- 25 нау. 2016 00:00
- 210
Қазақтың байырғы өлшемдері
Тәулік мезгілдерінің атаулары
Күн шығар алдындағы мезгіл атаулары
Алагеуім, алагөбе, алаң-ғұлаң, алаң-елең – таңертеңгі мезгілде айналаның әлі жарықтанбай, сәл ғана бозғылт тартқан кезі.
Құланиек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бастаған кез.
Таң сәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.
Күн көкжиектен көтерілген мезгілдің атаулары
Бұл мезгілді сәске деп атайды.
Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.
Сәске түс – түске жақындаған мезгіл, сағат 12 шамасы.
Ұлы сәске – тал түске жақындаған мезгіл.
Күннің орта мезгілінің атаулары
Бұл мезгілді түс деп атайды.
Тал (талма, тапа-тал) түс – күннің қатты ысыған кезі, сағат 1 шамасы
Шаңқай түс – көлеңкенің әбден қысқарған кезі, сағат 2 шамасы
Күн еңкейген мезгілдің атаулары
Бұл мезгілді бесін деп атайды.
Ұлы бесін – бесін намазын оқитын кез, түс ауған шақ
Кіші бесін – ұлы бесін мен намаздыгер арасындағы мезгіл.
Құлама бесін – күн еңкейген кез.
Екінді – түс ауып, күн батуға жақындаған мезгіл, бесін мен ақшам арасы.
Намаздыгер – күн еңкейіп, ұясына кіруге таянған кез.
Күн ұясына бата бастаған мезгіл атаулары
Бұл мезгілді ақшам, ымырт деп атайды. Оның мынадай атаулары бар:
Алагеуім – күн ала көлең, ұясына бата бастаған мезгіл.
Кеугім, кеуім – қараңғы түсе бастаған кез, ымырт.
Намазшам – кешкі намаз оқылатын кез.
Кеш – ымырт жабылып, қас қарайған мезгіл.
Түн мезгілінің атаулары
Түн – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы.
Іңір – күн батып, қас қарайған мезгіл.қызыл іңір – қас қарайып, түн болған кез.
Жарым түн – түннің ортасы.
Астың пісуіне байланысты уақыт өлшемдері
Ас пісірім. 2-3 сағаттық мезгілді білдіретін өлшем.
Ет асым. 2-3 шамасындағы мезгіл өлшемі.
Ет пісірім. Асқан ет пісетіндей уақыт.
Ет қайнатым. Қазанға салған ет қайнайтындай мерзім.
Қайнам: қазан қайнам. Қазанның қайнау уақытының өлшемі.
Сүт пісірім. Өте қысқа мерзімді білдіретін өлшем.