Қойшы бала
Атақты Жәнібек хан бір күні аңда жүріп адасыпты. Бір тауға шыққан екен, бір бала қой жайып, ағаш түбінде сыбызғы тартып отыр екен. Сыбызғысының дауысы сондай әйбат көрінді. Хан баламенен сөйлескен еді, әлгі ештеме көрмей, қой ішінде өскен баланың ашық жүзі һәм түзу берген жауабы бек ұнасты ханға.
— Кел, мұнда мынау бала қалай деп ойлайсың? — деді хан келе жатқан уәзіріне. Хан тағы да әр турадан сұраған еді, бала бәріне жауап қайырды. Өзінің өткірлігімен, ашықтығыменен хан менен уәзірді бек қайран қалдырды бала. Хан баланы өзімен бірге әкеткісі келді, оған өнер-білім білгізіп, жақсылап асырамақ үшін.
Жаман жерден алып, жақсы жерге отырғызған гүл қандай жақсы өседі, бала да сондай өнер тауып, бір ұлы данышпан адам болды ақырында. Хан оған есім қойды Әлібек деп. Күннен күнге оны жақсы көре бастады һәм ақырында өзін қазынашы қылды патшалыққа. Әлібекте жақсы қылықтың бәрі болды. Сенімділік, жаһаттық, мархабаттық, халі жеткенше жақсылық қылатын сұрағанға, әйтеуір, ханның қол астына қараған өзге ұлықтарға ұқсамаған мінезі. Қылған қызметіне, көрсеткен жәрдеміне ешбір ақы алмаған. Сондай болып жүрсе де, Әлібек ғайбаттан құтылмаған. Ханның өзге сарайдағы нөкерлері көре алмай, не түрлі амал қылып ханменен шағыстырған. Хан оған көп құлақ қоймады. Себебі ханның өзі данышпан адам еді, бірақ Әлібектің сорына қарай Жәнібек хан өліп, орнына баласы хан болды. Бұл әкесіне тартпаған, адамға сенбейтін, діні қатты, сараң еді. Шөлдеген кісі бір кесе суды қандай сүйсе, кісі өлтіруді сондай жақсы көретін еді. Әлібектің дұшпандарына сондай адам керек еді. Бұлар күнде үстінен айтып тұратын болды. Хан әуелі оған құлақ қоймады. Бір уақытта олардың айтқандары рас сықылды көрінді. Хан бір күні бағалы тас орнатқан қылышты қарағысы келді. Бұл қылышты әкесіне бір патша сыйлаған екен. Қылышты ешбір жерден таба алмады қазына қағазында жазулы болса да. «Мұны қазынашы алды» деген ойға келді, ханның дұшпандары іле-шала Әлібекті ханға шағыстырды. «Әлібектің қылғанының бәрі арам. Себебі өзі мұнда жалаңаш келген бала еді, осы күні қанша үйлер салдырған, алтын, күміс жасауына һәм сайманның барлығына есеп жоқ. Қазынадан ұрлап алмаса, оны қайдан алды?» Солай деп ханға айтып отырғанда Әлібек кіріп келген еді. Хан қатты қаһарменен қарап айтты:
— Әлібек, сенің сенімсіздігің маған белгілі. Сен мұнан былай менің қазынашым емессің. Мен саған қатты бұйырамын екі жұмада қазынаның есебін бер! Әлібек мұнан қорқа қойған жоқ. Себебі көңілі таза еді. Бірақ ойлады: «Менің дұшпандарым екі жұмада тағы мұнан жаман бірдеме табар» деп.
— Ұлы хан, менің жаным сенің қолыңда. Мен қазынаның кілтін һәм өзге сіздің құрметіңіздің белгісін қазір столыңызға салуға даярмын. Егер мендей құлыңа мархабатың болса, мен сұрайын деп тұрмын қазынаның есебін қазір алуды менен. Әлібектің бұл арызы ханға бек ұнасты. Ертеңінде хан қазынаның есебін алған еді, бәрі түгел екен.
