Рудныйда полиция қызметкерінің бір ауыз сөзі көп сатылы алаяқтық схемасын күл-талқан етті — жергілікті тұрғын әзер құтылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, таңертең әйелге энергетикалық компаниядан хабарласып, тексеру жоспарланғанын айтқан. «Электрондық кезек» алу үшін одан хабарламадағы кодты атауды сұраған.
«Жұмыста болып, қателесіп кодты атап қойдым. Содан кейін маған ХҚО-дан хабарласып, алаяқтардың шабуылына ұшырағанымды, енді бәрін бұғаттау керектігін айтты», — деді әйел.
Кейін байланысқа өзін киберполиция қызметкерімін деп таныстырған ер адам шықты. Ол әйелді eGov-тегі құжаттар мен деректерді бұғаттау қажеттігіне сендіріп, үнемі желіде ұстап, екінші телефонды табуды талап етті. Әңгіме WhatsApp арқылы жалғасты. Сұхбаттасушы камерасын қоспай, әйелге түрлі «құжаттар» жіберіп, өзінің шынайылығына сендіруге тырысты.
Қала тұрғыны екінші телефоннан болып жатқан жағдайды полиция қызметкеріне жеткізіп үлгерді. Ол дереу оқиға орнына келіп, әңгімеге өзі қосылды.
«Алаяқтар әйелді іс жүзінде «қармақта» ұстап, байланысты үзбеді. Мен өзімді полиция қызметкерімін деп таныстырып, сұхбаттасушыдан камераны қосып, бетін көрсетуді талап еттім, қоңырау шалушының қылығы күрт өзгерді. Нәтижесінде алаяқтармен одан әрі сөйлесуді тоқтаттық», — деді Рудный қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Ерлан Абдульманов.


