Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қазақстандағы діни заң қандай деңгейде

Халықсыз билік болмайды, ал – дінсіз халық болмайды. Әр ұлттың өзіне белгілі,  ұстанатын діні болады. Халықтың тұтастығы мен діннің тұтастығы жəне мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тəуелді байланыс бар. Қазақстан президенті Н. Назарбаев қазанның 13-і күні «Діни қызмет жəне діни ұйымдар туралы» заңға қол қойды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген соң елдің сыртқы, ішкі саяси жағдайынан бөлек елдің экономикалық дамуындағы ғана емес, азаматтардың діни-мәдени өміріндегі басымдықтарға да күрделі өзгерістер енгізді. 

Ата заңда айшықталған нормалар негізінде 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданды. Заңда көрсетілген талаптар мен көзделген мақсаттар осыдан сол кезеңдегі Қазақстан қоғамының нақты ахуалына негізделген болатын. 

Соңғы екі онжылдық ішінде еліміздің рухани-діни келбеті елеулі өзгеріске ұшырады. Діни қызмет белсенділігі күшейіп, діни бірлестіктер саны еселеп артты, теріс жат діни іс-әрекеттер де бой көрсете бастады. Сондықтан заңдық нормаларды заманауи ахуалға сәйкестендіру мақсатында аталмыш Заңға 1994, 1997, 2004, 2005 жылдары бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

2011 жылдың 18 мамырында дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Агенттік тарапынан мемлекеттің дін саласындағы стратегиялық бағытын айқындаған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы әзірленіп, 2011 жылдың 11 қазанында қабылданды.

Бүгінгі уақытта Қазақстандағы діни жағдай тұрақты десек болады. Бірақта осы жерде діннің қазіргі қазақстандық қоғамға айтарлықтай ықпалын атап кеткен жөн. Діни бірлестіктердің көбеюі, дін үйлерінің жаппай бой көтеруі осыған дәлел. Қазақстанда қазіргі кезде 4551 діни бірлестік бар екен. Қазақстан тұрғындарының басым бөлігі дінді этникалық мәдениеттің және ұлттық салт-дәстүрдің элементі ретінде қарастырады. Дәстүрлі діни институттардың ықпал ету аясы кеңеюде, халықтың діни ықпалға бой алдыруы жиілеуде, діни бірлестіктердің әлеуметтік функциялары күшеюде, діни білімнің рөлі артуда, діни миссионерлердің қызметі жандануда.

«Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы біздің қоғам үшін маңызы орасан зор. Ол азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуда айтарлықтай ықпал ете алады. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті.

«Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңда мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінгені туралы конституциялық норма нақты жазылған. Бір де бір дін мемлекеттік немесе міндетті деп белгіленбейді. Осылайша, мемлекеттің зайырлылығы атап көрсетілгені қоғамдық жəне мемлекеттік институттардың бірігуіне жол бермейді.

ҚазҰУ, Дінтану мамандығы 3 курс студенті,

Аблахатова Сымбат

аға оқытушы,  PhD. Мұқан Нұрзат


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама