Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Құрманқұлдың Наурызбайдың ерлігіне риза болуы

Ахмет правитель Кернесары, Наурызбайдан қорғану үшін бір бөлек әскер ұстайды. Ол әскердің бастығы қыпшақ руының Арық тайпасынан шыққан Құрманқұл Тұрдықұл баласы деген батыр болады.

Наурызбай Ахмет правительдің ордасын шауып, бірнеше қолмен жылқысын айдап кетеді.

Ахмет правитель «аулымды қайта оралып шаппасын» деген қауіппен бір топ әскерін қарауылға жібереді. Бастығы — жоғарғы Құрманқұл. Құрманқұл әскерін таудың етегіне түсіріп, әр жерден қарауыл қойып қарап тұрды. Таң сарғайып атқан кезде, таудың басынан етектегі әскерге қарай ағып келе жатқан жалғыз қараны көреді. Әлгі қараның жұлдыздай ағуымен қатар, екпін дүрсілі тауды солқылдатқандай. Бұл кім, бұл не деп әскер үрейленеді. Құрманқұл әскерін бастап тәртіпке салып, тобын жаздырмай қаз-қатар тізіп тұрады.

Ағызып келе жатқан Наурызбай екен. Манағы дүрсіл Ақауыздың жерді тесіп кеткендей желісі болып шығады.

Құрманқұл және оның әскері қорқып тегіс қол қусырып аяғына бас иеді. Содан кейін Наурызбай амандасып, жөн сұрасып тілдеседі. Сонда астындағы Ақауыз шыйыршық атып тұрмай, басқан жерін аяғымен жер ошақ қып қазып, есік пен төрдей жерге атылады. Наурызбай тоқтатпаса, Ақауыз әскерден қарғып кеткендей, шөп қып тастап тастағандай, қамыс құлақтары тастөбесіне, көздері оттай жанған, танаулары шелектей көкке қарғып тұрады.

Наурызбай олармен танысқаннан кейін қош айтысып, Ахмет правительге жеткізуге Құрманқұлға бірнеше сөз тапсырып, кері қайтады. Наурызбай ұзаңқыраған мезгілде осы қолдың ішінен Шабдар деген мылтық атады. Наурызбай мылтықтың даусын естіп, қылышын суырып Шабдарға келгенде, Шабдар шыдай алмай, қашып, қалың топтың арасына кіріп кетеді. Құрманқұл Наурызбайдың алдына барып: «Мұның өзі қалай болса солай есалаң кісі еді», — деп көпшіліктің Наурызбайға бағынатындығын айтады. «Ә, солай ма еді?!» — деп Наурызбай қылышын қынабына сарт еткізіп салады да,  айналып жүре береді. Сонда Құрманқұл: «Наурызбайдың ерлігіне ырза болдым», — депті.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама