Қостанай тұрғыны 955 мың теңгеге жиһаз тапсырыс беріп, 684 мың теңгесін алдын ала төлеген. Алайда тапсырыс орындалмай, дау сотта медиациялық келісіммен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қостанай облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қостанай қалалық соты әйелдің жеке кәсіпкерге қарсы шартты бұзу, ақша өндіру, өсімпұл және моральдық зиянды өтеу туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Сот тараптар арасында корпустық жиһаз жасауға шарт жасалғанын анықтады. Шарт бойынша тапсырыс құны 955 мың теңге, ал жасау мерзімі 25 күн болған.

Шарт талаптарын орындау үшін талап қоюшы 684 мың теңге төледі. Алайда жауапкер белгіленген мерзімде бұйымды жасап, тапсыру міндеттемесін орындамады.

Талап қоюшы жауапкерге шарттық міндеттемелерді орындауды не ақшаны қайтаруды бірнеше рет талап етті. Кейін жауапкер 400 мың теңгесін қайтарды. Қалған қарыз сомасы 284 мың теңгені құрады.

Шарттық міндеттемелердің тиісінше орындалмауына байланысты талап қоюшы сотқа жүгініп, өсімпұл мен моральдық зиянды өтеуді де сұрады.

Істі қарау барысында тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.

Сот бекіткен келісім бойынша талап қоюшы жауапкер келісілген міндеттемелерді орындаған жағдайда өз талаптарынан бас тартты.

Жауапкер талап қоюшыға қарыз сомасы мен өкіл шығыстарын қоса алғанда 434 мың теңгеден астам ақша төлеуге міндеттенді.

Міндеттемелер уақтылы орындалмаған жағдайда келісімде қарызды мәжбүрлеп өндіру, сондай-ақ 42 мың теңгеден астам өсімпұл мен 150 мың теңге моральдық зиянды өтеу көзделген. Бұл жағдайда жалпы міндеттеме сомасы 627 мың теңгеден асады.

Сот келісім шарттарын тексеріп, ол заң талаптарына қайшы келмейтінін және тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын анықтады.

Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотпен бекітіліп, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.