Семейде ер адам әйелін өлтіргені үшін сот алдына барады, деп хабарлайды infohub.kz. Ол әйелі ажырасуға ниет білдіргеннен кейін бірнеше күн өткен соң қастандық жасаған.

52 жастағы әйел күйеуіне ажырасу туралы айтқаннан кейін бірнеше күн өткен соң өлтірілді. Қайтыс болған әйелдің туыстары ер адамның оның жеке заттары мен ортақ балаларының құжаттарын өртеп жібергенін айтты.

Кейін ол әйелін аңдып жүріп, оны бейсбол таяқшасымен шамамен 28 рет ұрған. Жарақаттардан әйел оқиға орнында көз жұмды. Туыстардың айтуынша, ер адам ұзақ жылдар бойы ішімдікке салынған, әйелін ұрып-соққан және ол кетуге шешім қабылдағаннан кейін оны қудалай бастаған. Кісі өлтіргеннен кейін күдікті жасырынған, бірақ көп ұзамай ұсталып, қамауға алынды.

Абай облысы полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанын растады. Іс сотқа жолданды, сот отырысы 29 шілдеде басталады.

Бұған дейін Шымкентте 22 жастағы Нұрай Серікбайды өлтіру ісі бойынша сот жалғасып жатқаны хабарланған болатын. Айыпталушылар қатарында — Шерхан Аймахан, оған аңдыу және некеге мәжбүрлеу айыптары тағылуда.