— Қылышты өлген хан өзі алып, асыл тастарын өзге нәрсеге орнатқан, — деді Әлібек. Бұған хан ештеме айта алмады рас болған соң.
Қазына ақшасы һәм өзге бағалы нәрселері түгел көрінген соң хан ештеме айта алмады. Сенімсіз адам өзінің ойлағаны рас шықпаса, ыза болады ғой. Хан да ашуланып, ойланып, ішінен өзге бір амал тағы тапты. Нөкерлері Әлібектің үйі жасаулы, байлығы артық дегені ойында болып, уәзірінің үйін көруге барды. Хан келсе, құр үйінің төрт қабырғасынан басқа һәм жүріс-тұрысқа аса керекті нәрселерден басқа дәнеме
жоқ һәм жасаудан да бір нәрсе де жоқ. Хан қайран болып тұрды не айтарын білмей. Бір патшалы жұрттың қазынасын билеп тұрған Әлібектен ханның қол астына қарайтын орта жабайы адамдар салтанатты тұратын көрінді ханға. Өзінің сенбегеніне ұялып, кеткелі тұр еді хан, қасындағы нөкерінің бірі жанындағы бір есікті ымыменен көрсетті патшаға. Сонан соң патша жан-жағына қараған еді, бір есік тұр екен үлкен екі құлып салған. Есікке хан жақын келіп Әлібектен сұрады:
— Осынша мықтап жауып бұл үйде не сақтайсың? Әлібек әуелі не айтарын білмей сасып қалды, артынан түзеліп айтты:
— Ұлы хан, бұл үйде менің ең қымбатты нәрсем бар, мұнан бұрын көрген мүліктің бәрі хандікі. Бұл үйде тығулы жатқан менің байырғы мүлкім бар. Мен сізден, алдияр, сұраймын, бұл есікті «аш!» деп сұрамаңыз менен.
Сенбейтін ханға Әлібектің қорыққан түрі қауіпті көрінді. Хан қатты бұйырды:
— Аш есікті! — деп, Әлібек есікті ашқан еді, хан үйге кіріп көрді. Үйдің ағартқан төрт қабырғасынан басқа ештеңе жоқ екен. Жалғыз-ақ қойшының жыртық-жыртық киімі, бір сыбызғы, бір таяқ һәм бір малшының қалтасы тұр шегеде ілулі. Бәрі таң қалды. Ханның өзіне бұл қылғаны ыңғайсыз болып көрінді. Себебі өзі ойлаған еді, тығулы жатқан алтын, күміс бар ғой ол үйде деп. Әлібек адалымен айтты:
— Ұлы хан Жәнібек мені далада, қойда жүргенімде алғанда бар менің мүлкім осы еді. Мен бұларды сақтап жүрмін. Бақытты жасымдағы белгі деп. Ұлы Жәнібек сондай мархабатты еді, менің бұл нәрселерімді өзіме қалдырды. Ұлы патшам, сіз де бұл нәрселерімді өзіме қалдырады ғой
деп ойлап тұрмын. Һәм маған бостандық берерсіз қайтадан туған жеріме баруға, сіздің салтанатты байлығыңызда жүргеннен де, онда мен қойымды бағып, кедейлікте жүргенімде бақытты болған едім, — деді. Әлібек ханға мұны айтып үндемей тұрды. Тұрғандардың бәрінің көңілі бұзылды. Үлкен қадір тұтқанының белгісі деп хан үстінен шекпенін шешіп, Әлібекке кигізді. Жек көргендері, ғайбаттағандары ада болып, адал Әлібекке мұнан былай ешкім сөз айтушы болмады.
Әлібек көп ғұмыр сүріп, әділдік, адалдықтың құрметін көріп тұрды. Әлібектің адалдығы мақал болып, біреудің адалдығын көрсетейін деген кісі айтар еді: «Оның адалдығы Әлібектей» деп.