Қазақстан азаматшасы ерекше ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарғаны үшін Ресей Федерациясынан экстрадицияланды. Күдікті сот төрелігінен жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған болатын, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бас прокуратураның мәліметінше, әйел коммерциялық ұйым директоры қызметін атқара жүріп, 2022-2023 жылдары салық декларацияларына кірістер туралы бұрмаланған мәліметтер енгізген, осылайша 290 миллион теңгеден астам салық төлеуден жалтарған.

Қылмыс жасағаннан кейін ол қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған. Осы жылдың қаңтарында ол Краснодар қаласында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оған тағылған айып бойынша сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.