- 26 ақп. 2016 00:00
- 198
Сенат депутаттары ғылыми технологиялық жетістіктер көрмесімен танысты (ФОТО)
Алматыда ҚР Парламентінің Сенат депутаттары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде республикалық және халқаралық деңгейдегі ғылыми және білім беру саласының технологиялары көрмесімен танысты.
Көрмеге қойылған 10-нан астам жобаны тамашалаған депутаттар ғылыми жетістіктердің өндіріске енгізу, ғылыми жұмыстары коммерцияландыру мәселелерін тілге тиек етті.
«Бізде ғылыми жетістіктер көп. Олардың көбі экономикада өндіріске енгізілмеген. Біздің мақсатымыз - осының құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық механизмдерімен ғалымдарды, бизнесті сол жұмысқа ынталандыру. Парламентте «Ғылым» туралы заң шықты. Ғылыми технологиялық жұмысты коммерцияландыру туралы заң шықты. Ол қалай енгізіліп жатыр? Қандай нәтиже береді? Үкімет, министрліктер, ҒЗИ тарапынан тиісті заңды актілер, регламенттер керек. Заңды көбі біле бермейді. Институттарда, ЖОО, мекемелерде тиісті тренинг, семинарлар атқарылуы керек. Ғылымды қаражаттандыруға мемлекет тарапынан жылда көп бөлінеді. Бірақ бизнес оған бет бұрмаса нәтиже болмайды. Сол үшін арнайы Ұлттық техникалық университетке келіп, ғалымдармен ақылдасып жатырмыз. Қаржыландырудың арнайы экономикалық, құқықтық механизмдері бар. Ғылыми жұмысты коммерцияландыру туралы заңда қарастырылғандай, ең алдымен ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесін өндіріске енгізіп жатқан ұжымдарға тиісті салықтық жеңілдіктер беріледі», - деді Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Ақан Бижанов.
Айта кету керек, ҚазҰЗТУ-да өткен көрмеге ғалымдар мен студенттердің 10-нан астам жобалары қойылды. Атап айтқанда тау-кен өндірісіндегі, металлургия, гидрогеология салаларындағы жобалар көп.
«Өндіріске енгізіліп жатқан жобалар бар. Алдымен апробациядан өтеді. Олардың бірі коммерцияландыру технологиясы бойынша мұнай қалдығын жерден сору, гидрогельмен полисахаридті құбырға жіберіп, тесіктерді бітеп, жоғарыға сығынды ретінде итеріп шығарады. Бұл жоба «Қаражамбасмұнай», «Торғайпетролеум» өндірісінде тестілеуден өтіп жатыр. Ал электрзарядтау станциясы жобасы кеше Мегацентрде орнатылды. Біздің университетте де бар. Бұл жобаның да болашағы зор. Барлық қазақстандықтар түбі әйтеуір экологиялық қауіпсіз қуат көзіне көшетіні белгілі», - деді университеттің коммерциаландыру технология бөлімінің бастығы Алдоңғаров Есен.
Бүгін аталған оқу орнында «Ғылымның экономикаға интеграциялануы» тақырыбында конференция өтеді. Жиынға ҚР БҒМ Ерлан Сағадиев, ЖОО басшылары, ғалымдар мен ірі бизнес иелері қатысады.
Дереккөз: inform.kz