Маңғыстау облысында белгілі журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жоламан Бошалақ қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығының мәліметінше, 1943 жылы Атырау облысының Эмба ауданындағы Тұрғызба ауылында дүниеге келген Жоламан Бошалақтың өмірі мен шығармашылық жолының едәуір бөлігі Маңғыстау облысымен тығыз байланысты болды. Ол ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, облыстық теледидар мен баспасөздің дамуына ерекше үлес қосты.
Әр жылдары ол Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында, «Коммунистік жол», «Маңғыстау» газеттерінде жұмыс істеді, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі болып, аймақтың тіршілігін ақпараттық кеңістікте кеңінен жариялады. Әсіресе «Маңғыстау» газетін басқарған жылдары ол аймақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосты.
«Жоламан Бошалақ — кәсіби журналистикаға адалдығымен, жазушылық шеберлігімен және азаматтық ұстанымымен әріптестерінің құрметіне бөленген үлкен буын өкілі. Оның аймақтық журналистиканың дамуына қосқан үлесі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған шығармашылық мұрасы халық жадында сақталады. Марқұмның отбасы мен туыстарына, әріптестері мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», — деп атап өтті орталықта.


