2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қоғамдық тамақтандыру қызметінің көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 2,1 триллион теңгеден асты. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Елдегі тамақтану орындарының саны 17,5 пайызға артып, 19 588-ге жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 16 674 болған еді.
Қоғамдық тамақтану нысандарының ең көп саны Алматыда — 3 522 мекеме. Астанада 2 761 нысан жұмыс істесе, үштікті 1 275 нысанымен Қарағанды облысы түйіндейді.
Ең қарқынды өсім дәмхана сегментінде байқалады: олардың саны 15,1 пайызға — 5 202-ден 5 987-ге дейін өсті. Дәмханалардың көбісі Алматыда (1 036), Астанада (809) және Қарағанды облысында (485) орналасқан.
Асханалар саны 5,7 пайызға — 5 618-ден 5 940 бірлікке дейін артты. Классикалық мейрамханалар саны 666-ға көбейіп, қазір олардың саны 3 024-ті құрайды. Айта кетерлігі, мейрамханалар саны бойынша Астана Алматыны басып озды: 654-ке қарсы 602. Бұл көрсеткіш бойынша үшінші орынды күтпеген жерден 248 мейрамханасымен Батыс Қазақстан облысы иеленді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өсім қазақстандықтардың тұтыну әдеттерінің өзгеруіне, жеткізу қызметтерінің дамуына және сұраныстың қолжетімді тамақтану форматтарына ауысуына байланысты.


