан Азия барысының бірі, Сингапур елі, осы жолмен бүкіл елдің экономикасын көтеріп отыр. 

Қазақстанның өзінде программистер тапшылығы өте үлкен дәрежеде. Орташа білетін мамандардың жалақысы 400 мың теңгеден басталады. Енді жұмыс бастап жүрген программистер кемінде 100-150 мың теңге жалақы ала алады. Сөзіме сенбесеңіз, еліміздегі басты жұмыс табу сайты hh.kz сайтына кіріп қарап көріңіздер. 

Әрине, бір мезетте бас салып программист боп кете салу мүмкін емес. Оған дайындалу керек, дұрыс қадамдар жасау керек.

Қорытындыласақ, мәселе былай:

Программист мамандығы жайлы, қандай түрлері бар екендігі, қалай меңгеруге болатыны және жұмысқа кіру үшін не істеу керектігі жайлы ақпарат жинау керек. 

Бір бағытты таңдап, сол бойынша 2 айдан - 6 айға дейін оқып дайындалу керек.

Қалада тұратын болсаңыз, junior программист болып жұмысқа кіру керек. Басында 1 ай тегін жұмыс жасауыңыз да мүмкін. 

Жарты жылдай junior болып 100-150 мың теңгеге жұмыс жасасаңыз, сосын middle(орташа дәреже) дәрежесіне қалай жеткеніңізді өзіңіз байқамай қаласыз. 

Middle программист болып, 500 мың теңгеден артық айлық алып жүрген көп программист достарым бар. Ал бұл дәрежедегі программист, өз жұмысымен қатар, қосымша жұмыстар алып, тағы қосымша 150-200 мың теңге айына таба алады. Сонда, ынтамен еңбекпен кіріскен жағдайда жарты жылдың өзінде 700 мың теңгеге айлыққа жұмыс істеуге болады.

Әрине, әркімнің қабілеті, ынтасы, талпынысы әртүрлі. 700 мың емес 300 мың болғанның өзі өте жақсы емес пе? Жарты жыл программист болған адам, әрі қарай үздіксіз дамып отырады. Әрі қарай Senior дәрежесіне жетіп, 1 миллион теңгеден асып түсу тек уақыт мәселесі. 

Егер ауылда тұратын болсаңыз, интернет арқылы білім жинайсыз. Фриланс (қашықтықтан істейтін) жұмыстар өте көп. 5-6 ай бойы фриланста жұмыс жасап тәжірибе арттыратын болсаңыз, middle дәрежесіне жеткенде белгілі бір компанияға үйден отырып жұмыс жасайтын болып, әрдайымғы жұмысқа орналассаңыз болады. 

Жоғарыда айтылғанның бәрі бар нәрсе, болатын нәрсе. Өзім ауылдың қара баласымын. Көп балалы отбасыда дүниеге келдім. Мұғалім мен дәрігердің баласымын. Қазақ сыныбын бітірдім. Программист мамандығына оқымадым, барлығын интернет арқылы өзім үйрендім. Қазірде Біріккен Ұлттар Ұйымының берген тапсыры бойынша мүгедектерді қолдауға арналған интернет жүйе жасаумен айналысып жатырмын. Үлкен компанияда жұмыс жасаймын. Айлығым өте жақсы)

Талпынысы жоқ адам сылтау іздейді. Миын қозғамаған адам стройкада белін қозғайды. Егер сізге анық программист болу қызық болса, өз өміріңізді жақсы жағына өзгерткіңіз келсе, сұрақтарыңызды қойсаңыз болады. Барынша кеңес беруге, бағыт-бағдар беруге тырысамын. Назарларыңызға рақмет!

Естеріңізде болсын, "Оқу - білім бұлағы, білім - өмір шырағы"!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама