- 08 қаз. 2023 00:00
- 325
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Сонымен Сырым Нұралыны шапты, Нұралы жеңіліп, Уфаға қашып кетті. Балалары қашып тарап кетті. Есімді алып кетеміз деп Нұралының екі-үш баласы қайтып келсе, ағаларына Есім айтыпты:
«Ат басындай алтын тапсаңыз, маған бермеңіз, зиян тапсаңыз, менен көрмеңіз, мен қашпаймын», — депті. Сонан Сырым үш жыл қатарынан ел билепті. Сол мезгілдерде Есім ақыл сұраймын деп ноғай-қазақ Күзей биге барады. Күзей далада кездесіп, жөн сұрасады:
— Құл-құтан жиылып құда болған бұл заман, ата тұрып ұл сөйлеген қу заман, ана тұрып қыз сөйлеген сұм заман», — депті. Күзей Есімге ауылын көрсетіп:
— Өзім малға кетіп барамын, үйге кешірек барамын, — депті. Есімді екі-үш күн жатқан соң Күзей өз үйіне шақыртып, қой сойып қонақ етіп отырып:
— Қош келдіңіз, ал қызметіңізді айтыңыз, — дейді.
— Қызметім жоқ, бұрын туғаннан ақыл сұра, бұрын қонғаннан қоныс сұра деген бар еді, сізге не ақыл айтар екен деп келдім, — дейді Есім.
Сонда Күзей:
— Менің сізге бөтен сыйлығым жоқ, сізге айтатын үш сөзім бар — көзсіз соқыр бол, құлақсыз саңырау бол, тілсіз сақау бол, — деп аттандырыпты. Екі-үш жылдан кейін сұлтандар Сырымның соңына түсе бастайды. Ақыры Сырымды түсіріп, Есімді хан көтереді. Есім үш жыл хан болған соң, орнынан түсіп ханның інісі Ералы хан болады. Хан жағы күшейеді. Хан балалары ауыз біріктіріп, Сырымды өлтіргісі келеді. Бір күні ханның төрт баласы далада жүрген Сырымды ұстап алып Ералы ханға алып келеді. Сыртта екеуі ұстап тұрып, екеуі ішке кіріп, ханға:
— Ал Сырымды алып келдік, тез өлтір, — депті. Сонда Ералы:
— Тентектің ісі тез басында деп еді ғой, ұстаған жерде өлтірулерің керек еді. Енді маған әкелген соң себепсіз өлтіруге болмас, — деп,
Сырымды босатып:
— Ай, балалар, сіздердікі қателік, әлі де мұны құрметпен, қонақ етіп ақылын ала беру керек қой, — депті-мыс.
Оқуға кеңес береміз:
Сырым батырдың шешендік сөздері
Сырымға анасының айтқаны (I нұсқа)
Байбақты Сырым батырдың әкесінің атын Дат деп қоюдың сыры?